Ислам философиясы туралы қазақша реферат
Негiзiнен ислам мәдениетi ортасындағы уә мұсылман елдерiндегi философтар қалыптастырған, басты туындылары VIII-XIIІ ғасырларда дүниеге келген терең философиялық ойлар жүйесiн «ислам философиясы» деп атаймыз. Ислам философиясы тiркесiндегi «ислам» сөзi дiннен гөрi философтың мәдени ортасын түсiндiру мақсатымен қолданылады. Өйткенi, ислам философиялық жүйенiң емес, дiннiң аты. Мұсылман елдерiнде ХIХ-ғасырға дейiн философияның орнына көбiнесе «хикмет» (даналық) және кейінірек грекшеден енген «фәлсәфә» сөздерi қолданылған. ХIХ-ғасырдан бастап, еуропалық шығыстанушылар «ислам философиясы» терминiн ғылыми айналымға енгiзген. Алайда, кейбiр зерттеушiлер бұдан басқа «араб философиясы», «мұсылман философиясы» және «исламдағы философия» атауларын қолдануда. Ислам философиясы туындыларының басым көпшiлiгi араб тiлiнде жазылғандығына қарап, мұны араб философиясы деп атау дұрыс болмайды. Өйткенi, Мұхаммед Әбу Насыр әл-Фараби (870-950), Әбу Райхан Мұхаммед Ахмедұлы әл-Бирұни (973-1048), Әбу Әли әл-Хұсейн Абдұллаһұлы Синаұлы (Ибн Сина, 980-1037), Жалаладдин әл-Руми (1207-1273) қатарлы көптеген хакiмдер мен ойшылдар араб емес. Сондықтан, ислам дiнiне сенетiн философтардың философиялық ой-сана жүйесiн «мұсылман философиясы» деп атаған дұрысырақ сияқты.
Мұсылман философтардың басты бұлақтары Құран Кәрим және Әз Мұхаммедтiң (с.а.у.) хадистерi. Абдұлуәлид Мұхаммед Рұшдұлы (Ибн Рұшд, 1126-1198) «Китабұ Фасл-ил Мақал» атты еңбегiнде Құран аяттарын мысал ете отырып, мұсылмандардың философиямен шұғылдануының аса маңызды фарыз екенiн айтқан. Ал, Әбу Әли Ахмед Мұхаммедұлы Мискауайхұлы (Ибн Мискауайх, уаф. 1030) «Китаб-ұл Фәуз-ұл Асқар» атты еңбегiнде рухтың өлiмнен кейiнгi болмысын Құран Кәримдегi аяттардан илһам алып (инспирация – М.Б.) түсiндiредi. Т. Де Боер (T.J. De Boer, 1859-1927) және Леон Готье (Leon Gauthier, 1862-1949) қатарлы шығыстанушылар мұсылман философтар дiни бұлақтарды пайдаланған жоқ десе, Анри Корбэн (Henry Corbin, 1903-1978) секiлдi көптеген шығыстанушылар мен философтардың пiкiрiнше мұсылман философтар еңбектерiнде аяттар мен хадистердi, діни мәтіндерді басшылыққа алған.
Ислам философиясы қалыптасу кезеңiнде мынандай философиялардың әсерiне ұшыраған: 1-Антикалық грек және эллинистiк философия 2-Иран-Сасани философиясы 3-Үндi философиясы. Бұлардан соңғы екеуiнiң ықпалы аздау. Осы тұрғыдан алғанда ислам философиясы көне дәуiр грек философиясы мен бүгiнгi Батыс философиясын дәнекерлеушi көпiр iспеттi. Өйткенi, көне дәуiрлердегі Сократ (м.б. 469-399), Платон (м.б. 427-347), Аристотель (м.б. 384-322) секiлдi мәшһүр ойшылдар уә хакiмдер жазған фәлсәфи шығармаларды жер-жерден iздестiрiп, оларды арабшаға аудартқызып, оларға түсiнiктемелер жазып, философиялық ойлардың сапасы мен деңгейiн жаңа сатыға көтерген мұсылман ойшылдар мен хакімдер болған.
Ислам философиясының кейбiр негiзгi туындылары мыналар: Йақұб Исхақұлы әл-Кинди (800?-873) – «Рисалә фи хұдұд-ил әшйа уә рұсұмұмиһә», әл-Фараби (870-950) – «әт-Тағлиқат», Әбу әл-Фараж Мұхаммед Исхақұлы Әби Йақұбұлы әл-Нәдимұлы әл-Бағдади (Ибн әл-Нәдим, уаф. 995) – «Фиһрист әл-ұлұм», Сұлейман Хасанұлы Жұлжұлұлы (Ибн Жұлжұл, 919-987) – «Тарих әл-әтибба уә-л-хұкама», Қазы Саид Ахмедұлы әл-Әндұлұси (Қазы Ибн Саид, 1030-1070) – «Табақат әл-ұмәм», Әбу Уәлид Абдұллаһ әл-Фарази (962-1013) – «Тарихұ ұлама-ил Әндалұс», Әбу әл-Қасым Башқуалұлы (Ибн Башқуал, 1101-1183) – «Китаб әс-Сыла», Мұхаммед Махмұдұлы Шәһрәзұри (уаф. 1214) – «Нұзһәт әл-әруах», Әбу әл-Хасан Әли әл-Байхақи (1106-1174) – «Тарих Хұкама-ил Ислам» және «Мұнтеһәб Тәтиммат Сиуан әл-Хикмә», Жамаладдин Әбу әл-Хасан Әли Йұсұфұлы әл-Қыфти (1172-1248) – «Ихбар-ұл ұлама би Ахбар-ил Хұкама», Әбу әл-Аббас Ахмед әл-Қасымұлы Әбу Ұсайбиаұлы (1203-1270) – «ұйұн-ұл әнба фи табақат-ил әтибба», Әбу әл-Аббас Ахмед Халлиқанұлы (Ибн Халлиқан, 1211-1282) – «Уафайат-ұл айан», Мұхаммед Шәкирұлы әл-Құтұби (уаф. 1363) – «Фауат-ұл Уафайат», Ибн Сина (980-1037) – «Сирәт-ұш шәйх әр-рәис» және «Рисалә фи-л хұдұд», әл-Ғазали (1058-1111) – «әл-мұнқызұ мин әд-Далал» және «Мақасид-ұл Фәласифа», Ибн Халдұн (1332-1406) – «әт-Тағриф би Ибн Халдұн уә рихлатұһұ шәрқан уә ғарбан», әл-Бирұни (973-1048) – «Рисалә фи Мұәлләфат Мұхаммед Зәкәрия әр-Рази», Әбу Сүлейман Мұхаммед әл-Сижистани (932-1000) – «Сиуан ұл-хикма», Ибн Һинду (уаф. 1018?) – «әл-Кәлим-ұр руханиййе фи-л хикәм-ил йұнаниййин», Әли Мұхаммедұлы Әбу Хаййан әл-Тәухиди (930-1023) – «әл-Мұкабасат», Фахрұддин әл-Рази (1149-1209) – «Мұхассал».
Мұсылмандардың философиямен танысуы 635-710 жылдары аралығында мұсылман арабтардың Сирия, Ирақ, Мысыр, Палестина және Кiшi Азия (бүгiнгi Түркия) жерiн жаулап алуымен басталған. Халифа Маруан әл-Хакемұлының билiгiнде 683-684 жж. алғашқы кiтаптар сирия, грек және қыбти тiлдерiнен арабшаға аударылады. Осыдан бастап Шам, Бағдад, Кұфа, Басра, Құдс (Иерусалим), Фұстат қатарлы көптеген қалаларда философия, тыб (медицина), химия, астрономия салаларында жазылған кiтаптар арабшаға аударылады. Мұсылман ғалымдар аталмыш еңбектердi оқыған сайын және басқа дiн уәкiлдерiмен араласқан сайын көптеген жаңа мәселелерден хабардар болады. Мiне, осындай жағдайда олар тұспа-тұс келiнген проблемалар жөнiнде мұсылмандардың өз сенiмдерi және мәдени ерекшелiктерiнен туындаған пiкiрлердi алға тарта бастайды. Мұсылман хакімдер грек философтарының iшiнде Аристотель (арабша еңбектерде – Аристу, м.б. 384-322) мен Платонның (арабша еңбектерде — Әфлатұн, м.б. 427-347) еңбектерiне көбiрек мән берген. Мұның себебi, ғылыми пiкiр таластарда мұсылман еместердiң Аристотельдiң логикасын жиi пайдалануы және Платонның еңбектерiндегі мистикалық сарынның басымдығы, жоғары ахлақи құндылықтар мен идеялар секiлдi абстракты ұғымдарға көбiрек мән берiлгендiгiнде болса керек.
Ислам философиясының даму жолына қарағанымызда мынадай негiзгi философиялық ағымдардың пайда болғанын көремiз:
1-Дәһриййұн: Философиялық материализмнiң уәкiлдерi. Бұларға «маддиййұн», «мұаттыла» және «занадықа» да делiнген. Бұл философиялық ағым мұсылманшылықтан емес, мұсылмандар жаулап алған Орта Шығыс елдерiндегi йаһұди, христиан яки басға дiндердегi (маздакизм, пұтқақұлдық) философтардың әсерiнен пайда болған. Басты өкiлдерi Әбу Әли Рижа, Әбу Иса әл-Уаррақ (уаф. 861), Башшар Бұрдұлы (Ибн Бұрд, 714-783) және Ахмед Йахйаұлы Исхақұлы әл-Рауанди (Ибн Рауанди, 815-910?).
2-Табиғиййұн: натуралистiк философияның өкiлдерi. Мутазиланың рационалды философиясының дамыған түрi болып саналады. Бұларды ампиристер десе де болғандай. Негiзгi өкiлдерi әл-Серахси (770-818), Әбу Бәкiр Мұхаммед Зәкарияұлы әл-Рази (841?-925).
3-Тiл және аналитикалық философия: Құран Кәрім аяттары мен хадистердiң мағыналарын дұрыс түсiну үшiн араб тiлiнiң морфологиясы (әл-Сарф) уә синтаксы (әл-Наху) жөнiнде көптеген жұмыстар жасалған. Осы салада қомақты еңбектер жазған ғалымдар Әбу Бишр Амр Османұлы Сибеуейх (760?-793?), Әбу Мұса Жәбир Хаййанұлы (Ибн Хаййан, 721-815), Әбу Абдұррахман әл-Халил Ахмедұлы (Ибн Ахмед, 718-791?). Белгiлi хакім Әбу Хамза әл-Хасанұлы әл-Исфаһани (893-961?) оларды «әл-Фәласифат-ұн нахуиййұн», яғни тiлбiлiмi саласының хакімдері деп атаған.
4-Метафизикалық философия: «илаһиййұн» деп аталған осы топтан Йақұб Исхақұлы әл-Кинди (800?-873), Мұхаммед Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) және Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазали (1058-1111) сияқты мәшһүр ойшылдарды айтуға болады. Әл-Кинди еңбектерiнде неоплатонист аристотелшi ағымның ақыл теориясын дамытқан. Көптеген философиялық еңбектердiң авторы жерлесiмiз әл-Фараби кейiнiрек «ишрақиййұн» деп аталған «Шығыс философиясын» жасау қажеттiгi туралы алғаш рет пiкiр бiлдiрген хакім, ойшыл. Басра шаһарында аты-жөндерi белгiсiз философтар тарапынан 946-950 жылдары шамасында құрылған «Ихуан-ұс Сафа» (саф бауырлар) философтар қоғамы Бағдад уә Мысыр шаһарларында бөлiмшелер ашып, неоплатонист және неопифагорист бағыттарды қамтитын 51 рисаладан құралған ғылымдар энциклопедиясын шығарған. Шығыс философиясын жеке сала ретiнде дамыту жолында ең сүбелі жұмысты жасаған хакімдердің қатарынан Ибн Сина (980-1037) ерекше атауға тұрарлық тұлға. Ол «Мантиқ-ұл мәшриқиййин» (шығыстықтардың логикасы) және «әл-Хикмәт-ұл мәшриқиййа» (шығыстықтардың даналықтары) атты еңбектердi жазған. Әл-Ғазали (1058-1111) еңбектерiнде неоплатонизм мен аристотелизмге қарсы пiкiрлер айтылған, ғалым философияны дiни шеңберде пайдаланып, әл-Әшаридiң (873-936) кәлам жүйесiн негiзге алған.
711-1492 жылдары аралығында бүгiнгi Испания мен Португалия жерiн билеген мұсылман мемлекеттерi тұсында бұл өлкеде көптеген хакімдер өмiр сүрген. Патша II әл-Хакемнiң (961-976) билiгi тұсында орталық кiтапханадағы қолжазба кiтаптардың саны 400 мың томнан асқан! Әндүлүс философтары деп аталатын осы топтан Абдұррахман Исмаилұлы әл-Ұклидиси (Х ғ.), Әбу Абдұллаһ Мұхаммед әл-Құртұби (Ибн Құртұби, уаф. 1272) «әл-жамиғ ли ахкам әл-құран», Әбу Осман Саид Фәтхұнұлы (Х-ХІ ғғ.) «Шәжәрәт-ұл хикмәт», Ахмед Хафсанұлы, Мұхаммед Абдұллаһұлы Массараұлы (Ибн Массара, 883?-931) «китаб әл-табсир», «китаб әл-хуруф», Әбу Бәкір Мұхаммед Йахйаұлы Бажжаұлы (Ибн Бажжа, 1077?-1138) «Таалиқ фи-л һандаса», «Рисалат әл-уәда», «Рисала тәдбир әл-мұтауахид», Әбу Бәкір Мұхаммед Абдұлмәлікұлы Туфейлұлы (Ибн Тұфейл, 1106?-1185) «Хай ибн йақзан», Абдұлуәлид Мұхаммед Рұшдұлы (Ибн Рұшд, 1126-1198) «Китаб фасл әл-мақал», «Китаб әл-кәшф ан манаһиж әл-әдилла», Ибн Абдұррахман Мұхаммедұлы Халдұнұлы (Ибн Халдұн, 1332-1406) «Мұқаддима» атауға тұрарлық. Әл-Ғазали өзiнен кейiнгi философтарға күшті тәсір жасаған. ХIII-ғасырдан бастап, «кәлами философия» (бүгiнгi теологиялық философия сарындас – М.Б.) деп аталған әл-Ғазали мектебi өкiлдерiнен Насреддин әл-Тұси (1200-1273) «әл-Тәзкира фи илм», «Тахрир әл-мәжисти», Фахрұддин әл-Рази (1149-1209), Әбу әл-Фәтх Мұхаммед әл-Шәһристани (1076-1153) «Китаб әл-миләл уә-н ниһәл», Сиражұддин әл-Ұрмәуи (уаф. 1283), Сәййид Шәриф әл-Жұржани (1340-1413), Садұддин Мәсұд Омарұлы әл-Тафтазани (1322-1390) «Шарх әл-тасриф», «әл-Талуих», «әл-Мифтах» Мұслихиддин Мұстафа (уаф. 1488?) «Шархи ақаид», «Һәшия абұдия» Мұхаммед Йұсұфұлы Абдұллатиф әл-Бағдади (1163-1231) «әл-Ифада уә-л иғтибар», Әбу әл-Баракат әл-Бағдади (1076-1152?) «Китаб сахих адиллат әл-нақл фи махиййат әл-ақл».
Ислам философиясы бұрынырықта қозғалмаған мәселелердi қозғап, көптеген жаңа философиялық теориялардың негiзiн қалаған. Мәселен, бiрiншi рет әл-Фараби субстанцияны болуы мiндеттi және ерiктi деп ерекшелеген. Мiндеттiлiк концепциясы, логикалық мiндеттiлiк және онтологиялық мiндеттiлiк ұғымдарын бiрiншi рет әл-Ғазали қарастырған. Методологиялық скептицизм мен окказионализмнiң, тарих философиясы уә дiндер феноменологиясының негiзiн мұсылман философтар қалаған. Олар өздерiнен бұрынғы философтардың еңбектерiне түсiнiктемелер жазып, керек кезiнде оларды сынай бiлген және олардың ой желiлерiн әжептәуiр дамытқан. IХ-ХIIІ ғасырларда жазылған ислам философиясы туындыларының бiртiндеп Батыс тiлдерiне аударылуының арқасында жоғалып кеткен фәлсәфә iлiмi Еуропада қайтадан жанданып, мұның нәтижесiнде қайтадан жаңғыру және ағару дәуiрi басталған.
Аталмыш дәуiрдегi Батыс философтарының еңбектерiнде мұсылман хакімдердің тәсірiн байқау қыйын емес. Мәселен, Оверндік Гильом (Guillaume d’Auvergne, 1180-1249) уә Aлбертус Магнус (Albertus Magnus, 1206-1280) кiтаптарында әл-Киндидiң атын атап, оның iлiмiн пайдаланғандарын жазған. ХIII-ғасырдағы философ Аквиналық Фома (Thomas Aquinas, 1225-1274) «Summa contra Gentiles» (пұтқа табынушыларға қарсы уәждер – М.Б.) атты еңбегiнде әл-Киндидiң ақыл теориясын қабылдаған. Әл-Фараби христиан философтарға зор ықпал еткен. Албертус Магнус, Аквиналық Фома, Доминикус Гундисалви (Dominicus Gundisalvi, уаф. 1175), Мұса Меймұнұлы (Моисей бен Меймонид, 1135-1204) ғылымдардың классификациясы, онтология теориясы, Құдайдың барлығының дәлелдерi, рух мәселесi тақырыптарында әл-Фарабидiң пiкiрлерiн дәлме-дәл қайталаумен болған. Роджер Бэкон (Roger Bacon, 1214-1294), Албертус Магнус, Рене Декарт (Rene Descartes, 1596-1650) және Уильям Оккам (William Occam, 1285?-1349) еңбектерiнде Ибн Синаға көптеген сiлтемелер жасаған, һашиялар алған. Әл-Ғазалидiң батыс философтарына жасаған әсерi өз алдына бiр төбе. Раймонд Мартинис (Raymond Martini, 1220-1284), Аквиналық Фома, Раймонд Луллий (Raymond Lulle, 1235-1315), У. Оккам, Блез Паскаль (Blaise Pascal, 1623-1662) қатарлы философтар әл-Ғазалидiң номиналист және методологиялық скептицизм, эмоционализм туралы ойларынан әсер алған. Иммануил Кант (Immanuel Kant, 1724-1804) категорияларында, Самуил Кларк (Samuel Clarke, 1675-1729) пен Г.В. Лейбниц (Gottfried Wilhelm von Leibniz, 1646-1716) айтыстарында, Барух Спиноза (Baruch Spinoza, 1632-1677) мен Мозес Менделсон (Moses Mendelssohn, 1729-1786) еңбектерiнде әл-Ғазалидiң пiкiрлерiн пайдаланған. Ибн Туфейлдiң (1106-1186) «Хайй ибн Йакзан» атты романы көптеген батыс тiлдерiне аударылған. Осы роман Еуропада ғылыми-философиялық роман жанрының және натурализм уә ампиризм философияларының пайда болуына әсер еткен. Френсис Беконның (Francis Bacon, 1561-1626) «Жаңа Атлантида», Томас Морустың (Thomas Morus, 1478-1535) «Утопия» және Даниель Дефоның (Daniel Defoe, 1660-1731) «Робинзон Крузо» атты туындылары Ибн Туфейлдiң романының тәсiрiмен жазылған. Ибн Рұшдтың батысқа тәсiрiнiң күштiлiгi соншалық, 1209, 1205 және 1277 жылғы шешiмдермен католик шiркеуi оның философиясын пайдалануға тыйым салған! Мишель Монтень (Michel Montaigne, 1533-1592), Девид Юм (David Hume, 1711-1776), Декарт, Спиноза және Лейбниц еңбектерiнде Аверроес деп аталған Ибн Рұшдтың философиялық көзқарастарын жиi пайдаланған.
Тағы рефераттар
- Хаттама
- МЕНШІККЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАР курстық жұмыс
- Көмір алаптарының тектоникалық жіктемесі
- ҚР салық жүйесі және оларды шетел тәжірибесі негізінде дамыту жолдары дипломдық жұмыс
- Қазақстан тоталитарлық жүйе кезінде (20 – 30 жылдар)