Кейінгі кез айтыстарындағы юмор мен сатира туралы қазақша реферат
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі айтыс өнерінің қайта серпіліп, жаңа белеске, тың өріске талпынған тұсы 1997 жылдан басталады. Бұдан бұрын да әртүрлі ас-тойларда, белгілі тұлғалардың толағай тойларында Республикалық көлемде, тіпті, Халықаралық дәрежеде бірталай ірі өнер сайыстары өткені белгілі. Ендігі уақытта айтыстың тасын өрге домалатып, көшін алға сүйреген Жүрсін Ерманның осы өнерді дамытудагы жаңа жобасы, кешенді бағдарламасы қолға алынды.
Мұхтар Әуезовтің ақындар айтысының өзгешелігін «театрлық, драмалық қызу әсері бар өнер түріне айналады», «халық театрының анық, дәл ұрығы бар деуге болады» [2] деп тануы тегіннен тегін емес. Жаңарған заманда, өз тағдырымыздың, мәдениетіміз бен өнеріміздің тізгіні өз қолымызга тиген уақытта сөз өнері де жаңғырып, көне айтысымыз көрермен аудиториясын кеңейтіп телеайтысқа айналғаны, соны серпін алғаны анық.
1997 жылдың күзінен 1998 жылдың наурызына дейін төрт кезеңде өткен аламан айтыс, оның соңын ала «Супердода» деп атауына да XXI ғасырдың шекпенін кигізіп өткізген дүбірлі бәсеке айтыс өнеріне кейін қосылған жас толқынның екпінінің қаттылығын, болат тегеурінін танытты.
«Қарсыласының бір сөзін қағыс жібермейтін, бір оғы нысанадан мүлт кетпейтін Бекарыс секілді жас перілер айтысқа соны леп, тың тыныс әкеліп жатса, атамұра өнеріміздің айы оңынан туа беретініне ел сенімін бекітер үлкен олжа сол болар. Ендігі жерде айтыс жаңа өрістерге шығар, басқа биіктерге қол созар деп үміттенеріміз де осы кейінгі толқынның арқасы. Жыл келгендей жаңалық осы», — деген айтыс көшбасшысы Жүрсін Ерманның сөздері осы ойымызды нығарлай түседі [24].
Ақтық сындағы алматылық Оразалы Досбосынов пен түркістандық Бекарыс Шойбековтың арасындағы сөз тартысын, ой көкпарын таразылау айтыс деңгейін саралауға да мүмкіндік берері сөзсіз. Бұдан бұрынғы іріктеу айтыста да Бекарыспен тең түссе де, келесі кезеңге жолдама ала алмаған Оразалы ақтық сынға шығу үшін қапыда кеткен бір топ ақындармен бірнеше рет айтысқа қайта түсуге мәжбүр болды. Алайда дарыны танылып, жалыны жалпыны шарпыған, қарымы көрерменін қуантқан Оразалы бір күнде төрт ақынды жеңіп, бесінші қамал Бекарыспен тағы тайталасқа түсті.
Бар ма екен адал жаннан өткен үлық,
Кетпейтін өмір жолын текке қүрып.
Ақының ақтық сынға шығып қапты,
Електен өткендей-ақ тексеріліп.
Қасыма жақсы жігіт жеткен екен,
Бөктерінде кетпейін бөктеріліп.
Аман-есен жүрсің бе, Ораз ақын,
Аузыңнан — жыр, көзіңнен — от төгіліп,
-деп Бекарыс бұрыннан айтысып үйренген жауының ақтық сынға қандай шатқалаңдармен, «електен өткендей» сан қайта тексеріліп жеткенін жеңіл юмормен шымшып, мысқылдап алып, артынша Ораздың да осал жау еместігін мойындап, «көзінен от төгілген» ақыннан өз басына төнер қауіп-қатердің жоқ емесін де мойындайды.
Жалпы бұл айтыстарда «келіп едім, желіп едім», «нар екен ғой, бар екен ғой» деген секілді қара дүрсін, екінің бірі табатын жалаң, жауыр ұйқастар жоқ. Қайта бір шумақ өлеңде бірнеше шумаққа жүк болатындай тереңнен теріп ой айту, қиыннан қиыстыру секілді 80-90 жылдардағы айтыстардан біршама биік, сатылап көтерілген, дамыған сөз мүсіндерін кездестіреміз. Ақындардың көбі жоғары білімді, арғы-бергі тарих пен әдебиет мұраларын меңгеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүретіні сөз саптауынан білінеді.
Оразалы да, Бекарыс та, юморлық сезімдері де, сықақшылдық қабілеттері де жоғары, нағыз уытты әрі қуатты ақындар. Іріктеу айтысында Бекарыстың Жыр алыбы Жамбылдың 150 жылдық тойында өткен Халықаралық айтыста бас жүлде — жеңіл автокөлікті қанжығаға байлағандығын тілге тиек етемін деп отырып, Ораздың сүрінгені — Бекарыстың атын шатастырып, Бекжан деп қалғаны еді. Үзінді келтірейік.
Ораз: Армысың алты алаштың іргелі елі,
Беделің бес қарудай іргедегі.
Бекжан(!) аман-есен кеп қалдың ба,
Жамбылдағы айтыстың жүлдегері.
Табаның тесілгендей көрінеді,
Жамбылдың бас бәйгесін сүйрегелі.
Мен қазір аруақ деп айғайласам,
Батырлар дулығалы түргеледі.
Армысың, ақ жаулықты аналарым,
Қадірі хан қызындай күймедегі.
Бекарыс: Осындай додалы айтыс талай болар,
Біздерге үмітпенен қарайды олар.
Аруақтанған сөзіңді айтып жатсың,
Тышқанды қорқытуға жарайды олар.
Бекарысты келдің де Бекжан дедің,
Ақын адам сөзіне абай болар.
Мысалы сенің атың Ораз екен,
Оразды қораз десем қалай болар.
Оразалы: Мен өзі айтыс десе жайыламын,
Қарағым, асықпай айт, жай ұғамын.
Аруақты айттың тышқанды қорқытат деп,
Олай десең аузыңды айырамын.
Сен мені қораз десең қораз дей бер,
Тауық қып, бүгін сені қайырамын [25].
Тартысты басталған бәсеке осылай сатира мен юморлық желіде жалғасын табады. Әзіл мысқылға, мысқыл сәл қышқылданып барып кекесінге, кекесін төтесін тауып әжуаға айналып жатады. Ол әжуа дұшпандық емес достық рәуіште айтылған соң, кек тұтып, көңілде сақталмайды. Қайта әзілмен сырласу сыйластыққа, сыйластық өз кезегінде қимастыққа жетелейді.
Ақтық сындағы арпалыс бірін-бірі бағалаған екі замандас ақынның, қос жүйріктің жарысы. Бекарыс екінші рет кездескендіктен, әрі өзінен бұрынғы төрт ақынды жеңген от тілді, орақ ауызды Оразалының адуынын бағалай тұра, намысты қолдан бермейтінін аңғарта сөйлейді:
Арының болып бүгін селден бетер,
Арыстан-Қарабастай желден бетер.
Беліңді бес ақынға будың дейсің,
Қалайша намыс бүгін ерден кетер.
Белдеуіңді бекемдеп бір байлашы,
Не бел кетер, немесе белбеу кетер, -дегенде, Оразалы да ойланбастан, мүдірмей:
Бел кетпес, кетпесе егер белбеу еріп,
Көр елге өлең-жырдан теңге беріп.
Домбыраны қолға алып шыққаннан соң,
Қанжығаға көкпарды өңгерелік.
Өрмекші торындағы шыбындай ғып,
Тұрқыңды тастайын ба сөзбен өріп.
Өрт болсам кетіп жүрме сен де өртеніп,
Ішінде қалың оттың дөңгеленіп.
Өткен жолы аман-сау жіберіп ем,
Тағы да кезігер деп елге келіп,
-деп төге жөнеледі.
Бекарыс бұдан ары қарай «шыбындай өріп» тастап, өртіне өртемек болған ағасына тағы әдемі әзілін арнайды:
Демеймін сенен мықты атанармын,
Өлкеден әулиелі бата алармын.
Өртіңмен өртеймін деп өлерменім,
Алдыңа көлденеңдеп жата қалдың.
Сүйінбайды жеңем деп мұрттай үшқан,
Күйін кешіп жүрмегін Қатағанның.
Шыбындай деп мен жаққа оқтал, аға,
Шығын болып жүрмесін оқ далаға.
Өткен жолы жеңілсең қайтушы еді,
Осы жолы жеңгенше тоқтама, аға.
Оңай ма төрт ақынды шөкелету,
Арының жаман екен, аптал аға.
Бәлкім Ораз бұл жолы сен жеңерсің,
Дүние-кезек деген кеп қала ма?
Бірақ, мүмкін, тағы да мен жеңермін,
Айтыста пәлен-төлен деп бола ма!
Айтыста жеңу-жеңілу ақынның осалдығы мен мықтылығынан ғана емес, көбіне сөздің қисынына қарай, бақ-талайына қарай болып жатады. Айтыскер ақындар бір-бірімен бірнеше мәрте айтысып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүруі мүмкін. Бекарыс соны әдемі өлеңге айналдырып, әзілмен әдіптеп сөз өреді. «Қатағандай ғып қайта сені мен құлатам, себебі, Сүйінбайдың ұрпағы боламын» деген Оразға Бекарыс:
Өлеңде ақын болсаң өрістеген,
Қалайша өнеріңді теріс көрем.
Сүйінбайдың ұрпағы болам дейсің,
Мен бірақ ниетіңмен келіспегем.
Ақындық тұқым қуып біткенменен,
Тұқым қуаламайды жеңіс деген,
-деп қисынды жауабын қайтара қояды. Е.Ысмайылов бүл туралы: «…Халық ақындарының ақындық туралы үшінші салалы ұғымы ақындық тұқым қуалап ауысады деуі. Бұл пікірді халық ақындарының бірталайы қолдайды, соған дәлел ретінде әр ақын өз өмірінен көптеген фактілер келтіреді», — деп жазады [27, 85 6.].
Айтыс юморлық, сатиралық белгілерге ерекше бай. Нарық заманында ерлері жұмыссыз қалып нардай шөккенде, әйелдері бала-шаға қамымен дала кезіп, сауда жасап жүргенін тұспалдап Оразалы «Ауылыңның жаңалығын айта отыр, Еліңде бойдақ шалдар көбейді ме?» деп әзіл сауал тастағанда, Бекарыс мүдірместен бар қал-жағдайды өткір тілмен жырлап береді.
Ниетін ақындары білдіріп жүр,
Біреулер елді бекер бүлдіріп жүр.
Тағы да бір қауесет шығып жатыр, Оның анық-қанығын кім біліп жүр. Жақында Президент келеді деп, Оңтүстіктің өлкесі дүрлігіп жүр. Қазақтың қанға сіңген әдетімен,
Біраз басшы мұрнынан сүрнігіп жүр.
Жайғасып жайлауына көш біткеннің,
Көрсетіп жатыр қонақ, дос күткенін.
Бойдақ шал көбейді ме деп сұрайсың,
Мен сенен мұндай сөзді еш күтпедім.
Шымкентте бойдақ шалдар көбейердей
Кемпірлер қырылды деп естіп пе едің?
-десе, Оразалы да қапы қалмай:
Естігем жоқ кемпірлер қырылды деп, Апаларым жатыр ғой бүгін жүдеп. Барлығы шұбырып кеп базарда жүр, Үйдегі еркегінің күнін тілеп.
Сақтамай көңіліңе кекті қандай,
Жайың бар еді сенің тек тұрардай.
Алматыда жүр сенің апаларың,
Арманын оңтүстікке жеткізе алмай.
Базарды күні-түні жағалайды,
Қап-қара шемішкесін өткізе алмай.
Осындай айшықты әзілдер, мақтамен бауыздайтын базыналы күлкі мен қазыналы қалжың, айтыстың ажарын кіргізіп қана қоймай, аламанның базарын қыздырып тастағаны, айтыстағы юмор мен сатираның салмағын тағы бір дәлелдесе керек.
Жалпы айтыс өнеріне кейін қосылған жас толқынның екпіні осы жолы қатты болды. Бекарыс пен Оразалының ақтық сынға дейін сүрінбей келіп топ жаруы — соның айғағы. Бұл айтыста өткір әлеуметтік мәселелер де, саяси ахуал да, нарық заманында өзгерген халық психологиясы да сөз болады. Мысалы, Оразалы:
Сиқырын түрлендірсең сырлы әуеннің,
Жырласам жаңалығын туған елдің.
Әйтеуір халқым аман-есен отыр,
Жатырмыз біз тілегін тыңдап елдің.
2030-ды ойға жиі алады,
Көңілі көншігендей сұңғақ елдің.
Сары бидайын сапырған сары қымыздай,
Сұлыға зар болып тұр қырманы елдің.
Мемлекеттің бар малы жоқ боп жатыр,
Тоз-тоз боп тоқымындай сынған ердің.
Шаршаған жүрт көңілі құлазымай,
Айтыспен көтергелі мұнда келдім.
Қызылшаны сүбедей сүйкеп отыр,
Қызыл еті таусылып қырдағы елдің,
-деп қырдағы елдің жайын айтса, Бекарыс оған жауап ретінде:
Халықтың аманатын ақтаймыз деп,
Басшыларға біз осы жақпаймыз көп.
Оңбастан қаншама рет опық жедік
Ауруды ішімізде сақтаймыз деп.
Бізге біткен басшының бағы да бар,
Тірісінде көзіне мақтаймыз кеп.
Соры да бар, өйткені, өлгеннен соң,
Ит терісін басына қаптаймыз кеп, — дейді.
Оразалы елдің мұң-мұқтажын ащы тілмен жеткізсе, қарсыласын келесі кезекте жылы юморға шақырып отырады.
Енді әзілдесейік түзу келіп,
Айтысқа аздаған бір қызу беріп.
Алпыс екі айлалы түлкідей ең,
Маржандай шашылатын жырың келіп.
Қызыл түлкі ін қазып түмсығымен
Құйрығымен кетеді ізін көміп.
Р.Сыздық 1998 жылғы 14 тамызда «Қазақ әдебиеті» газетіндегі мақаласында: «Ең алдымен, ақындар айтысының бүгінгі болмысы мен ертеңгі келешегі қандай деген сауал ойлантады. Бұл күнде, әсіресе, соңғы он жылдықта айтыс үрдісі айтарлықтай жаңғырды. Жаңғыру тек өткізілу тұрғысынан ғана емес, сөз сайысының мақсаты, тақырыптары, айтысу мәнері, тіпті айтыскерлер қатарының толқын-толқын болып толыға түсуі жақтарынан да айқын сезіледі»,-деп бастап, «…қалың жұртшылық бүгінгі айтыстан қазақ сөзінің әсемдігін, байлығын, бабалар заманынан келе жатқан қазынасы мен сол қазынаның үлгісінде жасалған жаңа сөз өрнектерін аңсап, іздеп барады-ау деп түйеміз»-деген ой өрбітеді [28]. Сондай-ақ, ақындар айтысының жаңданып, өрістеуіне себебін тигізген, әсер еткен негізгі факторларды да атап өтеді.
Қазіргі ақындар айтыстағы түрлі әдіс-тәсілдерді, айла-амалдарды еркін меңгерген. Соның бірі қарсыласының портретін жасау, және оны көркем бейнелеп беру емес, әзіл-қалжыңмен кейде тіпті әжуамен кескіндеу. Яғни, әріптесінің сатиралық портретін жасау.
Сөз айтсақ ақ көңілдің ордасындай,
Салмағың да бар еді қорғасындай.
Ағасы жанұғарлық сөз айтқанда
Кетпеші мас адамдай жолға симай.
Дәл бүгін адуынды айтпасаң да,
Көңілің бар ханның аппақ ордасындай.
Мақтауға ұшып кетіп жүрмегейсің,
Үрлеген шар секілді қолға симай.
Айдалаға бұрасың әр сөзіңді,
Аңқау елдің арамза молдасындай.
Арамза дегенімді ауыр алма,
Доп-домалақ болушы еді ол да осындай.
Аман-есен жүре бер ау, ағасы,
Апамның қатық сүзген дорбасындай.
(Оразалы-Мэлс)
Айтыс өнерінің тағы бір даралық белгісі — айтыскердің көркемдік ойлау жүйесі. Мәселен, суретші, яки мүсінші тұлғаның бейнесін суреттеуде өзінше ой толғауы мүмкін. Ал, айтыскер өзге де өнер иелері сияқты өзіне ғана тән көркемдік әлемін көркем сөз арқылы жасайды. Көңілдегі көрікті ойды өлеңмен өрнектеу арқылы жұртқа жеткізу барысындағы айтыскердің өнерін кез-келген суретші өнерімен салыстыруға болады. Тастан адам бейнесін жасаған мүсінші қалай тер төксе, айтыскер де соншалықты мехнат сәттерді бастан өткереді.
Ендігі кезекте ақындар айтысының тәуелсіздік алып, егемен елдің төрінде көсіле шапқан ақындардың бәсекесіне тоқталайық.
Айтысқа алғаш түсіп бірден алдаспандай жарқ еткен Дәулеткерейдің Мэлспен айтысы көптің көңілінде жатталып қалды. Бұл айтысты сарапқа салып талдауымызға басты себеп ондағы сөздің салмағы мен тіл көркемдігі.
Әр ақынның «әу» деп сөз бастағанынан-ақ оның дарын қабілеті, дүниетанымы, білімі мен парасаты байқалып тұрады. «Теңізді тамшысынан таныған жұрт ақынын да бір ауыз сөзімен бағалайды».
Мэлс:
Армысың асқақтаған Алатауым,
Далама айбат берген дара тауым.
Ассалаумағалейкум көрерменім,
Алтыннан қымбат маған алақаның.
Алдыңа сар желдіріп мен де келдім,
Мінген соң сағыныштың сары атанын.
Өлең-қызды алмасаң өкпелетіп,
Бұрымын талдап, өріп таратамын.
Армысың Дәулеткерей ақын інім,
Мен бүгін бауырыңнан жаратамын.
Ей, тәкаппар дүние, тас та болсаң
Мойыныңды бір бұрғызып қаратамын.
Мэлс «өлең қыздың бұрымын» осылай терең ой, үлкен талғаммен, көркемдеп өреді. Ағасы «айтыстай қасиетті қазынаның сандығын ашады» деп сенген Дәулеткерей де өнер сүйген жүртының «жүрегін отты өлеңмен орап» жырдың құндағына бөлейді.
Тілі көркем, ойы орамды бұл айтыста да негізгі арна юмор болды. Бір әуенмен шыққанын Дәулеткерей әзіл-шыны аралас былай түсіндіреді:
Кей ақын көбік сөзге көп семірген,
Көбік сөз ілесе алмас көшке мүлдем.
Айтыстың ақтангері өзің едің,
Бағасын баталы ойдың беске білген.
Ағасы өзің мінген қайығыңды,
Өзіңнің жүздіремін ескегіңмен.
Өйткені әуеніңді алып шықтым,
Аулақпын бүгін сенен сескенуден.
Сынады деген сөз бар қазағымда,
Сексеуілді ұрсаң тек сексеуілмен, —
десе енді бір кезекте:
Сөйлейді інің сөзден жол білгесін,
Жел сөздің желмаясын желдіргесін.
Жілігі татитұғын сөз айтайық,
Ертең күн артымыздан ел күлмесін.
Айтыстың көрсетейік шын үлгісін,
«Ит қуды, қоян қашты» боп жүрмесін,
-деп айтыстың ажарлысын жасауға талпынысын білдіреді. «Ағасы үлгі болар өлең айтыңыз, жалғанның арты жалаңаш» бұл өлең сенен де өтіп шығады. «Жүз жасаған Жамбыл да өлеңге қош-қош айтқан» деген сияқты ақылды әзілмен Дәулеткерей айтыстың көркін кіргізеді.
Жүргенде басың қатып саудаменен,
Жаныңды алсын бүгін баурап өлең.
Орақпен орылып күні кеше,
Балғаменен соғылып қалған өлең.
Аз ойлап, көп сөйлейтін пенделердей,
Қаз ойнап кетті бүгін қарғалармен,
Менен кеткен өлеңде елге барар,
Жел қанат, жер тарпыған аруана өлең,- дей келе:
Бағана айтқан сөзің бар,
Сен соған жауап берсеңші
Итің кім сонда, қоян кім?
-деп бағанағы айтылған мақалдың астарын түсінбеген кейіп танытады. Жалпы айтыста ақындардың жеңіс жолында түрлі айла-тәсілдерді қолданатыны белгілі. Мэлстің сондай тәсілінің бірі — астарлы сөзді тура мағынасында қабылдап, әңгімені басқа арнаға бұру жиі байқалады. Мысалы, Түркістандық таза жүйрік Бекарыс Шойбеков пен Мэлстің айтысында да осы тәсілді байқаймыз. «Оңтүстіктен келгенмен ақын інім, Солтүстіктен соғатын жел сияқты» деген Мэлстің сөзіне Бекарыс әдемі әзілмен жауап қайтарады:
Талтаңдап Мэлс ақын келген кезде,
Балпаңдап өлең айтпай бәлем бар ма?…
Делдиген танауыңнан танып тұрмын,
Тынысы кең тұлпардан екеніңді…
Бекарыстың өлеңдерінде юмордың да сатираның да бояуы қалың. Ол кез-келген ситуациядан комизм таба біледі. Және де соны қалжыңға айналдырып, халыққа дәл жеткізіп бере алады.
Сен біздің болашаққа үмітсің ғой,
Ал, енді сырт көздерге күдіксің ғой.
Өлеңіңе қарасам мін таппаймын,
Ешкім суын ішпеген тұнықсың ғой.
Және ешкімнің шамына тиіспейтін,
Саясаткер болатын жігітсің гой,-
деп мақтай отырып, мысқылдайды:
Сөздің шынын айтамын Мэлс аға,
Өмірден ілгенің мен білгенің көп.
Әйтпесе, мақтап-мақтап мына сенің,
Қызыңды алайын деп жүргенім жоқ,
-деп қойып қалады. Мэлс сөзді басқа жаққа бұру әдісін тағы пайдаланып, айтыстың тартысын одан әрі шиеленістіре түседі. Біраз үзінді келтіре кетейік.
Алдыңа арқыраған Мэлс келді,
Шабысын Бекарыстың тегіс көрді.
Ал енді осы жерде көрсетейін,
Мысалы, келіскен мен керіскенді.
Үйде жатқан кінәсіз сәби ғой ол,
Аламын деп желікпе періштені.
Бекарыс:
Қырандай қияларды шолыпсың ғой,
Біздерге қорғансың ғой, қорықсың ғой.
Көркем сөздің көсемі деген сайын,
Ештеңеге ұғынбай толыпсың ғой.
Мен сенің қызыңды еш сүрағам жоқ,
Өзің бір мақал бұзғыш болыпсың ғой.
Көкейден ағыл-тегіл жыр аққасын,
Халықтың көңілінде тұрақтасын.
Айтысып отыр едім қызық үшін,
Мына жұрт екеумізді сынатқасын.
Сұрамаған қызыңды қызғандың-ау,
Құдай сенен бізін де сұратпасын.
Мэлс:
Әй, Бекарыс, Бекарыс,
Көңілің бүгін көктем боп,
Жапырақ жайып гүлдесін.
Өлеңнің өзің еншілеп,
Бөлекше бекіт іргесін.
Сәби деген-періште,
Ауызыңды қисайтып,
Киесі ұрып жүрмесін.
Бекарыс:
Теңеуші ем, Мэлс аға, жаныңды айға,
Сабыр сақта, ашуға салынбай да.
Сен мені кінәлі ғып отырсың ғой,
Әділеттен аттамас арың қайда?
Киесі ұрады деп қорқытпағын,
Періште де құдайға бағынбай ма.
Мен сенің періштеңнен күнді көрдім,
Періштемен ұстасқан кімді көрдің?
Періштенің әкесі Мэлс деген,
Періштемен қоса енді ұлды болғын.
Мэлс:
Таңдайды тақылдаған тіл тебеді,
Мылтығым әуел бастан білтелі еді.
Баяғы бабалардың айтуында,
Ағасы — Ай, інісі — Үркер еді.
Ай менен Үркер келіп тоғысқанда,
Аспанда ала бұлтты бүркер еді.
Тоғысып, татуласып тарасайық,
Ақындар сөз түсінген сүйтер еді [26].
Сиқырлы сөз шұрайы мол осындай айтыстар халық жадында жазылып қалады. Бекарыс тындаушының қажет ететін сөзін тауып айтып, көңіл пернесін дөп басып, айызыңды қандыра сөйлейді. «Мақал бүзғыш» Мэлстің кінә таға сөйлеген сөздерінің терістігін айту үшін, ақталып жатпайды. «Қызыңды қызғансаң, құдай сенен бізіңді де сұратпасын» деп одан әрі төпей түседі. Осы кезде ойыңа Шығайбайдың бізін сұрап, Бізбикедей қызын алған Алдаркөсе оралады. Тіпті еріксіз күлесің. Құлағыңның құрышы қанып, шат-шадыман күйге бөленесің.
Мэлспен айтысқа түскен Оразалы да көркем де шұрайлы сөз бәсекесінің үлгісін жасайды. Оның сөзді бұра сөйлейтінін мегзеген Оразалы «Мэлсті халық еді Мэлс қылған, мақалды Мэлс еді теріс қылған» деп тілдің бізін сұғып біраз шымшылып алады. Содан кейін ағасына деген зілсіз әзілін жалғастырады:
Ақырғы айтыс «аһ» үрып кетпегейсіз,
Ақырғы оқты атқандай айдалаға.
Мэлс:
Сырыңды Оразәлі білген жоқпын,
Әсерсіз әңгімеңе күлген жоқпын.
Айдалаға оқ атып айтысқанда,
Ауғанның соғысында жүрген жоқпын.
Ораз:
Әрнеге жүргізсең де әміріңді,
Ұмытпа деген қазақ тәңіріңді.
Саудың көбі сырқат боп бұл қоғамда,
Жалап жаза алмассың жауырыңды.
Қытайың жылтырағын жылтыратып,
Балқытып сипап жатыр сауырыңды.
Қысық көз табаныңнан жалап жүріп,
Бір күні қиып кетер тамырыңды.
Ертерек ойланбасаң айығуды,
Алтын төсек жаза алмас ауруды.
Мэлс:
Жан берген бәрімізге жалқым, Қүдай,
Етсе екен еліміз бен халқымды бай.
Шабытың шала жанған шөп сияқты,
Оты жоқ сөздеріңнің салқындығы-ай.
Айтыстың мәні кетер, сәні кетер,
Қара өлеңге бермесек қарқынды рай.
Суырып салмаған соң сөз де әсерсіз,
Сабаның түбіндегі сарқындыдай.
Мэлс ақын да талай бәйгеде шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік. Кешегі Қашаған, Ақтан, Нұрымдардың жалғасы, ұлы жыраулар мектебінен нәр алып, сусындаған, құнды сөздің құнарын бойына сіңірген үлкен дарын иесі. Осы кезде «Жұма сайын жүлде алған Қаракердей» айтыс аламанының алдын бермеген Мұқамеджан Тазабековпен Мэлс те, Бекарыс та айтысып, сөз додасының саф үлгілерін жасаған. Ендігі кезекте осы бэсекелердегі сатира мен юмордың орнын бағамдап көрейік.
Мэлс пен Мұқамеджанның айтысы ең үздік, ең озық деп даралаған сегіз ақын ғана қатысқан «Супердода» деп аталған аламанның ақтық сыны кезеңінде өтті. Әр айтыс сайын көпке дейІн суымайтын әсер қалады. Ел ішінде де, баспасөз беттерінде де қызу әңгіме, бітпеген дау қалады. Көпшіліктің көңілінде самсаған сансыз сүрақтар туындайды.
Осы бәйгеде бас жүлдені қанжығасына байлаған Мұқамеджан Тазабеков туралы Жүрсін Ерман: «Қалай десек те, Мұқамеджанға бүгін иық теңестірер ақын жоқ. Жаттаса — өз сөзі. Кесек-кесек, іркес-тіркес соқталы сөздер жазба поэзияның да тақиясына тарлық етпес…
… Ақындар айтысының жалпы сипатына келсек, соңғы кездері өсу, өрлеу әлі толастамағаны байқалды. Яғни, айтыстың қалжасы да қарымды, олжасы да аз емес» деп түйінді пікірін білдіреді.
«Жазба ақындар оңашалықты сүйсе, айтыс ақындары қаумалаған қауымды қалайды. Ақындық өнерін табан аузында бағалап отырған жұртшылықтың алдында оған қанат бітеді. Бүл — ақын психологиясының ерекшелігі» — дейді М.Дүйсенов [29].
Ақтық сынға шыққан екі ақынға да демеушілер оқалы шапан мен қалпақ кигізіп, сый-сыйапат жасай салысымен айтысты бастаған Мэлс:
Келеді жыр моншағын қатар үзгім,
Батасы қабыл болсын атамыздың.
Ал енді Мұқамеджан арқырайық,
Шапаны шабыт берсін апамыздың,
-деп кезек үсынғанда, Мұқамеджан іле-шала:
Шапаны шабыт берсін апамыздың,
Өтеуі секілденіп батаңыздың.
Дегенмен әр нәрсені орныменен,
Киейікші ізіндей аталы іздің.
Қазақтай кім түсінген дәл киені,
Киелілер босатар жан жүйені.
Басыңдағы қалпақты «мұрап» дейді,
Мұрапты тек патша мен хан киеді.
Жөн-жосықты білмейтін бұл заманда,
Келінінің кебісін шал киеді,
-деп түйреп өтеді. Мұқамеджан халықтың дәстүрі, әдет-ғұрпымен қатар жол мен ырымды, жөн мен жосықты жақсы білгендіктен кигізген қалпақты ізетпен шешіп қойып өз бөркімен-ақ көрікті айтысты бастап кетеді. Және қарсыласына алғашқы соққыны осы ұрымтал тұстан соғады. Одан әрмен қарай қарсыласының тұла бойын суреттеп, портретін жасайды. Мұнда Мұқамеджан сатиралық, юморлық элементтерді барынша кеңінен қолданып, бояуын анық байқатады.
Сен едің Мэлс ақын Оралдағы,
Ойыңның өзгермепті орамдары.
Маң-маң басып жүруші ең Маңғыстауда,
Ол арманың Оралдан оралмады.
Толағайдай деп сені неғылайын,
Ізге түскен аңшыдай сонардағы.
Екі үйдің ерке ұлы секілдісің,
Етегіне сап жейтін он алманы.
…Домбыраңды көтеріп келіп қапсың,
Бөренені көтерген піл секілді.
Шығысқа келгеннен соң шырайыңды аш,
Түнеріп жүре бермей түн секілді.
Мұхамеджан Тазабеков әріптестерінің, айтысып отырған қарсыластарының портретін жасауға шебер. Жоқты әкеп жапсырмайды, қайта байқалмай тұрған барды барынша кестелеп тізіп береді. Бәсекелесінің киген киімі, домбыра ұстасы, отырысы, қимыл-қозғалысы оның назарынан еш мүлт кетпейді. Сахнадан қызық тамашалап отырған тыңдаушының да, теледидардан байқап қызықтаған қөрермендердің де табан астындағы тапқырлық пен ұшқырлықты, суреттеудегі дәлдікті сол сәтінде бағалайтыны белгілі.
Айтыскер ақындар кез-келген нәрседен комизмді таба біледі. Олар тіпті белгілі жайттардың өзіне езгеше тұрғыдан, жаңаша көзқараспен назар салып, әзілге өзек болатын қырларын тап басып тани біледі. Олар адамның бойындағы, мінезіндегі, жүріс-тұрысындағы, қимыл-әрекетіндегі тіпті өмірбаянындағы сын-сықаққа нысана болатын кемшіліктерді қалт жібермейді. Адамның есімінің өзінен күлкі етер себептерді оның өз бойындағы қасиеттермен сабақтастыра сынайды.
Құлыншақ ақынның Майлықожаға тиісе:
Майлы, Майлы дегенге май болмадың,
Жұрттан алып жесең де бай болмадың, -дегеніне Майлықожа да іле-шала:
Сен Құлыншақ болғалы талай заман,
Не құлын, я жабағы, тай болмадың,
-деп жауап береді [30, 46 б.]. Бұл — үлкен дарынның, ұшқырлық пен тапқырлықтың белгісІ. Бұл адам есіміне қатысты жеңіл әзіл сөз болып көрінгенмен, сөз астарында бір-бірінің іс-әрекетін, тұрмыстық күйін, қарым-қабілетін астарлы түрде астартын мінеп-сынау бар. Сүйінбайдың: «Жамбыл болсаң, көкірегің даңғыл болсын» деген батасы, Қырғыз ақыны Қатағанның «Сүйінбай сенен жеңілсем, Қатаған болмай қатайын» деген сыңайда сөз саптауы айтыстағы адам есімдерін, жалқы есімдерді өлең ете отырып, іліп-шалудың белгілері. Сүйінбай мен Қатаған айтысында қазақтың ру аттары, ол рудың қадір қасиетімен қатар аталады.
Қазіргі ақындар айтысында да бұндай әдіс-тәсілдер молынан ұшырасады. Ақынның атына, ныспысына тиісе сөйлеу Мұхамеджан мен Мелстің, Айбек пен Мелстің айтыстарында назар аудартады. Айбек: «Атыңыз оғаш екен Мелс деген, Ұлтыңның ұғымымен келіспеген. Атыңыздың ешқандай шатысы жоқ, Орыс, еврей, грузин, неміспенен», — деп бастайды да:
«Мэлстей атыңызды ту еткенсіз,
Көңілін комунистің гүл еткенсіз.
Барлық ауыл, қалада ескерткіш боп,
Қол шошайтып тұрушы ед гүр еткен күш.
Иншалла азаттықты алғаннан соң,
Қалмады соларыңнан бір ескерткіш.
Кешегі социализм заманынан,
Сақталған сіз ғанасыз ірі ескерткіш.
Маркс, Энгельс, Ленин мен Сталинге,
Мәңгілікке қойылған тірі ескерткіш,
-деп Мэлстің есіміне кенедей қадалады. Алайда, ақын сөзінің астарында кеңестік идеологияның әсерінен ұлтқа зор қасірет шектіртіп, зобалаңға ұшыратқан, рухани ашаршылыққа ұшыратқан «көсемдерге» деген «құрметті» сынайды. Себебі, ырымшыл қазақ сол заманның әсерімен түрлі заманына сай Союзбек, Сьезд, Делегат, Мэлс секілді толып кеткен саяси есімдердің көбейіп кеткенін эшкерелейді. Мелске мін таға отырып заманды кінәлайды, қазақтың «жомарттығын» айыптап, халыққа ой салады. Айтыста әлеуметтік мәселелерді көтеруде де адамның аты-жөнін айта отырып, сатира садағына алу жетілген әдіс тәсілдердің бірі. Сықақ жазушылар, сатириктер өз шығармаларының бас кейіпкері ретінде күлкілі есімдерді таңдап алады. Айтыскерлер кейіпкерлер есімін ойдан шығармайды, барды бадырайтып көрсетеді. Қуаныш Мақсұтов бір айтыста:
Басшылық сеніміңді жойып кетті,
Шындықтың екі көзін ойып кетті.
Шуткин деген әділ деп жүрді дағы,
Қазақтың есебінен тойып кетті.
Аттары қандай жаман, орнына оның,
Хитрин деген біреуді қойып кетті,-
дегенді айта отырып, қу мен сұмға жем болған қоғам байлығының тоналып жатқанын сынайды. Мұхамеджан бір айтысында Ресей президенті Борис Елциннің есімін қосып, екі елдің арасындағы өткір мәселелерді көтереді:
Ресейдің әлі де жоқ алыстығы,
Нарық-заман сынап тұр намыстыны.
Қарт Каспийдің асты-үстін бөлісе алмай,
Көкейдің құрты боп тұр табыс түбі.
Байқоңырдың төбесін тесіп бітті,
Төленбестен жалға алған ғарыш құны.
Тек оны Елбасымыз оңдай алар,
Барыс жылы боп кетпесе Борис жылы.
Кескін –келбетін суреттеп болған соң, тағы бір ұстайтын жер-Мэлстің аты.
Мұхамеджан оны да қалт жібермейді.
Еңсең бар ел алдында ер іспетті,
Атағың алты алашқа тегіс жетті.
Пірдің соңы – Бекекттің ұрпағы едің,
Бірінші боп сиынсақ неміз кетті.
Маркс, Энгельс, Ленин мен Сталиннің
Басын қосып атыңды МЭЛС депті.
Тегінде затың қазақ болғанменен,
Әттең-ай, атың бірақ келіспепті,-
деп айтыстың арнасын әзілге бұрады. Қиын сұрақ қоймай, қыңыр сұрақ қойған Мұхамеджанға Мэлс те қисық жауап береді:
Біз жүрміз бес күн тірлік жалғаншыда,
Алданбай жылтыраған алдамшыға.
Рас-ақ, атым Мэлс екендігі,
Осы аттан баяғыда-ақ алғам шүбә.
Атымды өзіме өзім қойған жоқпын,
Үйдегі кемпір менен шалдан сұра!
Ақиқатында адам атты өзіне таңдап алмайды. Ол – ата-ананың қасиетті төрт парызының ең алғашқысы. Жаңа туған сәбиге мұсылманша әдемі, мағыналы, ешкімнен қысылмайтын есім беріп, азан шақыру. Осылайша қақпанды қағып тастап, Мэлс тығырықтан жол тауып шығады. «Мәселе атында емес, затында» екендігін ұтқырлығымен, парасатымен дәлелдейді.
Биіктен бергеннен соң ұлт серпінді,
Бұл ініңнің қанаты күрт жетілді.
Күркіреп келгенінмен жауа алмадың,
Тауды айнала жөңкіген бұлт секілді.
Менің сенен күткенім биік еді,
Жайбарақат айттың-ау жұрт секілді.
Оза сөйлеп көрейін бұл ағамнан,
Сақалдан бұрын шыққан мұрт секілді,
-деп Мұхамеджан әңгімені келесі бір келелі мәселелерге аудармас бұрын, халықты тапқыр әзілмен бір дуылдатып алады. Сосын жүйелі сөз соқпағына, қашаннан дайын өз соқпағына түсіп алып, кең көсіледі. Мэлс өз кезегінде эр сөзге тиісті жауабын қайтаратын әдетімен «сақалдан ерте шығып кеткенменен, мүртты қағып тастаудың қиын емес» екенін ескертеді. Бірақ, Мұхамеджан бұл жолы да тауып кетеді: «Алып тастау оңай боп көрінгенмен, Мұртсыз сақал иекке жараспайды», — деп көз алдыңызға күлкілі бейнені әкеледі.
«Алғашқы әсерді бүкпей айтсақ, жазба поэзия мен айтыстың арасындағы қашықтық қысқара түскендей. Университеттер мен институттардың талибан топтарында қарпылған шәкірт шайырлар көне үрдістер мен сөз иірімдеріне интеллект қуатын иіп қосып, фольклорды парасат көшіне ілестіруде. Соңынан тықыр таянған жазба поэзия жаңа өрістерден қоныс іздейтін шығар. Бекарыс Шойбековтың, Мэлс Қонысбаевтың, Дәулеткерей Кәпүлының, Бекжан Әшірбаевтың, Оразалы Досбосыновтың айтыстағы аяқ алысы осындай ойға жетелейді» — деп жазды сол айтыстан кейін М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Жүрсін Ерман.
Қазіргі таңдағы ақындар айтысы шын мәнінде биік асуларды багындырды. Көптеген зерттеуші ғалымдар, ақын-жазушылар айтыстың көркемдік даму деңгейі жағынан жоғары екенін ерекше атайды. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Ақындар кей кезде арзан сөзге, артық сөзге барып жатады, немесе бірде айтқан өз пікіріне келесі кезекте өзі қарсы келеді, қисынды сөзге, уәжге тоқтау, жеңілгенін мойындау секілді арлы дәстүрді де үмытып бара жатқандай. Сондай-ақ бір айтыста айтқан шұбырынды шумақтарын келесі бір айтыста айна қатесіз қайталап отыру да айтыскер ақынға абырой әпермесі анық.
Көшпелі өмір салтында аталы сөзден, ұтымды ойдан қуатты нәрсе болған емес. Ол демократия мектебі ретінде қабылданып, халық арасында өз қызметін бір сәтке де тоқтатқан емес. Қарбалас сәтке толы қазіргі қоғам өмірінде отандастар еңсесін, ұлттың абыройын көтеруші құрал ретінде ақындар айтысының атқарар міндеті үлкен-ақ. Уақыт талабы мен заман тілегін басқалардан әлдеқайда терең түсініп, көкейкесті мүддені қорғау ақындардың басты міндеті. Жалпы айтыс ақынының жан-жақты білімді болуы, мәдени деңгейінің өсуі, ұлттық тәрбие мектебінен тәлім алуы бүгінгі күннің толғақты мәселесі. Осы талаптар, заңды қажеттіліктер орындалғанда ғана төл өнеріміздің шеңбері кеңейіп, аудиториясы артып, географиялық кеңістігінің ұлғаюы мүмкін.
Біз бұл бөлімде айшықты айтыс өнерінің көшін алға тартқан, бағасын арттырып, бүгінгі күнгі тарихын жасаған қазіргі ақындарымызға көбірек тоқталдық. Өнер туралы айта отырып, айтыстың ақынға артар ауыр жүгін, жауапкершілігін, ақындық өнердің үстаз бен шэкірт арасындағы ізгілік көпір екендігін, сөз жасаудың, ойды өрнектеудің сан түрлі қыры бар екендігін, қазіргі айтыс ақындарының жырларында да әлеуметтік өткір мазмүн, қарымды қайраткерлік бар екенін көрсетуге тырыстық.
Сөз соңында айтарымыз XIX ғасырдың екінші жартысында өзінің әлеуметтік өткір мазмұнымен танылған суырыпсалмалық өнер қазақ даласындағы демократияның кемел үлгісі саналған. XX ғасырдың екінші жартысында теледидарлық келбет алып, өзінің бұқарашыл сипатын, эмоциялық әсерін және әлеуметтік мазмұнын жаңа сатыға көтерген ақындар айтысында сатира мен юмордың алатын орны үлкен.
Біздіңше, қазіргі заман ақындар айтысының мынадай мәселелері мен ерекшеліктерін атаған жөн: сексенші жылдар бедерінде теледидарлық сипат алған ақындар айтысы өзінің бұқарашыл сипатын арттырып, тәлім-тәрбиелік, эстетикалық жэне эмоциялық әсерін жаңа сатыға көтерді; сол тұстағы ақындар айтысында әлеуметтік тапсырыспен айтылған мәселелер көп болды; жер-жерлердегі той-томалақтарда ақындар айтысының жиі ұйымдастырылып кетуі оның мазмұндық сипатына, әлеуметтік белсенділігіне кері әсерін тигізген кездері болды; 1997 жылдың қазан айынан бері қайта жандана бастаған ақындар айтысы өзінің нарық заманына бейімделген шоу-бизенстік қырын экелді; қазіргі ақындар айтысында әлеуметтік өткір сарын болғанмен, оны тыңдайтын құлақ, сыннан қорытынды шығаратын құзырлы мекемелер жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда айтыстың пәрменділігі әлсіреді; айтысқа келген жас буын өкілдерінің өлең құрау, сөз саптасының артықшылығы, қоғамдық-саяси, әлеуметтік тақырыптарды қозғауда батылдығы байқалады.
Тағы рефераттар
- Тауар биржасы жайлы түсінік және оның функциялары
- Аммофос және мочевина құрамында мыс элементінің мақта өнімі техникалық сапа қасиеттеріне әсері
- Бағалы қағаздар нарығының орны, жұмыс істеуі және құрамдас бөліктері
- Оңтүстік Қазақстан облысының қалалық әкімшіліктерінің экономикасына сипаттама
- Құқық нормаларын қолдану – құқықтық жүзеге асырудың ерекше нысаны