Тарихи фактілерге жүгінер болсақ, Абылай ханның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі 1723 жылғы әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған үлкен соғыстан кейін, еуропалық есеп бойынша 1750 жылдар шамасында басталады. Сөйтіп қазақ даласы жоңғарлардан тазартылады. Бұл азаттық соғыста Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай секілді қолбасшылар айтарлықтай рөл атқарды. Ал, жоңғарларды әскери қорған ретінде салынған Омбы түбінен қуып, Обь өзенінен асыруда Қошқарбай батырдың сіңірген еңбегін ерекше атап өтуге тұрарлық. 1755 жылдар шамасында болған осынау тарихи оқиғалар жайында кезінде «Азия» кітабына жазылып, 1913-1917 жылдары «Қазақ» газетінде мақалалар жарияланды.

Белгілі саяхатшылар Г.Н. Потанин мен С.И. Семенов Тянь-Шаньский қазақ даласын аралап жүріп ел аузынан 1868 жылдары көптеген мәліметтерді жазып алған көрінеді. Міне осы айғақтардың біразы ұлты неміс Карл Риттер жазған «Азия» кітабы орыс тіліне аударылғанда, сол кітапқа еңгізіледі.

«Абылайханның Қошқарбай деген батыры жоңғарларды Омбы қаласы тұрған жерден Обь өзенінен асыра қуып тастаған. Бұл туралы Барнауыл оязында Сібір мұжықтарының айтып жүрген әңгімелері көп дейді».

Бұған дәлел ретінде мына бір жайды айта кетуге болады. Қошқарбай батырдың жұрағаттары Ертіс өзенінен 10-15 шақырымдай жерде орналасқан Қараөзек деген елді мекенде (Черлак оязы) әлі күнге дейін ұрпақ өрбітіп, өмір сүріп жатыр. Ә.Бөкейханов Ф.А.Щербинаның еңбектерін негізге ала отырып: «Қыпшақ Қошқарбай батыр 1755 жылы жоңғарларды Обьтан асыра қуып тастады. Қошқарбай батырдың жолдасы қосайдар қыпшақ Тілеуберді ұрпақтары содан бері Құлынды даласында тұрып жатыр деп»  деп жазады. (Ә.Бөкейханов шығармалары, «Қазақстан», Алматы баспасы, 1994 ж.) Үлкендердің айтуынша, Қысыраудың Мөнкесінен тарайтын

Андыбай, Жақсыбай, Жиенбай ұрпақтарының алдыңғы көші Ертіс маңынан Қараөткел өңіріне осы тұста келген екен.

Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бергі уақытта Қошқарбай батырмен бірге өмір сүрген, жоғарыда аталған аталарымыздың ұрпақтарының Есіл бойына біржола қоныс тебуіне батыр себепкер болса керек. Қошқарбайды қатты қастерлейтін Жақсыбай жорықтарға бірге аттанып, жауға шапса да, күрделі бір мәелелерді шешу барысында белсенділік танытып, әсіресе әскерді ұстауға көп жәрдем тигізеді. Сонымен батырдың назарына ілігеді.

Ертіс бойынан құлан қыпшақтардың көшпенділік өмірі қазақ жерінде Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің аяғына дейін созылады. Бостандық сүйгіш жауынгер бұл жолы да ұлы қозғалыстың алдыңғы сапынан көрінеді.

Иә, бүгінде Қошқарбай батырдың сіңірген еңбегі мен батырлығы жайындағы әңгімелерді ел аузынан көптеп естуге болады. Жүріп өткен жолдарын білдіретін айғақтар да жетерлік. Десек те, жазбаша шежіре болмағандықтан айтылған айғақтардың бәрін бір жүйеге келтіру қиындық туғызып, қолға алынбай келеді. Өкінішке орай, батырдың қай жерде туып, қайда қайтыс болғаны, неше жасқа келгендігі, қайда жерленгені белгісіз. Тарихи деректерде айтылған ерлік істері жайлы әңгімелерге қарағанда ол: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бұрын туып, қазақ халқы Ресейдің қол астына кірген тұсқа дейін, өмір сүріп, қарттық ғұмыр кешіп, жетпіс жастан аса қайтыс болғанға ұқсайды.

Алдажар қажының айтуынша Барыс жылы туған батыр жетпістен асып, сексенге қараған шағында дүниеден өтіпті. Қасиетті атамекен Қаратауды бір көріп қайтамын деп барған сапарында қайтыс болыпты. Сүйегі де сол жақта жерленген екен» — дейді Бәкеш пен Шубай ақсақалдар өз әңгімелерінде. Бірақ батырдың дәл қай жерге жерленгенін дөп басып айта алмады. Ал, батыр ұрпақтарының бірі Астрахан ауданындағы Жыланды ауылында тұрған Нұрғали ақсақал мен аталас ағамыз Мәули Сағымбайұлының айтуынша Омбы маңында көз жұмғандығы жайлы әңгіме бар. Бұл әңгімені мен Сағын Көзжанұлының аузынан естіген едім (Көкшетау облысында Қошқарбай ауылы деген ауыл бар, Қошқарбай шоқысы деп аталатын жер атын бәрі біледі. Бұл жерде батырдың біраз ұрпақтары тұрып жатыр. Кім біледі, бәлкім, зираты осы жерде болуы мүмкін…?)

Ал енді батырлығына келетін болсақ, қылыш жүзінде ойнаған, әскер ісін жетік білетін Қошқарбай батыр бүгінде аты аталып жүрген батырлардың көпшілігімен үзеңгілес серік болып бірге соғысқан. Оны Жаяу Мұсаның «Ер Олжабай»  поэмасындағы мына бір жолдардан айқын аңғаруға болады:

… «Қолбасшы ел ағасы ер Олжабай,

Жер-жерден қол жияды ер Бөгенбай.

Қарқабат, Қарауыл мен Найман, Керей,

Келеді Қыпшақтан ал ер Қошқарбай.

Ақылды, батыр кісі Сары Баян,

Бәсетиін Малайсары ол данышпан.

Шақшақұлы атақты ер Жәнібек,

Қаракесек Қайырлы би ер Қазыбек.

Арғында жаңа шыққан би Едіге,

Мейрамға ұран болған ер Олжабай»,

«Ер Олжабай»

Бұл үзіндіде Қытайға қарсы Талқы қамалындағы соғысқа қатысушы қолбасшылар жырланып отыр. (Ә.Марғұлан, «Олжабай батыр»).

Сондай-ақ Ертіс төңірегінен шыққан Жазы, Жолаба, Тілеуберді батырлармен бірге соғысып, Қошқарбай батыр да Сілеті өзенінің бойын жоңғарлардан тазартуға қатысқанын растайтын ел аузында сақталған естеліктер өте көп. Мәселен, Омбы төңірегінде туған Байсерке би Түгелұлы (1760-1841 жылдар) батырлар туралы көп әңгімелерді ел аузында қалдырған. Бірақ, оларды зерттеп, бір жүйеге келтіріп, тарихқа еңгізу жұмысы әлі күнге қолға алынбай келеді. Сондай әңгімелердің бірін Шубай ақсақал «әкемнен естіп едім» — деп маған айтып берген еді.

Қошқарбай батырдың Есіл бойын қалмақтардан тазартқанын айғақтайтын әңгімелер Қараөткел өңірінде кең тараған. Тіпті дәлел болатын белгілер де көп. Ел ішінде осы тұста Қошқарбайдың Қанжығалы қарт Бөгенбаймен, Өтеген, Шаншар, Құдайменде есімді батырлармен тізе қоса отырып соғысқанын көнекөз қариялар жиі айтып отырады. Ал нақтылы белгілерге келетін болсақ, мына бір әңгімеге жүгінуге болады. Қалмақтарды қуу барысында Бөгенбай батыр қосыны Астрахан ауданының Жыланды тауы мен Өндіріс ауылы орналасқан тұсқа қос тігеді. Жыланды тауы басына шығып, жауды бақылайды. Міне, осы аймақ қазір Бөгенбай жазығы деп аталады. Сол секілді Шаншар батыр бастаған қол мен жоңғарлар арасындағы қақтығыс болған жер – Шаншар төбесі аталады. Орыстардың селосы орнаған соң бұл өңір Чанчарка атанып кеткен көрінеді. Бұл қазіргі Астарахан ауданындағы Новочеркасск селосының маңы.

«Сілеті өзенінің бойында болған бір соғыста Қошқарбай төрт рет қатарынан жекпе-жекке шығып, жоңғарлардың төрт батырын бірінен соң бірін жер жастандырса керек. Өйткені қарсыласы қандай батыл адам болса да, Қошқарбайдың сұсты жүзінен қатты сескенеді екен. Осынау соғыстағы батырдың жекепе-жектеріндегі жеңісін дәріптейтін ел аузында сақталып қалған жырда Қошекең бейнесі былайша суреттеледі:

«Сұқ саусағы бір қарыс,

Жұдырығы гүріздей,

Екі жарым кез бойы бар,

Бұжыр беті бүлкілдеп,

Түксиген қара қабағы,

Теңіздей терең тұңғиық,

Жарқылдап қос жанары,

Атойлап жауға тигенде

Екпініне шыдамай,

Жоңғар безіп барады.

Төрт батыры жер жастанып,

Боздап кетіп барады»

— деген жыр шумақтарын Шубай ақсақал жатқа айтушы еді. Бірақ бұл шумақтардың қандай жыр, иә өлеңнен екендігін дөп басып айта алмап еді. Екіншіден, батырдың жекпе-жектерде үнемі жеңіске жетуіне Кертөбел атты тұлпарының да пайдасы тисе керек. Ұрыс кезінде Кертөбел жүріп-тұруды иесінің дене қимылынан, тақым қысуынан түсініп, мүлтіксіз орындайды екен. Екі қолын еркін қимылдатуға мүмкіндігі мол болғандықтан батыр найза-қылышын емін-еркін сермеп, қарсыласын жер жастандырып отырған.

Батырдың адалдық пен әділдікті жақтайтын қасиеті ел басқаруда жәрдемін тигізсе, оның осындай батырлығы мен жүректілігі Абылайды сүйсінтіп отырған. Абылай хан мен батыр арасындағы қарым-қатынас жайлы ел аузында сақталған мынадай бір әңгіме бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, батырдың өз бойындағы және атының ерекше қасиетін қызғанған кейбір шолақ ойлы күншілдер: «Қошқарбайдың бағы тек Кертөбелде» деген әңгімені ханға жеткізіп, Кертөбелді қалап алуды ұсынады. Ханның ойын іштей сезіп жүрген Қошқарбай қолбасшылар бас қосқан бір жиынға сәл кештеу келіп, ханға: « — Уа, ардақты хан ием! Менің сезімім саған ат керегін сездірсе, мен өзіме бас керегін айтқым келеді» — деп шығып жүре беріпті. Сөз түсінетін Абылай хан батырдың ренжігенің біліп, кейін райынан қайтқан көрінеді.

Абылай ханның Қошқарбай батырды қатты қадірлегенін, оның рөлі өз ортасында өте жоғары болғанын мына бір әңгімеден айқын аңғаруға қиын емес.

Бірде орыстармен келіссөзге жүргелі жатқан Абылайға ауызы дуалы билердің бірі: — «Хан ием, Бөгенбай оң қанатын болса, Қошқарбай сол қанатын. Айбарынан адам баласы сескенетін батырды қасына ертсен ұтпасаң, ұтылмайсын. Осы жолы елшіліктің тобына Қошекенді де қосып ал» — деп кеңес береді. Хан құп алып, орыстардың ортасына барғанда, олар: — «Апырай мынандай да адам баласы болады екен. Батырлық, алыптық көшпенділерге де тән нәрсе ме?!» десіп таң қалысыпты. Сол жылы орыстардың ішінен біреуі ханнан қатты өтіне отырып, Қошқарбай батырдың бойы мен салмағын өлшетіп алса керек. Батырдың салмағы — 8 пұт, яғни 128 кило, бойы екі жарым кезден сәл артықтау /екі метрдей/ болса керек. Бұл фактіні көп жыл Қарағанда мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарған белгілі ғалым, ұстаз Қалжан Тұңғышбаев Омбыдағы архивте болғанында тарихи құжаттарды ақтара отырып кездестіріпті. Ал мен ол кісінің айтқанын қағазға түсіріп алған едім.

Міне, ел тарихынан елеулі орын алатын Қошқарбай батырдың ұрпақтарының арасынан да ел қамын ойлаған адамдар көптеп шыққан. Негізінде бізге дейін келіп жеткен мәліметтер бойынша Қошқарбай батырдан өрбіген 16 ұрпақтың 11-і ер бала көрінеді. Олар: Есет, Толыбай, Жақып, Қонай, Көтен, Торпақ, Кеңгірбай, Хангелдіден, Жақыптан /молла балалары/ тараған ұрпақтар Көкшетау облысында тұратын көрінеді.

Ел басына күн туған сонау аласапыран кезеңде елін-жерін қорғаған батырлар өз ұрпақтарын жорықтарын бірге алып жүрген. Мәселен, Қонай, Көтен есімді балалары жорықтарда әкесінің жолын қуып, талай ерліктерімен көзге түскен жандар екен.

Ал Жақып атты баласынан тараған ұрпақтарды бүкіл қазақ халқы молла балалары деген ата ретінде жақсы біледі. Қошқарбай батыр бірде жаугершілікте еліне қайтып келе жатып, бір ауылдан қағаз қалдықтарын жинап жүрген жас баланы тауып алады. Баланың жинап жүргені шашылған, жыртылған Құран Кәрімнің беттері екен. Үйіне алып келіп, бала етіп асырап алады. Атын Жақып қойып, өзінің баласы екендігін, кімде-кім оны мойындамаса, теріс батамды беремін деп жар салады. Әрі Жақыпты Қошқарбайдың бәйбішесі жақсы көріп, еміреніп бауырына басады. Міне, осы Жақып үлкен молла болып шығады. Бала кезінің өзінеде кітап ашып, батырға түрлі болжамдар айтып әрі онысы дәл шығып отырады екен. Бірде батырға сапардын олжалы қайтатынын айтып, келген соң үлкен олжанды маған байлайсын деп уәдесін алып қалады.

Батырдың қалын қолы, айтқанындай жорықтан келе жатып, риза көңілмен бір жерге тоқтайды. Осы кезде қолға түскен бір сұлу қыздың шешесі желмаямен қуып жетеді. Әйелді бір топ адамның ортасында отырған адамның алып келгенде оған қаймықпай қарап: «Е, міне, Қошқарбай сен боларсын! Асың, асың, асыңа, береке берсін басыңа. Өлім берсін сиқыңа. Олжалап бара жатқан қызымның киесі бар. Еліне барған соң өзін ал, немесе жақсы көретін адамыңа бер. Қызымнан жақсы ұрпақ тарайды» — деп жөніне кетеді. Батыр елге келген соң Жақыптың тілегін ескеріп, әрі қыздың шешесіне берген уәдесін орындап, қызды жақыпқа қосады.

Айтқанындай, Жақып пен Қалмақ қызынан атақты адамдар көп тарайды. Солардың бірі – қазақ халқының Ақмолада сайланған соңғы сұлтаны – Ыбырай Жайықбаев. Халық ол кісіні қадірлеп, Бағайекен деп атап кеткен екен. 1742 жылы Әбілқайыр бастаған қазақ сұлтандары мен билері, батырлары бас қосып, Ресей үкіметіне бағынуға ант берген (Русское-казахское отношение 17-18 веках).

Ал Бағайекен «Менің билігімдегі қазақ жері кең. Оны аралап, халықты келісімге шақыру үшін жиырма бес жыл уақыт керек. Сондықтан осы мерізімге мұрсатана сұраймын» — деп отырып алған екен. Сөйтіп, өзіне қараған елдің бодандығын 25 жыл кейінге қалдырған дейді. Ел басқарудың жаңа жолдарын іздеген аға сұлтан халықтың білімін біліп, Омбыдағы генерал-губернаторға хат жазып, рұқсат алып, жер-жерде мектеп, медреселер ашады.


Тағы рефераттар