Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен аспайтын адамдарға (отбасыларына) берілетін ақшалай төлем (өтініш беруші тұратын аймақта белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 %-ы). 2010 жылы республика бойынша орташа ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы 13 487 теңгені, кедейлік шегі – 5 395 теңгені құрады.
Атаулы әлеуметтiк көмектің мөлшерi жан басына шаққандағы орташа табыс пен кедейлiк шегiнің белгіленген айырмасы түрiнде есептеледi және атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасының әрбiр мүшесiне тағайындалады.
Атаулы әлеуметтiк көмекті алуға Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар, босқындар, шетелдіктер және Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жүрген азаматтығы жоқ тұлғалардың құқығы бар.
Атаулы әлеуметтік көмекті ресімдеу үшін сәйкес құжаттар пакетімен тұрғылықты жеріңіз бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына (бөліміне) бару қажет. Егер сіз тұратын ауылдық жерде аталған басқарма (бөлім) болмаса, атаулы әлеуметтік көмекті ресімдеу үшін құжаттарды кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкіміне ұсыну қажет.
Сізге тегін берілетін өтініш бланкісінде жеке басын куәландыратын құжат деректемелері, әлеуметтік жеке код нөмірі (ӘЖК) мен жеке идентификациялық код нөмірін (ЖИК) толтыру міндетті екенін ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш берген кезде өзіңізбен бірге аталған құжаттардың түпнұсқасы болу керек.
Өтініштен бөлек сізге белгіленген үлгіде үш тегін мәліметтер бланкісі беріледі, олар толтырылғаннан кейін өтінішке қоса тіркеледі:
1) отбасы құрамы туралы мәліметтер;
2) сіздің отбасының тапқан табысы туралы мәліметтер;
3) жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы туралы мәліметтер.
Атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы тоқсан сайын табыстар туралы құжаттардың табыс етілуі арқылы расталады.
Назар аударыңыз! Өтініш беруші ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы үшін жауапкершілік алады.
Есіңізде болсын! Мыналарға:
1) мүгедектерді және стационарлық емделуде бір айдан астам уақыт болатын адамдарды, күндізгі оқу нысанында оқитын оқушыларды, студенттерді, тыңдаушыларды, курсанттар мен магистранттарды, сондай-ақ I және II топтардағы мүгедектерді, сексен жастан асқан адамдарды, жеті жасқа дейінгі балаларды бағып-күтумен айналысатын азаматтарды қоспағанда, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарда тіркелмеген жұмыссыздарға;
2) уәкілетті органдар ұсынған жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орнына немесе қоғамдық жұмысқа орналастырудан, кәсіби даярлаудан, қайта даярлаудан, біліктілігін арттырудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, осындай жұмыстарға қатысуды және оқуды өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды.
Бұл ретте, жұмыссыз адам жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орнына немесе қоғамдық жұмысқа орналасқан, кәсіби даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберілген күннен бастап, оған атаулы әлеуметтік көмек қайта қалпына келтіріледі.
Назар аударыңыз! Атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау оны алуға өтiнiш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанның соңына дейiнгi мерзiмге жүзеге асырылады. Өтiнiш берген ай деп құжаттарын қосып өтiнiш берген ай есептеледi.
Атаулы әлеуметтік көмек ай сайын төленеді.
Мұны білген жөн (оқып шығыңыз):
1) «Мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі № 246 Заңы;
2) «Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 желтоқсандағы № 1685 қаулысы;
3) «Учаскелік комиссиялар туралы үлгілі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 29-ө бұйрығы;
4) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығы;
5) «Кедейлiк шегiн анықтаудың тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 8 сәуiрдегі № 537 қаулысы.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.enbek.gov.kz – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты;
2) www.e.gov.kz – «Электронды үкімет» порталы («Әлеуметтік көмек. Сақтандыру және әлеуметтік төлемдер» бөлімі).
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «атаулы әлеуметтік көмек», «атаулы көмекті кім ала алады» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
Тағы рефераттар
- Калькуляциялау принциптері, оның объектісі мен тәсілдері
- Менің жанұям
- Қазақ әдебиеті пәнін оқыту әдістері
- Қазақтың сыршыл Сәкені
- Несие операциялары