Жоңғар шапқыншылығы кезінде елін-жерін жаудан қорғаушылардың көшін бастаған Қараке Биболды руынан шыққан, сол кездегі Қареке – Мұрат деген жалпақ елдің басын біріктіріп, қол жинап, ту көтеріп, қан майданда өзінің аса ерлігімен көзге түскен, аты ұранға айналған Шерубай батыр. Ол атышулы Қанжығалы Бөгенбай (1680 жылы), Арғын Олжабай (1687 жылы), Қаракерей Қабанбай (1691 жылы), Шапырашты Сатайұлы Бөлек (1696 жылы), Арғын Сенкібай (1709 жылы) батырлармен замандас, тағдырлас қарулас болған.

Шерубай Биболдыұлы 1693 жылы Қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданындағы Сұлу Мәдинә ауылының жанында туған деп жорамалданады. Демек, ол бүкіл қазақ халқының 1710-1770 жылдардағы болған жоңғар қазақ басқыншыларына қарсы жанқиярлық Отан соғысы кезеңінде өсіп, шындалып, барлық саналы өмірін қан майданда арпалысумен өткізген.

Шерубай батыр бала кезінен батыл, мерген, ат құлағында ойнаған епті де қара күштің иесі болған. Ол он алты жасында Сарыарқа жерінде өткен белгілі бір байдың асында «түйе палуанды» жыққан.

Шерубай Биболдыұлы 17-18 жасынан бастап, туған жерін қалмақ басқыншыларынан азат етуге қатысып, Отанын қорғауға кіріседі. Ол бірде шаршап-шалдығып келе жатып бір ақ боз үйге тап болады. Ішінде жалғыз бойжеткен отыр екен. Ол бөтен адамнан сескеніп қалады.

— Менен қорықпаңыз, зияным жоқ адаммын – дейді оны сезген адам. Сөйтіп шай қайнатылып дастархан басына отырады да оның көзі кереге басына ілінген шаңыраққа түседі. Батыр оны алып көреді де бір екі рет шіреніп созады. Мұнын бәрі қыз алдында болғандықтан бойжеткен сыртқа шықса әке-шешесі тойдан қайтып оралған екен. Соларға көргенін айтады. Үй иесі Шерубаймен танысып қонақ етіп кетерінде сол садақты сыйға тартып ат мінгізеді. Сөйтсе ол садақ қалмақтардан түскен олжа екен. «Сол үшінде иесіз садақты үй иесі Шерубайдың тегін адам емес екенін біліп тарту екен» — дейді көнекөз қариялар.

1710 жылы қалмаққа қарсы ұрысқа, Қарақұмда жиналған қазақ қолының бас сардарбегі болып Бөгенбай сайланады. Осыдан кейін жоңғарлармен кездесу Ұлытау өңірінде Сарыкеңгір өзенінің жағасында Сарайлы деген жерде болды. Жекпе – жекке екі жақтың бас батырлары шықты. Бөгенбай ойраттың нояның өлтіреді. Қалмақтар абыржып, қазақтар аруақтанып жауына лап қояды. Кескілескен қырғын соғыста қазақтар көп жыл күткен ұлы жеңіске жетті.

Осы шайқаста қалмақ батырымен жекпе-жекке он жеті жасар Шерубай

да шығады. Қалмақ батырының денесі зор, орта жастағы адам еді. Өзінің атын естігеннен кейін қазақтың жас батырына қарсы ұмтылады. Шерубай өзіне ұмтылып келе жатқан қалмақ батыры жақындай бергенде аттың бір бүйіріне жата қалып, қолындағы сүнгісін жауының кіндігінің астына көздей салып, екінші ұшын жерге қаратады. Екпінмен ұшып келе жатқан қалмақ батыры сүнгіге шаншыла жығылып, сүнгі денесін тесіп өтеді. Жас жауынгер Шерубай осы ерлігі үшін батыр атанады.

Шерубайдың көрсеткен ерліктері бір төбе. Солардың бірі 1726 жылы Торғай даласының оңтүстік-шығыс жағында Бұланты өзенінің жағасында «Қара сүйір» деген жерде болды. Бұл бірнеше жылдар бойы жиналған ыза мен кектің буырқанып, бұлқанып сыртқа шыққан шағы еді.

Қалмақтармен кезекті соғыс алдында жау жақтан астына қаракөк айғыр мінген, қисық көз астына еңгезердей айғыр мінген біреу майдан алаңына қарай атын ойнақтатып шыға келді.

— Мен қалмақтың аты шулы талай қазақтың басын алған батырымын. Кім жекпе-жекке шығады? Жаныңнан безген біреуін келе қойындар, – деп шіренеді.

Сол кезде қазақ әскері жағынан жасы егделеу келген Бөгенбай батыр шығуға әзірлене бергенде Орта жүз жігіттері тұрған жақтан:

— Аға кезегіңізді маған беріңіз! – деген жуан дауыс шығады.

Жауырынына екі кісі мінгендей кен иықты, бура сан, алып күш иесі қарасұр жігіт астындағы ұзындығы есікпен төрдей қара арғымағын ойнақтатып, ортаға шыға келді.

Шерубай батыр екенің көріп, көңілі орнына түскен Бөгенбай батыр қол жайып, батасын беріп, өз орнына барып тұрды.

Екі жақта тұрған қалын әскер өз батырларына дем беріп айғайлап жатыр. Ат үстіндегі соғысқа жас кезінен әбден жаттыққан Шерубай батыр қарсыласының найзадан нашар қорғанғаның біліп, өзінің үйренген тәсілі найзаны оң қолына берік ұстап, қалмаққа қарай тұлпарын зулата жөнеледі.

«Ақжол!», «Ақжол!», «Ақжол!» (Арғын тайпасының ұраны) деп үш рет ұрандап келіп, қалмақ батырын дәл өкпе тұстан түйреп, атынан аударып тастады да, оның атын ұстап алып, өз адамдарына қарай шаба жөнелді. Оны көрген жау әскерлері қазақтарға қарай лап қойды. Бұл, әрине, соғыс тәртібін бұзғандыққа саналады. Оған қарап жатқан жан жоқ. Даланың еркін өскен ұлдары кең дүниені тарылтып, енді бірін-бірі өлтірмес, екіншісі оны өлтіретінің біліп, бар қаруларымен шайқасып, шабысып кетті…

Зеңбіректермен және мылтықпен жете қаруланған жоңғардың қалын қолы қазақ батырларының біріккен күшіне төтеп бере алмады. Бірнеше күнге созылған қиян-кескі соғыста жоңғарлар ондаған мың қолынан айырылып, ойсырай жеңілді. Сол ұлан-асыр ұрыс болған жерді қазақтар кейін «Қалмақ қырылған» деп ата кеткен.

Бөгенбай батыр мен Төле би қазақ жеріне батпандап еңген жоңғар басқыншыларынан Жетісуды, Аякөз бен Алакөл өңірлерін, Тарбағатай мен Сауыр бөктерлерін азат ету үшін және Бұланты соғысында жеңілген кекті жоңғар қонтайшыларының қайтармай қоймайтының еске алып, олардың келесі шабуылына төтеп беру үшін Үш жүздің әскери қайта құру шешіміне келеді. Әр жүз жасақтарын қазақ даласының кіндігі болып есептелетін Арғанаты тауына (ол кезде Ұлытау алабы түгелдей осылай аталған) ит жылының (1730) көктемінде жиналу ұйғарымына келеді. Сырдың арғы жағына кеткен Ұлы жүз, Жайықта бекіп қалған Кіші жүз, Есіл мен Тобыл аралығын қыстап қалған Орта жүз елдерінде: «Ит жылының көктемінде Арғанатыға жинал», «Арғанатыға…» деген ұран жайылған.

Сол жыл туып, жер көгеріп, өзен-сулардың тасқыны басылған кезде, Ұлытауға жан-жақтан лек-лек болып жасақтар жинала бастайды. Орта жүз жасақтары бұрынырақ жиналады. Қыпшақтан ұйымдасқан қолды әйгілі ер Қошқарбай; Қоңыраттарды – Көктінұлы Барақ; Көбек батырлар; Найман қолын Қаракерей Қабанбай; «Екі шекті», «Тоқал арғындар» жасақтарын Шақшақұлы Жәнібек; «Бес Мейрамнан» жиналғандарды Шерубай, Айдабол, Толыбай, Қаракесек, Сенкібай, Жарылғап батырлар; Атығай мен Қарауылдың жасағын Жәпек, Бәсетиіндерді Сырым Малайсары; Қаңжығалыларды Бөгенбай батырдың өзі, оған нөкері Жантай, Сейітқұл, Атан; Тобықтыларды Балғаз бен Базарлы батырлар бастап келеді.

Академик Манаш Қозыбаев өзінің белгілі «Аңырақай шайқасы – Отан тарихының жарқын белесі» деген еңбегінде мынадай қызықты деректер келтіреді: «Біздің заманымызға жеткен аңыздың бірінде 1730 – ит жылының көктемінде Арғанатыға (Ұлытау) жинал» деген ұран жеткен. Көктемінде үш жүзден 40 мың қол жиналған. Одан бұрын Ордабасында бас қолбасшы болып хан тұқымынан Әбілқайыр атанғаны, қарадан баһадүр Қанжығалы Бөгенбай сайланғаны мәлім. Балқаш көлінің оңтүстігінде Әбілқайыр тауы атанған жотада Кіші жүз қолы орналасты деп болжамдауға болады. Әбілқайыр ханның қолы қазақ қосының жартысынан астамы еді. Қолбасшы ставкасының ұрыс даласынан қашық болуының да сыры бар сияқты. Шамасы ол Балқаштың нар қамысында шайқастың шешуші кезінде қосылған резерв қол болуы мүмкін.

Жаудың қарсы жағынан Хан тауында Ұлы жүз бен Орта жүз ордасы тігілді. Хантау төбесінен Әбілқайыр тауы, Аңырақай тауы, бүтін ұрыс даласы көрінеді. Аңырақайдың сырты Іле өзені, атақты Жусан дала жазығы. Балқаш көлінің ең тұзды мүйісі жазда кеуіп, ақ тақыр болып, бөлшектенген бөлігі Итішпес Алакөл атанған. М.Тынышбаевтың айтуынша, ұрыс даласы сол жерден жүзден астам шақырым. Шын мәнінде, Балқаштың мүйісінен Аңырақай тауы 60-75 шақырымдай. Жер аты неге Аңырақай деп аталады?

Бұған ел арасында екі түрлі түсінік бар. Бірі — жаудың сағы сынып, бағы тайып,жеңілгені сонша ұрыс алаңын аңырап басына көтерген.Екіншісі – Қапшағай тауын жарып, ен далаға құлап аққан сарқырама Аңырақай  ағысы аталады екен. Екі таудың ортасында созылып жатқан жазықтакүзде, қыста аңырап өкпек жел де соғады. Қалай болғанда да Аңырақай даласы Хантауы мен Аңырақай тауының ортасын алып, Итішпес Алакөлге көсілген кең жазыққа ұласады. Қазақ қолы орналасқан жақпар – жақпар жоталарға неше мың қол сиып кеткендей.

Атақты арғын Шерубай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек сияқты батырлардың басшылығымен  қазақ жасақтары бұл жолы да күйрете соққы берді. Осы қырғын соғысқа Әбілқайырдың « бас қолбасшы, сардар» қарсыластары Әбілмәмбет пен Барақ сұлтандар да жеке жасақтарды басқарып, белсене қатысты. Қазақ қолы үлкен жеңіске жетті. Қазақ тарихында «Аңырақай шайқасы» деп аталып кеткен бұл оқиға қазақ халқының шет басқыншыларына қарсы күресінде ерекше орын алады.

1730-1735 ж. аралығында Уақ Баян батырмен қоса, Абылайдың қалын қолында болған Шерубай батыр неше дүркін ерліктер көрсетіп, Ақиық сұнқар, Киелі батыр атанады. Оның тастай қараңғы түндерде, ұйытқыған боран, нөсерлі жауын күндерде бүркіт үні санқылдап жол көрсететін киесі болған. Жоңғарларға қарсы күрестегі ерен ерліктеріне, мол ақыл парасатына және киелі аруағына риза болған Абылай хан Шерубай батырды өзіне жақын балап, оған соғыс кеңесшісі ретінде үлкен сенім білдіреді.

Жоңғарларға қарсы соғыс аяқталған соң Шерубай батыр бірқатар жасақтармен бірге ата-қонысы – Қарағанды аймағына келіп мекен тебеді.

Шерубай батыр Қазіргі Бұқар жырау ауданының Топар қалашығының маңында Шерубай-Нұра өзенінің бойында шамамен ХІХ ғасырдың басында дүниеден қайтты. Ол сол тұстағы биіктеу төбе басына жерленіп (бүгінде Шерубай батыр ескерткіші орнатылған көк дөннің төл атауы Кіндіктөбе), бейіт соғылды.


Тағы рефераттар