Қазіргі уақытта жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ (бұдан әрі – Жылжымайтын мүлік қоры) іске асыруда.

Жылжымайтын мүлік қоры жалдау және кейін сатып алатын жалдау талаптарында тұрғын жай береді. Бұл нені білдіреді?

Бірінші жағдайда — жалға алушы тұрғын жайды ақысын төлеп  уақытша иелікке және пайдалануға алады, ал екінші жағдайда — жалға алушы жалдау мерзімі өткеннен кейін, не болмаса мерзімінен бұрын сатып алу арқылы пәтердің меншік иесі бола алады. Кейіннен сатып алатын жалдау шарты 13 жылға дейін жасалады. Жалға алушы жалға алынған орын-жайды тек 5 жылға жалдағаннан кейін ғана мерзімінен бұрын сатып ала алады. Жалға алушы жалдау шартына қол қойған  кезде, сондай-ақ алғашқы 5 жыл  ішінде, алғашқы салымды енгізе алады және/немесе орын-жайдың құнының жартысын мерзімінен бұрын өтей алады. Сонымен қатар, мерзімінен бұрын өтеу көлемі орын-жайда сату құнының 50%-нан аспауы тиіс.

Тұрғын үй алуға кім үміткер бола алады?

Біріншіден, тұрғын үй тек меншігінде үйлері жоқ (кемінде 1 күнтізбелік жыл) немесе тұрғын алуға ниет білдірген өтініш иесінің сол елді-мекенде тұрғын үй жағдайын жақсарту қажеттілігі бар (тұрғын үйдің жалпы алаңы 1 адам үшін 18 ш.м. аспайтын) тұлғаларға беріледі.

Екіншіден, тұрғын үй алуға үміткер болған барлық адамдар өздерінің төлем қабілеттіліктерін растаулары қажет. Төлем қабілеттілігі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (ҚТҚЖБ) есептеген ең жоғарғы жалдамалы төлем сомасының (ЕЖТС) көрсеткішінен анықталады.

Жылжымайтын мүлік қоры қаржыландыратын барлық объектілер үш топқа бөлінеді: әлеуметтік-класс, эконом-класс және бизнес-класс. Осы топтардың арасында негізгі айырмашылығы тұрғын үйдің техникалық өлшемдеріне, жалпы және тұрғын алаңы, төбесінің биіктігі, қауіпсіздіктің заманауи жүйелерімен қамтамасыз етілуі, үнемділігі мен ыңғайлылығы және т.б. байланысты болады.

Қор іске асыратын бағдарламалардың қатысушысы атануға  мүмкіндігі.  

1. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская Правда» газеттерінде және Жылжымайтын мүлік қорының www.kazproperty.kz веб-сайтында кезекті объектіде тұрғын үй бөлуге өтінім қабылдау туралы хабарландыру жарияланады. Сонымен қатар, аталған веб-сайтта сіз бағдарламаға қосылған тұрғын үй кешендері (нақты объектілер, олардың орналасқан жері пәтерлердің үлгілік жобалануы және т.б.) туралы нақты ақпарат ала аласыз.

2. Өтінім қабылдау басталғаннан кейін сіз ҚТҚЖБ-ға ЕЖТС есептеу үшін қажетті құжаттар тізімін (қажетті құжаттардың тізімін www.kazproperty.kz сайтынан көре аласыз) беруіңіз қажет.

3. ҚТҚЖБ құжаттарды қабылдап алғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде ЕЖТС есебін жүргізеді және ЕЖТС көрсеткішін Жылжымайтын мүлік қорының басқарушы компаниясына Банктің ресми бланкісінде, көшірмесін Сізге береді.

4. Қабылдау басталғаннан кейін 15 күннен кешіктірмей, яғни өтінімді қабылдау аяқталған күннен кешіктірмей сіз Басқарушы компанияға (БК) құжаттардың толық тізімін (қажетті құжаттардың тізімін  www.kazproperty.kz сайтынан ала аласыз) беруіңіз қажет. Басқарушы компанияның қызметкері құжаттарды қабылдайды және өтініш иесімен бірлесіп осы Қордың базасында өтініш-сауалнаманы толтырып, тіркейді, сонымен қатар, оған орын-жай бөлуге құжаттарды қабылдаудың орны, күні және нақты уақыты көрсетілген жеке нөмір береді.

5. Өтінімдерді қабылдау аяқталған күннен кейін БК төлем қабілеттілігі бар өтініш иелерін іріктейді және тұрғын үйді бөлудің басымдылығына сәйкес әрбір объект үшін рейтинг қалыптастырады.

6. БК рейтингке сәйкес тұрғын жайды алдын ала бөлуді жүзеге асырады.

7. Қордың тұрғын үй комиссиясы көпшілік дауыспен шешім қабылдайды және Өтініш берушілерге бекітілген тұрғын үйді бөлудің тізбесін бекітеді.

8. Өтініш иелерінің және оларға бекітілген пәтерлердің тізімі «Егемен Қазақстан», «Казахстанская Правда» газеттерінде және www.kazproperty.kz веб-сайтында жарияланады.

9. Тұрғын үйді бөлудің бекітілген тізімін алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде БК Өтініш иесімен шарт жасасады.

10. Жалдау және кейіннен сатып алатын жалдау шартын жасасқаннан кейін 3 күннің ішінде Өтініш иелері кепілдік төлем, алғашқы салым (ол болған жағдайды) төлеуі тиіс. Сонымен қатар, олар шарттарды мемлекеттік тіркеуді жүргізулері қажет.

11. Шарттар мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде БК үй-жайды қабылдау-беру актісінің негізінде Өтініш берушілерге тұрғын үйді тапсыруды жүргізеді.

Маңызды! Жалға алынған немесе кейіннен сатып алатын жалға алынған пәтерлерді жалға алушылар үшінші тұлғаға жалға бермей, мақсаты бойынша пайдалануы тиіс.

Ескерту. Жылжымайтын мүлік қорының жалдамалы тұрғын үй бағдарламасының талаптары уақыт өте өзгеруі мүмкін, сондықтан соңғы ақпарат үшін мына сайтқа кіріңіз-  www.kazproperty.kz

Пайдалы сілтемелер:

1) www.kazproperty.kz – «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ сайты;

2) www.astana.kz – Астана қаласының ресми сайты («Тұрғын үй» бөлімі).

Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «Самрұқ-Қазына қорынан үй алу», «Самрұқ-Қазына қорының жылжымайтын мүлік қоры» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
Тағы рефераттар