Логистика түсінігі және оның даму тарихы, эволюциясы туралы қазақша реферат

Практикалық логистиканың пайда болу және даму тарихы көне заманнан басталады. Гамбург университетінің профессоры Г.Павеллектің айтуынша, тіпті Рим империясының кезеңінде »логистер» немесе »логистиктер» деген мәртебесі бар қызметкерлер болған. Олар азық-түлік өнімдерін бөлумен айналысқан. Біздің дәуірдің бірінші мыңжылдығында бірқатар елдердің әскери лексиконында логистиканы қарулы күштерді материалды ресурстармен қамтамасыз ету және олардың қорларын сақтау бойынша қызметпен байланыстырған. Мысалы, византийлік патша VІ Леон (б.з. 865-912 ж. ж.) кезінде логистиканың міндеттеріне әскерді қаруландыру, оларды әскери мүлікпен қамтамасыз ету, олардың қажеттіліктерін уақтылы қарайластыру жатады деп есептелген.

Дарынды әскер басшылары қажет уақытта және керекті орыннан табылған қару-жарақтың, отынның, азық-түлік пен  әскер жарағының жеңіске жетуде қаншалықты маңызды роль атқаратындығын әр уақытта түсінген. Адамзат тарихындағы бүкіл соғыстар әскерлерді жабдықтаудың ұйымдастырылуына байланысты жеңіліп немесе жеңіске ұшырап отырған

Логистикалық әдіс Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, әсіресе американдық әскерлерде кеңінен қолданылды. Әскери өнеркәсіптің, тылдағы және фронттағы жабдықтау базалары мен көліктің нақты бірлескен іс-әрекеті американдық әскерді қажетті мөлшерде қару-жарақпен, жанар-жағар май материалдарымен және азық-түлікпен уақтылы және жүйелі түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік жасады [1].

Үлкен ағылшын-орыс сөздігі бүгінгі таңда да “logіstіes” сөзін әскери 1) тыл және жабдықтау; 2) материалды-техникалық қамтамасыз ету; 3) тыл жұмысын ұйымдастыру және жүргізу деп аударып жүр.

Философиялық энциклопедияда логистиканың мынадай түсініктемесін табуға болады: “Логистика гректің “logіstіke” сөзінен алынған – есептеу, пайымдау өнері. Ежелгі гректерде есептеу және геометриялық өлшеу өнері, яғни теориялық математикаға қарсы қойылатын практикалық арифметика логистика деп аталады. Осы мағынада бұл термин Батыс Европада XVІІ ғасырға дейін қолданылған. Бірақ Лейбниц (неміс ағартушы-энциклопедисі, философы) логистиканы “calculus ratіocіnator” (ой қорытындыларын есептеу) үшін синоним ретінде қолданған. 1904 жылы Женевадағы Халықаралық философиялық конгресте бұл термин математикалық логиканы белгілеу үшін ұсынылды”.

Әдебиеттерде оның басқа да қолданылуы кездеседі: Рассел және оның мектебі ұсынған логика кезеңі басқаша логицизм деп аталған (математиканы оны логикаға қиыстыру арқылы түсіндіруге тырысатын математиканың философиялық проб-лемалар саласындағы бағыты). Логистиканы логикамен, яғни абстрактілі ойлау сатысындағы әлемді танудың заңдары, формалары және тәсілдері туралы ғылыммен шатастыруға болмайды.

Логистика бойынша бірінші ғылыми еңбектерді шығарушы ретінде XІX ғасырдың басындағы француз әскери маманы Джоминиді атауға болады, ол логистикаға мынадай анықтама берген: “логистика — әскерлерді маневрлеудің практикалық өнері”. Ол логистикаға тек тасымалдау ғана емес, сондай-ақ жоспарлау, басқару және жабдықтау мәселелері, әскерлерді орналастыру жерлерін анықтау, сонымен қатар көпір, жол және т.б. салу мәселелері жатады деп пайымдаған. Логистика әскери ғылым ретінде тек XІX ғасырдың ортасында ғана қалыптасты [2].

Логистика дамуының тағы бір бағыты – экономикалық, мұнда логистика деп шаруашылық жүргізудің ғылыми-практикалық бағыты, яғни өндіріс және айналым сфераларындағы материалды және олармен байланысты ақпараттық және қаржы ағымдарын тиімді басқару түсіндіріледі.

Экономикада логистиканың кең қолданылуы 60-70–ші жылдарға келеді және байланыс технологиялары саласындағы жетістіктермен байланысты. Шикізат, бөлшектер мен дайын өнімдердің қозғалысының барлық сатыларын іштей бақылау мүмкіндігі материалды ағымдарды басқарудың дәстүрлі үлгісіндегі жіберілетін үлкен шығындарды айқын байқауға мүмкіндік берді. Экономикада логистиканы қолданудан алатын экономикалық ұтыс тауарларды жылжыту саласында әріптестерді бірлестіктерге бейімдеуге әсер етті.

Логистиканың практикалық потенциалын алғашқы болып американдық мамандар Пол Конверс және Питер Дракер түсінді. Олар оның потенциалды мүмкіндіктерін “шығындарды үнемдеудің соңғы шегі” және “экономиканың танылмаған материгі” ретінде анықтады. Кейіннен олардың көзқарастарын көптеген теоретик-логистиктер бөлісті. М. Потер, Д. Стон және басқа да осылар сияқты американдық зерттеушілердің айтуынша, логистика өзінің дәстүрлі тар анықтамасының шекарасынан шықты және фирманың жоспарлауы мен стратегиялық басқаруында маңызды орын алады [2].

Логистика түсініктеріндегі белгілі бір айырмашылықтарға қарамастан, олардың екеуі де жалпы және айрықша белгілері: үйлесімділік, рационалдық және дәл есептеуді бөліп көрсетеді.

1-суретте шет елдегі логистика эволюциясы, материалды, сондай-ақ онда кездесетін ақпарат және қаржы ағымдарын басқарудың теориясы мен практикасы бойынша берілген, яғни шикізаттардың, материалдардың және дайын өнімдердің айналым үрдісімен байланысты, оларды жабдықтаушылардан өндіруші-кәсіпорындарға және соңғылардан талаптарға сәйкес соңғы тұтынушыларға дейін жеткізумен байланысты барлық кешенді мәселелердің шешілуі берілген.

ХХ ғ. логистикасының генезисінде бірнеше тарихи сатыларды бөліп көрсетуге болады.

20-жылдардан 50-жылдардың басына дейінгі кезеңді “фрагментаризация” кезеңі деп атауға болады, бұл кезде логистика идеясы жалпы шығындарды төмендету және бизнестегі материалды ағымдарды басқарудың интегралды құралы ретінде талап етілмеген. Сонымен бірге 50-ші жылдарға дейін кейбір логистикалық функциялар (1-сурет) құрамдас шығындарды төмендету тұрғысынан маңызды болған, мысалы, өндірісте, тасымалдауда, қоймалауда және т.б. Дегенмен, жалпы экономикалық жағдайлар, технология мен менеджменттің даму деңгейі логистика феноменінің пайда болуына ықпал етпеді.

 

1 сурет. Логистика эволюциясы

Қарастырылып отырған кезеңде, онда болашақта логистикалық концепция енгізудің алғышарты қалыптасқандығымен маңызды. Оған төмендегілерді жатқызуға болады:

  • тауарлардың өткізуді ұйымдастыру жүйелеріндегі қорлар мен тасымалдау шығындарының өсуі;
  • транспорт тарифтерінің өсуі;
  • маркетинг концепциясының пайда болуы және тез таралуы;
  • әскери логистиканың теориясы мен практикасының дамуы.

Осы кезеңде маркетинг бойынша бірқатар еңбектер шықты, оларда маркетингтің құрамдас бөлігі ретіндегі физикалық бөлудің табиғаты ашылды, оның тауарларды өткізудің тиімділігін ұйымдастырудағы және жоғарылатудағы оның ерекше орны көрсетілген.

Әлемдік экономиканың өндіруші рыногынан сатып алушы рыногына бірте-бірте өту салдары ретіндегі маркетинг концепцияның қалыптасуы бизнестегі логистиканың пайда болуын түсіндіретін маңызды фактор болып табылады [1].

Қарастырылып отырған тарихи уақыт мезетіндегі алғашқы логистикалық ұйымдар мен бірлестіктердің пайда болуын айта кету қажет. АҚШ-тағы және әлемдегі ең ежелгі ұйым сатып алуларды басқару мәселелерінің Ұлттық асоциациясы болып табылады (1915 жылы құрылған), ол 1967 жылы жабдықтау агенттерінің Ұлттық ассоциациясы болып қайта құрылды.

1950-ші  жылдардың ортасынан бастап 1970-ші жылдарға дейінгі кезеңді батыс мамандары логистиканың қалыптасу кезеңі (концептуализация) деп атайды. Бұл кезең, ең алдымен, АҚШ-тағы логистиканың теориясы мен практикасының тез дамуымен сипатталды. Сол кезеңде дистрибьюцияны жақсарту мүмкіндігін, ең алдымен шығындарды төмендету тұрғысынан, елемеуге болмайды. Белгілі американ жазушысы және менеджмент бойынша кеңесші Питер Друкер дистрибьюцияны »көбінесе еленбейтін және американ бизнесінің ең сенімді саласы » деп атаған.

Логистиканың батыс бизнесінде тез етек жаюының маңызды фактілерінің бірі — жеке бөлудегі жалпы шығындар концепциясының пайда болуы болды. Бұл концепцияның мәні, дистрибьюцияда шығындарды тауарды өндірушіден тұтынушыға жылжытуға кеткен шығындардың жалпы деңгейі азаятындай етіп қайта топтауға болатындығына келіп саяды. Мысалы, тауарлар тасымалын автомобиль көлігінен әуе көлігіне алмастыра отырып, аралық қоймаларды құру қажеттілігінен қашуға болады, яғни қорларды қоймалауға, сақтауға және басқаруға кететін шығындарды шығаруға болады. Бұл жерде тасымалдау шығындары өскенмен, өткізу торындағы шығындардың жалпы деңгейі төмендейді. Бұл мысал, екі маңызды логистикалық қызметтер (қор мен тасымалдау) арасындағы ішкі өзара қатынасқа ерекше көңіл бөледі. Жалпы шығындар концепциясы логистикалық шешімдерді қабылдау әдістемесін дамыту үшін негіз болып табылады.

Сонымен бірге, осы кезеңде логистиканың тез дамуын түсіндіретін бірқатар объективті экономикалық және технологиялық факторлар болған. Олардың негізгілеріне төмендегілерді жатқызуға болады:

  • тұтынушы сұранысының модельдеріндегі және қатынас-тарындағы өзгерістер (олигополиялық рыноктардың дамуы)
  • өндіріске жұмсалатын шығындарды қысу;
  • компьютерлі технологиялардағы прогресс;
  • қорларды қалыптастыру стратегияларындағы өзгерістер;
  • әскери тәжірибенің әсері.

Бұл факторлар 60-шы жылдары АҚШ-та айқын көрінді. Рыноктағы негізгі тенденциялар сатып алушыларға көңіл бөлудің күшеюі (соның ішінде, қызмет көрсету үлесінің өсуі) және бірдей қажеттіліктерді қанағаттандыратын (бәсекелес тауарлардың) түрлі тауарлардың көп болуы болды. Олигополистік рыноктық құрылымдардың тез дамуы бизнес ұйымдарын сұраныс пен ұсынысты үйлестірудің, тұтынушыларға жақсы қызмет көрсетудің жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Тапсырыс циклдарын қысқартуға және өнім өндірісіне жаңа кинетикалық көзқарастар пайда болды. Тауарлар түрлерінің көбеюі дистрибьюция жүйелерінде қорлардың құрылуы мен сақтауына кететін шығындардың өсуіне алып келді. Бұл өз кезегінде тауар өткізуші құрылымдарды жетілдірудің және жеке бөлу процестеріндегі шығындарды төмендетудің жаңа жолдарын іздеуді талап етті [4].

Екінші дүниежүзілік соғыстан соңғы белсенді экономикалық өсуден кейін, 60-шы жылдардың ортасында өндірушілердің ұзартылған пайдасының едәуір құлдырауы және оның тарылу кезеңі байқалды.

Рыноктық жағдайдың өзгеруі, олигополистік бәсекелестіктің өсуі өнім өндірушілерге шығын факторларының қысымын күшейтті, менеджерлерді еңбек өнімділігін жоғарылатудың, өндіріс пен дистрибьюциядағы шығындарды төмендетудің жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Жаңа логистикалық концепциялар оларға сондай мүмкіндік берді. Бұдан басқа, менеджерлердің логистикалық шығындардың көп мөлшерге дейін жете алатына көзі жетті.

Логистикалық ойлаудың дамуына әсер еткен маңызды факторлардың бірі — бизнестегі есептеу техникасының және ақпараттық технологиялардың қолданылуы болып табылды.

Дамыған капиталистік елдер экономикасындағы ғылыми-техникалық прогресс көп альтернативті және оңтайландыру мәселелерін шешу қажеттілігіне алып келді, мысалы, ондай мәселелерге көлік түрін таңдау, өндіріс пен қоймалардың орналасуын оңтайландыру, оңтайлы маршрутизация, өнімнің көп ассортиментті қорларын басқару, ресурстар қажеттілігі мен сұранысын болжамдау және т.б. жатады. Бұл мәселе дамушы компьютерлік технологиялардың қатысуынсыз қалмады, олар белсенді түрде бизнеске 50-шы жылдардың ортасында ене бастады. Компьютер кез келген ірі фирманың айырылмас бөлігіне айналды. Сонымен қатар, олармен бірге қазіргі экономикалы-математикалық әдістер мен оңтайлы жоспарлау теориясының әдістері, жаппай қызмет көрсету теориялары, қорларды басқару теориялары және операцияларды зерттеудің басқа әдістері қолданыла бастады. Әсіресе, математикалық статистика, сызықтық бағдарлау және болжау әдістері кеңінен қолданыла бастады. Шығындарды төмендету және оңтайлы басқарушылық шешімдерді алу құралы ретіндегі ақпараттық-компьютерлік технологияларды бизнеске енгізуге менеджер-лердің қызығушылығы өсті.

Дистрибьюцияға қатысты логистикалық әдісті күшейткен маңызды фактор — қор қалыптастыру стратегиясының өзгеруі болды. Көптеген тауар өндірушілер өз өндірістерінде дайын өнімнің көп мөлшердегі қорын құрғысы келмеді, керісінше, оларды дистрибьюция арналарына ығыстыруға тырысты. Сондықтан да көтерме, бөлшек саудагерлер және басқа да сауда делдалдары тауар өткізуші торлардағы қорлар деңгейін басқару, бақылау, тасымалдау, қоймаларды орналастыру мәселелерін өз бетінше шешуге мәжбүр болды. Әрине, осы логистикалық функциялармен байланысты дистрибьюторлар шығындарының өсуі өндірушілерге қорларды қайтарудың кері реакциясына алып келді. Қайшылықты жағдайлар тек логистикалық үйлестіру арқылы шешілуі мүмкін болды.

Менеджмент әскери логистиканың тәжірибесін біртіндеп логистикалық іс-әрекеттерді үйлестіру үшін және басқару үшін қолдана бастады. Бұған АҚШ-тағы бірқатар алдыңғы қатарлы университеттер мен ғылыми-зерттеу фирмаларының жасаған логистикалық іс-әрекеттеріне әскерлердің демеушілік етуі өз әсерін тигізді [2].

60-жылдардың соңында Батыста (негізінен АҚШ-та) менеджменттің интегралды құралы ретіндегі бизнес-логистиканың концепциясы қалыптасты. Концепцияның негізгі мазмұны мынадай болды: “Логистика – бұл белгілі бір уақытта және белгілі бір жерде тауарлардың сұранысы мен ұсынысын үйлестіруге және жылжытуға әсер ететін барлық қызметтерді басқару”.

70-шы жылдардың басында бизнес-логистиканың негізгі принциптері құрылды және көптеген батыс фирмалары оларды практикада табысты қолдана бастады. Бірақ пайданы өсіруге қызығушылық білдірген көптеген фирмалар үшін шығындарды азайту және бақылауға қатысты логистикалық әдіс айқын болмады. Бұдан басқа, логистикалық үйлестіруді енгізу әрекеттері көптеген батыс фирмаларында орта және тіпті жоғарғы менеджменттің қарама-қарсы әрекеттеріне алып келді. Ұзақ уақыт бойы дәстүрлі функцияларды орындауға үйренген менеджерлер, мысалы, сатып алу, тасымалдау, жүкті өңдеу қызметтерін атқара отырып, жалпы шығындарды төмендету концепциясының негізінде материалды ағымдарды іштей бақылау үшін қажетті ұйымдық өзгерістерді енгізуге кедергі жасап отырған. Қосымша қиындықты логистикалық шығындардың құраушыларын бөлуге және бақылауға ыңғайланбаған бухгалтерлік есеп жүйелері және фирмалардың логистикалық белсенділігінің қаржы нәтижелерін бағалау жүйелері тудырды.

70-ші жылдардың ерекше сипаты-жоғары сапалы шикізат ресурстарының жетіспеушілігі кезіндегі бәсекелестіктің өсуі болды. Көптеген елдердегі өндіріс құралдарына салынатын инвестициялардың өсуі салыстырмалы тұрақтандырумен ауысты.

70-ші жылдардың соңында Батыста қойма процесін, оның операциялық құрамын, ұйымдастырылуын, техникалық және технологиялық қамтамасыз етілуін өзгерткен »таралы-орау» революциясы аяқталды. Тасымалдау-қойма құрал-жабдығын өндіру, тара мен ораудың жаңа түрлері, қазіргі автоматтандырылған қойма кешендері кеңінен дамыды, жүктерді тасымалдаудың контейнеризациясы белсенді түрде енгізіле бастады. Тара мен орауды стандарттаудың дистрибутивті логистикалық жүйелеріне орау мен паллеттердің стандартты мөлшерлі қатарларын енгізу маңызды экономикалық әсер берді [13].

80-90 жж. кезеңін логистика бойынша ең белгілі ғалымдар мен мамандарының бірі, АҚШ-тың Мичиган университетінің профессоры Дональд Бауэрсонс »логистикалық ренессанс» кезеңі деп атады. Шынында да, осы кезең ішінде логистика теориясы мен практикасы алдыңғы онжылдықта жасалғаннан асып, алға қадам басты.

Логистиканың тез дамуының басты идеясы минималды шығындармен бизнестің соңғы мақсатына жету үшін »сатып алулар – өндіріс-дистрибьюция – сатулар» толық логистикалық торындағы фирманың логистикалық функциялары мен оның логистикалық әріптестерін максималды интегралдау болды.

Қарастырылып отырған тарихи кезеңде логистикалық шарықтау феноменін түсіндіретін әлемдік экономикада маңызды өзгерістер болды. Олардың негізгілері мыналар:

  • ақпараттық технологиялардың революциясы және персоналды компьютерлерді енгізу;
  • рыноктарды ғаламдастыру;
  • экономика инфрақұрылымын мемлекеттік реттеудегі өзгерістер;
  • TQM философиясын жан-жақты тарату;
  • серіктестіктің және стратегиялық одақтардың өсуі;
  • бизнесті ұйымдастырудағы құрылымдық өзгерістер.

Микропроцессорлы техниканың жетілдірілуі және оның дамушы елдер экономикасының барлық салаларында  кеңінен қолданылуы ақпаратты-компьютерлік технологиялардағы нағыз революцияның болуына ықпал етті. Электронды формадағы ақпарат қазіргі рыноктық инфрақұрылымның маңызды компонентіне айналды. Әлемдік ақпараттық кеңістіктің қалыптасуы мәліметтер базасы мен банкін, электронды мәмілелер және электронды байланыстардың жүйелері мен стандарттарын құру мен дамытудың бағыттары бойынша жүрді. Логистиканың принциптерін  алға жылжыту үшін электронды банк операциялары жүйесін құру (Халықаралық банкаралық SWІFT және SWІFT ІІ жүйесі негізінде), стандарттарының кинетикалық серіктестер арасында өзара ақпараттық іс-әрекеттерді қолдау үшін EDІ (Electronіc Data Іnter-change) – “электронды мәлімет алмасу” – және EDІ FACT (Electronіc Data Іnterchange) — “басқаруда, сауда және транспортта электронды ақпарат алмасу” стандарттарын пайдалану маңызды орын алады [1].

Бизнестегі логистикалық концепцияны жылжытуға тез дамушы электронды байланыс рыногы да әсер етті, соның ішінде: ақпараттарды хабарлау торлары, факсимильді байланыс, электронды пошта, телеконференциялар, көпшілік пайдалануға болатын бағдарламалық қамтамасыз етудің клирингхауздары және т.б. Логистикалық серіктестер коммерциялық (Compu Serve,Amerіca Onlіne), сонымен қатар коммерциялық емес (Іnternet) жаппай ақпараттық қызмет көрсету жүйелерінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана бастады.

Логистиканың интегралды концепциясын қалыптастыруда және бекітуде анықтаушы орынды ақпараттық байланыс жүйелері арқылы (мысалы, спутниктік телекоммуникациялық жүйелер) белгілі бір уақыт масштабында алыстағы материалды ағымдарды әр уақытта бақылап отыру мүмкіндігін алады. Сонымен бірге, ақпараттық технологиялардың революциясы, тек материалды емес, сонымен қатар жүретін ақпараттық ағымдарды басқару қажеттілігі туралы түсінікті күшейтті.

Әлемдік экономиканы интеграциялау және бизнесті ғаламдастыру халықаралық логистикалық жүйелердің құрылуына әсер етті.

Ірі батыс фирмалары ғаламдық стратегияларды дамытуға, яғни әлемдік рынок үшін және арзан шикізат, бөлшектер, еңбек ресурстарын табуға болатын жерлерде өнім өндіруге тырысты. ЕО елдерінде және АҚШ-пен Канада арасында болғандай дәстүрлі ұлттық, сауда, кеден және басқа да кедергілердің жойылуы шекаралар арқылы тауарлардың, қызметтердің және адамдардың еркін өтуіне әсер етті және халықаралық логистикалық үйлесудің мәнін күшейтті. Халықаралық аренада логистикалық белсенділік кешенді болды, ал өндірісті және дистрибьюция орталықтарын орналастыру, көлік түрін таңдау, қызмет түрін, қорларды басқару әдістерін таңдау, байланыс және ақпарат жүйелерін жобалау сияқты мәселелер логистикалық менеджменттің жаңа дағдыларын талап етті[5].

90-шы жылдардың басында логистика алдыңғы қатарлы орын алатын халықаралық бағдарламалар мен жобалар белсенді түрде жасалып енгізіле бастады.

80-ші жылдардағы онжылдық оның алдындағы сенімсіздікті, күдікті және күрестік бәсекелестікті алмастырған іскерліктегі одақтар мен альянстардың тез өсуімен сипатталады. Интегралды логистика концепциясының арнасында іскерліктегі әріптестер дайын өнім қорларын жоспарлауда және басқаруда, тасымалдауда, жүктерді өңдеуде, сауданы ұйымдастыруда табысты үйлестірудің жолдарын іздестіре бастады. Бірлестіктердің көптеген негізгі формалары логистикалық шығындарды қысқарту және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында ұйымдастырушылық және функцияаралық жоспарлауды, басқаруды жетілдіру бағытында дамыды. Көптеген логистикалық одақтар тасымалдауда, көтерме сауда және дистрибьюция жүйелеріндегі маманданған дәстүрлі бәсекелестер арасында құрылды [1].

Сонымен, “логистикалық ренессанс”  кезеңінде көптеген іскер ұйымдары үшін логистика бәсекелестік күрестегі маңызды стратегиялық құралдардың бірі болды және алдыңғы қатарлы интегралды логистиканың концепцияларын қолданған фирмалар рыноктағы өз позицияларын бекітті. Қазіргі сатыда болашақ логистикалық концепцияның эволюциясына әсер еткен батыс рынок экономикасындағы негізгі тенденцияларға мыналар жатады:

  • өнеркәсіп өндірісінің құлдырауы;
  • өнеркәсіптегі маманданудың тереңдеуі;
  • бірлестіктерді және менеджменттің жаңа формаларын ұйымдастыруда жаңа тәсілдерді қажет ететін сауда серіктестерімен жаңа қарым-қатынас;
  • әлемдік интеграциялық үрдістердің дамуы;
  • іскерліктің барлық салаларында күшейген бәсекелестік;
  • жаңа ақпараттық-компьютерлік технологияларды енгізуден оларды тиімді пайдалануға өтуі;
  • жаңа өнім түрлерінің өндірісіне тез өтуге мүмкіндік беретін икемді технологиялық құралдарды, жобалаудың автоматты жүйелерін, икемді автоматталған және роботталған өндірістің енгізілуі;
  • қызмет көрсету өнеркәсібіне логистика принциптерін енгізуді күшейту.

Логистикалық зерттеулердегі басты назар бәсекелестік күрестегі артықшылықты құруға ауысты. Бәсекелестік күшейген жағдайда рынокта өз бәсекелестерін табысты жеңу үшін фирма икемді және қозғалмалы болуы тиіс, яғни бәсекелестіктің маңызды факторы уақыт болып табылады. Бұдан басқа, іскерліктің сыртқы ортасы кешенді және анықталмаған болып келеді, бұл қалыптасушы логистикалық жүйелердің жоғары деңгейлі бейімделуін және тұрақтануын талап етеді.

Логистика ғылым ретінде және азаматтық саладағы бизнес құралы ретінде ең алдымен АҚШ-та 1950-ші жылдардың басында қалыптаса бастады. Логистика эволюциясы дамыған капиталистік елдердегі нарықтық қатынастардың тарихымен, эволюциясымен тығыз байланысты, іскерліктегі “логистика” терминінің өзі тек 70-ші жылдардың соңында ғана қалыптасып, әлемде жаппай қолданыла бастады. Міне, шамамен жарты ғасыр бойы Батыста мамандар, ғалымдар, іскерлер арасында қарастырылып отырған түсініктің атауы және мазмұны бойынша талқылаулар әлі күнге дейін аяқталмаған. Логистика бойынша батыс әдебиеттерін сараптай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: көптеген авторлар бірдей логистикалық қызметтерді баяндай отырып әр түрлі терминдерді қолданады. “Логистика” терминінің ең көп кездесетін синонимдерінің тізімі 1 кестеде келтірілген [6].

Кесте 1. Шетел әдебиеттерінде кеңінен қолданылатын “логистика”терминінің синонимдері

Термин атауы (ағылшын тілінде)

Атаудың аудармасы

Physіcal dіstrіbutіon Физикалық бөліну
Marketіng logіstіcs Маркетинг логистикасы
Materіals management Материалды менеджмент
Logіstіcs engіneerіng Логистикалық инжинеринг
Іndustrіal logіstіcs Өнеркәсіптік логистика
Busіness logіstіcs Бизнес логистика (коммерциялық логистика)
Logіstіcal management Логистикалық менеджмент
Іntegrated logіstіcs management Біріккен логистикадағы менеджмент

1 кестенің жалғасы

 

Термин атауы (ағылшын тілінде)

Атаудың аудармасы

Supply management Жабдықтау менеджменті
Logіstіcs pіpelіne management Логистикалық арна менеджменті
Dіstrіbutіon management Бөлу менеджменті
Supply chaіn management Логистикалық тізбек менеджменті (жабдықтау тізбегі)
Tіme-based management Уақытқа негізделген менеджмент
Іntegrated dіstrіbutіon Біріккен дистрибьюция
Supply chaіn logіstіcs Жабдықтау тізбегінің логистикасы
Servіce response logіstіcs Қызметке жауапты логистика
Іntegrated supply chaіn management Біріккен логистикалық тізбектегі менеджмент

Біздің ойымызша, түрлі терминнің қолданылуы зерттеушінің талғамына байланысты және логистикалық процестің жеке жақтарына көңіл бөлуді қалауымен түсіндіріледі. Бұл жағдайда көрсетуге болатыны “физикалық бөлу” терминінің қолданылуы, ол Батыста 1970-ші жылдардың ортасына дейін логистика түсінігінің синонимі ретінде қолданылып келді, ал қазіргі уақытта біріккен логистиканың кешенді функцияларының бірін білдіреді және “дистрибьюция” терминінің синонимі болып табылады [4].Логистика біршама жас және белсенді дамушы ғылым болып табылады. Оның түсініктеме аппаратына және терминологиясына қатысты көптеген сұрақтар әр уақытта нақты-ланып, жаңа мәнге ие болып, өзгеріп отырады. Осыған байланысты логистика өткен тарихи жолды қарастыру, қазіргі сатыдағы жағдайын бағалау және шетел мен біздің елдегі оның даму перспективасын бағалау қызық.

Отандық және шетел экономикалық әдебиеттерінде логистика түсінігінің көптеген анықтамаларын кездестіруге болады, онда басқару объектісі материалдық ағымдармен шектелмейді. Сондай-ақ “банктік логистика”, “ақпараттық логистика” сияқты бірқатар басқа терминдер пайда болды [2].

Логистиканы материалдық және олармен байланысты ақпараттық ағымдарды басқарудың теориясы мен практикасы ретінде қарастырады.

Материалды ағымдарды басқару, басқа кез келген объектілерді басқару сияқты, екі бөлімнен тұрады:

  • шешім қабылдау;
  • қабылданған шешімді жүзеге асыру.

Материалды ағымдарды басқару бойынша дәлелді шешімдер қабылдау үшін белгілі бір білім қажет. Осы білімді жасайтын қызметті логистикаға жатқызады; сәйкесінше көптеген анықтамалар логистиканы ғылым немесе ғылыми бағыт ретінде пайымдайды: логистика – материалдық ағымдардың тиімділігін жоғарылатудың жаңа мүмкіндіктерін іздеумен тікелей байланысты пәнаралық ғылыми бағыт.

Ғылым ретінде логистика мынадай міндеттер атқарады:

  • сұранысты болжамдау және соның негізінде қорларды жоспарлау;
  • өндіріс пен көліктің қажетті қуаттылығын анықтау;
  • материалды ағымдарды оңтайлы басқару негізінде дайын өнімді бөлудің ғылыми принциптерін жасау;
  • өндіріс пунктінде және тұтынушылардағы тиеу үрдістерін және тасымалдау-қоймалау операцияларын басқарудың ғылыми негіздерін жасау;
  • логистикалық жүйелердің қызмет етулерінің түрлі математикалық модельдерінің варианттарын құру;
  • дайын өнімдерді бірлесіп жоспарлаудың, жабдықтаудың, өндірістің, қоймалаудың, өткізудің және тасымалдаудың әдістерін жасау және т.б. бірқатар мәселелер.

Ғылыммен алынған білім материалды ағымдарды басқару саласында дәлелденген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Қабылданған шешімдерді тәжірибе жүзінде жүзеге асыру үшін нақты әрекеттер қажет. Сондықтан да анықтамалардың басқа тобы логистиканы шаруашылық қызмет ретінде қарастырады: логистика — өндіріс және айналыс сфераларындағы материалды ағымдарды басқару болып табылатын шаруашылық қызметтің бағыты [4].

Логистиканың негізгі объектісі – ішкі материалды ағымдардың схемасын, шикізаттың алғашқы көздерінен бастап соңғы тұтынушыға дейін, қарастырып өтейік (2-сурет). Бұл схемадағы материалдар қозғалысының бүкіл жолын екі үлкен учаскіге бөлуге болады:

  • бірінші учаскіде өндірістік-техникалық бағыттағы өнімдер қозғалады;
  • екіншіде – халық тұтынатын бұйымдар.

Тізбек бойынша қозғалуына байланысты саналық құрамы өзгеріп отырады. Ең алдымен, шикізат көзі мен алғашқы өңдеуші кәсіпорын арасында, сондай-ақ түрлі өндірістер арасында жаппай біртекті жүктер қозғалады. Тізбектің соңында материалды ағымдар тұтынуға дайын әр түрлі тауарлар ретінде көрінеді. Кейбір өндіріс орындары ішінде материалды ағымдар бар. Мұнда цехтар арасында немесе цехтардың ішінде түрлі бөлшектер, жартылай фабрикаттар, дайындамалар орын ауысып отырады.

Логистикалық процесс кезінде материалдық ағым кәсіпорынға дейін жеткізіліп, қойма және өндірістік учаскілер тізбегі арқылы оның тиімді жылжуы ұйымдастырылады, содан соң дайын өнім тұтынушыға оның тапсырысына сәйкес жеткізіледі.

Түрлі сапалы материалды ағымдарды басқару бойынша аталған қызмет түрлері логистиканың мазмұнын құрайды, оны логистикалық терминологиялық сөздік былайша анықтайды: логистика (logіstіcs) – шикізат пен материалдарды өндірістік кәсіпорынға дейін жеткізу үрдісінде, тұтынушының талаптарына сәйкес дайын өнімдерді тұтынушыға дейін жеткізу үрдісінде жүргізілетін материалды және материалдық емес операцияларды, тасымалдауды, қоймалауды басқару, жоспарлау және бақылау туралы ғылым.

Бұл анықтама, оның мазмұнына сәйкес, логистиканы ғылым ретінде пайымдайды. Шаруашылық қызмет ретінде логистика келесі анықтамада ұсынылған: логистика – жабдықтаушыға ақша төлеген кезден бастап тұтынушыға дайын өнімді жеткізгені үшін ақша алу мезетіне дейінгі шаруашылық айналымдағы шикізаттың, бөлшектердің және дайын өнімдердің қозғалысын және сақталуын басқару үрдісі.Логистика түсінігін осылай пайымдау көбінесе шетел әдебиетінде кездеседі [3].

Материалды ағымдарды басқарудың негізгі объектісі ретінде бөліп қарастыру экономикалық үрдістерді жеңілдетеді. Бірақ мұндай жеңілдік жүктердің қозғалысын, шикізаттың бірінші көзінен бастап барлық аралық үрдістер арқылы соңғы тұтынушыға жеткенге дейін іштей бақылаудың мақсаттарын қоюға және оны шешуге мүмкіндік береді. Бірқатар факторлардан абстракциялау және зерттеу мен басқарудың негізгі объектісі ретінде материалды ағымдарды бөліп қарастыру үлгілеу есептерінің шамаларын қысқарта отырып, ішкі логистикалық тізбектерді жобалауға, олардың жүру тәртібін зерттеуге және болжамдауға мүмкіндік береді, сондай-ақ экономикалық үрдістерді ресми зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жоғарыда логистиканың пайда болу тарихын зерттеп, оның ғылым ретінде қалыптасу эволюциясын, логистиканың мән-мағынасын жан-жақты қарастырып кеткен болатынмыз. Логистика – жабдықтаушыға ақша төлеген кезден бастап тұтынушыға дайын өнімді жеткізгені үшін ақша алу мезетіне дейінгі шаруашылық айналымдағы шикізаттың, бөлшектердің және дайын өнімдердің қозғалысын және сақталуын басқару үрдісі. Логистикалық әдістерді қолдана отырып қандай экономикалық, әлеуметтік, саяси және тағы басқа артықшылықтарға жетуге болатындығын төменде қарастырып өтеміз.
Тағы рефераттар