Елімізде 1999 жылдан бастап ауыл шаруашылығында біршама алға ілгерілеу тенденциялары орын алды. Себебі, біріншіден, бұл салада түрлі меншікті экономика тұрақты сипатқа ие болды. Қазақстанның барлық өңірлерінде жеке шаруа қожалықтары (фермерлер), түрлі шаруашылықтар мен кәсіпорындардың өндірістік кооперативтері, акционерлік қоғамдар, шаруашылық серіктестігі сияқты кооператив түрлерінің ішінде тиімді тепе-теңдік қалыптасты. Екіншіден, ауылдық жерлерде фермерлермен екі жаққа бірдей тиімді заң — құқықтық база ауылда шаруа жүргізуге қажетті жағдайлар туғызуға әбден сәйкестендірілген. Жер мен жұмыс жасауға, сол сияқты өндірген өнімді сатуға шектеудің жоқтығы — ынталы фермерлер мен дарынды шаруашылық басшыларына өндіріс ауқымын өсіруге, пайда көзін молайтуға көп мүмкіндіктер беріп отыр.

Үй іргелік аз ғана жерден өндіретін өнімді молайтып, шағын тауарлық шаруа ұйымдастыру мүмкіндіктері — халықтың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуіне оң нәтиже беретін бірден-бір қолайлы тенденция екендігі мәлім.

Сонымен қатар маркетинг қызметтері, көтерме азық-түлік базарлары сияқты инфра құрылымдардың пайда бола бастауы да бізді үміттендіретін жақсылық нышаны іспетті.

Республикалық статистика Агенттігінің бағалауынша, 2000 жылы ауа-райының онша қолайлы болмағандығына қарамастан (кейбір өңірлерде қатты кұрғақшылық болды) ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 399 млрд.теңге құраған. Бұл дегеніміз, ауа-райы қолайлы болған 1999 жылмен салыстырғанда, тек 3,3 пайызға ғана төменірек болды деген сөз. Жалпы өнімнің кемуі негізінен алғанда астық өндірудің 19 пайызға, қант қызылшасын өндірудың 8 пайызға төмендеуі салдарынан болды.

Ал мал шаруашылығы саласының өнімі керісінше 1,3 пайызға өсті. Кейінгі 2 жылда мал санының біршама тұрақтануы, тіпті көтерілуі байқалады. 2000 жылы 1999 жылмен салыстырғанда ірі қара саны 3, қой-ешкі -4, шошқа -8, құс —9%-ға көбейді. Соның нәтижесіңде сүт өндіруді 6, жұмыртқаны —12, жұн өндіруді — 3% арттырып, ет өндірудегі құлдырауды тоқтауға мүмкіндіктер туды. Фермерлер мен шаруашылықтардың қаржы жағдайы да біршама жақсарды деуге негіз бар.

Оңтүстік Қазақстанда да ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 7% көтерілді, көкөніс өндіру үштен біріне өссе, мақта өндіру 15% артты. Дұрысын айтатын болсақ, аграрлық салада түбегейлі реформалар жүргізуді бастағаннан бері ауыл шаруашылығы өндірісі шаруашылық жүргізудің жаңа бағыттағы өзгерістеріне енді ғана бейімделіп келе жатқандай түрі бар. Ол қандай өзгерістер: баға жүйесін босату (либерализациялау), төлем өтеу сұранымының көлемі мен құрылымы, ішкі рыноктың ашықтығы, сыртқы рыноктардың сұраныс деңгейі мен конъюктурасы және т.б. Бір сөзбен айтканда, ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақтандырудың объективті алғы шарттары қалыптасты деуге болады. Дегенмен, өтпелі кезеңнің кейбір қиыншылықтарының салдарынан азық-түліктің негізгі түрлері бойынша өндіріс ауқымы реформаға дейінгі деңгейге әлі де жете қойған жоқ. Нақты есептерге жүгінсек, Қазақстанда өңдіріліп отырған азық-түліктің қазіргі мөлшері қажетті көрсеткіштің ең төменгі санымен алғанда 14,2% төмен, ол еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету көлемінің 70 пайызын ғана құрайды. Бірақ, біздің ойымызша, көп ұзамай бұл жетіспеушіліктерді толық жоюға негіздер бар.

Ал құнды дақыл — мақтаның біздің еліміз бен Оңтүстік Қазақстан облысы үшін экономикалық және әлеуметтік маңызының өте зор екендігі белгілі. Мақта өндірумен және оны өңдеумен айналысатын әрбір адам, бұл еңбегінің қайтарымын толық сезіне біледі. Өйткені әрбір отбасының бюджеті еңбектің осы түрімен тікелей сабақтас. Бұл — бағамдаудың негізгі басты критерийі болса керек.

1999 жылдың аяғында Қазақстан Республикасының Үкіметі ауыл шаруашылығын дамытудың 2000-2002 жылдарға арналған Бағдарламасын бекіткен болатын. Мақтаның бәсекелестік қабілетінің зор екендігіне, оны экспортқа шығару әлеуетінің жоғарылығына орай, бұл дақыл Қазақстанда ауыл экономикасын өркендетудің негізгі көзі ретінде астық пен қатар стратегиялық маңызды сала статусына ие болып отыр. Мақта өндіру мен оны өңдеу Оңтүстік Казақстан облысында ғана орын тепкендіктен, бұл дақыл осы облыстың ауыл экономикасын дамытудың өзегі екендігі дәлелдеп жатуды қажет етпейтін қағида. Ал Мақтаарал ауданын алатын болсақ, бұл дақыл осы аудан экономикасын бірден-бір анықтаушы өнім түрі. Көп жылдар бойына мақта шаруашылығы ауданның ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерінің 70 пайызын иемденіп келді. Ал соңға жылдары Мақтаарал ауданы тек мақта өсірумен ғана айналысады десек, артық айтпаған болар едік.

Мақта өнімдерін өндіру проблемалары егіншілік жүйесімен, өсіру технологиясымен, өнімді өңдеумен, экономикалық механизмдермен, экологиямен және т.б. факторлармен сабақтас, соларға тікелей байланысты. Осы проблемаларды белгілеп, оларды шешу жолдарына да тоқталмай болмайды.

Мақта өсірумен айналысатын шаруашылық субъектілері қазіргі күні негізінен шаруа шаруашылықтары, шаруашылық серіктестіктері, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтерден тұрады.

Мақта өндіруде шағын шаруашылықтар басым. Әлемдік Банктің өтініш бойынша жүргізілген зертеулердің көрсеткеніндей, шаруашылықтардың жалпы санының 20,3% 5-10 га, 40% 10-50 га, тек 11,8% -50 гектардан артық жерді меншіктенген екен. Шаруашылықтар фрагментациясының осындай жоғары болуы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің технологиясына, әсіресе техникаға деген сұранысқа, сол сияқты су көздерін пайдалануға өз әсерін тигізбей қоймайды. Ал бүгінгі жағдай су көздерін басқару мен ауыл шаруашылығы өнімдерін сату мақсатында мықты фермерлік шаруашылық ұйымдарын құруды талап етеді. Жер көлемі бойынша әр түрлі шаруашылықтардың өндіріс тиімділігінің экономикалық талдауына сүйене келіп біз төмендегідей тоқтамға келдік: жер көлемі 50 гектардан жоғары шаруашылықтардың өнім түсімі майда шаруашылықтармен салыстырғанда 30%, ал отбасының бір адамына шаққандағы табыс мөлшері 7 есеге жоғары. Осыдан біздің майда шаруашылықтарды кооперативтер, ассосияциялар немесе су тұтынушылар бірлестіктері сияқты ірі-ірі құрылымдарға біріктірген дұрыс деген бірінші ұсынысымыз туындайды.

Шаруашылықтардың ұйымдастыру-құрылымының өзгеруі егіншілік жүйесін түбегейлі қайта құру қажеттігін туғызады. 70-80-ші жылдары колхоздар мен совхоздар үшін жасақталған егіншілік жүйесі қазіргі нарықтық экономика жағдайына сәйкес келмейді (мал шаруашылығы жүйесі бойынша да осылай).

Егіншілік жүйесі дегеніміз — ол жергілікті табиғи және экологиялық жағдайларын ескере отырып жеке фермерлер мен кәсіпорындардың жерді барынша тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін агротехникалық және ұйымдастырушылық шараларының жиынтық кешені. Егіншілік жүйесі арнайы ауыспалы егіс танаптарын, топырақ өңдеудің дұрыс жүйесін, егін суарудың өте тиімді деген әдістерін, топырақ эрозиясын болдырмау және өңдірістің қажетті деңгейін қамтамасыз ету мен айнала қоршаған ортаны барынша қорғауды біріктіріп, жинақтайды. Бүгінгі күні мақта шаруашылығында егіншілік жүйесінің көптеген шаралары дұрыс ескеріліп, іске аспайды. Бұл өз кезегінде өндіріс деңгейін едәуір төмендетеді. Бұрындары әрбір шаруашылықта ауылдағы елді мекендердің, мал фермаларының даму жоспарын, жолдарын, ауыспалы егіс жүйелерін қамтитын жер пайдаланудың шаруашылықтық ішкі жоспарлары болатын. Сонымен қатар, шаруашылықтар алдағы 20 жылға арналған шаруашылық-ұйымдастыру жоспарларын да жасайтын. Шаруашылықтарды жекешелендіргеннен соң олардың бұрынғы жер пайдалану құрылымдары жойылды. Енді бұрын 10-15 шаруашылығы бар аудандардың көлемінде 10 мың және одан да көп жер пайдаланушылар дүниеге келді. Сөйтіп, әрбір жер пайдаланушы, әрбір елді мекен үшін аймақтық және жерге орналастыру шараларын алуға тура келіп отыр. Бұл жұмыстарға бірте-бірте қаражат бөлініп, фермерлердің үй-жайлары мен елді мекендерін әлемдік үлгіге сай көркейту қажет.

    Мақта дәстүрлі түрде 3 танапты жоңышқа мен 7 танаты мақта егістерінен тұратын 10 танапты егіншілік жүйесінде өсіріліп келеді. Мақтаның алдында жоңышқа егілетіндігі сөзсіз. Жоңышқадан басқа мақтадан бұрын егуге жүгері, бидай және бұршақ дақылдары қолайлы. Өз кезегінде мақта астық тұқымдас өсімдіктер үшін жақсы алғы дақыл болып табылады. Өкінішке орай соңғы жылдары ғалымдардың ұсынымдарына қарамай ауыспалы егіс жүйесі бұзылды. Мақтаарал ауданы бойынша атқарылған ізденіс жұмыстарының нәтижесі мыналарды көрсетті: фермерлердің 93% тек қана мақта егеді екен, ал шаруашылықтардың 5% ғана мақтаны жүгері, көкөніс, бақша, жоңышқа дақылдарымен алмастырып пайдаланады. Жалғыз ең ірі — 1200 га жерді пайдаланатын шаруашылық — «Кетебай» өндірістік кооперативі ғана тиімді ауыспалы егіс жүйесін қолдануда. Осы шаруашылық мақтадан тыс 165 га жерге жоңышқа, 50 гектарға бидай, 45 гектарға көк балаусаға арналған жүгері танаптарын қолдануды іске асырған. Бұл өте тиімді, дұрыс іс дер едік. Егін суару жүйесі мен дренаждардың техникалық тиімділігі артпайынша, фермерлердің несиеге қолдары жетпейінше, тиімді ауыспалы егіс жүйесіне қайта оралу қиын мәселе.

Топырақ өндеу. Мақтадан тұрақты да мол өнім алу үшін тұқым себердің алдындағы топырақ өңдеудің маңызы өте зор. Бұл шара мыналарды қамтиды:

— сүдігер айдау алдында топыраққа гектарына 600-800 кг суперфосфат және 30-40 т көң енгізу;

— топырақ шаю;

— ылғал жабу мақсатында ерте көктемде тырмалау;

— топырақты аудармай терең өндеу;

— танапты тегістеу және тұқым себер алдында тырмалау.

Осы технологиялық шараларды нақты метеорологиялық жағдайды ескере отырып, дер кезінде атқарған жағдайда мақта түсімін 7% дейін көтеруге болады. Солай бола тұрса да, шаруашылық техникасының нашарлығынан, жанар-жағар май мен тыңайтқыштар сатып алуға қажет қаражат көзінің тапшылығынан көп жағдайда фермерлер қажетті агротехниқалық шараларды іске асыра алмай келеді Сүдігер көтеруді іске асыра алмау салдарынан жер жырту жұмыстары көбіне көктемде атқарылады. Егіске берілетін су көлемінің тұрақсыздығы салдарынан егіс алкаптарының 50 пайызында топырақ шаю жұмыстары атқарылмайды. Ерте көктемде жер кеш тырмаланатындықтан тұқым себер қарсаңында топырақтың беткі қабаты құрғап, кеберсіп қалады. Мақта егудің оңтайлы кезеңі — 15 сәуір мен 5 мамыр аралығы. Бірқатар фермерлер тұқым себу кезеңін 20 мамырға дейін соған мақтаның өскін алуы мен соңғы нәтиже — гектар түсімі күрт төмендейді. Шаруашылықтар өскін сирету жұмыстарын кейде мүлде атқармайды. Қатараралықты өндеу және өсімдік санын қолмен сирету дер кезінде жасалмай жатады. Міне, осының бәрі түпкі нәтиже — өнім алуға теріс әсерін тигізеді.

Тынайтқыш пайдалану. Осы күні фермерлер сүдігер айдау кезінде не көң, не фосфор тыңайтқыштарын пайдаланбайтын болды. Азот тыңайтқыштары, әдетте, мақтаны қатараралық өңдеу барысында пайдаланылады. Ал калий тыңайтқыштары мүлдем қолданылмайды. 628 фермердің 438- і ғана 6963 га жерге, онда да мардымсыз мөлшерде тыңайтқыштар пайдаланады екен. Тыңайтақыш қолданудың орташа мөлшері 1-дәуірде 171 кг/га, 2-ші дәуірде 195 кг/га.

Өсімдік қорғау. Мақта алқаптары трипс, өсімдік биті, күздік және мақта көбелегі сияқты зиянкестерден қатты зардап шегеді. Бірақ химиялық препараттардың қымбатшылығына байланысты фермерлердің көп жағдайда оларды пайдалану мүмкіндіктері жоқ.

Фермерлердің тек 8 пайызы ғана ниссоран, децис, суми-альфа сияқты химикаттарды пайдаланған, ал гербицидтер мүлдем қолданылмайды. Арам шөп қолмен ғана оталады. Зерттелген шаруашылықтардың тек 19 пайызы ғана дефолианттар пайдаланған екен. Дефолианттарды мақта жинайтын техникалары бар ірі шаруашылықтар ғана пайдаланады. Бұл мақташылардың тыңайтқыштар мен өсімдік қорғауға қажетті химикаттарды пайдалана отырып, мақта өнімділігін едәуір арттыруға айтарлықтай резервтері бар деген сөз.

Мақта селекциясы мен тұқым шаруашылығы. Шаруашылыктарды жекешелендіргенге дейін Оңтүстік Қазақтан облысында 6 элита және 12 тұқым өндіруші шаруашылық болған. Қазіргі кезде элита тұқымын өндіру тек С-4727 сорты бойынша Қазақстан мақта коорпорациясы учаскесінде және Мақтаарал-3044 сорты бойынша Мақтаарал тәжірибе станциясында ғана сақталып қалып отыр.

Тұқым шаруашылығы жүйесінің күйреуіне орай:

—  шаруа қожалықтары мен басқа да жекеменшік құрылымдарда
мақтаның аудандастырылмаған сорттарының тұқымдары себілуде. Бұл шикізаттық мақта түрлерінің араласып кетуіне, мақта талшығы сапасының кемуіне және аудандастырылған мол өнімді мақта сорттарының мезгілінен бұрын жойылып кетуіне әкеліп соғады;

— мақта өндеу зауыттары тұқымдық материалдарды өсімдік майын алу технологиясымен өңдеуде;

— аудандастырылған сорттарды орналастыру жоспарлары бұзылды;

— облысқа мақтамен айналысатын басқа елдерден биологиялық
ерекшеліктері белгісіз, күмәнді сорттар әкелінуде.

Бұл облыста мақта дақылының селекциясымен Мақтаарал тәжірибе станциясы айналысады. Соңғы жылдары станция селекционерлері солдырмаға (вилт) төзімді, талшығының жақсы технологиялық сапа көрсеткіштерімен сипатталатын Мақтаарал-3044 және Мақтаарал-3031 сорттарын шығарды. Бұл сорттар түсімінің әлеуеттік мүмкіншілігі 30-35 ц/га қарайды.

Шикізаттық мақтаға деген сұранымның өсуі мақта егістігі танаптары мен оның өнімділігін арттыруға меңзейді. Бұл орайда мақтаның аудандастырылған жақсы сорттары мен элита тұқымдарын пайдалану арқылы оның өнімін 25-30 пайызға дейін көбейтуге болатындығын ғалымдар да, практиканттар да дәлелдеп отыр.

Оңтүстік Қазақстан ғылыми зерттеу институты бүгінгі танда қалыптасқан нақты жағдайды ескере отырып, мақта тұқымын өндірудің тиімді схемасын әзірледі. Осыған орай тұқым шаруашылығы жүйесіне Мақтаарал-3044 және С-4727 сорттары бойынша элита және тұкымның 1-ұрпағын (1-рецродукция) қалыптастыру жұмыстарымен тікелей айналысатын орын ретінде Мақтаарал тәжірибе станциясы және «Қазақстан мақтасы» элита тұқым өңдіру коорпорациясының тұқым шаруашылығы, екінші топқа элита-тұқым шаруашылықтары енген. Олар 2 жыл бойына мақта тұқымының 2- және 3-ұрпақтарын көбейтумен айналысады. Бұл топ онша дамымаған. Ал үшінші топты тұқымның IV ұрпағын көбейтумен айналысатын тұқым шаруашылықтары құрайды. Тұқым шаруашылығының бұл тобы қазіргі таңда жоқтың қасында. Ұсынылып отырған тұқым шаруашылығы жүйесін тезірек іске асыру— мақта өндірісін өркендетудің бірден-бір кепілі екендігін айтқан дұрыс.

Техникамен жабдықтау.Қазіргі кезде техниканың басым көпшлігі тозған, оларды жөндеу үшін көптеген шығындар жұмсау қажет. Соңғы 5-7 жылда фермерлер жаңа техника сатып ала-алмады. Бір машинаға шаққандағы өңделетін жер көлемі өте көп. Мысалы: шынжыр табанды трактор үшін — 123, доңғалақты трактор үшін — 48 га.

Машина-технологиялық станциялардан техника жалдап алу фермерлер үшін өте қымбатқа түседі. Мысал үшін, «Центр-Сервис Сельхозмеханизация» өндірістік кооперативінің есептеулері бойынша 1 гектар жерді мақта жинайтын комбайнмен жинау 13297 теңгеге түседі екен. Бұл фермерлердің жұмсайтын барлық шығынының 30-40 пайызын құрайды деген сөз. Ал кооперативтен ақылы қызмет сатылатын болса, онда шығын көлемі, фермердің өзінде мақта жинайтын техника болған жағдаймен салыстырғанда 50-60 пайызға көбейеді екен. Себебі кооператив тікелей өз шығындарына 38% үстеме шығындар, 30% көлемінде мекеменің даму, қорына аударылатын қаражатын және 20% қосымша құн салығын қосады.

Техниканың басқа да түрлерін арзан бағаға жалға алу фермерлер үшін өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан да олар техника жалдаудың түрлі жолдарын қарастыруда: көршілерден таныстарынан, ағайындарынан уақытша пайдалануға алу және т.б. Бірақ бұл мәселені шешудің уақытша ғана шаралары екендігі әркімге де мәлім. Техникамен сенімді тұрде қамтамасыз ету үшін фермерлер ірірек құрылымдарға біріккендері жөн.

Мақта өңдеу және сату мәселелері. Оңүстік Қазақстан облысында мақта өңдейтін кәсіпорындар желісі бар. 10 мақта зауытының алтауы Мақтаарал ауданында орналасқан, бір-бірден Шымкент, Түркістан қалаларында бар. 1999 жылы Шардара ауданында 1 жаңа мақта зауыты іске берілген. Бұл мақта өңдеу кәсіпорындарының құқықтық ұйымдастыру формалары ашық және жабық акционерлік қоғамдар түрінде құрылған. Шикізаттық мақтаны өңдеу барысында оның өсімдік майын алуға жаратылатын дәні (май шығымы 17%), түбіт, линт, улюк сияқты қосымша жанама өнімдер алынады. Май өндірумен «Шымкентмай» акционерлік коғамы айналысады. Ал сонғы жылдары осы май шығаратын зауытпен бәсекелес мақта дәнін өндейтін шағын кәсіпорындар пайда бола бастады.

Облыстың макта зауыттарының жалпы өнім өндіру қуаты бір кезеңде (жылына) 370000 тонна мақта шикізатын өңдеуге есептелінген. Зауыттардың бұл қуаты бізде нақты бар және жобадағы мақта көлемдерін өңдеуге толық мүмкіндіктер береді. Фермерлер мақтаны сатып алушыларды өз таңдаулары бойынша белгілеуге құқылы. Шынын айтқанда, фермерлер өздеріне жақын орналасқан кәсіпорындармен келісім-шартқа отырғанды дұрыскөреді. Кейбір зауыттар фермерлерге ақшалай несие немесе тұқым, жанар-жағар май, химикаттар түрінде материалдық ресурстарды мақтамен өтейтіндей тұрғыда алдын-ала береді. Ал іс жүзінде фермерлер өз мақтасын қымбаттау бағаға сатып алушыларға бергенді дұрыс көреді. Ондай сатып алушылар Қазақстанның әр жерінен немесе Ресейден, Белорустан, Балтық жағалауы мемлекеттерінен келген коммерсанттар болуы мүмкін. Әрине, фермерлерге алдын-ала қаражат немесе материалдық ресурстар берген зауыттар фермерлердің мақтамен емес ақшамен есептескендерін жақтыра қоймайды. Сол себептен де өткен жылы Мақтаарал ауданы бойынша мақтаны ауданнан тысқары жерге шығаруға тиым салынған болатын.

Жергілікті басқару орындарының мұндай тиым салу шаралары құқықтық тұрғыдан алғанда орынсыздау, мәселені біздің ойымызша басқаша шешкен дұрыс болар. Ол үшін бұл мәселеге мұқият талдау жасап, орынды шешім кабылдау қажет.

Бұл жерде жасалған келісімнің нақты шарттарына дұрыс көңіл аудару керек. Шындығын айтқанда, фермерлер мен зауыттардың арасында жасалатын келісім, әсіресе олардың бір-бірімен есептесулері жағынан күрделілеу. Мысалы «Мырзакент» акционерлік қоғамы мақта шикізатына қойылатын бағаны анықтағанда төмендегідей формуланы қолданады:

Ц= (L-26%)-ПхН,

Бұл жерде:

Ц — 1 тонна шикізаттық мақтаның бағасы;

L — Ливерпуль Мақта Ассоциациясының мақта талшығына белгілеген бағасы;

П — 1 тонна мақта талшығын алу үшін жұмсалатын еңбектің бағасы;

Н — мақтаның сортына мүдделі мақта талшығының нормалық шығымы.

Төменгі сапалы мақта тапсырғанда 1 тонна мақтаның бағасы төмендегідей мөлшерге кемиді: 2 сортты — 5%, 3 сортты — 10%, 4 сортты — 20%, 5 сортты — 45%.

Бұл келтірілген формула бойынша есеп-қисап жасау, әрине, әрбір фермердің қолынан келе бермес, өйткені олардың қолында Ливерпуль мақта ассоцияциясының мақта шикізатына қойылған нақты бағасы қажетті мезгілде болмайды ғой. Екіншіден, мақтаны өңдеуге қажетті қызметтерге қандай жорамал бағаның қойылатындығын фермер біле алмайды. Үшіншіден, шикізаттық мақтаның сапа көрсеткіштері сатып алушының, яғни зауыт зертханасында анықталады. Сондықтан да сот орындарына жүгінетіндей карама-қайшылық туған шақта фермердің істі жеңіп шығуы екіталай, өйткені ол өзіне кажетті ақпараттармен қаруланбаған.

Келісім-шарттар жасалған сәтте тек фермерлер жағының жауапкершілігі басым көрсетіледі. Өз тарапынан шартты бұзған фермерге катаң айып төлеу талабы қойылған. Ол несие сомасын, негізгі қарыздың 15% мөлшеріндеайып пұл және тауарлай немесе ақшалай 35% жылдық несие төлемін төлеуге тиісті. Онымен қоймай барлық шығындарды өтегенмен фермерлер келісім-шартты орындаудан босатылмайды. Ал келісім-шартта мақта зауытының нақты қай уақытта материалдық ресурстар немесе қаражат беретіндігі көрсетілмеген. Осы мәселелер дұрыс шешілсе, фермерлер зауыттармен тұрақты түрде жұмыс жасауға, мақталарын тек соларға тапсыруға мүдделі болған болар еді деген ойдамыз.

Мақта зауыттарының арасында үлкен бәсекелестік бар екендігі де мәлім. Баға жөнінде де көп қарама-қайшылық бар. 1999 жылы шикізатттық мақтаның 1 тоннасы үшін 25000-32000 теңге (180-225 американ доллары) көлемінде сату бағасы белгіленген болатын. Ал 2000 жылы бұл баға 45000 теңгеге (315 долл.) дейін көтерілді. Кейбір ірі шаруашылықтар мақта талшығын зауыттарда сақтауға қалдырып, нарық конъюнктурасына, бағаның өзгеруінен кейінірек сатуға шешім қабылдауда. Мысалы «Ақтөбе» өндірістік кооперативі 2000 жылдың қаңтар айында 1 тонна мақтаны 800 долларға сатса, ал 2000 жылдың ақпан-маусым айларында 1100-1200 доллар есебінен өткізген.

Мақта зауыттары мақта талшықтарын ішкі рынокта сатқан және алыс шет елдер мен ТМД елдеріне жіберген. Осыған орай бұл зауыттардың пайда көзінің басым бөлігін мақтаны шетелдерге сатудан түскен қаражаттар құрайды. Республика ішкі рыногында мақтаға деген сұранымның өте үлкен болуына қарамастан, зауыттар үшін оны шет елдерге экспортқа шығару тиімдірек болып отыр. Өйткені бұл жағдайда қосымша құннан алынатын салық деген біраз жеңілдіктер бар көрінеді.

Несие  беру.Жердің кепілдікке берілмеуі, сол сияқты фермерлердің жерден басқа дүние-мүліктерінің жоқтығы салдарынан коммерциялық банктер ауыл шаруашылығына несие беруге аса құштар емес. Қазақстанда ауыл шаруашылығы үшін пайдаланатын жер жеке меншікке берілмейді. Суармалы жерлер өте құнды бола болса да, банктер ондай жерлерді шаруашылық қарызынан құтыла алмайтын жағдайда (цефольт) ол жерлердің бағасын анықтап, сата алмайтындықтан, суармалы жерді де кепілдікке алудан сескенеді. Мақта шаруашылшықтарына несие беру көзі — Қазақстан Мақта Коорпорациясы (ҚМК) және мақта өндеу зауыттары. Мақтаарал ауданы шаруашылықтарына жылда берілетін несие көлемі 10-12 млн.АҚШ доллары есебінде.

Мақта өсірушілерге қарыз беруші — «Қазақстан Мақта Коорпорациясы» жабық акционерлік қоғамы. Бұл компания 50000 гектар жерге мақта егетін 20 мыңға жуық фермерді несиелендіреді. Кейбір шаруашылықтар несиені ақшалай және материалдық ресурстар түрінде алады. 50 агроном мақта өсіру технологиясының сақталуын және танаптарға минералдық тыңайтқыштар берілуін қадағалайды.

Фермерлер осы компаниямен әлемдік бағадан 30% кем сатамыз деп келісім шартқа отырады. Ал өңдеуден түсетін қосалқы жанама өнімдер фермерлерге қайтарылады. Өз кезегінде ҚМК-сы каражаттық көмекті шетелдік инвесторлардан және Казкоммерц банктен алады. Дейтұрғанмен ҚМК-сы ауыл шаруашылшына несие беруден секемденеді, сол себептен де жерді кепілдікке алуды жөн санайды. Дефольт болған жағдайда фермер өз жерін ҚМК-сына уақытша — 5 жылға пайдалануға береді, шаруашылықты басқару құқығын да береді. Қарызды өтегеннен соң жер фермерге кері қайтарылады. Міне, мақта өндірушілер мен оны өңдеуші мекемелер және банктер арасындағы осындай қарым-қатынас схемасы, біздің ойымызша ең дұрыс схема болып табылады.

Мақта өндірудің тиімділігі, пайдалылығы. Біз мақта өсіру аймағында өндірілетін бірқатар дақылдардың өндіріс тиімділігіне талдау жасап байқадық. Осы жұмыстардың нәтижесіне сүйенсек— бұл аймақта мақта өсіруге балама бола алатындай басқа дақыл жоқ. Жер көлемі 5, 5-10, 10-50 және 50-ден жоғары гектарлы шаруашылықтардың бюджетіне есеп жүргізіп көрдік. Сол деректердің көрсеткеніндей, шаруашылық тиімділігіне жер көлемінің мөлшері тікелей әсер етеді екен. Өйткені ірі шаруашылықтардың техникамен жақсы жабдықталуына орай, агротехникалық шараларды барынша толық атқара алады. Ал шағын шаруашылықтар көбінесе техниканы нақты қаражатына жалдайды. Нақты қаражаттың жетіспеушілігі салдарынан мұндай шаруашылықтар технологиялық схемадан кейбір маңызды шараларды алып тастауға, оларды орындамауға мәжбүр болады немесе ол шараларды дер кезінде атқаруға мүмкіндіктері болмай жатады. Міне, осының салдарынан шаруашылықтар мақта өсірудің интенсивті технологияларын пайдалана алмайды. Ал, экстенсивті шаруашылық жүргізгенде мақтаның түсімі гектарына 17-18 центнерден аспайды.

Шаруашылықтардың өндірістік шығандары 190-260 американ доллары көлемінде ауытқып отырады. Ірі шаруашылыктар шығымды көп жұмсайды. Өйткені олар техниканы кеңірек пайдаланады және олардың үстеме шығындары да біршама көбірек болады. Шаруашылықтың қай түрі болмасын гербицидтер мен пестицидтерді мүмкіндігінше пайдаланбауға тырысып бағады. Азот тыңайтқыштарын кеңірек пайдаланғандарымен оның өзі ғалымдар ұстанған деңгейден әлде қайда төмен. Шаруашылықтардың тиімділігін анықтаушымаңызды фактор ретінде мақта талшығына белгіленген әлемдік айтқан дұрыс. Соңғы 7 жыл төңірегінде басқа мемлекеттерде мақта егу көлемінің өсуіне орай және басқа себептерге байланысты мақта талшығына деген әлемдік баға төмен деңгейде болды, 2000 жылдың қазан айына есептегенде мақта талшығына белгіленген әлемдік баға 1993-1994 жылдардағы 1750 доллардан 1300 долларға дейін кеміді. Мақташылардың көпшілігі несиені қайтару мақсатында мақтасын күзде — өнім жинаған бойда сатуға тырысады. 1999 жылы 1 тонна мақтаның сату бағасы 270 доллар құрады. Мақта түсімділігі 10 ц/га болған жағдайда шаруашылықтың тапқан пайдасы 270 доллар, ал түсім 16 ц/га болғанда — пайда 430 доллар құрайды. Таза пайда көлемі майда шаруашылық үшін — 170 доллар болды. Жер көлемі 5 га болатын шаруашылықтар жерінің 90 пайызын мақта өсіруге пайдаланады десек, оның мақта өндіруден табатын жалпы пайдасы 360 доллар, ал жер көлемі 50 га шаруашылықтардың жалпы табысы 7650 доллар болады екен. Табыс көлеміндегі мұндай айырмашылықтар нені білдіреді? Ол шаруашылықта пайдаланатын жер көлемінің өте маңызды фактор екендігін дәлелдейді. Жер көлемі 50 га болатын шаруашылықтардың жер көлемі 5 га шаруашылықтарға қарағанда сатылу қабілеті көбірек. Шаруашылық өнімділігінің бүгінгі таңдағы мөлшеріне қарасақ, шағын шаруашылықтардың оларға көрсетілген инвестициялық шығындарды кері кайтару мүмкіндіктерінің төмен екендігін айтқан жөн.

Мақтаға белгіленген баға өткен жылы фермерлер үшін өте-мөте қолайлы да тиімді болды. Фермерлер қарыздарымен есептесті, сол сияқты 2001 жылғы егін науқанында аздап та болса өзін-өзі каржыландыра алатындай мүмкіндіктерді иеленді. Бұл жағдай көңілге мақтадан алынатын табысты бірте-бірте көбейтуге болады деген үміт ұялатады.

3.1 Мақтаны – өндіру, қайта өңдеу және оны өткізу мәселелерін бүгінгі нарықтық экономика талаптарына сай ұйымдастыру үшін осы процестерді реттейтін Заң қабылдау қажеттілігі туындады. “Мақта туралы” Қазақстан Республикасының жақында мақтаны өндіру, қайта өңдеу, сақтау және сату әрекеттерінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру негіздерін анықтайды және сол процесс кезінде туындайтын қатынастарды реттейді. Осы “Мақта туралы” заң жобасында 9-тарау, 41 – бап бар. Осы заң жобасындағы 2-тарау,3,4,6,-баптарға тоқталатын болсақ.

3-бап. Мақта рыногын мемлекеттік реттеудің мақсаты. Мақта рыногын мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты негізделген технологияларды енгізу мен тоқыма және мақта шараушылығын индустризациялау, оны тоқыма және тамақ өнеркәсібімен бірлестіру негізінде мақтаның бәсекеге бейімділігін арттыру болып табылады.

4-бап. Мақта рыногын мемлекеттік реттеудің нысандары.

Мақта рыногын мемлекеттік реттеу;

  1. Мақта шаруашылығын  мемлекеттік қолдау;
  2. Мақта  қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуын кепілдік жүйесін дамыту;
  3. Кластерлік даму принціптері негізінде мақта шаруашылығының тоқыма және тамақ өнеркәсібімен бірлесуін  ынталандыру.
  4. Шитті мақтаны мақта талшығына бастапқы қайта өңдеу жөніндегі қызметті лицензиялау және мақтаны қайта өңдеу кәсіпорындарының қызметін бақылау.
  5. Мақта рыногы саласында халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастырады;
  6. Мақта рыногы саласындағы үкіметті органды айқындайды
  7. Шитті мақтаны мақта талшығына бастапқы қайта өңдеу жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді.
  8. Сақтау бұқаралық шартының және қайта өңдеу бұқаралық шартының үлгі нысандарын бекітеді.
  9. Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорларының қызмет етуі және таратылуы ережесін; мақтаны қайта өңдеу кәсіпорындарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысуы ережесін; мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорларының кепілдік алуы ережесін; мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорларының міндеттерін жоюы ережесін, сондай-ақ  мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорларында мемлекеттің қатысу нысаны мен тәртібін бекітеді.

1.     Мақтаның сапасын сертификаттау; мақтаның сапасын сараптау жөнінде қызмет көрсететін зертханаларды тіркеу және аттестаттау, сондай-ақ олардың мақтаның сапасын сараптауды жүргізу тәртібінің талаптарын және зертханаларды тіркеу тәртібінің талаптарын сақтауын бақылау;

2.     Мақта рыногының мониторингі;

3.     Мақта егілетін аймақтарда ауыспалы егістерді енгізу мен сақтауды бақылау арқылы жүзеге асырылады.

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құдіреті Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1.     Мақта шаруашылығындағы мемлекеттік саясатты, мақта рыногының даму стратегиясын әзірлейді және іске асырады.

2.     Мақта шаруашылығын мемлекеттік қолдау бағдарламасын бекітеді;

8.  41-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі.

Осы Заң 2006 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Өндірісті дамытудағы және мақта өңдеудегі маңызды қадам-құқықтық база құру болып табылады. “Мақта саласын дамыту туралы” Заңның жобасы әзірленіп, ол қолданысқа  енгізілді. Мақта нарығындағы қатынастарды реттейтін болады. Әрі мақта өндірушілерді қолдау саясатынының құралына айналады. Бұл заң жобасының негізін құраушы сәттер –шаруалардың мүддесін қорғау, шаруалар мен мақта зауыттары арасында ойын тәртібін айқын және әділ белгілеу болып табылады.

Үкімет Қазақстанның Оңтүстік өңірінің экономикалық өркендеуіне бағытталған белгіленген жоспарларды  мүлтіксіз іске асыратын болады.

Тағы бір айта кететін мәселе былтырғы және алдыңғы жылғы мақтаның бағасы көптеген диқандардың ұнжырғасын түсіргені жасырын емес.

2003 жылы шитті мақтаның бағасы 90 теңдеген болды.  Ал кейінгі жылдары  шитті  мақтаның бағасы  күрт төмендеп 40теңгеден аспай тұрды. Әрине, бұл ауыл шараушылығындағы диқандар үшін, ауыр тиіп отыр. Бағаның төмендеуінің нәтижесінде көптеген диқандар егістік көлемін азайта түсті. Мысалы, 2004 жылы облыс бойынша 219,1 мың гектер жерге мақта егілсе, 2005 жылы егістік көлемі 20,3 мың гектарға азайған. Соған сәйкес жиналуы тиіс шитті мақта көлемі де  17230 тонна кем жиналған болатын.

Жалпы алғанда мақта шаруашылығының қазіргі жағдайының басты мақсаты тығырықтан шығып кету, яғни кластерлік жүйе арқылы өзіміздің шикізатымызды өңдеп, шет елдерге шикізат ретінде емес, тауар ретінде экспортқа шығару көзделіп отыр.


Тағы рефераттар