Мектептегі бейнелеу өнері сабақтарында оқу-тәрбие міндеттерін шешуде сабақтың төрт түрі қарастырылады. Олар нұсқаға қарап сурет салу сабағы, сәндік сурет салу сабағы және өнер туралы әңгіме сабақ.
Бастауыш мектептегі бейнелеу өнері сабақтары бірінші сыныптан, төртінші сыныпқа дейін жүргізіледі. Бастауыш сыныпта бейнелеу өнері сабақтарына 108 сағат берілген. Оның 35 сағаты нұсқаға қарап сурет салу сабағына, 24 сағаты сәндік сурет салу сабағына, 37 сағаты тақырып бойынша сурет салу сабағына, 12 сағаты өнер туралы әңгіме сабағына бөлінеді. Бұл сабақ сағаттары оқу жылдары бойынша төмендегі түрде бөлуге болады.
Сабақ түрлері |
әрбір сыныптағы сағат саны | |||
І | II | III | Барлығы | |
Нұсқаға қарап сурет салу | 6 | 6 | 7 | 19 |
Сәндік сурет салу | 16 | 16 | 15 | 47 |
Тақырыптық сурет салу | 10 | 10 | 10 | 30 |
Өнер туралы әңгіме | 4 | 4 | 4 | 12 |
Жалпы саны | 36 | 36 | 36 | 108 |
Бұл тәртіп бойынша бастауыш сыныптағы бейнелеу өнері сабақтарының ішінде нұсқаға қарап сурет салу сабағына 19 сағат, сәндік сурет салу сабағына 47 сағат, тақырыптық сурет салу сабағына 30 сағат, өнер туралы әңгіме сабақтарына 12 сағат берілген. Енді осы сабақтарды жеке қарастырамыз.
Нұсқаға қарап сурет салу сабақтары.Нұсқаға қарап сурет салу сабағы бейнелеу өнерін оқытудың негізі болып табылады. Бұл сабақтарды өткізудің мақсаты оқушыларды бейнеленетін заттардың нұсқасына қарап бейнелеуге үйрету болып табылады. Заттардың формасын, өлшемдерін, түр-түсін дүрыс қабылдауға үйрету, олармен таныстыру барысында заттың қасиеттерін сараптауға үйрету міндеті қойылады.
Мұғалім бұл сабақтарда нұсқаға қойылған заттардың формасына өлшемдер қатынасына, жарық пен көлеңке құбылысына, көз деңгейінен жоғарғы немесе төмен болуы сияқты ерекшеліктеріне талдау жасайды. Мысалы, оқушы жалаудың суретін салу алдында мұғалім оған өлшемдерінің қатынастарына көңіл аударады. Үлкен өлшемнің көлденеңінен бағытта кіші өлшемнің тігінен бағытты орналасқандығына, түстерінің аспан көк екендігіне және ондағы жарық пен көлеңке, ою-өрнектер көріністеріне оқушылардың назары аударылады. Мұғалімнің мұндай жүйелі түрдегі талдаулары нәтижесінде оқушылардың көру аппараты арқылы алынған әсері талдау, сараптау қабілеттері артып отырады. Нұсқаға қарап сурет салу барысында оқушы зат туралы мәліметтері толыға түседі. Сурет салу барысында бала нұсқаны мұқият қарап, оның қүрылымындағы ерекшеліктерін табуға талпынады. Бастауыш сыныптағы зат формасын тану екі бағытта жүргізіледі бірі-көру арқылы (яғни нұсқаға қарап сурет салу) және ұстап білу арқылы жүзеге асады.
Нұсқаға қарап сурет салу сабақтарында мұғалім зат формасы туралы дұрыс түсініктер бере отырып, жарық пен көлеңке, перспектива, түстану, анатомия туралы ғылыми мәліметтер негізінде оқушылардың ойлау қабілеттерінің дамуына ықпал етеді.
Сурет салушыға зат формасының сипатымен қатар оның құрылымына көңіл аудару қажет. Зат формасы, үлкен және кіші бөліктерден тұрады. Кейбір заттар симметриялық ал кейбір заттар симметриялық емес бөліктерден тұратындығы көрсетіледі. Адамдар мен жан жануарлардың формасындағы симметрия және әр түрлі өсімдіктердің заттардың формаларының ерекшеліктері сабақта талдап көрсетіледі. Мұндай талдаулар мен қатар суреттер салу нәтижесі оқушылардың ойлау қабілеттерін Сонымен баланы сурет салуға үйрету адамның жалпы дамуына әсер етеді.
Сурет сабағында мұғалім оқушы алдында қандай міндет қойсада, оны шешу ойлау белсенділігін арттыруды қажет етеді. Оқулық суретті салу барысында нұсқаны танып білу маңызды. Нұсқаны танып білу жай қарап көру емес ол зат туралы толық емес, жеке дара түсініктерден бастап, зат туралы толық елестетудің болуын көздейді. Оқушы нұсқаға қарап отырып, сурет салу барысында нұсқаны мұқият қарайды, оның ерекше сипатын зат құрылымын айқындауға талпынады. Соның нәтижесінде зат туралы түсініктер, ойлау мен ой қорытындылары анықталып, нақтылана түседі. Сонда ғана салатын нұсқаны көруге, ойлануға, өлшеуге, салыстыруға мүмкіндік туады.
Сурет салу барысында зейін маңызды орын алады. Мысалы, кубтың перспективалық көрінісінде оның ені мен биктігі бірдей болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәніндегі өлшемдері әр түрлі. Сол сияқты балаларға жапырақтың суретін салдыру барысында бала, оның формасының сипатын түсіне алмайды, ал егер олар сол жапырақты басқа қайың, қарағай, терек, шырша жапырақтармен салыстырып көретін болса онда, салатын жапырақтың формасының сипатын анықтауға мүмкіндік туады. Мұнан шығатын қорытынды балаға зат формасын қабылдауға, суретін салуға өлшемдер қатынасын, формасын, құрылымын салыстырудың орны ерекше. Сонымен қатар балалардың зейін тәрбиелеудің маңызы үлкен.
Оқушылардың белсенді зейінін тәрбиелеуде ешбір оқу пәні, нұсқаға қарап сурет салу сияқты мүмкіндікке ие бола алмайды. Нұсқаға қарап сурет салу оқушылардың кеңістік туралы ойлауы мен қиялын дамытады. Перспектива құбылыстарының қарапайым ережелерімен танысу, кеңістікті ойлаудың күрделі екендігін көрсетеді. Үш өлшемді көлемді затты жазықтық бетінде бейнелеу, оқушының кеңістік туралы ойлауының қажет екендігін көрсетеді. Барлық графикалық ой, бейнеленетін затты көру дағдысына негізделеді. Сондықтан сурет салушы заттың конструкциялық құрылымын, бөліктерінің өзара байланыстарын, форма сипатын, заттың кеңістіктегі қалпын елестете білу қажет.
Оқушылардың айқын образдық елестету қабілеттерін дамыту, нұсқаға қарап сурет салу, есте сақтаудың дамуына ықпал етеді. Адам өмірінде есте сақтаудың ролі ұшан теңіз. Нұсқаға қарап сурет салу тек қана образдық есте сақтаумен шектеліп қалмай, сол сияқты қозғалыс, эмоциялық және сөздік-логикалық естердің дамуына ықпал етеді.
Оқушының зат туралы айқын елестетуінің негізінде қиял қабылеті дамиды. Нұсқаға қарап сурет салу кезінде абстракциялық ойы дамиды. Зат формасының құрылымына конструктивтік талдау абстрактылы ойлаусыз мүмкін емес, ол сурет салу барысында үнемі зат құрылымына талдау жасап отырудың қажет етеді.
Зат формасын үйренудің басқа түрлелеріне қарағанда абстрактілі ойлау процесінің барлық уақытында, нұсқаға қарап сурет салудың мүмкіндігіндей жағдай бола бермейді. Мүның бәрі сурет салуды үйрену адамның жалпы дамуына әсер етеді.
Орта мектептегі нұсқаға қарап сурет салу дегеніміз жарық пен көлеңке
мүмкіндіктері арқылы карандашпен сурет салуды ғана қарастырып қоймай, оған қоса кескіндеме өнерінің мүмкіндігі арқылы түрлі түсті бояулармен сурет салуды білдіреді.
Кескіндемені оқытудың міндетіне нұсқасына қарап, жеке затарды, қарапайым натюрморты, ингерьерлер мен пейзаждарды салуды көздейді. Кескіндеме элементтерімен танысу барысында оқушылар түрлі түсті қарандаштармен, акварель және гуашь бояулармен жұмыс істеудің техникалық тәсілдерін меңгеруді көздейді. Бірінші сыныпта оқушылар акварельмен табиғат заттарын (жапырақ, жәндіктер т.б.) бояуларды араластырмай-ақ бір түспен бейнелеуге үйретілді. Үшінші сыныптан бастап, олар бояуларды араластыру арқылы заттың (түсіне жақын бояу түстерін табуға ұмтылады. Сонымен қатар олар түрлі-түсті бояуларды бірінің үстіне бірін жағуды үйренеді. Төртінші сыныпта оқушылар акварельмен көлемді формаларды (көкөністі, ыдыстарды) бейнелейді. Алғашқы кезде бұл заттарды ақ фонда бейнелесе, соңынан оларды жарық түсті фонда бейнелеуді үйренеді. Бесінші, алтыншы сыныптарда нұсқаға қарап сурет салу сабақтарында акварель бояуларымен бір топ заттардың түстерінің қатынастарын бере білуге, зат көлемін беруге бағытталады.
Бұл сыныптарда оқушылар жұмысты ылғалды түрде жазу тәсілдерін қолдануға, түстердің бір-біріне ұласуы, түстерді бірінің бетіне-бірін қалау тәсілдеріне бағытталады.
Кескіндемені оқу барысында мүғалім оқушылардың қоршаған ортаны қуаныш сезімімен қабылдайтындығын ойынан шығармауы тиіс. Балалардың алғашқы әсерлері біртіндеп, ойға айналмауы қажет. Сондықтан оқушыларды түстанудың ережелерімен, өзінің натурадан алған әсерлерін түстер арқылы бейнелеуді қолдана білуге, заттар беттеріндегі жарық пен түстердің үйлесімін, көру арқылы қабылдағанынан алшақтатпай бейнелеуге үйрету қажет.
Нұсқаға қарап сурет салу балаларға эстетикалық тәрбие берудің тамаша мүмкіндігі болып табылады. Нұсқаға қарап пейзажды, ағашты, гүлді салу барысында бала табиғат әсемдігіне, түстер мен формалардың алуан түрлігі мен байлығына қызыға түседі. Ол түтас заттың және оның бөліктерінің пропорциялық қатынастарын көре біліп, табиғат формаларының гармониясы мен ритмін, түстердің түрлі деңгейдегі реңдерін көре білуге үйренеді. Балалардың байқампаздығын елгезектігін дамыта отырып, біз эстетикалық тәрбие беру міндеттерін шешеміз.
Сәндік сурет салу сабақтары.Сурет салу оқушыларға графикалық сауаттылық негіздерін меңгертумен қатар олардың шығармашылық қабілеттерін дамытады. Оқушылардың шығармашылық қабылетін дамытудың ерекше мүмкіндігі сәндік сурет салу сабағы. Бейнелеу өнері бағдарламасында ою-өрнектер құрастыру, альбомдарды безеңдендіру, бөлме ішін безендіру тапсырмалары қарастырылған. Мұндай тапсырмалардың мектепте берілуі кәсіптік қызметке дайындау емес, шығармашылыққа тәрбиелеу оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуіне жол ашу және қоғамдық пайдалы еңбекке тарту болып табылады.
Бастауыш сыныптағы сәндік сурет салу сабақтарында оқушыларға сәндік өнердің көркем бұйымдары таныстырылады. Бұл сабақтарда қазақ қолөнерімен оқушыларды таныстыру мынандай бағыттар бойынша жүргізіледі: қолөнердің түрлері; қолөнер шеберлері, қазақ киіз үйі; қазақ халқының ою-өрнектер; тұрмыста жиі қолданылатын сәндік қолөнер бұйымдары; сәндік өнер бұйымдарын жасау технологиясы; қолөнер шеберлерінің құрал саймандары; ұлттық киімдер мен ыдыс-аяқтар; ер тұрман ат абзелдері; қолөнер бұйымдарын жасауға қолданатын материалдар; шаруашылыққа қажетті бұйымдар т.б.
Қазақ сәндік қолданбалы өнер бұйымдарын оқушыларға таныстыру барысында бұйымның көркемдік ерекшеліктеріне талдау жасалады. Бұйымның қолөнердің қандай түріне жататындығы, оны жасаған шебер, бетіне салынған ою-өрнектер, бұйымды жасау технологиясы, қолданған құрал саймандары материалдары туралы таратылып айтылады. Осындай бағыттағы талдаулар негізінде бала көркем өнер бұйымдарының көркемдік ерекшеліктері туралы қажетті білімдер жүйесін меңгерді. Қолөнер бұйымдарының атауларын үйренеді. Осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде балалардың көркем өнер білімдері жүйеленіп, олардың әсемдік тарғамдары арта түседі. Мысалы, балаларға кілем өнерін таныстыру барысында кілемнің түкті кілем және тақыр кілемдерге бөлінетіндігі, кілем сәндік өнердің жүнді көркем өңдеу түріне кіретіндігі айтылады. Мұнан соң кілемнің бетіне салынған ою-өрнектің композициясына назар аударылып, оны тоқуға қажетті материалдар қалай дайындалатындығы, тоқу станогының құрамындағы бөлшектерінің атаулары туралы мәліметтер беріледі. Арнайы дайындалған таблицалар бойынша кілемді тоқу технологиясымен таныстырылады. Қазіргі шеберлердің тоқыған кілемдерінің бірі үлгі ретінде көрсетілді.
Бастауыш сыныптағы сәндік сурет салу сабақтарында «Түзу сызық бойына өрнектер салу», «Түйе табан оюын_салу», «Геометриялық ою-өрнектерді бейнелеу», «Гүлдің суретін оюға айналдыру», «Бірнеше гүлдің суретін бір түзудің бойына орналастыра безендіру» тақырыптарына сабақтар ұйымдастырылады. Мұғалім сабақта ою-өрнектерді салу жолдарын, тақтаға көрсетіп, сонымен қатар, алдын ала дайындалған таблицалар бойынша ою-өрнектерді бейнелеу жолдарын оқушыларға көрсетеді. Ою-өрнектерді кезеңге бөліп бейнелеу әдістері көрсетіледі.
Бастауыш сыныптағы бейнелеу өнері пәнінің сәндік сурет салу сабақтарында оқушылардың шығармашылық қабылеттерін дамыту мақсатында белгілі жаттығулар жасауға үйретіледі. Ол әсіресе ою-өрнектердің белгілі бір элемент қолдана отырып бір түзудің бойына, белгілі бір ою-өрнек элементін қатар орналастыру, соған ұқсас, белгілі екі-үш ою-өрнек элементін шеңбер бойына орналастыру тапсырмалары орындалады. Сонымен қатар сәндік сурет салу сабағында мұғалім балаларға сәндік қолөнердің кәсіпқой суретшілер Д.Шоқпаровтың, Қ.Қарабдаловтың, Ф.Зауырбекованың Қ.Тыныбековтың жасаған торсық, ер тұрмандары, саз сырнайлары, гобелендері мен тоқыма бұйымдарының иллюстрациялары көрсетіледі. Халық қолөнер шеберлері Б.Романова, Қ.Тасов, С.Төленбаев, К.Тастанбекұлының жасаған кілемдері, зергелік бұйымдары, ою-өрнектері, ер тұрмандары нұсқасы бойынша таныстырылады. Таныстыру барысында көркем бұйымдарының тұтыну қажеттігіне, формасы мен түсіне, материалына, жасалу технологиясына, жасаған шебері туралы мәліметтерге көңіл аударылады.
Сәндік сурет салу сабағында оқушыларға үй тапсырмасы беріледі. Үй тапсырмасы үйдегі тұрмыста қолданылатын көркем бұйымдармен, қайта танысу, олардың қарапайым түрлерінің формасын бейнелеу оларды безендірген ою-өрнектерін сол нұсқасына қарап бейнелеуге бағыттарын қамтиды. Сәндік сурет салу сабағының негізгі мақсаты оқушыларды сәндік қолданбалы өнер бұйымдарымен таныстыру, сәндік қол өнердің негізгі түсініктерін меңгеру, сәндік сурет салу ептейлігін артыру, ою-өрнектер салу дағдыларын қалыптастыру болып табылады.
Бастауыш сыныптағы бейнелеу өнері сабақтарының бір түрі тақырып бойы ша сурет салу деп аталады. Тақырып бойынша сурет салу сабақтарында оқушыларға «Табиғат көріністері», «Жыл мезгілдері», «Жаңа жыл», «Қысқы каникул» т.б. тақырыптары бойынша өмір көріністеріне қарап өздеріне жақын заттар мен құбылыстарды еске түсіру, елестету арқылы және ойдан құрастырып сурет салуға жаттығады. Тақырыптық сурет салуға балалардың үйретудің түпкі мақсаты оқушыларды табиғатты сүйе білуге тәрбиелеу, әсемдік талғамын дамыту, байқау арқылы көркем образдар жасауға жаттықтыру, қалам, бояу құралдарымен жұмыс жасауға талпыну, ойлау қабілеттерін дамыту болып табылады. Сонымен қатар бейнелеу өнеріндегі табиғатты бейнелеу ерекшеліктерімен таныстыру, суретшілердің шығармаларындағы табиғат көріністерін бейнелеу әдістеріне талдау жасап көрсету, оқушылардың тақырьш бойынша композиция құрастыру дағдыларын қалыптастыру міндеттері көзделеді.
Тақырыптық сурет салу сабағының көрнекілігі ретінде бейнелеу өнеріндегі табиғат көріністері бейнелеген Ш.Уәлихановтың «Теріскей
Алатау», Ә.Қастеевтің «Таудағы жайлау», М.Кенбаевтың «Асауды ұстау», С.Мамбеевтің «Жайлауда» атты картиналарының репродукциялары, диопозетивтері, видеофильмдері, слайдаларі немесе фотолар қолданылады. Бұлармен қатар кеңістіктегі көріністерді қағаз бетіне бейнелеудің кезеңдері көрсетілген таблицалар сабақта жиі қолданылады.
Бейнелеу өнері сабақтарының бір түрі — әңгіме сабақ деп аталады. Әңгіме сабақтың мақсаты оқушыларды еліміздің даңықты суретшілерінің өмірімен, шығармашылығымен таныстыру, бейнелеу өнерінің негізін құрайтын терминдерге түсінік беру, өнертанудың алғашқы ұғымдарын меңгерту, өнер арқылы балалардың дүниетанымын қалыптастыру болып табылады. Бейнелеу өнері туралы әңгіме сабақ әрбір тоқсанда төрт сабақтан жоспарланады, олар белгілі тақырыптар бойынша өткізіледі. Бастауыш сыныптағы әңгіме сабақтың мазмұны «Бейнелеу өнерінің түрлері»,«Бейнелеу өнерінің жанрлары», «Бейнелеу өнеріндегі ана образы», «Бейнелеу өнеріндегі портрет жанры», «Бейнелеу өнеріндегі тарихи жанр», «Суретші Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы» т.б. тақырыптарды қамтиды.
Бейнелеу өнері туралы әңгіме сабақ үшінші сыныптан бастап жеке дара сабақ түрінде жүргізіледі. Бірінші және екінші сыныптардағы бейнелеу өнері туралы әңгіме басқа сабақтардың қүрамында өткізіледі. Мысалы, нұсқаға қарап сурет салу барысында А.Ғалымбаеваның «Дастархан» натюрморты туралы әңгіме өткізіп, соңынан балалар нұсқаға қарап қарапайым заттарды салады. «Бейнелеу өнерінің түрлері» тақырыбы бойынша өтілген сабақта мұғалім оқушыларды суретші Ә.Қастеевтің «Автопортрет» шығармасын көрсету арқылы графикалық картиналардың ортақ ерекшелігі олардың ақ пен қара бояулар арқылы салынатындығы айтылады. Кескіндеме шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін түсіндіру үшін оқушыларға суретші М.Кенбаевтың «Асауды ұстау» картинасы көрсетіліп, оның кенеп бетіне түрлі-түсті, майлы бояулармен салынғандығы,оның пейзаж жанрына жататындығы көрестіледі. Сонымен қатар мүсін өнері бойынша мүсінші Х.Наурызбаевтың ақын М.Хакимжановтын портретін. Т.Досмаганбетовтың сомдаған А.Имановтың портретін, мүсінші Е.Мергеновтың жасаған әке портретін көрсету барысында мүсін шығармалары саз балшықтан, тастан, граниттен немесе мрамордан жасалатындығы туралы мәліметтер беріледі. Сәндік қолданбалы өнердің ерекшеліктерін көрсету үшін суретші-қолданба өнер шебері Д.Шоқпаровтың жасаған торсыктары, ат-әбзелдері суретші-тоқымашы Б.Зауырбекованың тоқыған гобелендері, ою шебері С.Төленбаевтың салған ою-өрнектері, өнер шебері Ғ.Иляевтің жасаған безендіру жұмыстарын көрсетіліп, сәндік қолданбалы өнердің бұйымдары әр түрлі материалдардан жасалатындығы және олардың көпшілігің тұрмыста қолдану үшін дайындалатындығына назар аударылады.
Қорыта айтқанда, оқушылардың көркемдік білімдері нұсқаға қарап сурет салу, тақырыптық сурет салу және бейнелеу өнері туралы әңгіме сабақтарда белгілі бір сурет салу барысында, немесе өнер туындысын қабылдау барысында игеріледі. Оқушылардың көркемдік білімдерінің құрылымы бейнелеу сауаттылығын құрайтын жарық пен көлеңке, перспектива, түстану, композиция, симметрия, заңдылықтары туралы білімдерден және бейнеленетін көріністі қағаз бетіне орналастыра білу, зат құрылысын салу, зат көлемін көрсете білу, кеңістікті бейнелеу икемдіктері мен дағдыларынан құралады. Ал мұғалімнің оқушыларға көркемдік білім беру әдістері: салатын нұсқаны талдау, бейнелеу жолдарын көрсету, жаңа сабақты түсіндіру, көрнекілікті сабақта қолдану, оқушылардың бейнелеу жұмыстарына басшылық көрсету, өнер туындыларына және бұйымдарына көркемдік талдау жасау іс-әректтер жүйесінен құралады.
Халқымыздың өнегелі мәдениет үлгілерінің бірі – бейнелеу өнері қаншама дәуірдің тарихи ағымымен бірге жасап дамып келеді. Қазақ халқының өмір-тұрмысына тереңдей үңілсек, мәдениет дәстүрінің үзілмей бүгінгі ұрпаққа жетуіне бірден-бір себеп халықтық педагогика.
Өзінің тәрбиелік мәнін бүгінге дейін жоғалтпай келе жатқан көркемдік педагогиканы, қазіргі таңда мектеп өміріне енгізу, бейнелеу өнері сабақтарында қолдану заман талабына айналып отыр.
Орта Азия мен Қазақстан жері мәдениеті дамыған өркениет орталығы болғандығы көпшілікке мәлім. Сыры кетсе де, сыны кетпей сақталып келе жатқан әсем ғимараттар, тас мүсіндер, сарайлар, халықтың тұрмысында қолданылған сәндік қолданбалы өнердің інжу маржандары жастардың көркемдік талғамын дамытуға дәнекер болары сөзсіз. Бұл жерде айта кететін өкінішті жағдай – көшпелі еліміздің көркем мәдениетін жас ұрпақтың игілігіне пайдалану кешеуілдеп, оларды мектеп оқушыларына көркемдік білім мен әсемдік тәрбие беру бағдарламасына тыс қалуы. Бұл ұстанылатын басты бағыт жас ұрпаққа халықтың мәдени дәстүрін оқушыларға таныстыру, ата-бабамыздың тұрмысында жиі қолданылған қарапайым заттарды салуға үйрету, олардың формасымен, түр-түсімен т.б. көркемдік ерекшеліктерімен таныстырудың әдіс тәсілдерін болашақ мұғалімдерге көрсету.
Бейнелеу өнері сабақтарында оқушыларды халқымыздың көркем мәдениетімен бейнелеу өнері туралы әңғіме сабақтарында таныстырумен қатар, оларды құрайтын көркем бұйымдарды нұсқасына қарап саллудың орны ерекше.Оқушылардың ұлттық бұйымдарды нұсқасына қарап салуы, немесе ұлттық салт дәстүрлер көріністері бейнеленген суреттерді тақырыптық сурет салу барысында бейнелеуге үйрету, сәндік сурет салу сабақтарында көркем бұйымдар жасату балаларға көркемдік білім берумен қатар ұлттық тәрбие беруге жәрдемдеседі. Осыған сәйкес біз төменде,бейнелеу өнері сабақтарының бірнеше талдаулары ұсынамыз.
1-САБАҚ
Сабақтың тақырыбы: Суретті немен және қандай қылып бейнелейді?
Сабақтың мақсаты: Оқушыларды сурет және бейнелеу құралдарымен таныстыру. Бірінші кластардағы істелетін бейнелеу жұмыстарының мазмұны туралы әңгімеу. Сәндік қолданбалы өнер жайлы түсініктер беру.
Сабақтың көрнекілігі:
1.Кескіндеме, графика, сәндік қолданбалы өнер, мүсін шығармаларының репродукциялары, суреттер, иллюстрациялар, фотографиялар, диопозитивтер, слайдалар: К.Телжанов «Ильич аманаты, А.Кастеев «Турксиб, М.Кенбаев «Жайлауда», Х.Наурызбаев «Жас Жамбыл», А.Ғалымбаева «Дастархан», Е.Сидоркин «С.Сейфуллинді оқығанда», К.Баранов «Қазақ эпосы», Г.Иляев «Қазақ оюлары», Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің иллюстрациялары. Қазақ халқының сәндік қолданбалы өнер бұйымдарының фотографиялары.
2. Бейнелеу өнерінің материалдары мен құралдары:
а) құралдар – қылқалам, түрлі-түсті бояу қаламдар, өшіргіш, қағаз бен қайшы.
б) материалдар – акварель мен гуашь бояулары, пластилин, сурет дәптері, түрлі-түсті қағаздар, гүлді қағаздар, фломастер, түрлі борлар, желім мен қағаз.
Сабақтың барысы: Сабақ бейнелеу өнерінің түрлері жайлы әңгімеден басталады.Бұл әңгімеде кескіндеме, графика, мүсін сәндік қолданбалы өнер шығармаларының репродукциялары, фотолары, суреттері көрсетіледі. Балаларға бейнелеу өнерінің түрлері туралы түсінік беру мақсатында жоғарыдағы көрсетілген түрлерін мұғалім таба алмаған жағдайда оларды мазмұны ұқсас басқа өнер туындыларымен алмастыру мүмкін.
Талдау барысында мұғалім өнер шығармасының қандай материалдары қандай құралдарды пайдаланып жасағандығы, сол туындыларының бейнелеу өнерінің қандай түрлеріне жататындығын көрсетеді. Сабақ барысында ақ пен қара түсті сызықтармен суретті салушыны– график, түрлі-түсті бояумен сурет салатын адамды кескіндемеші, тастан, ағаштан, саздан түрлі адамдар мен жануарларды бейнелейтін суретшіні мүсінші, сәндік қолданбалы өнер бұйымдарын жасайтын адам – сәндік өнер шебері немесе халық шебері деп атайтындығы жайлы әңгіме қозғалады.
Мұнан соң мұғалім балаларға қандай құралдар мен материалдарды қолдану арқылы бейнелеудің қандай түрін жасауға болатындығын айтылады. Сабақта мұғалім сұрақ-жауап әдісін қолданады. Мысалы, кескіндеме шығармаларын жасау барысында суретші қандай құралды пайдаланады? Ою-өрнектермен безендірілген қандай бұйымдарды білесіз? Суретшілерден кімдерді білесіз? Суретшілерден кімдерді білесіз? Мына суретті кім салған? Суреттің аты не деп аталады? Кім суретші болғысы келеді?
Сұрақ-жауаптан соң мұғалім бейнелеу өнері сабақтарында қандай суреттер салатындығы туралы пікір алысады. Балалар бейнелеу өнері сабақтарында сендер түрлі-түсті гүлдерді, әр түрлі ойыншықтар мен заттардың суреттерін саласыңдар. Жан-жануарлар, гүлдер формаларына қарап, әдемі ою-өрнектер салып үйренесіңдер. Наурыз мейрамы, ертектер, жануарлар, цирк ойындары, жайлау, бәйге тақырыптарына ойдан, еске түсіру арқылы тақырыптық суреттер бейнелеуге жаттығасыңдар. Түрлі-түсті қағаздарды қиып, құрақ құрауға үйренесіңдер. Суретшілер мен халық шеберлерінің туындыларымен танысасыңдар. Пластилиннен, саздан түплі жануарлар мен өздеріне ұнаған заттардың формасын жасайсыңдар.
Бейнелеу мен мүсін жасау үшін оның құралдарын қолдану әдістерін үйреніп аласыңдар.
Әңгіме оқу құралдары мен материалдарына ауысқанда, мұғалім балалар назарын соларға аударады. Суретшілер бейнелеу барысында орташа жұмсақтағы қаламдары пайдаланады. Ұшы қатты қаламдар дәптердің түтіп жібереді және өшіргішпен өшіргенде із қалдырады, ал өте жұмсақ қалам дәптердің кір қылады. Олар қаламның ұшталған ұшынан ұстап сурет салатын болса, ол уақытта қаламды еркін жүргізе алмайды. Сурет қаламмен салынғанда, қате сызылған сызықтар жұмсақ өшіргішпен өшіріледі. Сурет салу барысында қатты қызыл өшіргіштер пайдаланылмайды.Себебі мұндай өшіргіштер құрамында құм көп болу себепті, қатты болады да, дәптерді түтіп жіберуі мүмкін.
Бейнелеу өнері сабақтарында көбіне акварель (суға езілетін) бояулар қолданылады. Акварель бояулармен жұмыс істеу барысында қылқалам пайдаланылады. Боялатын бейнеге байланысты қылқаламның үлкені немесе кішісі алынады.
Қылқаламдар – формасына байланысты жалпақ және жұмсақ қылды болып бөлінеді. Акварель мен гуашь бояуларымен сурет салу барысында жұмсақ қылқаламдар, ал майлы бояулармен жұмыс барысында қатты қылқаламдар пайдаланалады.
Қылқаламдарды жұмыстан соң суға салып қоюға болмайды. Егер, ол суда қалса қылдары әр жаққа шашырап жұмысқа жарамсыз болып қалуы мүмкін. Сондықтан бейнелеу құралдарын жұмыстан соң күтіп баптау, оларды ұзақ уақытқа пайдалануға мүмкіндік туғызады.
Балалардың үй жұмысы мен сабақтағы бейнелеу істерінде акварельмен қатар қолданылатын бояу–гуашь бояуы. Гуашь бояулары мектепте ою-өрнектер, тақырып бойынша сурет салу жұмыстарында қолданылады. Ол суменен жақсы араласады. Гуашь кішкене пластмасса банкаларында болады. Бұл бояу да, акварель сияқты ұқыптылықты қажет етеді. Сондықтан кішкене банкадан керегін алып болған соң қақпағын жауып қою қажет. Алынған бояуларға су қосып сұйылтады да, бейненің қажетті жері боялады.
Бейнелеу өнерінің сабақтарында әрбір мұғалімнің өз қаламы, өшіргіші, дәптері, акварель, гуашь бояулары болуы керек. Акварель бояуын қолдану барысында бояуды араластыруға қажетті палитра болуы қажет.
Саз бен пластилиннен мүсін жасау үшін ағаш немесе пластмассадан істелген стектар болады. Стектер шағын мүсіннің ұсақ бөлшектерін істеу үшін қажет. Мысалы, саз бөлшегінің бетін сызу, үйіп алу, артық жерлерін кесу істері стетктердің жәрдемімен атқарылады. Пластилиндер қағаз қорапта болғандықтан сақтауға қолайлы болады. Олардың түстері әр түрлі болып келеді. Кейбір пластилиндер стектермен қосылған набор түрінде дүкендерде сатылады. Стектерді мұғалім барлық оқушыларға жететіндей етіп ағаштан даярлап қоюына болады. Мүсін жасауға қажетті тақтайшалар оқушылардың жұмыс орнын таза сақтауға жәрдемдеседі.
Сәндік аппликациялар жасау барысында түрлі-түсті қағаздар кең қолданылады. Мұғалім үлкен өлшемдегі қағаздарды фон ретінде, ал кіші өлшемдегі қиындыларды, ұсақ бөлшектерге қолдану қажеттігін оқушыларға түсіндіреді.
Сурет салу жолдарын балаларға көрсету үшін әрбір мұғалімде төрт бұрышты планшет болғаны жөн. Планшет 30*42 см етіп қиылып, фанерден жасалады. Мұғалім осы планшетке қағаз жапсыру және сурет салу жолдарын көрсетуі мүмкін. Егер суретті планшетсіз пайдалану қажет болса, кнопкамен немесе рейкамен бекітіледі.
Мұғалім бейнелеу өнерінің алғашқы сабағынан бастап, оқушылардың бейнелеу жұмыстары кезінде оқу құралдарын дұрыс пайдалануға, тазалық сақтауға үйреткен жөн. Балалардың қағаз парақтарына, кіші блокноттарға, әр түрлі дәптерлерге сурет салуына жол бермеу тәрбие жұмысының бірі. Сонымен қатар мұғалім суретті дәптер парағының тек бір бетіне ғана салу керектігін көрсетеді.
Тағы рефераттар
- Космодром Байқонырдың табиғатқа әсері
- Бухгалтерлік есептің тұжырымдамалық негізі
- Қанаш Камзин
- Эйлер функциясы көмегімен кері шамаларды есептеу
- Қашықтықтан оқыту (ҚО) технологиясын ұйымдастырудың теориялық негіздемесі курстық жұмыс