Кенесары Қасымұлы көтерілсі туралы қазақша реферат

Қазақтардың ХVІІ-ХVШ-ғасырларда болған ірі көтерілістерінен Кенесары көтерілісінің ерекшелігі—оған үш жүздің бұқара халқы қатысты. Жұртшылық бір мезгілде бас қосып, қауымдаса атой салмағанына және қозғалыстың бір жерде күшейіп, екінші жерде бәсеңдеп отыруына қарамастан, Кенесары көтерілісі алғашқы жылдары-ақ кең қанат  жайып,  жалпы  халықтық қозғалысқа  айналды.

Кейбір рулардың көтерілісшілерден бөлініп кетуін және олардың орнын басқалардың басуын (әр жылдарда), ең бірінші: Кенесарының бір жүздің жерінен екінші жүздің қонысына орын ауыстыруымен және көтеріліс аймағының үнемі өзгеріп отыруымен түсіндіруге болады. Кенесары соңынан барлық рулар ілесе алмады, көпшілігі өздері көшіп-қонатын мекендерінде қалуға мәжбүр болды, сондықтан да олар көтерілістен кейде уақытша, кейде мүлде тыс қалып қойды. Бірақ бұған қарап біз олар Кенесарыдан толық қол үзіп, көтерілістің қонысын бүтіндей тастап кетті дей аламыз ба? Керісінше, оларға өзінің сенімді серіктері ретінде қарап, арқа сүйеген Кенесарыға деген іш тартуы бәсеңсіген  жоқ.

Белгілі рулардың, мәселен, адай, жаппас және арғынның бір бөлігі Кенесары көтерілісіне қатысқан жоқ. Адайлар жер шалғайлығынан әрі патшалық өзгінің ықпалын аз көргендіктен қатыспаса, Шеген Мусиннің қол астындағы арғын руының бір бөлігі мен зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегеновтың қарамағындағы жаппас руының кей бөліктері көтеріліске қарсы болған ел басыларының ықпалынан шыға алмады. Ал кейбіреулері белгілі бір себептерге байланысты көтеріліске  қатысуға тәуекел  етпеді.

Біз қарастырған ресми мәліметтерде қазақ руларының ішкі бөліністерінің бір-бірімен араласып, шатасып кеткенін еске аламыз.  Қазақтың бөлінуін,  оның ішкі жіктелуін кез — келген біле бермейді, оны тек зерделі адамдар ғана жадында сақтай алған. Ендеше, бұл мәселеден хабардар болмаған патша шенеуніктерінің және басқа да адамдардың ақпарларында қате мәліметтердің кездесуі табиғи нәрсе. /7/

Қазақ руларының қозғалыс ағысына біртіндеп-біртіндеп араласқанын байқауға болады. Көтеріліске қатысушылардың саны 1843-45-жылдары көбейе түскен. Өйткені бұл кездері қозғалыс өзінің шырқау шегіне жетті. Дәл осы кезеңде қозғалыс Қазақстанның қазіргі жерінің денін тұтастай қамтыған еді. Мәліметтер бойынша, Кенесарыны белсене қолдағандар: қыпшақ, төртқара, жағалбайлы, табын, тама, шөмекей, бағаналы, шекті, алшын, керей, жаппас, арғын  рулары  еді.

Аталған қазақ руларының барлығы патшалық Ресейге күреске шыққан жоқ. Шөмекей және табын сияқты рулар қазақ даласының қиян шетінде өмір сүргендіктен, олардын Россиямен   мүдделері  қайшы   келе  қоймаған   болатын.

Бұл рулар Сырдария, Қуаңдария өзендері бойында және Қызылқұмда жаз жайлап, қыс қыстап жүрген. Олар Хиуа және Қоқан хандықтарымен шекаралас қоныстанды. Шөмекейліктер мен шомішті табындар Қоқан және Хиуа бектерінің ауыр езгісін бастарынан кешіріп жатты. Сондықтан да осы қазақ рулары ортаазиялық хандықтардың езгісінен құтылу үшін Кенесары көтерілісіне қосылды. Дәл осындай нәрсені Ұлы жүз руларына (дулат, жалайыр) байланысты да айтуға болады. Көтеріліс орталығы Ұлы жүз иелігіне ауысқанда бұл қазақ руларының Кенесарыға қосылуы — олардың патша отаршылдарының езгісіне емес, ол Қоқан бектерінің  қанауына көрсеткен  қарсылығы еді.

Кейбір зарттеушілер арғын және жаппас руларының Кенесары көтерілісіне қатысуын жоққа шығарады. Мысалы, М.И.Стеблин-Каменская: «Шеген Мусин бастаған арғын руы Кенесарыға қосылған жоқ, сондықтан 1845-жылы көтерілісшілердің қатарында арғын руы қатыспаған деуге негіз бар»,— деп қорытынды жасайды. Алайда істің мәні мынада: «Арғын»— рудың жалпы атауы, ал бұл рудың құрамында Қазақстанның барлық аймағында орналасқан қарпық, темеш, қаракесек, атығай, қарауыл сияқты тармақтары бар еді.. Аталған ру тармақтары көтеріліске белсене атсалысты. Шындығында, тек би Шегем Мусиннің қол астындағы арғын руының бір бөлігі ғана 1845-жылға дейін көтеріліске қосылмады. Бірақ арғын руының ата мекенінің ортасынан ойып патша бекіністерінің салынуына байланысты    арғындардың    бұл    тобы    да    Кенесарының көтерілісіне қосылды. Ал арғын руының рубасысы Шеген Мусин өкімет алдында беделді болғанымен, оның келісімінсіз арғын руының жеріне бекініс салуға рұқсат бергені үшін енді билеуші сұлтандарға қарсы Өштік пиғыл көрсете   бастады.

Ол 1845-жылы Ахмет Жантөринге былай деп жазды: «Сіз маған алтын алқа бердіңіз. Мойныма таққан соң мен қызға, әйелге айналдым, ал барқыт шапан киіп жас жігітке айналдым.. Алтын, күміс ақша алдым. Менің жерімде дала сұлтаны Ахмет бекініс салып, орыстан әскер берді. Не істеуім керек? Мен Ахметке ризамын. Тек қана басымызға шаш қойып, мұртымызды баспай, аузымызға салбыратып жіберу ғана қалды. Оны да істейміз әлі! Бәздің дініміз бір, тіліміз бір. Сіз осындай іс жасауға жол бердіңіз. Мен дәрменсізбін. Сіздің патшадан рақым сұраймын деген уәдеңізге біз сеніп қалған едік, бірақ мынадай күтпеген оқиға болды және неден болғанын білмеймін. Менің ойымша, сен сұлтандықтан, ал мен би болудан бас тартуымыз керек. Мынадай мақал бар: «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Біздің кепеміз келісетін емес, сондықтан мен өзімді би, сені сұлтан деп ойламаймын. Мен: Ахмет ақылдасатын болар, ойымызды ортаға салармыз деп ойлағанмын. Бірақ бұлай болмады, сондықтан мен өзіммен  өзім  ақылдастым.  Неліктен  бұлай?  Білмеймін».

Жаппас руына байланысты да осыны айтуға болады. Жаппас руының белгілі бөлігі (қалқаман) 1838-жыл, 1843-жылдары көтеріліске қатынасып, Кенесарыны қолдады. Кенесарыны тек зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегенов пен Алтыбай Көбековтің қол астындағы жаппас руының қазақтары ғана қодамады, олардың ауылын Кенесары 1845-жылы талан-таражға ұшыратты.

Осы деректің негізінде өкіметтің ресми хабарламаларында жаппас руының көтеріліске қатысуы жоққа шығарылып, Кенесарыны жаппас руының бітіспес жауы ретінде көрсетеді. Бұндай ойдың негізсіз екендігіне деректерге  жүгінсек анық көз жеткізе  аламыз.

Кенесарының жаппас руын шабуыма 1844-жылы осы жаппас руынан зекет жинауға Наурызбайды 100 жасауылымен жіберуі себепші етті. Бұл кезде жаппас руының Алтыбай мен Жанғабыл бастаған қазақтары патшалық Ресеймен тығыз байланыста болып, Қоқан хандығымен де сыбайласа араласты. Жаппастықтар Наурызбай мен оның жасауылдарын иіліп қарсы алып, өздерінен тиісті зекетті жинап беруге уәде  етіп, кешке   қонақасы беріп, ауыл-ауылға бөліп қондырды. Түн ортасы ауып, жасауылдар ұйқыға кеткенде, зауряд хорунжий Жанғабыл өзінің сыбайластарын жиып, Наурызбай мен оның жасауылдарын өлтіруге уәделесті. Жанғабыл өзінің ойға алған ісін сәтті аяқтау үшін әрі жақтастарын жігерлендіру мақсатында өзінің соңынан бүлікшілерді жоюға күшті орыс отряды келе жатыр деп хабар таратты, ал кімде-кім көтерілісшілерге қарсы шығудан бас тартса, қатаң жауапк,а тартылады деп үрейлендірді. Сондықтан да Жанғабыл кездестірген қандай да болмасын жаппастық оның сөзіне еріп, бүлікшілерге қарсы көтерілді және олардың қолға түскенін қырып-жоя бастады. /8/

Жанғабыл жасауылдарды өлтіріп, Наурызбайдың қосына жақындаған кезде, қастандык, туралы хабарланған ол, өзінің бірнеше  серіктерімен жасырынып  үлгерген еді.

Наурызбайдың жүз жасауылының 95-і қаза тапты, олардың ішінде Кенесарының сүйікті батыры Байтабын да бар еді, ол ұзақ атысып, қатты қарсылық көрсетті, ең соңында оны батпаққа тықсырып, қоршауға алған кезде оққа ұшты.

Осы оқиғаға байланысты зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегенов Орынбор Шекара комиссиясына жолдаған хабарында былай деп жазды: «Россияның бодандығына адал боламыз деген антымызға сай және патшамыздың жау-ларынан кек алу үшін біз қас дұшпандарымыздың 95 адамын өлтірдік».

Кенесарыға Байтабын батырдың өлімі өте қатты батты. Омар Шипин өзінің «Жеті батырдың оқиғасында» сол кезеңде Наурызбаймен бірге болған жасауыл Төлегеннің әңгімесін келтіреді. Кенесары Байтабынның өлгенін естіген соң, өзінің барлық сарбаздарымен бірге 3 тәулік бойы аза тұтады. Төртінші күні батырдың бейітіне ескерткіш орнаттырды. Осы ескерткіш әлі күнге дейін сақталғам. Ескерткіш орнатылған жер «Байтабын доңызы», ал көз жумған жері  «Байтабын  соры» деп  аталады.

Болған оқиғадан кейін Кенесары Жалпақ бастаған өзінің өкілдерін арғын руының басшысы Шеген Мусинге жұмсап, онан жаппастықтармен жоғарыда аталған оқиғаға байланысты бітімге келу үшін араға түсуін және «оған Наурызбайдың өзі кінәлі ме әлде жаппастықтар кінәлі ме, сол туралы мәлімет жеткізуіне»  өтініш жасады. /9/

Сөйте отырып, жаппас руының билерінен есе қайыру үшін Кенесары зауряд хорунжий Жанғабыл мен басқа да қырғынды ұйымдастырушылардың ауылдарына шабуыл жасады.  Наурызбайдың жасауылдарының қырғынына себепкер болған Жанғабылдың, Алтыбайдың, сұлтан Омаровтың, ауыл иесі Мырзабек Құлмановтың, Ниман Алтыбаевтың біраз малдарын тартып алды. Кейбір кездерде жаппас руының ауылдарына шабуыл жасау барысында Кенесары, елшілерінің өліміне кінәлі болмаса да, бейбіт ауылдарға шектен тыс қатыгездік жасады.

Алайда жаппас руының дені, Наурызбайдың жасауылдарының өліміне қатысы жсждары, көтерілісшілерді бел-сене қолдауын тоқтатқал жоқ. Бұған Наурызбайдың жасауылдарына қастандық, ұйымдастырушылардың бірі — жаппас Елемес Сұлтабаевтың билеуші-сұлтан Ахмет Жантөринге берген куәлігі дәлел: «Сұлтан Кенесары Қасымов маған және зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегеновке өткен жылғы Кенесарының жақтастарын өлтіргеніміз үшін өштесуде, ол бізге- шабуыл жасамасын деп, ауылдарымызбен Сібір шебіне қарай жылжыдық. Бірақ руластарымыздан 120 ауыл Торғайға қарап бөлініп кетті, біздің қанша бөлінбеуге шақырғанымызға қарамастан, олар Кенесарыдан бас тартпаймыз, себебі, біз оның жақтастарын өлтіруге қатысқан жоқпыз деп жауап берді»,—  деп көрсетеді.

Кенесары ешқашан жаппастықтарды өзінің саяси дұшпаны санамаған. Жанжалды тоқтату мақсатында ол 1845-жылы жаппас руына өзінің өкілін бітімге келу үшін келіссөз жасауға жіберді. Оп: «Үш адамға — Байтабын, Қанай және белгісіз тағы бір азамат үшін құн төлеуді, сонымен бірге олардың мінген аттары мен қындарындағы қылышын қайтарса, онда ол жаппас руына ешқандай кек сақтамай, біткен  іске  салауат дейміз,»— деді.  /10/

Екі жақты езгіге—солтүстік батыста патша өкіметінің отаршылық езгісіне, оңтүстікте ортаазиялық хандықтардың езгісіне және сұлтандар мен билердің патриархалдық-феодалдық қанауына ұшыраған қазақ халқының бұқарасы Кенесарының соңынан ерді, оның жеңісі әбден титығы шыққан, адам төзгісіз ауыр тұрмысты жеңілдетеді деп ойлады.

Қазақтар көтерілісшілерге қосылу себебін «зорлық пен зомбылықтың шактен шығуы» деп түсіндірді. Мысалы, Сарым болысының азаматы Жаңғұты Бумантаев Ақтау комендантына берген түсініктемесінде былай деп көрсетті: «Кенесарыдан қорыққандықтан емес, татарлар мен қарқаралылық орыстардың тықсыруынан қырға ішкерілей ендік,   алыстағанда іздегеніміз  тек тыныштық  еді».

Дәл осындай жауапты Ақтау комендантына Соқыр би мен   Базар  старшын  да   берді:   «Біздің   қырға  кетуіміздің бірден-бір себебі—Құдайменді сұлтан мен татар Бегіштің жәбірлеуі».

Кенесары көтеріліске қатысқандарға тек жер беруді уәде еткен жоқ, сонымен бірге, ауқатты, бай өмір сүресіңдер деп те уәде берді. Бұны Кенесары жақтастары берген түсініктемеден де көруге болады. Орынбор Шекара комиссиясындағылар  олардан  «неге   Кенесарыға қосылдыңдар?» деп сұрағанда, олардың көпшілігінің жауабы біреу болды: «Кенесары бізге байлықпен өмір сүргіземін деп уәде берді». Бағаналы руынан шыққан Тұрлыбек Темағынов тергеу барысында: «Мен Кенесарыға байлық табу үшін  қосылдым»,—  деп  жауап  берді.

Кенесарынның екінші бір жақтасы, Кенесарының жүзбасысы болған Тайман Мейірманов былай деді: «Кенесарыға қосылған себебім, оның Ордада атағы шықты және кімде-кім оның тобына қосылса, ол бай болады»,— депті, сондықтан өзінің отбасымен, туған-туыстарымен Кенесарыға көшіп  барды.

Сонымен бірге, Кенесарының патша үкіметі тартып алған қазак, жерлерін қайтаруды және салынған бекіністерді жоюды, алым жинау мен әр түрлі салық салуды тоқтатуды талап етуі және бұрын қазақтарға тиесілі болған жерлерді қайтару үшін Қоқан мен Хиуа хандықтарымен күресуі — қазақ халқының өмірлік мүдделеріне сай еді. Кенесары: «Қазіргі бастықтар… жерді кесіп-пішіп, қамал салып, халықты мазалауда»,— деп жазды. Мұны билеуші-сұлтан Ахмет Жантөрин де атап өтті, ол: «Кенесары сұлтан далаға бекіністердің салынуына қатты наразы және барлық қырғыздарға (қазақтарға — ауд.) «бастықтар қазақтардың ең жақсы жерлерін тартып алып жатыр» деп жар салды»,— деп  жазды.

Кенесары қазақ жерлерінің тартып алынуына күйініп қана қойған жоқ, атамекенді кері қайтару үшін де халықты батыл күреске шақырды. «Ата-бабамызға тиесілі жерге салынған бекіністерді талқандап, өртеп жіберемін»,— деп өкіметке  сес  көрсетті.

Қоқан ханымен тынымсыз күрес жүргізе отырып, Кенесары олардың шеңгеліндегі Ұлы жүздің жерлерін қайтаруды мақсат етті. Орынбор шекара комиссиясының торағасы осыған байланысты Азиялық департаментке: «Оның Қоқан жерлерін басып алуға тырысуының түпкі мақсаты — сол жерді қазақтарға бөліп беру»,— деп жазды.

Кенесары қазақтарға салық салуға да үзілді-кесілді қарсы шықты.  І-Николайға жазған  хатында ол:  «Біздің халықтан жасақ жинай бастады және оларға жан-жақтан қысым көрсетіп, шеттетіп жатыр, бұл біздің халық үшін үлкен қасірет»,— деп мәлімдеді. Генерал Горчаковқа жолдаған екінші бір хатта: «Қазақ халқына баж салыгын салдыңыздар, демек, бұл бізге қысым жасағандарыңыз, алым-салық төлеп сіздердің қол астарыңызда тұру тіптен мүмкін  емес»,— деп  жазды.

Кенесары «ежелгі тәуелсіздікті қалпына-келтіреміз», яғни «тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрамыз» деген ұранмен күрес  жүргізді.

Халық бұқарасының жанына жақын талаптар қазақ кедейлерінің де, жалшылардың да, жатақтар мен егіншілердің де мүддесін қозғағандықтан, олардың да күреске белсене қатысуы  табиғи  еді.

Көтеріліске қатысқан жалшылар туралы Кенесарының ордасында болған көптеген орыс шенеуніктері әңгімелейді. Екатерина станицасы маңында көтерілісшілердің қолына тускен А.Иванов кейін тұтқыннан оралған соң болған тергеуде: «Кенесарының қол астында 1500 жас өспірімдер мен бақташылар  бар»,— деп көрсетті. /11/

Кенесары ордасына арнайы барған патша тыңшысы Мыңбай Тұяқов: «Кенесарының кедейлігі мен қарусыз екендігін көрдім. Олар зорығып өлген жылқының етін жейді әрі киім киістері де жұтаң. Олар әдеттегі байғұстар сияқты өмір  сүреді»,— деп  хабарлады.

Сонымен бірге Мейер де: «Кенесары туының астына, негізінен, үй-жайсыз ержүрек жігіттер жиналды»,— деп көрсеткен  болатын.

Байғұстар мен жатақтардың көтеріліске қатысуы туралы қазақтың  халық әндерінде де  айтылады.

Көтеріліске егіншілер де белсене қатысты. Мұрағат деректерінде Сырдария бойын мекендеген шекті, кішкене шекті және төртқара рулары егіншілерінің көтеріліске қатысқаны  туралы айтылады.

Сонымен бірге көтеріліске Торғай және Ырғыз өзендерінің аңғарын мекендеген егінші қазақтар да қатысқан. Ал Торғай мен Ырғыз өлкесі осы қозғалыстың орталығы болғаны  белгілі.

Полковник Бизановқа берген түсініктемесінде Кенесарының ағасы Әбілғазы: «Менімен бірге ұсталған қазақтар Кенесарының қол астында жүргенімен, негізінен, олар кедейліктің кесірінен егіншілердің ішіне күн көру үшін сіңген жарпы-жақыбайлар»,— деп мәлімдеді.

Өзінің түсініктемесінде Шерман Асатов: «Кенесарының жақтастарынан   басқа,   оның   қасында   300-ден   астам   үй төленгіттер бар, олар қысы-жазы бірдей солармен бірге көшіп-қонып жүреді. Орта және Кіші орданың әр түрлі руларынан құралған төлеңгіттермен қоса, олардың қатарында қарауыл, атығайлар, уақтар, керейлер де бар»,—  деп  хабарлады. /12/

Соғыс жағдайында төленгіттер Кенесары үшін әскери күш ретінде керек болғаны түсінікті. Сондықтан да көтеріліске қосылған төленгіттер, негізінен, әскери жасақшының қызметін атқарғаны кездейсоқ нәрсе емес.      Тіпті, көтеріліске қосылған кейбір жеке қазақ рулары өздерін Кенесары төленгіттеріміз деп атады. Бұның өзі, уақытша болса да, төленгіттердің әскери күш ретінде беделінің  өскендігін көрсетеді.

Алайда төленгіттіктің уақытша қайта өрлеуі жалпы әлеуметтік дамудың ағымын тоқтата алмады, олардың бір кездегі әскери жасақ ретіндегі қызметі әлсіреп, бірте-бірте феодалға басыбайлы адамдардың тобына айналып бара жатты. Мұны көтеріліске қатыспаған Кенесарының өз туыстарындағы, мысалы, Шыңғыс Уәлихановтың, Абылаевтардың, Рүстемнің және басқалардың қол астындағы төленгіттердің жағдайынан-ақ көруге болады. Осы сұлтандар төленгіттерді басыбайлы адамдарға айналдыру үшін өкімет орындарымен үздіксіз хат жазысумен болды. Дәл осындай жағдай көтеріліске қатыспаған барлық сұлтандардың  төленгіттеріне де  ортақ  еді.

Кенесары әскерінің ішінде қазақтың үш жүзінен аса беделді, аты жұртқа әйгілі батырлары болады. Шұбыртпалы руынан шыққан Ағыбай (Орта жүз — Қарқаралы), сүйіндік Жанайдар батыр (Орта жүз — Баянауыл), қыпшақ (Орта жүз — Торғай) Иман Дулатов (Амангелді батырдың атасы), табын Жоламан Тіленшиев (Кіші жүз — Сырдария), дулат Бұғыбай (Ұлы жүз—Жетісу), атығай Аңғал батыр (Орта жүз — Көкшетау), қыпшақ Басығара батыр (Орта жүз — Ақмола), арғын Жеке батыр (Орта жүз), дулаттан шыққан Жәуке, Сұраншы, Бәйсейіт батырлар сияқты үзеңгілес жолдастары  болды.

Кенесары батырларының әлеуметтік құрамы біркелкі емес еді. Қара халықтан шыққан (Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, т.б.) батырлармен қатар, Кенесары батырларының арасында ақсүйектерден шыққан аты әйгілі сұлтан Наурызбай, табын руының биі Жоламан Тіленшиев те болды. Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы генерал Генстің айтуынша, Жоламанның 800 жылқысы, 2 мың қойы және 50  түйесі болған.

Аталған батырлардың барлығы Кенесарыны көтерілістің соңына дейін қолдады. Осылардың әрқайсысы туралы көптеген өлең, аңыз, әңгімелер бар. Кейбір батырлар өздерінің естеліктерін қалдырған. Сонымен бірге, мұрағат құжаттарында, көтерілістің соңына дейін қатыспаған батырлардың да есімі сақталған. Бұл көрініс Кенесарының Орталық Қазақстанның сайын даласынан Ұлы жүздің жеріне қоныс аударған кезінде байқалады. Мысалы, Кенесарыны Ұлы жүздің Тәуік, Сыпатай және т.б. батырлары қолдамады. Мұрағат материалдарында кейбір батырлардың көтеріліске қатысудан бас тартуының себебі туралы мәлімет кездеспегендіктен, оның толық мән-жайын түсіндірудің реті  келмеді. Айта кететін бір жай, сыртқы жаудың қауіп-қатерінен сескенген олар өздерінің әр түрлі әлеуметтік ортадан шыққанына қарамастан, белгілі бір уақытқа дейін бірлесіп қимыл жасады. Алайда көтерілістің соңына қарай, батырлардың әр түрлі әлеуметтік тегі қозғалыстың түпкі нәтижесіне әсер етпей қоймады. Батырлардың әлеуметтік құрамы туралы мәліметтерді біз, негізінен, ауыз әдебиетінің материалдарынан алып отырмыз. Мұрағат деректері тек қана батырлардың әскери қимылдарын сипаттаумен ғана шектеледі, ал олардың жеке бастары туралы мәліметтер  үзік-үзік  қана  кездеседі. /13/

Кенесары және оның серіктері жөнінде фольклор материалдарының құндылығы сонда, олардың көпшілігі ХІХ-ғ. аяғы мен ХХ-ғасырдың басында Кенесары батырларының, жеке көтерілістің басқа да қатысушыларының өз аузынан жазып алынғандықтан, олардың бағасы арта түседі. Кейбір мәліметтерді сол уақиғаларды көзімен көрген адамдар жазып қалдырған. 1890-жылы Т. Титаковтың Кенесарының батырлары Шынбай Мыңбаев пен Бектеміровтен жазып алған естелігі ерекше қызықты. Олардың айтуы бойынша, Ағыбайдың әкесі Олжабай шұбыртпалы руынан шыққан, ол өзінің бауырлары Манабай, Танабай, Мыңбаймен (олардың ағайындарын қосып санағанда 62 үй болған) бірге көтеріліске алғашқы күнінен бастап қатысқан. Олар Кенесары әскері қатарында шайқасты. Мысалы, Танабай Кенесары қолбасшыларының бірі және көтерілісшілердің арасында беделді болды. Олжабайдың өзі де батыр кісі еді.

Ағыбайдың шешесі Ақмола облысында көшіп-қонған тарақты руының қызы екен. Әкесі қайтыс болған соң, 13 жасар  Ағыбай  шешесімен  қалды.   Олардың  бар  байлығы тек «бір түйе, бір ат қана» болды. Басқа малдары болмады. Кейде тіске басар ештеңе табылмай қалғанда, Ағыбайдың шешесі жиі-жиі бай кершілерінен май, сүт және басқа қажетті нәрселерді рұқсатсыз алып отырыпты. Тым шектен шығып бара жатқан соң, бірде Кенесарының әкесі Қасым батырдың шешесінен оның бұл әдетін тоқтатуды және кершілерді  мазалауды қоюын  талап етіпті.

Ағыбай Саржан мен Есенгелдінің және Ержанның 1836-жылы Ташкент құсбегісіне барған елшілігіне де қатысты. Кенесарының көтерілісіне ол қатал өмір мектебінен өткен, есейген батыр болып қосылды. Ағыбай Кенесарының құрдасы әрі бірінші әскери кеңесшісі болды. Кенесары оны еш уақытта өз атымен атамай, әзілдеп «Көсе» деп атап, өте жақсы көріп, қатты сыйлапты. Ағыбайды көзі көргендер оның сыртқы түрін -былай деп суреттейді: «Ағыбай — иегінің айналасында ғана өскен сирек сақалды (қазақтар мұндай кісілерді «көсе» деп атайды), ұзын бойлы, кең иықты, шүңірек көз адам еді. Оның қолдары ұзын болғандықтан, сүйікті қаруы тоғыз түйінді, сырғалармен әшекейленген найза болды. Ол құлан терісінен жасаған мықты қайыс белбеуінде ілулі тұратын еді. Арқасында дөңгелек қалқаны, жанында күнге шағылысқан  қылышы мен  қысқа  қайқы  семсері  болды».

Көтерілісшілердің Ағыбайға деген ерекше құрметі туралы Кенесарының өз әйелдерінің бірімен әңгімесінен байқауға болады. Бірде ханым Кенесарыдан: «Сіз әскеріңіздегі кейбір адамдарға мыңбасы, бесжүзбасы деген атақтар беріп жатырсыз, неге сіз «Көсеге» атақ бермейсіз?»— деп сұрапты. Сонда оған Кенесары: «Егер әскерімнің алдыңғы легі ұрысқа «Абылай!» деп ұрандап кіріссе, ал олардың соңынан ергендері «Ағыбайлап» соғысқа кіріседі. Міне, сондықтан да мен оған әскери атақ  берген жоқпын»,— деп жауап  беріпті.

Ағыбай көтерілістің соңына дейін Кенесарыға деген адалдығынан айныған жоқ. Кенесары қаза тапқан соң, Ағыбай шұбыртпалы руымен қазіргі Ақмола облысының территориясына қоныс аударып, 83 жасында Қайрақты деген жерде қайтыс болды. ХІХ-ғасырдың екінші жартысында шығарылған «Ағыбай батыр» қисасы оның ерлік жолына арналған.

Кенесарының екінші бір атақты батыры —Амангелдінің атасы, қыпшақ руынан шыққан Иман батыр еді. Ол 1780-жылы бұрынғы Торғай уезінің Дулаттың Қызыл жары деген жерде  туған.  Иманның   әкесі  Дулат   орта  дәулетті адам болыпты. Иман көтеріліске 1839-жылы қосылды. Есіл өзені жағасындағы Көкалажар қамалын Кенесары — әскері қоршауға алғанда, гарнизондағылар көтерілісшілерді жақындатпай, ұзақ атысады. Сонда Иман батыр кішігірім тобымен байқатпай барып, қамалдың сыртынан соққы беріп, оған басып кіреді. Шайқас аяқталған соң, Кенесары сарбаздарын жинап, Иманның ерлігіне таңданғанын айтып: «Менің қасымда жолбарыстай қайратты, түлкідей айлалы Аякеңнің болғанына өте ризамын»,— дейді. Сонан кейін Кенесары құрметінің белгісі ретінде батырды «Аяке» деп атап кетіпті. Иман, жасы үлкен адам ретінде, Кенесарының әскери кеңесінің мүшесі болды.

Табын руынан шыққан Буқарбай батыр (Кіші жүз, Сырдария маңы) да Кенесарының сенімді серіктерінің бірі еді. Бұқарбай батырдың өз өмірбаянының қызықты кезеңдері туралы әнгімелері халық арасына кең тарап кеткен. Өзінің бір әңгімесінде қоқандықтардың Күреш деген қазақ ауылына шабуыл жасағаны туралы мынадай әңгіме айтып беріпті: Ауылдың тоналып, адамдардың тұтқынға айдалып кеткендігін естіген Бұқарбай батыр өзінің жасағымен қоқандықтардың соңынан түседі. Ол қоқандықтарды қуып жетіп, малдарын қайтарып, тұтқынға түскендерді босатады. Солардың арасынан Күреш байдың сұлу қызына көзі түседі. Ауылға оралған соң, Бұқарбай батыр Күреш байдан қызын өзіне әйелдікке беруін сұрайды. Күреш: «Қоқандықтар малымды айдап, тонап кетті, сондықтан қызымның қалың малына 47 бас мал бермесең, қызымды саған бере алмаймын»,— дейді. Сонда Бұқарбай батыр: «Менде бірде-бір мал жоқ, ондай қалыңмалды қайдан табамын»,— деп қызға қарапты. Сонда қыз орнынан тұрып, әкесіне қарап: «Егер Бұқарбай бізді қоқандықтардан құтқармағанда, қазір мен қайдағы бір Қоқан бегінің күңі болып жүретін едім. Бұқарбайдың ерлігінің өзі қалыңмалдың құнына татиды. Мен  тек осыған күйеуге шығуға  серт беремін»,— депті.  /14/

Бұл оқиға Бұқарбайдың кедей ортадан шыққандығын айтқызбай-ақ,  айғақ  етіп  тұр. Басқа бір фольклор материалдарында Бұқарбайдың ерліктері мен оның халық арасындағы аса беделді болғандығы  баяндалады.

Ауыз әдебиетінің шығармаларында басқа да батырлар туралы үзінді мәліметтер бар. Мысалы, Омар Шипиннің ауыз әдебиеті шығармаларының негізінде жазған «Жеті батырдың қысқаша хикаясы» атты шығармасында Құдайменді батыр туралы  мындай мәліметтер  бар:

«Ақсүйек Сандыбав Ерден Құдайменді батырдың қалыңдығын тартып алып, Қара Кеңгір және Ұлытау маңындағы жайылымдарын бермей, оны қуып жібереді. Сонда Құдайменді ауылынан қашып, Кенесарыға барып қосылады».

Кенесарының кейбір батырларының әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер мұрағаттық деректерде де сақталған. Мысалы, бас штабтың поручигі Герн 1845-жылы Кенесары ордасында болып, оның жанындағылардың жалпы кедейлігін, жайылымдарының нашарлығын айта келіп, қосымша Жеке батырдың ауылында 15 не 16 сиыр ғана бар екен деп хабарлайды. Жеке батырдың шын аты — Төлебай, 1838-жылы Ақмолаға шабуыл жасаған кезде көрсеткен ерлігі үшін Кенесары оны «Жеке батыр» деп атап кетіпті.

Поручик Герннің Жеке батырдың 15-16 сиыры бар деген хабары оның 5-10 үйден құралған ауылындағы адамдардың қажетін зорға  қанағаттандырып  отрығандығын  көрсетеді.

Екінші бір құжатта «Квнесарының айналасындағылардың ішінде      ерекше   сеніміне  ие  болғандар  қарапайым қырғыздардан (қазақ) шыққан батырлар: Жеке, Жанайдар, Сүтен  және  Шоқмар»,—  деп  атап  өтіледі.

Міне, қарап отырсақ, Кенесары батырларының бір бөлігі халық  бұқарасының  арасынан  шыққандар  екен.

Кенесары қозғалысына қазақ қоғамының әлеуметтік жоғарғы тобының өкілдері — сұлтандар мен ру билеушілері де қатысты. Олардың бір бөлігі көтерілістің басынан өздерінің жасақтарымен Кенесарыға ерді және соңына дейін оған адал болды. Бұлар, негізінен, Кенесарының жақын туыстары еді. Сұлтан Сейілханның түсініктемесіне қарағанда, 1846-жылдың соңына дейін Кенесарымен үнемі бірге жүрген туыстары мыналар: Наурызбай, Ержан Саржанов, Құдайменді, Сейілхан Бегалиев, Ораз Бопинов, Басалқа  Тоқтамысов,  Кенесарының  қайынағасы  және  т.б.

Бұлардан басқа, Кенесарының жақтастарының арасында патша өкіметіне наразы, 1822-жылғы «Сібір қазақтарының низамы» енгізілгеннен кейін өздерінің бұрынғы еркіндігінен айрылып қалғандар немесе кедейленген сұлтандар болды. Олардың да бір бөлігі Кенесарыны көтерілістің ақырына дейін  қолдады.  /15/

Патшалыққа наразы сұлтандардың бірі-Сармын Тұрсынханов тергеу барысында көтеріліске қосылу себебі: «Олардың арасынан біреуін де аға сұлтан етіп сайламай, бұл атақты  қарапайым  биге  бергендіктен»,— деп  мәлімдеді.

Көтеріліске белсене қатысқан сұлтан Қосан Жолбарысов туралы шекаралық басқарманың шенеунігі Сердюков: «Оның жағдайы нашар және адамдары да жоқ»,— деп хабарлады.

Сұлтандардың екінші бір бөлігі көтеріліске халық бұқарасының қысымымен байлығынан айрылып қалудан және халық арасындағы ықпалын жойып алудан қорқып қосылды. Олардың арасында даланы басқарудың жүйесінде белгілі бір қызмет атқарып жүрген кейбір сұлтандар да бар еді. Сібір шекаралық қазақтарының бастығы полковник Талызиннің 1838-жылғы жазған мәліметінде: «Жыртқышқа Ақмола өкірүгі сұлтандарының көпшілігі қосылып қойған жоқ, сонымен бірге Баянауыл, Қарқаралы және Көкшетау өкірүгтерінің де қосылғаны анық. Басқа барлық сұлтандар сырттай үкіметке адал болып көрінгенімен, олар Кенесарымен жасырын байланыста болды»,— деп жазуы бекер емес. Бұл сұлтандар көтерілістің уақытша серіктері болды. Олар көтерілісшілерді алғашқы сатысында ғана (1837-1838) қолдады. Көтеріліс бірте-бірте қазақ жеріне кеңінен тарала бастаған кезде, көптеген сұлтандар (Маман Абылаев, Қоңырқұлжа Құдаймендин, Күшік Айшуақов, сұлтан Дайыров, Көбеков, т.б.) қозғалысты сатып, жау жағына шығып кетті.

Күшік Айшуақов көтерілісшілер арасында жүріп полковник Талызинге: «Мен дуанға келе алмағаныма кешірім сұраймын. Қазір Кенесарыдан бірте-бірте алшақтап барамыз, біз оны дұшпан деп  есептейміз»,— деп  жазды.

Сұлтан Дайыров та Талызинге жолдаған хатында өзінің көтерілісшілер арасынан кетуге дайын екендігін хабарлайды. Ол: «Патшаға қарсы шығу және қару көтеру еш уақытта ойымызда жоқ және зиян келтіруді де ойламаймыз, қай жерде болмайын, бар уақытта да патшаға адал қызмет  етуге дайынмын»,— деп жазды.

Кенесары көтерілісіне ру ақсүйектері — билер, ірі феодалдар да қатысты, мысалы, Шаң Едігенов, Шорман Күшіков, Мұса Шорманов және т.б. Мұса Шорманов көтеріліске қосылғандықтан ғана өзін тонаудан аман алып қалды. Егер қосылмаған жағдайда ызаланған көтерілісшілер оның  бар  малын  барымталап  алатын  еді.

Мұса Шорманов өзін ақтау және патшаға адалдығын көрсету үшін орынборлық өкімет орындарына: «Кенесарыға еш уақытта қосылған емеспін және оның күресін қолдаған жоқпын. Ол мені шақырған еді, бірақ мен онан бас тарттым. Сізге белгілі, үнемі Кенесарының қаскөйлігіне қарсы күресіп келдім»,— деп жазды.

Үкімет өзінің жансыздары арқылы ру ақсүйектері және сұлтандармен тұрақты байланыс жасап тұрды. Олардың жері мен байлығын сақтап қалуға уәде бере отыра, Кенесары Қасымовтың «тобырынан» бөлінуге кеңес берді. Көтерілістің шешуші кезеңдерінде олар шынында да көтерілісшілерді тастап, патша үкіметі жағына шығып кетті.

Көтеріліске жеке рулардың басшылары — билердің және ірі феодалдардың қатысуы көтерілістің жалпы дамуына әсер етпей қоймады. Патриархалдық-рулық қатынастардың қалдықтары мен бір орталыққа бағынған мемлекеттің құрылуына мүдделі емес ірі феодалдар мен билердің іс-қимылдары кетеріліске шыққан халықтың күшін біріктіруге елеулі түрде кедергі келтірді. Кенесары оларға қарсы әр түрлі әдіспен қимыл жасады. Кейбір кездерде ру басшыларынсыз-ақ қазақ руларымен байланыс жасап, арасына үндеулер таратып, тікелей жұмыс жасады. Ал кей кездерде ру билерінің өздерін көтеріліске тартуға тырысты. Алайда қазақ руларын олардың басшыларынан бөліп әкету Кенесарының қолынан келмеді. Мысалы, арғынның қошқар руының биі Шеген Мусин 1845-жылға дейін көтеріліске қосылмады. Күреске оның қол астындағы ру тармақтары да қатыспады. Кенесары Шеген Мусиннің туыстары арасындағы беделімен сөзсіз санасты, сондықтан оған қарсы ашық  қарулы қақтығысқа  бармады.

Шеген Мусиннің және басқа да ру басшыларының беделі мен ықпалы қазақ қоғамындағы патриархалдық-рулық қатынастардың қалдықтарында рулық тұйықтық пен жершілдікке негізделген еді. Осы қалдықтар ру «көсемдерінің» беделі мен билігін мойындаудың алғышарты болды. /16/

Дәл осындай пікірді Есет Көтібаровқа байланысты да айтуға  болады.

Есеттің Кенесары көтерілісінен қол үзуін қалай түсіндіруге  болады?

Бұның басты себебі: тағы да сол патриархалдық-рулық қатынастың қалдықтарында, рулық тұйықтық пен жершілдікте жатыр. Есет Көтібаров шекті руы тілеуқабақ бөлімінің рубасы бола жүріп, кейбір қазақ сұлтандарына жолдаған хатында өзінің руын «тілеуқабақ халқы» деп атап, өз руының мүддесін жалпы халықтық мүддеден жоғары қояды. Кенесары оның руластарының бұған жасаған шағымдарын уақыт өткендігіне байланысты қараудан бас тартқанда, Есет оған өкпелеп, онымен байланысын үзді. Сонымен бірге, шекті руы мен төртқаралықтардың арасындағы   бұрыннан   келе   жатқан   рулық   жанжалды  да ұмытпау керек. Кенесарының Есетпен достық қатынас орнатуға және көтеріліске шыққан рулардың күшін біріктіруге тырысқан  әрекеттерінің  бәрі  сәтсіз  аяқталды.

Қазақстанға тән, қозғалыстың тұйықтығы мен бір жердің шеңберінен аспауы және патриархалдық-рулық қатынастардың үстемдігі Есеттің мінез-құлқына, іс-қимылына да әсер етті. Есеттің ортақ жау — патшалыққа қарсы күресі халық, бұқарасының күресін жеңілдететінін түсінген Кенесары онымен әскери қақтығысқа бара қойған жоқ. Есеттің көтерілістен шет қалуының өзі рулық томаға-тұйықтықтың қаншалықты күшті екендігін және көтеріліске шыққан халықтың бірігуіне кедергі жасағандығын көрсетеді, сонымен бірге, кейбір батырлардың күрес барысында рулық-феодал ақсүйектермен бірігіп кеткенін де  көреміз.

Ықпалы аз және әлсіз ру басыларын Кенесары әскери күш  қолданып  бағындырды.  /17/

Кенесарының Құдаймендин сұлтанға қарсы жорығы осындай қатынасқа тән шара болды. Осы жорық жөнінде Кенесарыда болған Тасболатов былай деп хабарлайды: «Жақын арада ол Қарқаралы бағытында қозғалып, сол өкірүгтің аға сұлтаны подполковник Құдаймендиннің қалған малын қуып әкетуге және қазақтардың арасында Кенесарыны балағаттағаны үшін және Құдаймендинмен бірге орыс отрядтарына көмектескені үшін сол өкірүгтегі Жамантайдың да жылқысын  алуға,   ауылын тонауға барады».

Ескерте кететін бір жай, Кенесары осы сияқты феодалдарды өте жақсы білетін және олардың көңіл күйін де түсінетін. Алайда өзінің алдына патшалық Ресейге, Қоқанға және Хиуаға қарсы жалпы майдан құру мақсатын қойғандықтан, ол қандай жолмен болса да көтеріліске қатысушылар санын көбейтуге тырысты. Оған сенімсіз болса да одақтастар аса қажет еді. Егер кейбір сұлтандардың қосылмайтындығына көзі жетсе, оларды қорқытып болса да бейтарап қалдыруға тырысты. Кенесарының назар руының билері —Байтөре мен Қаракүшікке жазған хаты сөзімізді дәлелдейді. Бұл хатта ол: «Менің хан екенімді мойындаңдар, сендермен арамызды суытқым келмейді. Егер бұрынғы іс-әрәкеттеріңе өкінсеңдер, іштеріңдегі ең сыйлы адамдарың маған келсін. Мен сендерге қайрымдылықпен қараймын. Ал егер келмейтін болсаңдар, онда мен, 30 жыл сендерді күтіп жүріп ем, енді 30 жыл бойы ісім сендермен болады. Сендерге өзімнің қызметшім Бабықты жіберемін, оның сөзіне сеніңдер»,— деп қорқытты. /18/

Міне, сондықтан да Кенесары көтерілісшілерінің арасынан сол кездегі қазақ қоғамының белгілі султандарынан және ру билерінен бастап, ауылдың кедейі-жалшыларына дейінгі  әр түрлі өкілдерін көреміз.

Көтерілісшілер құрамының әр түрлілігі ерте болсын, кеш болсын, қозғалыстың бәсеңдеуіне, соңынан оның жеңілуіне де  әсер  ететіндігі  өзінен  өзі  түсінікті.

Атап өтерлік жайт, ол көтеріліске басқа да ұлт өкілдерінің қатысу мәселесі. Бұл жерде ескере кететін мәселе, қазақтың езілген халық бұқарасы сол кезде де орыс халқының күресіне жанашырлықпен қарады. Бұл әсіресе Пугачев көтерілісі кезінде ерекше байқалды, қазақтар көтеріліске шыққан шаруаларға материалдық көмек қана көрсетіп қойған жоқ, сонымен бірге, өздері де  Емельян Пугачевтың  туы  астына  жиналды.

Алайда бұндай жағдайлар аз болған еді. ХІХ-ғ. бірінші жартысында орыс тұрғындарымен қарым-қатынас жасауына біршама алғышарттар жасалған болатын. Ол мына жағдайларға  байланысты  болған  еді.

ХІХ-ғ. 20—30-жылдары патша өкіметі Ресейдің орталық аудандарынан шаруаларды күшпен империяның шет аудандарына көшіре бастады, соның ішінде Қазақстанмен шекаралас жерлерге де. Шаруалар өздерін үйренбеген жерлерге қоныс аударғанға наразы болды және қазақтардың көтерілісіне тілектестікпен қарады. Патша өкіметіне Сібір және Орынбор бөлімдеріне әскери қызметке  жаңадан  алынғандар да  наразы  еді.

Көтерілістің алғашқы күндерінен бастап Кенесарыға көтеріліс ауданында тұратын көптеген ұлт өкілдері қосылды. Ортақ жау — патша өкіметіне қарсы қазақтармен бірге, қазақ далаларында өкімет орындарынан қашып жүрген  орыстар,   татарлар,   башқұрттар да  қосылды.

Олар Кенесары әскерінде қару-жарақшы, топ басшысы қызметін атқарды. Олардың көтеріліске қатысуы туралы Бас штабтың поручигі Герн: «Кенесарының қасында Сібір және Орынбор гүбірнатырларына бағынышты барлық рулардан қазақтар бар. Олармен бірге, бес орыс, төрт башқұрт және алты татар бар. Олардың кейбіреуі Кенесары армиясына қару-жарақ, оқ-дәрі жасайды»,— деп жазды.

Қару-жарақ шеберлерінің ішінде аталған орыстардан басқа, басшылық қызметте болған қашқын солдаттар да болды. Мысалы, Белешев және Малкин сияқтылар. Малкин туралы қызықты мәліметтерді өзінің   құпия   хабарында Аюшин былай деп хабарлайды: «Кенесары оны бай қалыңдыққа үйлендіріп, қол астына 40 адам беріп, бастық етті. Олардың бәрін орда маңында ұстайды. Қазір Кенесарының, қасында бірінші жасауыл—Хусни (башқұрт), Кішін (Малкин)— екінші жасауыл деп жүр. Кішін онда балуан ретінде даңқы шығыпты, ал Кенесары оған Батыр-Мұрат деп  ат қойыпты». /19/

Үкімет өзінің елшілері және жансыздары арқылы Кенесары әскерінде қызмет ететін қашқын солдаттар туралы мәліметтер жинауға тырысты. Герн бастаған елшілікті Кенесары ордасына жіберер алдында генерал Обручев «Кенесары ауылдарында қашқын орыс азаматтары бар ма, жоқ па, соны білуді», (алып қашпа сөз арқылы белгілі еді), «егер бар болса, онда оларды беруге көндіруді» арнайы  тапсырып  еді.

Қашқын орыстың біреуі Кенесарының жеке хатшысы болып  та  қызмет  етті.

Кенесарыға тұтқынға түскен орыс офицері барон У-р қолға түсісімен Кенесарының хатшысы қазақ шапанын киген, қырынған, белгісіз бір орысқа алып барғанын айтады. Белгісіз орыс барон У-рға қай губерниядан екенін айтудан бас тартқан. Осы қашқын орыс туралы тұтқыннан шыққан орыстар мен патша өкіметінің жансыздары да хабарлаған еді. «Аударма үшін екі адамы бар… бірі—татар, Троискі қаласынан,  екіншісі—орыс,  өзін орыс офицерімін»,— дейді.

Кейбір қашқын орыс солдаттары қатардағы жауынгер ретінде Кенесарының әр түрлі жорықтарына қатысты. Жаппастықтардан зекет жинау кезінде, Наурызбай бастаған 200 жігіттің ішінде, оның жеке көмекшісі Николай Губин де болды. Жаппастықтар қастандық жасағанда Губин Наурызбаймен бірге оның қасында еді, алайда атына мінуге үлгермей, тұтқынға түсіп қалды. Кейіннен ол Орынбор шекара  өкіметіне  берілді.

Кенесары қолға түскен орыс тұтқындарды қалуға үгіттеп, жақсы қалыңдық беруге уәде беретін болды, Кенесарыда тұтқында болған Федоров П. тергеуде: «Кенесары бірнеше рет христиан дінінен бас тартуға үгіттеп, қыздардың ең жақсысына үйленуді ұсынды, алайда мен онан әр түрлі уәж айтып, бас тарттым»,— деп жауап берді.

Кенесары ортаазиялық хандар мен дінбасылары барынша насихаттауға тырысқан кәпірлерге қарсы қасиетті соғыс — «Ғазауат» үндеуін ұстанған жоқ. Әдетте Қоқан немесе Хиуа хандары өздерінің басқыншылық соғыстарын «Ғазауат» үндеуімен бүркемелеуге    тырысатын.  Бұндай  жағдай Саржан Қасымов көтерілісі кезінде де болды, қоқан ханы қазақ жерлерін басып алуды көздеп, Саржанды орыстарға қарсы Қасиетті соғысқа және мұсылмандарды бірігуге шақырды. Бұл сөзсіз реакциялық үндеу еді. Ал Кенесары болса, өзіне қашқан әр түрлі халықтардың өкілдерін құшақ жайып қарсы алды. Әрқайсысының білімі мен тәжірибесіне қарай, әр түрлі қызметті сеніп тапсырды. Кенесарының әскерінде көптеген башқұрттар мен татарлар болды. Олардың күреске қатысуы туралы Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, генерал Генс: «Оларда көптеген башқұрттар мен Татарлар бар, маңызды  істерді  күтуге  болады».

Башқұрттар әдетте қару жасауға өте шебер келеді, кейбір мәліметтерге қарағанда, олар Кенесарыға зеңбірек құюға да тырысқан. Мысалы, өзінің жансыздарының мәліметтеріне сүйене отырып, сұлтан Ахмет Жантөрин Орынбор шекара комиссиясына жолдағай құпия хабарында былай деп жазды: «Қазіргі кезде Кенесары оның екі башқұрты зеңбірек құюға кірісті деп қазақтардың арасына сөз таратуда, оларға көмекке он адам беріп, оларды Ақкөл көлі жағасында жұмыс істеуге қалдырыпты, пайдаланатын заттарынан тек көмір ғана белгілі, оларға сексеуіл ағашын   күйдірген  бірнеше  арба  көмір  апарып  беріпті».

Кенесарының армиясында қашқын татарлар да қызмет етті,   алардың көпшілігі  басшылық қызметте  болды.

Татарлардың бірі — Әлім Жағудин әскери Кеңестің мүшесі болды. Көтеріліс жеңілген соң, оны Перім Қаласына жер аударды. Белгілі Сібір тарихының зерттеушісі И.Завалишин 1859-жылы Әлім Жағудинмен тікелей таныс болғандығын және оның уақытында «белгілі қырғыз сұлтаны Кенесары Қасымовтың кеңесшісі, елшісі және рухани досы  болғандығын»  жазады.

Басқа халық өкілдерінің көтеріліске қатысуының маңызы мен дәрежесін анықтау өте қиын. Алайда олар күреске ұйымшылдық сипат беруге көмектесіп, көтерілісшілерді әскери   іске үйретті.

Сонымен бірге, Кенесары ордасында қарақпалпақтар, түрікмендер, қырғыздар мен өзбектер де болды. Олардың арасында ерекше көзге түскені—Самарқанд пен Бұхарада білім алған өзбек Сайдақ қожа Османов еді. Елшілік келісімдерде және де хандықты басқаруда ол Кенесарының ең сенімді көмекшісіне айналды. Кейіннен Сайдақ қожа Османов тұтқынға алынды. Үкіметтің ресми документтерінде ол  туралы былай деп жазылды:   «Османов өзінің ақылымен, сөзге шешендігімен ерекшеленеді. Кенесарының басты көмекшілерінің бірі, оны көп жағдайда зекет жинауға ж«не ордалықтарды Кенесары жағына тартуға пайдаланды. Қолға түскен кезде онан әр түрлі бұйрықтар мен ордалықтарға арналған үндеулер   табылды».

Кенесары көтерілісінің құрамы, міне, осындай болды. Халық бұқарасының өздеріне жақын да түсінікті мақсаттар үшін, ең бастысы—жоғалтқан жайылымдары үшін күреске кеңінен тартылуы — көтерілістің аумақтылығын қамтамасыз еткені даусыз. Халықтың қолдауының нәтижесінде ғана көтеріліс 10 жылдай уақытқа созыла алды. Екінші бір даусыз нәрсе, ол көтерілістегі басшылық рөл халық бұқарасында емес, Қазақстандағы патриархалдық-рулық бытыраңқылықты жоюға тырысқан орта феодалдық топтардың қолында болғаны. Көтерілістің барысымен және Кенесарының саяси шараларымен танысқанымызда, біздің оған көзіміз жетеді. Әзірге, көтерілісте қоғамдык, күштердің бұлай орналасуы заңдылық екенін атап өтуге болады, себебі, Кенесарының ұлт азаттық қозғалысы феодализм жағдайында патриархалдық-рулық тұрмыс қалдықтары кезінде күшті дамыған еді. Халық бұқарасы Қазақстандағы патриархалдық-феодалдық қоғамдық қатынас пен рулық тұрмыстың билігі кезінде өзінің феодалды билеуші тобының билігінен  және  ықпалынан  шыға  алмады. /20/


Тағы рефераттар