Қазақ фольклорының тарихи сипаты басым көркем де құнды саласы – эпостық жырлар. Эпос деп оқиғасы ел, халық өмірінен алынған, образдары ірі әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен эпикалық жыр–дастандарды айтамыз.

Қазақ эпосы бірде ерлікті, батырлықты дәріптеп, ел қорғау, отаншылдық сарынға құрылса (“Қобыланды”, “Алпамыс”), бірде феодалдық қоғамдағы әйел теңсіздігін арқау етіп, махаббат тақырыбына негізделеді. Енді бірде өмірде болған нақты тарихи оқиғаларды жырлайды (“Бекет”, “Досан батыр”).

Эпостық жырлар барлық елдерде болған. Ежелгі гректердің “Илиада”, “Одиссея” сияқты көлемді дастандарының эпопеялық сипаты басым болса, ондай сюжеттер қырғыз (“Манас”), қазақ халықтарында да жоқ емес (“Қорқыт ата кітабы”). Оларды гректер “эпос”десе, қазақтар “жыр”, қырғыздар “ыр” деп атаған. 1940 – 1950 жылдары Орта Азия және Қазақстан жерін мекен тұтқан көшпелі тайпалардың бай эпостық мұрасы жан–жақты зерттеле бастады. Оған В.В. Бартольд, В.М. Жирмунский, В.М.Чичеров, А.К. Боровков, Л.И. Климович, И.С. Брагинский, Е.Э. Бертельс, Х.Т. Зарифов, М. Тахмасиби, М.О. Әуезов, Ә.Х. Марғұлан, М. Ғабдуллин, Қ. Жұмалиев сияқты көптеген көрнекті фольклористер атсалысты. Осы жоғарыда аталғандар 40–50 жылдары жемісті еңбек етті.

Ел халық санасымен жасалған “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Көрұғлы”, “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын” сияқты батырлық жырларында, бір жағынан, ел бірлігі мен тәуелсіздігін сыртқы жаулардын қорғау сарыны үстем болса, екінші жағынан, хандар мен халық арасындағы қайшылық таңбасы да бар. Осы себепті қазақ эпосы халық тарихының көркем ескерткішіне айналған. Эпос түрлі ертегі, аңыз тарихи оқиғалар негізінде жасалады десек, олар өзінің нақты мазмұнын жойып, көп заманғы дәурдің бұлдыр суретіне айналған. Мұны эпостық көп стадиялық дейміз.

Батырлар жырының образдары мен тілі көтеріңкі стильде жырланады. Батырлар көбіне аса тұлғалы болып келеді, бәрі дерлік мұран-мақсаттарына жетіп отырады.

Батырлар жырының жаңаша жырлануы XIX-XX ғасырларда ерекше көзге түседі. Бұл реттен ел арасынан шыққан айтулы ақын-жыраулардың қызметі айрықша.

Қай кезде туса да қазақ эпосының жалпы рухы өмірге жақын. Оны Ш. Уәлиханов, В. Радлов, А. Орлов, М. Әуезовтер өмір шежіресі, — деп бекер айтпаса керек.

Қазақ эпосын біз олардың тақырыбы мен сюжетіне қарай батырлық, ғашықтық және тарихи жырлар деп үш салаға бөліп, соның бәрін де фольклорлық сипатына қарай “эпос” деп атаймыз. Бұлардың арасында жанрлық айырмашылықтар бар.

Қазақ эпосының үлкен бір саласы “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, ”Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”, “Мақпал қыз”, “Сұлу шаш”, “Құл мен қыз”, “Есім сері-Зылиқа”, “Күлше қыз-Назымбек” сияқты ғашықтық жырларынан тұрады. Әйел теңсіздігін арқау еткен бұл жырларды қазақ зертеушілері әр қилы атап келді. Бірде жанрына қарай “лиро-эпос” десе,бірде мазмұнына сай “тұрмыс-салт жырлары” деп атадық. Енді бірде идеясына қарай “ғашықтық жырлары” дейтін болдық. Дұрысында бірін лирик сарынына құрылған лиро-эпостық жырлар,екіншісін ұсақ салт өлеңдері деп білу ләзім. Салт өлеңдері көбіне ескі әдет-ғұрып шеңберінде көрінетін болса, лиро-эпос сол ескі әдет-ғұрып нормаларына қарсы қойылған келесі де күрделі жырлар болып табылады.
Тағы рефераттар