Емханаға және ауруханаға келген көптеген адамдар ҚР Үкіметі бекіткен тегін медициналық көмектің кепілді көлемі туралы қаулыны біле бермейді. Мұндай көмек түрлерінің және тегін берілетін немесе жеңілдікпен сатылатын дәрі-дәрмек түрлерінің тізімі емдеу мекемелерінде ілініп тұрады.
Егер сіз мемлекеттік медициналық ұйымға немесе мемлекеттік тапсырысты орындайтын жеке ұйымға барған болсаңыз, төмендегідей қызметтер сізге тегін көрсетілуі тиіс:
- Жедел медициналық жәрдем. Егер сіз немесе сіздің жақыныңыз шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болса (әртүрлі жарақаттар, уланулар, тырысулар, жоғарғы температура, құсу, қатты қан кету, тұншығу, іштің өтуі, естен тану, қимылсыз қалу, жүрек дүрсілінің қатты соғуы, өмірге қауіпті жағдайлар туған кезде және жүктілік кезінде, сонымен қатар босану қаупі), жедел медициналық жәрдем көрсететін бригаданы телефон арқылы (103) шақырыңыз. Үйіңізге келген медициналық қызметкер науқасты қарайды, қажетті медициналық көмекті көрсетеді, емдік препараттарды салады. Мұның барлығы тегін жүргізіледі. Егер жағдай шұғыл түрде ауруханаға жатқызуды талап етіп тұрса, сізді аумақтық емханаға немесе дәрігерлік амбулаторияға жеткізеді.
Жедел шұғыл жәрдем қажет болмаған жағдайда, науқастарды ауруханаға тасымалдамайды.
- Амбулаториялық көмек. Сіз өзіңіз қарайтын емханаға қаралуға немесе дәрігерді үйге шақыруыңызға болады. Егер қандай емханаға қарайтыныңызды білмесеңіз, өзіңіздің облысыңыздағы (қалаңыздағы) денсаулық сақтау басқармасына қоңырау шалып біле аласыз. Олардың телефон нөмірлерін анықтамалық қызметтен, сонымен қатар интернет жүйесінің ақпараттық порталынан білуге болады. Егер Сіз ауылдық жерде тұрсаңыз, сіздің елді-мекеніңіздегі медициналық, фельдшерлік-акушерлік пунктке, дәрігерлік амбулаторияға қаралуыңызға болады. Жоғарыда көрсетілген мекеменің медицина қызметкерлері сізді не мазалайтынын анықтап, медициналық қызмет көрсетуі тиіс. Егер бұл жеткіліксіз болса, онда Сізді аудандық емханаға немесе облыстық диагностикалық-кеңес беру орталығына жібереді.
Егер сіз медицина мекемесіне бірінші рет барып, сырқатыңыз бойынша дәрігердің есебінде тұрмаған болсаңыз, емханада сізге келесі көмектер көрсетіледі:
— Сізді учаскелік дәрігер қарайды;
— тексеруге жібереді (лабораториялық және аспаптық диагностика, жеке профиль бойынша маман-дәрігерлердің кеңесі). Тексеруден өту үшін міндетті түрде дәрігердің жолдамасын алыңыз.
Есіңізде болсын! Сіздің дәрігеріңіз диагнозды қоюға керекті деп жазған барлық зерттеулер тегін көрсетіледі! Тек полимеразды тізбекті реакция, иммунофенотипирлеу, компьютерлік және магниттік резонанстық томография, ангиография, медициналық-генетикалық зерттеулер ғана тегін тексеруге жатпайды (бұл зерттеулер әлеуметтік-қорғалмаған азаматтарға, атап айтсақ, 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, ҰОС ардагерлеріне, мүгедектерге, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жас мөлшері бойынша зейнетке шыққан зейнеткерлерге, жұқпалы ауруларға, әлеуметтік қауіпті науқастарға, қоғамға қауіпті ауруларға ғана тегін көрсетіледі).
Егер сізге ауруханада қажетті медициналық көмек керек болса, онда дәрігерлер ем егуді, дәкелік таңғышты орауды, немесе гипсті тегін жүргізуі қажет. Сонымен қатар, хирургиялық, гинекологиялық, урологиялық, офтальмологиялық, оториноларингологиялық және т.б. амбулаториялық процедуралар медициналық ұйымның материалдық шығындары есебінен тегін жүргізілуі қажет. 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көрсеткіштері болған жағдайда физиоемдеу тегін.
Егер дәрілік терапия керек болса, сізге қажетті рецепті жазып береді. Дәрігерден жеңілдікпен немесе тегін дәріні алу мүмкіндігін сұрап біліңіз (аурулар мен препараттар тізімін сіз кез-келген емханадан сұрап біле аласыз). Егер дәрі-дәрмек тегін болса, дәрігер сізге рецепт жазып, тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектерді алуға дәріханаға жібереді. Егер Сіз ауылдық жерде тұрсаңыз, дәрі-дәрмекті фельдшерлік-акушерлік пункттен, дәрігерлік амбулаториядан немесе медициналық пункт арқылы аласыз.
Тегін стоматологиялық көмекті әлеуметтік қорғалмаған контингентке (шұғыл медициналық көрсеткіштері болған кезде) көрсетеді. Ал жоспарланған тегін тіс жұлу, препарирлеу, және пломба салу сияқты стоматологиялық көмекті (протездеуден басқа) 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге көрсетеді.
Егер Сіз есепте тұрған сырқатыңыз бойынша емханаға барған болсаңыз, онда сізді маман қарап, керек болған жағдайда лабораториялық және аспаптық зерттеуге жібереді. Әлеуметтік мәні бар және қоршаған ортаға қауіп төндіретін ауруларда (мұндай ауру түрлерін Үкімет бекітеді, ол әрбір емдеу орындарында бар) полимеразды тізбекті реакция (ПТР), иммунофенотипирлеу, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, ангиография, медициналық-генетикалық зерттеулер тегін жүргізіледі.
Егер Сізге стационарлық көмек керек болса, емханадағы дәрігер Сізді ауруханаға жатқызуға жолдама жазып береді.
Маңызды! Шұғыл жағдайда стационарлық көмек жолдамасыз көрсетіле береді. Ауруханаларда тұрғындарды жоспарлы түрде емдеу портал арқылы госпитализациялау бюросы арқылы жүргізіледі.
Диагностика мен емдеу қиындық туғызған кезде дәрігер Сізді медициналық көмек көрсетуге республикалық ұйымдарға жіберуі тиіс. Бұл амбулаторияларға да, стационарларға да қатысты. Республикалық ұйымдардағы диагностика мен емделуге жолдаманы (тиісті үлес) облыстық (қалалық) денсаулық сақтау басқармасында арнайы құрылған жоғары маманданған медициналық көмек Комиссиясы береді. Мұндай жағдайда, Сізді бақылап отырған емхана дәрігері стационарлық немесе амбулаториялық карта көшірмесінен, бекітілген тексеру тізімдерінен және жолдамадан тұратын құжаттарды рәсімдеуі қажет.
Назар аударыңыз! Барлық квоталар (форма 020/у, 021/у) тегін беріледі.
Егер жоғарыда тегін деп көрсетілген медициналық қызметтер бойынша сізден төлем сұраса, онда бұл туралы ұйымның әкімшілігіне немесе Сіздің аймақтағы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне хабарласыңыз (телефон нөмірін телефондағы анықтамалық қызметтен білуге болады).
Тағы рефераттар
- Жиһаз
- Күрделі қаржылар
- Пластидтер және оның түрлері
- КХДР ядролық дағдарысын шешудің болашағына болжам
- ҚР қылмыстық іс жүргізу құқығы