Тілі, ділі, мәдениеті, дүниетанымдық көзқарасы әр түрлі ағылшын және қазақ халықтарының тұрақты сөз тіркестері жан-жақты, құрылымы, ішкі форма, аялық білім, жалғаса туындаған ауыспалы мағына, концепт, лингвомәдени тұрғысынан зерттеу нәтижесінде тіл-тілге тән ортақ заңдылықтар, жалпыхалықтық рухани дүниелер, ұлттарға тән танымдық ерекшеліктер т.б. жөнінде бірқатар жаңа мағлұматтар жайында сөз етіледі.
Кілт сөздер: Қазақ тілі, ағылшын тілі, тұрақты сөз тіркес.
Тіл ғасырлар жемісі, халық мұрасы, ұлттық құбылыс екені баршаға белгілі. Бір тіл бір ұлтты танытады. Яғни, кез-келген халықтық ойлау ерекшелігі оның ұлттық тілінде көрініс табады, халық даналығы, дүниетаным көзқарасы тілінде түйінделеді. Тіл қазынасына жататын көкейге қонымды, бейнелі, алуан түрлі тұрақты тіркестер, олардың тілдік табиғаты, заңдылықтары, құрылымдық ерекшеліктері әлемдік тілдердің көпшілігінде зерттеліп келе жатқаны белгілі. Себебі, олардың шығу төркіні, көнеленуі, мағыналық құрылымы, тұлғасы жағынан және стильдік тұрғыдан өзіндік ерекшеліктері бар. Осы көркем, мазмұны терең, көлемі шағын-қабат тіркес, тізбектердің танымдық мәні ерекше. Уақыт өте келе ықшамдалып, өңделіп, халықтық ортақ мұраға айналған сан-саналы тізбектерді жинақтап, бір ізге түсіру, олардың мазмұн мәжесіндегі кодқа салынған әр түрлі ақпараттарды айқындау тіл мамандарын ерекше қызықтырып отыр.
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі етістікті фразеологизмдердің мағына-мәні осы тілдерде сөйлейтін ұлттың ертеден бергі өмірін жан-жақты айқындайды. Халықтың күнделікті өмір тіршілігі негізінде пайда болып қалыптасқан тұрақты тіркестерді қос тілден жиналған деректерімізден кездестіруге болады. Бұл тұрақты тіркестер тілдік қолданыста әр уақыттың салт-дәстүріне, әдет-ғұрыптарына, мәдениетіне, психологиясына, тарихына байланысты қалыптасып, тілдік қолданыста дамып өрбіген. Сондықтан да олар әр халықтың ерекшелігіне байланысты өсіп-өрбіп, сол халықтың ғасырлар бойы жинаған құндылығының бірі болып табылады. Ағылшын және қазақ тілдеріндегі тұрақты тіркестердің беретін ұғымы әр ұлттың өзіне ғана тән рухани өмірін суреттейді. Яғни, қос тілдегі етістікті фразеологизмдер ұлттық сезім, ұлттық мінез, ұлттық салт-дәстүр негізін айқындайды. Осыған орай ағылшын және қазақ тілдеріндегі тұрақты тіркестердің қалыптасуын айқындауда әр ұлттың дүниетанымын, ой-парасатын және рухани парасатымен байланысты пайда болып қалыптасқан тұрақты тіркестерді саралап, олардың тілдік қатынаста қалыптасуын негіз етіп алдық.
Әлемдегі тіршіліктің бар саласын қамтитын әр ұлттың өзіне ғана тән көркем сөз орамдары – фразеологизмдерді молынан табуға болады. Фразеологизм тілдің айшықты да, мәнерлі, бай саласының бірі. Бұлар өзінің бейнелік, әсерлік, экспрессивті – эмоциялық, суреттеме қасиетімен көзге түседі. Осындай көркем, пәрменді бояуы қанық алуан түрлі фразеологизмдерді халық орынды пайдаланып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Халықтың талай ғасыр сомдап шығарған тұрақты тіркестері – фразеологизмдер тіл қазынасының бір бөлігі екені даусыз.
Фразеология – «phrasis» – орам, сөйлемше «logia» – ұғым, ілім деген грек сөздерінен жасалған термин. Бұл атау негізінен екі түрлі мағынада қолданылады. Біріншіден, тілдегі тиянақты тұрақты сөз тіркестерін қазіргі және тарихи даму тұрғысынан зерттейтін тіл білімнің бір саласы дегенді, екіншіден – белгілі бір тілдегі фразеологимдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді. Сондықтан болар фразеологизмдер көкейге қонымды, ықшам, ұтқыр да ұтымды сөз өнерінің тілдік және поэтикалық бұлақтары санатына жатады. Айшықты сөз өнерінің басым көпшілігі халықтың тұрмыс тіршілігінде, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, діни, наным-сеніміне байланысты туындаған. Олардың құрылымын, тілде қалыптасу кезеңдерін тұрақталу негіздерін зерттеу, сайып келгенде, оқырман қауымды оның тілдік табиғатынан хабардар етіп қоймай, сонымен қатар этнос өмірімен тұтастығымен ерекшеленеді.
Соңғы жылдары халықаралық, тіларалық қатынастың дамуына байланысты құрылымы жағынан да мүлдем алшақ тілдерді салыстыра зерттеу тіл ғылымында дәстүрге айналып келе жатыр. Салыстыра зерттеу барысында екі тілдің өзіндік құрылымдық және жүйелік ерекшеліктері мен ұқсастықтары айқындалады. Сондай-ақ, тіл табиғатында осы уақытқа дейін зерттеушілер назарынан шет қалған кейбір құбылыстардың сыры ашылып, осы кезеңге дейін қалыптасқан тұжырымдар басқа қырынан зерделенуі, тілдің өзіндік сипаты айқындатуда. Әр типтес тілдердегі фразеологизмдерді салыстыра зерттеу де өзіндік тұңғиық сыры бар қиындығы да мол күрделі жұмыс.
Қазақ тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуге деген құлшыныс академик І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілі фразеологиялық сөздігі» атты көлемді еңбегінен етек бастаған. Бұл құнды еңбек тек қана қазақ тілінде ғана емес, бүкіл түркі тануға қосылған елеулі үлес деп қарауға болады. Автор аталған сөздіктің «Қазақ тілінің фразеологизмдері» бөлімінде қазақ тіліндегі фразеологиялық теорияның мәселесін жан-жақты қарастырып, біраз ілгері дамытқан. Қазақ тілінің фразеологизмдерін зерттеушілердің қай-қайсысы да бұл еңбекті қолданатыны айдан анық [1].
Фразеология тану ғылымында фразеологизмдердің басты белгілері, релеванттық қасиеттері ретінде үш ерекшелігі аталады:
а) даяр қалпында жұмсалу белгісі;
ә) мағына тұтастығы;
б) тіркес тиянақтылығы.
Фразеологизмдердің дайын қалпында жұмсалу белгісі – тұрақты тіркестер қарым-қатынас процесінде, сөйлеу кезінде жасалынбайды, даяр қалпында біртұтас (бүтін, бірлік) единица ретінде жұмсалады. Фразеологиялық етістіктің бұл қасиеті оны еркін сөз тіркесімен салыстырғанда анық көрінеді. Мысалы: тамақ ішу, қолды жуу, үй тазалау және to love music, clever man, to build houses деген еркін сөз тіркестері қарым-қатынас процессінде, сөйлесу кезінде бір-бірімен емін-еркін тіркесіп айтылуынан жасалса, ас адамның арқауы, түймедейді түйедей ету, қой аузынан шөп алмас және mare’s nest, small hours, husband’s tea, т.б. тәріздес сөз тіркестер тіркескен күйінде, бүтін күйінде жадымызда айна қатесіз сақталады да, сөйлеу кезінде олардың сыңарлары (сөздер) сөйлеушінің қалауы бойынша тіркеспейді, бүтіннің бөлшектері тәрізді бұрыннан тіркесіп қойған қалпында, өлеңдегі қайырма тәрізді бұлжымай бір тұтас күйінде қолданылады. Мұндай қасиет тұрақты тіркестерге ғана емес, сонымен қатар лексикалық бірлік (единица) сөзге де тән. Мысалы: әдемі, жылдам, үндемеу, talk, laugh, smile деген сөзде және бұларға белгілі дәрежеде синонимдес болып келетін «үріп ауызға салғандай», «көзді ашып жұмғанша», «жұмған аузын ашпау», get a talk with, give a laugh, give a look, force a smile тәрізді фразеологизмдер дайын қалпында жұмсалу қасиетімен сипатталады. Мысалы, қазақ-ағылшын тілдеріндегі тұрақты тіркестерді салыстырсақ:
kill two birds with one stone- екі қоянды бір оқпен өлтіру;
cat and dog life- ит пен мысықтай өмір;
to pick up one’s ear- құлақ түру;
to abound іn courage — жүрек жұтқан болу;
to meet adversіtіes wіth — бәлеге шалдығу, қырсыққа іліну;
to take advantage of somethіng – бірдеңенің пайдасын көру;
justіfy somebody’s confіdence — біреудің сенімін ақтау;
talk nonsense, talk rubbіsh, talk rot – аузына түскенін оқтай;
take revenge, to cook one’s goose – алдына келтіру;
to judge by appearances – сыртына қарап тон пішу;
aggress agaіnst a country — баса көктеп кіру;
to go ape (over, for) — торығу (күйзелу) [2].
Тіркес тиянақтылығы да фразеологизмдердің ең негізгі белгілерінің біріне жатады. Тиянақты сөз тізбегіндегі сөздер әркімнің қалауынша емес, қалыптасқан белгілі бір жүйемен орналасқан. Өзара тығыз жымдасып орналасқан сөздердің жігі ажырамай тұрады. Олар бір-бірімен иін тіресіп, өзге сөзбен алмастыруға я болмаса, тұрақты орын тәртібін өзгертуге келмейді.
Мәселен, мұрнын көкке көтерді дегеннің орнына қолын көкке көтерді десек, мән-мағынасын мүлде өзгертіп жібереді, тұрақты тіркес еркін тіркеске айналып кетеді. Ал көк сөзін оның синонимі аспан деген сөзбен алмастырсақ (мұрнын аспанға көтерді), мағына тұтастағы онша бұзылмағанмен стильдік мәні солғындап, үйлесімі кемиді, құлаққа жағымды тимейді. Көтерген деген етістікті көтермеді, көтеріп тұр, көтермекші деп өзгерте беруге көнбейді. Тек өзінің сіресіп қалыптасқан қалпында қодануды талап етеді [3].
Сондай-ақ red tape, kick the bucket деген тұрақты тіркес құрамындағы red, kick деген сөздердің орнына blue, give немесе tape, the buckеt дегеннің орнына radio,the ball деген сөздер қолданылмайды: егер бұлай етіп өзгертсек, олар тұрақты тіркес болудан қалады, немесе тіптен мағынасыз, түсініксіз, кей жағдайда сөз тіркесі болып мағына тұтастығынан айырылып қалады. Н.М.Шанский сөздің морфемалық құрамының тұрақтылық сипаты қалай болса, фразеологизмнің құрамынан және сыңарынан (компоненттерінің) орын тәртібінің тұрақтылық сипаты да сондай деп есептейді. Кейде тұрақты тіркес құрамындағы бір сөздің әр түрлі тұлғасынан әлденеше фразеологизмдер жасала берілуі де мүмкін [4, 72 б.]. Мысалы: жамбасы жерге тигенше (өле өлгенше), жамбасы жерге тиді (өлді, жер тастады), жамбасы жерге тимеген (ешкімнен жығылып көрмеген күшті). Кей ретте жалғыз дыбыстың бір өзі-ақ тұрақты тіркестің мән-мағынасын бүтіндей өзгертіп жібереді.
Бұл жағынан қарағанда фразеологизмдердің орын тәртібінің тұрақтылығы сөздің морфемалық құрамының тұрақтылық сипатымен бірдей деп есептеуге болады. Жоғарыда аталған үш түрлі белгі (тұрақтылылық, тұтастық, тиянақтылық) арқылы фразеологизмдер тілдің өзге категориясынан оқшауланып, өзіндік бітім бейнесімен өмір сүрді.
Фразеологизімдердің түрлері — фразеологизмге тән үш түрлі ортақ белгі болғанымен, бұлар бір-бірімен әрдайым ашық ажыратыла бермейді. Бұл белгілер, әсіресе мағына тұтастығы, біреуінен ап-айқын көрінсе, екіншісінен көмескі, үшіншісінен өте солғындау болып кездеседі. Сондықтан фразеологизмдерді түр-түрге бөліп топтастыру тіл біліміндегі ең күрделі де қиын мәселелердің бірінен саналады.
Зерттеушілердің бір тобы тұрақты тіркестердің біртұтас мағынасы мен солардың құрамындағы сыңарлардың ара қатынасына қарай жіктеп бөлсе, екіншілері құрылым-құрылысы жағынан, үшіншілері атқаратын қызметі мен стильдік мәні жағынан топтастырады.
Сонымен, қазақ тілі фразеологизмдеріне терең, әрі жан-жақты сипаттама жасаған және болашақ зерттеулерге бағыт-бағдар берген І.Кеңесбаев фразеологизмдердің үш басты белгісіне (тұлға тұрақтылығы, мағына тұтастығы, қолдану тиянақтылығы) сүйене отырып ең негізгі үлкен екі топқа бөледі [5]:
1. фразеологиялық тұтастық;
2. фразеологиялық тіркес.
Бұл еңбектерде фразеологизмдердің негізгі белгілері анықталып, оларды семантикалық және грамматикалық тұрғыдан талдап топтастыру қаралады.
К.Аханов қазақ тілі фразеологизмдерін В.В.Виноградов классификациясына
сүйене отырып, семантикалық тұрғыдан:
1. фразеологиялық тұтастық;
2. фразеологиялық бірлік;
3. фразеологиялық тізбек;
4. фразеологиялық сөйлемше деп топтастырады [6, 60 б.].
К.Аханов: «Фразеологиялық тұтастық деп бөлініп ажыратылмайтын, беретін мағынасы жағынан құрамындағы сынарладың мағынасымен мүлдем байланыспайтын, әбден бітісіп, тұтысып кеткен томаға тұйық тіркестерді айтамыз» – дейді. Мәселен, мұрнынан шаншылып жүр, мұрнына су жетпеді дегеннен қолы тимеді, бұрылуға мұршасы болмады дегенді немесе ағылшын тілінде: to let the cat out of the bag дегеннен сыр шашу, немесе аңдамай сөйлеу дегенді түсінеміз [6, 458 б].
Бұл мағына осындағы үш сөздің тұтас жиынтығынан келіп шығады. Түйдек ішіндегі жекелеген талдау жасап, бірін екіншісінен бөліп алуға көнбейді. Фразеологиялық тұтастық жеке сөздердің тұтас жиынтығынан пайда болғанымен, олар іштей түрлі бөлшектерге бөлінбей, іс-әрекетті, сапа мен белгіні, зат пен құбылысты бір бүтін атау ретінде көрсетіп бере алады.
Фразеологиялық бірліккеК.Аханов мынандай анықтама береді: «Мағынасы жағынан ажыратылмай, тұтасымен бір бүтін мағынаны білдіретін, бірақ сөз тіркестерінің бір бүтін мағынасы лексикалық сыңарлардың мағыналарының бірігіп тұтасуынан тұрақты фразеологиялық сөз тіркестері». Бұлардың лексикалық мағынасы толық сақталған сөздерден бірігіп, тіркестің бүтін мағынасы сөз тізбегінің мағынасымен астарлас, образды, астарлы болады. Мәселен, ескі жараның аузын ашты дегеннен өткенді қайта қозғады, ұмытып кеткенді еске салды дегенді түсінеміз. Ал ағылшын тілінде: to give a person a blacklook – ашулы немесе ала көзбен қарау. Бұл фразеологиялық мағынаның жасалуына, сөз жоқ, ең алғашқы еркін тіркестегі тура мағынасы негіз болған [7].
Кейде фразеологиялық тұтастық пен арасында айырмашылық байқалмай тұратын фразеологизмдер бар. Мұндағы ескертетін нәрсе тұрақты тіркес мағынаның тек көнелуіне байланысты түсіну керек. Мысалы: ит басына іркіт төгілу – «ағыл-тегіл, молшылық». Сырт тұлғасы жағынан фразеологиялық бірлікке ұқсас, мағынасының тым көмескіленуінен фразеологиялық тұтастыққа да ұқсас. Жалпы алғанда фразеологиялық тұтастықтар мен фразеологиялық бірліктер сөздерге жанамалық қатыста жұмсалуына орай, көбіне бір топқа біріге береді. Мәселен, орыс тіл білімінде мұндай құбылысты Н.Шанский идиомалар немесе орамдар деп атайды. Қазақ тілінде де фразеологияның бұл екі тобы бір-біріне өте жуық тұрақты сөз тіркесі деп қарастырады. Фразеологиялық тұтастық пен фразеологиялық бірліктер фразеологиялық тізбектерден семантикалық табиғаты мен құрылымы жағынан өзгелешеленеді [4, 85 б.].
Фразеологиялық тізбектер — мағынасы жағынан құрамындағы сөздердің мағынасымен байланысып, тіркесу тұрғысынан орнығып тұйықталған сөз тіркестері болып табылады. Тілде сөздердің тіркесу қабілеті бірдей десем, қайсы бірі кез келген сөзбен тіркесіп, белгілі бір ұғымды білдіруге бейім болса, енді бірі аз ғана сөздермен одақтасып, сонымен ғана тіркеседі. Тұрақты сөз тіркестерін сөздер тобы ғана жасайды. Кез келген сөз тұрақты сөз тіркестерін жасай алмайды. Мысалы: бота көз, қоян жүрек, тоң мойын, жел аяқ, т.б. Ағылшын тілінде: white crow, a bosom friend, т.б.
Фразеологиялық тізбектің құрамындағы ерікті мағынадағы сөз сан алуан сөздермен тіркесіп жұмсалу қабілеті болса, фразеологиялық туында мағынадағы сөз бірді екілі сөзбен ғана шектеліп қолданылады. Мысалы: көк бет, қысыр көз деген фразеологиялық тізбектің құрамындағы бет (жалпы бет, сопақ бет) сөз (аз сөз, бұрыс сөз, көп сөз) деген қыруар сөздермен тіркесіп қолданыла берсе, фразеологиялық мағынадағы көк сөзі бет сөзімен, сөз қысыр сөзімен ғана тіркеседі.
Фразеологиялық тізбектің сыңарларының бастапқы мағынасы онша ашық та айқын болғанымен, солғын тартып сезіліп тұрады. Мысалы: көз ұшында, көз жеткісіз, көзін тырнап ашқалы, көзі тірісінде, т.б.
Қорыта келе, халықтық сана-сезім, салт-дәстүр, мәдени тұрмыс тарихын бейнелейтін фразеологизмдерді оқып танымайынша, тіл байлығын, тіл ерекшелігін толық түсіну мүмкін емес. Халықаралық және тіларалық қатынастар дамыған осы кезеңде шет тілін ана тілімізбен салыстыра зерттеу тіл білімінің әрбір саласы үшін маңызы айрықша.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Кеңесбаев I. Казақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1977. – 632 б.
- Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. –Алматы: Санат, 1996. – 420 б.
- Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Г. Қазіргі қазақ тілінің лексикалогиясы мен фразеологиясы. –Алматы: Санат, 1997. –187 б.
- Шанский Н.М. Фразеология современного русского языка. 3-е изд. –Москва: Высшая школа, 1985. –462 б.
- Кеңесбаев I. Казақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестері. –Алматы, 1954. –706 б.
- Аханов Қ. Тіл біліміне кіріспе. –Алматы: Мектеп, 1969. –416 б.
- Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. –Алматы: Ғылым, 2002. – 624 б.
Тағы рефераттар
- Неокейнстіктердің экономикалық өсуге болжау жасау
- Әлеуметтік қамтамасыз етуге арналған бюджет шығыстарын қалыптастыру
- Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлiмшесінде куәландырудан (қайта куәландырудан) қалай өтуге болады және қандай кұжаттарды беру қажет?
- Денсаулық — басты байлық (балабақшадағы ойын)
- Кәсіпорынның ақшалай кірістерін талдау