ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨШІ-ҚОНДЫҚ ҮДЕРІСТЕР туралы қазақша реферат

Егемендік алғаннан кейінгі кезеңде елімізде көші-қондық үдерістер жоғары деңгейге көтерілді, әрине мұндай үдеріс  сол кезеңдегі барлық бұрынғы КСРО-ның құрамында болған республикаларға да тән еді. Алайда республикада көші-қондық үдерістер  Кеңес Одағы ыдырамай тұрған кезеңде-ақ  басталды. Өйткені, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының ұзақ мерзімге созылған кезеңі, сондай-ақ өңірде жүргізілген әкімшілік-басқарушылық және депортацияға ұшыраған халықтардың өз отандарынан қоныс аудару кезеңі аяқталғаннан соң  олар туған елдеріне қайта  орала бастады. Бұл, әрине заңды құбылыс еді. Сондай-ақ, осы жылдары қоғамда белең алған әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құрулар, көптеген өнеркәсіп орындарын қайта құруға немесе оны жабуға алып келуі де көші-қондық үдерісті тездете түсті. Соңғы он жыл көлемінде республика ішіндегі көші-қонда ірі өзгерістер орын алды, халықтардың қозғалысы негізінен екі бағытта жүрді: облыс ішінде (Оңтүстік өңірінің өз ішіндегі халықтардың орын ауыстыруы) және облыс аралық (аймақтар мен облыстар арасындағы). Жыл сайын 300 мың адам республиканың өз ішінде орын ауыстырып отырады. 1998-1999 жж. елімізде ішкі көші-қондық үдеріске 900 мың адам тартылды.  Ішкі көші-қондық қозғалыста негізгі орында жұмыс жасындағы адамдар тұрады, әсіресе қазақ ұлты: қала халқы 755 мыңға кемісе, ал ауылдық жерлерде 490 мыңға кемігенмен қала халқының пайызы бұрынғы мөлшерде 56%  болып қалды, яғни Қазақстандағы урбанизация үдерісінің өсіп отырғанын көрсетті. Көшкендерге қарағанда келгендер жағынан ерекше орын алатын Алматы қаласы (тұрмыс жағдайының жақсы болуымен, жұмыс орны болудан), Ақмола облысы мен Астана қаласы (астананы өзгертуге байланысты), Маңғыстау облысы (мұнай өндіру, жоғары еңбекақы). Жұмыс жасындағы адамдардан айрылып жатқан аймақтар Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары. Халықтың тығыз орналасуы жағынан оңтүстік пен солтүстік ерекшеленсе, аз орналасқан жері Орталық Қазақстан. Ол табиғи-климаттық жағдайымен байланысты болуы мүмкін. Ішкі көші-қондық үдеріске тоқтала отырып мынадай қорытынды жасауға болады: халықтың жиі орын ауыстыруының басты себебі, жұмыссыздық, экологиялық ахуалдың ауырлығы [1]. 1999 жылғы санақ қорытындысы бойынша республикада тұратын адамдардың әлеуметтік жағдайының әртүрлілігін көре аламыз. Республикада тұратын 14953,1 мың адамның  4573,2 мыңы  (30,6%) — балалар мен жасөспірімдер, 8619,2 мыңы (57,6%) – еңбекке қабілетті жастағы адамдар және  1760,7 мың адам (11,8%) – еңбекке қабілетті жастан асқандар [2].

2004 жылы облысқа 14,3 мың адам қоныс аударды, ал бізден кеткендер 13,7 мың адам болды. Нәтижесінде 2004 жылы миграциялық көбею 0,6 мың адамды құрады. Оңтүстік Қазақстан облысына көшіп келуші 4,1 мың адам Қазақстанның басқа облыстарынан және  10 мың адам ТМД елдерінен және 0,2 мың адам алыс шет елдерден келді. Оңтүстік өңірге көшіп келушілер 2003 жылға қарағанда Қазақстанның басқа аудандарынан 7,3%, ТМД елдерінен 0,3%,  алыс шет елдерден 3,8%-ға көбейді [3, 32].  Ал, Оңтүстік Қазақстан облысынан ТМД елдеріне 1,3 мың адам көшіп кетті.  басқа аудандарына 11,6 мың адам және алыс шет елдерге 0,2 мың адам көшіп кетті. 2003 жылға қарағанда ТМД-ға көшіп кету 25,8% -ға және алыс шет елдерге 29,6% -ға төмендеді. Басқа аудандарға ауысу 36,2% көбейді. Облыс ішінде 14,8 мың адам көшіп қонған. Миграциялық сальдоның абсолюттік өлшемінің қорытындысы төмендегідей болды: алыс шет елдерге — 20 (кері), ТМД – 8153 (оң), облыс арасында көшу-7475 (кері). Миграциялық сальдоның жалпы қорытындысына табиғи өсіммен қатар оралмандардың көшіп келуі және облыс арасындағы көші-қонның да  елеулі маңызы бар. Халықтың көшіп-қонуының себептерінің бірі әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты мәселен, өмір сүру деңгейі, халыққа кіріс келуі, жұмыссыздық және тағы басқалар. Кеңестік кеңістікте экономикалық байланыстардың үзілуі, өндірістің төмендей түсуіне алып келді. Осыған орай, көптеген әлеуметтік мәселелер туындай бастады. Оңтүстік өңірінің ауылдық аймақтарында жұмыссыздық өсті. Экономикалық дағдарыс кезінде дәстүрлі жұмысшы күші қажет етілмей, жұмыссыздық көбейе түсті. Жұмыс іздеген халық әдетте тек республика ішінде қоныс аударды.

Халықтың миграциялық ахуалына өз туыстарына қосылу, ата мекеніне көшу үдерістері де әсер етті. Миграциялық үдерістер нәтижесінде облыс халқының абсолютті саны өсуімен қатар этникалық құрамы да  өзгеріске ұшырады. Алыс-жақын шетелдерден қазақтардың келуіне байланысты орыс, неміс, украин, белорус ұлттарының саны азайды. Х.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ғалымдарының жүргізген әлеуметтік зерттеулеріне сүйенсек, орыс халқының эмиграциясына берген сипаттамасында олардың көшуінің басты себебі, балаларының болашағына сенімсіздігі (41,4%) болса, екінші мәселе жалақының төмендігі (48,6%) көрсетіледі [3, 33]. Халық санының өзгеру көрсеткіші әсіресе, ауылдық жерлерде қатты байқалды. Дәстүрлі мал шаруашылығы дамыған аймақтарда жергілікті ұлт өкілдері  басым келеді, ондай аймақтарға Бәйдібек, Созақ, Түркістан, Отырар, Шардара, Төлеби сияқты аудандар жатады. Өндірісті және қалалық жерлер маңындағы аумақтарда славян тобындағы халықтар мен қазақтар тұрады. Ал, егіншілік, бау-бақшалы өңірлерде өзбек ұлты тұрғындар санының 65% құрайды [4]. Шымкент, Ленгер, Ақсукент қалаларында орыстар, қазақтар, өзбектер (көбіне қала шетіндегі зоналарда) мекен етеді. Сондай-ақ, қазақы ауылдарда туу көрсеткішінің жоғары деңгейі сақталып отыр, ол туудың 72% құрайды (1992-2004 жылдар аралығында  400 мың адамға өсті) сондай-ақ, алыс-жақын шет елдерден қоныс аударушылардың ауылдық жерлерге көшіп келуі де ауыл тұрғындарының санын арттырды. 1992-2004 жылдар аралығында  Оңтүстік Қазақстан облысының көші-қон және демография департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, 30815 отбасы немесе 109 мың адам көшіп келеген [5]. Еліміздің басқа аймақтарына қарағанда ұлттық дініміз жақсы сақталған қазақи оңтүстік өңірге қандастарымыз көптеп қоныс аударуда. Нақты деректер бойынша Қазақстанға 1992-2005 жылдар аралығында  116668 қоныс аударушылар көшіп келсе, оған Елбасының «Оралмандардың 2005-2007 жылдарда көшіп келу квотасы туралы» жарлығы ықпал етті. Осы жарлықтың негізінде Оңтүстік Қазақстан облысына  2006 жылы – 2710, 2007 жылы  – 2615 квота белгіленген [6]. Бүгінгі күні квота бойынша көшіп келген оралмандарға белгіленген қаржы негізінде уақтылы көмек те көрсетіліп отыр. Оралмандардың ең көп қоныстанған аумағы Шымкент, Түркістан қалалары мен Мақтарал, Сарыағаш, Сайрам, Қазығұрт аудандары болды.

Оңтүстік Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық ахуалына еліміздің өз тәуелсіздігін алып нарықтық қатынастар жолына түсуі де серпін беріп күрделі өзгерістер алып келді. Әрине, түбірлі өзгерістер халықтың санынан, көші-қон үдерісінен және әлеуметтік құрылымынан айқын байқалды. Нарықтық экономикаға өткеннен бастап оңтүстік өңірінде сыртқы және ішкі, облысаралық миграциялық қозғалыстар өсіп, облыс халқының механикалық жолмен дамуына ықпал етті, жұмыссыздар, өз бетімен жұмыс іздеп келушілердің бұл аймақта көбеюі еліміздің оңтүстігіндегі этнодемографиялық жағдайына өз әсерін тигізді.

 

Әдебиеттер:

1. Численность, естественное движение  и миграция население КазССР в 1990г. Алма-Ата: РИИЦ, 1991.- С. 101(14).

2. Социально-демографические тенденции в Республике Казахстан // ANALYIK – Аналитическое обозрение 1 января, 2001.- С. 30,31.

3. Исмаилов А.И. Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи-географиялық очеркі. Оқу құралы. Шымкент, 2007.- 48б. (32, 33бб.)

4. Токмаганбетова Р.Д. Отчет: Эколого-демографическое обследование сельских территории Республики Казахстан (Южно-Казахстанская область). // Эколого-демографическая оценка сельских территории Южно-Казахстанской области, Астана, 2006, С. 103-154.

5. Демографический потенциал  Южно-Казахстанской области (статический сборник) – Шымкент, 2005. – С. 61.

6. Оңтүстік Қазақстан 2005, 26 наурыз. №40
Тағы рефераттар