Қай елдің де өзіне қымбат көрінетін, мақтаныш етіп жоғары бағалайтын, ұлттық байлығы саналатын рухани қазыналары болады. Біздер үшін сондай қазыналардың бірі – «Қазақ әдебиеті» газеті болса керек. Егер дүниеде «Қазақ әдебиеті» газеті болмаса қазақ елінің рухани өмірінде үлкен олқылықтың, жүдеуліктің орны сезіліп-ақ тұрар еді. «Қазақ әдебиетінің» біздің күнделікті тірлігімізге тереңдеп енгені соншалық, әр апта сайын жұма күні осы газеттің келуін асыға күтеміз.
Біздің қым-қуыт оқиғаларға толы өткен XX ғасыр үшін 1934 жылдан қазіргі уақытқа дейін сақталып қалу дегенің ұзақ ғұмыр, ауыр жол екені рас. Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің өзіндік ерекше тарихы, тағдыры бар, басқаларға ұқсай да қоймайтын, орны бөлек басылым екені де рас.
Нендей дүние болсын қажеттіліктен туады. XX ғасырдың басында қазақ халқының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін шығарды. Алдына үлкен мақсат қойды – туған халқын ояту, әрі көш бастау қажет болды. Сол кезде елдің ой-тілегін осы газет білдіріп, жол сілтеп отырды. «Қазақ» газеті жабылғаннан кейін тура он жеті жылдан соң қайта жарық көрді. «Қазақ әдебиетін» «Қазақ» газетінің тікелей мұрагері деуге болатын сияқты. «Қазақ әдебиеті» газеті де сол бір кезеңде аса бір қажеттіліктен дүниеге келіп, осыдан 74 жыл бұрын алғашқы саны жарық көрді. Осының алдында аз ғана жылдың ішінде қазақ елі небір зобалаңға ұшырап, ауыр күйзелісті, орны толмас қайғы-қасіретті басынан кешіріп, ес жия алмай, есеңгіреп қалды. Ашаршылықтан халқының тең жарымы қырылды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты көсемдері, ұлттың ақыл-ойының аса көрнекті қайраткерлерінің үлкен бір тобы қудаланып, қамалып, қуғынға түсті. Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтай ұлы адамдардың үні өшті. Онсыз да жоғалтқаны көп, сергелдеңі мол қазақ елі ұлтының ұлы тіреулерінен, кемеңгерлерінен айырылып, ақыл-ой жағынан өлшеусіз ойсырап қалды. Егер солар аман боп, халқына әлі де қызмет еткенде біздің қазақ елі бүгіндері қандай биіктерден көрінер еді. Бұл, әрине, орны толмас өкініш әрі арман. Сол бір өкініш пен өксікке толы ауыр кезеңде әбден арып-ашып, еңсесі түсіп, жүдеп-жадаған елдің рухын көтеру, есін жиғызып серпілту, әрбірден соң, басын біріктіріп, қайтадан елдікке бастау қажет болды. Еңсе көтеріп, ел болу үшін қайта ояну, жаңғыру кезеңінде «Қазақ әдебиеті» газеті қажет болды.
Дәл осы кезде қалың өрттен кейін қаулап өскен көктей көркем әдебиет, көркемөнер мәселелері жедел қолға алынып бір жылдың ішінде қазақ университеті ашылды, көркем әдебиет баспасы ашылды, опера және балет театрының іргесі қаланды. Әдебиетке, өнерге жаңа таланттар келіп қосылды. 1934 жыл – біздің әдебиет, мәдениет тарихымызда ерекше есте қалатын ояну, өрлеу жылы болды.
Газеттің алғашқы санында «Қазақ әдебиеті» — ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын» деген сөз беташар ретінде үлкен әріптермен теріліп еді. Алғашқы санынан-ақ газеттің мақсаты осылайша айқындалды. Мақсат барда оның жүзеге асып, орындалуы бар. Осы орайда «Қазақ әдебиеті» талай тар жол тайғақ кешуден өтті. Ойлағанын орындай алмаған, көксегенін айта алмаған кездері де аз болмады. Ол үшін газет емес, сол кездегі «қызыл саясат» кінәлі. Қалай десек те, газет өзінің түпкілікті бағыт-бағдарынан, көздеген нысанасынан ауытқып көрген емес. «Қазақ әдебиеті» — бізге сол қасиеті үшін де қымбат.
Газет өзінің алғашқы санынан бастап-ақ әдебиетіміздің ең таңдаулы өкілдерін өз маңына топтастыра білді. Осы жөнінде кезінде Ғабит Мүсірепов былай деп жазған еді: «Біраз уақыт әдебиет газетінде жауапты редактор табуға кетті. Біздің ішімізде нағыз журналист Би ағаң болатын. Ол қашанғы әдеті бойынша басқару жұмысына жолағысы келмейді. Сәбит оқуда. Аяқтап келгенде мен жегілетін болдым. Редколлегияға Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Әйтеке Мусин, Мұхаметжан Қаратаев және мен кірдім. Мұхаметжан жауапты хатшы, мен редактор болып тағайындалдым». Бұл «Қазақ әдебиетінің» алғашқы бас редакторы Ғабит Мүсіреповтің сөзі. Жоғарыда аталған редколлегия құрамына ой жүгіртіп көрелікші. Кез келген жазықсыз жапа шегіп, қызыл саясаттың құрбаны болған ұлылар легінен кейінгі алыптар тобы еді бұлар. Бірақ, өкінішке орай, бұлардың да ғұмыры ұзаққа бармады. Ғұмырының қысқа боларын сезгендей-ақ олар осы жылдары ерекше өнімді еңбек етті. Барлық жанрда қалам сілтеп, әдебиетті көркейтті. Бірақ, аз уақыттың ішінде, небәрі 3-4 жылда, «Қазақ әдебиеті» сол алыптардың күшімен бірталай игілікті істер атқарып, әдебиеттің, мәдениеттің қайнар көзін ашып та үлгеріпті. Олар «Қазақ әдебиетіне» аянбай қызмет атқарды. Бейімбет Майлин жарты жылдан соң газеттің жауапты редакторы болды. 1935 жылы Москвадағы қызыл профессура институтын бітіріп келгеннен кейін Сәбит Мұқанов «Қазақ әдебиетінің» жауапты редакторы болып бір жыл шамасында жұмыс істейді. Кейін ол Қазақстан Жазушылары ұйымына бастық болып тағайындалған соң «Қызыл жалау» романын жазуға Қарағандыға кеткен Бейімбет Майлин «Қазақ әдебиетіне» жауапты редактор болып қайта оралады. Бейімбет Майлиннің соңғы рет қол қойған газеттің саны 1937 жылы 30-шілдеде шыққан. Содан кейін екі ай шамасында С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин бірінен соң бірі ұсталып қамауға алынды. Ел басына қайтадан қара түн туып, тағы да сол қудалау, қуғын-сүргін басталады. Осындай аласапыран үрейлі кезеңде бірін-бірі жау ғып көрсету, басқаларға жала жабу өршіді. Баспасөзде «халық жауларын» әшкерелеп, жан түршігерлік айыпқа тағылып, қаралайтын мақалалар басылып жатты. Бұл жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті де ауыр хал кешіп, шырқырыған шындықты айта алмады. Ақыры, 1940 жылы жабылып тынды.
1955 жылдың 14 қаңтарында араға 15 жыл салып, «Қазақ әдебиеті» газеті қайтадан жарық көрді. Газеттің бас радакторы болып Сырбай Мәуленов тағайындалды.
Әдебиеттің асқан асуларын, көтерілген биігін, оның ірі тұлғалары мен таңдаулы шығармаларын бүгіндері ешкім жоққа шығара алмайды. Асыра мақтаған, өлтіре сынаған да, әділін айтқан, орынсыз ғибаттаған кездері де болған шығар. Әсіресе Жазушылар Одағында әр кезде топқа қосылмай, жікшілдікке бұрылмай әділдік жолында тура бағыт ұстану кімге болсын оңай емес екені де белгілі. «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор шыдамаған кездері де болған.
Бірақ, азаттығы жоқ ел өз тағдырына қатысты толғақты ой, өзекті мәселелерді ашық айта алмайтын. Айтқан күннің өзінде сол үшін тиісті жазасын тартып, қудалауға түсетін. Көптеген бас редактордың орнынан тез түсіп қалуының үлкен бір себебі осында жатыр. Тәуекелшіл, турашыл боламын, елдің сөзін сөйлеймін деп жоғары жаққа жақпады. Саясатқа қайшы келді. Бұл – жалғыз бас редактордың ғана емес, жалпы, «Қазақ әдебиеті» газетінің мінезі еді. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеу қашанда, кімге болсын үлкен абырой саналады.
«Егер газет тігінділерін ақтарып, жылдар көшіне көз салсақ «Қазақ әдебиетінің» өрлеген жұлдызды жылдары да, серпіле алмай, қанатын жаза алмай, өрісі тарылып, бауырлап қалған кездері де болған. Тәуілсіздік алған бүгінгі күн биігінен қарағанда бізге түсінікті және әдеттегі нәрсе боп көрінетін жағдайлар ол кезде айтуға да, жазуға қиямет қиын болатын. Коммунистік идиология үстемдік еткен кезеңде біздің қайсымыз болсын нені айтып, нені айтуға болмайтынын жақсы меңгерген едік. Қандай мақаланың басылмайтынын, қай тақырыптың өтпейтінін де білетінбіз. Жазылғанның бәрі дұрыс екенін біле тұра қатты айтқан жерін жұмсартып, сөз келеді деген тұстарын қысқартып, жалтақтыққа үйрендік. Әттең, ойыңдағыны ашық айта алмай сырты бүтін, іші түтін болу – қандай ауыр. Ойың бір түрлі, айтар сөзің де бір түрлі — өмір шындығынан гөрі саясатқа бағыну – бұл да бір азап. Осы отырған бәріміз де осындай хәлді бастан кешіріп, жалтақтап, жалған сөйлеген де шығармыз» дейді. 1993 шілде – 1997 қараша аралығында бас редактор Ахат Жақсыбаев. Кешегі коммунистік насихаттың құралы болудан «Қазақ әдебиеті» де қашып құтыла алмай, өктемдіктің, кіріптарлықтың ырқына көнуге мәжбүр болды.
Қазір қазақ елінің дамуында аса жауапты әрі күрделі кезеңде тұрмыз. Елдің өз алдында жеке дамуында, әлеуметтік-экономикалық өмірде, әдеби, мәдени салада қаншама қыруар істер бар. Осының бәрі салмақпен, сабырмен шешетін, көп болып қауымдасып атқарар жұмыстар. Көбіне, «түбі жақсы болар» деген үмітпен өмір сүріп жатырмыз. Қазір газеттің арқалаған жүгі де ауырлады, тақырып ауқымы кеңейді. Біраз жұмыстар істеліп те жатыр. «Қазақ әдебиеті» — абыройлы, беделді газет деп отырмыз. Сол беделді газеттің ел өміріндегі осы бір жауапты кезеңде белсенділік көрсететін кезі келген секілді. Ал «Қазақ әдебиеті» — ең алдымен, жазушылардың газеті. Сол себепті жазушылардың ой-пікірін, айтар сөзін елге жеткізу, солардың ашық трибунасы болу – «Қазақ әдебиетінің» міндеті [1]. Жасыратыны жоқ, қазіргі тұрмыстың ауырлығы, кітап шығарудың қиындығы жазушыларға жеңіл тиіп отырған жоқ. Дегенмен, ең алдыңғы қатарлы зиялылар тобына жататын жазушы қауымның қазіргідей жауапты кезеңде үндемей қалуына болмайды ғой. Қазіргі уақытта біздің жазушылар үлкен ой үстінде. Өйткені, санада болсын, көңіл мен сезімде болсын, беріш боп қатып қалған, әбден сіңісті болған бағыныштылы белгілері жетіп жатыр. Яғни сырттан еріксіз телінген нәрселерден арылу оңай емес.
Содан соң біз қазір қиын әрі қымбатшылық заманда өмір сүріп жатырмыз. Әрбірден соң кімді кінәлап, кімге тисеріңді де білмейсің. Іске жауапты деген адамдарыңның өзі жағдай айтсаң «ақша жоқ» деп алдыңды орайды. «90-шы жылдары «Қазақ әдебиетін» қатты алаңдатты. «Ақшасы төленбеді» деп, наурыз айында баспахана «Қазақ әдебиетін» бөгеп қойып, қарыздан құтылған соң, төрт санын бірақ шығарды. Сонда «Қазақ әдебиетін» іздеп, оқырман қауым қатты дүрлікті. Ал елді басқарып отырған жоғарғы жақтан «бұл қалай?» деп селт еткен жоқтаушының табылмағаны қалай?! Елдің иесі емес пе?! Егер біз «Қазақ әдебиетін» қорғай алмасақ, қолдамасақ қалың елге, оқырман қауымға не дейміз. Қандай қысылшаң, қиын заман десек те біз «Қазақ әдебиетінің» бағасын білуіміз керек», — дейді сол кездегі «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Ахат Жақсыбаев [2]. Бүгіндері не көп газет көп. Бірақ, «Қазақ әдебиеті» — өз ретінде орны бөлек, бірден-бір ұлттың үні, жалғыз басылым. Оны көп газетердің қатарына жатқызып, елеусіз етуге болмайды. «Не болсаң ол бол, өз күніңді өзің көре біл» деген принцип дәл «Қазақ әдебиеті» газетіне жүрмейтін секілді.
«Қазақ әдебиеті» газеті аты көрсетіп тұрғандай мемлекетіміздегі бірден-бір әдеби басылым. Мыңға тарта ақын-жазушылардың тікелей мінбері. Газет қоғамдық, саяси, әлеуметтік мәселелерді көтерген кезде қазақтың мүддесі арқылы өрбітеді. Мұнда халқымыздың таңдаулы ғалымдары, ойшылдары, түрлі сала мамандары сөйлейді. Көбіне ұлттық болмысымыздың бүгінгі таңдағы өзгеріс құбылыстарына үңілу басым. «Қазақ әдебиеті» бұл – бір жағынан алып қарасаң көп дауысты газет. Бұнда ұлттың болашағына алаңдап қана қоймай, қайткенде де қазақ болып қалудың жолдарын қарастырып, болашағына батыл қадамдар жасалады және оған Қазақстандағы интеллектуалдық күштер молынан тартылған» дейді қазіргі таңдағы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы.
Осылайша «Қазақ әдебиеті» газеті ұзақ жылдар бойына «қазақ» деген сөзге де, «әдебиет» деген сөзге де әр уақыт лайық боп келеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Оразалин Н. Рух пен арды ту еткен // Қазақ әдебиеті. – 2006, 1 қаңтар.
- Жақсыбаев А. Сол бір кезде…// Қазақ әдебиеті. – 2006, 1 қаңтар, № 3000. – 3 бет.
Тағы рефераттар
- Джон Фитцджеральд Кеннедидің өмірі
- Газды көмірлердегі жарылыс қауіпсіздігі мен өрт қауіпсіздігінің ережесі
- CDMA ұялы байланыс желісінің негізгі ерекшеліктері
- Түркі-Ислам философиясы және діни таным өкілдері
- Міндеттемені орындау