Қылмыс жасаған адамды ұстағанда зиян келтіру туралы қазақша реферат
Қылмыс істеген адамды ұстау – қылмыстылықпен күресудің негізгі элементтерінің бірі. Сондықтан да қылмыс жасаған адамға оны мемлекеттік органдарға жеткізу және оның жаңа қол сұғушылық жасау мүмкіндігін тыю үшін, ұстау кезінде зиян келтіру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкін болмаса және бұл орайда осы үшін қажетті шаралар шегінен шығуға жол берілмесе, қылмыс болып табылмайды.
Қол сұғушылық жасаған адамды ұстауға бұған арнаулы уәкілеттігі бар адамдармен бірге жәбірленушімен басқа азаматтардың да құқығы бар (33-бап). Бұл — әркімнің қызметтік және азаматтық парызы. Қылмыскерді ұстау туралы қылмыстық құқық нормасы бұрынғы Қазақ КСР Қылмыстық кодексінде көрсетілмеген еді. Азаматтардың қылмыскерді ұстауға байланысты әрекеттері қажетті қорғану ретінде бағаланады. Осындай арнаулы заң нормасы Украина, Өзбекстан Қылмыстық кодексінде бұрын бар болатын. Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде тұңғыш рет қылмыс істеген адамды ұстағанда оған зиян келтіру қылмыс болып табылмайды деп көрсетілген.
Өйткені қылмыскерді ұстағанда оның жеке өзіне, мүліктік мүддесіне зиян келтірілуі мүмкін. Кейбір жағдайларда ондай зиян мөлшері аса елеулі болуы да мүмкін. Сондықтан да қылмыстық заң мұндай реттерде зиян келтірудің шекаралық белгілерін көрсетіп беруі тиіс.
Қылмыс істеген адамды ұстағанда зиян келтірудің дұрыстығын анықтаудағы мән-жайлар негізінен екі топқа бөлінеді. Біріншісі, қылмыс істеу фактісіне байланысты мән-жайлар, екіншісі, қылмыс істегеннен кейін оны ұстауға байланысты келтірілген зиян.
Қылмыскерді ұстаудың негізі болып оның біткен немесе аяқталмаған қылмысты істеуі немесе қылмыс істегеннен кейін одан жасырыну, құтылу әрекеттерін жасауы болып табылады.
Бұл жерде ескеретін жайт, қылмыскер деп қасақана немесе абайсыздықпен қылмысты істеген адамға белгілі бір дәрежеде оны ұстағанда зиян келтіру туралы сөз болып отыр. Қылмыс істеп жатқан адамның өзін немесе қылмыс істегеннен кейін нақ сол қылмыскерді ұстау – институтты жүзеге асырудың негізгі шарты болып табылады.
Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің талаптарына сәйкес қылмыс істеді деп сезіктенген адамды ұстауға мынадай негіздердің бірі болғанда ғана жол беріледі:
А) бұл адамның қылмыс істеп жатқан үстінен шықса немесе қылмысты жаңа ғана істеп болған үстінен шықса;
Б) көзімен көрген адамды, соның ішінде жәбірленуші де қылмысы істеген осы адам деп тура көрсетсе;
В) сезікті адамның өзінде немесе киімінде, өз қасында немесе үйінде қылмыстың айқын көздері табылса.
Қылмыскерді ұстаудың сөзсіз негіздері болып, оның тұтқыннан, қамаудан, жаза өтеп жатқан мекемеден қашуы болып табылады.
Қылмыскерді ұстау деп – негізінен, ол адамның қылмыс істеп жатқан кезінде ұсталуын айиамыз. Бірақ адам қылмыс жасаған кезде ұсталмаса, оны ұстау қылмыс істегеннен кейін де, қылмыстық жауапқа тартудың мерзімі ішінде жүзеге асырылады.
Қылмыс істеген адамды ұстаған кезде зиян үшінші жаққа емес, тек соның өзіне ғана келтіріледі. Келтірілген зиян барынша шамалы, аз және негізді болуы керек. Мұндай зиян келтіру тек амалсыздан, басқа шараның жоқтығынан болуы қажет. Егер қылмыс істеген адамның өзі туралы белгілі болса, айналасындағыларға қауіп төндірілмесе, оған зиян келтіруге ешбір негіз жоқ. Қылмыскерді ұстау барысында оған келтірілген зиян мөлшері істелген қылмыстың қауіптілігіне, қылмыскердің тұлғасына, оның мінез-құлқына немесе оны ұстау жағдайына да байланысты болады. Ауыр, өте ауыр қылмыс жасаған қылмыскерді ұстау кезінде оған елеулі зиян келтірілуі мүмкін. Мысалы, әйел зорлап, қарақшылық жасаған адамдарды ұстағанда, олардың қарсылығына қарай келтірілген зиян мөлшері де соған сәйкес болуы ықтимал. Ұстау кезінде қылмыскерге келтірілген зиян мөлшері қылмыскердің тұлғасына да байланысты. Мысалы, аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде оған келтірілген зиян мөлшері алғаш рет қылмыс жасаған адамға келтірілген зиянға қарағанда едәуір көп болатыны өзінен-өзі түсінікті. Зиян мөлшері ұсталатын қылмыскердің жынысына, жасына да байланысты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық атқару кодексінің тиісті бабына сәйкес, тұтқын орынынан қашқан әйелдерге, жасөспірімдерге қару қолдануға болмайды. Осыған байланысты жасөспірімдерді, әйелдерді, өте кәрі адамдарды, мүгедектерді қылмыс істеген кезде немесе одан кейін ұстағанда, оған қолданылатын күштеу шараларын шектеу қажет. Аса ерекше жағдайларда ғана мұдай адамдарды ұстау оларға зиян келтірумен ұштасу керек.
Зиян келтіру кейбір жағдайларда ұсталатын қылмыскердің қарулануына, қылмыс істеген уақытқа, орынға, жағдайына да байланысты. Қылмыскерді ұстаудың мақсаты – оны әділ соттылыққа беру болып табылады. Сондықтан да қандай жағдайда болмасын қылмыстың мәніне, қылмыскердің кім екеніне, тіпті, оның бұрын ату жазасына, сотталғанына қарамастан оны тірідей ұстау, әділ соттылықты жүзеге асыратын органға табыс ету қажет. Қылмыскерді ұстау барысында оның өмірін жою қажетті қорғану шегінде ғана жүзеге асырылады.
Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау — адамға келтірілген зиян, мәжбүр етпейтін анық шектен тыс зиян қажетсіз келтірілген кезде, олардың ұсталатын адам жасаған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне және ұстаудың мән-жайына көрінеу сай келмеуі, ұстау шараларын асыра сілтеу деп танылады. Бұлайша асыра сілтеу қасақана зиян келтірілген жағдайда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады делінген (33-бап, 2-бөлігі). Мұндай асыра сілтеу үшін тек қасақана зиян келтірген реттерде ғана жауапқа тартылады. Мұндай шектен шығудың, яғни асыра сілтеудің заңда көрсетілген түрлері мынадай:
А) Істелген қылмыстың қауіпінің сипаты мен дәрежесіне сай емес жағдайда, қылмыс істеген адамды ұстағанда зиян келтіру. Мысалы, біреуге қасақана жеңіл жарақат салаған адамды ұстағанда, оны ұстау барысында оған ауыр дене жарақатын келтіру немесе сарай үстінде әрі қарай барар жері жоқ, жасырынып тұрған ұрыны жерде тұрып мылтықпен атып жаралау және т.б.
Б) Ұстау жағдайына сөзсіз сәйкес келмеуі салдарынан кісіге қажетсіз, жағдайларға байланыссыз, сөзсіз шамадан тыс зиян келтіру. Мысалы: қылмыскерге болмашы зиян келтіріп ұстауға болатын болса, оған шамадан тыс ауыр, қажетсіз залал келтіріп, жарақат салып ұстау, ату, мүгедек жасау т.б. мәселелер. Осындай қажетті шамалардың шегінен шығуы тек қасақаналықпен ғана жүзеге асырылады. Заң бойынша қылмыс істеген адамды ұстағанда оған зиян келтірудің қажетті шараларының шегінен шығу, кінәлінің жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлардың қатарына жатады.
Қылмыскерді ұстаудың қажетті қорғану мен аса қажеттіліктен өзгешеліктері мынадай :
А) қажетті қорғану тікелей төніп тұрған нақты қиянатты тойтаруда жүзеге асырылады. Қылмыскерді ұстау қылмыс істеп жатқан кезде, тікелей қылмыс істегеннен кейін жүзеге асырылады;
Б) қажетті қорғанудың мақсаты – қылмысты тойтару, қылмыскерді ұстауда оны өкімет органдарына табыс ету;
В) аса қажеттілікте келтірілген залалдың мөлшері тойтарылған залал мөлшерінен міндетті түрде аз болуы қажет. Қылмыскерді ұстағанда қылмыскерге келтірілген зиян мөлшері көп болуы да мүмкін, бірақ ол сөзсіз шамадан тыс болмауы керек.
Тағы рефераттар
- Аттиланың (Еділ хан) дипломатиясы
- Сейтен мен Тайжан батырлар
- Экономика саласы ретіндегі туризмнің мәні және ерекшеліктері
- Қаратпалар
- Су ресурстарының сарқылуы және ластануы