Қылмыстық заңның мезгілдегі күші туралы қазақша реферат

Қылмыстық заңның мезгілдегі күші Қылмыстық кодекстің 4 және 5-баптарымен реттеледі.

ҚК-тің 4-бабында әрекеттің қылмыстылығы мен жазаланушылығының сол әрекет жасалған уақытта қолданылып жүрген заңмен белгіленетіндігі көрсетілген.

Осы ережелерді басшылыққа ала отырып қылмыстық заңның мезгілдегі күші кезіндегі әрекеттің ғана қылмыстылығын және жазаланатынғын анықтауға болады.

Іске асырылудағы, күшіндегі заң деп өзінің күшіне енген және белгіленген тәртіп бойынша өз күшін жоғалтпаған заң танылады.

Республиканың заң және езге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Парламент пен оның палаталарының регламенттерімен реттеледі. Мұндай арнаулы заң Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңы болып табылады.

Қылмыстық заңды жариялау және күшіне енгізу тәртібі былайша белгіленген:

а) егер заңның күшіне ену мерзімі сол заңның өзінде белгіленсе, онда заң сол мерзімде көрсетілген күннен бастап (жарияланған күннен немесе нақты көрсетілген мерзімнен бастап) заңды күшіне енген болып саналады;

ә) егер заңда оның күшіне ену мерзімі көрсетілмесе ол Қазақстан Республикасының Парламентінің Жаршысында немесе «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда», «Заң», Юридическая газета», газеттерінде ресми түрде жарияланғаннан кейін он күн өткен соң Республиканың барлық аумағында заңды күшіне енеді.

Мерзімдерді есептеудің жалпы қағидаттарына сәйкес белгіленген мерзімнің соңғы тәулігі өтісімен заң күшіне енген болып саналады.

Қылмыстық занды дәлме-дәл, дұрыс қолдану үшін қылмыстың жасалу уақытын анықтаудың маңызы зор.

ҚК-тің 4-бабына сәйкес қоғамдық қауіпті іс-әрекет (әрекетсіздік) жасалған уақыт, зардаптың басталған уақытына қарамастан қылмыс жасалған уақыт деп танылады.

Бұл норма материалдық сондай-ақ формальды қылмыс құрамының жасалу уақытын анықтайтын бірыңғай ережені бекітеді.

Қылмыстық заң мынадай әр түрлі негіздерге байланысты өзінің күшін жоюы немесе тоқтатуы мүмкін:

а) сол заңды басқа жаңа заң алмастыруына байланысты;

ә) заңда көрсетілген мерзімнің өтуіне я болмаса басқа заңдардың болуына байланысты;

б) егер қылмыстық заң белгілі бір мерзімге немесе ерекше мән жайларға қатысты шығарылса, онда ол белгіленген мерзімнің өтуімен немесе аталған мән-жайлардың жойылуымен өзінің күшін жоюы не тоқтатуы мүмкін.

ҚК-тің 5-бабы қылмыстық заңның кері күшін қолдануға, яғни жаңадан қабылданған қылмыстық занның күшінің ол заңды күшіне енгенге дейінгі болған әрекеттерге қолданыла беруіне мүмкіндік береді.

ҚК-тің 5-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, жауаптылықты немесе жазаны жеңілдететін немесе қылмыс жасаған адамның жағдайын өзге де жолмен жөңілдететін заңның кері күші болады, яғни мұндай заң күшіне енгенге дейін тиісті әрекет жасаған адамдарға оның ішінде жазасын өтеп жүрген немесе өтеген, бірақ соттылығы бар адамдарға қолданылады.

Жаңа қылмыстық заң мына жағдайларда әр кезде де кері күшке ие:

1)  әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жойғанда;

2) жауаптылықты немесе жазаны женілдеткенде;

3) қылмыс жасаған адамның жағдайын өзге де жолдармен жақсартқанда.

Әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын заң болып әрекеттің қылмыс қатарынан (яғни Қылмыстық кодекстен) алынып тасталуын көздейтін немесе осы әрекет үшін оның жазаланушылығын жоятын заң танылады.

Жаңа заңның, ескі заңмен салыстырғандағы жауаптылықты немесе жазаны жеңілдететіндігін анықтау мәселесі екі заңның да диспозициясы мен санкциясын салыстыру негізінде шешілуі қажет.

Өзгеріске түспеген диспозицияда егержаңа заң:

1) жазаның бір түрін басқа түрімен — жеңіл жазамен ауыстырса (мысалы, бас бостандығынан айыруды түзеу жұмыстарына ауыстырса);

2) жазаның бұрын көзделген бір түрінің орнына (мысалы, бас бостандығынан айыру) жаңа заңның санкциясында басқа да неғұрлым жеңілірек жазалар енгізілсе (мысалы, бас бостандығынан айыру немесе түзеу жұмыстары немесе айыппұл);

3) көзделген жаза мерзімінің ең жоғарғы жазалау шегін азайтса (мысалы, 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды, 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырса);

4) сондай жазаның ең төменгі жазалау шегін азайтса (мысалы, 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды, 1 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырса);

5)  негізгі жазаны өзгертпестен қосымша жазаны алып тастаса;

6) негізгі жазаны өзгерту мүмкін емес болған жағдайда қосымша жазаның түрін және мерзімін жеңілдетсе;

7) жаңа заң бойынша жазалауды алдыңғы заңмен салыстырғанда бір мезгілде күшейтсе және жеңілдетсе, онда нақты әрекет үшін неғұрлым жеңілірек жаза колданылуы мүмкін.

Бұл орайда алдыңғы заңда белгіленген жазаның ең жоғарғы шегінен, тағайындалған жазаның шегі жоғары болмауы тиіс.

Қылмыстық заңның кері күші сотталған және жазасын отеп жүрген немесе бұрынғы, қатаң норма бойынша жазасын өтеген бірақ соттылығы бар адамдарға қолданылады.

Егер жаңа қылмыстық заң адам сол үшін жазасын өтеп жүрген әрекеттің жазаланатындығын женілдетсе, тағайындалған жаза жанадан шығарылған қылмыстық заң санкциясының шегінде қысқартылуға тиіс (ҚК-тің 5-бабының екінші бөлігі).

ҚК-тің 5-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, мына жағдайда қылмыстық занның кері күші болмайды:

1) егер ол әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын белгілесе;

2) егер ол жауаптылықты немесе жазаны күшейтсе;

3) егер ол әрекетті жасаған адамның жағдайын өзге де жолмен нашарлататын болса
Тағы рефераттар