Музыка зерттеуші ғалымдар мен музыка қайраткерлері Шоқан кезеңін қазақ халқы музыка мәдениетінің гүлдену шағы, халық музыка шығармашылының профессионалды –(классикалық) деңгейге көтерілген дәуірі  деп санайды. Алайда, ғалымдардың бір тобы ХІХ ғасырдың екінші  жартысында музыка өнерінде демократиялық тенденцияның өрістеуін орыс мәдениетінің әсерінен қарастырса,  екінші бір қатары төл топырағымызда ықылым замандардан келе жатқан уақыт пен табиғаттың, ел мен мекеннің өзі тікелей тұлғалаған дәстүрлі өнер түрінде таниды.

Қазақтардың музыкалық қабілетінің аса биіктігін көрсететін Шоқан айтқан аңызды жазып алдырған Потанин қазақтардың поэзиясы мен музыкасының байланысы жайлы Гелграфия қоғамы мәжілісінде тиянақты тұжырым білдірген . Жарты ғасырдан соң  Потанин жаңғыртқан қазақтарға ән қонған халық екендігі жайлы осы аңыз бен музыканың поэзиямен сабақтастығы төңірегіндегі Шоқанның пікірін шамамен 1855-1856   жылдары жазған (« Қазақ халық поэзиясының формалары») атты еңбегінен  ұшыратамыз. Бізге толық жетпеген бұл зерттеуінде Шоқан «Ер Көкше – Ер Қосай» мен «Орақ батыр» жырларынан мысал келтіре отырып, жырдың жалпы сипаттамасын қара сөзбен әңгімелей келіп, бас кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен ой-пікірі өлеңмен яки қобыздың сүйемелінде әнмен айтылатындығын жіктеп жазған. Мұнан туатын қорытынды, поэзияның музыкамен ұштастығын Потанин мен Затаевичтен бұрын байқап, тарқатқан Шоқан.

Екіншіден, музыка зерттеушілерінің ән жайлы аңыздың Шоқан нұсқаларын алмай, үнемі ғалымның әңгімелеуі бойынша жазылған Потанин вариантын ұсынуы арнайы қарастыруды қажет етеді.

Бір нұсқасында Шоқан: «Ән әлемді шарлап жүріп, бірде Сырдың арғы бетіне (сағасын),қарақалпақтар қонысына аялдапты. Өмірі (құлақ) естімеген, (көз) көрмеген қонақтың түскендігі жайлы (жылы) хабар жай оғындай жылдамдықпен шар-тарапқа мәлім болып, бақыт қонған ауылға сансыз қарақалпақ ел-жұрты бас қосып, ғажайып қонақты күн батқаннан таң атқанша, әбден қалжырап, әннің көзіне ұйқы тығылғанша тыңдапты»,  деп тарқатады да түйініде: «Сыр өзенінің жоғары жағында алысырақ қоныстанған қырғыздар мен түркмендер (туыстас тайпалар ол кездері қатар қоныстанған) түн ауа ғана жетіп, керемет әуеннің тек соңын тыңдап үлгірген», — деп тұжырымдайды.

Мұнымен қатар, Шоқан пікірлерінің ішінде күні бүгінге дейін өз жоқшысын таппай, кезеңін күткен қуатты пікірлер де бар. Мысалы, қобызды, домбыраның ығыстырып шығарғандығын көзімен көрген әрі қазақ музыкасына ене бастаған түбірлі өзгерістерді жазып қалдырған Шоқан ысқылы музыкалық аспап-қобызды «ойналуы өте күрделі, тартымды да әсерлі аспап» , -деп жоғары бағалайды. Әрі қобыз сүйемелімен айтылатын ескілікті жырлардың қалып бар жатқандығына, жыр орындау өнерінің бұл үлгісі де, тіпті, көне музыкалық аспап қылқобыздың өзі де бақсының меншігіне айналып, әйгілі суырып салма ақын Жанақ әншіден кейін ата дәстүрдің тұлдырсыз қала бастағандығына қынжылады.

Осы орайда бір еске сала кететін жай, Шоқан бақсылық шаман дінінің жұрағаты екендігін ашып жаза тұра, «бақсылық болмысын» сыңар жақ қарастырмай, бақсы «ойынына» халықтың музыкалық мәдениетінің көне түрінің бірі ретінде қарайды. Бақсылық «ойынындағы» әншілік, бишілік, театрлық элементтерді жан-жақты талдап түсіндіріп, бітім-болмысын толық ашуды ниет етеді .

Өлімді өнерімен жеңген күй атасы Қорқыт Шоқанның «Тәңір (Құдай)» атты еңбегінде қобызға алғаш тіл бітірген ақыл-ой алыбы тұрғысында танылып, өнер атаулының өрісі, бүкіл өнерпаздың пірі түрінде көрінеді. Осы секілді «ойынның» әсерлік қуатын арттыру мақсатымен қолданылатын бақсы биі мен халықтық би де Шоқан назарынан тыс қалмаған. Бұл жөнінде ғалым Қойлыбай бақсыға берген анықтамасында кеңінен сөз етеді.

Шоқанның жаңа әндер, жыршылық өнерді көмескілей бастағандығын тоқтала жазуы  және замандастары Ақан сері, Жаяу Мұса, Біржан сал, Тәттімбет, тағы басқалармен творчестволық қарым-қатынасы арнайы қарастыруды қажет етеді.

Қазақ халқының дәстүрлі музыка өнері мен музыкалық қабілетіне қатысты Уәлиханов көзқарасының басы ашық. Шоқан қазақтардың музыкаға деген ынта-ықыласы мен үлкен сүйіспеншілігін бірнеше дүркін толғана, тебірене жазған.

Шоқанның «Қазақ музыканттары» атты суретті туындысының жұмбақтығы басым. Араб алфавитімен ана тілімізде жазылған түсініктемелеріне қарағанда, қазақ музыкасының тарихын зерттеушілерге бұл  қызықты да құнды мағлұмат бере алады. Мұнда ХІХ ғасырдың орта шенінде өмір сүрген алты бірдей қазақ музыка өнері шеберлерінің суреттері(қаламұшпен) салынған. Олардың арасында Шоқанға көптеген күй орындап берген, әйгілі қобызшы Қанқожа Уәлиханов бар.

Қанқожаның суреті қағаздың оң шекесіне бейнеленген, оның сол қапталында-егде әнші. Сол қанаттың жоғары бұрышында бүркіт тұмсық, сирекқасты, қияқ мұртты, өткір көзді кісі тұрпатталған. Басында дөңгелек малақай, назарын алысқа салып отыр. Оның ән салып тұрғандығы даусыз. Қазақша анықтамасында «Досжан» деп жазылған. Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғұмыр кешкен даңқты музыкант, оның «Балбырауын», «Ала байрақ», «Суға кетті Ер Қотан» және тағы басқа күйлері белгілі.

Досжаннан төменірек, орындықта, қобыз тартып отырған күйшінің бейнесі салынған. Үстінде алабажақ шапан, басында Қарқаралы қазақтарына тән үш құлақты тымақ. Айтылмыш белгілер мұны әйгілі әнші Жанақ деп топшылауымызға мүмкіндік тудырады. Уәлиханов онымен бірнеше рет жолыққан әрі айрықша қадір тұтқан. Ортада дөңгелек телпегін шекеше түсіре киген ат жақты, қаба сақалды, беймәлім музыкант бейнеленген. Ол құдды бір қобыз арынын тыңдап отырған тәрізді.

Әңгімеленіп өткен өнер шеберлерінің оңқапталында етек-жеңі кең пішілген жібек көйлекті келіншек тұтас тұлғасымен кескінделген. Басына тартқан салы орамалының ашық жерінен ойлы да тартымды жүзі көзге шалынады. Мүмкін, бұл аты шулы қобызшы-күйшілердің өнеріне сусындап тұрған ақын қыз Ажар шығар…

Сурет салынған бір бет осы парақтың бетінде аталған суреттермен қатар, қазақ күйлерінің аттары мен авторлары көрсетілген.мұның жоғарыда аталған қобызшы-сыбызғышылар орындағын күйлердің тізімі болуы ғажап емес.

Тексте: «Қобыздың күйлері, Қанқожа сұлтанның тартқаны»-деген анықтама берілген. Тізбедегі күйлердің жалпы саны он төрт:

1.Тәңір би.

2.Байсал Уақ-Сары батырдың сыбызғыда тартқаны.

3.Қанқожаның басқаны.

4.Бағаналы Балақай бақсының сарыны (Қорқыт күй).

5.Суға кетті Ер Қотан.

6.Балбырауын,

7.Ала байрақ.

8.Қызыл қайың.

9.Тарғыл бұқа.

10.Шығыт жібі бес бармақ.

11.Тайлақбайдың сыбызғыдан (тартқан) күйі- «Қыз жылатқандай».

12.Қапыда өткен қарбалас (Айырылысқанда).

13.Баутанның қос баспасы.

14.Ер шегедей еткейсің».

«Қазақ музыканттары» деп аталып жүрген Шоқанның бір беттік суретті қолжазбасының мән-мазмұны, академик Әлкей Марғұланның тарқатуы бойынша міне осылай.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.Тасмағанбетов И.Т., Құдабаев А., Дүйсебайұлы Е. Дала даналары Алматы, 2001. Қазақстан даму институты.

2.С.Мұқтарұлы.  Шоқан және өнер. Алматы, 1985.

3. «Әлемдік биікке шарықтаған жас Шоқан» Ұлағат, 2005ж., №6, 3бет.

4.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. Алматы. Қазақ    Университеті 2001ж.

5.Егемен Қазақстан. 2005ж., №6, 5-бет.

6.Қазақ Совет Энциклопедиясы. 11 том, 275-282 беттер
Тағы рефераттар