Қазақ жүздерінің қалыптасуы туралы қазақша реферат

«Монғолия қазақтарының ата-тек шежіресі» атты Рахметұлы Шынайдың  еңбегінде: «Туыстас немесе көршілес бірнеше отбасы бір қоныста отырса – ауыл, ауылдас, көрші. Іргесі алшақтау болса- жерлес. Қандас- жеті атадан құралғандар (бір атаның кіндігінен тараған), бір ата 13 атадан асса — ру. Бірнеше ру қандастықпен, я бір мүддемен біріксе- тайпа. Бірнеше тайпа қоғамдасып, жүз болып қауымдасады. Тайпадан ірілесе халық немесе ел, оның мемлекет ішінде өзге ұлт, ұлыстармен саяси теңдігі болса ұлыс, дербес шекара, саяси-экономикалық тәуелсіздікке қолы жетсе мемлекет, тілі мен дәстүрі, мәдениеті, өзіндік мекен- жері, әлеуметтік рух, жігері, этникалық ерекшелігі ортақтасып, дараланса ұлт болады» – деп өте орынды көрсеткен.

Қазақ жүздері – ХХ – ХVІ ғасырлар аралығында Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан тайпалар одағы. Жүздердің шығуы мен «Жүз» атауының тарихи мәні туралы ғылыми тұрғыда дәлелденген ортақ пікір әлі жоқ. Кейбір зерттеушілер бұл атауды әлде бір бүтін нәрсенің, құбылыстың «бөлшегі», «саласы», «бір жағы» деп қарастырса, енді біреулер оны «жүз», «жүздік» сандарымен байланыстырады. Қайткен күнде де қазақ жүздерін «өзінің саяси, экономикалық, тілдік және мәдени тұтастығымен сипатталатын дербес халықтың жеке бөлшектері» ретінде қарастырған жөн болар.

Қазақ жүздерінің қашан, қандай жағдайларға байланысты шығуы туралы да дәлелденген ортақ пікір жоқ. Н. И. Гродеков, Г. Н. Потанин және Н. А. Аристов сияқты зерттеушілер қазақ жүздерінің шығуы туралы кейбір халық арасына кеңінен тараған аңыз — әңгімелерді келтірумен ғана шектелген.

Айталық, Н. Гродеков Алаштың – Байшора, Жаншора және Қарашора атты үш ұлы болған да, олар осы ретімен Ұлы, Орта және Кіші жүздердің арғы тектері болғандығы туралы аңызды келтіреді; М. Шорманов шежіресінің негізінде Г.Н. Потанин, қазақ халқының арғы тегі Қотанның – Юсун, Ақжол және Алшын атты үш ұлы болған да, олар осы ретімен қазақтың үш жүзінің негізін салғандығы туралы екінші аңызды келтіреді; Диқанбай батыр шежіресінің негізінде Н. Аристов қазақ халқының арғы тегі Әбілқайырдың – Байшора, Жаншора және Қарашора атты үш ұлы, осы ретімен қазақтың үш жүзінің негізін салғандығы туралы үшінші аңызды келтіреді; біздің ел арасынан жинаған деректеріміз үш түрлі аңызға негізделген болжамдар туғызып отыр. Бірінші болжам бойынша – Қазақтың (Алаштың) Ақарыс, Жанарыс және Бекарыс атты үш ұлы болған; екінші болжам бойынша – Қазақтан (Алаштан) Ақшора, Жаншора және Бекшора туады, үшінші болжам бойынша – Қарамендеден – Байшора, Жаншора және Қарашора туады да, олардан сол ретімен қазақтың үш жүзі бастау алады.

Әрине, мұның бәрі тек аңыз ғана, өйткені әр түрлі атпен қазақтың әр жүзіне жеке – дара оның түп атасын, яғни тегін табу ешбір шындыққа үйлеспейтіндігі ғылым тарапынан әлдеқашан дәлелденген жайт.

Шығыстанушы ғалым В.В. Вельяминов–Зернов қазақ жүздерінің Хақназар ханның тұсында (XVI ғ.) қалыптасқандығы туралы халық аңыздары негізінде жүздердің XVII-XVII ғасырда Қазақстанның пайда болғандығын баяндайды. Ресей бас штабының офицері М. Красовский қазақ жүздерінің қалыптасуын Қасым, Хақназар және Шығай сияқты қазақ хандарының заманындағы (XVI ғ.) олардың бір–бірінен алшақ орналасқан қоныстары қазақ жүздерінің шығуына негіз болғандығын дәлелдейді.

Х. М. Әділгереев пен С. А. Аманжолов сияқты қазақ ғалымдары қазақ жүздерінің қалыптасуын монғол шабуылына дейінгі заманға, яғни б. з. VII–XI ғасырлардағы Батыс түрік қағанаты дәуіріне апарып тірейді.

Қазақ жүздерінің қалыптасу себептері жайында тарихи шындыққа недәуір жақын клетін ой пікірді академик В.В. Бартольд айта келіп, табиғи және климаттық жағдайына қарай бір – бірінен ерекшеленген үш аймаққа (Жетісу, Сырдарияның төменгі ағысы мен Орталық Қазақстан және Батыс Қазақстан), қазақ жүздері мен қазақ хандығының қалыптасқандығын баян еткен.

Академик В. В. Бартольдтың бұл пікірін қолдай отырып, профессор М. П. Вяткин географиялық орта әсеріне қоса, ол аймақтардың экономикалық және саяси жағынан ерекшелене түсуі сол өңірлерде үш бірдей қазақ жүздерінің қалыптасуына негіз болғандығын дәлелдей түскен.

Бес томдық Қазақ ССР тарихының авторлары да көптеген этносаяси және кәсіби факторлардың әсерімен XV – XVI ғасырларда Қазақстан жерінде үш этноаумақтық бірлестік – Ұлы, Орта және Кіші жүздер қалыптасқандығын атап көрсеткен. XV ғасырдың 60 – жылдарында Жетісудың батысында қазақ хандығы құрылды. Ол бұдан кейінгі жылдарда өз аумағын үздіксіз кеңейте берудің нәтижесінде Батыс, Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік – шығыс Қазақстанның кең – байтақ атырабында мекендейтін көптеген түркі, түркіленген монғол және т.б. тайпалар мен руларды бағындырып, оларға өз үкімін жүргізді. Нәтижесінде осы кең өлкеде қазақ халқы қалыптасты. Оның құрамына негізінен Қазақстан жеріндегі алғашқы феодалдық мемлекеттер қоластында болған жергілікті тайпалар енді. XV – XVI ғасырларда оның құрамына Көк және Ақ ордалар ыдырауынан кейін қалыптасқан Өзбек хандығы, Ноғай ордасы, Моғолстан және т. б. мемлекеттер енді.

Хандықтың және біртұтас халықтың қалыптасуы көшпелі қоғамда ру – тайпалық жікшілдікті, феодалдық бытыраңқылықты жоя алмады. Қазақ халқының қалыптасуымен бірге, үш жүзге бөліну шырғалаңы басталды. Бұл, әрине, жүздеген жылдарға созылған бұралаңы мол, өте ауыр да ұзақ даму кезеңі болды.

Сөйтіп, Қазақстан жерінде жүздердің құрылуы ондағы бір – бірінен оқшауланған үш табиғи географиялық және шаруашылық аймақта (Жетісу, Орталық және Батыс Қазақстан) саяси тұтастықтың әлсіздігіне байланысты еді. Жетісудағы Моғолстан мемлекетінің атырабында ұлы Жүз бірлестігі; Орталық, Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанда Орта жүз бірлестігі; Батыс Қазақстандағы Ноғай ордасы атырабында Кіші жүз бірлестігі қалыптасты. Бұл бірлестіктердің арасында қарым – қатынас бір сәт үзілген емес, бірақ геополитикалық талқыға түскен елде саяси бірлік әлсірей берді, әр жүзде феодалдық ыдырау күшейе түсті. Жеке хандықтар, сұлтандар иеліктері XVIII ғасырдың алғашқы ширегіндегі Жоңғар шабуылына төтеп бере алмай, олар тез арада Ташкент, Түркістан қалаларына дейін басып алды. Мұның өзі қазақ жүздерінің саяси әлсіздігін көрсетті.

Қазақ халқының құрамына енген көне тайпалардың тарихы тек қазақтың ғана емес, сонымен бірге басқа да көптеген Орта Азия және Еділ бойы халықтарының шығү тегін зерттеуде де маңызды.

ә) Ұлы жүз ұғымы.

Жетісу өңірінде ежелгі үйсіндердің маңайына басқа тайпалардың топтасуы қазақ халқының қалыптасуынан көп бұрын болған. Мұндай бірігудің кәсіби себептерімен бірге сыртқы жаудан қорғану мақсаты да болғанға ұқсайды. Сөйтіп, күндердің күнінде Моғолстан құрамындағы бір топ тайпаларының тіл табысып шығысуының нәтижесінде олардың арасында пайда болған бірлік, ортақ мәдени дәстүр Ұлы жүз құрамына енген тайпаларды халық «Ұлы жүз — үйсін» атандырған. Бұны кейбір архив, әдеби және ел арасынан өзіміз жинаған деректер де дәлелдей түседі. Ұлы жүз құрамына – жалайыр, албан, суан, дулат, сарыүйсін, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, шанышқылы және қаңлы тайпалары енеді.

Үш жүздің басын қосып, бүкіл қазақ еліне хандық құрған Тәуке ханның заманында (1680 – 1718) Ұлы жүздің тікелей билеушісі Төле би болды. Тәуке хан, одан соң Болат хан өлгеннен кейін, әр жүзде хандықтар пайда болған кезде Ұлы жүзге Жолбарыс хан сайланды да, ол Ресеймен жақындасу амалын іздестірді. Бірақ, Жолбарыс хан 1739 жылы бәсекелестер қолынан қаза тауып, елді оның мұрагерлері басқарған. XVIII ғасырдың 40 – жылдарында Ұлы жүз тайпаларының кейбір бөлігі Ресейге бодан болды. Бірақ бұл өңірдің Ресейден тым шеткері орналасуының нәтижесінде патша өкіметінің әмірі Ұлы жүз еліне шын мәнінде XIX ғасырдың ортасына дейін жүре қоймады.

Ұлы жүз жұртшылығы сан рет шетел басқыншыларының шабуылына душар болды. XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында Жоңғар шабуылының зардабын шекті. XIX ғасырдың басында Ұлы жүз мекенінің едәуір бөлігі Қоқан хандығының өктемдігін мойындауға мәжбүр болса, осы ғасырдың ортасында Ресей патшалығына бодандыққа еріксіз мойынсұнды.

1848 жылы патша үкіметі Ұлы жүз қазақтарын басқару үшін Батыс – Сібір генерал – губернаторының құрамында Үлкен орда приставствосын (басқармасын) құрды. XIX ғасырдың 70 – жылдарында Түркістан генерал – губернаторының құрылуына байланысты, оның құрамында Жетісу және Сырдария облыстары құрылды да, олар уездерге, облыстарға және ауылдарға бөлінді. Ұлы жүз қазақтарын патшалы Ресей тарапынан осылайша басқару жүйесі Қазан төңкерісінің жеңісіне дейін созылды.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Ұлы жүз қазақтары негізінен Жетісу облысының Қапал, Жаркент және Верный уездерінде, Сырдария облысының Әулиеата, Шымкент және Ташкент уездерінде мекендеген.

 б) Орта жүздің этникалық құрамы.

Қазақ хандығы мен жүздерінің қалыптасуынан көп бұрын, сонау Алтайдан Дунайға дейінгі атырапта Қыпшақ тайпалық одағы өмір сүрді. Олар көптеген қазақ тайпаларының этникалық құрамына енді. Уақыт өте келе Шығыс және Орталық Қазақстан жерінде Орта жүз бірлестігі қалыптасты. Олардың тікелей түп төркіні Көк орда мен көшпелі өзбек мемлекетінің құрамындағы тайпалар еді. Соның ішінде әсіресе, Орта жүз бірлестігін қалыптастырудағы Арғын тайпасының ықпалы мен орны өзгеше болатын. Сондықтан да халық Орта жүз қазақтарын «Орта жүз — арғын» атандырған. Оның құрамына – арғын, найман, уақ, қыпшақ және қоңырат тайпалары енеді.

Орта жүз қазақтарының қысқы тұрағы – Сырдарияның орта ағысында, Қызылқұм, Мойынқұм өңірлерінде, Қаратаудың терістік беткейінде, Балқаш көлінің солтүстігінде болатын да, жазда Тобыл, Ертіс, Сарысу өзендерінің бойлары мен Сарыарқа өңірін жайлайтын. Орта жүз бірлестігі пайда болғаннан бастап, оның мекен – жайының аумағы біртіндеп кеңейе түсті. XVII ғасырда Орта жүз жұртшылығы Орталық, Солтүстік, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның кең атырабын мекендеген еді. XVI – XVII ғасырларда Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім және Тәуке хандардың қоластындағы кең өңірде негізінен Орта жүз қазақтары мекендеді. XVIII ғасырдың басында Орта жүз жерінде Сәмеке және Күшік хандаодың дербес хандықтары; Барақ және Әбілмәмбет төрелердің дербес иеліктері жеке – дара өмір сүрді. Мұндай феодалдық бытыраңқылық қазақ жерінің айтарлықтай бөлімін XVIII ғасырдың басында Жоңғар мемлекетінің жаулап алуына мүмкіндік туғызды. Айталық, наймандар мен керейлерді Алтайдан, Ертіс бойы мен Тарбағатай өңірінен; арғындарды Орталық және Оңтүстік Қазақстанның шығысынан Орталық Қазақстанның Солтүстік — батысы мен Оңтүстік өңіріне ығысуға мәжбүр етті. Бірақ Орта жүз жұртшылығы Жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресті бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Оның басында Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Қаракерей Қабанбай батыр, Шақшақ ұлы Жәнібек батыр, Қаз дауысты Қазыбек би, Сүйіндік, Бұқар жырау, Олжабай батырлар тұрды. Ұлы жүз тайпаларының мекен – жайы түгелдей Жоңғарлар билеуіне көшті де, Төле би Ташкентте отырып, Жоңғар хандығына бағынышты жағдайда салық төлеп тұруға мәжбүр болды. Ал, Кіші жүз елі – солтүстіктен казактар, башқұрттар, батыстан Еділ бойы қалмақтарының толассыз шабуылының нәтижесінде Әбілқайыр ханның басшылығымен Ресейге арқа сүйеуге мәжбүр болды. Сөйтіп, олардың Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстанда жоңғарға қарсы жүргізілген шайқастардан тыс қалғандары да шындық. Тіпті, Жоңғар мемлекетінің күйреуі кезінде Шығыс Түркістан шегінен өтіп жауға ойран салған да Бөгенбай, Қабанбай батырлардың айбынды қолдары болатын.

XVIII ғасырдың екінші жартысында, Жоңғар хандығының күйреуінен кейін Орта жүз тайпалары өздерінің атамекеніне оралды. XVIII ғасырдың соңына қарай олар Ырғыз, Торғай өзендеріне, Ресей шекарасынан Сырдарияның ортаңғы ағысына дейінгі аралықты алып жатты.

XVIII ғасырдың 40 – жылдарында Орта жүз Ресей патшалығына бодандыққа түсуге мәжбүр болады. Жоңғар хандығы мүлде күйреген соң, Абылай сұлтан Орта жүз қазақтарын жеке хандыққа біріктіріп1771 жылы үш жүзге хан сайланды. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында Орта жүз жұртшылығы біршама өсіп, олардың мекен – жайы да кеңейе түсті. Нәтижесінде 1815 жылы Орта жүзде екінші хандық қалыптасып, Бөкей хан сайланды. 1817 жылы Бөкей хан, 1819 жылы Уәли хан өлгеннен кейін патша үкіметі Орта жүздегі хандықтарды жойып, олардың орнына 1824 –1859 жылдар аралығында Қарқаралы, Көкшетау, Аякөз, Ақмола, Аманқарағай, Баянауыл, Үшбұлақ, Көкпекті, Құсмұрын және Атбасар сияқты он сыртқы дуандарды құрып, оларды дуанбасы – төрелер басқаратын етті. Дуан 15 – 20 болыстан, әр болыс 10 –12 ауылдан тұратын. Мұндай әкімшілік жүйесі XIX хасырдың 60 – жылдарына дейін өмір сүрді.

Патшалы Ресей тарапынан қазақ хандығын жою халықтың мемлекеттігін, өз алдына елдігін жою әрекеттері отарлау саясатының негізгі мақсаты болғандағы даусыз. Сондықтан қазақ мемлекеттігі үшін күрес толастамады. Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлы 1837 – 1847 жылдар арасында азаттық үшін күрес жүргізді. Кенесары қазақ халқының соңғы ханы болды. Оны халық ақ киізге отырғызып хан көтерді. 1847 жылы патша генералдары астыртын айдап салған Алатау қырғыздарының қолынан қаза тапты. Осы тұста азаттық қозғалыс туыс халықтың қан төгісіне ұласқанын да айту керек.

1868 жылы саяси реформа бойынша Қазақстан жері облыстарға, уездерге, болыстарға және ауылдарға бөлінді. Қазан революциясына дейін Орта жүз жұртшылығы негізінен Торғай, Ақмола, Семей және жартылай Жетісу, Сырдария облыстарында мекендеген.

в) Кіші жүздің ру – тайпалары туралы.

 

Қазақ халқы қалыптасқаннан көп бұрын Батыс Қазақстан өңірінде Маңғыт немесе Ноғайлы тайпалар одағы қалыптасқан–ды. Бұл одақтың құрылуына ішкі себептермен қоса, сыртқы дұшпаннан қорғану мақсаты да әсер еткен болар. XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басында, мүмкін сәл кейінректе шығар, Ноғай Ордасынан бөлінген қазақ тайпаларының, яғни Алшын одағының негізінде Кіші жүз бірлестігі қалыптасты. Сондықтан да Кіші жүз қазақтарын ел арасында «Кіші жүз — Алшын» атандырған. Оның құрамына – 12 ата Байұлы (адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, масқар, таз, есентемір, ысық, қызылқұрт, шеркеш); Жетіру (табын, тама, кердері, керейт, жағалбайлы, телеу, рамадан); 6 ата Әлімұлы (қаракесек, қарасақал, төртқара, кете, шөмекей, шекті) енеді.

Байұлы рулары XVIII ғасырда негізінен Кіші жүз жерінің оңтүстік – батысын, яғни Жайық өзенінің төменгі ағысы мен Жем бойын, Сам құмы мен Маңғыстау түбегінде мекендейтін; Жетірудың көпшілігі Қазақстанның солтүстік – батысын, яғни Жайық өзенінің орта ағысын, Қобда, Елек және Ор өзендерінің бойын және Мұхалжар тауларының қойнауларын мекендейтін; Әлімұлы ұрпағы Батыс Қазақстанның кең – байтақ шығыс өңірін, яғни Ырғыз, Торғай өзендерінің бойында, Шалқар көлінің төңірегінде, Кіші және Үлкен Борсық құмдары мен Қарқұм атырабында және Сырдарияның төменгі ағысында мекендейтін.

Әрине, жоғарыда көрсетілген Кіші жүз қазақтарының мекен – жайлары еш өзгеріссіз қала берген жоқ. Кейбір рулар немесе оның шағын бөлімдері әрқилы себептермен қоныс аударып та тұрған. Мұндай жағдай, әсіресе XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар шабуылына байланысты болса, сол ғасырдың екінші жартысында Сырым батыр көтерілісіне байланысты болды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Батыс Қазақстанның барлық өңірінде Кіші жүзге кіретін үш үлкен тайпалық топтардың өкілдерін де кездестіруге болатын еді. Дегенмен, олардың негізгі топтары өздерінің ата мекенінде қалды.

XVI – XVII ғасырларда Кіші жүз құрамына енген негізгі ру – тайпалық топтар Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім және Тәуке хандардың иеліктерінде болды. Тәуке хан Төле, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке билер арқылы қазақтың үш жүзіне бірдей хандық билігін жүргізді.

Тәуке хан өлгеннен кейін Кіші жүзге Әбілқайыр хан сайланды да, ол – біріншіден, жоңғарларға қарсы Ресей сияқты іргелі елге арқа сүйеу мақсатын көздесе, екіншіден, Ресей патшалығының қолдауымен қазақтың үш жүзіне бірдей өзінің хандық билігін орнатуды да ойлады. Қайткен күнде де, оның Ресеймен жақындасу саясатын жүргізгендігінде күмән жоқ. Ақырында, 1731 жылы ол Кіші жүз қазақтарын Ресейге бодан етіп тынды. Әбілқайырдың ресейшілдік саясатына қарсы топтар да аз болған жоқ. Нәтижесінде, ол 1748 жылы Барақ сұлтанның қолынан қаза тапқаннан соң Кіші жүз хандығына, оның мұрагерлері – Нұралы, Ералы, Есім, Айшуақ және Шерғазы хандар хандық салтанатын құрды. 1824 жылы патша өкіметі Кіші жүзде хандық басқаруды жойып, оның орнына басқарушы сұлтандар басшылығымен Кіші жүз жерін – Батыс, Орта және Шығыс әкімшілік жерлеріне бөлді. Бірақ, көп ұзамай басқару жүйесі тағы да өзгеріп, «дистанциялық басқару жүйесі» енгізілді. Небәрі Кіші жүз жерінде 56 дистанция құрылып, олар ауылдарға бөлінді. Тек, Арал өңірінде, Қарақұм мен Маңғыстау түбегінде және Сырдария бойында мекендейтін елдерде бұрынғыдай рулық басқару жүйесі қалдырылды.

XIX ғасырдың басында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында Бөкей хандығы құрылды. 1845 жылы Жәңгір хан өлген соң патша өкіметі Бөкей ордасындағы хан билігін де жойды. 1867 – 1868 жылдары саяси реформа бойынша Кіші жүз жері облыстарға, уездерге бөлінді де, Кіші жүз жұртшылығы Орал облысының – Орал, Ілбішін, Темір уездерінде; Торғай облысының – Ырғыз, Торғай және Ақтөбе уездерінде; Сырдария облысының – Перовск, Қазалы уездерінде; Закаспий облысының – Маңғыстау уездерінде және Бөкей ордасында қалды. Реформа патша өкіметінің отарлау саясатының мүддесіне сай жасалғандықтан, ол бүкіл Кіші жүз жұртшылығының наразылығын туғызды. Төрелер мен билер олардың қоғамдағы құқының біраз шектелуіне наразы болса, жалпы бұқара халық отаршылық езгінің одан әрі күшейе түсуіне наразы болды. Сондықтан да Кіші жүз жұртшылығы сан рет халық батырлары – Сырым Датұлының, Исатай Тайманұлының, Есет Көтібарұлының, Жанқожа Нұрмағанбетұлының басшылығымен патша үкіметіне және жергілікті билеушілер өктемдігіне қарсы күреске көтерілді.

Үш жүзге бөлінген бүкіл қазақ халқы ертеден бастап, XX ғасырдың басына дейін негізінен көшпенділікке, не жартылай отырықшылыққа негізделген мал және жер шаруашылығымен айналысумен бірге әр түрлі қолөнер, т. б. үй кәсіптерімен де шұғылданды. Көптеген көрші халықтармен экономикалық, сауда – саттық қатынастар да болды. Бүкіл үш жүз жұртшылығы біртұтас қазақ тілінде сөйледі. Олардың заттай және рухани мәдениетінде де кейбір жергілікті ерекшеліктер болмаса, айтарлықтай өзгешеліктер болған жоқ.
Тағы рефераттар