Мемлекеттік қызметтер саласындағы стандарттардың құрылымы мен құрам туралы қазақша реферат
Өз біліктілігі мен функционалды міндеттері және қызметтің нақты түріне қойылған стандарттар шеңберінде мемлекеттік қызметтер мемлекеттік органдар, мекемелер, және басқа ұйымдар тарапынан Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес көрсетіледі.
Мемлекеттік қызметтерді стандарттаудың мақсаты Қазақстан Республикасында тұратын және жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандығын және заңды мүдделерін корғауды қамтамасыз ететін мемлекеттік билік пен қоғам арасындағы өзара қатынасты ұтымды деңгейіне жеткізу болып табылады.
Мемлекеттік қызметтерді стандарттаудың негізгі міндеті мемлекеттік қызмет көрсету процестерін нормативтік құқықтық актілермен қамтамасыз ету болып табылады, атап айтқанда:
— мемлекеттік қызметтерді жіктеу;
— мемлекеттік қызметтерді стандарттау объектілерін және олардың құрамын анықтау;
— стандарттау объектілеріне қойылатын негізгі талаптарды және олардың қасиеттерін сипаттайтын көрсеткіштерді анықтау;
— мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерінің ұйымдастырылуын және технологиясын анықтайтын құжаттардың құрамы мен мазмұнын бірегейлендіру;
— атқарушы органдардың қызметін ұйымдастыруға сапа басқару жүйесін енгізу;
— әкімшілік кедергілерді жою.
Мемлекеттік қызметтерді стандарттаудың негізгі қағидалары:
Мемлекеттік қызмет көрсету процесін тұтынушыға клиент ретінде бағдарлау қағидасы. Мемлекеттік қызмет стандарттарын әзірлеу барысында мынадай талаптардың орындалуын қажет етеді:
— тұтынушылардың қажеттіліктерін және үміттерін зерттеу, ең бірінші, мемлекеттік қызметтердің сапасы, олардың көрсетілу тәртібі мен мерзімі, бағасы және басқа сипаттары;
— көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын объективті түрде бағалауды қамтамасыз ететін тұрақты кері байланыс жүйесін орнату.
Мемлекеттік қызметтердің тұтынушыларын хабардар ету қағидасы. Бұқаралық ақпарат құралдарын, компьютерлік желілерді және т.б. қоса, әр түрлі хабар көздерін пайдалана отырып, мемлекеттік қызметтердің тұтынушыларын хабармен тұрақты қамтамасыз ету жүйесін орнату және қолдану.
Орындаушының мүдделілігі қағидасы. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру барысында, орындаушының мемлекеттік қызметтің тиісті түрін сапалы және уақтылы көрсетуге мүдделі болуын талап етеді.
Стандарттардың жүйелілігі және ұтымдылығы қағидасы. Әрбір жаңадан шығарылып жатқан стандарт тұтынушы үшін қарапайым және түсінікті болуы тиіс және кызметтерді жабдықтаушылар мен тұтынушылардың қарым-қатынастарын реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерге қайшылығы жоқтығы тексерілуі тиіс. Мемлекеттік қызметтерді тұтынушыларға қойылатын талаптар мен шарттардың санын азайтуға ұмтылу қажет.
Ғылыми ізденістерді және инновацияларды пайдалану қағидасы. Мемлекеттік қызметтерді тұтынушылардың қажеттіліктерін зерттеу жұмыстарын өткізуді, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің әлемдік тәжірибесін және практикасын талқылауды және мемлекеттік қызметтерді көрсету процестеріне инновациялық шешімдер енгізуді талап етеді.
Жауапкершілік қағидасы. Мемлекеттік қызметтердің сапасының белгіленген деңгейін қамтамасыз ету үшін лауазымды тұлғалардың жеткілікті жауапкершілігінің болуын талап етеді.
Екі жақтама бақылау қағидасы. Мемлекеттік қызметтерді жабдықтаушылардың жұмысына тиімді және ұтымды ішкі және сыртқы бақылау жүйесінің орнатылуын талап етеді.
«Бір терезе» қағидасы. Мемлекеттік қызметтерді алу үшін, тұтынушының бір орындаушыға баруын талап етеді. Бұл талаптың орындалуы үшін мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы бір бірімен байланысты органдар қызмет көрсету уақытын азайту мақсатында өздерінің әрекеттерін барынша үйлестіруі керек.
Мемлекеттік қызметтердің негізгі жіктеуі Өнімдердің экономикалық әрекет түрлері бойынша жіктеуінің «Мемлекеттік басқару және қоғамдық әлеуметтік-экономикалық саясат саласындағы қызметтер» тобында көрсетілген.
Осыған қоса, мемлекеттік қызметтер мынадай белгілер бойынша жіктеледі:
— қызмет жабдықтаушының ұйымдық-құқықтық статусы бойынша;
— қызмет тұтынушының ұйымдық-құқықтық статусы бойынша;
— қызмет көрсету формасы бойынша;
Қызмет жабдықтаушының ұйымдық-құқықтық статусы бойынша, мынадай топтарға ажыратуға болады:
— қызметтерді тұтынушыларға тікелей көрсететін мемлекеттік органдар;
— мемлекеттік орган болып табылмайтын және жұмысы мемлекеттік бюджет тарапынан қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер тарапынан көрсетілетін қызметтер;
— мемлекеттік тапсырыстарға тендерді жеңіп алған мемлекеттік және жеке ұйымдар тарапынан көрсетілетін қызметтер.
Қызмет тұтынушылардың ұйымдық-құқықтық статусы бойынша, мынадай топтарға ажыратуға болады:
— жеке тұлғаларға көрсетілетін қызмет;
— заңды тұлғаларға көрсетілетін қызмет.
Қызмет көрсету пішіні бойынша, мынадай топтарға ажыратуға болады:
— қағаз үстінде;
— ақпараттық-коммуникациялық байланыс арқылы;
— электрондық байланыс арқылы;
— тікелей кездесу кезінде ауызша түрде.
Нақты практикалық міндеттерді шешу қажеттілігіне байланысты әр түрлі топтарға көрсетілетін қызметтердің осы жіктеуіне толықтырулар мен өзгертулер енгізілуі мүмкін.
Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділік және сапа көрсеткіштері мемлекеттік қызметтерді жабдықтаушылардың және жеке лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерін бағалау және бақылау үшін анықталады. Барлық қызметтер үшін жалпы көрсеткіштер болып орындаудың уақтылығы мен дәлдігі, қолжетімділігі, жұмсалған қаржы және негізделген шағымдардың барлығы болып табылады. Қолжетімділік және сапа көрсеткіштерінің құрамы екі негізгі топқа бөлінеді: сандық және сапалық.
Мемлекеттік қызметтерді жабдықтаушылардың іс-әрекеттерін объективті түрде бағалауға мүмкіндік беретін және өлшенетін көрсеткіштермен сипатталатын қолжетімділіктің сандық көрсеткіштер тобына мыналар кіреді:
— қызметті алу үшін күту уақыты;
— мекеменің жұмыс уақыты;
— қызметтерді көрсететін мекеменің орналасқан жері;
— қызметтерді алу үшін керекті құжаттар;
— қызметтің соңғы нәтижесінің бағасы (ақылы қызметтер үшін);
— қызмет тұтынушыларының кейбір топтары үшін жеңілдіктер.
Көрсетіліп жатқан қызметтердің қолжетімділігінің сапалық көрсеткіштер қатарына мыналар кіреді:
— қызметті алу үшін қойылған шарттардың қиындық дәрежесі;
— көрсетіліп жатқан қызметтер туралы мәліметтің дәлдігі (шындығы);
— қызмет алудың әр түрлі арналары;
— мәлімет және нұсқау құжаттарының баяндалуының қарапайымдылығы және айқындылығы.
Көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасының сандық көрсеткіштер тобына мыналар кіреді:
— қызмет көрсетуді мерзімінде бітіру;
— негізделген шағымдардың саны.
Мемлекеттік қызмет көрсеткіштерінің құрамы және олардың нақты мағыналары қызметтің сипатына және мемлекеттік қызметтерді жабдықтаушының мүмкіншіліктеріне байланысты анықталады.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында стандарттау объектісінің ерекшеліктеріне байланысты мемлекеттік стандарттардың мынадай түрлері шығарылады:
— мемлекеттік қызмет стандарттарын шығарудың және енгізудің жалпы тәртібін реттейтін жалпы ұйымдық-әдістемелік ережелерді, терминологияны, қағидаларды, талаптарды, ережелерді белгілейтін негізгі стандарттар;
— қызметтің нақты түріне немесе тобына талаптар қоятын мемлекеттік қызмет стандарттары. Біркелкі қызмет топтарына қойылатын талаптарға және шарттарға стандарттар шығару мүмкін. Мысалы, қызмет көрсетудің классификациясына, түрлеріне және әдістеріне;
— Қызмет көрсетудің әр түрлі кезеңдерінде орындалатын нақты жұмыс түрлеріне қойылатын талаптарды белгілейтін процесс стандарттары. Процесс стандарттары әр түрлі мемлекеттік стандарттарды, олардың өмірлік циклдарының (жобалау, базарлау, орындау, қызмет көрсету, хабардар ету) барлық кезеңдерінде көрсету технолгиясына (әдістер, жолдар, тәсілдер, нормалар) қойылатын талаптарды реттейді;
— терминологиялық стандарттар. Мемлекеттік қызмет көрсетумен байланысты кейбір жұмыс салаларында қолданылатын әр түрлі терминдердің анықтамаларын және құрылымын қамтиды.
Мемлекеттік қызметтерді жабдықтаушылары мынадай басқару функцияларын орындауы керек:
— мемлекеттік қызметтердің көрсетілу процесін есепке алу;
— тұтынушылармен тікелей жұмыс істейтін лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тұрақты бақылау жургізу;
— көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын және қолжетімділігін арттыруға бағытталған шараларды жоспарлау және қаржылай негіздеу;
— Мемлекеттік қызмет көрсету саласында көрсетілген нақты нәтижелер мен мекеменің қызметкерлерінің нақты іс-әрекеттері арасында өз-ара байланысты қамтамасыз ететін ынталандыру жүйесін шығару және енгізу.
Тағы рефераттар
- Әлеуметтанудың атқаратын қызметi
- 1917 жылғы саяси өзгерістер тұсындағы қазақ-қырғыз байланыстары
- Органикалық қосылыстар
- Озон қабатын күзетудің халықаралық күні
- Баланың топтағы қарым — қатынастарын бағалаудың талдамасы