Қазақ жеріндегі меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрлері туралы қазақша реферат
Ұлттың ұлт болып, мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуына жекелеген адамдар тарапынан жасалатын игі істердің де шешуші маңызы бар екенін көп жағдайда ескеруге тура келеді. Олай дейтініміз, тәуелсіздік алған жылдары елімізде тұралап қалған экономикалық жүйені қалыпқа келтіру бағытында Елбасының салиқалы саясатымен көптеген істер жүзеге асырылды. Ең алдымен, халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігінің оңалып кетуіне жіті мән берген саяси жүйе бүгінде өзінің дұрыстығын дәлелдеді. Сол себепті де бұл мәселеде қолға алынып жатқан істердің мән-маңызын талдап-талқылауға, тереңіне ой жіберуге, жаңа уақыт тұрғысынан өткенге зер салуға парасат-пайым қажет.
Қоғам болсын, адамдық ізгі ниеттен туындайтын амал әрекеттер болсын, барлығының өзара байланысқан жүйесі болатыны рас. Мәселен, бір адамға екінші адамның әсері болатыны тәрізді, қоғамдық, саяси мәдени жүйеге де өз ықпалы арқылы жаңа серпін, жаңа леп алып келетін адамдар болады. Ондайларды біз әдетте, бірнеше категорияларға бөліп, мемлекет үшін жасаған істеріне қарай топ-топқа бөліп қарастырып жатамыз. Нақтырақ айтсақ, қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына, өнеріне өлшеусіз үлесін қосып келе жатқан тұлғаларға демеу болып, шығармашылықтарына қаржылай, материалдық қолдау көрсетіп келе жатқан еліміздің Атымтай жомарттары аз емес. Оларды қазіргі заманның тілімен айтқанда «меценаттар» деп атаймыз. Сол меценат мырзалардың арқасында көптеген игі іс-шаралар тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай жалғасын тауып келеді. Олардың өнер мен мәдениетке қосқан үлестері ел есінде. Жалпы алғанда, белгілі бір салаға меценаттық көмек көрсетіп, сол бір саланың жанданып кетуіне мүмкіндік тудыратын адамдардың табиғатын бір сәт зерттеп, ішкі болмыстарына үңіліп көрдік пе өзі? Олар жалпы қандай адамдар? Білетініміз, олар – кәсіпкер, өмірде керемет жетістіктерге жеткен қалталы азаматтар. Алайда қалталы азаматтардың барлығы дерлік шығын шығарып, тәуекелге бел буа бермейтіні тағы бар емес пе? Бұл жерде басы анық бір мәселе, кез келген меценат «еліне, халқына жаны ашып, сол елдің өнері мен мәдениетінің гүлденіп, көркеюіне үлес қоссам» дейтін ниеттен туындайтын ойлардың жетегінде болуы тиіс шығар. Солайы солай ғой, бірақ оның астарында белгілі бір мақсатты көздейтін, бір жағынан, өзінің де атын шығарып, қоғамға белгілі болуды армандайтындар да жоқ емес. Сол себепті меценаттық көзқарастың байыбына барып, оның мәнін тереңінен білу қай-қайсымыз үшін маңызды. Меценат болу – әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін дәулетті, тапқан табысыңның көлемі біреуге қолдау жасайтындай дәрежеде болуы керек.
Тарихтан көптеген Атымтай жомарттардың есімін білеміз. Шежірелік деректерге зер салсақ, олар өздерінің көмегін көбінісе білімге жұмсаған. Оқу орындарын ашып, мектеп-медреселер тұрғызып, халықтың оқу-ағарту ісіне үлкен еңбек сіңірген, яғни олар білімге қолдау көрсету арқылы ұлт болшағының негізін салды. «Бүгінгі меценаттар қайдан шықты» деп ойға берілудің қажеті жоқ. Ел басына күн туған шақтарда, халық аш-жалаңаш күйге түскен кездерде біздің елдегі ауқатты, дәулетті адамдар да аянып қалмаған. Мүмкін болғанынша бір елді, бір рулы аймақты қарамағына алып, малмен, отын-сумен қамтамасыз еткендері де аз болмаған. Қазақ халқына қосарлана айтылатын қасиеттердің бірі, осы – жомарттық. Неге? Себебі қазақтың жомарттығы байы тұрмақ, кедейінде де бар. «Үйдегі жалғыз атын сойып беріп, жүген ұстап қалады ертеңінде» деген сияқты өлең жолдары осы жайды аңғартса керек. Әрине, елдің, ұлттың болашағы дегенде ішкен асын жерге қоятын азаматтарымыз жетерлік. Бар болғанына шүкір дейсің. Асылында, «байлық – мұрат емес, жоқтық ұят емес» дейтін қазақ мақалының астарына үңілсең, байлықты мұрат санамаған, оны тек басқаға көмек қолын созатын мүмкіндік есебінде көретіндер де бар. Олардың «байлықтың жөні осы екен» деп, өз қаражаттарын орынсыз шашып, ысырап қылып жатқанын байқамайсың. Ұлтына пайдасы бар-ау дейтін жерде аянып қалмайды. Міне осындай абзал қасиеттерді көре отырып, қазақ меценаттарының ең бірінші халықтың игілігіне, өнері мен әдебиетіне, мәдениетіне бөліп отырған қаржылары үлкен демеу болары анық. Меценаттардың елімізде көптеп көрінуі – мемлекеттік экономиканың дамып отырғанының бір белгісі. Елдің, халықтың жағдайы жақсара түскен сайын, оның арасынан бақуатты азаматтар да шыға бастады. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген шаралар да кеңінен дамытылып отыр. Сондықтан да Елбасымыз айтқан «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» тұжырымы да осы жағынан келгенде оң өзгерістердің пайда болуына ықпал етіп отыр. Жекелеген меценаттардың жасаған игі шараларынан бөлек, бұл саладағы мемлекеттің жасап отырған жұмыстарын да атап өткеніміз ләзім. Шығармашылық адамдарына тағайындалатын арнаулы стипендиялар да – осы игілікті істің дәлелі. Мемлекетіміз қашанда өнер мен мәдениет өкілдеріне қолдау көрсетіп келеді. Әрине, өнер өнер үшін емес, өнер халық үшін болғандықтан, кез келген шығармашылық сала, ол, ең алдымен, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруға, мәдениет пен руханияттың дамуына қызмет етеді. Қазақ өнері мен мәдениеті меценаттардың қолдауына қашанда зәру. Мәселен, халықтың мүддесін қорғап, солардың үні мен мұң-мұқтажын тиісті органдарға жеткізіп жүрген кейбір қалам иелері, журналистер қауымы үйсіз-күйсіз жалдамалы пәтерлерде күн кешіп жүр. Біздің елдің меценаттары осындай мәселелерге де назар аударса деген де тілек бар.
Ең бастысы, меценаттық жанашырлық, шын мәнінде, жүректен, таза көңілден шықса игі. Сонымен қатар бір күндік көмек көрсетіп, артынан үнсіз кететіндері де табылады. Қалай дегенмен де, меценаттық атақ пен даңққұмарлықтың емес, шынайы жүректен туындаған ықылас болуға тиіс. Қазақтың бағына біткен және де сол шыққан биігінде ел есінде сақталып қалған меценаттар, шын мәнінде, ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде жыл сайын өткізілетін «Дарабоз» сынды балалар әдебиетіне арналған сайысқа демеушілік жасап келе жатқан Бауыржан Оспанов деген қазақтың патриот азаматын ерекше атап өтуге болады. Қойып отырған ақшалай жүлделері де қомақты. Ел меценаттары осындай көңіл бөлінбей, қараусыз қалып жатқан өнер мен әдебиет салаларына дер шағында үн қатып, қолдау көрсетіп отырса дейсің. Соңғы кездері балалар әдебиетіне жазылатын туындылардың саны күрт төмендеп, балаларымыз не оқитынын таппай қалған болатын. Сол олқылықтың орны толып, бүгінде балалар шығармаларының саны артып, талай кітаптар басылып шықты. Міне, азаматтық биіктіктің шыңы деп осындай жайларды айтуға болады.
Меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрлері қазақ жерінде ежелден бері тараған. Біреулер үшін ол сәнге айналса, енді біреулер үшін өмірдің қалыпты жағдайы ретінде көрінді. Есенқұл Маманов сонау 1914 жылы «Айқап» журналында «Романға бәйге тігемін» деп ашық хат жариялауынан қазақтың әдебиет өнеріне деген қамқорлығын аңғаруға болады. Жәңгір ханның халықты ағарту ісіне қосқан үлесі, Құнанбай қажының 1824 жылы салдырған мешіті, хазірет Нұрфайыз Байғарин, Тәбей Барлыбаев, Нұрмұхамет Зәбіров және тағы басқалары мешіт-медреселер салдырып, жас қауымның білім алуына зор ықпал жасаған. Қазіргі заман меценаттарының ішінде де мақтанышпен айта алатын есімдер баршылық. Кешегі уақыттары «Атамұра» корпорациясын басқарған, бүгінде Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қазақ өнері мен мәдениетіне көрсеткен қамқорлығы, айтыс өнерін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі ерекше. Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов, Нұртай Сабильянов сынды азаматтарды қазақ меценаттығының жарқын үлгісі деп айтуымызға болады. Әсіресе өнер мен мәдениетке аса қолдау қажет болған өтпелі кезеңдерде жасаған жомарттықтары халық есінде сақталғаны сөзсіз. Әрине, меценаттар бүгінде де бар. Олардың қатары жыл сайын көбейіп жаңа есімдермен толыға түсуде. Ең бастысы, меценаттық шаралар дәулетті адамның өзін-өзі танытуы үшін емес, шын көңілден болып жатса, нұр үстіне нұр. Ал олардың есімдерін атап, құрмет-қошемет көрсету, алғысқа бөлеу еткен еңбектеріне қарай жасала берері белгілі. Біздің елде жеке адамдардың қайырымдылық ісімен айналысатындары да көп. Бір қызығы, олар өз аттарын атамай, жасырын қалуды жөн санайды екен. Қандай жолмен болса да, мұқтаж жандарға көмек беріп, қиындықтан құтылуға жәрдемдесіп жатса, бұл да болса сауапты істердің бірі емес пе?
Тағы рефераттар
- Африканың тектоникасы
- Салықтық тексерістің ұйымдастырылуының кезеңділігі курстық жұмыс
- «ФудМастер» ЖШС-тің өндірістік-шаруашылық қызметін талдау
- Na+ ионын анықтау
- Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілетті 50 ел қатарына ену қажеттілігі