Иван Игнатьевич Суптель 1919 жылы Алтай өлкесі Красноозер ауданындағы Зубковко селосында шаруа семьясында туған.
1937 жылға дейін Новосибирскіде тұрып, онан кейін Шығыс Қазақстан облысының Глубокое поселкісіне көшіп келеді де, Ертіс мыс қорыту заводында слесарь болып жұмыс істейді. 1939 жылы 24 қарашада Қызыл Армия қатарына шақырылған. Виницк облысында тұрған 371-ші атқыштар полкінде әскери қызметін атқарып жүрген кезінде соғыс басталып кетеді. Отүстік-Батыс, Воронеж және І-Украин майдандарында шайқасқа қатысады. Бес рет жараланды. Майданда жүріп КОКП мүшелігіне өтті. Курск иінінде болған ұрыстарда взвод командирі, ал онан кейін атқыштар ротасының командирі болды.
1943 жылы тамыз айында 309 – атқыштар дивизиясының бөлімдері мен бөлімшелері Пирятин қаласын алды. Қалаға алдымен басып кірушілердің ішінде кіші лейтенант Суптельдің ротасы бар еді. Осы ұрыс үшін ол 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
Қыркүйектің мамыржай бір түні Украинада жұлдыздар ерекше жарқырап тұрған кез еді. Майдан үшін бұрын болып көрмеген бір тыныштық орнаған. Жау Днепрдің оң жақ биік жарқабағына қуатты бекініс шептерінде тым-тырыс жатыр. Офицерлердің бәрі дерлік жиналып болған кезде, полктің командалық пунктіне кіші лейтенант Суптель келді. Бір минуттен кейін жеркепеге аға офицерлер тобымен бірге дивизия командирі Совет Одағының Батыры генерал-майор Дермин келіп кірді. Амандасқаннан кейін ол бірден іске кірісті.
— Біздің тағы бір су бөгетін жеңіп өтуімізге тура келіп тұр. Қиын міндет. Жау мықты бекінген, жаңа бөлімдерін қосып алды. Бірақ біз жауды соққылай отырып, совет жерінен әрман қуып тастауға тиістіміз. Бұл міндетті орындауға сіздердің әбден даярланғандарыңызды білемін, екінші атқыштар батальоны мен миномет батареясы алдымен бастайды.
24 қыркүйекке қараған түні кіші лейтенант Суптельдің ротасы Днепрден бірінші болып өтіп, сол бойда-ақ Шучинка елді мекеніне басып кірді. Атаканың жойқын болғаны соншалық, немістер қатты абыржып, сасқандығынан жауынгерлік техникасы мен қаруларын тастай қашты. Таң ата гитлершілер танкілері мен авиациясының қарсы атакаға көшті. Қиян-кескі ұрыстар алты тәулікке созылды. Рота командирі кіші лейтенант И.И. Суптель жараланса да қатардан шықпады. Гитлершілердің күші мен жауынгерлік техникасы жағынан көп артықшылығына қарамастан, рота олардың жасаған қарсы атакаларының бәрін тойтарды.
Осы ұрыстарда көрсеткен табандылығы мен ерлігі үшін 1943 жылғы 23 қазанда атқыштар ротасының командирі И.И. Суптельге Кеңес Одағының Батыр атағы берілді.
1943 жылы 22 ноябрьде кіші лейтенант Суптель тағы да ауыр жараланды. Госпитальда емделіп шыққаннан кейін ол әскерден босатылып, туып өскен жеріне қайтып оралады. Ертіс полиметалл комбинатында жұмыс істеді, ал одан кейін Бұқтырма су электр станциясын салысты. Кейін Павлодар облысына келіп, Ертіс-Қарағанды каналының құрылысында жұмыс істейді, 1965 жылдан Қалқаман поселкесінде тұрды, сонда жерленді.
Тағы рефераттар
- Кикілжіңнен кетіп қалу стилі
- Өзіне баға беру әдісі
- Денсаулық сақтау
- Шығындарды талдамалық топта талдау курстық жұмыс
- Дiннiң адамзат тарихындағы рөлiн әдiлдiк тұрғысынан ашып көрсету жолдары