Қайырымдылық саясатын қаржымен қамтамасыз етудің механизмдері туралы қазақша реферат
Қайырымдылық жүйесін салықтық реттеу, кедейлік пен жұмыссыздықты төмендетудің қаржылық-кредиттік механизмдері, корпоративтік деңгейдегі қайырымдылық жүйесі және әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациялар әлеуметтік проблемаларды шешуде маңызды рөл атқарады.
Кредиттік серіктестіктердің даму рыногы, олардың жиынтық кредиттік портфелі мен клиенттерді қамту деңгейі банктің осы қызметтерімен салыстыруға келмейді. Қазақстанда мемлекеттің жиынтық кредиттік портфелінде микрокредит берудің үлесі 2%-ды құраса, Ресейде бұл көрсеткіш 20% болып отыр. Микроқаржылық қызметтерге қол жеткізу арқылы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің арзан кредит алу мүмкіндігі кеңейеді және бұл өз кезегінде кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыспен қамту деңгейін жоғарылатуға, кедейлікті төмендетіп, халықтың өзін-өзі әлеуметтік қорғауына септігін тигізеді.
Микроқаржыландыруды дамытуды тежеп отырған негізгі фактор осы секторды мемлекет тарапынан кешенді қолдаудың, тұжырымдамалық көзқарастың болмауымен байланысты. Кредиттік серіктестіктер мен микрокредиттік ұйымдар ұтқыр және мамандандырылған қаржы институттары бола отырып, банктік қызметтерге бәсекелестілік тудыра алады.
Микрекредиттік ұйымдардың кредиттері кедей халықтың үлесін төмендететінін зерттеулер көрсетіп отыр. 2007 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 745 микрокредиттік ұйымдар тіркеліп, олардың ішінде белсенді жұмыс істейтіндері 250 болып отыр. Оңтүстік Қазақстанда 165, Алматы қаласында 115, Қарағанды облысында 73, Атырау облысында небәрі 7 микрокредиттік ұйымдар тіркелген.
Қазақстан халқының 43%-ы ауылда тұрады, микрокредиттік ұйымдардың ауылда шоғырлануы 15%-ға тең. Республикалық бюджеттен «Ауыл халқына микрокредиттер беру жүйесін ұйымдастыру бағдарламасына» 2006 жылы 2млрд 500 млн теңге бөлінді. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, микрокредиттік рынок монополияланып бара жатыр. «Микрокредит-Инвест» 18 микрокредиттік ұйымдарды жекешелендіріп алды.
Кредиттік серіктестіктер мен микрокредиттік ұйымдарды мемлекеттік қолдау құралын одан әрі жетілдіру, микроқаржылық ұйымдардың кәсіби қызметтер мен ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту, кредиттік серіктестіктер мен микрокредиттік ұйымдардың қызметіне мониторинг жүргізу өзекті проблемалар болып табылады. Микрокредиттік ұйымдар беретін кредиттердің көлемін 1000АЕК-тен 8000АЕК-ке жоғарылату ұсынылды. Бұл өз кезегінде микрокредиттік ұйымдардың инвестициялық тартымдығын жоғарылатады.
Қайырымдылық жүйесін қаржымен қамтамасыз ету аясында халыққа түсетін салық ауыртпалығын анықтаудың маңызы зор.
Салық салу әділеттігі қоғамда қалыптасқан «әлеуметтік әділеттіктің» тұжырымдамасына тікелей байланысты. Осы мәселе бойынша екі көзқарасты бөліп көрсетуге болады.
«Утилитарлық» көзқарас бойынша қоғам жалпы жиынтық молшылық, әл-ауқаттылықты қамтамасыз етеді, ал азаматтар арасында оның әділетті бөлуі қадағаланбайды. Салық арқылы халықтың әл-ауқаттыларының табысын «әлжуаз» табысы төмен халық топтарына бөлу мәселесі шешілмейді.
Ал «роулсиандық тұжырымдама» (американ экономисі Джон Роулстың атымен аталған) қоғамның әл –ауқаттылығы, қоғам мүшелерінің тұрмысы ең кедей деп саналатындардың жағдайымен сипатталады. Қоғам мүшелерінің табыстары халықтың әр түрлі санаттарының арасында бөлініп, табыстардың әркелкілігі төмендетіледі.
Осыған байланысты қоғам мүшелерінің табыстарын қайта бөлудегі салықтардың атқаратын рөлі маңызды. Салық ауыртпалығының таралу деңгейін бейнелейтін сандық көрсеткіш халыққа түскен салық ауыртпалығы болып табылады, өйткені өндіріске салынатын салықтар тауардың бағасына кіреді, түпкілікті тұтынушылар салықтардың негізгі ауыртпалығын өз мойнына алады.
Халықтың салық ауыртпалығы тек салық мөлшерлемесіне ғана байланысты емес. Қоғам мүшелерінің жалпы әл ауқаттылығы жоғарылаған сайын бұл көрсеткіш төмендейді. Сондықтан да жалақы қорын салық механизмдері арқылы бір деңгейде тежеу жалақысы жоғары жұмыскерлердің ғана табысын тежеп қоймайды. Қосымша табысы жоқ мемлекеттік қызметшілердің салық ауыртпалығы жоғарылайды.
Әлеуметтік салықтық жеңілдіктер теңестіру тетігі ретінде рыноктық экономика жағдайында өмір сүруге бейімделмеген азаматтарға салық ауыртпалығын төмендетуді көздейді. Бұдан басқа жеңілдіктерді әлеуметтік бағытта қызмет ететін ұйымдар, олардың қызметкерлері де ала алады. Қазіргі салық салу жүйесінде қайырымдылық жүйесіндегі қаржылық элемент ретінде салықтық жеңілдіктер институты өзінің әлуетін толық орындай алмай отыр.
Қайырымдылық жүйесінде орта және шағын бизнестің дамуы маңызды орын алады. Орта және шағын бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 25%, жеке секторда экономикалық белсенді халықтың 60%-ы жұмыс істейді. Орта және шағын бизнес көбінесе сауда секторында шоғырландырылған. Бизнестің 46%-сауда, автомобильдерді жөндеу саласында ашылса, 14%-құрылыс, 12,1%-жылжымайтын мүліктер операциясы, ал 10,9%-ы ғана өндіріске тиесілі. Орта және шағын бизнесті дамытудағы заңнамалық актілердің сапасы өте төмен. Республикада Салық кодексін түсіндіретін 400 әр түрлі құжаттар шығарылған.
Салықтық жеңілдіктер, соның ішінде, орта және шағын бизнестің ашылғанынан бастап екі жыл ішінде толық салықтан босату, үшінші жылы-75%-ға жеңілдік, 4-ші жылы 50%-ға, ал 5-ші -25%-ға жеңілдік берілуі орта және шағын бизнесті дамытуға жағдай жасайды.
Қайырымдылық жүйесінде жеке сектормен мемлекеттік ынтымақтастық құру жолдары қарастырылып, халықты әлеуметтік қорғауда корпоративтік қаржылық институттарды дамытудың механизмдері айқындалды. Әлеуметтік инвестициялар ұзақ мерзімде көрініс табатын арнаулы әлеуметтік тиімділікті алуға бағытталған.
Қайырымдылық жүйесінде жеке сектормен мемлекеттік ынтымақтастықты нығайтудың үйлесімді құралдарын қолдану арқылы әлеуметтік қорғауды қаржымен қамтамасыз етудің қосымша көздерін тартуға болады.
Әлеуметтік инвестициялар арнаулы әлеуметтік тиімділікті тек қана келешекте алуға мүмкіндік жасайды. Әлеуметтік шараларға қысқа мерзімде арналған шығындар корпоративтік сектордың қаржы ағындарын айналымнан бұрады, ал бұл өз кезегінде бәсекеге қабілеттілік факторын төмендетеді.
Қазақстандық корпоративтік жүйе қаржымен қамтамасыз етудің басым көзі болуы қажет. Әлеуметтік инвестицияларды мемлекет экономикалық тұрғыдан ынталандыруы қажет. Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғауда мемлекеттік және корпоративтік саясаттың жаңа құралдарын жүйелі түрде әзірлеу қайырымдылық жүйесін қаржымен қамтамасыз етуде тұрақтылыққа қол жеткізеді. «Казмұнайгаз», «Казатомпром» АҚ Ұлттық компания, «Қазақстан темір жолы» АҚ Ұлттық компания, ЖШС «Тенгизшевройл», «Казцинк» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясының әлеуметтік бағдарламаларын талдай келе қазақстандық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің мынандай бейінінің қалыптасқанын көреміз.
3 — ші сурет корпорациялардың сыртқы әлеуметтік жауапкершілігінің басым-дығын көрсетеді. Корпорациялардың әлеуметтік бағыттағы шығындарының 53%-ы әр түрлі әлеуметтік бағдарламалар, соның ішінде жергілікті өңірлерді дамытуға арналған бағдарламаларды қаржыландыруға, 35%-ы табиғатты қорғауға арналған шығындарды, 12%-ы ғана өз мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға, денсаулықты нығайтуға, жұмыс істеу жағдайын жақсартуға жіберіледі.
Экономикасы дамыған елдерде корпорациялардың қайырымдылық жүйесіне қатысуы белсенді жүргізіледі. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі БҰҰ Ғаламдық келісімінің қағидаттарын енгізу, әлеуметтік әріптестік пен отандық компаниялардың тиімді қайырымдылық практикасын қалыптастыру, әлеуметтік жобалар маңыздылығының беделін көтеру арнайы автор ұсынған индикаторлар арқылы бағалануы қажет.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін бағалаудың айқын өлшемдерін белгілеу отандық және шетелдік компаниялар ерікті түрде жүзеге асыратын әлеуметтік бағдарламалардың басым бағыттарын айқындайды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің тиімділігін анықтайтын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға, кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды даярлауға, аурудың алдын алу шараларын қаржыландыруға, мөлдірлік қағидатқа негізделген бизнесті жүргізуге, әлеуметтік есептемені жүргізуге арналған шығындардың жалпы шығындардағы үлес салмағы және салалық көрсеткіштен ауытқуы сияқты автор тарапынан қаржылық-экономикалық индикаторлар ұсынылып отыр. Жастарды жұмысқа алу квотасы жұмыскерлердің жалпы санынан 10 пайыздан төмен болмауы және бір жылда бір қызметкерге денсаулығын жақсартуға 20 мың теңгеден төмен емес қаржы бөлу бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоғарылатады.
Кәсіпкерлер үшін әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мәселелерінде олардың қызметі үшін қолайлы, әлеуметтік қауіпсіз орта қалыптастыруға қатысу міндеті дәлел болуға тиіс. Қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақтылық – бизнестің табысты дамуының кепілі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жаһандық шартының қағидаттарын енгізу және меценаттық пен қайырымдылық қызметі, экономикалық ынталандыру және бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың тиімді өзара іс-қимылы үшін заңнамалық база құрған мақсатқа сай келеді.
Кәсіпорындардың корпорациялық табыс салығын есептеуде қайырымдылыққа, әлеуметтік қорғауға арналған шығындарын шегерімге жатқызу деңгейін 5 пайызға дейін жоғарылату ұсынылып отыр.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар миссиясы мемлекеттік және жеке секторларды шоғырландыру, кластерлік тәсілдің негізінде бірыңғай рыноктық экономика құру жолымен өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу.
Жеке сектордың белсенді қатысуынсыз республиканың әлеуметтік және экономикалық дамуы мүмкін емес. Бүгінде жеке құрылымдар өз қызметін жүзеге асыратын өңірді дамыту проблемасынан сырт қала алмайды. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілігі деп әлеуметтік жобаларға пайданы инвестициялауды ғана емес, сондай-ақ бәсекеге қабілетті бизнесті құру мен жүргізуді, рентабельді емес кәсіпорындар базасында жаңа өндірістер құруды, мемлекеттік меншік объектілерін тиімді пайдалануын айтуға болады.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар – бұл тауарлар мен қызметтерді өндіру және сату жолымен пайда алу мақсатында өз қызметін жүзеге асыратын экономикалық орнықты бизнес-құрылымдар. Бұл ретте әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың алған пайдасының бір бөлігі өңірлердің әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени мақсаттарын іске асыру үшін қайта инвестицияланады.
Тағы рефераттар
- Турбо Паскаль тіліндегі таңдау операторы курстық жұмыс
- Иемденудің түрлері мен формалары
- Топырақтану пәнінен тест сұрақтары
- Топырақтың морфологиялық қасиеттері
- Монополистік, жетілмеген бәсеке