Қазақстан Республикасындағы сақтандырудың мәні мен түрлері туралы қазақша реферат
Сақтандыру – қоғамның экономикалық қатынастарының айрықша сферасын бейнелейтін көне категорияларының бірі. Сақтандыру сферасы адам өмірінің, өндірістік және әлеуметтік-экономикалық қызметтің барлық жағын қамтиды. Сақтандыруға түрткі болатын басты себеп – бұл өндіріс пен адам өмірінің қауіп-қатерлі сипаты. Сондықтан өндіріс процестерін жалғастыру, азаматтардың жекелеген санаттарының өмір тіршілігі мен әл-ауқатын қолдап отыру мақсатында оларды сатып алу үшін қоғамның, жеке өндірушілердің, олардың топтарының (салалық және аумақтық аспектілерде) натуралдық-заттай босалқы қорларын да немесе резервтерін де, сондай-ақ ақша ресурстарын да кіріктіретін қажетті қаражаттары болуы тиіс. Мұндай ақша қаражаттары әдетте резерв және сақтық қорлары түрінде қалыптасады.
Сақтандырудың мақсаты қоғамдық ұдайы өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтарды, мүліктерді, өндіріс процестерін қоғамдық және ұжымдық қорғау болып табылады.
Сақтандыру категориясы үшін мына белгілер оған төн болып келеді:
1) қатынастардың ықтималдық сипаты;
2) қатынастардың төтенше (жай емес) сипаты (кез келген ауқымда – мемлекеттік, аймақтық деңгейде, кәсіпорын немесе оның бөлімшесі, жеке адам деңгейінде).
Сақтандыру категориясының қаржы категориясымен ортақ өзгеше белгілері бар:
— сақтық қатынастарының ақшалай сипаты;
— сақтандырудың қоғамдық өнімнің құнын қайта бөлуге қатысуы;
— оның іс-қимылы ақша қорларын жасап, пайдаланумен қосарланып отырады;
— сақтық қатынастарының бір бөлігінің міндетті сипатының болуы;
— ақша қорларын жасап, пайдалану кезіндегі сақтық баламалығы барлық жағдайда бола бермейді (қатынастардың баламасыздығы).
Сақтандыру шеңберінде мемлекет сақтық ресурстары меншігінің субъектісі болып келетіндіктен сақтандыру жалпы мемлекет қаржысының құрамды бөлігі болып табылады, қалған барлық жағдайда сақтық ісін (қызметті, бизнесті) экономикалық жүйе шеңберіңдегі айрықша сақтанушыға немесе оның қайта бөлу процестерін жүзеге асыратын арнаулы қаржы-кредит институты ретінде қарауға болады.
Сақтандырудың экономикалық мәні барлық қатысушылардың төлемдері есебінен оқыс оқиғаға ұшырағанға көмек көрсетілетіндігінде. Демек, сақтандыру – қолайсыз құбылыстар мен күтпеген оқиғалар болған кезде жеке және заңи тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғау және оларға материалдық зиянды төлеу үшін мақсатты ақша қорларын құру және пайдалану жөніндегі қайта бөлгіштік қатынастардың айрықша сферасы.
Сақтандырудың экономикалық мәніне бұл категорияның қоғамдық арналымының көрінісі ретінде оның бөлу, өтемдік, жинақтық және бақылау функциялары сай келеді.
Бөлу функциясы: бұл функцияның өзгешелігі қайта бөлу ретінде көрінуі. Ол алдын алу функциясына, мысалы, алдын алу шараларын қаржыландыру жолымен сақтық жағдайының бөлу мүмкіндігін жоюға бүгіледі. Жеке басты сақтандыруда бөлу функциясы сақтандырудың тиісті түрлерінің жинақтық функциясына бүгіледі.
Бақылау функциясы сақтық төлемдерін жұмылдыруды және сақтық қорын қатаң мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге байланысты болатын тараптардың нақты қатынастарында көрінеді.
Соңғы уақытта бірқатар зерттеушілер сақтандыру экономикалық категориясын сипаттау үшін тәуекелдік функциясын қарауды ұсынады, өйткені сақтық тәуекелі сақтандырудың негізгі арналымымен — қолайсыз оқиғалардан болған зиянның орнын толтырумен байланысты.
Сонымен, сақтандыруды жүргізуге байланысты өте күрделі, сақтандыруға қатысушылардың әр түрлі сақтандыру мүдделерін көрсететін, әралуан сақтандыруға жататын объектілері мен өте кең шеңбердегі сақтандыру оқиғаларын қамтитын арнайы қатынастар туындайды.
Осы сақтандыру қызметі біртектес тәуекелдер қағидаттарына негізделетін әртүрлі салаларға бөлінеді. Осы сақтандыру салалары өздеріне орай былайынша топтастырылады: сақтандыру объектілері бойынша; сақтандыру өтемдерінің түрлеріне байланысты; баланстың құрылымына байланысты болады.
Сақтандыру объектісіне жеке басты сақтандыру, мүлікті сақтандыру және жауапкершілікті сақтандыру жатады. Ал сақтандыру өтемдерінің түрлеріне байланысты мынадай құрылымды көрсетуге болады: зиян-залалды сақтандыру немесе зиянды қалпына келтіру (өтеу) өзінше үшке бөлінеді: жеке басқа байланысты залалдарды сақтандыру; келісім бойынша төленетін соманы сақтандыру; өмірді сақтандыру; қатерлі жағдайлардан сақтандыру; медициналық сақтандыру. Міне, осындай негіздерге орай залалды және соманы сақтандыру ісі орындалады.
Сақтандыру ұйымының сақтандыру қызметі «өмірді сақтандыру» саласы және «жалпы сақтандыру» саласы бойынша жүзеге асырылады.
«Өмірді сақтандыру» саласы ерікті сақтандыру нысанында мынадай сыныптарды қамтиды:
1) өмірді сақтандыру;
2) аннуитеттік сақтандыру.
«Жалпы сақтандыру» саласы ерікті сақтандыру нысанында мынадай сыныптарды қамтиды:
1) жазатайым жағдайдан және аурудан сақтандыру;
2) медициналық сақтандыру;
3) автомобиль көлігін сақтандыру;
4) темір жол көлігін сақтандыру;
5) әуе көлігін сақтандыру;
6) су көлігін сақтандыру;
7) жүктерді сақтандыру;
8) осы тармақтың 3)-7) тармақшаларында аталған сыныптарды қоспағанда, мүлікті сақтандыру;
9) кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру;
10) автомобиль көлігі иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
11) темір жол көлігі иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтаңдыру;
12) әуе көлігі иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
13) су көлігі иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
14) тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
15) шарт бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
16) осы тармақтың 10)-14) тармақшаларында аталған сыныптарды қоспағанда, зиян келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру.
Жалпы сақтандыру және өмірді сақтандыру бірнеше тәуекелдіктен тұрады.
Жалпы сақтандыруға және өмірді сақтандыруға тән экономикалық қатынастар қоғамдық өндіріс процесіндегі зиянның орнын; егер бұл процесс дүлей апат пен басқа төтенше немесе күтпеген оқиғалардың нәтижесінде бұзылса, толтырумен байланысты. Зиянның орны ынтымақтастық негізде сақтық қатынастарға қатысушылардың төлейтін сақтық жарналары есебінен толтырылады, бұл жарналардың жиынтығы, жоғарыда айтылғандай, сақтық қорларды құрайды.
Мүліктік және кәсіпкерлік тәуекелдер (қауіп-қатерлер) азаматтық-құқықтық жауаптылықты қоса алғанда, оларға байланысты мүдделерді сақтандыру жалпы (мүліктік) сақтандыруға жатады. Мұндай сақтандыру кезінде мүліктің жоғалу (жойылу) қаупі (тәуекелі), жетіспеуі немесе бүлінуі және езге де мүліктік игіліктер мен құқықтар сақтандырылады.
Сақтанушының немесе пайдаланушының мүліктерді сақтандыруға мүддесі болмаған жағдайда жасалған мүліктік сақтандыру шарты жарамсыз болады.
Өмірді сақтандыру – азаматтардың өмірін, денсаулығын, еңбек қабілеттігін және жеке басына байланысты өзге де мүдделерін залалдан қорғаудың нысаны, ол жеке басты сақтандыруға жатады. Жеке басты сақтандыру шарты бойынша сақтанушының өзі, сондай-ақ шартта аталған басқа (сақтандырылған) адам (тұлға) сақтандырылған болуы мүмкін. Өмірді, денсаулықты, еңбек қабілеттілігін және азаматтардың материалдық тұрмыс халін сақтандыру арқылы қорғау сонымен қатар олардың экономикалық мүдделерімен тығыз байланысты және мүліктік, жеке басты және әлеуметтік сақтандыру қызметтерінің көмегімен жүзеге асады.
Аннуитеттік сақтандыру сақтандырылушы белгілі бір жасқа жеткен, еңбек ету қабілетін (жасына, мүгедектігіне байланысты, науқастығына байланысты) жоғалтқан, асыраушысы қайтыс болған, жұмыссыз қалған жағдайларда немесе сақтандырылушының жеке табыстарының кемуіне немесе одан айырылуына әкеліп соққан өзге де жағдайларда зейнетақы немесе рента түрінде кезең-кезеңімен сақтық төлемдерді жүзеге асыру көзделетін жеке басты сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады.
Жазатайым жағдайдан және аурудан сақтандыру сақтандырылушы жазатайым жағдайдың немесе аурудың салдарынан қайтыс болған, еңбек ету (жалпы немесе кәсіби жағынан) қабілетін (толық немесе ішінара) жоғалтқан немесе оның денсаулығына өзге де зиян келтірілген жағдайда оның қосымша шығыстарын тіркелген сомада не ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтық төлемді жүзеге асыру көзделетін жеке басты сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады.
Медициналық сақтандыру сақтандырылушының медицина мекемесінен медициналық сақтандыру медициналық сақтандыру бағдарламасына енгізілген медициналық қызмет көрсетулерді сұраған жолдамаларынан туындаған шығыстарын ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтық төлемдерді жүзеге асыру көзделетін жеке басты сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Көлік құралдарын сақтандыру көлік құралын иеленуге, пайдалануға, оған билік етуге байланысты адамдардың мүліктік мүдделеріне оның зақымдануы немесе жойылуы, соның ішінде айдап немесе ұрлап әкетілуі салдарынан келтірілген зиянды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтық төлемдерді жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады.
Жүктерді сақтандыру жүктерді иеленуге, пайдалануға, оған билік етуге байланысты адамдардың мүліктік мүдделеріне оның зақымдануы немесе жойылуы, соның ішінде жүктердің тасымалдану әдісіне қарамастан жоғалып кетуі салдарынан келтірілген зиянды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтық төлемдерді жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады.
Мүліктік сақтандыру мүлікті иеленуге, пайдалануға, оған билік етуге байланысты адамдардың мүліктік мүдделеріне (автомобиль, темір жол, әуе немесе су көліктерін, жүктерді қоспағанда) оның зақымдануы немесе жойылуы салдарынан келтірілген зиянды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтық төлемдерді жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады.
Азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру кезінде, үшінші бір адамдардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірудің салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша жауапты болу (келтірілген зияндар үшін жауаптылықты сақтандыру), сондай-ақ шарттардан туындайтын міндеттемелер бойынша жауапты болу (шарт бойынша жауаптылықты сақтандыру) тәуекелін сақтандырады.
Зиян келтіргендігі үшін азаматтық-кұқықтық жауаптылықты сақтандыру мүмкін болатын өзге тұлғаның жауаптылығы да сақтандырылады.
Шартты бұзғандығы үшін азаматтық-құқықтық жауаптылық тәуекелі шартта оның талаптарына сәйкес сақтанушы оның алдында азаматтық-құқықтық жағынан жауапты болуға тиіс тарап болып табылатын және бұл жағдайда пайда алушы ретінде іс-қимыл жасайтын тұлғаның пайдасына сақтандырылған болып есептеледі.
Кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру кезінде кәсіпкердің сақтанушы ретінде іс қимыл жасайтын келісімшарт жасаушы агенттерінің өз міндеттемелерін бұзуынан болған кәсіпкерлік қызметтің залалдар тәуекелі немесе кәсіпкерге байланысты емес жағдайлармен осы қызмет шарттарының өзгеруінен болған залалдар тәуекелі, соның ішінде күтілген кірісті ала алмай қалу тәуекелі сақтандырылады. Кәсіпкерлік тәуекелдерді сақтандыру шарты бойынша тек сол сақтанушының кәсіпкерлік тәуекелі және тек соның пайдасына ғана сақтандырылуы мүмкін.
Сақтанушы болып табылмайтын тұлғалардың кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру шарты немесе өзге тұлғаның (пайда алушының) пайдасына жасалған шарт жарамсыз болады.
Сақтандырылған мүліктің түріне немесе тобына қарай сақтандырудың мынадай түрлерін ажыратады: ауыл шаруашылығы дақылдарын, малдарды, құрылыстарды, мемлекеттік, жеке меншік, кооперативтік кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың мүлкін, көлік құралдарын, қаржылық тәуекелді (соның ішінде банк салымдары мен банк операцияларын, бағалы қағаздар рыногіндегі операцияларды), жүктерді, мұнай операцияларын (мұнай шығару, оны өңдеу және тасымалдау жөніндегі) және т.т. сақтандыру. Мүліктік сақтандыруда міндетті нысанда көліктің барлық түрімен тасу жасалғанда тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауаптылығы мен автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауаптылығы сақтандырылады. 1996 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өндірісін: көп жылдық өкпелерді, ауыл шаруашылығы малдарын, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді, ауыл шаруашылығы өнімдері мен тауарларын қолайсыз табиғат-климат жағдайларынан, эпизоотиялардан және басқа дүлей апаттардан міндетті сақтандыру қайта қалпына келтірілді.
Тағы рефераттар
- Жалқаулық, еріншектік туралы қазақша мақал-мәтелдер
- Микроағзалардан гормоналды препараттарды алу технологиясы
- Несие туралы ұғым, оның пайда болуы
- Cdma ұялы желісі дипломдық жұмыс
- Қаржылық есеп инвестициялары