Шитті мақтаның облыс экономикасында, ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде алатын орны ерекше. Ауыл шаруашылығынан алынатын табыстың 1/3 осы дақылдан түседі. Ауылда жұмыс істейтіндердің де 1/3 шитті мақта өсірумен айналысады.

Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдірушілері ауа райының қолайсыздығына қарамастан біршама жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Масақты дақылдар мен мақсарыдан басқа барлық дақыл түрлерінің өнімі 1999 жылға қарағанда артық болды.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша барлық өңдірілген өнім 2000 жылы 49,1 млрд. теңгені, ал егіншіліктің өнімі 31,5 млрд. теңгені құрады. Оның 46,6 пайызы немесе 14,7 млрд. теңгесі мақта өнімінің еншісіне тиеді.

Мақтаарал ауданында барлық өндірілген 15,1 млрд. теңге өнімнің 9,9 млрд. теңгесі немесе 65 пайызы мақтадан түсті. Шардарада бұл көрсеткіш барлығы 3,7 млрд. теңге, оның ішінде мақта 2,1 млрд. теңгені кұрайды. Бұл ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің 57 пайызы, Түркістанда — табыстың 34, Ордабасыда — 28, Арыс, Отырарда — 12, Сарыағаш аудандарында — 7 пайызы мақтадан алынды.

2000 жылдың ауа райы мақташылар үшін онша қолайлы болмады. Көктем айының құрғақ болуына байланысты мақта егісін сумен қамтамасыз етуде көптеген қиыншылықтар кездесті. Дегенмен, мақташылар бұл қиындықты жеңе отырып үлкен табысқа қол жеткізді. Облыс бойынша 153,3 мың гектарға егілген мақтаның түсімділігі 18,7 центнерге, өнімі 287,1 мың тоннаға жеткізілді. Сөйтіп 1999 жылдан 38 мың тоннаға артық өнім алынды. Тапқан табыстары да жаман болған жоқ. Бұл — ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген реформаның алғашқы нәтижелері. Әр гектар жер өз иесін тауып, жерге жанашырлық көзқарастар қалыптаса бастады деп айтуымызға болады.

Мақтаарал өңірінің диқандары 2000 жылы әр гектардан 20,2 центнерден, барлығы 192,8 мың тонна, яғни 1999 жылдан 8,8 мың тоннаға көп шитті мақта дайындады.

Шардара ауданында мақта дақылының егіс көлемі 1999 жылға қарағанда 6,2 мың гектарға артық егіліп, 20,7 мың гектарға орналастырылды. Гектар түсімділігі 20,2 центнер немесе 4,6 центнер арттырылды.

Жалпы, облыста гектар берекелілігін арттыруға деген құлшыныс бар. Осы дақылмен айналысатын аудандардың барлығында дерлік 2000 жылы 1999 жылға карағандаа бұл жөнінде ілгерілеушілік сезілді. Тек объективті, субъективті себептермен Түркістан қаласының шаруашылықтарында былтыр, алдыңғы жылмен салыстырғанда әр гектардың өнімділігі 2,4 центнерге кеміп кетті. Дегенмен, өткен жылдың жағдайында көптеген тауар өндірушілер агротехникалық шараларды дұрыс сақтау нәтижесінде мақтадан жоғары өнімге қол жеткізе алды. Мәселен, Шардара ауданы Қазақстан ауыл округінің «Сеңгірбай» шаруа қожалығында 72 гектар мақталықтың гектар түсімділігі 58 центнерден, Мақтаарал ауданының «Иіржар» ауыл округіне қарасты «Захид» шаруа қожалығында 50 гектардан 43 центнерден, Казыбек би округіндегі «Жұлдыз» шаруа қожалығында 40 га мақталықтан 40 центнерден, «Арай» ауыл округіндегі «Ақ нұр» өндірістік кооперативінің мүшелері 160 гектардың әр гектарынан 38 центнерден өнім алды. Ордабасы ауданы «Төрткүл» ауыл әкімшілігіне қарасты «Арыстанды» өңдірістік кооперативі 120 гектардан 32 центнерден, Түркістандағы Ескі Иқан ауыл әкімшілігіндегі Камалов атындағы шаруа қожалығы 60 гектардан 26 центнерден, Сарыағаш ауданындағы Қошқар ата ауыл әкімшілігіндегі «Балауса» шаруа қожалығы 40 гектардан 37 центнерден, Арыс қаласындағы Жиделі ауыл әкімшілігіндегі «Өмірзақ и К» шаруашылығы гектарынан 35 центнерден өнім жинады.

Мақта шаруашылығындағы табыс аз емес. Сонымен қатар пайдаланылмай келе жаткан резервтер де баршылық. Мәселен, мақта өсіру технологиясын бұзып, «шитті сеуіп қойсаң болды, өнімді құдайдың өзі береді» дейтін шаруашылықтар да аз емес.

2000 жылдың қорытындысына қарағанда, кейбір аудандағы ауыл әкімшіліктерінде жұмысқа деген талаптың төмендеп кеткені және жоғарыда айтқанымыз айқын байкалады. Айтайық, Мақтаарал ауданындағы 20 ауыл әкімшілігінде әр түрлі жағдай қалыптасқан. 10 ауыл әкімшілігінде гектар түсімі 20 центнердің үстінде болса, қалған 10 ауыл әкімшілігінде бұл көрсеткіш оған жетпейді. Егер де барлық аудан әкімшіліктері әр гектардан 25 центнерден өнім алғанда, былтыр 220-230 мың тонна шитті мақта жинаған болар еді.

Шардарадағы Қоссейіт ауыл әкімшілігі бойынша гектар түсімі 24,2 центнерден келсе, Казақстанда 23,4-тен, Достықта 20,7-ден өнім алынды. Оның есесіне Жаушыкұм — 15,2, Шардара — 15, Сүткент — 13,8 центнерді місе тұтты.

Түркістан каласы бойынша ең жоғары түсім көрсеткіші Ескі Иқан ауыл әкімшілігінде — 15,5. Бұл — аудандағы ең биік көрсеткіш болып табылады. Қарашық — 12,9, Жүйнек — 13,1 центнерден алды. Гектар түсімі 10 центнерге жетпеген ауыл әкімшіліктері де бар. Мәселен, Үшқайық — 8,3, Сауран — 8,7, Бабайқорған — 5,4 центнерден берді. Ал, 1004 гектар жерге 4 есе кем қоза еккен Жаңа Иқанда әргектардан небәрі 4-ақ центнерден шитті мақта алынды.

Ордабасыдағы мақтамен айналысатын 9 әкімшіліктің екеуі ғана (Қараспан мен Қажымұқан) 16 центнердің үстінде өнім алды. Сарыағаш ауданы бойынша әр гектар 18,1 центнерден өнім берсе, Біртілек — 18,6, Тегісшіл — 18,9, Қапланбек — 20, Қызылжар — 22 центнерден алды. Аудан озаттарының көшін «Ұшқын» ауыл әкімшілігі (27,5) бастап отыр. «Жібек жолында» 20 гектарға мақта егіліп, оның айналымы 12-ақ центнерді құрады.

Облыста шитті мақта өнімділігі гектар түсімділігінен емес, егіс көлемін арттыру есебінен, экстенсивті тәсілді қолданудың негізінде алынып отыр. Мәселен, облыста 1997 жылы 104 мың гектардың түсімі гектарынан 19,0 центнерді құраса, 2000 жылы онан 49 мың гектарға көп егілген алқаптың бергені — гектарына 18,7ц болды.

Мақта өсірудің ғылымда дәлелденген, тәжірибеде сыналған өзіндік ерекше агротехникалық тәсілдері бар. Өкінішке орай, бізде мақта өсірудің агротехникалық шаралары қатаң сақталмайды. Баяғы диқан бабаларымыз «Жер айдасаң күз айда, күз айдамасаң жүз айда» деп бекер айтпаған. Ал сүдігер айдау жұмысы көптеген аудан шаруашылықтарында мүлде орындалмайды.

Жалпы, біз мақтаны еккенде одан табыс табамыз деп егеміз. Негізінде оны өндірудің тиімділігі — гектар түсімділігіне тікелей байланысты екендігі әрбір диқанға, маманға өз-өзінен түсінікті. Мәселен, гектарынан 15 центнерден шитті мақта алсақ, тиімділік бар-жоғы 3 пайызды құрайды, ал 20 центнерден алынса, 29 пайыз.

Мақта өсірудегі негізгі мәселелердің бірі элиталық тұқым шаруашылығын дамыту болып табылады. Бұрынғы жылдары облыста элита тұқымын өндіретін 7 тұқым шаруашылығымен айналысатын 18-20 шаруашылық болатын. Жоғары репродукциялы тұқымдар арнайы элита тұкым өндіретін шаруашылықтарда өңдіріліп, олар тұқым шаруашылықтарында көбейтіліп, басқа шаруашылықтарға 2-4-репродукциясы тұқымдар таратылатын. Тұқым дайындалатын танаптар бекітіліп, зауыттарда бөлек сақталынып, өңделінетін.

Қазіргі таңда бұл жұмыстар толық жүргізілмейді. Зауыттарда дайындалған тұқымның сапасы төмен, кей ұжымдар тапқан тұқымын ғана себеді. Өткен жылы облыс бойынша егіске жұмсалған 5,0 мың тоннадан артық тұкымның 3,5 мыңы немесе 70 пайызы 2-класқа жатқызылған. «Мырзакент», «Ақ алтын», «Иассы» акционерлік қоғамдары арқылы тек 2-кластық тұқым таратылған. Оның үстіне тұқымның сапасын қадағалайтын «Казагроэкспертиза» мемлекеттік-қазыналық кәсіпорнының облыстық бөлімшесі мақта тұқымының сапасын тексеру, қадағалау және шара көру жұмыстарын өз дәрежесінде ұйымдастыра алмай келеді.

2001 жылы облыста мақта тұқымын жақсарту мақсатында элита тұқым өндіретін 6 шаруашылық ашылды. Оның 3-і Мақтааралда, ал Шардара, Түркістан мен Сарыағаш аудандарында бір-бірден.

Өндірілген тұқымды көбейтіп, тарату үшін облыс бойынша мамандандырылған 11 тұқым шаруашылығы айналыспақшы. Осы ұжымдардың дұрыс жұмыс істеп кетуін ұйымдастыру аудан басшылары және аймақтық басқарманың, оңың тұқым инспекторлары мен ауыл шаруашылығы департаментінің міндеттері. Міне, осындай кемшіліктерге қоса гектар түсімінің төмен болуы себептерінің бірі — ауыспалы егістің сақталмауы.

Ауыспалы егістікті тиянақты игеру мол өнім алуға әсерін тигізетін басқа да проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда:

  1. Өсімдік зиянкестері мен ауруларының резервациясын жоюға көмектеседі. Ал ол өз кезегінде қымбат бағалы улы химикаттарға жұмсалатын қаржы шығынын үнемдеуге, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
  2. Топырақ құнарлылығын арттыруға, жердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға және мал шаруашылығына қажетті жемшөп қорын жасауға ықпал етеді.

Бұрынғы жылдары ауыспалы егісті толық сақтаған облыс мақташылары жыл сайын мол өнім алатын. Мәселен, 1991 жылы облыс бойынша 116,5 мың гектарға егілген мақталықтың түсімі 24,9 центнерден келген болса, 2000 жылы 153,3 мың гектарға егілген мақталықтың түсімділігі 18,7 центнерден келді немесе 6,1 центнерге азайды. Өйткені ауыспалы егістің қажеттілігін диқандар біле тұра, бұл мәселеге соңғы кезде тіпті көңіл бөлмей келеді. Өткен жылы облыс бойынша мақта 153,3 мың гектарға, оның ішінде Мақтааралда 96,7 мың гектарға, яғни егістіктің 80 пайызына орналастырылды. Жоңышқаның егіс көлемі аталмыш ауданда 8,8, мың гектардан немесе егістіктің 7 пайызынан аспады. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында 2000 жылы 12,5 мың гектар мақталықтың түсімі 15 центнерден, 28,0 мың гектардан 18 центнерден, 42,5 мың гектардан 20 центнерден төмен болды.

Осындай жағдай басқа да өңірлерде орын алып отыр. Сарыағаш ауданында жоңышқалық суармалы егістіктің бар-жоғы 10 пайызын құрайды. Шардарада — 12, Түркістанда — 13,5, Ордабасыда 17 пайызға тең келеді;

2001 жылы да аудандарда ауыспалы егіс енгізу қолға алынбады. Алдын-ала берген есеп жобалары бойынша Мақтаарал ауданында 2001 жылы мақта 92,0 мың гектарға, ал жоңышка 9,4 мың гектарға немесе егістіктің тиісінше 75 және 8 пайызына орналастыру көзделген. Шардарада жоңышқаны — 13 пайызға, Түркістанда — 17 пайызға егу межеленген.

Мақта шаруашылығын дамытудың облыстық бағдарламасында ауыспалы егістікті игеру үшін үстіміздегі жылы облыс бойынша мақта 133 мың гектарға орналастырылып, оның әр гектарынан 23 центнерден түсім алу межеленген. Оның ішінде Мақтаарал ауданында 84 мың га мақталықтың гектар түсімділігін 25 центнерге жеткізу көзделген. Сондықтан аудан және ауыл әкімдері 2001 жылға ауыл шаруашылығы дақылдарының орналастыруын қайта қарап, ауыспалы егістікті игеруді ұйымдастырулары қажет.

Шитті мақта өсіруде келесі бір аландататыны — ағын су мәселесі. Ол өткен жылы тапшы болды. Сарыағаш, Шардара аудандарынан басқа барлық өңірдің диқандары қиыншылық көрді. Су мөлшерінің көлемі жылдан-жылға азайып барады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жаңа суару жобасын жасап отыр. Соған сәйкес, 2001 жылы Мақтаарал ауданындағы «Достық» каналы арқылы берілетін 720 млн. текше метр су ресми түрде 600 млн. текше метр ғана берілмекші. Сол себептен суарудың үнемді тәсілдерін қолданып, су жүйелерін тазалау, оларды мезгілінде жөндеуден өткізу маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

2000 жылы облыстық бюджеттен су жүйелерін жөндеп, тазартуға 20 млн. қаржы бөлінді. Оған Сарыағаш, Отырар, Төлеби аудандарында тиісті жұмыстар атқарылды. 2001 жылғы облыс бюджетінде осы мақсатқа 63 млн. теңге қаралған.

Одан басқа Мақтаарал ауданында суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмысына дүние жүзілік және Азия даму банкілері өз көмектерін көрсетуде. Азия даму банкінің несиесі бойынша жалпы құны 55,12 млн.АҚШ долларына 32,5 мың га суармалы жерлерді қалпына келтіру іс-шараларының жобасы жасалынуда. Ал дүние жүзілік даму банкінің қаражаты бойынша 9,6 мың гектарда бұл жұмыстар жүріп жатыр. Мемлекетаралық «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» және «Ашынау» каналдарында құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Республикалық бюджет есебінен осы іске 2000 жылы 100 млн.теңге бөлініп, каналдарды жөндеу жұмыстары басталды. Ендігі міндет — барлық су шаруашылықтары және су пайдаланушылар бірлесе отырып су жүйелерін жөндеу, тазалау жұмыстарын мезгілінде, көңілдегідей ұйымдастыра білу.

Кейінгі жылдары облыс мақташыларына «Қазақстан мақтасы» компаниясы, «Нимекс» корпорациясы, «Интекс» фирмасы тағы да 9 мақта өндеу зауыттары арқылы фьючер негізінде қаржылай көмек көрсетуде.

2000 жылы мақта өндірісіне облыс бойынша 2.343 млрд.теңге қаржы жұмсалды. Бұл — ауыл шаруашылығы саласына берілген инвестицияның 79 пайызы. Алайда, соңғы кезде тауар өндірушілер мен мақта өндейтін зауыттар, компаниялар арасында келіспеушіліктер жиі орын алып отыр. Көп жағдайда мақта зауыттары, компаниялар өз үстемдігін пайдалана отырып шаруашылықтарға қажетті қаржылай және заттай несиелерді жоғары өсіммен береді деп мақта өндірушілер ренжиді. Ал, өз кезегінде «біздің тікелей көмегімізбен өсірілеген мақтаны шаруалар бес-алты теңге артығына қызығып, басқа фирмаларға сатып жібереді» деп зауыт өкілдері отыр. Соңдықтан қазіргі заман талабына сай, өзара тиімді қарым-қатынастың өркениетті әдісіне көшетін кез келді. Әріптесті сазға отырғызу, алдап кету еш жақсылық әпермейтіні аян.

Мүмкін, ел экономикасы үшін стратегиясы мол, шет елге шығатын дақыл екендігін есепке ала отырып, мақта өсіруші, қайта өндеп, ұқсатушы, су берушілер, инвестиция салушылар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін арнайы «Мақта туралы Заң» немесе нормалық акт қабылдау керек шығар? Мұны да ойланып көргеніміз жөн.

Облыста шитті мақтаны өңдеп, ұқсатумен айналысатын өндіріс орындары, инфрақұрылымдар жеткілікті. Өкініштісі сол, өзіміз шығарған мақта талшығы линт шикізат күйінде сатылып кетіп жатыр. Егер осынау жартылай дайын өнімдерді одан әрі өндіріске түсіріп, жіп иірсе немесе мата шығарып, киім тіксе, жергілікті халықтың талай мұқтажы өтелген болар еді. Біздің өңірде қосымша мындаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туары да сөзсіз. Соның нәтижесінде жергілікті бюджетке миллиондаған теңге түсері анық.

Бұл кәсіпорындар мемлекеттік болып кұрылмайды. Сол себепті Нимекс, Мақта коорпорациялары, Мырзакент, Мақтаарал, Ақ Алтын, Яссы АҚ, облыс әкімшілігі бірлесе осы үлкен, облыс халқы үшін маңызды мәселеге ат салысуымыз қажет. Бұл мәселеде облыс әкімінің араласуымен үкіметтің тиымды тобы болса, Мемлекеттік инвестиция бағдарламасына енгізуге келісімі де бар.

Мақта — біздің мақтанышымыз. Әлгінде айтылғандай, мақта — халықтың әл-ауқатын көтеруге септігін тигізетін және бюджет қорын көбейтуде жоғары орын алатын сала. Олай болса, сол дақылды өсіретін диқандарға қолдан келген жәрдемімізді аямай, облыс халқы үшін шынында «ақ алтын» болып есептелінетін осы өсімдіктің өнімін одан әрі көбейту үшін жұмыс жасайық.
Тағы рефераттар