Егеменді Қазақстанды дүниежүзілік қауымдастықтың тануы. 

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік туралы Декларация жариялады, сөйтіп дүниежүзілік қоғамдастыққа енуге мүмкіндік алды. 1992 жылы қаңтардан 9 шет мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты. Тәуелсіз Қазақстанды әлем мемлекттерінің арасында бірінші болып бауырлас Түрік республикасы таныды. 1992 жылдың ортасына қарай республика тәуелсіздігін жер шарының 30-дан астам елі мойындады: АҚШ, Қытай, Иран, Пакистан, Канада, Швейцария т.б.

1999 жылдың басына қарай дүние жүзінің 150 мемлекеті танып, 106 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатылды.  

Қазіргі Қазақстан шет елдерде 30-дан астам диплоамтиялық және консулдық өкілдіктер ашты. Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік және халыаралық, ұлтаралық ұйымдардың 16 өкілдігі жұмыс істейді. Республикамыздың сыртқы саясат ведомствосы ұлттық мүддемен жалпы адамзаттық мүдделерді үйлестіріп жүргізетін дипломатиялық саясатқа кірісті.

1992 жылы наурыздың 3-інде Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мүшесі болып қабылданды. Осы жылы өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясының трибунасынан ОБСЕ сияқты ұйымның Азияда да құрылуы туралы Н.Ә. Назарбаев өз ойын айтқан болатын. Бірақ, ол кезде оның бұл сөзіне онша сене қоймаған еді. Міне, арада 10 жыл өткеннен кейін 2002 жылғы маусымда Алматыда сенім әрекеттестік шаралар туралы саммиті өтті. Саммит жұмысына 16 мемлекет басшылары қатысты. Оның ішінде 7 ірі державалар- Қытай, Индия, Ресей, Иран, Түркия т.б. болды.

Маңызы: Бұл елдердің экономикалық потенциалы өте зор, олардың территориясының жалпы көлемі 38,8 млн.кв.км., немесе Евразия материгінің 89%-ын құрайды. Бұл елдердің территориясында 2.8 млрд. адам тұрады, яғни жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайды.

Қазақстанның халықаралық байланысының дамуы. 

Қазақстан сыртқы саясатында басты үш мәселеге ерекше назар аударады:

1. ТМД, Азия, Европа елдері, АҚШ, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы елдерімен халықаралық байланысты өркендету.

2. Мәдени-экономикалық байланысты күшейте отырып, алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу.

3. Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше назар аударатын мәселе – ең жақын және ірі көрші мемлекеттермен, солтүстікте – Ресеймен, шығыста – Қытай халық Республикасымен ойдағыдай қарым-қатынас орнату.

Қазақстан-Ресей байланыстары. 

1992 жылғы 25 мамырда Қазақстан мен Ресей арасында достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт жасалды. 1995 жылғы 20 қаңтарда – Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын кеңейту туралы Декларация жариялады, ал 1996 жылғы 27 сәуірде Алматыда екі елдік бірлескен Декларациясына қол қойылды. Декларацияның маңызы:

1. Екі ел арсындағы егемендікті, тәуелсіздікті құрметтеу.

2. Аумақтық тұтастық пен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау ұстанымдарын сақтау.

1998 жылғы 6 шілдеде МәскеудеІІІ ғасырға бағдарланған “Мәңгі достық пен ынтымақтастық туралы” Декларация жарияланды. Нәтижелері:

1. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі проблемасын шешуді алға жылжытты.

2. Қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеуді шешті.

3. Байқоңыр ғарыш орталығын бірлесіп пайдалану мәселесі қарастырылды.

Қазақстан-Қытай байланыстары. 

1992 жылғы тамызда Қазақстан Президентінің Қытай халық Республикасына алғаш сапары болды, нәтижесінде барлық байланыс жолдары ашылды. 1994 жылы сәуір айында Қазақстан мен Қытай арасында шекара аумағын заңдастырып белгілеу (делимитация) жөніндегі келісімге қол қойылды (1718 шақырымдық).

1996 жылғы сәуір айында алғашқы Шанхай келісімі жүргізілді. Бұл келісім барысына Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан қатысты. Мұнда негізінен — шекараларды бұзбау, бейтарап аймақтық қашықтықты 100 шақырымға дейін жеткізу сияқты мәселелер қаралды. 1997 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда болған келіссөздің нәтижесінде – Батыс Қазақстан мен Батыс Қытайды жалғастыратын мұнай құбырын жүргізу жөніндегі шартқа қол қойылды. Қытай үкіметі бұл жұмысқа 9,5 млрд.доллар жұмсауға келісті.

1998-1999 жылдары Қазақстан-Қытай арасында келісімдер нәтижесінде, шекараны нақтылау негізінен аяқталды.

Қазақстан-АҚШ байланыстары. 

Қазақстанның сыртқы саясатында АҚШ-пен қарым-қатынастың маңызы өте зор. 1991 жылғы 25 желтоқсанда АҚШ Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныды. Қазіргі кезде АҚШ-Қазақстан экономикасының аса ірі инвесторы. 1997 жылы Қазақстан мен АҚШ арасында экономикалық әріптестік бағдарламасы жасалды.

Екі ел арасында Қарашығанақ кеніші жөнінде және Каспий қайранын бөлісу жөнінде келісімдерге қол қойылды.

1999 жылғы желтоқсанда Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімде – екі ел арасындағы серіктестікті одан ары дамыту, АҚШ-тың Қазақстанға демократиялық, экономикалық өркендеуде қолдау көрсету, аймақтық, ғаламдық негізде тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастық үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану сияқты мәселелер қаралды.

АҚШ Қазақстанға мәдениет пен білімді дамыту саласында үлкен қолдау көрсетуде “Болашақ” бағдарламасы шеңберінде қазақстандық студенттер АҚШ, Франция, Германия оқу орындарында оқиды.

            Қазақстан және ТМД елдерімен тығыз өзара байланыста болу – біздің ел үшін өте қажет. 1994 жылы – Орталық Азия экономикалық қауымдастығы құрылды (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, кейін Тәжікстан).

Қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық саласындағы дағдарыс ТМД басшыларын интеграциялық жаңа жолдарын іздеуге итермеледі.

Қазақстан және дүниежүзілік қауымдастық. 

КСРО тарағаннан кейін ядролық қару негізінен Ресей жерінде шоғырланды. Қазір жер жүзінде 5 ядролық держава бар. АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция.

1993 жылы Президент Н.Ә. Назарбаев Лиссабон хаттамасына қол қойды. Қазақстан ядролық қарудан еркін аймақ болып жарияланды. Соғыс өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды бейбіт заттар өнімдеріне айналдыру – (конверсия) жүзеге асырыла басталды.

1996 жылғы 31 қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөнінде шартқа қол қойды.

Қазақстан басшылығы әскери-саяси одақ НАТО-мен ынтымақтастыққа маңызды орын береді. Бұл ынтымақтастық “Бейбітшілік үшін әріптестік” бағдарламасы негізінде жүзеге асуда. 1997 жылғы 15-21 қыркүйекте Шымкент (Қазақстан) және Шыршық (Өзбекстан) жерінде НАТО әскери бөлімдерінің қатысуымен әскери жаттығу өткізілді.

2001 жылғы 29 тамызда Алматыда “ІІІ ғасыр ядролық қарудан тазарған дүниені қалайды” атты халықаралық конференция ашылды.

Тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық ұйымдарға мүше болып кіруге республикаға жол ашылды. 1997 жылдың басына қарай Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып кірді. Соның бірі ЮНЕСКО – ірі халықаралық ұйым. Ол – Білім, Ғылым және Мәдениет, “Адам және биосфера”, “Адам табиғи ортада” т.б. бағдарламалар негізінде жұмыс жасайды.

ЮНЕСКО – Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында елдің ерекше қорғалатын табиғи аймақтарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұрасы және “Адам мен биосфера” бағдарламасы шеңберіндегі аймақтар тізіміне кіргізу туралы шараларды іске асыруда, бірлесіп жұмыс атқаруда. Бұнымен қатар, Қазақстан халықаралық ұйым ЮНИСЕФ – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры. ЮНИСЕФ Қазақстан Республикасындағы өзінің жұмысын 1992 жылы бастады, негізінен, денсаулық сақтау саласында, шұғыл жәрдем көрсетуді насихаттайды.

 

ЮНИСЕФ-тің Арал аймағының халқын сауықтыру жөніндегі бағдарламасы — әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау, білім беру, балалардың тамағын жақсарту, сумен қамтамасыз ету, санитарлық қызметті жақсарту жөніндегі нақты шараларды жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен бірге Қазақстан 800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойылды.

Қазақстанның даму болашағы. 

Егемен Қазақстанның жаңа мемлекет құрудағы философиялық тұжырымдарында көрсетілген бағыттары және елдің идеологиясы АҚШ, Франция, Ресейде белгіленген философиялық ұстанымдарды басшылыққа алады. Халықаралық тәжірибе тоталитаризмнен демократиялық бағыт жолына түскен елдердің өтпелі кезеңде идеологиялық дағдарысқа ұшырайтынын көрсетті. Сондықтан өркениетті елдердің өтпелі кезеңнен өту тәжірибесімен танысу өте маңызды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері. 

1993 жылғы 9 қазанда “Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” еңбегі жарияланды. Бұл еңбегінде Қазақстанға жаңа үлгідегі идеологияның қажеттілігі бар ма, жоқ па деген талас төңірегінде нақты пікір айтты:

1. Идеология – адамдардың қоғамдастығын саяси және экономикалық міндеттерді топтастыру тәсілі.

2. Идеология — әлеуметті мінез-құлықты қалыптастыру механизмі.

3. Идеология–мемлекеттің және оның тұғырнамасын қолдайтын партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың, адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету тәсілі.

4. Өмір алға озып отырған кезде әр түрлі идеологиялық ағымдар болады.

Еңбектің маңызы: Қазақстанның қазіргі кездегі қоғамдық-саяси жағдайына баға беріліп, ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығын сақтау бағыттары көрсетілді.

 

1996 жылы “Ғасырлар тоғысында” еңбегі жарияланды: Бұл еңбегін Н.Ә. Назарбаев Кеңестік жүйе мен демократиялық кезең аралығын суреттейді.

Маңызы: Екі кезең тоғысындағы саяси мәселелерге айқын түсініктеме берілген.

2003 жылы “Сындарлы он жыл” еңбегі жарық көрді. Еңбекте қазіргі таңдағы әлемдік проблемалар көтерілді. Ең бастысы – есірткіге қарсы күрес мәселесіне тоқталды.

— Қазақстандағы есірткі қолданатындар – 40.505.

— Оның ішінде әйелдер – 4.420.

— Оның ішінде кәмелетке толмағаны – 1927.

Осы қауіпке қарсы жүргізілген шаралар:

— Есірткіге бақылау орнатудың халықаралық жүйесіне кіру.

— Нашақорлық және есірткі бизнесімен күресудің 2001-2005 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асыру.

— Есірткіге қарсы күрестің кең көлемді ұлттық жүйесін құру.

Әлемдік деңгейдегі “Ғасыр дертіне” қарсы күрестің Қазақстанда жүзеге асырылуға тиісті шаралары:

— Нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесінің жолын кесу.

— Аумақтары арқылы есірткі тасымалданатын елдердің бірлесе қимылдауын күшейту мақсатында аймақтық, саяси құрылымдардың әрекеттестігін кеңейту.

— Каспий мәселесі қарастырылды.

Маңызы: Әлемдік проблемалар көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылды
Тағы рефераттар