МЕКТЕПТЕГІ ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ туралы қазақша реферат

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты мақаласындағы жиырма тапсырманың үштен бірі білім беру жүйесіне қатысты,бұл кездейсоқтық емес —  адами капиталдың сапасы әр адамның білімділігі және кәсіби шеберлігі деңгейімен тікелей байланысты ( 1 ).

Әлем тәжірибесі көрсеткеніндей,кез-келген мемлекеттің әлеуметтік экономикалық дамуы сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне байланысты.Осы орайда Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енгізуде білім беру ісі басты құрал болып табылады.Ол үшін отандық білім жүйесін халықаралық білім кеңістігінде және еңбек нарығы бәсекелестігін қамтамасыз ететін білім сапасының  дәрежесіне жеткізу шарт.

Оқушының білім сапасы білім саласындағы мемлекеттік саясат негізінде нормативті – құқықтық актілерде негізделген. Әсіресе Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында [2], Жалпы  орта білім мазмұны және жүйесі Тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасының білімді дамыту Тұжырымдамасында нақтыланған.

Қазақстан Республикасы азаматтарының  халықаралық білім  кеңістігіндегі және еңбек нарығындағы бәсекелестігін қамтамасыз ететін білімнің сапасына «білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі – білім беру сапасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қажетті­ліктеріне сәйкестігін белгілеудің институцио­налдық құрылымдары,   нысандары мен әдістерінің жиынтығы»,-деп сипаттама берген [2].

Білім беру сапасы – Ю.К.Бабанский, В.П.Беспалько, Т.И.Шамова, В.К.Кальней, Б.Әбдікаримов, т.б. ғалымдардың еңбектерінің өзегі. Оқыту сапасының өлшемдері Ж.А.Қараев, М.Ж.Жадрина, Т.Т.Галиев, Г.О.Искакова сияқты қазақстандық ғалымдардың еңбектерінде әр қырынан талданған.

Педагогикалық әдебиеттерде білім сапасы (білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары негізінде жалпы білім беретін оқу орындарының жетістігі ), оқыту сапасы (мұғалім білім берудің әртүрлі оқыту технологиясын,әдістемесін,құралдарын қолдану арқылы жетеді), оқушының білім сапасы және т.б. ұғымдар кездеседі. Біздің қарастыратынымыз оқушының білім сапасы, яғни орта, негізгі, бастауыш білім беру мазмұнының міндетті минимумын игерген жетістігін бағалаумен анықталатын (күнделікті, тақырыптық, тоқсандық, жарты жылдық, жылдық, қорытынды) нәтижесі. Бұл анықтама ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартындағы білім беру сапасы күтілетін нәтижеге қол жетуімен анықталады деген көзқарасқа сай келеді.

Кез келген дамыған елде білім сапасы мемлекет пен қоғамның қатаң бақылауында тұрады.Қазақстанда білім сапасын бағалаудың бірыңғай ұлттық жүйесі құрылды ( 2). Білім беру мониторингі білім сапасын сырттай және ішкі бағалау әдістері арқылы өткізіледі. Тәуелсіз сыртқы бағалау лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу, рейтинг, ұлттық бірыңғай тестілеу, мемлекеттік аралық бақылау, талапкерлерді кешенді тестілеу және т.б. элементтерін қамтиды.

Ел үкіметі 2011 жылы шілдеде ҚР  Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің аумақтық органдарын құру жөнінде қаулы қабылдады.Сөйтіп, барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларында білім саласындағы бақылау департаменті дүниеге келді. Көптеген міндеттерінің ішінен білім сапасын арттыруға әсер ететіндерін атап өтейік – білім  беру мониторингін жасау, ұлттық тестілеу барысын және оқу жетістіктерін сырттай бағалау рәсімдерінің жүргізілуін қадағалау.

Қазақстанның мектептерінде білім беру сапасын анықтау үшін 6 түрлі халықаралық зерттеулер жүргізіледі. Қазақстандық мектеп оқушылары TIMSS – 2007 халықаралық салыстырмалы зерттеуіне қатысып, 36 елдің 4 сынып оқушылары арасында математика бойынша 5- орынды және жаратылыстану бойынша 11 – орынды иеленді. Үстіміздегі жылдың сәуір айында PISA – 2012 халықаралық  зерттеуі жүргізілді. Оның мақсаты – 15 жастағы оқушылардың математикалық сауаттылығын және оқу мен жаратылыстану бойынша сауаттылығын анықтау болып табылады.Зерттеу жеткіншектердің оқыту барысында алған білімдері мен іскерліктерін өмірлік жағдаяттарда қолдану қабілетін бағалайды. Оған еліміздің 218 білім беру ұйымынан 5000 астам оқушы қатысты.

Математика мұғалімдері TEDS – M халықаралық салыстырмалы зерттеулерге  — орта мектептің бастауыш және орта буынының математика мұғалімдерінің кәсіптік білім сапасын бағалауға қатысатын болады.

Көп жылғы практика ұлттық бірыңғай тестілеудің еліміздегі білім сапасының деңгейін анықтайтынын көрсетіп отыр. 2012 жылы оған мектеп бітірушілердің жалпы санының тек қана 75 пайызы қатысты. Өмірден көріп жүрміз,тестілеуге даярлығы бар мектеп бітірушілер ғана қатысып жүр. Республика көлемінде орташа балл 70,9, ол былтырғы жылмен салыстырғанда 15,7 балға төмен. Жоғары оқу орнына түсу үшін төменгі межеден, яғни  50 балды 43163 талапкер ( 36,8 % ) жинай алмады. Білім сапасы жетістіктерін бағалаудың бірден-бір көрсеткіші мектеп түлектерінің «Алтын белгі» және үздік аттестатқа бітірушілер үлесінен көрінеді.Батыс Қазақстан облысының 2012 жылы «Алтын белгіге» үміткер 238 түлектің 88-і, ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер 107 түлектің 24-і ғана өз білімдерін ақтай алды.Үздік аттестат алушы түлектер үлесінің төмендеуі көптеген оқу озаттарының өз білімдерін ҰБТ сынағында дәлелдей алмауынан туындайды. Бұдан, мектептерде «үміткер» оқу озаттарына қойылатын талаптар деңгейінің төмендетілгендігін көруге болады. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі ағымдағы жылы әр мектепте пәндер бойынша білім сапасын көтеру жөніндегі шаралар жүйесін анықтауға мүмкіндік берді.

2012 жылы оқушылар жетістігін сырттай бағалауға (ОЖСБ)Батыс Қазақстан облысы бойынша 34 мектептің 9-шы сыныптарының 1594 оқушысы қатысты. ОЖСБ қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика және химия пәндері бойынша өткізілді. Облыс бойынша орташа балл 51 немесе барлық мүмкін 80 балдың 63,7 пайыздық орындалу деңгейін көрсетті. Ең төменгі нәтиже Қазақстан тарихы бойынша – 11,7 балды құрады.

Мектеп оқушысының бағдарламаға сай білім алуы көптеген жағдайлардың  шешілуіне байланысты. Мысалы, оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мектептің түріне де тәуелді. Республикада 4225 шағын жинақты мектеп бар. Онда 397538 оқушы оқиды. Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпы білім беретін мектептердің 313-і ( 75,2%) шағын жинақты мектептер. Шағын жинақты мектептер түгелге дерлік  ауылдық жерлерде орналасып, әлеуметтік саланы құрап отыр. Олардың проблемалық мәселелері болып оқушылары аз сыныптардың, біріктірілген сыныптардың  ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың аз қолданылуы, мұғалімді даярлауда мамандандырудың тар бейінділігі (бірпәнділік) алудың, толық оқу жүктемесімен қамтамасыз етудің мүмкін еместігі, бұл мектептердің жартысына жуығымен ыңғайластырылған үй-жайларда орналасуы. Шағын жинақты мектептердің оқушыларының білім сапасын арттыру кешенді жұмыс жүргізілгенде ғана жүзеге асырылады.Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында шағын жинақталған мектептер мәселесін шешу үшін бірқатар іс-шаралар белгіленген. 2011 жылдан бері шағын жинақты мектеп оқушыларын сапалы біліммен қамтуға арналған ресурстық орталықтар жұмыс жасап келеді.

Білім беру саласындағы реформалардың басты нәтижелерінің бірі – мұғалім имиджі және мәртебесінің көтерілуі. Өйткені, ұстаз – мектеп жүрегі.

Қазіргі заманғы білім беру жүйесі,оқытудың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу педагог кызметкерлердің тұлғасына және кәсіби құзыреттілігіне жоғары талаптар қоюда. Оқушылардың білім сапасының жоғары деңгейде болмауының бір себебі – мұғалімдердің сапалық құрамының төмен болуы. Мектептердегі педагогтардың  жалпы санынан тек қана 14,8% — ы жоғары санатты,  30,7% — бірінші санатты.  Екінші бір себебі – педагогтардың бір бөлігінің дайындық деңгейінің төмендігі, өздігінен білім алуға және кәсіби деңгейін өсіруге ұмтылудың жеткіліксіздігі. Мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін арттыру үшін оларды қайта даярлаудың жаңа жүйесі жасалды. Қазір жалпы білім мектептері педагогтеріне арналған облыстарда үшінші деңгейдің  үш айлық курстары аяқталды. Бұл курстардан сәтті өтіп, сәйкес деңгейін растайтын сертификат алған мұғалімнің жалақысы 30 пайызға өседі. Егерде республикалық деңгейде біліктілік курсын өтсе жалақысы 50 пайызға, ал Назарбаев Университеті деңгейінде өтсе жалақысы 100 пайызға артады. Ел Үкіметінің қаулысымен «Үздік педагог»  атағын 2012 жылдан бастап берудің тәртібі бекітілді. Енді бұл атаққа ие болған мұғалімге республикалық бюджет есебінен 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде  сыйақы беріледі.

Мектепте жұмыс істейтін әрбір бесінші мұғалім 50 жаста және одан үлкен.Өкінішке орай, мектепке  жас мұғалімдердің келіп жұмыс істеуі жеткіліксіз дәрежеде болып отыр.Өткен оқу жылында Батыс Қазақстан облысының білім беру мекемелеріне жұмыс жасауға келген жас мамандардың жалпы педагогтар санына қарағандағы үлесі небәрі 1,94% құрады. Гендерлік сәйкессіздік, кәсіп феминизациясы (81, 3 % әйел мұғалімдер) байқалып отыр. Төмен жалақы, педагог кәсібінің беделінің болмауы, әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі  жоғары білікті кадрлардың бұл саладан кетуіне  ықпал етеді. Қазіргі таңда облыстағы білім беру мекемелеріне әсіресе, ауылдық жерлердегі мектептерде 307 маманға сұраныс туындап отыр. Сондықтан жергілікті жерлерде кадрлардың тұрақтауы үшін жан-жақты жұмыстануды талап етіп отыр.

Оқушылардың білім сапасын жақсарту отбасының іс-әрекетіне де тікелей байланысты. Н.Бектемірова мынадай ақпарат береді : «Үстіміздегі жылы баспасөз бетінде ЮНИСЕФ ұйымы елімізде арнаулы зерттеулер жүргізіп, қорытындысы бойынша 45,2 пайыз балалар өте кедей отбасынан екенін анықтады» ( 3).

Орал қаласындағы бір орта мектептің 5 – сыныбының жағдайын қарастырайық. Сыныпта 25 оқушы бар. Сол оқушылардың аналарының 16 – сы,әкелерінің 14- сі тұрақты жұмыста жоқ. Әңгіме, сауалнама, бақылау, т.б.зерттеу әдістерін қолданып, отбасына бару арқылы оқушылардың үйлерінде 80 пайызында ешқандай кітаптың, газеттің жоқтығы анықталды, бірақ есесіне бәрінің үйінде 1-2 теледидардан бар. Бос уақытында қарайтындары – теледидар. Оқушылардың тең жартысының астамында үйде сабақ оқуға тұрақты орындары жабдықталмаған. Оқушылардың  60 пайызынан астамының   үлгірімі орташа. Осыдан-ақ бала тәрбиесіне,осы баланың өзінен бастап үкіметтің де жауапкершілігі де, жұмысы да көп екендігін байқауға болады.

Оқушылардың бір бөлігінің сапалы білім алуына олардың тәртіпсіздігі мен қылмыс жасауға даярлығы кесірін тигізуде. Елімізде «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» заңы жайдан жай қабылданған жоқ. Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түн мезгілінде көше кезуіне тыйым салатын заң жобасын әзірледі. Онда бұдан былай сағат 23.00-06.00-ға дейінгі түнгі уақыттарда тұрғын жайлардан тыс жерлерде, қасында заңды өкілдері жоқ, өз бетімен жалғыз, топпен жүрген кәмелетке толмаған  жастар әкімшілік жауапқа тартылатындығы айтылған.

Құқық қорғау орындарының таратқан статистикалық мәліметіне жүгінсек, бүгінгі таңда 18431 бала ішкі істер мекемелерінде  «әлсіз топтар «(группа риска) есебінде тұр. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселері жөніндегі ұлттық орталығының мәліметтері бойынша, еліміздегі 11 мен 16 жас аралығындағы бозбала-бойжеткендердің 180000-нан астамы темекіге үйір екен. Аталмыш ұйым кәмелеттік жасқа толмағандар арасында есірткіге, спирттік ішімдікке құмарлардың қатарының көз ілеспес жылдамдықпен кәбейіп бара жатқандығын айтып, дабыл қағып отыр.

Егер жас ұрпақты дұрыс тәрбиелегіміз келсе,олар сүріп отырған қоғамды да ізгілендіріп,шынайы демократия орнату керек.

Қоғам алдында жауапкершілікті сезінбейтін адамдарды заңмен шектеу қажет.Ондай заң жоқ болса шығару керек. Мысал ретінде жасөспірімдердің түн мезгілінде көше кезуіне тыйым салуын көздейтін заңның жобасы жасалынды.

Педагогикалық теория мен практика оқушылардың білім сапасын арттыру кешенді жұмыс жүргізілгенде ғана жүзеге асырылатынын көрсетіп отыр.

            Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Назарбаев Н.Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ

Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам.// Егемен Қазақстан.10 шілде 2012.

2. «Білім туралы» заң.// Егемен Қазақстан.15 тамыз 2007.

3.  Бектемірова Н. Бұл өмірге жолаушымыз бәріміз. // Егемен Қазақстан.

21 тамыз 2010.
Тағы рефераттар