Мезолитте (б.э.б. Х-VІI мыңжылдықтар) мұз кезеңі аяқталып, ұлан-ғайыр территорияларда қазіргі ландшафт пен климат қалыптасты. Ауа райының күрт жылынуына байланысты мұздар шұғыл еріп, мұның өзі топан тасқыны сынды алапатқа әкеліп соқтырған болуы керек. Топан тасқынын куәландыратын деректер мен болжамдар жетіп артылады. Топан тасқынының нәтижесінде адамдар зардап шегіп, біразы қырылып кетті. Зерттеулерде радио-углерод анализ тәсілін көп қолданған американ ғалымы, Нобель сыйлығының лауреаты У.Ф.Либби: «Біздің дәуірімізге дейінгі 10400 жылдары Америка құрылығында адам ізі кенеттен жоғалып кеткен. Деректер осы кезде адамзат қоғамының дамуында бір үзіліс пайда болғанын айғақтайды»[1] дей келіп, бұл кезде адамзаттың даму процесін тоқтатқандай мұз қыспағы болмағанына мән береді. Сондай-ақ, ғалымдар Курдистандағы Шандер үңгірін адам қауымының 100000 жыл бойы үзбей мекендегенін, бірақ ондағы тіршілік б.з.д. 10000 жылдары кенеттен тоқтап қалғанын тілге тиек етуде.

Бұл ретте «Тауратта» жазылған жәйттер көңіл аударарлықтай деп білеміз. Онда алғашқы адамдар – Адам Ата мен Мама Хауаның пайда болуынан бастап олардың топан су басталғанға дейінгі кезеңдегі ұрпақтары санамалап көрсе-тілген. Адам Атадан Нұхқа дейін, мен оны есептеп шықтым, жалғасқан ұрпақтардың уақыты 7500 жыл екен. Ендеше топан су б.з.д 10400 немесе 10500 жылдары басталған болса, оған бірінші адамға дейін созылған жылдарды қосып, кері қарай шегере санасақ алғашқы саналы адам б.з.д. 20-18 мыңыншы жылдары пайда болған деп жорамалдауға болады. Алғашқы саналы адамның пайда болуы, бәлкім Окладниковтың Буретте тапқан ескерткіштерінің жасымен тұспа-тұс келетін шығар?

Жалпы алғанда, Топан тасқыны жөнінде Құрани Кәрімде айтылған. «Худ» сүресінен Нұх кемесінің тоқтаған жері «Джуди тауы» екендігін аңғаруға болады[2]. Бұл тау Шырнақ деген жердің оңтүстігінде. Оның оңтүстігінде, яғни Солтүстік Месопотамияда аталған Топан тасқыны болған. Бұл жерде осынау тасқынды айғақтайтын тік жартастармен қоршалған «Джизре» атаулы бір жазық бар. Нұхтың атымен аталған ауылдар, қоныстар бар. Осынау құбылысты еске түсіретін әпсаналар бүгінгі күнде де жергілікті халықтың жадында жақсы сақталған. Жұрт сол замандардан бері белгілі болған деп есептелінетін әпсанауи дәстүрлерді ұстануда.

Әпсаналарға қарағанда Нұх кемесінен түскеннен кейін осы таудың етегінде бір мешіт пен мал соятын ғимарат салдырып, құрбандық берген. Кемеде Нұх әулетінен басқа 40 еркек және 40 әйел болған. Сондай-ақ, кеме тоқтаған жерде «Семанин» атты ауыл болған. Бұл атаумен қазіргі уақытта бір ауыл аталады. Бір мешіттің ғимараты көрінеді, бірақ оның қашан салынғандығы белгісіз. Бәлкім, бұл әпсанада айтылғандай, Нұх салдырған мешіт шығар?[3]

Бұл жерде Нұх пайғамбар кемесінің тоқтаған жері Тауратта да тілге алынғандығын, ол жер «Ағры» (яғни «Арарат») деп жазылғандығын еске сала кетпекшіміз[4]. Түркиялық геолог Момын Көксойдың жазғанындай, ассириялықтардың тілінде «Урарту» – тау, ибраниліктер тілінде «Арарат» – тау, арабтар-да «Джуди» де – тау деген мағынада қолданылғандығын ескерсек, Нұхтың кемесі тоқтаған «Ағрыны» («Тауратта» айтылған) тау немесе жоғарыдағы «ел» деп түсінудің қисыны бар сияқты. Олай болса, оны Арарат тауы деп түсіндіретін армян авторларының пайымдауларын қабылдау қиынға соғады[5].

Топан тасқынының себептері туралы болжамдар бар. Солардың бірі оны Аймен байланыстырады. Б.з.д. V ғасырдың математигі және астрономы, әйгілі философ Анаксагор Жер орбитасында Айдың кейін пайда болғанын хабарлайды. Топан тасқынына Айдың тікелей әсері болғанын неміс ғалымы Герстенкорн, швед астрономы Хеннес Альвен, америка астро-номы Г.Юри (Наука и человечество, 1964. «О происхождении Земли и Луны») өз еңбектерінде сеніммен атады. Г.Юри өз пікірін былай тұжырады: «Ай – ғарыштық зілзаланың әсерінен Жер серігіне айналған планета. Аса ірі ғарыш денесі жанынан өткенде, ол өз орбитасынан шығып кетіп, аспан кеңістігінде маңып жүргенде, Жер өзіне «тартып» алған».

Айдың Жер орбитасына енуі Жерді осінен тайдырмағанмен, қатты қозғап жіберген. Осының салдарынан теңіздер құрлықтарды басып қалған. Профессор Хартманн басқашалау пікірді алға тартады: «Марстың көлеміндей аспандық алып дене жерге келіп соқтығысқан, нәтижесінде жердің бір бөлігі ажырап кетіп, оның орнында Тынық мұхиты пайда болған. Ай деп жүргеніміз жердің осы бөлігі. Осы себептерге байланысты Жапония бұдан 12000 жыл бұрын құрлықтан ажырап кеткен болуы керек».

Голоцен кезеңінде климат күрт өзгеріп, жер бетінде жаңа экологиялық жағдайлар қалыптаса бастады. Күннің қызуының күрт көтеріліп кетуіне байланысты жер бетінде сіресіп жатқан тоң, таулардың басы мен аңғарларын басқан мұз еріп, жер бетін тасқын су қаптады. Содан «мамонт тәріздес» жануарлар түгелімен қырылып, жойылып кетті. Көп ұзамай жұмыр жер бетінің барлық аумағында дерлік жаңа өркениет өскіндері шыға бастады. Жоғарыда айтқан бұл «апатты» құбылыстың сырын профессор Э.П.Изох (1997) деректердің негізінде біздің дәуірімізден 10000 жыл бұрын Жердің кометамен соқтығы-суының салдарынан болды деп түсіндіреді.

Айдың қалайша пайда болғаны жөніндегі болжамды былай қоя тұрып Түркістан тұрғындарының топан тасқынынан кейінгі мезолит кезеңдеріндегі тыныс-тіршілігін сипаттауды жалғастыра түсеміз. Бұл кезендерде аң аулаудың жекеше тәсілдеріне көшу басталып, жебелі садақ, бумеранг және гарпун сияқты жетілген құралдар дүниеге келді. Бумеранг – 100 м қашықтыққа дейін ұшатын ағаштан жасалған орақ тәріздес қару. Гарпун – ұзын жіпке байланған найза сияқты қару. Еңбек құралдарын жасау техникасында өзгерістер байқалды: микролиттік индустрияның элементтері және ағаштың ұшына сүйір де үшкір тас немесе сүйек орнатылған құралдар пайда болады. Мезолит тұрағын қазған кезде биіктігі адам бойындай, ал жебесінің ұзындығы 1 метрге жететін садақтар табылды.

Мезолит адамдары негізінен аңшылар мен терімшілер болып қала берді. Бір жерде отырып бүкіл қауымды асырау қиын болғандықтан, адамдар жайылым іздеген жануарлардың артынан көшіп жүруге мәжбүр болды.

Шөпқоректі ірі аңдар өліп бітті, басқа жануарлардың көбісі құрып кетті. Сондықтан да жазда аңшылықпен айналысатын адамдар уақытша тұрақтарды мекендеп, қыстың күні жылырақ жаққа көшіп кетіп отырды. Кейінірек көшпелі өмір отырықшылыққа ауысты. Осы кезеңде адамдардың Азияның Қиыр Солтүстігіне дейін барып қоныстануы үдей түсті.

Қазақстан мезолиті ескерткіштерінен табылған материал-дық қалдықтар кешенінің Оңтүстік Орал, Батыс Сібір, Шығыс Каспий маңы өңірі ескерткіштерінен елеулі айырмашы-лықтары жоқ. Жебелердің ұштарындағы болмашы ғана айырмашылықтарды атап өтуге болады.

Мезолит пен ерте неолит ескерткіштері Самарқант қала-сының аршылған тұрақтарынан, Байсун ауданындағы Мачай үңгірінен, Шерабаттағы жартастарға салынған суреттерден мәлім. Құралдар бұрынғысындай тастарды жарып бөлшектеу арқылы емес, оларға екі жағынан қысым түсіру (отжимная тех-ника) жолымен жасалынған. Жебелі садақ қолданылған, оның ұшына пышақ тәріздес пластинкалар орнатылған. Кескіштер, қырғыштар, қашау тәріздес құралдар пайда болды. Бұлардың жәрдемімен мүйіз бен сүйектерді өндеуге болатын еді. Жебелі садақтың маңызы өз кезеңінде өркениетті елдерде қолданыл-ған мылтық сияқты құралдан еш кем болмаған. Сүйектерден біз, ине жасалынған. Жануарлардың терісінен киім тіккен. Балық аулауға қажетті құралдар – қармақтар жасалынған.

Өзбекстанның оңтүстігінде тау ешкісі, ал Самарқант аймағында жабайы жылқы ауланған. Жер үйлер де кездеседі.

Сурхандария облысының Шерабад ауданындағы Зарауыт-сай тау шатқалының екі жағында, сондай-ақ Зарауыт-Қамар үңгірінің қабырғаларына салынған суреттер назар аударар-лықтай. Онда адам тұлғасы бейнеленген. Біреуі қоңырау тәріздес кең шапан киген, екіншісінің шапаны жоқ, тек денесі мен басы бейнеленген. Қолында садағы бар, артқы жағынан кұйрығы көрінеді. Жүгіріп бара жатқан үш иттің сұлбасы салынған. Мұндай суреттер ТМД елдерінің ішінен тек Орал мен Қырым шатқалдарының жартастарында ғана кездеседі. Жалпы алғанда неолиттік ескерткіштер Қызылқұмның орталық бөлігінен, Түркістанның, яғни Қарақұмның солтүстік бөлігінен, Қаратау жоталары және басқа шөлейтті аймақтардан көптеп табылған.

Неолит дәуірінде түрлі территорияларда біркелкі даму болмаған. Түркістан жерлерінде (неолит б.з.д.VIII мыңжылдық пен б.з.д. IV мыңжылдықты қамтып, тіпті ол кейбір аймақ-тарда б.з.д. VI-б.з.д. II мыңжылдықтарда аяқталған) тасты қыру, аралап кесу, ұнтақтау сияқты тасты өңдеу техникасы жетілдірілді. Шикізат ретінде сүйек және нефрит пайдала-нылды. Балта пайда болды. Қайық, шаңғы, аң аулау мен балық ұстауға қажетті құралдарды жасауға мүмкіндік туды.

Азық-түлік өндіруге, жейтін өсімдіктерді өсіруге, жануарларды қолға үйрету мен өсіруге көшу адамзат тарихында адамның отты пайдалану өнерін меңгергеннен кейінгі ұлы экономикалық революция еді. Ендігі жерде адамдар еңбегі табиғаттан мол өнім алуға пайдаланылып, өздерін тамақ қорымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етті. Оларға тек күш жұмсау ғана қалды[6].

Ғылымда бұл құбылыс «неолит төңкерісі» деп аталды. Оны Европадағы өнеркәсіптік революциямен салыстыруға болады. Бірақ ол 100 жыл емес, жүздеген жылдардың жемісі болып, үлкен нәтижелермен аяқталды да өзімен бірге таптық қоғамды ала келді.

Өндірістің аңшылық пен терімшілік әдістерінің егіншілік және мал шаруашылығымен ауысуы Таяу Шығыста б.з.д. 9500 жылдары басталып, б.з.д. 6500 жылдары аяқталған, яғни бұл процесс аталмыш жерлерде 3000 жылға созылған, ал біздің аймақта б.з.д. 6000 жылдан б.з.д. 4000 жыл аралығын қамтыды (2000 жыл). Неолитте Таяу Шығыста дәнді дақылдардың бар-лық түрлері, жеміс-жидектің көп бөлігі өсірілді, үй жануарла-рының дерлік негізгі түрлері қолға үйретілді. Біздің далала-рымызда жылқы малын қолға үйрету энеолитте қолға алынды. Мұны «Неолиттік төңкерістің» тәмәмдалуы деп атауға болады. Дегенмен неолитте қауымдық қоғам сақталынып қалды.

Неолит дәуірінде өндіруші шаруашылықтың түрлері әлі дендеп таралмағандықтан, ру тайпалар аз күш жұмсап тіршілігін жалғастырған. Бірыңғай географиялық зоналарда ұқсас материалдық мәдениеттердің қалыптасатыны белгілі. Қазақстанда да біртекті неолиттік мәдениеттердің таралуы жағынан көп жерлерді қамтығанын көреміз. Мұнда барлығы төрт археологиялық мәдениет болған: атбасар, маханжар, келтеминар және ойықты. Солтүстік және Орталық Қазақстан аралығына таралған атбасар мәдениеті жергілікті мезолиттік тайпалардың (б.з.д.VII мыңжылдықтың ақыры және б.з.д. VI мыңжылдықтың басына дейін) материалдық мәдениетінің негізінде қалыптасты. Әрине, бұған Арал немесе Каспий өңірлерінен келіп қосылған жаңалықтардың айтарлықтай екені айқын (яғни Келтеминар мен Ойықты мәдениеттерінің қоспасы). Ал бұлардың бірсыпырасында Хорезм мәдениетінің іздері сайрап жатыр.

Зарафшан мен Қашқадария өзендерінің Науаи қаласына дейінгі салаларының маңайында б.з.д. VI-V мыңжылдықтарға жататын алғашқы қауымдық егіншілер мен малшылардың тұрақтары болған. Олардың мәдениеті өндіруші шаруашылық, шикізаттық товар айналымы (кремень) және алғашқы қауымдық тайпалардың топтаса түсуімен ерекшеленеді, ал олар Замичатадан табылған бас сүйегіне қарағанда, нәсілдік жағынан, жерортатеңіздік тип өкілдерінің архаикалық вариантына жатады[7].

Жәдігерліктер Солтүстік Қазақстанда б.з.д. III мыңжылдықта өндіруші шаруашылық элементтерінің байқала бастағанын көрсетеді.

Өлгендерді өртеп жерлеу рәсімі болған (Виноградовка XIV). Ал қола дәуірінде өмір сүрген андроновтықтарда да осынау дәстүрдің болғандығын көрсететін археологиялық ескерткіштер көптеп табылды[8].

Орталық Азия неолиті Жайтун мәдениеті (б.з.д. VI мыңжылдық) мысалында жақсы-ақ көрінеді. Бұл өндіруші шаруашылықтың нақ өзі. Осынау мәдениет Қазақстанға Шығыс Каспий арқылы таралған. Оның материалдарын проф. В.М. Массон өз еңбектерінде кеңінен талдаған-тын[9].

Қараүңгірдің неолиттік тұрағы (Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданының Қараүңгір ауылының маңайында) және Атырау облысынан табылған неолиттік тұрақтар, Жыланқабақ-Қойқара орындарының шақпақ тас саймандары Өзбекстанның егіншілік неолитімен ұштасып жатыр. Бұлардың біріншісінің жас шамасы – б.з.б. 5000 жыл, екіншісінің жасы – б.з.д. 4000 жыл[10].

Энциклопедиялық анықтамаларда энеолит, әдетте неолитпен қола ғасырының арасындағы өтпелі кезең ретінде көрсетіледі. Немесе неолит дәуірінің ақырын сипаттайтын кезең деп те қарастырылады. Сондай-ақ, ол мыс және тас құралдары қатар қолданылған (тас құралдары үстемдік жағдайда болған) мысты-тас ғасыры ретінде де анықталады. Сондықтан біз б.з.д. IV мыңжылдықтың ақыры мен б.з.д. III мыңжылдықтың ескерткіштерін бөле-жара қарамай, оларға тұтастық сипатын берген жөн деп білеміз және де Қазақстан, Орта Азия, Сібір, Алтай өңірлерін бірін-бірінен оқшауламай, біртұтас географиялық ойкумен ретінде алып қарастырамыз, бұл жерлердегі қауымдар мен мәдениеттердің өзара әсерлесуі мен жақындығын алға тарта сөз етеміз. Себебі, бұлардың бәрінен тұнып тұрған ұқсастық пен біртұтастықты көруге болады.

Мысалы, неолит дәуірінің өзінде-ақ алтайлықтардың Хорезм және Орта Азияның басқа жерлерімен тығыз да, тұрақты қатынастарды орнатқанына көз жеткізуге болады. Б.з.д III мыңжылдықта бұл қатынастар одан әрі кеңейтіле және жандандырыла түсті. Сондай-ақ, әсіресе Оңтүстік Сібіриямен анағұрлым тығыз байланыстарды қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Оңтүстік Русьпен болған қатынастар жөнінде де осыны айтуға болады. Б.з.д III мыңжылдықтағы Алтайлық мәдениетті археологтар шартты түрде Афанасьев мәдениеті деп те атайды. Осынау мәдениет ескерткіштері Абакан мен Енисей өлкелеріне қарағанда ғалымдар тарапынан аздау табылып, танылды. Сонымен қатар осынау өлкелер тұрғындарымен салыстырғанда алтайлықтардың аңшылык және жауынгерлік қабілеті әлдеқайда жоғары деңгейде болғаны белгілі. Бұл кезде жылқы, сиыр, тіпті түйе бағуға көше бастаған-тын[11].

Б.з.д III мыңжылдықтың негізгі ескерткіштерінің табылған жерлері – Алтайдағы Курот және Куюм қорғандары. Курот қорғаны Алтай тауларындағы Курот бұлағының Урсул өзеніне құяр жерінде орналасқан[12]. Куроттан табылған сүйір табанды керамикалық ыдыстар бір жағынан Афанасьев мәдениетіне ұқсаса, екінші жағынан жайпақ табанды ыдыстар кейінгі кезеңдерде бой көтерген Андронов мәдениетін еске салады[13]. Мазардан табылған бір бүркіттің аяғы дін тарихы тұрғысынан қарағанда сакралдық маңызға ие болғанға ұқсайды. Алтайлықтарда бүркіт ежелден бері қасиетті құс ретінде қастерленіп келген. Мәйіттер шалқасынан жатқызылып, қолдары төсіне айқастыра қойылып жерленген. Бұл зираттардың кейбірулерінен бір-бірден, ал басқаларынан 5 мүрде шыққан. Олардан табылған бұйымдар негізінен тастан және мүйізден жасалынған. Олардың ішінен мүйізден жасалынған сырғалар да кездеседі. Мәйіттердің бастары шығысқа немесе солтүстік-шығысқа қаратылып қойылған. Жануарлардың сүйектері өте аз кездеседі. Бірақ Тибет пен Азияның басқа жерлерін мекендеген жүндес өгіздің аяқ сүйегі табылды, мұның да діни бір мағынаға ие болғандығы ықтималдан ұзақ емес[14].

Осынау қорғандардағы балалар мәйттерінің бәрі ата-аналарымен бірге көмілген. Тек бір баланың ғана жалғыз өзі жерленгені анықталды. Мәйіттердің ішінен біреуі ғана етпетінен, басқалары шалқасынан жатқызылып көмілген. Төрт моладағы сүйектер мен топырақта қызыл бояудың іздері көрінеді. Қабірге өлген адамның денесімен бірге жұмыртқа тәріздес тоғыз ыдыс қойылған. Одан қойдың сүйектері және сүйектен жасалынған бір пышақ сабы, бір біз бен бір мыс пышақ табылды. Мыс пышақтың Енисей ескерткіштеріне жақындығы шамалы.

Бұл кезеңге жататын ескерткіштердің ішінен Алтайдағы Куюм қорғанынан (Катун дариясының жағалауларындағы) және Сібілден табылған ыдыстардың көлемі мен табаны да ұқсастау келеді. Балық түріндегі өрнектер бір жағынан Қытай ыдыстарындағы мотивтерді еске түсіргендей, екінші жағынан Қазақстан (Формозов А.А.)[15] мен Хорезмдегі Кельтеминар ыдыстарына ұқсап кетеді (Толстов С.П.). Осы тәріздес ескерткіштер Барнаул мен Алтайдағы Чудатская тауында кездеседі. Олардың жасы Куюмге қарағанда көнерек. Қабірден табылған, мүйізден істелінген бір ілгіш Байқал көлінің жағалауларындағы Китой мәдениетін еске түсіреді[16].

Бұлардан басқа мүйізден жасалынған бір шанышқы найза мен 20 шақты шақпақ тас табылған[17]. Жан-жағы ретушь-тендіріле қырланған пышақ тәріздес бір пластинка Куюм[18] және Кельтеминар[19] мәдениеттерінің бұйымдарына көбірек ұқсап кетеді. Саздан жасалынған ыдыстар мен мүрделердің ұзыннан жатқызыла көмілуі бұл жерде ең көне кездегі жерлеу рәсімінің сақталғандығынан ресми дерек береді[20]. Чудатская мен Афанасьев қорғандарынан табылған склеттерге қызыл бояу себілген. Оларға жасалған Чудатская мен Афанасьев антропологиялық анализ Афанасьев дәуірінде Алтай таулары мен Абақан далаларындағы сияқты Чудатская зираттарында көмілген мүрделердің ақ нәсілдес қауымға жатқандығын көрсетті[21]. Алтайдағы және басқа жерлердегі неолиттік мәдениеттер сияқты Новосибирск мен Барнаул арасындағы Обь өзенінің жағалауынан табылған ескерткіштер Афанасьев заманының алдыңғы кезеңіне тиесілі деп белгіленді[22].

Бұл кезге қатысы бар ескерткіштер Минусинск маңындағы: 1. Афанасьев төңірегіндегі Батенейден; 2. Сыда, Тес және Копен төңірегіндегі қабірлерден; 3. Қызыл-Яр аймағынан табылды. Проф. Киселевтің ұсынысы бойынша, бұл жәдігерліктер «Афанасьев мәдениеті» деп аталды[23]. Ол б.з.д. 2500 бен 1700 жылдар арасында бой көтерген.

Батеней аймағындағы 80 қабірден табылған ескерткіштер негізінен Афанасьев мәдениетін құрайды. Ежелгі адамдар өліктің тұтас денесіне қызыл бояу себетін болған. Ол қабірлерді қазып зерттегенде топырақ пен сүйектерден байқалады. Қабір үстіне тас немесе топырақ үйетін болған.

Қой, жылқы және басқа жануарлардың сүйектерінің табылуы Афанасьев мәдениеті иегерлерінің аңшылықпен бірге мал шаруашылығымен де айналысқанын көрсетеді. Жылқы малы бұрынғы кезеңдерде пайдаланылған бұғы функциясын атқаратын болған. Бірақ алтайлықтарда бұғышылықтың іздері байқалмайды[24].

Афанасьев мәдениетіне тиесілі ыдыстар солтүстіктегі Тайга ескерткіштеріне мүлдем ұқсамайды[25]. Сонымен бірге оның оңтүстік аймақтағы осы қуатты мәдениеттің әсеріне ұшырағандығын айтпай кетпеуге болмайды[26]. Бұл әсерлесу өлкеге іргелес жатқан Алтайдан бастау алған болуы керек.

Афанасьевтік қабірлердің жанынан шақпақ тастан жасалынған оқ ұштары, сүйек инелер мен мыс біздер, пышақтар, мыс сымдармен қапталған ыдыстар және мыспен безендірілген бұйымдар, ал мазарлардан аса үлкен жабайы сиырлардың сүйектері табылды. Бұл жануарлардың шыққан жері – Тибет.

Байқал көлінің жағалаулары мен Солтүстік тайганың мезо-литтік мәдениеттері Серово ескерткіштерімен бедерлендіріл-ген. Ал бұлардың неолиттік ерекшеліктері Исаково ескерткіштерінде өз көрінісін тапқан[27]. Сондай-ақ, Афанасьев дәуіріне тән мәдениет тараған жерлердің ішінен Байқал көлінің батысындағы Китой мен Иркутск қаласының маңайындағы Глазково ескерткіштерін атап көрсетуге болады[28]. Әсіресе, оңтүстіктегі Селенга аймағында және солтүстіктегі Ангараның ұлан-байтақ тайгаларында да бұл мәдениеттің іздері анық көрінеді. Қытайдан Глазковоға әкелінген Ешим тастарының табылуы оның б.з.д. II мыңжылдықта бір орталық болғандығын көрсетеді[29].

Темір өндіру мен өңдеу ісі далалық аймақтарда б.з.д. II және I мыңжылдықтардың шебінде, ал егіншілік шаруашылығы анағұрлым дамыған аудандарда б.з.д. II мыңжылдықтың өзінде-ақ қолға алынған болатын. Мұны растайтын фактілер жетерлік. Түркістанның оңтүстік аймақтарында б.з.д. III мыңжылдық пен б.з.д. I мыңжылдықтың аралығында малшылар қауымы басқа топтардан ажыралып шыққан еді. Бұл қоғамдық еңбектің алғашқы бөлінісі. Бұл кезде мал шаруашылығының дамуына байланысты еркектердің коғамдағы ролі арта түсті. Сонымен қатар әйелдер еңбегінің ауқымы да кеңейе түскен. Олардың тамақ жасау, балаларды тәрбиелеу сияқты жұмыстарына жаңа міндеттер қосылды. Олар жер жыртты, егін екті, астық жинап, оны қамбаға тасыды. Жүннен, жануарлар терісінен, өсімдік талшықтарынан киім тоқып, тікті. Сонымен қатар олар балшықтан дән, сүт, су сақталатын үлкен ыдыстар жасады. Ана – отбасының ұйытқысы, бүкіл салт-дәстүрдің сақтаушысы болды. Бірақ уақыт өтісімен әйелдердің қоғамдағы жетекші орын иеленуі біртіндеп төмендей берді. Сондай-ақ, бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі – мемлекеттік органдардың пайда бола бастағандығы.

Түркістанның оңтүстік аудандарынан ұзындығы 12-18 сантиметрлік төрт қырлы немесе жапырақ тәріздес тас құралдары мен домалақтау етіп жасалған кола біз (12 см) табылды.

Ал Шыршық өзенінің жағалауынан бір балта мен орақты археологтар олжалады. Тасқа қысым түсіру арқылы одан екі жағының жұқа да өткір қырлары бар қалақшалар алынды. Оларды балта мен соқа ретінде пайдаланған. Балшықты күйдіріп, ыдыстар дайындаған. Олардың үстіңгі жағы қызыл түстес, мойны кең, корпусы шығыңқы, банка тәріздес; ыдыстың жоғарғы жағынан мойнына дейінгі аралықта оның бойын айналдыра параллельді және толқынды сызықтар тартылып, тісті штамп пен нүктелі тесіктер түсіру арқылы орнамент жасалынған. Жасалу техникасы жағынан ыдыстар Оңтүстік Еділ өңіріндегі Хвалын мәдениетінің ескерткіштерін еске түсіреді.

Жоғарыда сөз етіп отырған ескерткіштердің Батыс Сібір мәдениетімен ұқсастығы таңғаларлық. Бұл жәйтті аталмыш кезеңдерде этногенетикалық процестердің көзге көрінетін дәреже мен кең көлемде өрістегенімен түсіндіруге болар еді. Бұл ата-бабаларының кім екендігін білгісі келген әр қандай адамның назарын өзіне аудартатын аса маңызды да қомақты тарихи мәселе.

Бірдей табиғи жағдайларда өмір сүрген адамдардың тіршілік үшін қажетті заттар мен азық-түлікті табу жолдары да біртекті болып келеді (мысалы, аң аулау мен терімшілік). Жоғарыда біз б.з.д. III-II мыңжылдықтарда шаруашылықтың түр-түрлерінің пайда болғандығын тілге тиек еткен едік. Солардың ішінен метал өңдеу, саз балшықтан ыдыс жасау кәсібін және тоқымашылық сияқты шаруашылықтың қосымша түрлерінің пайда болғандығын атап өтуге болады.

Қауымның мәдениетіндегі өзгерістер халықтың антрополо-гиялық, лингвистикалық ерекшеліктері мен материалдық заттарында көрінісін тапқан. Мысалы, афанасьев және ямдық мәдениеттер Минусинскі өлкесінен Днепрге дейінгі аралықта, ал Триполия деп аталған мәдениет Днепр мен Дунай аралықтарында тараған. Бірақ шаруашылықтың даму деңгейі мен сипаты, құралдарды өңдеу техникасы әрбір өңірдің өз ерекшеліктеріне байланысты жергілікті, аймақтық, ру-тайпалық сипат алып отырған.

Неолит дәуірінің соңғы кезеңдерінде, сондай-ақ б.з.д. II мыңжылдықта Орталық Азияның далалық аймақтарында негізінен аң, балық аулау, терімшілік және бақташылық мал шаруашылығы кеңінен өрістеген. Ал жазықтық ойпатты жерлер мен тау баурайларында суармалы егіншілік шаруашылығы дами бастаған. Осыған сәйкес түрлі бұйымдар мен саз балшықтан жасалған ыдыстар дүниеге келді, адамның ойлау жүйесіндегі өзгерістер мен жерлеу рәсімдері қалып-тасты. Бұлардың алдыңғысы Өзбекстанның солтүстігінде, Қарақұмда, Қазақстан мен Қырғызстан далаларында жасаған адамдарға тән болса, кейінгі реттегі мәдениет түрлері Түркістанның оңтүстік өңірлерінде – Түрікменстан, Ферғана, Хорезм мен Ташкент аймақтарында көрінеді.

Неолитте Алтай мен Қазақстандағы тайпалар сияқты Орталық Азияның тұрғындары жебелі садақты пайдаланған, тастарды бұрғылап тесу техникасын меңгерген-тін. Бұл жөнінде Әмударияның батыс жағалауларынан, Қызылқұмның солтүстік батысынан, Қарақұмның солтүстігіндегі тұрақтар-дан, Сурхандарияның үңгірлі баспаналарынан, Ташкент, Самарқант, Ферғана облыстарынан табылған жәдігерліктер куәлік береді. Джанбас қала (№4) тұрағынан табылған құралдар тасқа қысым жасау арқылы жасалынған. Бұл құралдардың түрі мен көлемі кішігірім, олар әрі жұқалтаң келеді, шеті өткір қалақшаларға ұқсайды. Пышақтың өткір жүзі тәрізді қалақшалар ұшбұрышты, ромбы немесе трапеция пішіндес болып келеді. Олар ағаш пен сүйек құралдарының ұшына орналастырылған. Аталған бұйымдар б.з.б. ІV-III мыңжылдықтардың мүлкіне жатады (С.П.Толстов).

Айта кету керек, энеолит дәуіріндегі Соғдыны отырықшы-егіншілік мәдениет тараған жерлердің солтүстік шекарасы деп есептеуге болады, өйткені Ферғана мен Шаштың (Ташкенттің) солтүстік оазистерінің отырықшы-егіншілік мәдениеті қоладан темір ғасырына өту кезеңінде қалыптасқан.

Соңғы неолит пен энеолитте отырықшылық тұрмыс салтына сәйкес қыш ыдыстарды жасау қолға алынған. Олар күйдіріліп те жасалынатын болған. Әсіресе, шеңберсіз тәсілдер көп қолданылды. Дүниеге әкелінген осынау ыдыстардың түбі дөңгелек не тайпақ болып келеді. Құмыралардың қабырғалары жұқа, сопақ түрде болып, қызыл түске боялған. Сондай-ақ, оларға штрихты өрнектер (нәзік сызықшалар) түсірілген. Құрамында құмы бар топырақтан жасалынған ыдыстардың сырты дөңгелек шұқыр штамп пен тісті өрнектермен әдіптелген. Дайындау техникасы мен формасы жағынан олар Европаның далалық өңірлеріндегі, оңтүстік-шығыс аймақта-рындағы ямдық мәдениетке (ерте қола дәуірі) және Батыс Сібірдегі афанасьев керамикасына ұқсайды, түбі дөңгелек, сары түстес еленген майда топырақтан жасалынған ыдыстардан қызыл бояу іздері көрінеді. Бұлардың көпшілігі Анаудың төменгі қабатының ескерткіштерін еске түсіреді.

Хорезм, Арал маңы мен Оңтүстік Қазақстанның малшы қауымы мекендеген далалық зоналарынан, маусымды су көздеріне жақын жерлерден және шөлді аймақтарынан б.з.д. III-II мыңжылдықтарға жататын түбі жайпақ, жылтыр және қызыл түстес керамикалық ыдыстар табылды.

Бұл фактілер б.з.д. IV-III мыңжылдықтардағы Хорезм мәдениетінің Қазақстанның далалық аймақтарындағы және Европаның оңтүстік-шығысындағы, сондай-ақ Анаудағы мәдениеттермен байланысын көрсетеді.

Тамақ, фауна қалдықтары және тұрақтардың су көздеріне жақын болуы қазіргі шөлді аудандардың бір кездері мейлінше сулы да, ылғалды болғанын, шаруашылық укладтардың ерекшеліктерін, яғни балықшылық, аңшылық, терімшілік және отырықшы тұрмыс салттың болғандығын дәлелдей түседі. Жанбас қаласындағы тұрақтардан көрініп тұрғанындай, ежелгі адамдар жердің үстіне үйлер салған. Олар эллипс тәріздес немесе көпбұрышты болып ағаштан салынған, төбесі қамыс-пен жабылған екен. Үйдің орта тұсында ошақ орналастырған. Бұл – балықшы-аңшы қауымның тұрақтары еді. Онда, С. П.Толстовтың есебі бойынша 110-125 адам бірге тұрған.

Әмудария жағалауларындағы тұрақтарды (Төрткүл маңа-йы), оның ішінде Жанбас қаланың №4 және №5 қабаттарының материалдарын талдаған С.П.Толстов бұларға кельтеминар мәдениеті деген атау берген. Жалпы алғанда, кельтеминарлық мәдениет мерзімі б.з.б. IV мыңжылдықтың аяғы-II мыңжыл-дықтың басы деп белгіленеді және ол Қазақстан мен Орта Азияның едәуір аймағын қамтиды. Бұл мәдениетке тән тас ин-дустриясы көлемі орташа қалақшалар, сондай-ақ сындырылып алынған тастар түріндегі нұсқалармен сипатталады.

Жанбас қалада биіктігі 8-10 метрлік төбеде үлкен ғимарат тұрғызылған. Оның солтүстік шығысында арнайы салынған үйлерде ошақ сақтаулы тұр. Халық отырықшы тұрмыс кешірген. Ол тұрғындардың әлі сол кезде отар-отар қойлары, табын-табын сиырлары болмаған. Қазба жұмыстары жүргізілген жерден тасбақа мен басқа жануарлардың сүйектері табылған.

Кельтеминар мәдениетінің осынау қабатында жоғары деңгейде жасалынған нәзік бұйымдар әлі көрінбейді. Пышақтар мен жебе ұштары шақпақ тастардан жасалынған. Бұлардың арасынан микролиттерді де көруге болады. Кейбір оқ ұштары сүйектен жасалынған. Табаны сүйір керамикалық ыдыстар мен олардағы тарақ тәрізді өрнектер бұл мәдениеттің ерекшіліктерінің бірі болып табылады.

Солтүстік Қарақұм мен Унгуздағы тұрақтар да осынау мәдениеттің аясынан табылады. Аңшылық күшін сақтап қалған. Сонымен бірге үй ешкісінің сүйектері де кездеседі. Бұл – жануарлардың кейбір түрлері қолға үйретіле басталған кез деген сөз.

Өзбекстанның оңтүстігіндегі таулы аймақтардан жабайы және үй жануарларының сүйектері молынан табылды. Сүйектер, ағаштар және мүйіздерден егіншілік құралдары – соқа, орақ жасалынғандығы көрініп тұр. Ешкі мүйізі орақ ретінде пайдаланылған. Онымен өсімдіктерді түп-тамырымен қопара жұлып алып отырған. Үңгірлерде, мысалы, Ширабад қаласының маңындағы үңгірден шақпақ тастан жасалынған құралдар, жануарлар сүйектері, доғал жасалынған ыдыстар табылды. Бұл – таулы жерлерде бақташылық мал шаруашылығы, егіншілік пен тоқымашылық мәдениеті пайда бола бастаған деген сөз. Пышақ тәрізді қалақшалар, жебе, сондай-ақ тастарды қырып-жону, бұрғылап тесу әдістері Самарқант, Ташкент, Чуст аудандарында көп қолданылған.

Б.з.д. III мыңжылдықта Хорезм мен Қазақстан жерлерінде металл өндіру қолға алына бастаған. Металлургия дамуының 4 кезеңін ажыратып көрсетуге болады: 1.Мысты, тастың бір түріне балап, оны тас сияқты екі жағынан ұрып сындыру арқылы өңдеу техникасы.

Бұл металды қыздырмастан соғудың басталуы еді; 2. Адам металды отқа қыздырып алып соғуды білді. Қызған мысқа жаңа түр беруге болатын еді; 3. Мысты балқытып алуға көшті; 4. Мыс пен қалайыны қоса балқытып, қола алуды үйренді.

Б.з.д. III мыңжылдықтың орта тұсында Хорезмде Келтеминар деп аталатын мәдениет бой көтерді дедік. Кейінірек бұл жерде Андронов мәдениеті жүзеге келді. Хорезм мәдениетіне Орал өлкесінің еткен әсері де күшті болған. Тіпті Оңтүстік Россиядан жылжыған қоныс аударушылардың өздерімен бірге ала келген Триполия мәдениетінің элементтері де көріне бастаған. Үй жануарларлары Келтеминар мәдениетінің тек төменгі қабаттарында ғана расталынады. Қой мен сиыр малы Алтай мен Сібірге қарағанда Қазақстанда біршама кешірек өсірілген жануарлардың есебінен еді.

Ашхабадқа жақын жердегі Анау Орта Азия мәдениетін ерекшелеген ең ескі ескерткіштердің қомақтысы болып табылады. Бұл жерден күнге кептірілген қыштардан салынған 4 бұрышты үйлер, дәнді дақылдардың қалдықтары, бидай, арпа, сиыр ешкі мен қой сияқты малдардың сүйектері табылып, олар Анау мәдениеті иегерлерінің малшылық және егіншілікпен айналысқандығын көрсетеді. Анаудың I қабаты б.з.д. IV мыңжылдыққа барып тақалады. Ал IV қабаты б.з.д. IV және б.з.д. I ғасырлар аралықтарындағы ескерткіштерді қамтиды. Бұл қабаттардан балық сүйектері, молюска қабыршақтары, бұғы, қабан сияқты жабайы жануарлар мен құстардың сүйектері қазып алынды.

Намазгах-Тепені Батыс Түркістанның энеолиттік мәдение-тінің орталығы десе болады. Ол өзінің барлық құрамдас бөліктерімен бірге Анауға ұқсайды. Үйіндіден гипс, жем-шөп қалдықтары, арпа, бидай және олардан жасалынған тағамдар, жүзім дәнектері көрінеді. Үй жануарларынан қой, ешкі, түйе және иттің сүйектері кездеседі. Қойдың жүндерін пайдалан-ғандығы көзге түседі. Дәнді тасу үшін пайдаланылған жануар-лар сүйектері мен тас ағаштан жасалынған келілер, мыс бұйымдар да Намазгах-Тепенің маңызды ескерткіштері болып табылады. Бұлар б.з.д. 2250 жылға тиесілі ескерткіштер. Анау мен Намазгах-Тепенің Ашхабад төңірегіндегі Ақ-Тепе, Мурғабтағы Гүмүш-Тепе және Қараған -Тепе сияқты серіктері бар. Бұлар жөнінде мына авторлардың еңбектерінде жазылған: Зайберт В.Ф. Атбасарская культура. –Екатеринбург, 1992; Матюшин Г.Н. У колыбели истории. –М.: Просвещение, 1972; Виноградов А.В. Древние охотники и рыболовы Среднеазиат-ского междуречья. – М.: Наука, 1981 (Қаратау, Қызылқұм, Арал маңы).

Неолит дәуірінің соңын ала, яғни б.з.д. IV мыңжылдық пен б.з.д. I мыңжылдықтың арасында этникалық қауымдар қалыптасып болған еді. Солардың негізінде кейінірек тайпалар одағы құрылды, жартылай көшпенді қауымдар топтаса түсті, сондай-ақ соғдылықтар, хорезмдіктер мен бақтриялықтар сияқты отырықшы егіншілердің көшпелі тайпалармен жақындасуы және олардың бір мемлекеттік құрылым аясында бірігу процестері жүріп жатты.

Олардың Солтүстік пен Сібірдегі этникалық қауымдармен байланыстарының нығая түскенін ескерткіштер айғақтайды. Ал Оңтүстік Түркістан мен оның көршілері болған Ауғанстан, Иран, Месопотамияның егіншілік мәдениеттері арасындағы байланыстардың да төбе көрсеткені жөнінде ой қозғайтын фактілері жетерлік.

Энеолит мәдениеті жергілікті неолиттік тұрғындардың тұрмыс тіршілігі негізінде жүзеге келген. Мысалы, б.з.д. III мыңжылдықтағы Солтүстік Қазақстанның далалық энеолиті мәдениетінің (Ботай) қалыптасуына неолиттік атбасар және маханжар мәдениетінің өкілдері қатысты деуге болады. Оған Шығыс Каспий өңірі мен Оңтүстік Оралдың сырттай ықпал жасағаны жөнінде де мәліметтер бар. Сондай-ақ, энеолиттің орта шенінде Ботай мәдениетінің Афанасьев және Усть-Нарым ескерткіштерінің қалыптасуына еткен әсерін аңғаруға болады. Сол сияқты хронологиялық жағынан Маңғыстаудың хвалын мен кельтеминар мәдениетінің ескерткіштері ұқсас келеді. Кельтеминар белгілері бар шақпақ тас жиынтығы жағдайындағы Қошқар ата-4 тұрағының керамикасында шебір ыдыстарының белгілері бар, бірақ олардың түбі жалпақ[30].


[1] Сборник: «Наука и человечество». – М.: «Знание», 1962.

[2] Қуръони Карим. Тәржіме мен түсініктемелер авторы Алоуддин Мансур. – Тошкент: «Шарқ» баспасы, 1992.- 146-6.

[3] Журн.: «Үепі Аvгаsуа», 2000 уіі, Каsim, 12-18-бб.

[4] Киелі кітап. Стамбул, 1996, 21-6. «Топан судың тоқтауы».

[5] Журн.: «Үепі Аvгаsуа», 2000 уіl, Каsim, 12-18-бб.

[6] Чайлд Г. Древний Восток в свете новых раскопок. – М., 1956.

[7] Гречкина Т.Ю. Отчет о работах Зарафшанского палеолитического отряда в 1994 г. Самарканд: Архив ИА АН РУз, Ф. 4,0,1, д. 236, 1995.

[8] Александр М., Кисленко. О перспективе формирования курса «Древняя история Казахстана». – Алматы: КазГНУ, 1994. – С. 13.

[9] Массон В.М. Экономика и социальный строй древних обществ. –Л.: «Наука», 1976; Массон В.М. Поселение Джейтун (проблема становления производящей экономики). – МИА 180. Л.: «Наука», 971.

[10] Қазақстан тарихы. Төрт томдық. – Алматы: «Атамұра». –Т1. –1996. –88-89-бб.

[11] Наnсаг Ғ. Dаs Рfеrd іn ргаеһіstoгіsсһег und fгuһelіstо гіsсһег Zеіt.- Wіеn.- 1955. – C. 235, 252.

[12] Киселев С.В. Древняя история Южной Сибири. – М., 1951. –C.57-59.

[13] Вulletin оf tһе Мuseum оf Ғаг Еаstегn Antiquities. –1951, №23. –P.141.

[14] Киселев С.В. Древняя история Южной Сибири. – М., 1951. – C. 57.

[15] Краткие сообщения о докладах и полевых исследованиях Института Истории Материальной культуры. – 1956. –№63. – С. 153-155.

[16] Киселев С.В. Древняя история Южной Сибири. – М., 1951. – С. 22.

[17] Грязнов И.П. Древние культуры Алтая. //Материалы по изучению Сибири. –1930. –№2, табл. IV.

[18] Киселев С.К. Древняя история Южной Сибири. – М., 1951. – С. 22.

[19] Тоlstov S.Р. Аиf den Sрuгеn dег Аltсһог геsmіsсһеn Кultur.- Вегlіn, 1953. – С.78.

[20] Древняя история Южной Сибири. – М., 1951. – С. 22.

[21] Дебец Г.Ф. Палеоантропология. –М.-Л., 1948. – С. 67.

[22] Коморова М.Н. Неолит верхнего Приоба. –М., 1956. –№64. – С. 93, 103.

[23] Киселев С.В. Древняя история Южной Сибири. – М., 1951. – С.23-66; С.А.Теплоухов: Древние проблемы в Минусинском крае. //Материалы по этнографии. – 1927, III, 2. – С. 57-112.

[24] Вulletin оf tһе Мuseum оf Ғаг Еаstегn Antiquities. – 1951, № 23. – P. 140.

[25] Киселев С.В. Древняя история Южной Сибири. – М., 1951. – С. 63.

[26] Бұл да сонда. – С. 33.

[27] Окладников А.П. Краткие сообщения о докладах и полевых исследованиях Института истории материальной культуры, №35. –С. 85-90; «Сов. этнография». –1950. –№2. – С. 36-51.

[28] Окладников А.П. Вестник Древней Истории. –1938. –№1. – С. 254.

[29] Киселев С.В. Древняя история Южной Сибири. – М., 1951. – С. 63.

[30] Қазақстан тарихы. Төрт томдық. – Алматы: «Атамұра». –Т.1. –1996. – 96-99-б.


Тағы рефераттар