Ноғай Ордасының халықаралық жағдайы мен оның жүргізген сыртқы саясаты туралы ресейлік тарих ғылымында орасан зор деректік материал жинақталған. Олар арқылы Ноғай Ордасының бүтін болмысының тарихын қалпына келтіруге болады. Дегенмен ол деректерді барынша саралап пайдалану, олардың тұжырымдарын аса сақтықпен қарау қажеттілігі туындайды. Өйткені ол деректердің көпшілігінде идеологиялық қасаңдық орын алған. Ол идеология сол дәуірде үстемдік еткен, қоғамдық ойдың іргетасы болған русоцентризм (орысорталық деуге болар) концепциясынан туындаған еді. Бұл жерде мына мәселелер басты назарға алынып отыр; біріншіден, бұл қатынастар тек орыстар жағының мүддесі тұрғысынан қарастырылды; екіншіден, ноғайлар Ресей сыртқы саясатының тек субъектісі ретінде ғана қарастырылып, дербес, тең құқылы әріптестік маңызы назардан тыс қалды. Сонымен бірге Еділ бойындағы көшпелілер көбіне Ресейге жау күштер ретінде бағаланғандықтан олармен қарым-қатынас “күрес, соғыс” категориясы тұрғысында сипатталды.
Мәселені осылай түсіндіру қазіргі заманғы кейбір ғылыми әдебиеттерде де орын алып келеді. “Еділ бойындағы Үлкен Ноғайлы – деп жазады В.А.Осипов, – Ресей үшін ұзақ уақыт бойы дипломатиялық және басқа да құралдармен күресіп келген Алтын Орданың қалдықтары болды” [32, 29].
Бұдан басқа да бірнеше тұжырымды салыстыру мақсатында мына деректерді келтірудің артықшылығы жоқ. Олардың бірінде “Мәскеу сауда капиталының мүддесі үшін қазақтардың қолымен Дон, Еділ, Жайық бойындағы ноғайлар қырылып кетуге аз қалды” деп жазылды. Ендігі бір дереккөздерінде ноғайлар Мәскеу дипломатиясының Қырым, Еділ бойы жұрты, османлылармен қарым-қатынасындағы қолшоқпар болды дегенді айтады. Ал Ш.Лемерсье-Келькеже “ноғайлардың көмегінсіз немесе олардың бейтараптығынсыз орыстардың 1556 жылы Астрахань хандығын жаулап алуы, 1580 жылдары Сібірді бағындыруы, Кавказға жылжуы мүмкін емес еді” [45 600], деп кесіп айтады. Бұл деректердің бәрінде де ноғайлар достық, ынтымақтық, бейтараптық немесе олардың иеліктерін тартып алу актілерінде белсенділігі төмен материал ретінде қарастырылады.
Мәскеудің бұл мақсаттарға қол жеткізуде қолданған тәсілі туралы берілген баға да әркелкі, көбіне кереғар болып келеді. “Ноғайлардың өз арасындағы қарама-қайшылықты пайдаланған орыстар барлық кезде мырзаларды бектерге қарсы айдап салумен болады. Кейде бектермен соғысуы үшін мырзаларға мылтық, зеңбірек, тіпті әскер берді ” [9, 93] деп жазды тарихшы Г.Ғазиз.
Ал Алексеев пен И.М.Аджиев керісінше “орыс үкіметі өз мүдделері үшін Ноғай Ордасындағы өзара феодалдық қырқысты тоқтатуға ұмтылды” [6, 124] деп жазады.
Кең тараған пікірлердің бірі – ноғайлар Мәскеу мемлекетінен өздерінің жеке бастарының мүддесі үшін жақындасқан дегенге саяды. Орыс-ноғай қатынастарында бұл компоненттің болғандығын теріске шығаруға болмайды, өйткені ноғай мырзалары орыс мемлекетінің шегіне тонаушылық шабуылдар жасамағандығы үшін патшадан сыйлық, тіпті тұрақты жалақы да алып тұрған.
Дегенмен екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастарды осы аталған, сыйлық дәметкен жеке бас мүддесіне әкеліп тіреуге болмас. Өйткені Ресей көшпелілер үшін садақа үлестіруші ғана емес, ол деген ең алдымен үлкен рынок еді. Орасан зор Ресей рыногымен көрші болу Маңғыт ақсүйектерінің сыртқы саясатта Ресеймен жақындасуға бағыт ұстауына негіз болды [14, 83-84].
Кейбір зерттеушілердің ноғай-орыс қатынастарын ХҮІ–ХҮІІ ғасырлардың ортасындағы саяси конъюнктураға тәуелсіз, барынша кең мазмұнда қарастырған ниетін қуаттауға болады. Тарихшы Р.Г.Буканова Ресейдің Ноғай Ордасымен байланысының және Ресейдің Қырыммен байланысының арасындағы айырмашылықтарды сипаттаған салыстырмасы өте қызықты, олар: көшпелілердің тікелей орыс жерімен шекаралас болуы; Мәскеу патшалығының оңтүстік-шығысын славян емес халықтардың мекендеуі және т.б. [5, 12, 13].
Ендігі бір авторлар орыстар мен ноғайлардың Алтын Ордадан қалған идеологиялық мұрасы бір, османлыдан бөлек олардың ортақ дәстүрінің болуы да екі елдің жақындасуына ықпалы болды деп есептейді [45, 600].
Бұндай деректер тиянақты талдап, тарихи-мәтіндік салыстырулар арқылы пайдаланғанда барынша объективті тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Жалпы, ноғай-орыс қарым-қатынастарында ХҮІ ғасырдағы екі кезеңді бөліп атауға болады. Бірінші кезең көшпелілердің тең дәрежелі әріптес ретінде орыстармен саяси және экономикалық байланыстар орната бастауы. Бұл әрекет далалық жағдайда әскери тұрғыдан көшпелілердің орыстардан басымдығына және олардың отырықшы елдерді өздеріне тең санамайтын дәстүріне қарамастан жасалынды. Екінші кезең, Қазан және Астраханьды жаулап алу арқылы экономикалық, саяси және әскери тепе-теңдікті бұза отырып, жүйелі түрде бұрыңғы Алтын Орда иелігіндегі территорияны Мәскеудің өзіне қарата бастауымен ерекшеленеді.
Біз Шығыс Европадағы дипломатиялық және сауда қатынастарына барынша мән беріп, оны мемлекетаралық байланыстың маңызды аспектісіне айналдырғанымызбен әскери бәсекелестік те оның ең маңызды бөлігі болып қала береді. Осы тұрғыдан алғанда ноғай қосындарының Ресейдің шеткі аймақтарына үнемі басып кіргендігі, қырымдықтармен одақтасып, тіпті елдің ішкі аймақтарына да жорық жасап отырғандығы рас. Екі елдің арасындағы қатынастардың қалыптасуы және оның даму бағыттарын айқындауда бұл жағдай ең шешуші ықпал атқарды.
Татарлар мен ноғайлардың Руське басып кіруін орыстардың өзі түріктің сакма сөзімен атайды. Ол сөз тура мағынасында атты әскердің жүріп өткен ізі, кең мағынада көшпелілер жорығының бағыты деген сөз. Далалықтардың жорығы негізінен биік, құрғақ, өзендердің су айрығы арқылы өткен. Өйткені көшпелілер үшін өзеннің өткелі, батпақты жер, қалың орманды кесіп өту стратегиялық тұрғыда барынша тиімсіз болатын.
Көшпелілердің сакмасына, яғни жорық жолдарына тосқауыл қою мақсатында 1586 жылы Воронеж қаласы тұрғызылды. 1630–1650 жылдары Белгород бекіністер жүйесі деп аталатын шеп құрылды. Оның бойында Кавказ, Усмань, Коротояк, Острогожск бекіністері салынды.
Ноғай шапқыншылығының келесі бағыттарына Ряжск, Симбирск, Шацк және т.б. бекіністер салынды. Оңтүстік-шығыс шепті қорғау үшін үкімет бұл жерде 60 мыңға жуық жасақшы ұстады. Қырымдықтардан қорғау үшін күзет топтары Муравский, Изюмский, Кальмиусский бағыттарында күндіз-түні күзетсе, оңтүстік-шығыста тек Ноғай жолына ғана күзет қойылды. Әйтсе де ХҮІ–ХҮІІ ғасырларда Закамский қорғаныс жүйесі деп аталатын бекініс-қамалдардың тұрғызылуы шекараны бекіте түсті.
Орыстар Еділ өзенінің өткелдерін ХҮІ ғасырдың ортасынан бастап бақылауға алды. Оларды 1557 ж. негізі қаланған Каманың оң жағалауындағы Лапшев, 1571 жылы Еділдің оң жағалауында тұрғызылған Тетюшев, 1586 жылы Казаннан төмен Самара, 1589 жылы Царицын, 1590 жылы тұрғызылған Саратов бекіністері іске асырды. Бұл бекініс-қалалардың орнауы Еділдің сол жағалауындағы ноғайлар үшін өзеннен өтуіне тосқауыл болуы тиіс еді. Бұл шара біршама нәтиже бергенімен, қауіп бұлтын толық сейілте алмады.
1630 жылдары Үлкен Ноғай Ордасы халқының көпшілігі Еділдің батысына көшіп алғаннан орыс жеріне шабуыл қырым-ноғай одақтастары түрінде іске аса бастады. Ыдыраған ноғай ордасының бөліктері Қырым ноғайларына қосылып, ХҮІІ ғасырдың ортасында Воронеж, Царицын воеводаларына басты әскери қауіп төндірген күшке айналды.
Елшілік байланыстар. Орыс елшілері мен жаулаушылары Ноғай жеріне билер мен мырзаларды Ресейге жақын жазғы жайылымдарда кездестіру үшін көктемгі уақытта келетін болған. Ал қысқы уақытта елшілердің жол жүруі өте қиын болған, бұл, әрине ауа-райына ғана қатысты емес. Орыс миссияларының келу жиілігі Ордамен арадағы ағымдардағы мәселелердің маңыздылығы ғана байланысты болды. Әдетте, елшіліктер жылына бір рет алмасады. Көбіне ол елшіліктер одан құру немесе патша әскерлеріне көмек көрсету үшін атты әскер жіберу сияқты төтенше жағдайларда келетін.
Мемлекеттік елшілер тікелей келіссөздер жүргізумен бірге маңғыт ақсүектеріне арналған грамоталар алып келетін. Елшілік Приказ ол құжаттарды орыс тілінде жазды, ал маңызды құжаттарды приказдың аудармашылары түрік тіліне аударатын, бұл жағдай құжатты оқуда қателікке жол бермеу үшін жасалатын еді де оны ноғай жағы қуана құптайтын. Осы жерде Елшілік приказының қызметіндегі лауазымдарға түсіндірме бере кеткен жөн. Жаушы – ХҮІ ғ. төменгі елшілік шен, ол елшіден, оның өкілінен төмен тұрған және дипломатиялық тапсырмамен бір елге, князьдыққа үкіметтің атынан өкіл болып жұмсалатын. Ал осы Приказдағы аудармашылар – шет ел тіліндегі құжаттарды орыс тіліне аударушы болса, тілмаштар (толмач) шетелдіктермен ауызекі әңгімелерді аударатын болған. Осындай қызметшілер тобы болғаннан кейін ноғайлардың түрік тіліндегі жазбаларын елшіліктегілер ешқандай мүдіріссіз тиісті орындарға тапсыратын.
Ендігі бір мәселе, елшіліктер алмасу, оларды қабылдау режимдеріне байланысты. Жазба деректерден бұндай рәсімдер жүйесінің алтынордалықтардың кезінен қалыптасқанын көреміз. Осы тарқырыпқа қатысты деректер ноғайларға қарағанда орыс қарым-қатынастарында көбірек сақталған. Осы екі елдің Ресеймен қатынастары өте ұқсас болғаны байқалады. Елшілік Приказында елшінің жүріс-тұрысы, өзге қызметшілермен қарым-қатынас тәртібі арнайы жазбамен реттеліп отырған. Онда елшінің өзін күтуші қызметкерлерге тиісті мөлшерден артық сыйлық жасалмауы (тіпті бопсалағанына қарамастан), “аса таяқ салығын” төлемеу туралы тапсырмалар беріледі. Оның мәнісі бидің шатырына енер алдында елшілік жолына күзетшілер аса таяқты көлденең тастайтын болған, оны аттап өту үшін сыйақы берілуі тиіс. Орыс елшілері тапсырманы бұлжытпай орындап, ақша беруден бас тартқанда оны күшпен алған жағдайлар да кездесіп отырған. ХҮІ ғасырда билер елшілерді өздерінің шатырларында қабылдаған. 1580 жылдары Орыс би Ресеймен байланысын үзу үшін православия монархының елшісін аттан түспей қабылдаған. Бұндай жағдайларда елшілер ешқандай келіссөз жүргізбеуі тиіс болған.
ХҮІІ ғ. Үлкен Ноғай Ордасының әлсіреуіне байланысты елшілік хаттама біршама өзгеріске ұшырады. Орда патшаның вассалына айналды, ендігі жерде би елшіні өзінің жеке қонағы ретінде қабылдап, патша грамоталарын бас киімін шешіп тыңдауы тиіс болды [45, 60)
Мәскеуде шет елдік қонақтарды қазынашылық мекемесі жүргізді. Өйткені ноғайлармен және Бақшасараймен қатынас мәселесі қазынаның шығын статьясына жататын еді. Қазынашылардың ведомоствосы – Кремльдің Қазынашылық сарайында қалада патша жоқ кезде елшілерді қабылдау жүргізілетін. Сол сияқты көшпелілердің елшілеріне Еділ сыртына жіберілетін елшіліктерге қызмет жасау үшін татарлар пайдаланылатын. Бұл түсінікті де, өйткені татарлар Ресей мен мұсылман әлемі арасында аралық байланыстырушы қызмет атқарды. Татарлардың шығыс халықтарымен тілі, діні, әдет-ғұрпының бір болуы оларды осы іске мамандандырды. Оның үстіне Ресейдің шығыс халықтарымен байланыста татар тілін қолдану дәстүрі орныққан еді.
Ноғай елшілері мен саудагерлері Ресей шегіне өткеннен бастап оларды астанадан күтіп алуға арнайы жіберілген қызметкерлер, немесе владимирлік, нижегородтық, казандық воеводалардың бөлген адамдары алып жүрді. Жол бойы оларға жергілікті тұрғындар азық-түлік бөлуге міндетті еді.
Мәскеуге келген елшілер төлеңгіттерімен бірге арнайы Ноғай сарайында күтілетін. Ол Сарай туралы ең алғашқы дерек 1535 жылдан бастап кездеседі. Ноғай сарайынан өзге де елшілерді күтетін орындар болды. 1555 жылы 15 адам, 150 жылқымен келген Қасым б. Шейх-Мамайдың елшілігі ноғай сарайына орналасса, олардан екі апта кейін келген Исмаил бидің 50 адам, 300 жылқымен келген елшілігін Панишкино селосына орналастырады. Сол дәуірдегі құжаттарда Ноғай сарайынан өзге де ноғай елшілігі мен сауда адамдарын күтетін мекендердің саны көп болуынан елшілік және сыртқы экономикалық қатынастардың өте белсенді және табысты деп айтуға да болады, жүргізілгендігін көреміз.
Мәскеуге келген ноғайлар өздерін күтушілерге жасалған жағдайға барынша төзімділікпен қараған. Оның есесіне елшілік кезіндегі қолайсыздықтар туралы патша елшілеріне үнемі еске салып отырған.
Патшаның немесе ұлы князьдың арнайы қабылдауы елшілерді орналастырғаннан біршама уақыт өткен соң іске асқан. Ноғай жағы қабылдау уақытын тездетуді өтінген, өйткені қабылдаудың кешіктірілуі Орданың беделіне нұқсан келтіреді деп есептелген. Елшілерді тыңдаған патша шығыс дәстүрімен олармен төс түйістіріп сәлемдесіп, ықылас білдірген және олардың қайтуына орай жауап хат тапсыратын қоштасу қабылдауын өткізетін. Көбіне Ноғай елшілері өз билеушілерінің атынан дипломатиялық қатынастарды, өзара міндеттерді реттейтін шартнама түзеді және өздерімен бірге орыс елшісінің алдында растауы тиіс “Сенім грамоталарын” ала кететін.
Ноғай-орыс қатынастарының ең маңызды элементі көшпелілердің билеушілеріне сыйлықтар мен төлемдер беру. “Ноғай және Қырым елшілері Ресейге тек арғымақтар алып келеді – деп орынды атап көрсетеді тарихшы Н.М.Рогожин – Қайтарда олар аң терілері, тондар, маталар, мылтық, морж сүйегі, қолөнершілердің бұйымдарын тұтас керуен етіп алып қайтады” [36, 97]. Әрине, ноғайлардың негізгі мүддесі сыйлық сұрамсақтау болды деу әділетсіздік болар еді. Орыстардың ноғайларға алғаш рет сыйлықтар үлестіруі Иван ІІІ Жаңбыршы биге 1504 жылдың қазанында жолдаған грамотасында аталады. Әрине, оны Русьтің Алтын Ордаға төлем тұрған алымының жаңғыртылуымен түсіндіруге болады, әйтсе де ендігі кезекте оның функциясы өзгерді: сыйлық үлестіру арқылы мырзалардың тонаушылық жорықтарының алдын алу, Мәскеуге қарсы топты жікке бөлу сияқты нақты мақсат көздеп тартылған тарту-таралғыларды көшпелілер қалыпты жағдай ретінде қабылдап үйреніп қалған. Тіпті онсыз келіссөз жүргізудің мәні де болмайтын.
Тарту-таралғыны тоғыз түрінде тарту Алтын Орда дәуірінде хан сарайында орныққан еді. Ақшаны, затты немесе жылқыны, тоғызды еселеп тарту мысалы “үш тоғыз”, “бес тоғыз” түріндегі өлшемдер біздің қазақ халқының арасында соңғы кезге дейін салт-жоралғыларда сыйлық өлшемі ретінде сақталып келгендігін айта кетуге болады. Орыс және ноғай елшілерінің арасында осылайша жасалған тарту-таралғылардың түрі, саны жөнінде айтыстар жиі болып тұрған. Патша достық қатынас жағдайында елшілердің талаптарын толығымен қанағаттандырып отырған. Дегенмен сыйлықтың сапасы және санының жетімсіздігі туралы арыздар үнемі қатаң түрде орындалмай тасталған. Мысалы, “Патшаға оның патшалық тартуының мөлшерін өзгелердің белгілеп беруі деген бұрын-соңды болмаған”, “біз қызмет пен достықты ешкімнен сатып алмаймыз” [29. д. 8. л. 143] деген мазмұндағы патша жауаптары осы тұжырымдарды дәйектей түседі.
Ноғай ордасына келген Мәскеу елшілігінің құрамы ерекше өлшем түріне енеді. Елшінің дәрежесі мырзаның Мәскеу алдындағы және оның өз руластары арасындағы беделін танытатын. Әдетте Ноғай Ордасына бір немесе екі бояр ұлдары қатардағы жаушылармен бірге келетін. 1580 жылдары Орыс би төңірегіндегі Ресейге қарсы топты жікке бөлу мақсатында осы деңгейдегі сегіз елшіні бірден жіберген еді [29, д 8, 127]. ХҮІІ ғасырдың басынан бастап Мәскеу бөлшектенген ұлыстарға бұндай жоғары дәрежелі елшіліктер жібермейтін болды.
Ноғай билеушілерінің Ресейге деген қатынастарының салқындауы мәскеулік елшілер мен жаушылардың далаға келгенде бидің бұйрығымен немесе оның хабарынан тыс жағдайда тоналуы немесе оларға сыйламаушылық білдіру түрінде көрініс тапты. Бұндай жағдайда үкімет Ордаға баратын елшіліктерді тоқтатып қойды, егер Мәскеуде ноғай елшілері болса, оларды “шөміштен қысты” немесе қабылдамай, ешқандай тартусыз, қорлайтын мағынадағы грамоталармен қайтарып жіберетін. Егер орыс елшілігін ноғай жерінде күшпен ұстап отырса, онда бұл елшілерді қамауға алды.
ХҮІ ғасырдың ортасына дейінгі ноғай-орыс қатынастары Едіге кезіндегі дәстүрмен қалыптасты. Дегенмен, ноғайлардың этносаяси бірлестігі ХҮ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқандықтан оған дейінгі қатынастарды ноғай-орыс қатынастары деп атау дұрыс болмас еді. Бұл қатынасты 1489 жылдың күзінде Мұса мен Жаңбыршының Мәскеуге елшілік аттандыруымен бастаған дұрыс болар.
Орыс жағы Еділсыртындағы көшпелілер 1481 жылы Үлкен Орда ханы Ахмед б. Күшүк-Мұхаммедтің талқандалуы және өлтірілуінен бастап қызықтыра бастайды. Иван ІІІ ежелгі қарсыласы Ахметтің талқандалуы орыстардың қызығушылығымен бірге олардың алыс даладағы көшпелілерге деген құрметін де оятты. Әрине, осы тарихи процесте маңызды роль атқарған Ноғайлы жұрты Қырым немесе Үлкен Орда сияқты ресейліктер тарапынан қуатты ел ретінде бағалана қойған жоқ. Бұл жағдай сол кездегі дипломатиялық протоколдардан да көрініс тапты. Ол кезде ұлы князь ноғай елшілерімен екінші дәрежелі қызметкерлері арқылы сөйлескен [Карамзин, 1989, 2 кн. С. 118–119]. Оның есесіне Мәскеудің Қырыммен байланысы мықты орныққан болатын. Не себепті? Ең басты себеп, Ресей Ахметке қарсы Қырыммен одақ құруы еді. Бұл жағдай дипломатиялық қатынастарды жандандыруды талап етті.
Ал Ноғайларды Ресеймен дипломатиялық байланыс орнатуға итермелеген мүдделер де салмақты еді. 1496 жылы ноғайлар Қазанға өз ханын отырғызды. Әйтсе де 1478 жылы Қазан қаласына өз протекторатын орнатқан орыстардың ықпалы Еділдің орта ағысында күшейе түсті. Содан да Аббас би мен Жаңбыршы мырза Иван ІІІ-нің Қазан қаласына қамқорлығын мойындауға мәжбүр болды және ХҮІ ғасырдың басында Қазан хандығына қатысты саяси әрекеттерін ұлы князьбен келісіп отырды [45, 610].
1520–1530 жылдары ноғайлар Ресей үкіметінің шеткі аймақтарындағы сыртқы саяси мүдделерінің ықпалына тартылды. 1534 ж. Сайд-Ахмадтың 70 мырзаны қосып, 50 мың жылқыны сатуға апарған елшілігі үлкен оқиға болды. Уақытша жоғарғы биліктен айрылған көшпелілер өте қауіпті, басқыншы көршіге айналды. 1530–1540 жж. Ноғайлардың орыс жеріне басып кіруі орын алған. Бұндай басқыншылыққа оларды Мәскеуге қарсы көңіл-күйдегі Герей әулетінен шыққан Қазан хандары болды.
Осылайша ноғайлар мен орыстардың талқылайтын ортақ тақырыбы – Қазан хандығы мәселесі болып шыға үгіттеді.
Жүсіп би бастапқы кезде қызы Сүйімбикенің күйеуі Сафа-Гирей ханды қолдады. Сафа-Гирей өлген соң Сүйібике Ресейдің қол астында аманат ретінде қалып қойды. Бұл оның әкесінің жауынгерлік рухын әлсіретті. Бидің кіші інісі Исмаил 1540 жылдары патшамен ынтымақтасып, олармен одақ болу бағытын ұстанды. Исмаилдың бағыты бидің және мырзалардың Ресейге қарсы әскери дайындығына бірнеше рет кесірін тигізді. Иван ІҮ 1552 жылы Қазанға жасаған шешуші жорығында жеткен жеңісі үшін осы Исмаилға қарыздар еді. Өйткені Еділдің сол жағалауынан орасан зор ноғай атты әскері, онымен бірге оңтүстіктен қырымдық Дәулет-Гирейдің де әскері орнына тапжылмады. Осылайша Қазанның жаулап алуы ноғай мырзаларының саяси бөлшектенуін күшейте түсті. Исмаилдың мәскеушіл лагері нығайып 1554 жылы Жүсіп би орнынан алынып, өлтірілді. Исмаилды қолдаушылар оны Ноғай Ордасының биі деп жариялады.
1655 жылы Ноғай Ордасындағы басқарушы номенклатураны жаңғырту үшін Елшілік Приказында билерді сайлау дәстүрі қағазға түсірілді. Ол қолжазбада “Смаиль князь” Ноғайды басқарған алғашқы билеуші ретінде аталады. Оның бұлай бірінші болып аталуына негіз болған айғақ – Исмаилдың Мәскеуге адалдық туралы ант берудің рәсімі – шартты (шартқа отыру мағынасында) алғаш рет іс жүзінде қолдануына байланысты туындаса керек. Тарихнамалық тұрғыда шартнама мәселесі алғаш рет 1557 жылы туындаған еді. Бұл кез Исмаил үшін Жүсіп пен Қазының жақтаушыларымен арадағы саяси күрестің барынша шиеленісіп тұрған кезі еді. Мәселе төтесінен қойылды. Ол өз бауырын өлтіруші Исмаилдың билікке қол жеткізуі ғана емес, оның өмірі мен өлімі мәселесі еді. Бұндай күрделі жағдайда оның одақтасы және қамқоршысы біреу ғана – Ресей патшасы болатын. Жүсіпке қарсы күрес барысында орыстармен жиі араласуы Исмаил үшін құрылған тор болды. Ол өзінің иелігіндегі үлкен “князьдықты” сақтап қалу үшін де Мәскеумен бұрынғыдан бетер жақындаса түсті.
Бұндай қатынасты бидің өз халқын “дінсіздердің” боданына саналы түрде алып барған әрекет деуге болмас. Өйткені Исмаилдың патша үкіметімен жасасқан шартнамасы амалсыздан жасалды және ноғайлардың Ресей құрамына толық енгендігін де танытпайтын; бірінші кездескен мүмкіндікті пайдаланып, Орда өзінің тәуелсіз өмір сүруін қамтамасыз ете алатын.
Мәскеу де Исмаилмен келісім жасауға мүдделі болды. Өз мүддесіне нұқсан келтірмей және шарттағы талаптарды сақтамай-ақ Исмаилды өздерінің саяси ойындарына пайдаланғандықтан Иван ІҮ патшаға оның өкпе артуы орынды. Иван мен Исмаилдың арасында татар хандығы билігі мен территориясын бөлісу туралы жасалған шарттардың орындалмауы халықаралық қатынастағы бұл тәсілдің тиянақсыздығын танытады.
Әйтсе де Ресей мен Ноғай Ордасы арасындағы шар-нама дәстүрі жалғаса берді. 1557 жылы қол қойылған шарт-намада мынадай талаптар бар еді:
- Ақ патшамен сыйластықта болу және оның жауларымен соғысу;
- Қырыммен достық қатынас жасамау;
- Өз боданындағылардан бір-бірімен және Ресейге қарсы соғысуына тиым салу [29, д 5, л 26].
Бұл шарт-нама бойынша Ноғай Ордасы Мәскеуге тәуелді емес еді. Бірақ Мәскеу 1554 жылғы шарт-намаға қарағанда өз позициясын нығайтып алды, оны Мәскеудің өзіне ешқандай міндеттеме алмауынан көреміз. Өз міндетін тек ноғайлар ғана тізбеледі. Сол арқылы Ресей мемлекетімен қатынаста олар кіші әріптес екендігін мойындады.
Бұл жағдайлардың салдары әртүрлі болды: Исмаил жақтастарынан айырылып оқшаулана түсті; ноғай жеріне Астрахань хандығындағы орыс әскері жиі шабуыл жасай бастады; Ноғай әскері Ливол, Литваға қарсы орыс әскерінің жорықтарына тартылды; ноғай мырзалары орыс жеріне қоныстана бастады.
ХҮІ ғасырдың соңында Үлкен Ноғай Ордасы мен Ресейдің арасындағы қатынас сапалық жаңа деңгейде қалыптасып, дамыды. Ресей еділсырты ноғайларының осы кездегі ауыр саяси, экономикалық дағдарысын өзінің мүддесіне пайдаланып қалуға тырысты. Сол үшін де халық алдындағы өзінің күш-қуаты мен қайрымдылығын көрсету мақсатында аштық уақытында күйзелгендеріне астық, мата бұйымдарын жеткізіп, көмек жасады. Жайықтың шығысы Қазақ хандығына қараған соң Еділ-Жайық арасымен шектелген Үлкен Орда үшін Еділді кім иеленсе, сол арқа сүйер стратегиялық әріптес болып қалды. Бұл кезде, әрине, Ресей Еділге берік орныққан еді. Осындай жағдайлар Иван ІҮ патшаның көшпелілерді жойып жіберу үшін мың атқыштың өзі жеткілікті деп мақтануына мүмкіндік берді [Трен, 616]. Ноғай билеушісі Дінахмет Иван Васильевті өзімсініп (ол екеуі апалы-сіңлілі шеркес қыздарына үйленген бажа болатын) оны бейбіт қатар өмір сүретін екі жақты ынтымақтастыққа сендіріп бақты. Әйтсе де 1567 жылдан бастап Бақшасарайдың Мәскеуге қарсы билеуші топпен астыртын келіссөздер жүргізе бастады. Нәтижесінде ноғай атты әскері 1571–1572 жылдары Дәулет-Гирейдің Мәскеуге жорығына қатысты.
Иван ІҮ үш жақты майдан – Литва, Қырым және Ноғай – жағдайында келіссөздер жүргізіп, халықаралық рәсімдер сақтауды қажет деп таппады. Содан да Мәскеудің көз алдында Еділ казак оларды ашық түрде қырып-жоюға кірісті.
Қырым ханы да тек жорық кезінде ғана көмегі қажет болатын жаңа одақтастарына бүйрегі бұра бермеді. Сондай сыртқы жағдайларға байланысты Дінахмет қырым-орыс қақтығысына қатысқанымен одан үлкен олжа және саяси пайда көре алмады. Оның үстіне Дәулет-Гиреймен қатынастың салқындауы Дінахметтің Иван Грозныймен жақындасуына алып келді. Би өлер алдында балаларына орыс билеушісімен бір болуды өсиет етті.
Бастапқы кезде бұл өсиетке 1578 жылы таққа отырған Орыс би адал болуға тырысты. Әйтсе де Русьте көшпелілердің бейбітшілік сүйгіштігіне сенім де қалмаған еді. Содан да Орыс би қанша сендіруге тырысқанымен оған қарсылас ретінде қараған көзқарас өзгермеді. Оның себебі де жоқ емес еді. Орыс би шын мәнінде Иван Грозныйдың салқын қабағына қарсы екіжүзді саясат ұстанды. Қырымға 1577 жылы барған жаушы Е.Ржевскийдің “Ноғай қайда өмір сүрсе де өтірік айтуын қоймайды” деген сөзі үкіметтің ноғайларға деген қатынасын білдіретін еді [45, 618].
Ресейдің қойған шарттарына мойын ұсынған Ноғай билеушілері Осман сұлтанының алдында “біз Мәскеудің еркіне еріксіз көндік; Астрахань мен Еділ, Жайық пен Самар кімдікі болса, біз сонікіміз”, – деп ақталды [45, 620].
Көшпелілер империясының саяси бытыраңқылыққа түсуі оның билеушілерін батыстағы көршісінің саяси және экономикалық қолдауына тәуелді ете түсті. Ноғай Ордасының өз ішіндегі орын алған қырқыс кезінде Ресейге қарсы тұру деген мәселе күн тәртібінен түсіп қалды.
1600 жылы Иштерек Борыс Годуновтың қалауымен би болып сайланды. Годунов тақтан тайған кезде де Иштерек Ресейден қол үзбей Лжедмитрий І патшаға ант берді. Кейіннен Осман сұлтанының қамқорлығына өту арқылы Бұлғақ кезінде қатынасты үзді. Содан кейінгі жылдары Саратов, Самара қалаларын өртеп, Царицынды талқандады. Осылайша 1608–1613 жылдары Үлкен Ноғай Ордасы Ресей сыртқы саясаты үшін алынбас қамалға айналды [28, 1948 а, 65].
Ресейдегі Бұлғақ басылып, Михаил Феодорович таққа отырған соң оның мықты билігінен сескенген Иштерек 1613 жылғы тамызда оны құттықтап елші жіберіп, бұрынғы күнәларын кешіріп,, “Халоптыққа” қабылдау жөнінде өтініш білдірді. Ол 1619 ж. қайтыс болғанға дейін өзіне алған шартнамалық міндеттеріне адал болды, ұрпақтарына да оны бұлжытпай сақтауды өсиет етті. Бірақ бұл бойұсыну да уақытша болатын. Тірі кезінде-ақ Иштерек бидің билігі көптеген елге (руларға) жүрмейтін еді.
Орыс үкіметінің қолында осы кезде көшпелілерді біржола талқандау немесе түбегейлі тәуелді етуге қаржы жетпеген болуы керек. Оның алдында ноғайларға қатысты екі бағыт болды: бірі – ноғайларды айтқанынан шықпайтын бидің қол астына шоғырландыру, екіншісі – оларды барынша әлсірету. Үкімет көбіне осы соңғы бағытты ұстанды. Содан да Орда ішіндегі алауыздықты қоздыруды басты назарда ұстаған патша әкімшілігі мырзалар мен билердің өзара қырқысқан топтарды бітістіру туралы өтініштері үнемі орындалмады.
1630 жылдары Үлкен Ноғай Ордасы соңғы саяси тірегінен айрылды. Оның соңғы биі Қанай патшаға бағыну немесе бағынбау мәселесіне бас қатырған да жоқ, патша әкімшілігінен ол өзінің күнделікті тірлігіне қол сұғып, беделін түсірмеуді ғана өтінді.
Ноғай Ордасы мен Астрахань хангдығының арасындағы қатынас та біршама күрделі сипатта дамыды. Орыстардың Астраханды жаулап алған кезде олардың ноғайлармен жүргізетін саясатында бір-біріне қарама-қарсы мүдделер бар екендігі белгілі болды. Әйтсе де жаулап алушылар бұл жерде ноғайлармен одақтас болғанымен, олардың мүддесімен санасуды қажет деп таппады.
Астрахань хандығы кезінде қалыптасқан құл саудасын Орыс воеводалары одан әрі жалғастырды. Олар әскери жорықтарда қолға түскен тұтқындарды қалада ұстады, бірқатарын құлдыққа сатты. Осылайша Астрахань қаласы төңірегінде гарнизон қызмет жасайтын алғашқы “жұрттар” – елдімекендер пайда бола бастады. 1564 жылы мырзалардың хаттарынан көптеген ноғайлардың Астрахань тұтқында екендігінен хабардар болған Иван ІҮ ашуға мініп, воеводаларға барлық тұтқындарды босатуға бұйрық береді [29, д. 7, л 14]. Бірақ ол тұтқындардың Ордаға жаппай қайтарылуы іске аспады, көптеген ноғайлар қалалар жанындағы “жұрттарда” қалып қойды.
Астраханьдықтар мен ноғайлар арасында балық аулау, аң аулауға байланысты ұсақ қақтығыстар орын алып тұрған. Одан басқа да кикілжіңдер аз емес еді. Әйтсе де Астрахань арқылы патшаның өзі босатқан астық т.б. тартулары келіп тұрғандықтан оның воеводаларымен жанжалдасу Ноғай билеушілері үшін тиімсіз болды.
Астрахань жеріндегі патша әкімшілігінің ең басты қызметі Еділдің құярлығындағы өткелді қадағалау болғандықтан, орыс воеводалары Еділдің сол жағалауына Ноғай Ордасының қарсыластарын өткізбеуі тиіс және Ноғай елшілері мен саудагерлерін, Қырым жағына өтетін көшпелілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді міндетке алды. Ұлы Жібек Жолы кезінен бері келе жатқан бұл өткелді иеленген орыс әскерінің осында атқарылар қызметінің мықты жүйесі қалыптасты. Еділ жағалауы мен оған құйған өзендер бойында кедендік, шекаралық бекеттерді айналып өтуді болдырмау үшін мергендердің тобы күзеттік қызмет атқарды. Өткелден өткен жаяу жүргіншіден 1 теңге (орыс жазбаларында – деньга), жылқы мен сиыр үшін 2 теңге, бұзау, қой, жүк өткізгендігі үшін тиісті алым алынды. Ақша болмаған жағдайда алым зат түрінде де алына беретін. Олардан арнайы құжаттар талап етілді. Тек Үлкен Орданың билері мен елшілері ғана тегін және кедергісіз өткізілді.
Ноғай-орыс қатынастарында ежелгі мұсылман мемлекеттерінде қалыптасқан кепілдік немесе аманат алмасу институты өз жалғасын тапты. Араб халифалары рубасылардың өкілдерін кепілдікке ұстайтын. Олар Сарайда белгілі бір уақыт өмір сүріп, мерзімі біткен соң өзгелермен алмастырылатын еді. Орыс би кезінен басталған бұл дәстүр ноғайлардың әлсіреуіне байланысты воеводалардың тәлкегіне айналды. Ендігі жерде Аманат сарайлар “мемлекетке сатқындық” жасады деген күдікпен бейкүнә адамдарды қамауда ұстауға арналған орынға айналды.
Ноғай Ордасы мен Мәскеу патшалығы қатынастарының өзара статусы ноғайтанудың негізгі мәселелерінің бірі. Өйткені бұл мәселе Ноғай Ордасының Мәскеу патшалығына тәуелділік деңгейін анықтап беретін еді. Ол байланыс вассалдық па, протекторат па, әлде бодандлық па? Осы мәселеге байланысты ғылыми әдебиетте ноғай және орыс билеушілерінің бір-бірін атаған лауазымын негізге алған тұжырымдар жеткілікті.
Маңғыт беклербегі Едіге алтынордалық ақсүйектердің өкілі ретінде лауазымы бойынша татар және вассалдық иеліктердің билеушілердің бәрінен де жоғары болатын. Ол сондықтан да Орыс ұлысының басшысы Василий Дмитриевичке ешқандай дәреже санаспай, хандарға тән асқақтықпен “Едігеден Васильге” деп хат жолдаған.
Ал Үлкен Орда мен Қырым жұртының билеушісі Темір б. Мансұр Иван Васильевичті балам деп атаса, ол әкем деп атаған.
Беклербек Жанидан б. Дінсопы Иван ІІІ патшаны бауырым деп атады.
Беклербек Мұса б. Уақас орыс билеушісіне “ұлым немесе бауырым дейсің бе – өз қалауың білсін” деп жазды [45, 628–629].
1552 жылға дейін Мәскеу мен Ноғай Ордасының арасындағы теңқұқықты әріптестікке негізделген бірін-бірі қолдап, қуаттайтын достық қатынас қалыптасқан. Бұл негізінен дұрыс, бірақ бұл жағдай екі ел арасындағы риясыз достық байланысты білдірмейтін. Бұл жерде екі жақтың да ықпалдастығымен емес, ноғайлар жағының үнемі ағалыққа ұмтылған әрекетінен туындады.
Ал 1550 жылдардан бастап патшаның ноғай ақсүектерімен қатынасы жаңа сипат алады. Оның державасының әскери қуаты, әзірге тәуелсіз болса да Еділ бойы хандарын ақтырып алған әрекеті Алтын Орда жұртындағы елдерге Иван ІҮ саяси салмағы мен статусын мойындатты. Қазан мен Астраханьды жаулап алғаннан кейін оның беделі аспандап кетті. Оны “Ұлы Шыңғысханның тікелей ұрпағы” [29, д 6, л 224] деп дәріптеу орын алды.
Соған сәйкес беделді Исмаил бидің Иван Васильевичке “сен маған ұл бол, әкелі-балалы болып” ел басқарамыз [29, д 4, л 219] деген ұсынысы қолдау таппады.
Орыс би кезінде әлсіреген Ноғай Ордасы Мәскеуден ешқандай теңқұқылықты талап ете алмады. Мырзалармен арадағы жазбаларда мәскеуліктер “холоп” сөзін қолдана бастады. Орыс бұл сөзге намыстанса, содан кейін Борис Годунов таққа отырғызған Иштерек би ондай мазақ атауды қаперіне де алмады. ОлБұлғақ кезінде патша наместнигіне “Сенің патшаңа мен сияқты ешкім де дос бола алған жоқ” деген сөзіне “холоп патшаға дос бола алмайды” деген қатқыл жауап алады [29. Д. 2. Л 6–7]. Осылайша ХҮ ғасырдан ХҮІІ ғасырдың басына дейін ноғай билеушілерінің орыс сонархтарымен байланысының статусы әкеден басталып, туыстан досқа ұласып, ақыр соңында холоппен аяқталды. Бұл әлеуметтік регресс Ноғай Ордасының Ресейге тәуелділігінің деңгейін анықтауда жарқын иллюстрация бола алады.
Ноғай Ордасының Ресейге бағыныштылығы мәселесі де ноғайтанудың өзекті тақырыптарының бірі. Тарихи әдебиеттерде жинақталған пікірлерді талдай келе мынадай тұжырымдар жасауға болады.
Біріншіден, Ноғай Ордасы немесе ноғайлар патша титулдарына енгізілген жоқ. Бұл дерек Қазан, Астрахань, Сібір хандықтарының территориясы сияқты Мәскеу иеліктеріне Ноғай жерінен енгізілмегендігін танытады [38, 49].
Екіншіден, Ноғайлар Мәскеуге ешқандай мемлекеттік салық төлеген жоқ. Салықтың орнына Ноғай ордасы патшадан жарлық болса, өз әскері, өз азық-түлік, қару-жарағымен жорыққа шығуға дайын тұруы тиіс еді. Оларға жалақы төленбейді, оның орнына соғыстан қандай олжа түсірсе соның бәрін иелене алатын. Бұл келісімдер Мәскеу елшілерінің Речь Посполитаяға қарсы жорық жасауға байланысты шартнамасында анық жазылған. Бұл сбееп те бодандықты толық дәйектей алмайды.
Үшіншіден, Ноғай Ордасы тарихының соңына дейін оның билеушілері Ресеймен Елшілік приказ арқылы байланыс жасады. Сыртқы саяси дербестікті шектеу протектораттық институттың негізгі белгісі. Ол кейдк жергілікті билеушінің жанындағы протектор-мемлекеттің арнайы тағайындаған кеңесшісі түрінде де қолданылатын. Ноғай-орыс қатынасында соңғы түрі қолданылған жоқ, оның есесіне саяси дербестікті шектеу уақыт өткен сайын белең ала берді.
Төртіншіден, Ноғай Ордасына ешқашан да Ресейлік заңдар – Судебник ережелері, патша жарлықтары, боярлық және соборлық үкімдер тараған жоқ. Үкімет Еділсырты билеушілерінің тәуелсіздігін танып, аталған заңнамаларды енгізуге ұмтылған жоқ.
Бесіншіден, Ноғай Ордасы Ресейдің воеводаларлықтары мен разрядтарына енген жоқ және уездерге бөлінбеді. Мәскеу Ноғай Ордасы ыдырағаннан кейін ондаған жылдар бойы оның территориясын әкімшілік бөліктерге бөлуден тартынды. Осының өзі Ноғай Ордасының Мәскеу билігіне толық тәуелді болмағандығының бір айғағы бола алды.
Қорыта айтқанда, жоғарыда келтірілген дәйектерге сүйеніп, Ноғай Ордасы мен Мәскеудің арасындағы қарым-қатынас протекторат элементі бар вассалдыққа негізделді деп айтамыз. ХҮІ ғасырдың соңы ХҮІІІ ғасырдың басында Ноғай Ордасының Ресей құрамына өту процесі басталды, бірақ бұл процесс Ноғай державасының күйреуімен аяқсыз қалды. Бір кездердегі қуатты мемлекеттің орнында қалған басшысыз иеліктерді Ресей патшасы өз боданы деп жариялай салды.
Тағы рефераттар
- Жер құрылысын зерттеу
- Степан Кириллович Токарев
- Мүліктік құқық және мүліктің жеке түрлерін мұраға қалдыру
- Атом бомбасы және КГБ (Жорес Медведев)
- Кактус