КСРО-ның ыдырауының басты себептерінің бірі саяси себептер болғандығы даусыз, сонымен қатар оның әлеуметтік-экономикалық себептері де болды. Жәнеде олар бір бірімен тығыз байланысты, бірінен бірі туындайтын себептер еді. Н.Ә. Назарбаев өз еңбектерінде КСРО-ны ыдырауға, дәлірке айтсақ, күйреуге алып келген сол әлеуметтік және экономикалық себептер туралы да айтып, оларға да жан-жақты талдау жасады. Демек, Н. Назарбаев еңбкетері КСРО-ның күйреуінің әлеуметтік-экономикалық тарихының да дерек көздері болып табылады.

Н. Назарбаев еңбектерінің КСРО-ның ыдыру тарихын зерттеудегі маңызы туралы, Одақтың күйреуіне алып келген процестің объективті негіздерін Назарбаев еңбектері арқылы айқын ашып көрсетуге болатындығы туралы Д. Валовой: “Жаңа тәуелсіз мемлекеттер/ бұрынғы республикалар/ үшін практикалық маңызы үлкен, бұрынғы Одақты ыдыратуға алып келген процестің объективті негізін Назарбаев тұлғасы арқылы ғана ашуға болады. Әңгіме мынада, бұқаралық ақпарат құралдарында, шетелдіктерді қоса алғанда, КСРО-ның ыдырауын талдай отырып, басты көңіл саяси аспектілерге және субъективті – адами факторларға бөлінеді, осы мәселеде өзінің келеңсіз рөлін атқарған нақты адамдар аталады. Мұндай пікірлерде үлкен шындық та жоқ емес. Дегенмен, өзінің саяси шешімдерін таппағандықтан көртышқан сияқты “тарихты бір бағытта ғана үңгіп” — Одақты ыдыратуға алып келген басқа да факторлар барлығын ескермейді. Ол ең алдымен экономикада жатыр”-дейді [101, 61 б.].

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2005 жылдың ақпан айындағы Қазақстан халқына Жолдауын: “Біз неден бастадық, жол басында қолымызда не болды, сол кездегі біздің нақты мүмкіндіктеріміз қандай еді?”-деген сауалдар қойудан бастағандығы белгілі [136, 5 б.]. Республика жұртшылығы аса маңызды құжат ретінде, үлкен қызығушылықпен қабылдаған Жолдауын Елбасының осындай сауалдар қойудан бастауы және оған өзі: “Әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуал шын мәнінде сын көтермес күйде еді. Қазақстанның экономикалық және саяси мүмкіндіктері сырттан осылай бағаланды: экономикасы әлжуаз; қазынасы бос; саяси жүйесі балаң…”-деп, жауап беруі [136, 5-6 бб.], әрине, кездейсоқ емес.

Біріншіден, қалыптасқан нақты реальды жағдайды анықтау, оған жан-жақты талдау жасау арқылы негізделген шешім қабылдау Н. Назарбаевтың ұзақ жылдар бойы қалыптасқан және өзін толық ақтаған жұмыс тәсілі. Мысалы, ол өзінің “Әділеттің ақ жолы” атты кітабында: “Өзімізді өзіміз басымызбен тұрғызбай, аяғымызбен тұрғызатын, сөйтіп қалыпты жағдайда тұрып, шын мәнінде бізде нендей жағдайлар болған өзі деп, жан-жағымызға жіті қарайтын кез әлдеқашан жетті”-деп, 1990 жылдың көктемінде / кітап 1990 жылы наурыз-сәуір айларында дайындалған —С.С./, КСРО-ның кезінде-ақ айтқан [114, 190 б.].

Екіншіден, дәл осы “Әділеттің ақ жолы” атты кітабында Н. Назарбаевтың өзі айтқандай: “шын мәнінде бізде нендей жағдайлар болған өзі деп, жан-жағына жіті қарауы” арқылы елде қалыптасқан ахуалға терең талдау жасауы, кітапты тәуелсіздік қарсаңында елімізде /сөздің сол кездегі мағынасы – КСРО-да да, қазіргі кездегі мағынасы – Республикамызда да С.С./ қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуал туралы шынайылық деңгейі жоғары мәлімет беретін дерек көзіне айналдырып отыр.

Елдегі ең жоғарғы деңгейдегі билік өкілдерінің бірі ретінде Н. Назарбаевтың ХХ ғасырдың 80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдарының басында, яғни КСРО-ның күйреуі қарсаңында елде қалыптасқан ахуалды жақсы білетіндігіне де, кітапта айтылған мәліметтердің өмір шындығынан алыс еместігіне де күмән жоқ. Ол туралы Н. Назарбаев: “Өзімнің қызмет жағдайыма орай осы жылдардың барлығында да әрдайым оқиғалардың қалың ортасында жүріп, оларды талдауға және салыстыруға, қорытындылар жасауға, шешімдер қабылдауға тура келгедіктен де, өзімнің жеке пікірімді айтуға барып отырмын”- дейді [114, 219 б.]. Демек, үлкен бір республиканың бірінші басшсы ретінде, қалыптасқан реальды жағдайды объективті бейнелеудегі мақсат — шындыққа көз жеткізу арқылы дұрыс шешім, дұрыс бағыт-бағдар қабылдау болатын. Сондықтан оған қоғамның қай саласында болмасын қалыптасқан жағдайды әдейі жақсартып көрсетудің де немесе әдейі төмендетіп көрсетудің де қажеті болған жоқ. Деректану ғылымы үшін бұл аса маңызды фактор болып табылады.

Ең алдымен, Н. Назарбаев біздің 70 жыл бойы “ХХ ғасырдың ең басты прогрессивті оқиғасы”-деп айтып келген: “Ұлы Қазан социалистік революциясы” мен орнатқан “социализіміміз” туралы: “Барлығы да адам үшін” деген ұранды біздің құлағымызға құюмен болды, ал шын мәнінде біздің революциямыздың көздеген мақсаты – адам емес, жалпылама ұғымдағы социализм болып шықты. Адам бір қапшық цементтен арзанға бағаланатын ондай социализм кімге керек… Егер ол шын мәнінде ең озық мемлекеттік құрылыс болса, соғыстан кейін шамамен алғанда бірдей жағдайда бола тұрып, өзімізден жеңілген елдерден көш кейін қалып қоюымыз қалай. Қорытынды біреу-ақ: халықаралық аренада, бәсекелесе отырып өркендеу бағытында біздің жүйеміз өзінің әлсіз екенін көрсетіп, жеңіліске ұшырады”-дейді [114, 126 б.].

Н. Назарбаевтың сол “социализм” әлі өмір сүріп тұрған кезінде айтқан бұл пікірінің дұрыстығын еш қиындықсыз-ақ ондаған, жүздеген фактілер арқылы оңай дәлелдеуге болады. Адамның құны бір қап цемент емес, бір уыс бидайдан да арзан болып, қазақтардың сол “социализм” арқасында шыбындай қырылғанын айтсақ та жетіп жатыр.

Екіншіден, Н. Назарбаев: “Қай қиырға салсақ та, өміріміздің бұдан былайғы жолдары туралы айтыс-тартыстар барысында ең басты сауалға – саяси дағдрыстың, ұлтаралық қатнастар саласындағы дағдарыстың және өзге де бірталай ауыр әлеуметтік құбылыстардың салдарынан одан әрі шиеленіске түскен экономикалық дағдарыстан елді қалай алып шығуға болады? – деген сұраққа әлі ешкімде ақылға қонымды жауап берген жоқ”-деп, қоғамның барлық саласының дағдарысқа ұшырағандығын жәнеде, ең бастысы, ол дағдарыстан шығудың жолдарын ешкімнің көрсете алмағандығын айтқан [114, 130 б.].

Демек, КСРО-ның күйреуіне алып келген – “ұлтаралық қатнастар саласындағы дағдарыстың және өзге де бірталай ауыр әлеуметтік құбылыстардың салдары”, яғни әлеуметтік себептер болған. Н. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” көпұлтты мемлекеттер үшін аса маңызды мәселе болып табылатын, дәл осы “ұлтаралық қатнастар” мәселесіне ерекше көңіл бөліп, бұрынғы КСРО-да оның дағдарысқа ұшырау себептеріне талдау жасаған. Жәнеде, ең бастысы, өмір Н. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан сияқты көпұлтты мемлекетте бұрын жіберілген кемшіліктерді үнемі ескеріп отыратындығын көрсетіп отыр.

Мысалы, ол: “Үлкен мемлекеттің құлауына технологиялық, стратегиялық мешеулік, бәсекелестік қаблетіміздің төмендеуімен қоса, ұлт мәселесі де аз себепші болған жоқ. Кейбір саясатшылардың айтуынша, ең басты, ең шешуші себеп те осы сияқты”- дей келе [114, 26 б.], “Ұлт мәселесінің соншалықты асқындауы әуелі теориялық дәрменсіздіктен етек алды. Басшылықта да, ғылыми орталарда да бұл мәселемен шындап шұғылданғысы келген ешкім болмапты”- деп қорытынды жасаған [114, 26 б.]. Одан әрі Н.Ә. бұрын өзінің негізінен экономикалық мәселелрмен айналысып келгендігін, тек кейінгі он жыл бойына ұлт мәселесімен үзбей айналысып, жаңа әдебиеттерді қарап, өзгелердің тәжірибесіне көбірек үңілгендігін айта келе: “Көп ұлтты мемлекеттер тәжірибесін зерттей жүре көзім жеткені: түбегейлі теориялық тұғұрнамасыз, қалыптасқан ахуалды теориялық түрғыдан жан-жақты пайымдамайынша, салиқалы ұлт саясатын түзіп шығу мүмкін еиес”-деп тұжырым жасайды [114, 27 б.].

Н. Назарбаев өз еңбегінде ұлт мәселесін шешудің бірден бір дұрыс жолы ретінде ұзақ жылдар бойы дәріптелініп келген марксизмнің осал тұстарына талдау жасау арқылы: “Бұрынғы Кеңестер Одағында ұлттық мәселелерді түсіндіру мен реттеуде ұлттық қозғалыстардың әр алуан түрін бір-бірімен шатастырып алу орын алды. Ұлттық қозғалыстардың әр түрлі табиғи сипатқа ие болуы мүмкін екендігіне жете мән берілмеді”-деген қорытындыға келеді [114, 31 б.]. Ал ұлттық мәселеде теориялық негіздің болмауының неге әкеліп соқтырғаны туралы: “Ұлтаралық қайшылықтар тартысқа, тартыс қантөгісті кикілжіңдерге ұласқан тұста,теориялық базаның жоқтығынан, ахуалға шындап түсінбеген ел басшылары, сексенінші жылдар аяғында ұлт мәселесін күш қолданып шешеміз деп, қоғамды тығырыққа апарып тіреді”-дейді [114, 33-34 бб.].

Оның айқын дәлелі 1986 жылғы Алматыдағы “Желтоқсан” көтерілісі. Ол туралы “Азия асқарлары” атты кітаптың “Империяның ыдырауы” деген тарауында: “1986 жылдың 17-18 желтоқсанында Алматы қаласында тарихтың тапжылмайтындай көрінетін ағымын түбегейлі өзгертіп жіберген оқиға болды. Желтоқсанның сол бір аязды күндерінде қазақ жастары ашық түрде көшеге шығып, өздерінің ел тағдырына ықпал етуге құқылы екендіктерін мәлімдеді. Тоталитарлық мемлекет жағдайында мұның өзі саяси жарылысқа тең болатын: іс жүзінде ондаған жылдар бойы қалыптасқан Жүйеге ашықтан-ашық атой салды. Сол екі күн кеңестік болмыс дүниесін дүр сілкіндірді.

Ол оқиғаға партия тәжірибесіндегі кәдуілгі шешім – Орталықтың республика жетекшісі қызметіне Қазақстанға үш қайнаса српасы қосылмайтын адамды – ештеңесімен көзге түспеген облыстық деңгейдегі басшы Г. Колбинді тағайындауы себеп болды”- деп, “Желтоқсан” көтерілісінің маңызы мен оның неден басталғандығы туралы айта келе: “Бейбіт қарсылық митингісін Орталық аяусыз қатыгездікпен басып-жаншыды. Бұл есте сақтасын, тәубесіне түссін деп жасалынған ашық сабақ еді. Бейкүна адамдарды сапер күркетерімен сұлатып түсіріп, итке талатты, аязды күнде мұздай сумен қатырды. Халықтың тәнін жазалап біткен соң енді жанын жаралауға көшті: бүкіл халық “қазақ ұлтшылдығы” үшін айыпталды, жазалау әрекеттері басталды. Алайда мұның өзі жүйенің іріп-шіруін тоқтата алмайтын еді: күш көрсету режімнің әлсіздігін танытып,қадірін кетірді”деп жазды [102, 3 б.].

Ал оның нәтижесі туралы: “Кеңес империясына өлімші соққы берілді, сол соққыдан ол есін жия алмай-ақ кетті. Алматы жарылысы пілте сияқты болды: Балтық бойында, Грузияда, Әзірбайжанда, Арменияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Латвияда, Эстонияда, Ресейдің өзінде де демократиялық күштердің тоталитарлық диктатураға қарсы ашық көтерілуі бірінен соң бірі жалғаса берді.

Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізер жолы осылай басталды…”делінге [102, 3 б.].

Н. Назарбаев аталған еңбегінде: “1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының ұлттық санасының қаншалықты өскенін көрсетіп берді. Бір ғасыр бойы халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған өктемдік үрдістің алдындағы қорқыныш алғаш рет еңсерілді. Жастар айдай әлемнің алдында кез келген ұлтқа тән ұлттық намыс бұдан былай ешқандай баса көктеуге мойын ұсынбайтынын паш етіп берді.

Қазақ тарихы ондай әрі тауқымет, әрі асқақ сәттер мен сағаттарды, күндер мен кезеңдерді талай бастан кешкен-ді. Жаңа тарихымыздың жалын биіктеткен сондай бір жалынды кезең – 1986 жылғы желтоқсандағы үміт пен үрей құшағында өткен үш күн…”-деп желтоқсан оқиғсының маңызын көрсетті [126, 34-35 бб.].

Осылай, Н.Ә. Назарбаев КСРО-ның құлауының басты әлеуметтік себептерінің бірі – көпұлтты мемлекеттегі ұлтаралық қатнастарда туындаған мәселелердің ғылыми негізде және дер кезінде шешілмеуі екендігін көрсете келе: “Шамадан тыс саясаттандырылып, шамадан тыс идеологияландырудан аулақ, шынайы ұлттық сана жоқ жерде өзге үлттар мен өзге үлттық мәдениетті шынайы құрметтеу де мүмкін емес нәрсе… Менің көзім анық жеткен бір нәрсе: өзгелердің ұлттық мәдениетіне тиісті құрметтеу жоқ жерде шынайы азаматтық татулық та болмайды. Қазақтар орыс мәдениетін жете меңгерді. Ендеше қазақ әдебиеті де Қазақстанда тұратын басқа ұлт адамдары үшін жеті қат жер астындағы нәрседей алыс құбылыс болмаса керек”-деп, тәуелсіз Қазақстан халықтары үшін маңызды қорытынды жасайды [126, 35 б.].

Н. Назарбаев айтқандай, КСРО-ның бәріміздің көз алдымызда күйреуінің басты себептерінің бірі, дәл сол ұлтаралық шиеленістер болғандығы және оларды шешуде М. Горбачевтың қауқарсыздық танытқандығы туралы Д. А. Қонаев: “Ең үлкен себеп – елде ұлтаралық шиеленіс бұрын соңды болмаған жағдайға жетті… Біздің көпұлтты мемлекетіміздің осыншамалықты дос күйініп, дұшпан күлгендей ауыр қалге жетіп, аяғы аспаннан келгендей жағдайға жетуіне М. С. Горбачевтың және оның командасының кінәсі аз емес…Горбачевтың ұлтаралық проблемаларды шешудегі жалғыз тәсілі – бұл мәселелерді сырт айналып өтіп, көрсе де көрмегендей отыра беру”- деп жазды[12, 430-431 бб.].

Сонымен қатар Н. Назарбаев елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуалдың соншалықты шиеленісу себебі туралы: “Өзіміз талай рет басымыздан кешкен және әлі де кез болып жүрген көптеген қырсық атаулының бәрі де маған мынадан өрбіп жатқан сияқты көрінеді: біз өзімізде не бар, не жоғын, одан нені қалдырып, неден бас тартуымыз керек екенін тым бұлыңғыр түсінеміз”-дей келе [114, 130 б.], КСРО-ның ыдырауының экономикалық себептеріне де талду жасады.

Мысалы, ол “Әділеттің ақ жолында” социалистік қоғамның негізгі өзегін құрайтын, оның капитал билеген дүниеден негізгі “артықшылығы” ретінде ондаған жылдар бойы дәріптеліп келген “жоспарлы экономика” туралы: “Қалай дегенде де соңғы отыз жылда бізде ешқандай жоспарлы экономика да, немесе жоспарлы шаруашылық та болған жоқ. Егер бірдеңе болды десек, оның өзі – жағдайға бейімделгіш жағымпаз қоғамтанушы – ғалымдар мен экономистердің ойдан шығарған термин сөздері ғана”-дейді [114, 131 б.].

Бұл сенсация жасап, арзан атақ алуға ұмтылған адамның жауапсыздықпен айта салған сөзі емес, сол “жоспарлы экономиканың” ішкі механизімін көзімен көріп, қолымен ұстаған адамның саналы да дәйекті сөзі. “Әсіресе Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалғаннан кейін мен талай көңілсіз жайттардың куәсі болдым”-дейді Нұрсұлтан Әбішұлы және солардың біреуі- жоспарлау ісіндегі “көңілсіз жайттар” туралы нақты дәлелдер негізінде жан-жақты баяндайды. Қалыптасқан жағдай ашып көрсетілгендіктен осы жолдарға кеңірек тоқталайық. Онда: “Жаңа қызметте өз міндеттерімді орындауға кіріскенім де сол еді, республикалық мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы келді. Ол өзінің барлық орынбасарларына және бөлім бастықтарына олардың бір айлық жалақысы мөлшерінде силық беруімді өтінді.

-Силықты қандай еңбектеріңіз үшін алмақсыздар?–деп таңдана сұрадым.

-Сіз біздің алдағы жаңа жылдың жоспарын қорғау үшін Москваға жүргелі жатқанымызды білмеуші ме едіңіз?

— Ал білдік. Онда не тұр?

— Онда ССРО Жоспарлау кмитетінің барлық бөлім бастықтарымен  жұмыс істеуіміз, оларды мейманханаға шақыруымыз керек қой.

Арада екі күн өтпей жатып маған қаржы министірі келіп тұр:

-Москваға бюджетті бекітуге кетіп барамыз, өзіме және орынбасарларыма силық беріңіз.

Міне, мұндай нәрселер, істің шын мәнінде, ашық саясат дәрежесіне дейін көтерілген болатын”- дейді [114, 133-134 бб.]. Жәнеде ондай “саясаттың”, жазылмаған заңға айналған “дәстүрдің” неге әкеліп соқтырғаны туралы: “Шектен шыға орталықтандырылған әміршілдік-әкімшілдік жүйенің өктемдігі басшыларды имандылық жағынан азғындатты. Қаласаң да, қаламасаң да – бәрі бір жазылмаған сол бір заңға бағынатынсың: құрдай жорғалап сый-сияпат жаса, құлдық ет, көңілін тап, ішкіз, жегіз. Әйтпесе өзіңді емес, бүкіл республиканы, белгілі бір саланы, кәсіпорынды тақырға отырғызасын. Ал бұған ақшаны қайдан аласың? Қулық жасау керек, есебін табу қажет. Міне, іріп-шірудің, парақорлықтың дүниеге сатылудың түп-тамыры осында жатыр. Осы жұйе қанша адамды қылмысқа итермеледі десеңші!”-дейді [114, 135 б.].

Одан әрі “жоспарлы” қоғамда, сол жоспардың қалай қабылданып, қалай іске асатындығы туралы да, істің бүге-шігесіне дейін жетік білетін адам ретінде: “Республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы ретінде ССРО Мемлекеттік жоспралау комитеті мен Мемлекеттік жабдықтау комитетінің жоспарды қағаз жүзінде қалай “іске асыруға” тырысып жатқанын талай рет көрдім. Жоспарлар қажетті ресурстармен бар болғаны 70-80 процент қана қамтамасыз етілетінін алдын ала бәрі де көріп-біліп отырса да, бектіле беретін. Осыдан барып бүкіл елімізде баланыс бұзылатын. Сорымыз да, сор болғанда жоспарланған сорымыз да осыдан туындап жататын… Мемлекеттік жоспарларды орындаудың тағдыры кейде 31 желтоқсанда – Жаңа жылдың басталуына бірнеше минөт қалғанда тағы да сол баяғы телефон арқылы шешіле салатын. Ол үшін Орталық Комитеттің бөлімімен, министрмен бірге Статистика жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасын көндіру керек болатын”-дейді [114, 136-137 бб.].

Н.Ә. Назарбаевтың социалитік қоғамның басты ерекшелігі, оның стихия билеген нарықтық, демек капиталистік қоғамнан басты “артықшылығы” ретінде саналып келген біздегі экономиканы жоспарлы түрде дамытудың іс жүзінде қалай “жоспарланатындығы” туралы айтқандарының өмір шындығымен толық сай келетіндігін мойындай отырып Д. Валовой: “Нұрсұлтан Әбішұлының осы жазғандарын оқи отырып, амалсыз өзіңе мынадай сұрақ қоясың: неліктен елдің экономикалық бас штабында мұндай аста-төк ішіп-жеумен болатын “ойын-күлкі” өткізу мүмкін болды? Сонда, немене, басшылық, саяси бюро мүшелерін қоса алғанда, бұл туралы білген жоқ па?”-дейді [101, 56.].

Д. Валовой одан әрі өз еңбегінде жоспарлау ісіндегі мұндай бассыздықтың себеп-салдары туралы: “Егер тереңірек қарасақ, онда бұл – экономикалық теорияны ескермеу және ең алдымен объективті экономикалық заңдылықтарды бұзу… Қысқаша айтқанда, іс жүзінде өндіріс үшін өндіріс принципімен жұмыс істеу. Оны іске асыру нәтижесінде біз жалған жоғары қарқын алдық және ақшаға шаққанда өндіріс көлемін трллиондық биіктікке көтердік. Бірақ әр бір сомға шаққанда нақты тұтыну құны азайғанның үстіне азая берді”- деп, оған нақты дәлелдер келтіреді [101, 56-57 бб.].

Мұндай кең көлемде етек алған жаппай бірін-бірі алдаушылық, көзбояушылық, жалған ақпарат беру, қосып жазу тек жоғарғы мемлекеттік деңгейде ғана емес, ел экономикасының негізін құрайтын жергілікті жерлерде де, оның ішінде Қазақстанда да, көптеп кездесетін. Ол туралы Н. Назарбаев республика үкіметінің басшысы ретінде Семейге барған сапарында “облыста есепте көрсетіліп жүргендігімен салыстырғанда 330 мың бас мал жетіспейтіндігін” естігендігін айтады [114, 147 б.]. Республикалық Халықтық бақылау комитеті көмегімен жүргізген құпия тексеру нәтижесінде талай сорақылытың беті ашылған. Мысалы, Қызылордаға таяу бір жерде бір табын сиыр бар, оны бағатын кәдімгі бақташы және оның көмекшісі бар деп есептеліп келген. Анықтай келгенде бақташы мен оның көмекшісінің бар екені, әйтеуір жалақы жөніндегі ведомостіге жүйелі түрде қол қойып, айлық алатыны рас болып шықты. Бірақ әлгі табын тіпті атымен жоқ екен [114, 148 б.].

Н. Назарбаев өз кітабында қоғам өмірінің басқа да салаларында орын алған кемшіліктер туралы айта келе: “Менің бұл мәселелерді көтермек әрекеттерімнің бәрі де міз бақпайтын іштей құпия наразылыққа тірелумен болды. Ақырында маған ашықтан-ашық былай деп айтты: Қазақстанда бәрі де жақсы, бәрі де орын-орнында, өз арамыздағы әңгімені сыртқа жаймау керек”-дейді [114, 149 б.]. Дегенмен, Н. Назарбаев республикада қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай туралы өзінің 1986 жылғы ақпан айында өткен Қазақстан Компартиясының ХҮІ съезінде жасаған баяндамасында ашық айтқандығы тарихымыздан жақсы белгілі. Кітапта сол баяндаманың стенограммасы берілген.

Бүгінгі күні тәуелсіздік қарсаңындағы еліміздің жағдайы туралы мәлімет жетізіп отырған дерек көзі міндетін атқарушы бұл құжатта: өнркәсіпте,ауыл шаруашылығында, ғылымда, әлеуметтік салада,тұтыну кооперациясында қалыптасқан жағдай нақты мәліметтер келтірілу арқылы баяндалған. Мысалы, Қазақстанның негізгі экономикалық саласы болып табылатын ауыл шаруашылығы туралы баяндамашы: “Жеп қою мен талан-таражға салудың салдарынан республика совхоздарында 5 жылдың ішінде 120 мыңға жуық ірі қара, 1,7 миллион қой, 42 мыңдай жылқы мен шошқа кем болып шықты”-десе [114, 176 б.], негізгі әлеуметтік саланы құрайтын пәтер бөлу туралы: “Пәтер бөлу кезіндегі әлеуметтік әділеттік принциптерін бұзудың ашу-ыза туғызатын фактілерін айтпай кетуге болмайды. Ал бұл ең алдымен кеңес органдарының қасиетті міндеті ғой. Тұрғын үй заңдарын өрескел бұзғаны үшін Көкшетау, Қызылорда қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшылары мен қалалық атқару комитеттерінің төрағалры, Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы және басқа бірқатар адамдар қызметтен босатылды.

Алматыда үлкен еркінсушілік пен жолсыздықтарға жол берілді. Тексерудің көрсеткеніндей, соңғы 2,5 жылдың ішінде қаланың аудандық атқару комитеттері кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін астанада /ол уақытта астана Алматы қаласы болтын – С.С. / пайдалануға берілген тұрғын үйлердің тек бір процентін ғана бөлген…”-дейді [114, 178-179 бб.].

Осындай нақты мысалдар өмірдің басқа салалры туралы да келтірілген. Өзінің бұлай барлық нәрсені өз атымен атап, ашық айту себебін Н. Назарбаев: “Шынымды айтайын: бұл баяндамамда мен Қонаевтың жеке басына тиіскен жоқпын. Оның үстіне, мәселелердің бұлай батыл қойылуы арқылы оған көмектесетін шығармын, әбден енжар болып алған басшылардың тобын әлдебір серпілдіре алармын, Орталық Комитеттің бірінші хатшысын да ертелі-кеш біржола жұтып тынбайтын ми батпақтан сақтандырармын деген үмітте болдым”- деп түсіндіреді [114, 181 б.].

Бірақ, іс жүзінде басқаша болып шықты. Бар күш-жігер баяндамада айтылған жәнеде ешкім жоққа шығармаған, демек өмірде орын алғаны рас кемшіліктерді жоюға емес, баяндамашының өзін жоюға бағытталған. Ол туралы Н. Назарбаев: “Сол күннен бастап менің ізімді аңду, шын мәніндегі қуғындау етек алды. Өзіме жасалған жан-жақты шабуылдың, жұмсартып айтқанда, этикаға жатпйтын құралдардың егжей-тегжейлі айтып жатуды қаламаймын… Бір-ақ нәрсені айтайын. Қазақстан Компартиясының ХҮІ съезі мен СОКП ХХҮІІ съезінің аралығында өткен үш аптаның ішінде менің үстімнен 53 арыз-шағым ұйымдастырылды. Олардың бәрін де неше түрлі комиссиялар мұқият тексерді”-дейді [114, 181-182 бб.].

Дегенмен, 1985 жылғы СОКП ОК сәуір Пленумынан кейін басталған “қайт құру” әкелген өзгерістер, Орталықтың, атап айтқанда, СОКП ОК Бас хатшысы М. С. Горбачевтың және СОКП ОК хатшысы Е. К. Лигачевтың Н. Назарбаевты қолдауы оған өзі бастаған ісін одан әрі жалғастыруға мүмкіндік берді.

Біріншіден, Н. Назарбаев Қазақстан Үкіметін басқарып тұрған кезінде шын мәнінде республикада қалыптасқан ахуалды толық анықтау мақсатын көздеген. Ол туралы жазушы Шерхан Мұртаза: “Нұрсұлтан Назарбаев Республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тұрғанда өз бастамасымен тексеру жүргізіп, Қазақстанда жетпіс бір ауданның азып-тозып, артта қалғанын анықтады. Оның отызы артта қалудың “шыңына” жеткен екен. Содан кейін үкімет тарапынан осы отыз ауданға экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағынан өркендеуі үшін көмек көрсету жөнінде жап-жақсы қаулы да қабылданды…Шалғайда жатып, артта қалған аудандар дегеніміз – түптеп келгенде, негізінен қазақтар тұратын аудандар. Басқалар су ішкенде олардың у ішіп отырғаны келеңсіз-ақ”-дейді [137, 17 б.].,

Екіншіден, ҚР Президенті мұрағатының құжаттары Н. Назарбаевтың баяндамасында келтірген мәліметтердің әбден тексерілген дерек көздерінен алынған, яғни шынайылық деңгейі жоғары мәліметтер екендігін дәлелдейді. Мысалы, Қазақстан КП ОК бюросы  1985 жылы елдегі қалыптасқан жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы: “Азық-түлік өнімдерінің маңызды түрлері, әсіресе ет және сүт өнімдері бойынша қажеттілік  қанағаттандырылмайды. Азық-түлік өнімдерін өндіруді әдәуір мөлшерде арттыру және олармен тұрғындарды қамтамасыз ету өте баяу жүргізілуде,… бұл еңбекшілердің наразылығын артыруда”,…“Азық-түлік товарларын сатуды ұйымдастыруда үлкен кемшіліктер орын алуда”десе[139], оның себебі туралы: “Министірліктер мен ведомствалар басшылары, партияның облыстық, қалалық және аудандық комитеттері, кеңес және кәсіподақ органдары күні бүгінге дейін 1985 жылдың жоспары мен  социалистік міндеттерді орындау мақсатында еңбек ұжымдарын жұмылдыру бағытында қажетті ұйымдастырушылық және саяси жұмыстарды өрістете алмай отыр”деген[140].

Ал, Қазақстан КП ОК бюросы  1985 жылы наурыз айында өткен отырысында: “Республикада қосып жазу, жұмыстан кетіп қалу, маскүнемдік, ұрлық саны күрт өскендігін”айтқан[141].

Үшіншіден, Н. Назарбаевтың баяндамасында көрсетілген келеңсіз жағдайлар 1985 жылдан кейін де жалғаса берген. Бұл факті келеңсіз жағдайлардың кездейсоқ емес, жүйелі сипат алғандығын дәлелдейді. Мысалы, 1986 жылы маусым айында Қазақстан КП ОК бюросы Көкшетау облыстық партия комитетінің жұмысын тексере келе: “Иесіздіктің, жеп қою мен талан-таражға салудың салдарында облыс экономикасына келген шығын бесжылдық ішінде екі есе өскен, оның 90 пайызы агроөндірістік кешендердің үлесіне тиеді. Жемқорлық әсіресе  сауда мен тұрмыстық қызмет көрсету саласында, транспортта аса көп мөлшерде орын алған. Тексерілген өнеркәсіп объектілерінің әрбір екіншісінде, ал совхоздар мен колхоздарда түгелдей қаржы тәртібі бұзылған.

Кадрлар таңдауда, кадрларды орналастыру мен тәрбиелеуде елеулі кемшіліктер жіберілген. Басшылық қызметтерге қажетті моральдық және іскерлік қасиеттері жоқ адамдарды тағайындау фактілері орын алған. Социалистік меншікті жеп қоюшылардың әр бір төртіншісі жауапты адамдар, ал әр бір сегізіншісі – коммунист”десе[142], Арқалық  партия комитетінің жұмысын  тексеру қорытындысы бойынша: “1986 жылы қылмыстық заң бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға артқан, оларды ашу нашарлаған. Социалистік меншікті иемденіп кету, жап қоюдан, талан-таражға салудан келген шығын үш есе артқан”-деген қорытынды жасалынған [143].Жалпы, 1985 – 1986 жылдары мемлекеттік сауда мен тұтынушылар кооперациясы саласында әр түрлі қылмыспен айналысқан 30 мың адам әшкереленген[144].

Мұндай жағдай 1987 жылы да жалғасқан. Мысалы, Шымкент облыстық комитетін тексеру қоғадық малмен бірге 183 мың жеке меншік мұйізді ірі қара, 85 мың жылқы мен түйе, 1,2 миллион қой мен ешкі мемлекет есебінен бағылғандығын көрсеткен[145]. М. Горбачевтың бастамшылығымен жүргізілген маскүнемдікке қарсы күрес науқаны  кері нәтиже берген. Жаппай қолдан арақ жасау көбейген. Адам басына шаққанда ішімдік ішу іс жүзінде 1,5 есе артқан. Маскүнемдік және нашақорлықтың садарында тұрмыстық қылмыс, оның ішінде әдейі адам өлтіру, бұзақылық, зорлау саны артқан[146]. Көрсетілген үш жылда   тіркелген нашақорлардың саны да 1,5 есеге артқан. Олардың 40 пайызы әскер қатарына шақыру жасындағылар[147].

Дегенмен, Горбачевтық “Қайта құрудың” елде біршама өзгерістер болуына әсер еткендігі рас. Әйтсе де, ол да КСРО-ны дағдарыстан алып шығып, ыдыраудан құтқара алмады. Елде қайта құру қажеттігін түсініп, соған бағыт алғанымен, партияның ең жоғарғы басшылығында саяси қателіктер жіберіліуімен болды. Ол туралы, жоғарыда айтылғандай, “қызмет жағдайына орай осы жылдардың барлығында да әрдайым оқиғалардың қалың ортасында жүрген” Н. Назарбев: “Бір жағынан, біз СОКП-ның басшылығында тоқырау заманындағы өзінің қателеспейтіндігіне кәміл сену, сын мен ескертпе пікірлерге менсінбей қарап, оны қынжыла ауыр қабылдау сияқты ескі әдеттердің қайталанумен болғанын құр байқаумен ғана отыра бердік. Екінші жағынан, ешқандай маңызды ұсыныстың жасалуы да мүмкін емес еді, өйткені СОКП-да нағыз ақыл-ой орталығы жоқ болатын. Партияның орасан зор штаты бар аса ірі ғылыми-зерттеу мекемелері атам заманғы қасаң қағидалардан айырылмай, аппараттың ұсақ мүдделеріне ғана қызмет етуді одан әрі жалғастыра берді, қазіргі ғылыми және қоғамдық ақыл-ойдан мүлдем артта қалып қойды”-деп [114, 209 б.], партия басшылығының ең осал буынын дәл басып, көрсете білді.

Сонымен қатар, Н. Назарбаев қайта құру жылдарында экономика саласында көрініс берген оңды нәтижелер туралы да айтқан. Ол: “1987 жылы алдыңғы қатарлы озық жаңалықтарды өндіріске енгізуге, ескірген құрал-жабдықтарды және негізгі қорларды ауыстыру мерзімін қысқартуға ынталандыруды қамтитын ғылыми-техникалық проецесті жеделдетуге бағытталған маңызды шаралар жасалынды. Біздің жетекші саламыз – машина жасау өнеркәсібін жаңа сапалық деңгейге көтеру жөнінде де дұрыс талпыныс болды. Ауылшаруашылық өндірісінде болмай келген сенімді тірек нүктесі ідеп табылды – ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мен оны сақтаудың проблемаларын шешуді қолға алдық, бұл мақсатқа 77 миллиард сом бөлдік. Ең бастысы – біз экономиканың адамға қарай бет бұруының қажеттілігін ақыры әйтеуір ұқтық. Адамдарға миллиондаған тонна болат, мұнай, көмір емес, қайта баспана, тамақ, киім-кешек, балабақша керек екенін түсіндік. Бүкіл дүние жүзіндегі елдерде ұлттық табыстың 70-80 проценті халықтың тұтынуына жұмсылып, тек қалған бөлігі ғана қор жинауға кетіп жатса, бізде бәрін де керісінше жасап, өңін теріс айналдырумен келдік… Ақырында экономикамызды милитарландырудың ақылға қонымды шектен әлдеқашан асып кеткеніне көз жеткіздік.Ұлттық табыстың қомақты бөлігі қорғаныс салаларына жұмсалды, олар тек орасан зор материалдық қаржыларды ғана сүліктей сорып қоймай, сонымен бірге еліміздің интелектілік күш-қуатын да, ең үздік ақыл-ой иелерін де, жоғары маманданған инженерлер мен жұмысшыларды да өз уысында ұстап отырды”-дейді [114, 209-210 бб.].

Бірақ, байқала бастаған бұл оңды көріністер де елді экономикалық дағдарыстан алып шыға алмады. Жаңа бастамалар ондаған жылдар бойы қалыптасып, қатып-семген жүйенің қарсылығына кездесті. “Біздің көз алдымызда жан ауыртатын жыға таныс көріністер тағы да бой көрсетумен болды-дейді Н. Назарбаев, жоспарлаймыз, іске кірісеміз, содан соң оны тастай салып, басқа бір істі бастап кетеміз, осылайша шексіздікке дейін созыла береді… Осыдан барып төніп келе жатқан дағдарысты кез келген тәсілмен тоқтатуға жан ұшыра әрекет жасалынды. Экономика…бірінен соң бірі сәтсіздікке ұшыраған тәжерибелер тізбегінің аймағына енді. Экономиканың кооперативтік секторын жаңғырту әрекеті де тым қолапайсыз болып шықты… мемлекеттік секторды экономикалық талан-тараж өрті шарпыды…Экономиканы бейберекеттілік жайлап алды. Мұндай жағдайда нарықтық экономика идеясы біржола жеңіске жетті” [114, 210-211 бб.].

Міне, осылай, өмірдің өзі бізді нарықтық қатнастарға алып келген. Ең бастысы, Н. Назарбаев елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуал туралы ойларын өз уақытында СОКП-ның ең жоғар форумы ХХҮІІІ съезінде және КСРО Халық депутаттарының съездерінде сөйлеген сөздерінде, яғни бүткіл КСРО халықтары алдында, сол экономиклақ-әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында айтқан. Мысалы, партия съезінде: “Қайта құру басталғалы бес жыл өткен кезде елеулі кемшіліктерсіз жүріп жатқан сала бізде жоқ екенін адал мойындауымыз керек…Менің өзіме жоспарлы шаруашылықтан рынок стихмясына көшу жолындағы осындай дүрлікпе, асығыс әзірлік ту сыртында күні бұрын әзірленген айқындамалары жоқ армияның жанталаса шегінуін еске салады”-десе, оның әлеуметтік салдары туралы: “Қайта құрудың нақты айқындамасының жоқтығы ұлтаралық қатнастарға ерекше күйзелте салқынын тигізді”-дейді [114, 261-264 бб.].

Халық депудаттарының І съезінде сөйлеген сөзінде: “Ведомоствалық өктемдік салдарында әлемдік рыныкта жоғары сұранысқа ие шикізат қоры мол біздің республикамыз, өзінің әлеуметтік дамуы жағынан ауыр жағдайға тап болды және экологиялық дағдарыс қарсаңында отыр. Министірлік өзінің ебедейсіз әрекеттерімен Аралды құртты. Екібастұз өзінің күлін далаға шашуда. Мұнайдың өзін өндірушілері үшін еш пайдасы жоқ. Әр түрлі әскери полигондар үшін мал жайылымдары алынды, ал оған өтемақы төлеу ешкімнің де ойында жоқ” — деп, Орталықтың шексіз билігінің Қазақстанға қандай “жақсалық” әкелгендігі туралы айтқан[ 101, 100 б.]. Ал, халық депутаттарының ІІ съезінде сөйлеген сөзінде экономиканың құлдырауына алып келген саясаттың халықтың тұрмыс-жағдайына тигізген әсері туралы: “Демократияландыру туралы әсем сөздердің сірнесіне шашалған еліміздің ырзық іздеп Европаның бай “дастарқандарына” телміре қарап, қол жая бастаған саясатпен келісе алмаймын”- дей келе, “Жәбір шегіп, қорлық көрген халық сізден, Михаил Сергеевич / М. С. Горбачев — СОКП ОК Бас Хатшысы, КСРО-ның тұңғыш және соңғы Президенті – С. С./, және сізден, Николай Иванович, / Н. И. Рыжков — КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы – С. С./мынаны сұрауға хақылы: біздің машина жасау саламызды жаңғырту жөніндегі уәденің және соншалықты кеңінен жарнамаланған конверцияның жемісі қайда? Ғылыми-техникалық прогрестің өз кезінде белгіленген бағдарламасының нақты нәтижелері қайда? Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату ісін дамытуға бөлінген 77 миллиард сом қайда? Біз қайта құруды бастаған осы практикалық қадамдар әбден дұрыс болатын. Алайда ізгі ниеттер, құмға сіңгендей, саяси көпірме сөздің астында қалды”- дейді [114, 270 б.].

Осылай, тәуелсіздік қарсаңында елде қалыптасқан жағдай туралы айтқан ойларын Н. Назарбаев 1996 жылы жарық көрген “Ғасырлар тоғысында” атты еңбегінде одан әрі жалғастырды. Егер, тәуелсіздік қарсаңында дайындаған еңбегінде саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда қалыптасқан келеңсіз жағдайлар туралы елдегі қалыптасқан ауыр ахуалды жақсарту мақсатында, оларды түзету арқылы елді дағдарыстан шығару мақсатында айтса, “Ғасырлар тоғысында” оларға КСРО-ның күйреуінің басты себебі ретінде талдау жасап, бірнешеуін атап көрсеткен.

Мысалы, ол аталған еңбегінде КСРО-ның құлауы туралы айтқанда әскери, әскери-техникалық, стратегиялық аядағы екі жүйе арасындағы тайталастың сол кездегі сарапшылырдың назарынан тыс қалып жүргендігін, ал өзінің экономикалық потенциалы әлдеқайда жоғары елдермен әскери салада бәсекелесудің КСРО-ны әбден титықтатқаны туралы айта келе: “Қарулану жолындағы бәсеке – Кеңес Одағы Құлауының басты себептерінің бірі”-деп, қорытынды жасап, оған нақты дәлелдер келтірген [126, 16-18 бб.]. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы: “Бұл күйреудің талай себептерін табуға болады. Бірақ соның ең бастысы – экономикамыз бен қоғамымыздың технологиялық мешеулігінің күшейе түсуі, сондай әлжуаз экономикаен мен қоғамның мойнына жарыса қарулану салған салмақтың молая түсуі болғаны даусыз.

Сексенінші жылдардың басында әскери және әскери-экономикалық тепе-теңдікті сақтауға тырысудың салдарынан, отандық экономикамыз тұралай бастады…Мен бұған сол кездегі бір аса ірі кеңес республикасының Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің экономика мәселелерімен шұғылданған хатшысы ретінде де жауапкршілікпен ол туралы куәлік бере аламын”-деп бірнеше статистикалық деректер келтірген [126, 21-23 бб.].

Өзінің КСРО-ның күйреуінің экономикалық себептеріне жасаған талдауын Назарбаев: “Көңілімді нілдей бұзған тағы бір дерекке тоқталайын. Академик Сагдеевтың айтуынша, біздің еліміздегі бір жұмыс орнының өнімділігі озат елдердегі комьпютерленген жұмыс орнының өнімділігінің бір процентін ғана құрайды екен. Бұған не деп дау айта алмақпыз. Жанымызға жақсын, жақпасын, шын жағдайға өзіміз әбден қаныға түсіп, өзгелерге әдеппен түсіндіре білейік”-деген жолдамен аяқтаған [126, 25 б.].

Сонымен қатар, Н. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” елде қалыптасқан әлеуметтік-экономиклық және саяси ахуалдың қайда алып келгендігі туралы: “Қоғамды торығушылық кеңінен жайлай бастады. Жаппай енжарлық қауіпті мөлшерде етек жайды… Көне басқару жүйесі тез күйрей бастағанымен, жаңа саяси және экономикалық құрылымдар атымен жасақталмады. Бүкіл елде ереуілдер толқыны күшейіп, ұлттық қозғалыстар билікке қол жеткізіп, жекелеген республикалардың КСРО құрамынан шығатын пейілі танылған кезде, менің Кеңестер Одағы күндерінің санаулы екендігіне алғаш көзім жете бастады…Не тарих қойнауына жылжып бара жатқан көне жүйедегі өз орнымды сақтап қалуым, не “өз жауапкершілігімдегі аймақ” — Қазақстанды жаңаша қалыптастыруым керек болды…Маған өзімді президент сайлаған халықтың – қазақстандықтардың алдындағы жауапкершілігімді сезініп, шешімді әрекеттерге барудан басқа амал қалмады”-дейді [126, 56-57 бб.].

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сол бір ел тағдыры, ұлт тағдыры шешілер тұста жақыннан көріп, жанына үңілген адамдардың бірі ретінде туған інісі Болат Назарбаев өзінің “Аға” атты кітабында былай деп еске алады: “Әлі көз алдымда: сол күндердің бірінде мен Нұрсұлтан ағаның үйіне бардым… Нұрсұлтан аға жұмыстан өте жай келді. Менімен күлімдеп амандасқанымен де қабағынан шаршаңқы рай байқалды. Нұрсұлтан аға үйдегілердің аман-саулығын сұрады. Әрқайыссының атын атап, не істеп жүргенін, хал-жағдайларының қалай екенін де сұрауды ұмытпады. Осы кезде Сара тәтем бізді дастарханға шақырды.

Нұрсұлтан аға үнсіз отырып тамағын ішті. Бір ауыр ой еңсесін басып отырғанын байқадым. Мен де, Сара тәтем де ағаның ойын бөлмеуге тырыстық. Ағаның шашына ақ түсе бастапты. Бірақ кең маңдайында әжім жоқ. Жарқырап тұр… -Горбачев пен Ельциннің арасы онша жақсы емес. Одақ ыдырайтын түрі бар. Қазақстанды ешқандай қақтығыстарға ұрындырмай, ішкі тынышты-ғымызды сақтап қалуға күш сауымыз қажет. Онсыз тәуелсіздікке жетуіміз қиын. Менің ойымнан кетпей жүрген ең ұлы арман – Тәуелсіздік! – деді Нұрсұлтан аға. Біз ештеңе айта алмадық. Іштей ғана түсініп отырмыз. Бүкіл елдің бүгінгі арманы тәуелсіздікке жету екенін де білеміз. Және халық Нұрсұлтан ағаға сеніп отырғаны да рас. Ел сенімін ақтау үшін иығына артқан жүгі де ауыр ағаның. Мұңы, азабы, жауапкершілігі, ауыртпалығы мың батпан. Тарих доңғалағы күрт басқа бағытқа бұрылды…

Бәрі де жақсы болады.! – деді Нұрсұлтан аға сенімді дауыспен, — Бізге Құдай көмектеседі. Мен ең бірінші Құдайға, сонан кейін батыр бабалар рухына сыйынамын…” [138, 62-65 бб.].

Н. Ә. Назарбаевтың белсенді әрекетінің арқасында Одақ бейбіт жолмен ыдырап, тәуелсіздік таңы да атты. 1991 жылдың желтоқсанында қабылданған  Алматы декларациясында: “Тәуелсіз мемлекеттер Достығының құрылуына байланысты Кеңестік социалистік республикалар одағы өзінің өмір сүруін тоқтатты”деп жазылды. Демек, КСРО-ның күйреуінің ең соңғы нүктесі Алматы қаласында қойылды. Ол туралы сол тарихи оқиғаның куәгері Ә. Келілбаев: “Жетпіс жылдан астам жер дүниені тітіреткен қызыл империяның жаназасы Алматы қаласының құрманғазы көшесіндегі Достық үйінің дөңгелек залында шығарылды. Жасы жетпіс төртке қараған әлемдік социализм мен алтыдан асып бара жатқан кеңестік қайта құрудың аласапыранының ақтық сағаттары Алатау баурайында, қазақ топырағында аяқталды”-деп жазды[148, 45 б.].

Қорыта айтқанда, Н.Ә. Назарбаев өз еңбектерінде КСРО-ның ыдырауының саяси себептерімен қатар, әлеуметтік-экономикалық себептерін де көрсетіп, оларға жан-жақты талдау жасау арқылы Одақты күйреуге алып келген процестің объективті негіздерін айқын аша білген. Егер, Одақтың ыдырауының әлеуметтік негіздерін ұлтаралық қатнастарда, әлеуметтік қамсыздандыру саласында, т. б. әлеуметтік салаларда жіберілген кемшіліктер құраса, экономика саласында бір орталықтан басқарылған жоспарлы экономиканың тоқырауы, жаппай көзбояушылық, талан-таражға жол беру т.т. құраған. Осының бәрі Н. Назарбаев еңбектерінде нақты фактілер негізінде дәлелденген. Демек, диссертациялық жұмыста келтірілген мысалдар мен дәлелдер Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектерінің тәуелсіздік қарсаңында елімізде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуалы объективті бейнеленген, шынайылық деңгейі жоғары дерек көзі екендігін толығымен дәлелдейді деп ойлаймыз.
Тағы рефераттар