Бөгенбайдың сенімді жауынгер-серіктерінің тағы бірі, ол Жантай батыр:      «Ашуы жауған қардай, шөккен нардай

Қарт қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай,

Бөкеннің жас жолбарыс жеткіншегі,

Ауызынан жалын шашқан жас Жанатай…»,- деп

сипаттайды қос батырды Мағжан Жұмабаев.

Жантай батырдың есімі тарихи жырларда қазақтың аты шулы басқа батырларымен қатар жиі аталады. Абылай ханның ең сүйікті жауынгерлерінің бірі болған Жантай қанжығалының Бозымынан тарайтын Нияз атасынан шыққан. Жантай батыр шамамен 1690 жылы туған. Оны біз жоғарыда келтірілген 1685 жылы дүниеге келген Бұқар жыраудың Бөгенбай батырға Жантай өліміне «Бөке, сен менен бес жас үлкен едің, Жантай менен бес жас кіші еді. Екеумізге топырақты Жантай салуы керек еді. Олай болмады, ажал төтендетіп жетті, батырдың артын қайырлы етсін», — деп көңіл айтқан сөзінен аңғарамыз. Қанжығалы елі Ерейменді өзіне мекен еткеннен бастап, Жантай Майкөл деген жерді қоныстанады:

«Шағындау бір көлге кеп Жантай қонғаң

Көрген мал көшершілік арық болған.

Сол жерде мал семіріп, майдан баспай,

Себебі сол болыпты Майкөл қойған».

Жантай батыр өз заманының жүрек жұтқан батырларының бірі болса керек. Бөгенбай батыр жасақтарының құрамында түрлі соғыстарға қатысып, өзінің ер жүректілігімен, қайсарлығымен танылады. Әскерді Абылай хан бастаған шақтарда, Жантай, шамамен 500 адамдық жарғыш, тосқауылшы топты басқарған сыңайлы. Сонымен қатар түрлі, ең қиын тапсырмаларды орындап отырған батыр еді. Өз қиссасында Бөгенбай және оның батырларының сипаттамасын келтірген Үмбетай Жантайға да тоқталып кеткен:

«Қасқырдың қызыл жанды арланындай,

Бұл — Ниязұлы батыр Жантай,

Бөгенбайдай ерлігі елге мәлім.

Қайтпайды жауға тисе кегін алмай».

Аңырақай шайқасының қарсаңында үш жүзден Ұлытауға жиналған қазақ сарбаздарың қажетті қару-жарақ, сауыт-сайманмен қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Орта Азия қалаларының шеберханаларынан қол үзген қазақтар үшін, қайткен күнде де өз күштерімен соғысқа жабдықтану керек болды. Сол уақытта төлеңгіттердің бір бастығы Жайсаң батыр Алтай жеріне барып, өзіне таныс бір кен танығыш ұстаны алып келмекші болады. Жайсаңның қасына қырық батырға бас болып Жантай батыр ереді. Қазақ батырлары ұстаны тауып: «Кімсің? — деп атын сұрағанда ол: «Дарханмын», — деп жауап береді («Дархан» — қалмақ тілінде -«ұста»)». Осыдан ол Дархан аталып кетеді, ал Жантайдың осы жорығы халық ауызында «Қырық батыр жорығы» атымен белгілі болған. Нәтижесінде Бөгенбай батыр Ұлытауда бас қосқан сарбаздарға темір қаздырып, Дархан ұстаның басшылығымен біздің жыл санауымыздан бұрын қалған балқыту пештерін қалпына келтіртіп — темір балқытып, болат қорытады.

Жантай жайлы мәліметтерді өзінің «Исторические предания о батырах XVIII века» атты мақаласында Ш. Уәлиханов келтірген. Ол бойынша: «Бірде Абылай хан жоңғарларға қарсы бір жорықта алдын барлау үшін, мың адамды екіге бөліп, ержүрек, сенімді батырларын жібереді. Бір тобын Қанжығалы Жантайға, екіншісін ақсақал Бөгенбайға бастатып, ілгері жіберіпті. Батырлар ұзақ уақыт бойы орала қоймаған соң, Абылай уайымдап, өзінің көріпкел жырауы Бұқардан: «Менің жігіттеріме не болды екең оралмауына не себеп?» — деп сұрапты. Сонда Бұқар айтыпты: «Жантай Талқы арқылы барады, ал Бөгенбай Құлжан батыр секілді қиыннан жол тауып өтеді. Ал енді Хан-Баба болса, көп ұзамай қайтып келер. Талқының асуы қысыңқы әрі қауіпті» — депті. Абылай ішінен Жантайдың зор қауіпке душар болғанын сезеді. Жырау сөзін жалғастырып: «Жантай бұзып-жарып өтіп, ұлысын олжалайды. Жантай әкелген аққұба қызды Абылай сұлтан алады» — дейді. Абылайдың айтуынша, сол жолғы болжамның орындалуынан соң, төбесі көкке жеткендей зор қуанышқа бөленсе керек.

Сонымен қатар Ш. Уәлиханов қазақтардың қалмақтармен болған соңғы ұрыстарының бірінде Жантай батырдың қаза табуы жайлы да жазған: «Бұл жорықта халық саны есепсіз көп болғаң хан болса, басқа батырлардың наразылығына назар аудармай, орнынан қозғалмастан жиналған жерде ержүрек батыр Баянды күтіп тұрды. Ақыры 540 адамымен батыр Баянда қосылды, хан алдына келіп: «Қайда, не бұйырасың, орындаймын», — деді. Сонда хан халыққа қарап, былай деді: «Менің Баянды ұзақ күтуімнің себебі де осы». Осы уақытта бір тәуліктік жерде 500 адамымен алдыңғы қарауылды ұстап тұрған қанжығалы Жантай батыр қалмақтар қолынан қаза табады. Ол былай болған еді: Жантайдың інісі Үйсінбай барлау жүргізіп жүріп, қалмақтардың 3 түйесін алып кетеді; қайтып келісімен одан інісі Арқандар-батыр тиесілі сауғасын сұрады, Үйсінбай батыр оған былай деп жауап берді: «Қалмақтарда түйе көп, сенің де қолың бар, денің сау — бар да ал». Бұл сөзге намыстанған Арқандар өзінің жеті жолдасымен, түн ішінде Қоян-Көздінің ұлы атақты Қонаймен бірге қалмақтардың табынын шауып, тоғыз түйесін алып кетеді. Арқандар жеті жолдасын олжаланған малмен алға жіберіп, өзі қуғыншыларды тоқтату, немесе басқа жаққа әкету үшін қалып қояды.

Жолдастары алғашында Арқандардың шеберлікпен жауды басқа жаққа бұрып әкеткенін көрсе, артынан батырдың қоршауға түскендігін байқайды. Тауға шыққандар оның жан-жақтан жау қоршауында қалғандығын көреді. Арқандар қаза табады. Өзінің сүйікті інісінің қаза болғандығын естіген Жанатай батыр өлтірушілерге қарғыс айтып: «Не өлем, не сендердің қандарыңды ішем» деп ант етеді. Атын сұратып мініп, 500 адамдық топпен қалмақ ордасына басып кіреді, олардың саны 10 мың еді. Қиян-кескі соғыс болып, қазақтар басын өлімге тігіп барды. Қарны жарылған Үйсінбай шек қарнын шапанының етегінде ұстап жүріп соғысып, Жантай батырдан сұрайды: «Жантай батыр жарылған қарынмен өмір сүруге бола ма?». Барлығы өледі, Жантай сегіз адамымен және ұлы Тоқышпен тірі қалады. Жантай атынан түсіп, атын ұлына беріп: «Үйге қайт, әйтпесе менің кегімді алар адам болмайды» — дейді да оққа ұшады. Жантайдың елімін естіген Абылай: «Өзін қайрауға бермеген, қара болатым-ай!» деп қайғырып, жылаған екен.

Барлық әскер шапшаң жүріп отырып Ілеге жиналады, қалмақтар келгенге дейін бүкіл өткелдерді қоршауға алады.

Қалмақтар тоқтап, жеті адамдық елші жібереді. Елші басшысы түлкі тымақты киген ұзын бойлы қара қалмақ, атынан түсіп, ханның алдына келеді: «Алла жар! Мені Уса мен Серен хан жіберді: қалмақ пен қазақ туысқан-бауырлас болды, қазырда солай болсын; сыйлық ретінде ақ ордаларды алыңыз, бейбіт өмір сүрейік». «Кет» — деді хан, сосын батырларын жинап алып кеңесіп: «Ақ ордасын алып, үміттендіріп, сосын шабуымыз керек», — деп өз пікірін айтты.

Оған Баян: «Жоқ! Ақ орданы алмаңыз, алдаймын деп үміттенбеңіз: Уса мен Серен жоғары және төменгі Қытайды да алдады, сенен де айласын асырады», — деп жауап қайтарды.

Хан екі рет өзінікін қайталады, ол екі рет өз жауабын айтты. Хан өзінікінде қалды.

Қалмақтар қозы көш жерде тұрды (8-9 верст). Екі күн күтті, қалмақтар да жоқ, ақ орда да жоқ, артынан олар шегініп кеткелі екі күн болғанын білді. Баян мың адаммен олардың соңына түсіп, Қытайға ене бастаған жерінен қуып жетті, бірақ 40 сажендей жете алмады; қайтып келе жатқан жолында қалмақтардың өліктерінен бұзылған судан қара тышқақ ауруына ұшырап, қырылады, Баян батырдың өзі де өледі».

Ш. Уәлихановтың Жантай жайлы келтірілген мәліметтері Үмбетай жыраудың «Жантай батыр» қиссасынан алынған сыңайлы. Себебі бұл батырлық жыр мен Шоқан әңгімесінің негізгі тұстары дәлме-дәл келеді. Бұл қиссаны Шоқаң өзі бірнеше рет жолыққан, Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ шешеннен естіген болса керек. Жыр бойынша қалың жаудың қоршауында қалған Жантайдың сарбаздарының кебі оққа ұшып, майдан аяғында қасында немере інісі Үйсімбай, үлкен ұлы Мырзакелді, ортаншы ұлы Тоқыш (Тоқаш) тағы да бірнеше жауынгерлері ғана қалып жауға алдырмай, қарсыласқан. Қаза уақыты жақындағанын түсінген Жантай, сонда тұнғышы Мырзакелдіге «қаш» — деді кие жарып көпті мына». Әкесін қимай, өмірін өлімге тікпек болған Мырзакелді болса, жалғанның қызығын әлі де болса дұрыс көрмеген, артында тұяғы жоқ інісі Тоқыштың құтылуын дұрыс көреді:

«Құптамай әке әмірін Мырзакелді:

«Мен өлсем Жанболатым  бар үйдегі».

Бойдақ қой, жұрағатсыз кетіп жүрер,

Көк атпен Тоқашың-ақ қайтсын», — деді.

Жантай батыр кенжесін атқа отырғызып «сәлем де Қанжығалы баласына, Ұмытпас!» — деп қоршауда қала берді. Бір күнге созылған шайқас, түнде жалғасын табады, қалмақтар қазақ батырларын тек таң ата ғана алады. Ауыр жараланған Жантайдың сауытын айбалталап сыпырып, қайсар батырды адырға асып кетеді.

.

Тағы рефераттар