Кәсіпорын капиталының түсінігі және жіктелуі туралы қазақша реферат

Кәсіпорынның өндірістік процесті дамытуға бағытталған қаржы ресурстары оның ақшалай нысанындағы капитал болып табылады. Қаржы ресурстары кәсіпорынның жалпы қаражаттарының жиынтығы болса, капитал – осы қаражаттардың өндіріс барысына салынған бөлігі. Осыдан келе, кәсіпорын капиталы дегеніміз – бұл кәсіпорынның өндірістік айналымына салынған және осы айналымнан табыстар алып келетін ақша қаражаттары болып табылады.

Қаржы ресурстары мен капитал арасындағы басты айырмашылық – кәсіпорынның қалыптасқан қаржы ресурстары оның капиталынан көп немесе тең болады. Қаржы ресурстары мен капиталдың тең болуы кәсіпорынның барлық қаржы ресурстары өндіріске инвестицияланғанын және оның ешқандай қаржылық міндеттемелерінің жоқтығын білдіреді. Сәйкесінше, егер қаржы ресурстары капитал көлемінен үлкен болса, онда кәсіпорынның тартылған қаражаттары өндіріс барысында толық қолданылмай жатқандығының куәсі болады.

Капитал кәсіпорынды құрудың және дамытудың басты экономикалық базасы болып табылады, өйткені ол кәсіпорын активтеріне инвестицияланған материалдық, материалдық емес және ақшалай қаражаттардың жалпы құнын сипаттайды. Өндіріс барысында қызмет етуі арқылы капитал кәсіпорын иелерінің, басшыларының, жұмысшыларының, сондай-ақ мемлекеттің мүдделерін қамтамасыз етеді. Сол себепті де ол кәсіпорынды басқарудың негізгі объектісі болып табылады, ал оны барынша тиімді қолдану қаржы менеджментінің ең маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

Кәсіпорынға қатынасы бойынша меншікті және қарыз капиталды бөліп көрсетуге болады. Меншікті капитал дегеніміз – бұл кәсіпорынның құрылу барысында қалыптасқан бастапқы капиталы мен қызмет етуі барысында ішкі қаржы ресурстарының есебінен қалыптасқан және оның жеке меншінде қалатын қаражаттары болып табылады. Меншікті капиталдың құрамына жарғылық капиталды, резервтік капиталды, түрлі қорларды, бөлінбеген табысты жатқызуға болады.

Қарыз капитал дегеніміз – бұл кәсіпорынның өндіріс барысына орналастырылған қаражаттарының сырттан тартылған түрлері болып табылады. Қарыз капиталдың құрамына өндірісті қаржыландыру үшін қайтарымды негізде тартылған ақша қаражаттары мен басқа да құндылықтар кіреді. Капиталдың барлық нысандары белгілі бір мерзімде қайтаруды талап ететін кәсіпорынның міндеттемелері болып табылады.

Кәсіпорын капиталының құрамы оның бірнеше белгілері бойынша жіктелуімен сипатталады

Инвестициялау объектілері бойынша негізгі және айналым капиталын бөлуге болады. Негізгі капитал кәсіпорынның негізгі құралдар мен материалдық емес активтеріне салынған қаржы ресурстары болып табылады. Айналым капиталы, сәйкесінше, кәсіпорынның қаржы ресурстарының айналым қаражаттарына салынған бөлігі болып табылады.

Қолдану мақсаттарына қарай капиталдың келесі түрлері кездеседі: өндірістік, несиелік және спекулятивтік капитал. Өндірістік капитал кәсіпорынның өндірістік активтеріне салынған қаражаттарын сипаттайды. Несиелік капитал кәсіпорынның инвестициялық қызметі барысында қолданылатын қаражаттарын (банктерге депозиттер салу, облигациялар сатып алу және т.с.с.) сипаттайды. Спекулятивтік капитал кәсіпорынның сатып алу – сату операцияларында, яғни баға айырмасына негізделген операцияларында қолданылады.

Өндірістік процестің бірінші кезеңінде ақша нысанындағы капитал кәсіпорынның ұзақ мерзімді және айналым активтеріне инвестицияланады, осылайша ол өндірістік нысанға ауысады. Екінші кезеңде өндірістік капитал өнім өндіру барысында тауарлық нысанға ауысады. Үшінші кезең — өнімді сатуға байланысты тауар нысанындағы капиталдың ақша нысанындағы капиталға ауысу кезеңі болып табылады. Сонымен қатар капитал қозғалысының нысандары өзгерген сайын оның құны өзгеріске ұшырап отырады.
Тағы рефераттар