Адам санасында түйінделген ұғымдар сөзбен белгіленгенімен, органикалық бірлікте емес. Сол себептен әр халықтың тілі әр басқа. Әр тіл өзінің ішкі дамуына сәйкес әр алуан өзгеріске түсіп, тілдің грамматикалық құрылысы қалыптасады. Сөз және сөздің грамматикалық құрылымы туралы анықтама беру үшін, басқа тілдерде қолданылатын кейбір грамматикалық терминдерді қолданбас бұрын, тілдік материал негізінде анықтап алу қажет.

Сөздердің грамматикалық құрылымын қарастырмас бұрын, «сөз» дегеніміз не және ол қандай тұлғаларға бөлінеді деген мәселеге тоқталады. Сөзге анықтама берудің әртүрлілігі қай ғалымның қандай тілді зерттеп, қай тұрғыдан айтқан пікіріне байланысты әртүрлі болып келе береді. Сол сияқты түркі тілдерін зерттеуші мамандар тарапынан сөзге берілген анықтамалар ішінде де айырмашылықтар кездесіп отырады. Оған Н.А.Баскаков (1963), Э.В.Севортян (1971) берген анықтамаларды, сондай-ақ белгілі қазақ ғалымы Н.Сауранбаев дәлелдемелерін келтіруге болады.   Тілші-ғалым Ы.Мамановтың сөз, морфема туралы пікірі жоғарыда айтылған анықтамалардан басқаша. «Қазіргі қазақ тілі» еңбегі мен «Сөз, морфема, қосымша туралы түсінік» атты мақаласында түбір сөз бен түбір морфеманың өзіндік айырмашылықтарын ғылыми негізде сипаттап көрсетеді [1, 18-20 б.], [2, 6-8 б.].

Белгілі лингвист ғалымдардың  «морфема тілде дербес қолданылмайтын, тек сөз құрамында қолданылатын сөз бөлігі» дейтін анықтаманың флективті тілдерге бірдей ортақ қағида екендігіне назар аударады.

Орыс тілі – флектив (жүйелі) тіл, ал қазақ тілі – аглютинативтік (жалғамалы) тіл. Орыс тілінің сөздік құрамына енетін атауыш сөздер лексика-грамматикалық формалар (словоформа), яғни орыс тіліндегі сөздер түбір сөз және сөздің грамматикалық формалары деп екі топқа бөлінбейді. Ы.Е.Мамановтың көрсетуінше, қазақ тіліндегі негізгі түбір сөздерді, орыс тілінің үлгісімен механикалық түрде, морфемаға жатқызу дұрыс емес. Орыс тілінде түбір сөз (корень) дербес сөз емес, ол – «сөз мұқылы» ғана. Орыс тілінде сөз бөлшектеріне бөлінбейтін мужской род формасындағы зат есімдер ғана. Олар грамматикалық формалармен түрленгенде, қазақ тіліндегі түбір сөздер тәрізді өзінің бастапқы қалпын сақтайды. Бірақ бұлар зат есімнің мужской родын білдіретін грамматикалық форма болып саналады. Ал, қазақ тіліндегі түбір сөздер грамматикалық форма емес, олар сөз таптарының форма тудырушы қосымшаларымен түрленгенде ғана грамматикалық формаға енеді [1, 8 б.] .

Грамматикалық құбылыстар жөнінде пікір алалығы түркі тілдерін зерттеушілер арасында жиі кездеседі. Осымен байланысты форма тудырушы қосымшалар мен жалғауларға берілген түсініктемелер әлі де жеткіліксіз бе деген ойға саяды.  Сөйтіп, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес, тілдің аглютинативті табиғатына сүйенген ғалым Ы.Е.Маманов сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады деп есептейді.


Тағы рефераттар