“Республикалық Ахмет Ясауи сәулет кешені музейі” болып ашылып 1989 жылдың 28 тамызындағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №265 қаулысы бойынша 1978 жылы құрылған “Республикалық Ахмет Ясауи сәулет кешені музейі” “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі болып қайта құрылды.
1990 жылдың 5 сәуірінде Абайдың Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық мұражайы «Жидебай-Бөрілі» болып қайта құрылды.
1990 жылы 21 тамызда Қазақ ССР министрлер кеңесінің N190 Жарлығына сәйкес Қазақстанда, Алматыда Алтын және бағалы металдар музейі ашылды.
Қазақстан Республикасының 1992 ж. 2 шілдеде «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» заңында музей мәселелері қарастырылған. Соның ішінде мұражай қорындағы заттарды қорғау, сақтау мәселелері қамтылады. Бұл заңда тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласын қаржыландыру мәселелері бар.
1990 жылдар Қазақстан музейлерінің тарихында мұражайтанушылардың пайымдауынша Г.Ш.Файзуллина екі түрлі жағдайды көрсетті. Бірі – музейдің қаржы жағдайын көрсететін күрделі экономикалық ахуал жылдары, екіншісі – музейлердің жаңа үрдістерінің пайда болуы және тәжірибе жинау жылдары. 1991-2005 жылдарда Қазақстан музейлерінде интерактивтік және виртуальдік әдістерге қызығушылық, музей әдістерін үкіметтік емес ұйымдарда қолдану, авторлық, балалар музейлері, үкіметтік емес ұйымдардың пайда болуы, ерекше бағалы топтамаларға рұқсат ету арқылы музей мәртебесін көтеруге ұмтылумен ерекшеленді.
1991 жылы Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей үйі ашылды. Музей жазушының 1968-1985 жж. тұрып, еңбек еткен үйінде ашылды және екі, әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұрады. Әдеби бөлімде жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін экспонаттар қойылған. Мемориалдық бөлімде жұмыс кабинеті, демалатын бөлмесі, тұтынған заттары көрсетіледі. Жазушы Ғ.Мүсіреповтің шығармаларында көп сомдаған қазақ әйелінің образдары музей экспозициясынан ерекше орын алған. Музей архивінде жазушының үш жүзден аса қойын кітапшалары сақталған. 2002 жылы жазушының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды. Музей кешені Халықаралық әлем музейлері каталогына енген.
1991 жылы 1981 жылы ашылған Қазақтың халық аспаптары музейіне халық композиторы, күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының есімі берілді.
1992 жылы 22 наурызда Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейі ашылды.
1993 жылы Жаңақорған ауданындағы М.Көкенов музейі, Шиелі ауданындағы Н.Бекежанов атындағы музей, Тереңөзек ауданындағы облыстық музейдің филиалы ашылды. Аталған музей қорлары жыл сайын жаңа экспонаттармен толықтырылуда. Сонымен қатар қоғамдық негіздегі музейлер де жұмыс істеуде.
1993 жылы дербес Мемлекеттік ұлт аспаптар музейі құрылып, 1996 жылдан 1998 жылға дейін Орталық Мемлекеттік музейдің бөлімі болды.
1994 жылы 24 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында» қаулысы шықты.
Қоғамның дамуы мен саяси-экономикалық өзгерістер музей саласына да әсер етті. Осы негізде 1996 жылы 24 желтоқсанда «Мәдениет туралы» заң қабылданды. Заңда музей, мәдени құндылықтарды шетке алып кету, мәдени құндылықтар мәселелесі көрініс тапты.
1996 ж. 24 желтоқсанда қабылданған «Мәдениет туралы» заңның 24-бабы Музейге арналған. Қазақстан Респуб-ликасында әр түрлі профильдегі мұражайлар жұмыс жүргізеді. Мұражайлар материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін насихаттап, зерттеп, сақтап, есепке алып, тіркеуге негізделген. Мемлекеттік мұражай экспонаттарын жекеменшікке беруге тыйым салынады. Мемлекеттік мұражайлар тарихи, мәдени, ғылыми құндылығы бар заттарды алу артықшылығына ие. Барлық мұражайлар көпшіліктің көруі үшін ашық. Мәдени құндылықтарды шетке шығару, алып кету, мемлекет бақылауымен, шығу, беру, құны, сипаттамасын көрсету негізінде жүргізіледі. ҚР тағайындаған тәртібі бойынша ҚР жауапкершілігі бар ұйымдар арқылы жүргізіледі. Ұлттық мәдени құндылықтарды Республикадан тыс жерлерге алып кету, уақытша экспозиция, гастрольдік қызмет, реставрациялық жұмыс, халықаралық акция өткізуден тыс жағдайда тыйым салынады. Қазақстанда меншіктің қандай түріне қатысты екеніне қарамай көркем, тарихи, археологиялық, этнографиялық маңызы бар объектілер мәдени құндылықтарға жатады. Мәдени құндылықтарға археологиялық материалдар, сирек коллекциялар, көне заттар, өнер туындылары, сурет, гравюра, литография, скульптура, қолданбалы өнер туындылары, халық қолөнері кіреді.
Қазақстан Республикасында жұмыс жүргізетін әр түрлі музейлер қызметі материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін насихаттап, зерттеп, сақтап, есепке алып, тіркеуге негізделген.
1997 ж. М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай Семейде «Алаш арыстары – М.Әуезов» атты мұражай ұйымдастырылып ашылды. Экспозиция М.Әуезов өмірінің Семейдегі кезеңіне, Алаш қайраткерлеріне арналған еді.
1998 жылы 12 қыркүйекте Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойының құрметіне музей үйі мен ғалым бюстінің ресми ашылуы өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ ұлттық ғылымының негізін салушы, ақын-аудармашы, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының музей үйі 1993 жылы Алматыда ұйымдастырылды. Музей үйі төрт бөлме және жертөледен тұрады. Үш залда ғылыми шығармашылық өміріне қатысты жәдігерлер жиналған. Олар «Ұлттық рухымыздың қайта оралуы», «Қазақ санасының шамшырағы», «Саясат құрбаны» деп аталатын бөлімдерден тұрады. Музей үйі қорында 500-ге жуық ресми құжаттар бар. Тарихи тұлға тұтынған жазу машинасы, мөр, қаламсап, қолшабадан, самаурын, жезтабақ, сандық қойылған. Ахмет Байтұрсынұлы ХІХғ. 20-шы жылдары музей қорында қазақ халқының этнографиялық материалдарымен толығуын, елдің құнды жәдігерлерінің қорда жинақталып, ғылыми зерттелуіне көп еңбек етті.
1999 жылы Алматыда Мемлекеттік Алтын және сирек металдар музейі құрылды. Осы жылы Сарайшық ашық музейі экспозициясы ашылды.
Қызылорда қаласындағы тарихи-өлкетану музейі 1999 ж. қазіргі экспозициясы үш бөлімнен, археология-этнология, қазіргі өлке тарихын бейнелеген 14 залдан тұрады. Музейдің қор бөлімінде 20-шы ғасырдың соңында 28 мыңға жуық экспонат жинақталып, сақталды. Сонымен бірге экскурсиялық көпшілік бөлім жұмыс істейді. Музей қоры мен экспозициясында Қызыл кітапқа енген өлкедегі жануарлар мен өсімдіктер, өлкені зерттеушілер, облыстан шыққан белгілі адамдар туралы материалдар, Бәбішмолла, Алтынасар, Ұйғарақ, Түгіскеннен табылған археологиялық заттар, әр кезеңге байланысты құжаттар, фотосуреттер, қылқалам туындылары, қолөнер бұйымдары бар. Қызылорда облысы мен аудандарында 7 музей жұмыс істейді. Солардың қатарына Арал аудандық өлкетану музейі, Қазалыдағы Ғ.Мұратбаев атындағы мемориалдық музей, Шиелідегі Ы.Жақаев музейі жұмыс істеуде.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен, өз қолымен жасаған нұсқасымен 2000 жылы 27 қазанда Президенттік Мәдениет Орталығы ашылды. Президенттік мәдениет орталығы көпфункционалды ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту мекемесі ретінде музей, кітапхана, көркем және музыка өнері саласында мемлекеттік мәдениет саясатын іске асырады.
2000 жылы жазушы С.Мұқановтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды, осыған орай музей экспозициясы жаңартылып, құнды экспонаттармен толықтырылды.
1994 жылы 24 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында» қаулысының негізінде, 2002 жылы 12 қаңтарда «Д.А.Қонаев музей үйі» ашылды. Мұражайда Қонаев тұлғасы, оның мемлекетті дамытып өркендетудегі орны мен еңбегі, адамгершілік қасиеттері, өмірінің тұрмыстық жағы көрсетілген.
2000 жылдың 24 мамырында ҚР Үкіметінің N779 «Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының кейбір нысандарын сақтау бойынша қосымша шаралары туралы» қаулысына сәйкес «Алтын және бағалы металдар музейі» «Мемлекеттік алтын және бағалы металдар музейі» болып қайта құрылды. Музей 2000 жылдың қазан айында ел ордасы Астана қаласына көшірілуіне байланысты Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығына көшірілді. Ол мұражай скиф-сақ өркениетінің тарихы мен мәдениетін және көркем металл өңдеудің, қазақтардың қолданбалы өнерін ғылыми тұрғыдан зерттеумен айналысады. Музей — Мәскеудегі Алмас қоры, Лондондағы Британ тәжі қазынасы, Боготодағы (Колумбия) Алтын музейі, Тегерандағы Бағалы заттардың ұлттық музейі, Киев (Украина) қаласындағы Киев-Печор лаврасы сынды әлемдегі бес атақты алтын музейлерінің қатарынан лайықты орын алады. Музейде 5 бөлім – қор сақтау бөлімі, ғылыми-ақпарат қызметі, экскурсия, экспозиция жұмыстары, бақылаушылар, шаруашылық бөлімдері бар. Музейдің негізгі жәдігері 1969-1970 жж. К.Ақышев бастаған археологтар қазба жұмыстарының нәтижесінде Алматы қаласының маңындағы «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адам» кешені болып табылады. Музей қоры Қазақстанның ерте көшпенділер дәуірінен бастап, қазіргі этнографияға дейінгі зергерлік өнер туындыларынан тұрады. Қор бөлімі археология, нумизматика, зергерлік әшекейлер, тұрмыстық заттар деп бөлінген. Музей экспонаттары, соның ішінде ежелгі өркениет ескерткіші «Алтын адам» макеті Финляндия, Жапония, Франция, Қытай, Германия, АҚШ, Ресей көрмелерінде қойылды.
2000 жылы С.Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, жазушының музейі экспозициясы жаңартылып, құнды экспонаттармен толықтырылды.
2001 ж. тамыз айында Қазақстан Республикасы мен ЮНЕСКО арасында «Ежелгі Отырар қаласын қалпына келтіру және сақтау» туралы келісімге қол қойылды және ЮНЕСКО-ның қаржылай көмегі көрсетілді. Бұл жоба шеңберінде Ғылым және білім министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі, Республикалық ғылыми-зерттеу институты, Материалдық мұра ескерткіш-терін жобалау институты, Отырар Мемлекеттік археологиялық қорық музейі бірігіп жұмыс жасады. 2001-2002 жж. ЮНЕСКО Қазақстан-Жапония халықаралық жоба бойынша консерва-циялау сатысына өтті. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Отырардағы жұмыстар «Ежелгі Отырардың қайта өркендеуі» бағдарламасы бойынша жалғастырылды. Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Қазреставрация, Отырар Мемлекеттік археологиялық қорық музейі бірлесіп жұмыстар жүргізді.
2002 жылы жазушы Ғ.Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды. С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің Мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені Халықаралық әлем музейлері каталогына енген.
2003 жылы 4-5 қыркүйекте Өскемен қаласында музей жетекшілері мен мамандарының «Қазақстандағы музей қызметін модернизациялау» деп аталған семинар-кеңес өтті. Семинарда отыздан аса баяндама жасалып, музейлердегі жұмыстың жаңа түрлері, қазіргі жағдайдағы музей-қорықтардың мақсаты мен көкейтесті мәселелері, ғылыми-қор жұмыстарын жаңарту, халықаралық көрмелер ұйымдастыру қарастырылды.
Осы жылдары елдегі музейлердің 20 мың көрмесі ұйымдастырды. Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың музейі ашылды. Қазақстанның ерекше тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау, насихаттау бағытында Таңбалы археологиялық-қорық кешен музейі жұмыс жүргізуде. Қорық-музейлер жүйесі Алматы облысындағы «Есік», Шығыс Қазақстандағы «Берел» де осы бағытты қамтыды.
Ресейдегі Қазақстан жылы шеңберінде жүргізілген шараларға Қазақстан музейлері белсенді қатысты. «Жаңа ағымдар» айдарымен Мәскеудің Мемлекеттік Третьяков галереясында Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің жинақтары, Қазақстан қылқалам шеберлерінің туындылары, Ә.Қастеевтің, Е.Сидоркиннің, К.Муллашевтің, Е.Төлепбаевтың, А.Дүзел-хановтың, т.б. көрсетілді.
Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының, ҚР Алтын және асыл металдар музейінің «Алтын адам – сақ қорғандарының қазынасы» атты көрмесі, кітап көрмесі «Мәскеу Кремлі» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде үлкен жетістікпен көрсетілді. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі, Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі, Шығыс Қазақстан облыстық этнография музейі Мәскеу, Омск қалаларында әсемдік қолданбалы өнер туындыларына қатысты көрмелер ұйымдастырды.
2003 жылдың 30-31 қазан аралығында Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және сақтаудың өзекті мәселелері» атты республикалық семинар-кеңес өтті. Семинарға республика музейлері тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімдерінің басшылары, музей қызметкерлері қатысты.
Семинарда Қ.А.Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енуі аталып өтті. 2002-2003 жж. 18 қаулы және халықаралық келісім жобалары енгізіліп, айналымға енді.
Соңғы жылдары көне қоныстар мен қалашық орындарында қорық-музейлер ашуға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін, археологиялық объектілерді, туристік жолмен пайдалану, музейлендіру мәселелеріне ерекше көңіл бөліне бастады.
Қазақстанда 2002 жылы маманданған мұражай журналы шығарыла бастады. Ол журнал «Қазақстан музейлері» деп аталды, алғашқы саны 2002 жылы желтоқсанда жарық көрді.
2005 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының ғылыми тұжырымдамасы және тақырыптық экспозициялық жоспары қайта жасалып, экспонаттары толықтырылды. Музей үйінде «Тұлға тағылымына тағзым» атты Ахметтану оқулары жыл сайын өткізу дәстүрге айналған.
Бүгінгі кезде ҚР Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы Қазақстандағы ірі өнер орталығына айналып отыр. Музейдің негізгі мақсаты – бейнелеу және қолөнер туындыларының коллекцияларын жинақтау, сақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, қайта қалпына келтіру, өнер тарихы мен теориялық негіздерін анықтау, елді әлемнің озық өнер туындыларымен таныстыру. Музей қорында 2009 жылы 22000 жәдігер сақталған. Олар Қазақстанның бейнелеу өнері туындылары, батыс елдері, орыс, кеңес дәуірлерінің өнер туындылары, Қазақстанның дәстүрлі және бүгінгі қолданбалы өнер бұйымдары, Қытай, Үнді, Жапон елдерінің қолөнер туындылары болып табылады.
Музейдің адамзат тарихындағы алатын орны ерекше екені белгілі. Қазіргі кезеңде музейлер алдында болашақ үшін мәдени мұраны сақтау және тарихи мәнді құндылықтарды замандастар үшін көрсету, насихаттау мәселелері тұр. Мәдени құнды көне заттарды көрсету, жалпыадамзаттық мәнін ашу арқылы музейге келушілердің адамгершілік, рухани өсуіне әсер ету, ағарту мақсаттарын әрбір музей өз саласына сай музейлік орта жағдайында іске асыруда. Қазіргі кезеңде музейлер қоғамдық өмірдің белсенді бөлігі болып табылады.
Түркістан қаласында Мемлекеттік “Әзірет Сұлтан” тарихи-мәдени қорық музейі, белгілі қоғам қайраткері Н.Оңдасыновтың мемориалдық музейі, қоғам қайраткері, елші Н.Төреқұловтың мемориалдық музейі, С.Ерубаевтың әдеби-мемориалдық музейі, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығының музейі және осы университеттің археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының музейі мен археология және этнология кафедрасының музей кабинеттері құнды заттарды көрсету, насихаттап, тәрбиелеу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
1978 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан “Әзірет Сұлтан” тарихи-мәдени қорық музейінің құрамында сегіз музей жұмыс атқарады. Күн сайын көптеген адамдар легі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат ете келіп, көне тарихымыздың заттай куәсі болып табылатын құнды жәдігерлермен танысып, мәдени-рухани өсіп отыратыны белгілі. Аталған сегіз музейде өздерінің тақырыбына сай экспозиция залдары бойынша жан-жақты зерттелген материалдар көрсетуге қойылған.
Келушілер “Қылует” жер асты мешітін, “Жұма мешіт”, “Шығыс моншасы”, сегіз бөлімнен тұратын “Түркістан тарихы”, “Археология және этнография” мұражайларының экспозициясымен көріп, танысады. Музей қорында 20 000-нан аса экспонат бар. Қордағы құнды экспонаттар берілген экспозиция тақырыбына сай қорық мұражайдың құрамындағы мұражайларда көрсетуге қойылған. Қазақ тарихында ерекше орын алған тарихи тұлғалардың бірі Есімхан кесенесін, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесін, Ашық аспан астындағы мұражай, т.б. тарихи құнды архитектуралық, археологиялық ескерткіштер мұражайға келушілердің өткен ата-баба тарихымен танысып, рухани құндылықтарды көзбен көріп, сезінуіне мүмкіндік береді.
Музей заттары арқылы, тарихи, археологиялық деректер негізінде құрылған XVIII-XIX ғғ. Түркістан көшесінің көрінісін бейнелеген ашық аспан астындағы музей келушілердің ерекше бір әлемді сезініп, сол кезеңнің тұрмыс, тіршілігімен танысуына көмектеседі. Шығыс қақпадан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне дейін осындай көше болғандығын дәлелді деректерге сүйене отырып, мамандар регенерациялық жұмыстар жүргізу нәтижесінде XVIII ғасырдың көшесін бұрынғы қалпына келтірді. Сол кезеңдегі астық сақтайтын қамбаның, ортағасырлық Түркістандағы баспаналар, бастырмалар, тұрғын үйлердің ішкі көріністері қалпына келтіріліп көрсетілген. Ашық аспан астындағы музейдің экспозициясының тақырыптарына сай астық, сұйықтық сақталған үлкен хумдар, құмыралар мен көзелер қойылған және берілген тақырыпты жан-жақты ашып тұр. Ортағасырлық көше бойымен жүріп келе жатқан музейге келуші үшін керемет бір әлемге тап болғандай сезімде болатыны анық. Дәл қазір мына көше бойындағы есік ашылып, сол үйдің тұрғыны шыға келетіндей әсер алатындай музей әлемін жасап, оны көркем архитектуралық жағынан шебер шешіп, ұсынған. Мұны келушілерге арнаулы экскурсия жүргізу арќқылы осы берілген тақырып көлемінде ортағасырлық заттармен, сол заттардың жинақтап тұрған ақпарат көзімен танысып, ерекше бір рухани құндылықтарды сезінуге ықпал етеді. Мұражай экспозициясы мұражайға келуші аудиторияны адамгершілік, рухани дамуына ықпал етуге қызмет етеді. Музейде мәдени-ағарту жұмыстарының экскурсиядан басқа да түрлері конференциялар, олим-пиадалар, қызықты кездесулер, т.б. өткізіліп отырады. Бұл бағытта аудан, қала аумақтарында лекциялар, көрмелер ұйымдастырылып отырады. Мемлекеттік «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық мұражайында «Ясауитану» атты мектеп оқушылары арасында олимпиада ұйымдастыру дәстүрге айналды десе де болады. Олимпиадаға қатысушы жасөспірімдер өзінің тарихындағы рухани құндылықтармен етене танысып, оны жеке адам ретінде қабылдауын көрсете алады. Жыл сайын өткізіліп отыратын мұндай бағдар-ламалардың жеткіншектерді музей әлемі арқылы өз тарихын түсінуіне, музей заттарының көмегімен көптеген тарихи оқиғаларды ұғынуына, отансүйгіштік рухта тәрбиеленуіне көмектеседі. Мұндай олимпиадада қатысушыларға тақырып көлемінде әр түрлі сұрақтар қойылып, жас жеткіншектің білімі, дербес ойлап, өзінің ойын нақты түрде түсіндіріп, қорғай білу секілді қабілеттері бағаланады. Бұл жастардың туған елге, жерге деген патриоттық сезімін оятып, болашаққа деген көзқарасын қалыптастырады. Музей қорындағы, экспозициядағы құнды жәдігерлерді көріп, танысу мүмкіндігі көптеген адамдарда бола бермейді. Өз елінің тарихын біліп, аңыз болып айтылып келген заттай дереккөздерін көзбен көру, сол зат тұрған кеңістікте тұрып, мәнді де, қызықты тарихын тыңдауға, танып-білуге әрбір адамның ұмтылатыны анық. Дегенмен, кез-келген адамның жағдайы келе бермеуі мүмкін, осындай жағдайда музей тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау үшін, көрсетіп, таныстыру үшін жылжымалы көрмелер ұйымдастырып отырады. Осындай мақсатта 2007 жылы Алматы қаласында «Түркістанның жеті кереметі» атты көрме көрсетілді. Бұл көрмеге келушілер, жеті қақпалы Түркістан қаласының тарихымен, археологиялық материал-дарымен, кәріздік жүйенің тамаша дамуын көрсететін ирригациялық материалдармен, Әмір Темір кезеңінің заттай жәдігерлерімен танысып, үлкен бір рухани ғибрат алғаны анық. Осындай көрме Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына орай Астанада көрсетілді, сонымен бірге Орал қаласының жұршылығы да Түркістан тарихының тамаша бір көріністерімен танысты. Семейде «Түркістан кереметтері» деген атпен көрсетілген көрменің де тарихымызды танып, білуде үлкен маңызы болды. Мұражайға келуші жұртшылық мақтан етер құнды жәдігерлерді өз көздерімен көріп, үлкен бір қуаныш пен мақтаныш сезімін сезініп, толғаныста болғаны анық.
Мұражайлық мейрамдар, әсіресе 18 май Халықаралық музей күні музей қызметкерлері үшін, мамандар үшін келушілерге музей әлемін жаңа бір қырынан көрсетудің мүмкіндігін береді. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы музей үшін ежелден келе жатқан ата дәстүрін насихаттаудың бір көрінісі деуге болады. Бұл күні төменгі сынып оқушыларына, бүлдіршіндер үшін Қыдыр Ата, Алдар Көсе, Жиренше, Тазша бала, Құт Ана, ертегілердегі батырлар болып киінген музей қызметкерлері құнды жәдігерлермен таныстырып, мұражайға келген баланың ерекше бір ертегілер әлеміне кіріп, өз елінің жыр, ертегілеріндегі кейіпкерлермен кездесуіне жағдай жасайды. Мұны музей педагогикасындағы ойын әдісі десек, бұл әдістің арнайы экскурсияларды жүргізуде орны ерекше.
Ежелден келе жат қан-салт, дәстүрді, халықтың материалдық мәдениетінде кезінде ерекше орын алып, рухани болмысын бейнелеген, қазір ұмыт болып бара жатқан материалдық және рухани мәдениет көріністерін бейнелейтін музей затына айналған мәдени құндылықтарды, ата-бабадан қалған сол өнегелі дәстүрді мұражайға келушілерге түсіндіру, насихаттаудың жолдары мен түрлеріне назар аударылуда. Бұл бағытта мұражай қызметкерлері мен болашақ мұражай мамандығында дәріс алатын студенттердің мұражай экспозициясы кеңістігін ала отырып, музейде «Армысың, Әз Наурыз» атты дода сайысын өткізудің танымдық, тәрбиелік, ағартушылық мәнінің ерекше екені бай қалып отыр. Музей экспозициясының этнографиялық материалдарына негізделген сайыста қазақтың ежелден келе жатқан баспанасы, оның рухани маңызын айтып, бұрын болған қазір ұмыт болып бара жатқан халықтың адамгершілікке үндейтін, тәрбие көзі болар, қазіргі ұрпаққа беймалім болып бара жатқан аталы сөздердің мәнін түсіндіруге негізделген. Бағдарламада топ «Шаңырақ» және «Босаға» деп бөлінген екі топ бірнеше кезеңнен тұратын сайыста салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беріп, мақал-мәтел, өтірік өлең айту секілді сынақ түрлерінен өтеді. Мұндай сайыс студенттер, мектеп оқушыларының, өз елінің мәдени мұрасын терең сезініп, жаңа білімді игеріп, ата дәстүрін жаңаша сезініп, танып-білуге ықпал етеді. Бағдарлама ежелден «Шаңырағы -биік, босағасы — берік» болуды тілеген ата-бабаның өнегелі дәстүрін насихаттауды мақсат ете отырып, сайысқа қатысушылардың белсенділігін, ұмтылысы мен білімін бағалайды.
Балаларды қорғау күні, Жаңа оқу жылының басталуы мен соңғы қоңырау күндері музейлерге мектеп оқушыларының тоқсан пайызының барып, танысатын күні деуге болады. Осы күндері арнайы бағдарламалар жасалып, келуші аудиторияның белсенді қатысуына мүмкіндік жасалады. Ал, басқа күндері де келушілердің құрамында балалардың болатыны белгілі. Ересектерге арналған экскурсиялық мәтіндер мен жүргізу әдісі, бүлдіршіндер үшін тиімсіз. Сондықтан музей мамандары жас ерекшеліктеріне сай түсіндіріп, сол арқылы келушінің музей әлемін сезінуіне көмектеседі.
Музейге келушілерге жан-жақты мәдени-ағарту қызметін көрсетуде белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Нәзір Төреқұлов пен Н.Оңдасыновқа арналған мемориалдық мұражайлар да жұмыс істеуде. Музей заттары мен музей ортасы арқылы халқына қызмет еткен тұлғаларға байланысты тарихи құнды материалдармен танысу мүмкіндігі жасалған.
2006 жылы қараша айында Түркістанда өткізілген елші, қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлұлына арналған халықаралық конференцияға алыс, жақын шетелдерден ғалымдар, елшілер, тағы басқа да мамандар қатысып, бұл тарихи тұлғаның қоғамдағы алған орын, қызметін сәулелендірер жаңа деректер, естеліктерді ұсынып, еске түсірген болатын. Осы конференция кезінде ашылған қоғам қайраткері, елші Нәзір Төреқұлұлы музейінің экспозициясы үш бөлімнен тұрады. 1993 жылы құрылған Халықаралық Нәзір қоры Н.Төреқұлұлының тарихының жан-жақты зерттелуіне, болашақ ұрпаққа үлгі болар тұлғаның халқына насихаттауда жұмыс істеуде.
Экспозицияда негізгі және ғылыми- қосал қы материалдар жүйелі түрде қойылған. Бірінші бөлімде Н.Төреқұлұлының білім алып, қоғамдық қызметке араласқан шақтарына қатысты құжаттар мен фотодеректер көшірмесі қойылған. Н.Төреқұлұлының пайдаланған жазу столы, шабадан, патефоны заттай деректің қайталанбас бір белгісі ретінде экспозиция кешенінде қамтылған.
Күн сайын мұражайға келушілерге қаза қтан шы қ қан тұңғыш елшінің, кезінде нәубет құрбаны болған Нәзір Төреқұлұлының өмірі мен қоғамдық қызметі, үлгілі өміріне байланысты экскурсиялар жүргізіліп, жан-жақты насихат-талып отырады.
Түркістан қаласындағы тарихи мемориалдық мұражайдың бірі — белгілі қоғам қайраткері Н.Оңдасыновтың мемориалдық музей кешені. Музей 2004 жылдың 15 қазан айында Н.Оңдасыновтың 100 жылдық мерейтойына байла-нысты ашылған болатын. Үш бөлмеден тұратын мұражай экспозициясында Нұртас Оңдасыновқа қатысты негізгі құнды материалдар мен ғылыми-қосымша материалдар жүйелі түрде көрсетілген. Тарихи тұлғаның шығармашылығына байла-нысты арабша-қазақша, парсыша-қазақша сөздіктері, қолжазбаларының түпнұсқалары, қоғамдық қызметте түскен суреттері, әр түрлі мемлекеттік мекемелерден марапаттау белгілері, үкімет наградалары, т.б. қойылған. Өзі қолданған заттай ескерткіштер – столы, орындығы, сия сауыты, қаламсаптары, кітаптары, кітап шкафтары негізгі мұражайлық құнды заттардың бірі ретінде аса жоғары қадірленіп, келушілерге осы бір тарихи тұлғаның көзі ретінде ерекше әсер ететіні анық. Н.Оңдасыновтың жұмыс бөлмесінің көрінісін бейнелейтін кешенінің, киімдері мен қолданған телефон, фотоаппараты, сүндет тойында сыйлаған патефоны көрсетілген экспозиция көріністерінде қамтылады. Тарихи тұлғаның жеке адам ретіндегі өмірлік ұстанымдары мен ой пайымдаулары, үлгі етер сөздері, жан толғаныстары ғылыми- қосалқы материалдар ретінде көрініс тауып, мәтін ретінде жазылып қойылған.
Наурыз мерекесі, Музей мейрамы, мәдениет және қоғам қайраткерлерімен кездесу музейдегі мәдени-ағарту жұмыстарының ажырамас бір бөлігі деуге болады. Музейге келушілердің әлеуметтік құрамын саралағанда көбіне мектеп оқушылары келеді екен. Өсіп келе жатқан ұрпаққа осы бір тарихти тұлғаның өмірінің, қызметінің үлгілі жақтарын көрсетіп, нақты деректермен танысуларына мүмкіндік беру жұмыстары жүргізілуде.
Музей ашылған кезден бері Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бір бөлімі ретінде қор, ғылыми-әдістемелік, ағарту саласы бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Қор жұмысы бойынша елеулі жұмыстар жүргізілуде. Қорда қазіргі кезде жалпы экспонат саны – 1304, оның 968 – негізгі қорда, 336 – ғылыми-қосалқы қорда сақталуда. Ғылыми-әдістемелік, ағарту жұмыстарында Н.Оңдасыновтың қолжазбаларын, өмірнамаларын зерттеуге көңіл бөлінеді. Музейде белгіленген жоспар бойынша даталы күндерге байланысты іс-шаралар дайындалып, өткізіліп отырады. Іс-шаралар, Н.Оңдасыновқа байланысты баяндамалар, кездесулер мектептерде өткізіліп, музей мен мектептің арасында байланыстың қалыптасуына назар аударылған.
2004 жылдан, ашылғаннан бері аталмыш мұражай 2005 жылы — 390 экскурсия, 186 лекция, 34 көрме өткізді, келушілер саны – 1075 адам болса, 2006 жылы – 394 экскурсия, 35 көрме, 192 лекция өткізіп, музей қоры 12 экспонатқа толықтырылған және келушілер саны – 1300 болған. Жыл сайын музейдің ағарту саласындағы жұмыстары алға жылжып, қор саласының да ілгері басқаны байқалады.
Қаладағы С.Ерубаевтың әдеби-мемориалдық музейі де өз экспозициясы арқылы жазушының творчествосымен, өмірбаянымен таныстырып, келушілерге қызмет көрсетуде. Аз ғана ғұмырында ұмытылмас “Менің құрдастарым” атты еңбек жазып қалдырған С.Ерубаев музейінің үлкен тәрбиелік, ағартушылық мәні бар.
Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығының музейі бүкіл түркі халықтарының мәдениетін қамтыған экспозиция кешен-дерінен тұрады. Әрбір халықтың антропологиялы қ ерекшелігін ескере отырып жасалған, манекендер ар қылы көрсетілген ұлттық киімдердің экспозициясы өте шынайы деуге болады. Осы университеттің археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының музейінде көптеген жылдар бойы Түлкібас ауданын зерттеу нәтижесінде табылған архео-логиялық материалдар қойылған. Онда ортағасырлық Қарашық қаласының археологиялық зерттеулер нәтижесімен танысуға болады.
Майдантал ауылынан табылған, зерттеушілер динозавр сүйегі деп шешкен сүйек мұражайдың аса құнды материалдарының бірі болып саналады.
Қазіргі кезде ҚР әр түрлі профильдегі тарихи, тарихи-өлкетану, этнографиялық, көркем, мемориалдық, әдеби-мемориалдық, т.б. музейлер жұмыс істеуде. Олардың ішінде алты музей және тоғыз қорық музей Республикалық дәрежеге ие. Олардың 90% меншіктің мемлекеттік түріне ие. Ауылдық жерлерде 67 музей мекемелері қызмет етеді. Олар Қазақстандағы барлық музейлердің 40% құрайды. Қазақстан Республикасында қазіргі кезде 89 мемлекеттік музейлер жұмыс істейді.
2008 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімімімен Шығыс Қазақстан облысында «Берел» тарихи-мәдени қорық музейі құрылды. Алматы облысында «Есік» қорық-музейі ашылды. Қазақстандағы жетекші музейлер Қазақстандағы тарихи-мәдени мұраларды шет елдерде көрсету, ірі көрмелер ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. АҚШ-тың Сан-Диего, Хьюстон, Филадельфия қалаларында «Алтын мен шөптен: Қазақстан көшпенділері» атты көрме көрсетілді. Германияның Мюнхен, Гамбург, Берлин қалаларында қазақтардың көне алтындарының көрмесі көрсетілді.
Қазақстанда қазіргі кезеңде 200-дей мұражай жұмыс істейді. Бұл мұражайлар сипаттары бойынша әр түрлі бағытта және деңгейде деуге болады. Республикалық маңызы бар мұражайлар саны – 14. Барлық мұражайлар профильдері мен бағыты бойынша ерекшеленіп, жұмыс жүргізуде. Қорық мұражайлар белгілі бір территорияны қамти отырып, жұмыс істейді. Қазақстандағы бұл бағыттағы мұражайлар: Мемлекеттік «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық мұражайы, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік қорық музейі, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейі, Жидебай-Бөрілі тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық музейі, «Ұлытау» мемлекеттік тарихи-өлкетану және табиғи қорық музейі, «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы, «Таңбалы» мемлекеттік қорығы. Осы салада Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының музейі, Қазақстан Республикасының орталық музейі, Қазақстан Республикасының Археология музейі, Ықылас атындағы Республикалық музыка аспаптар музейі, мемориалдық тағы басқа да мұражайлар тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау, білім беру, тәрбиелеу, ағарту саласында үлкен жұмыстар жүргізуде. Солардың ішінде облыстық маңызы бар мұражайлар әр облыс аумағында өлкенің тарихын, заттай мәдениет ескерткіштерін сақтау, қорғау, көрсету, насихаттау, жариялау жұмыстарын жүргізеді. 27 облыстық мұражайлар, 42 қалалық мұражайлар, 55 аудандық музейлер сонымен қатар мекемелік музейлер жұмыс істейді.
Музейлер әлем тәжірибесі көрсеткендей, мәдени-тарихи, құндылықтарды насихаттайтын демалыс орталығы ретінде келушілерге қызмет етеді.
ҚР Үкіметінің «Халықаралық және Республикалық дәрежедегі ерекше қорғалатын табиғат объектілеріне жататын тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау және ұстау ережелері», «Археологиялық, тарихи, мәдениет ескерткіш-терін қалпына келтіру жұмыстарын лицензиялаудың кейбір мәселелері» туралы, т.б. қаулылар қабылданды.
Қазақстан Республикасының 2006 жылы 15 желтоқсанда қабылдаған, 2007 ж. өзгертулер енгізілген «Мәдениет туралы» заңының «Мәдениет туралы» бөлігінің 25-бабы Музейлер мәселесіне арналды. Осы бабтың бірінші тарауында «Музейлер — музей экспонаттары және музей коллекцияларын сақтау, зерттеу және көпшілікке көрсететін, мәдени-ағарту, ғылыми-зерттеу қызметтерін жүргізетін және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын насихаттауды қамтамасыз ететін мәдениет ұйымдары» деп көрсетілген.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін отандық музей ісінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан Р.Ілиясова, Р.Қосмамбетова, Н.Әлімбай, Б.Өмірбеков, Ұ.Ибрагимов, М.Жолдасбеков, Л.Ермоленко, В.Зайцев сияқты белгілі ғалымдар мен музей ісі білгірлерінің есімдерін ерекше айта кетуге болады.
Тәуелсіз Қазақстанда өзінің көрнекілігі, болмыс-бітімімен ерекшеленетін музейлер дүниеге келді. Мәселен, Президентік Мәдениет орталығы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейлер, халқымыздың тұлғаларына арналған мемориалдық музейлер мен музей-үйлер, ашық аспан аясындағы музей-қорықтар.
А.Ибраева зерттеуінде музей ісі мен тарихына қатысты ғылыми айналымға енгізілген еңбектерді саралап, оларды музей ісінің құрамды бөлігі болып табылатын мәдени құрылыстың жалпы мәселелеріне арналған,екіншісі,музей ісінің теориясы мен әдіснамасына арналған музейтанулық, үшіншісі, музей тарихын зерттеу мәселесіне арналған еңбектер деп бөледі
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан музей ісі тарихына арналған зерттеулер А.Қайназарованың, А.Ибраеваның, С.Тайманның, Б.Санақұлованың, М.Мұсаханованың және Ғ.Файзуллинаның еңбектерін атауға болады зерттелді. А.Е.Қайназарованың еңбегінде Қазақстан жерінде алғаш ашылған Орынбор, Семей, Жетісу музейлерінің Қазан қарулы көтерілісіне дейінгі және оның алғашқы жылдарындағы қызметінің негізгі бағыттары қарастырылған.
А.Ғ.Ибраева Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдардағы Отандық музей ісінің тарихын зерделеп, кеңестік үлгідегі тарихи-өлкетану музейлерінің ұйымдастырылуын, музей жүйесін қалыптастыруда жекелеген адамдардың рөлі мен ғылыми, мәдени-ағарту мекемелерінің қызметін жан-жақты саралаған. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы республика музейлерінің тарихын С.Тайман зерттеді. Б.Санақұлованың, М.Мұсаханованың және Ғ.Файзуллинаның зерттеулерінде Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі музейлер тарихының өзекті мәселелері мен қызметінің негізгі бағыттары көрініс тапты. Музейлердің мәдени-ағартушылық қызметіне арналған Ғ.Файзуллинаның еңбегі – музейтанудың теориялық мәселелерін қозғаған алғашқы зерттеулердің бірі.
Қазіргі кезде ҚР Тұңғыш Президентінің музейінде «Мирас» журналы шығарылып, ол музей әлемі туралы жан-жақты мәлімет береді.
Әлемдік музейлер қызметі мен құрылымы, талаптарына сай жұмыстар жасап отырған Қазақстан музейлерінің болашақ ұрпақтарды тәрбиелеуде, білім беріп, дамытуда маңызы ерекше.
Тағы рефераттар
- Фосфордың қасиеттері
- Ақан сері Қорамсаұлы
- Нарықтық экономика
- «Байқоңыр» ғарышайлағындағы экологиялық мәселелер
- Конституцияның негізін салушылар