Логистиканы қолданудың тиімділігі туралы қазақша реферат

Қазіргі бизнесте логистика стратегиялық маңызды орынға ие. Осы салада табысқа жеткен көптеген мамандардың компания басшылығындағы жоғарғы қызмет орындарына жылжитыны кездейсоқ емес. Бизнес тұрғысынан қарағанда логистика деген корпоративті мақсатқа барлық ресурстардың оңтайлы шығындарымен жету үшін материалды және басқа да (ақпараттық, қаржы, қызмет) ағымдарын тиімді басқару. Қазіргі уақытта алдыңғы қатарлы фирмалардағы логистиканың дәстүрлі функционалды салалары стратегиялық инновациялық (жаңартпа) жүйе құра отырып, жалпы ақпараттық-компьютерлік платформа негізін-де бірікті. Бизнес практикасына логистикалық менеджмент әдістерін енгізу көптеген фирмаларға өндірістегі, жабдықтаудағы және өткізудегі өнімнің барлық қор түрлерін қысқартуға, айналым капиталының айналымдылығын жеделдетуге, өндірістің өзіндік құнын төмендетуге, бөлуге тиісті шығындарды төмендетуге, тауарлар және қызметтермен тұтынушылардың толық қанағаттандырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Логистика саласындағы қызмет көп қырлы. Оған көлікті, қойма шаруашылығын, қорларды, кадрларды басқару, ақпа-ратты жүйелердің ұйымдастырылуы, коммерциялық қызмет және т. б. жатады. Аталған әрбір функция сәйкес салалық пәнде терең зерттеліп, баяндалған. Логистикалық тәсілдің жаңалығы – негізгі өзара байланыс. Логистикалық әдістің мақсаты – материалды ағымдарды толассыз басқару [3].

Материалды ағымдарды басқару әр уақытта шаруашылық қызметтің маңызды жағы болып табылатын. Дегенмен, ол тек жақында ғана экономикалық өмірдің маңызды функциялары-ның біріне айналды. Негізгі себебі – өндірістік және сауда жүйелерінің тұтынушының тез өзгеріп отыратын талғамына жылдам икемделуі қажеттігін туғызған сатушы рыногынан сатып алушы рыногына өту.

Шет елдердің көпшілігінде логистикалық ассоциациялар, ұйымдар мен қоғамдастықтар құрылып, тиімді қызмет етіп отыр. Логистика салыстырмалы түрде жас және белсенді дамушы ғылым мен бизнес сферасы болып табылады. Шет елде логистика соңғы онжылдықта тез дамыды. Қазақстан үшін логистикалық өндірістік, сауда, көлік және ақпараттық жүйе-лердің қалыптасуы мен дамуы өте маңызды, себебі ол біздің елдің әлемдік экономикалық және ақпараттық кеңістікке интеграциялануын тездетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Қазақстандағы логистиканың дамуы нарық заңдары мен қағидаларынан туындағандай логистиканы  игеру және оны кәсіпорындағы басқару жүйесімен бірігуі нарықтық  экономиканың даму деңгейін көрсетеді.

Нарықтағы қатаң бәсеке, халықтың төлем кабілеттілігінің төменділігі, кәсіпорынның айналым кұралдарының жеткіліксіздігі, өндірістік шығындардың үнемі өсуі отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, өткізуді қиындатуда [13].

Әрбір кәсіпорынның нарыққа дұрыс қадам жасау үшін логистика ауадай қажетті нәрсе, бірақ бұл  логистика өз бетінше кешенді сала ретінде қызмет етеді деп айту қиын,  себебі  кәсіпорынға  логистиканы жүргізу  беймәлім  белгісіз зат, оны қалай  өткізу, қалай жоспарлау, қандай әдіс қолдану деген  сұрақтар туындайды  бұл  сауалдардың әр бірі  өз  бетінше  тағыда  сұрақтар  туғызады, ал  осының  бәрін  дұрыс  қолданбауы  нақты  мәліметтердің  бетін ашпайды,  яғни    сондықтан   нарықтағы  кәсіби маманданған  логистиканы жүргізумен айналысатын  ұйымдарға  жүгіну  дұрыс  шешім  болады.

АҚШ компанияларының 75%-ында осындай логистикалық бөлімшелер бар, онда маркетологтар, статистер, бағдарламашылар, әлеуметтанушылар, психологтар жұмыс істейді сондықтан бұл команиялар нарықтық бәсекеге жақсы бейімделген[5].

Шикізаттың бірінші көзінен өндірістік, тасымалдау және делдалдық звено тізбегі арқылы соңғы тұтынушыға жылжи отырып, материалды ағымдардың құны өсіп отырады. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, соңғы тұтынушыға жеткен өнім құнының 70%-дан астамы сақтаумен, тасымалдаумен, ораумен және материалды ағымдардың қозғалысын қамтамасыз ететін басқа да операциялармен байланысты шығындар құрайды.

Тауардың соңғы бағасында логистикаға кеткен шығындар үлесінің көптігі материалды ағымдарды басқаруды оңтайландыруда шаруашылық жүргізу субъектілерінің экономикалық көрсеткіштерін жақсартудың қандай резервтері бар екенін көрсетеді.

Материалды ағымдарды басқаруда логистикалық тәсілді қолданудың экономикалық әсерінің басты қосылғыштарын қарастырып өтейік. Өндіріс және айналым салаларында логистиканы қолдану келесідей мүмкіндіктер береді:

  • материалды ағымдар қозғалысының бүкіл жолындағы қорларды төмендету;
  • логистикалық тізбек бойындағы тауарлар қозғалысының уақытын қысқарту;
  • тасымалдау шығындарын төмендету;
  • қол еңбегінің шығындарын және жүк операцияларының сәйкес шығындарын қысқарту.

Экономикалық әсердің көп бөлігі материалды ағымдар қозғалысының бүкіл жолындағы қорларды қысқарту есебінен жүзеге асады. Европалық өнеркәсіп ассоциациясының мәліметтері бойынша, материалды ағымдардың іштей бақылануы материалды қорлардың 30-70%-ға қысқаруын қамтамасыз етеді (АҚШ-ң өнеркәсіп ассоциациясының мәліметтері бойынша, қорлардың төмендеуі 30-50% шамасында болады).

Қорларды оңтайландырудың жоғары маңыздылығы келесімен түсіндіріледі:

  • логистикаға кететін шығындардың жалпы құрылымында қорларды ұстауға кететін шығындар 50%-ды құрайды, оның ішіне басқару аппаратына кететін шығындар, сондай-ақ тауарлардың бұзылуынан немесе ұрлануынан болған жоғалтулар кіреді;
  • кәсіпорынның айналым капиталының көп бөлігі қорларға бөлінеді (кәсіпорынның барлық активтерінің 10-нан 50%-ға дейін);
  • қорларды құруға кететін өндірістегі шығындар, жалпы шығындар көлемінің 25-30%-на дейін құрайды.

Логистиканы пайдаланудағы қорлардың қысқаруы логистикалық үрдістерге қатысушылардың іс-әрекеттерінің өзара келісулерінің жоғары дәрежесі есебінен, жеткізу сенімділігінің жоғарылауы есебінен, қорларды дұрыс бөлу есебінен, сондай-ақ басқа да бірқатар себептер есебінен қамтамасыз етіледі.

Логистиканы пайдаланудың экономикалық әсерінің келесі құраушысы тауардың логистикалық тізбек бойында қозғалу уақытының қысқаруы есебінен құралады. Бүгінгі таңда қоймалауға, өндірістік операцияларға және жеткізуге кететін уақыт шығындарының үлесі орташа 2-ден 5%-ға дейін құрайды [13].

Сонымен, айналым уақытының 95%-нан астамы логистикалық операцияларға тиесілі болып отыр. Бұл құраушының қысқаруы капитал айналымын жеделдетуге, сәйкесінше уақыт бірлігінде алынатын пайданы өсіруге, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Логистиканы қолданудың экономикалық әсері, сондай-ақ тасымалдау шығындарын төмендетуден де пайда болады. Көліктің қозғалу маршруттары оңтайландырылады, тәртіптері келісіледі, бос қозғалыстар қысқарады, көлікті пайдаланудың басқа көрсеткіштері жақсарады.

Жоғарыда айтылғандай, логистикалық тәсіл жүк өңдеуші жүйелердің техникалық жабдықталу салаларындағы тауар қозғалысының қатысушыларының жоғары келісу дәрежесін білдіреді. Логистикалық тізбектің барлық звеноларындағы бір типтес механизациялау құралдарын қолдану, бірдей ыдысты, жүк өңдеудің сәйкес технологиялық әдістерін пайдалану логистиканы қолданудың келесі экономикалық әсер құраушысын құрайды — қол еңбегінің шығындарын және жүк операцияларының сәйкес шығындарын қысқарту.

Логистикалық тәсіл материал өткізуші жүйенің қызмет етуінің басқа да көптеген көрсеткіштерін жақсарту үшін жағдай жасайды, өйткені оның жалпы ұйымдастырылуы жетілдіріледі, жеке звенолардың өзара байланысы жоғарылайды, басқару жақсарады.

Логистиканы пайдаланғандағы экономикалық әсер жиынтығы аталған көрсеткіштерді жақсартудан алынатын әсердің сомасынан асады. Бұл логистикалық ұйымдастырылған жүйелердің интегративті қасиеттерінің пайда болуымен түсіндіріледі, яғни жалпы жүйеге тән, бірақ оның элементтеріне жеке-жеке тән емес қасиеттер [3].

Логистикалық жүйелердің интегративті қасиеттері бұл жүйелердің “логистиканың алты ережесі” деп аталатын соңғы мақсатты жүзеге асыру қабілеттілігін білдіреді. Логистиканың алты ережесі:

  • ЖҮК – керекті тауар;
  • САПА — қажетті сапада;
  • САНЫ — қажетті көлемде;
  • УАҚЫТ — қажетті уақытта жеткізілуі тиіс;
  • ОРЫН – керекті орынға;
  • ШЫҒЫНДАР – минималды шығындармен.

Логистикалық іс-әрекеттің мақсаты жүзеге асырылды деп санауға болады, егер осы алты шарт орындалса, яғни қажетті тауар қажетті көлемде қажетті сапада керекті уақытта керекті жерде минималды шығындармен жеткізілген болса.

Материалды ағымдарды басқару бойынша қызметті, өндірістік, сауда және басқа да шаруашылық қызмет түрлері сияқты, оның экономикалық дамуының ерте кезеңінен бастап адамдар жүргізетін. Логистиканың жаңалығы, ең алдымен, түрлі шаруашылық қызметтер арасындағы артықшылықтың материалды ағымдарды басқару бойынша қызметтерге ауысуында. Кәсіпкерлер тек жақында ғана экономикадағы шикізат, бөлшектер және дайын өнімнің қозғалуының барлық сатыларын іштей бақылаудың тиімділікті жоғарылатуда қандай потенциалы бар екенін білді.

Логистиканың концепциясы материалды ағымдарды оңтайландыру арқылы шаруашылық қызметтерді жетілдіруге тиісті көзқарастар жүйесі болып табылады.

Материалды ағымдарды басқару құрылатын негізгі, конструктивті принцип жүйелілік принципі болып табылады. Ол бірыңғай процесс үрдісі ретінде сатып алуларды жүргізу, ұйымдастыру, сақтау, өндіріс, өткізу және тасымалдауды білдіреді [1].

Экономикадағы материалды ағымдар көптеген қатысушылардың қызметтерінің нәтижесінде пайда болады, ол қатысушылардың әрқайсысының өз мақсаттары бар. Егер қатысушылар бірлесіп, басқару объектісін – іштей материалды ағымдарды – рационализациялау мақсатында өз іс-әрекеттерін келісіп жасаса, онда олардың барлығы маңызды экономикалық ұтыс алады.

Материалды ағымдарды рационализациялау тек бір кәсіпорын немесе оның бөлімшесінің шеңберінде ғана мүмкін болады. Бірақ максималды әсерді тек шикізаттың алғашқы көзінен соңғы тұтынушыға дейінгі жолда, жиынтық материалды ағымдарды оңтайландыра отырып немесе оның жеке маңызды учаскілерін оңтайландыра отырып алуға болады. Бірақ материал өткізуші тізбектердің барлық звенолары, яғни макрологистикалық және микрологистикалық жүйелердің барлық элементтері бірыңғай құрылған механизм ретінде жұмыс істеуі қажет. Бұл мәселені шешу үшін техниканы таңдауға, материал жылжитын түрлі учаскілердегі өзара үйлескен технологиялық үрдістерді жобалауға, қарама-қайшы экономикалық мүдделердің үйлесу мәселелеріне және де материалды ағымдарды ұйымдастыруға байланысты басқа мәселелерге жүйелік тұрғыдан қарау қажет [8].

Материалды ағымдарды басқаруға жүйелік тұрғыдан қарау мәселелері толығынан төменде қарастырылады.

Логистиканың бастапқы жағдайына (принципіне) жүйелікпен қатар мыналар жатады: кешендік, ғылыми, нақтылық, конструктивтік, сенімділік және варианттылық.

Аталған логистика принциптерін қысқаша сипаттап өтейік:

  • кешендік:

— нақты жағдайларда ағымдардың қозғалысын жүргізу үшін барлық қамтамасыз ету түрлерін (дамыған инфрақұрылым) қалыптастыру;

— ресурстар мен өнімдер қозғалысының тікелей және оқшауланған қатысушылардың іс-әрекеттерін үйлестіру;

— фирмалардың логистикалық құрылымының алдында тұрған мәселелердің орындалуына орталықтан бақылауды жүргізу;

— тауар тізбегі бойынша фирмалардың сыртқы әріптестермен тығыз бірлесіп қызмет жасауға ұмтылуы және фирманың түрлі бөлімшелері арасында және ішкі қызмет шеңберінде берік байланыс орнатуға ұмтылыс.

  • ғылымилық:

— ағымды басқарудың барлық сатыларында, жоспарлаудан талдауға дейін, есептік бастаманы күшейту, ағымдар қозғалысының траекториясының барлық параметрлерінің толық есебін жүргізу;

— білікті кадрлардың мәртебесін фирманың логистикалық құрылымының ең маңызды ресурсы деп тану.

  • нақтылық:

— техникалық, экономикалық және басқа да талаптарға сәйкес, ағымдар қозғалысының мақсаты ретінде нақты нәтижені дәл анықтау;

— қозғалысты барлық ресурстардың ең аз шығындарымен жүргізу;

— жұмыс нәтижесі алынған пайдамен есептелетін, есептік-калькуляциялық бөлімшелер немесе құрылымдық органдар тарапынан логистиканы басқару.

  • конструктивтілік:

— ағымды диспетчеризациялау, ағым объектісінің қозғалысын және өзгерісін үзіліссіз бақылап отыру және оның қозғалысын тез арада дұрыстап отыру; тауарлардың тасымалдануының және материалды-техникалық қамсыздануы-ның барлық операцияларының бөлшектерін анықтау.

  • сенімділік:

— қозғалыстың қауіпсіздігін және тоқтаусыздығын қамтамасыз ету, ағым қозғалысының траекториясын қажет жағдайда өзгерту үшін байланыс пен техникалық құралдарды резервтеу;

— қозғалысты басқарудың және қозғалудың қазіргі техникалық құралдарын кеңінен пайдалану; ақпарат келудің жоғары жылдамдығы мен сапасы және оны өңдеудің жоғарғы технологиялары.

  • варианттылығы:

— фирманың сұраныс ауытқуларына және басқа да сыртқы ортаның әсеріне икемді бейімделу мүмкіндігі;

— резервтік қуаттарды мақсатты құру, ол фирманың алдын ала жасалған резервтік жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Аталған принциптермен қатар, логистика концепциясы, сондай-ақ төмендегідей жағдайлармен айқындалады:

  • бүкіл логистикалық тізбек бойында логистикалық шығындарды есептеу;
  • технологиялық үрдістерді гуманизациялау, қазіргі еңбек жағдайларын құру;
  •  логистикалық қызметті дамыту.

Логистиканың объектісі ішкі материалды ағым болып табылатыны белгілі, дегенмен кейбір учаскілерде оларды басқарудың белгілі бір ерекшелігі бар. Осы ерекшелікке сәйкес логистиканың бес функционалды саласын бөліп қарастырады: сатып алу, өндірістік, бөлу, тасымалдау және ақпараттық, олар оқу құралының келесі тарауларында толығырақ зерттеледі (3-сурет). Бұл бөлімде әр функционалды саланың ерекшелігін көрсетеміз [1].

1. Кәсіпорынды шикізатпен және материалдармен қамтамасыз ету үрдісінде сатып алу логистикасының мәселелері шешіледі. Бұл сатыда жабдықтаушылар зерттеліп, таңдалады, келісім-шарттарға қол қойылады және оның орындалуы бақыланады, жеткізу шарттары бұзылған жағдайда шаралар қолданылады. Кез келген өндірістік кәсіпорынның осы аталған функцияларды жүргізетін қызметі болады. Материалды ағымдарды басқарудың логистикалық тәсілі, ішкі материалды ағымның параметрлерінің қалыптасуымен байланысты осы қызметтің іс-әрекеті оқшауланбаған, керісінше ішкі материалды ағымды басқару стратегиясына тәуелді болғанын талап етеді. Материалды ағымдарды жабдықтаушының дайын өнім қоймасынан тұтынушы-кәсіпорындар цехтарына жеткізу үрдісінде шешілетін мәселелердің белгілі бір ерекшелігі болады, яғни бұл логистиканың оқшауланған бөлімінің — сатып алу логистикасының бөлінуінің себебі болды.

Тәжірибе жүзінде сатып алу логистикасының негізгі мазмұнын құрайтын іс-әрекеттің шеңбері жабдықтаушы мен кәсіпорын ішіндегі жабдықтау қызметінің функциялар құрамы арасындағы келісім-шарттарымен анықталады (3а-сурет).

2. Кәсіпорын ішінде материалды ағымдарды басқару үрдісінде негізінен өндірістік логистиканың мәселелері шешіледі. Бұл сатының ерекшелігі мынада: ағымды жүргізу бойынша жұмыстардың негізгі көлемі бір кәсіпорын территориясының шеңберінде орындалады. Логистикалық үрдістің қатысушылары тауар-ақша қатынастарына түспейді. Ағым бекітілген шарттар нәтижесінде емес, кәсіпорынды басқару жүйесі қабылдайтын шешімдер нәтижесінде жүреді.

Өндірістік логистиканың саласы материалды сатып алу және дайын өнімді бөлу саласымен тығыз байланысты. Бірақ осы саладағы негізгі мәселелер — өндіріс үрдісіндегі материалды ағымдарды басқару (3б-сурет).

 

3 сурет. Сатып алу, өндірістік және бөлу логистикасының мәселелері шешілетін материалды ағымдар учаскілері.

3. Дайын өнімді өткізу үрдісінде материалды ағымдарды басқару кезінде бөлу логистикасының мәселелері шешіледі. Бұл мәселелерді шешумен өндірістік кәсіпорындар, сондай-ақ сауда-делдалдық қызметті атқаратын кәсіпорындар да айналысады. Бұл мәселелерді шешуге билік құрылымдарының да қатысы бар, себебі аймақ экономикасының жағдайы бөлуді ұйымдастыруға тәуелді. Мысалы, аймақтағы азық-түлік тауарларын бөлу жүйесі қанағатсыз ұйымдастырылған жағдайда жергілікті биліктің жағдайы тұрақсыз болады [3].

3в-суретінде материалды ағым бөлу логистикасының саласына өндірістік цехтарда жүріп-ақ түсетіні көрсетілген. Бұл дегеніміз, ыдыс және орау мәселелері, дайын болуға қажетті топтың мерзімі және мөлшері жөніндегі мәселелер, сондай-ақ өткізу үрдісіне маңызды басқа да көптеген мәселелер материалды ағымды басқарудың ерте сатыларында шешіле бастайды.

4.Тасымалдау учаскілерінде материалды ағымдарды басқаруда тасымалдау логистикасының айрықша мәселелері шешіледі. Материалды ағымның шикізат көзінен соңғы тұтынушыға жеткізілуі үрдісінде орындалатын тасымалдау жұмыстарының жиынтық көлемін екі үлкен топқа бөлуге болады (шамамен тең):

  • арнайы тасымалдау ұйымдарына жататын көлік (жалпы пайдаланатын көлік) орындайтын жұмыс;
  • барлық қалған (тасымалдамайтын) кәсіпорындардың жекеше көлігімен орындалатын жұмыс.

Логистиканың басқа да функционалдық салалары сияқты, тасымалдау логистикасының нақты бір белгілі шегі болмайды. Тасымалдау логистикасының әдістерін түрлі тасымалдауларды ұйымдастыруда қолданады. Дегенмен, бұл бөлімдегі зерттеу және басқарудың бастапқы объектісі жалпы пайдаланатын көлікпен тасымалдау үрдісінде орын алатын материалды ағым болып табылады.

Ақпараттық логистика. Материалды ағымдардың қозғалу нәтижелері ақпараттық ағымдарды дұрыс ұйымдастырумен тікелей байланысты. Соңғы онжылдықта күшті ақпараттық ағымдарды тиімді басқару мүмкіндігі материалды ағымдарды іштей басқару мәселелерін қойып, оны шешуге мүмкіндік берді. Логистикалық үрдістердегі ақпараттық құраушының жоғары маңыздылығы логистиканың арнайы бөлімінің — ақпараттық логистиканың бөлініп шығуына себеп болды. Бұл жерде зерттеу объектісі – ақпараттық ағымдарды (материалды ағыммен кездесетін) ұйымдастырумен байланысты мәселе-лерді, ақпараттық технологияларды, микропроцессорлы техниканы қолданатын материалды ағымдардың басқаруын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелер [2].

Ақпараттық логистика логистиканың басқа қалған функционалдық салаларымен тығыз байланысты. Бұл бөлім ақпараттық ағымдардың кәсіпорын ішінде ұйымдастырылуын, сондай-ақ бір-бірімен алыс орналасқан логистикалық үрдістің түрлі қатысушыларының арасындағы ақпарат алмасуды қарастырады (мысалы, спутник байланыс құралдары арқылы).

Сонымен,логистикалық әдістерді қолдана отырып төмендегі артықшылықтарға жете аламыз: сұранысты болжамдау және соның негізінде қорларды жоспарлау, өндіріс пен көліктің қажетті қуаттылығын анықтау, материалды ағымдарды оңтайлы басқару негізінде дайын өнімді бөлудің ғылыми принциптерін жасау, өндіріс пунктінде және тұтынушылардағы тиеу үрдістерін және тасымалдау-қоймалау операцияларын басқарудың ғылыми негіздерін жасау, логистикалық жүйелердің қызмет етулерінің түрлі математикалық модельдерінің варианттарын құру;дайын өнімдерді бірлесіп жоспарлаудың, жабдықтаудың, өндірістің, қоймалаудың, өткізудің және тасымалдаудың әдістерін жасау және т.б. бірқатар мәселелер т.с.с. Өндірістің әлеуметтік-экономикалық тиімділігін камтамасыз ететін жалпы экономикалық кұбылыс пен тетік ретіндегі логистиканың рөлі өте зор.

Қорыта келгенде, кез келген кәсіпорынның логистикалық қызметі — бұл кәсіпорынның дамуына әсер ететін барлық факторлардың жиынтық қаралуы, фактілерді еске ала отырып даму стратегиясын жасау және бұл стратегияларды іске асыру бойынша нақты іс -шаралар колданылу болып табылады.

Логистика кәсіпорынның әртүрлі бөлімшелердің арасында өзара әрекеттесу нәтижесінде көздеген мақсатқа жеткізеді және маркетингтік шараларды жасау және жүзеге асыру үдерісіне сәйкес ұйымдық-әдістемелік қамтамасыз етуді талап етеді. Осы мақсатта маркетингтік стратегияларды қалыптастыру үдерісі кәсіпорынды басқарудың үш деңгейімен жүзеге асырылатын тізбектелген кезеңдер қатарымен қарастырылған. Маркетингтік стратегияны жасау және жүзеге асыру үдерісі кезінде бөлімшелер арасындағы механизмді зерттеу стратегиялық маркетингтің негізгі қағидаларына сәйкес жасалған өндірісті басқарудың графикалық моделін құруға мүмкіндік береді. Келесі тарауда дүниежүзінде көптеген ірі кәсіпорындарда кеңімен қолданып жүрген логистикалық концепциялар мен жүйелердің түрлері, олардың артықшылықтары, кемшіліктері, ерекшеліктері жан-жақты қарастырылады.

.

Тағы рефераттар