1. Прокуратура органдары қызметкерлерінің лауазымына денсаулығының жағдайы бойынша прокуратура органдарында қызмет атқаруға жарамды жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.

Жоғары заң білімі бар, қажетті моральдық және іскерлік сипатқа не денсаулығының жағдайы бойынша прокуратура органдарында қызмет өткеруге жарамды, міндетті арнайы тексерулерден өткен азаматтар прокурор болып тағайындала алады. Оларды лауазымға тағайындау кезінде сынақ мерзімі тағайындалуы мүмкін.

Азаматтың денсаулық жағдайы бойынша прокуратура органдарында қызмет өткеруге жарамдылығын әскери-дәрігерлік комиссия растайды, одан өту тәртібін уәкілетті органдар айқындайды.

Прокуратура органдарына қызметке түсу кезінде азамат тұрғылықты жері бойынша салық қызметі органдарынан өзінің және зайыбының (жұбайының) кірістері мен салық салынатын объектілері болып табылатын мүліктері туралы декларация тапсырғаны жөнінде мәлімет ұсынады.

Көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе бұрмалау прокуратура органдарына қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.

Прокуратура органдарына қызметке алу мемлекеттік қызметшілер кадрлары туралы республикалық деректер орталығына алдын ала сұрау салынған жағдайда жүзеге асырылады.

Бас прокуратураға — Бас прокурордың, Бас әскери прокуратураға, облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларға, прокуратураның ғылыми ұйымдары мен білім беру ұйымдарына қызметке қабылдау, лауазымға Бас прокурор тағайындаған адамдардан басқа, олардың басшыларының бұйрықтарымен жүзеге асырылады.

2. Әскери прокуратура органдарына қызмет өткеру тәртібі «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы», «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы», «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының заңдарымен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен және осы Ережемен айқындалады.

Әскери прокуратура органдарына әскери қызметқе жарамдылығын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережесімен айқындалатын тәртіпте әскери-дәрігерлік комиссиялар растауы қажет.

3. Прокуратура органдарына лауазымға алғаш рет тағайындалған адам ант қабылдайды, оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

Ант Бас прокурор айқындайтын тәртіпте, салтанатты түрде қабылданады.

4. Облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың (бұдан әрі — облыстар прокурорлары), қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлардың (бұдан әрі — аудандар және қалалар прокурорлары) лауазымдарына жасы 25-тен кем емес, прокуратура органдарында кемінде үш жыл еңбек өтілі бар адамдар тағайындалады.

Облыстар, аудандар, қалалар прокурорларын Бас прокурор бес жыл мерзімге тағайындайды. Облыстар прокурорлары лауазымына тағайындауды Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен Бас прокурор жүргізеді.

Аудандар және қалалар прокурорларының бес жылдық мерзімі өкілеттіктерінің аяқталуына дейін кемінде бір ай бұрын жоғары тұрған прокурор Бас прокурорға аудан немесе қала прокурорын жаңа мерзімге немесе оны басқа лауазымға ауыстыру туралы ұсыныс енгізеді.

Облыстар прокурорларын жаңа мерзімге тағайындауды Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен Бас прокурор жүзеге асырады.

5. Прокуратура органдарына қызметке мынадай адамдар қабылданбайды:

1) белгіленген тәртіпте сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған;

2) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулығының жағдайы бойынша қызмет өткеруге жарамсыз деп танылған;

3) өз мәртебесін және өзіне негізделген беделді жеке, топпен немесе қызметтен тыс мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкін әрекеттерге жол бермеу мақсатында өзіне заңдармен белгіленген шектеулерден бас тартқан;

4) жұмыстан босату түріндегі тәртіптік жазаны қоспағанда, прокуратура органына қызметке түскенге дейін екі жыл ішінде сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған;

5) прокуратура органына қызметке түскенге дейін бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

6) прокуратура органына қызметке түскенге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жұмыстан босатылған;

8) бұрын сотталған немесе қылмыстық жауапкершіліктен ақталмайтын негіздер бойынша босатылған;

9) мемлекеттік қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан жағымсыз себептермен жұмыстан босатылған.

Прокуратура органдарына тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне қатыстылығына, сеніміне, тұратын жеріне немесе кез келген өзге де жағдайлар бойынша деген желеумен қызметке қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

Прокуратура органдарына қызметке қабылдаудан бас тартқанда жоғары тұрған прокурорға не сотқа шағымдануға болады.

6. Прокуратура органдарының қызметкерлері:

өкілетті органдардың депутаты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі болуға;

партияларға, кәсіптік одақтарға мүше болуға, қандай да болмасын саяси партияны қолдау мақсатында сөз сөйлеуге;

педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, өзге ақылы қызметпен айналысуға;

кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, соның ішінде, егер коммерциялық ұйымдарды басқаруға тікелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзінің лауазымдық міндеттеріне жатпаса, коммерциялық ұйымдардың ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, оны басқаруға қатысуға;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзінің жақын туыстары (ата-анасы, балалары, бала асырап алушылары, асырап алған балалары, ата-анасы бір болған немесе ата-анасы бөлек болған аға-інілері мен апа-сіңлілері, аталары, әжелері, немерелері) немесе ері (жұбайы) атқаратын лауазымдарға тікелей бағынышты лауазымдарды атқаруға;

өзі қызметте тұрған, не өзіне тікелей бағынышты немесе бақылауындағы мемлекеттік органда үшінші тұлғалардың істері бойынша өкіл болуға;

өзінің қызметтік әрекетін материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ететін құралдарды, басқа да мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік мақсаттан тыс пайдалануға;

ереуілдерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты қызмет етуіне және қызметтік міндеттерін атқаруға кедергі жасайтын әрекеттерге қатысуға;

лауазымдық өкілеттіктерін атқаруға байланысты жеке басының мақсатында азаматтар мен заңды тұлғалардың қызмет көрсетулерін пайдалануға құқылы емес.

7. Прокуратура органдарының қызметкерлеріне белгіленген үлгіде қызметтік куәлік беріледі.

Қызметтік куәлікте тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, сыныптық шені немесе әскери атағы, мемлекеттік құпияларға рұқсат нөмірі мен түрі, қызметтік қаруды алып жүру құқығы туралы белгілер көрсетіледі.

Қызметтік куәлікке прокуратура органы қызметкерінің фотосуреті желімдеп жапсырылады. Қызметтік куәліктегі мәліметтер уәкілетті лауазымды тұлғаның қол қоюымен және прокуратураның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бар мөрімен бекітіледі.

Бас прокурорға, оның орынбасарларына белгіленген үлгідегі куәліктерді Қазақстан Республикасының Президенті береді.

Бас прокурор, облыстар прокурорлары белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктерді өздерінің бағынысты қызметкерлеріне береді.


Тағы рефераттар