Экологиялық апат аймақтары туралы қазақша реферат

Табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуы, флора мен фаунаның тозуы орын алған және қолайсыз экологиялық ахуал салдарынан халықтың денсаулығына елеулі зиян келтірілген Арал және Семей өңірлері экологиялық апат аймақтары болып жарияланды. Экологиялық апат аймақтары елдің ішкі қауіпсіздігіне нақтылы қатер болып табылады.

Қазіргі уақытта бұрынғы Семей полигонына шектес аудандарда (71,9 мың халқы бар 85 елді мекен) онкологиялық аурулардың және адамдар өлімінің, қан айналымы жүйесі ауруларының, жаңа туған сәбилер арасындағы кеселдердің және ерте қартаю көрінісінің жоғары деңгейі байқалуда.

Арал өңірі экологиялық апат аймағында (186,3 мың халқы бар 178 елді мекен) әсіресе әйелдер және балалар арасында асқазан-ішек аурулары мен қан аздығы, балалардың шетінеуі мен туа біткен патологияның жоғары деңгейі байқалуда.

Елдің ішкі қауіпсіздігіне қатерді жою мақсатында экологиялық апат аймақтарында халықтың тұруының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын кешенді талдау жөнінде іс-шаралар жүргізу, оның сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуіне баға беру, экологиялық талаптарды әзірлеу және аумақтарды экологиялық бағалау мен ядролық сынақтар және өзге де факторлардың халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерінің салдарларын ескере отырып, сауықтыру-оңалту іс-шараларын жүзеге асыру қажет. 2007 жылға дейін Халықтың ішкі көші-қоны және экологиялық апат аймақтарының аумақтарын шаруашылыққа пайдалану бағдарламасы әзірленуі қажет.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонын және Арал өңірінің проблемаларын кешенді шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 22 тамыздағы N 182-ө Өкімімен құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы жүзеге асырады.

Каспий теңізі қайраңының ресурстарын қарқынды игерумен байланысты проблемалар

Каспий теңізі бассейні мемлекеттерінің көмірсутегі ресурстарын кеңінен игеруі теңіз және жағалау маңы экожүйелеріне теріс әсер ауқымын ұлғайтады. Теңіз мәртебесінің айқындалмаған жағдайында трансшекаралық сипаттағы сыртқы экологиялық қатерлер елеулі мәнге ие болады.

Теңіздің қазақстандық секторында көмірсутегі шикізатын алдағы кезде баса игеру елдің экологиялық қауіпсіздігіне ықтимал қатер төндіреді.

Каспий теңізінің қоршаған теңіз ортасын қорғау жөніндегі үлгілік конвенциясы және басымдық іс-қимылдардың өңірлік стратегиясы Каспий теңізінің коммерциялық ресурстарын пайдалану және Каспий маңы елдерінің Каспийдің экожүйесін қорғау жөніндегі алдағы іс-шараларға қатысты өзара ортақ іс-қимылы бойынша негізгі бағыттарын айқындайды.

Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасында 2005 жылдың аяғына дейін теңіз және жағалау маңы экожүйелеріне залал келтірместен көмірсутегін өндірудің мүмкін болатын шекті деңгейін айқындау жөніндегі арнаулы зерттеулерді жүргізу, геодинамикалық мониторингті іске асыру, иесіз мұнай ұңғымаларын және басқа да байырғы ластануларды жою, ілеспе газды алауларда жағуды және мұнай құбырлары мен радиоактивті ластанған жабдықтарды рұқсат алынбай көмуді тоқтату жөнінде шаралар қабылдау көзделеді.

Зерттеулер нәтижесі Каспий қорық аймағын аймақтарға бөлуді қоса алғанда, теңіздегі экологиялық қауіпсіз шаруашылық қызметін қамтамасыз ететін нақты нормативтік экологиялық талаптар әзірлеу болуы тиіс.

 

Су ресурстарының сарқылуы және ластануы

Қазақстан су ресурстарының үлкен жетіспеушілігі елдерінің санатына жатады. Қазіргі уақытта су объектілерін тау-кен өндіру, металлургия және химия өнеркәсібі кәсіпорындары, қалалардың коммуналдық қызметтері қарқынды ластауда және ол нақты экологиялық қатер төндіреді. Ертіс, Нұра, Сырдария, Іле өзендері, Балқаш көлі неғұрлым ластанған. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болып табылатын жер асты сулары да ластануға ұшыраған.

Су объектілеріне антропогендік салмақ пен олардың қалпына келу қабілетінің арасындағы теңгерімсіздік экологиялық қолайсыздықты іс-жүзінде барлық ірі өзен бассейндеріне тән етті, ал су шаруашылығының мұқтаждарын жеткілікті қаржыландырмау су шаруашылық объектілерінің барынша қанағаттанғысыз (кей жерде апаттық) техникалық жай-күйіне және халықты ауыз сумен қамтамасыз ету проблемаларының тым шиеленісуіне себеп болды.

Бұл проблемаларды шешу үшін Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2002 жылғы 21 қаңтардағы N 71 қаулысымен су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану проблемаларын шешудің негізгі жолдары айқындалған Экономиканың су секторын дамытудың және Қазақстан Республикасы су шаруашылығы саясатының 2010 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ халықты жеткілікті көлемде және кепілді сападағы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 93 қаулысымен «Ауыз су» салалық бағдарламасы бекітілді, Қазақстан Республикасының Су кодексі және «Cу пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, 2005 — 2010 жылдары негізгі су бассейндерінің су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың схемаларын әзірлеу жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады.
Тағы рефераттар