ХҮІІІ ғасыр әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға- Бұқар жырау. Жыраудың шығармаларын жинастырған Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, Бұқар арғын ішінде Төртуыл Қаржастан шыққан. Бұқардың әкесі Қалқаман — батыр болған көрінеді.
Заманының бізге бір табан жақын тұрғанына, өмір сүрген дәуірдегі көптеген тарихи оқиғалар халық жадында жақсы сақталғандығына қарамастан, Қазақтың ескіде өткен басқа ақын-жыраулары сияқты Бұқар өмірі хақында да біздің білеріміз тым тапшы. Жыраудың туған, өлген жылдары жайында да нақты деректер жоқ. Оның қанша жасаған адам екені де белгісіз. Қолда бар бірден-бір нақты мәлімет — жыраудың Абылайдан (1713-1781) бұрын туып, соң өлгендігі.
Қазір Бұқардың туған, өлген жылдары 1693-1787 деп көрсетіліп жүр. Ал бұл — ой-жобамен, солай шығар-ау деген долбалармен алына салған сан. Бұқар 1693 жылы туды деудің ешбір қисынға келмейтінін дәлелдеу онша қиынға түспейді: ол үшін ақылдылықтың да, алғырлықтың да қажеті жоқ.
Абылайға арнаған толғауларының бірінде Бұқар:
«Күнінде мендей жырлайтын
Тоқсан үште қария
Енді де саған табылмас», — дейді.
Бұл сөздер Абылай өлген 1781 жылдың өзінде-ақ айтылды дейікші. 1781-ден 93-ті алыңыз, сонда 1688 қалады… Яғни Бұқар қазір көрсетіліп жүрген 1693-тен 5 жыл бұрын туған болып шығады. Бұл — әдебиет тарихымен айна-лысушы кейбір ғалымдарымыздың өз ісіне қаншалық жауапты, қаншалық мұқият қарайтындығының тағы бір айғағы іспеттес.
Бұқардың өте көп жасап, әбден қартайып өлгендігі күмән туғызбайды. Біздің қолымыздағы Бұқарға қатысты ең ескі деректің бірі Тәуке ханның атымен байланысты. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Бұқардың Тәуке тұсында-ақ ордадағы белді би, батагөй ақсақалдардың бірі болғандығы аңғарылады.
Әз-Тәуке ханның сүйікті ұлы өліпті дейді бір әңгіме. Хан аза тұтып, бас көтермей, ас ішпей жатып алыпты. Ұлы жүзден Үйсін Төле би, Орта жүзден Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзден Қаражігіт би барып көңіл айтқан екен, Әз-Тәуке жұбанбапты, қайғысы басылмапты. Сонда қаралы ханның көңілін делбеп, басын сүйеп ас ішкізуші Бұқар жырау болады. Бұқардың осы ретте айтылған жыры сақталған.
«Ханымыз отыр аһ ұрып,
Халқымыз отыр бас ұрып…
Сабаны әкел ордаға,
Құран оқыт молдаға,
Ханның сөзі түзу деп,
Орынсыз сөзді жолдама.
Бұрынғы өткен бәрі өлді,
Қарсы болма аллаға.
Төле, Қазыбек кісіміз
Жақсы, жаман, кішіміз,
Бұл сөзіме түсіңіз,
Дәміңізді ішіңіз.
Риза болсаң құдайға
Түзелер сонда ісіңіз».
Осы сөздердің өзінен-ақ Бұқардың Тәуке алдында өтімді, беделді адам болғандығы аңғарылады. Тәуке 1718 жылдар шамасында дүниеден көшіпті. Яғни жоғарыдағы мәлімет Бұқардың ХҮІІІ ғасырдың бас кезінің өзінде-ақ бірақ жасқа келіп қалған, қазақ хандарының сарайында ықпалды билердің бірі болып алған жан екендігін көрсетеді.
Бұқардың туған, өлген жылдарын анықтауға себі тиер деректер жыраудың өз шығармаларынан ұшырасады.
Бұқар Абылайдан көп үлкен.
Ол ханға:
«Сені мен көргенде
Тұрымтайдай ұл едің», -деп сөйлейді.
Жырау өзінің Абылайға айтқан толғауларының бірінде ханның жас кездегі өмір жолын шоли келе:
«Елу жасқа келгенде
Үш жүздің атының басын
Бір кезеңге тіредің,
Елу бес жасқа келгенде
Жақсы болсаң толарсың,
Жаман болсаң, маужырап барып
Соларсың» — дейді.
Яғни бұл сөздер айтылған кезде Абылай елуден жаңа асқан, елу бір — елу екілерде. Демек, толғау 1763 жылдар шамасында туған.
Абылайдың күшеюі де осы кез. «Қазақ ССР тарихының» айтуынша, Абылай 50-жылдардың басында-ақ Орта жүздің бірден-бір билеушісі болып алады. 1752 жылы атақты Көкжал Барақты Жоңғар әміршісі Цэван-Дорчжи улап өлтірген соң, Абылай алдынан кесе көлденең тұрар ешкім де қалмайды. Көп үзамай Ұлы жүз де Абылайдың қол астына қарайды. Бұқардың ханды үш жүздің басын біріктірдің деп мадақтауы осы фактіге байланысты.
Аталмыш толғаудан Бұқардың өз жасы жөнінде де дерек аламыз. Жырау елу бестен арғы жастар туралы толғана келіп тоқсан беске тоқтайды да, өз басының мүңын шағып кетеді:
«Тоқсан бес деген тор екен,
Дүйім жанның қоры екен,
Қарғиын десең екі жағы ор екен,
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне
Түбі жоқ терең көл екен,
Ел қонбайтын шөл екен
Келмейтұғын неме екен».
Жырау адамның елуден арғы өмірі хақында онша жылы лебіз білдірмейді, ал тоқсан бесті мүлде істен алғысыз етеді, бұл жасқа келіп қажеті жоқ-ақ екен дейді. Яғни толғау айтылған сәтте оның авторы тоқсан бес жаста. Олай болса Бұқар жыраудың 1668 жылдар шамасында туғандығын көреміз. ) 1781 жылы Абылай өлгенде Бұқар әлі тірі. Жырау ханды азалап, өзінің ең көркем туындыларының бірі — «Күпшек санды күреңді -Тәбияға жаратқан» деп басталатын жоқтау жырын шығарады. Бұқардың Абылайдан соңғы өмірі жайында ешқандай дерек жоқ. 113 жасқа келіп отырған қарт жыраудың өзі де көп ұзамай ажал жастығына бас қойса керек.
Мәшһүрдің айтуынша және ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Бұқардың әкесі Қалқаман — батыр болған делік. Батыр атағы адамға, әрине, оның байлығына, аталылығына қарап келмейді, яғни жыраудың шыққан тегі жайындағы мәселенің беті ашық қалады. Алайда, өзінің жеке басының қасиеттерінің, отты тілінің арқасында Бұқар тез арада-ақ ел билеушілер тобына еңгендігі көрінеді. Қаз дауысты Қазыбектер сияқты Бұқар да «қарадан шығып хан болған» өз заманының аса ықпалды билерінің бірі.
Атақты Үйсін Төле би: «Елге бай құт емес, би құт» деген екен. Өзі мыңғыраған бай Төленің бұл сөздері Бұқар заманында билердің қандай қоғамдық күш болғанын аңғартады. Бұқар заманының билері — малымен емес, сөзімен кісілікті жандар. Олардың көбі-ақ кедей болған. Бұл ретте Орманбай бидің үйіне Абылай келіп қалып, қонағасына не соярын білмей қысылғанда айтқан:
«Хан Абылай келгенде
Тоқты сойсам жетпейді,
Енесін сойсам тоқтының,
Оның орны бітпейді», -деген сөздерін келтіре кетуге болады. Бұқардың мал жиюды кәсіп етпегендігі көрінеді. Мәртебе жолын Әз-Тәуке ханның сарайында бастағанмен, сақал-шашы бурыл тартып, алпыс жасқа келген кезінің өзінде жырау қара таяқты кедей күйінде қалған.
Бұқар малсыз адам екен деп жазады Мәшһүр. Өзіне ағайын бір байдан мінуге ат сұрапты. Бай бергісі келмей бірталай уақыт алдаусыратып жүріпті де, ақыры бір күні Бұқардың қолына екі қары бөз қыстырып құтылмақ болыпты. Сонда Бұқардың айтқаны:
«Бұқарекең — біз келдік,
Ақан, Төбет байларға,
Бесті берсең семіз бер
Жаздай Бұқар жайларға.
Бермеймін деп атама,
Асауыңды матама.
Шынжырынан берік тартсам,
Шамырқанып, шамданып,
Шалқасынан жата ма,
Алпыстағы Бұқардың
Сілесі құрып қата ма,
Құлдарың мен күңдерің
Мерекеге бата ма,
Келіп едім өзіңе,
Түнеугі айтқан сөзіңе.
Тіпті разы болмаймын
Керегенің басында
Екі қары бөзіңе.
Бермей қалсаң осы жол,
Жолықпаймын деп ойлама
Жортуылшы ердің кезіне».
Бұл Ақтабан шұбырындыдан соңғы аласапыранның тұсы, атадан ұл, анадан қыз айрылып, исі қазақ күйзелген дәуір. Осы қилы заман кезінде Бұқардың шаруашылығы шайқалып, дәулеті суалған болуы да мүмкін.
Алайда көп ұзамай Абылай сұлтан көтерілген кезде Бұқардың да жұлдызы жанады. Жырау қайтадан ақ ордаға енеді, және одан өлгенінше шықпайды.
Бұқардың сүйегі қазір Баян Аулада, Далба тауларының ішінде.
Жоғарыда келтірілген кейбір фактілердің негізінде біз Бұқар жырау Қалқаманұлы 1668 жылдар шамасында туып, бір ғасырдан астам жасап, 1781 жылдың шамасында өлген деп есептейміз.
Жыраудың өмірі, қоғамдық қызметі жайында біздің заманымызға жеткен деректер осындай.
Халық «Өнер алды — қызыл тіл» десе, Бұқар — бұл мақаланың даналығын әбден ұғынған адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген. Сондықтан да жырау:
«Ел бастау қиын емес —
Қонатын жерден көл табылады:
Қол бастау қиын емес —
Шабатын жерден ел табылады
Шаршы топта сөз бастаудан
Қиынды көргенім жоқ», — дейді.
Бірде Абылай: «Қазына қайда?» — деп сұрағанда жырау: «Басы жеткіш жігіттің екі езуі қазына: бір езуі — алтын, бір езуі — күміс, аузы — қазына» — депті.
Бұқардың өзі осы қазынаны — сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді. «Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен, — деп жазады Мәшһүр Жүсіп. — Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен». Бұқардың мұсылманша оқығандығы, сауаттылығы күмән туғызбайды. Алайда, көбіне-ақ экспромтпен айтылған толғауларын жырау артынан қағазға түсіреді ме, жоқ па, ол арасы белгісіз. Бұқардың бізге жеткен шығармалары өткен ғасырдың екінші жартысы, үстіміздегі ғасырдың бас кезінде негізінен ел аузынан жазылып алынған. Бұқар мұрасынан біздің заманымызға жеткені — 1300 жол шамасында. Бұл, сөз жоқ, жырау туғызған көл-көсір жырлардың бір бөлігі ғана. «Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұхтың өмірі, Аюбтың сабыры… Аплатонның ақылы керек», — деген еді Мәшһүр.
Тағы рефераттар
- Өнер, шеберлік, ұсталық туралы қазақша мақал-мәтелдер
- КСРО-ның ыдырауы. Қазақстанның тәуелсіздік алуы. ТМД-ның құрылуы. Тәуелсіз Мемлекеттер Достығының (ТМД) құрылуы
- Қорытынды және ұсыныстар
- ОТБАСЫНА ЖӘНЕ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРҒА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАР курстық жұмыс
- Легизм мектебі