Дәріс мақсаты: Топырақтүзіуші факторлар туралы, олардың топырақтүзіліс үрдісіндегі атқаратын орны мен ролі жайлы мәлімет беру.
- Аналық тау жыныстары топырақтүзуші фактор ретінде
- Топырақтүзуші жыныстардың топырақтың қасиеттері мен топырақтүзілім жылдамдығына ықпал етуі
- Климат топырақтүзілу факторы ретінде
- Жер бетінің гидротермалық жағдайы
- Рельеф топырақтүзілу факторы ретінде
- Өсімдік және жануарлар әлемі, топырақтүзілу факторы ретінде
В.В. Докучаев анықтаған топырақтүзудің бес факторына – топырақтүзуші жыныстар, өсімдік және жануар организмдері, климат, рельеф және уақытқа кейінірек судың (топырақ және грунт(еспе) суы) және адамның шаруашылық әрекеті қосылды.
Топырақтүзуші жыныстар топырақтың қалыптасуы жүретін субстрат болып келеді. Бұл жыныстар топырақ сияқты күрделі табиғи құрылымның іргетасы және каркасы тәріздес. Бірақ та топырақтүзуші жыныстар топырақта жүріп жатқан үрдістерге инертті болып келетін жай ғана қаңқа емес. Ол топырақүзілу үрдісіне түрлі кейіпте араласатын түрлі минералдардық компоненттерден тұрады. Олардың ішінде химиялық үрдістерге инертті, бірақ та топырақтың физикалық қасиеттерін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын бөлшектер бар. Топырақтүзуші жыныстардың басқа құрамдас бөліктері оңай ыдырап, топырақты белгілі бір химиялық элементтермен байытады, солайша топырақтүзуші жыныстардың құрамы мен құрылымы топырақтүзілу үрдісіне өте зор ықпал етеді.
Топырақтүзуші жыныстардың маңызының үлкендігіне қарамастан топырақтүзілуде жетекші рөлді биологиялық әрекет атқарады. Тіршіліксіз топырақ та болмас еді. Жер бетінде топырақтүзілу тіршілік пайда болғалы бері басталды. Кез келген тау жынысы қанша терең ыдырап, үгілгеніне қарамастан әлі топырақ болмайды. Тек аналық жыныстардың өсімдік және жануар организмдерімен белгілі бір климат жағдайында ұзақ әрекеттесуі ғана топырақтың оны тау жынысынан ерекшелендіретін өзіндік қасиеттерін жасайды.
Өсімдіктер өзінің тіршілік әрекеті барысында органикалық затты синтездеп топыраққа тамыр массасы түрінде, ал беткі бөлігі өлгеннен кейін өсімдік қалдықтары түрінде таратады. Өсімдіктер топырақтүзуші жыныстарда аздаған мөлшерде болатын, бірақ өсімдіктердің қалыпты тіршілігіне сондай қажетті жекелеген химиялық элементтерді бойына жинайды (аккумуляциялайды)..
Топырақтың қалыптасу үрдісі үшін микроорганизмдердің де маңызы зор. Олардың әрекетінің арқасында органикалық қалдықтар ыдырап, ондағы бар элементтерді өсімдік сіңіре алатын қосылыстарға біріктіру (синтез) жүреді.
Жоғарғы өсімдіктер мен микроорганизмдер белгілі бір кешен құрайды. Олардың ықпалымен әртүрлі топырақ типтері түзіледі. Әрбір өсімдік формациясына белгілі бір топырақ типі сәйкес келеді. Мысалы, қылқанды омандардың өсімдік формациясының астында тек шабынды-далалық шөптесін формацияның әсерінен қалыптасатын қаратопырақ ешқашан түзілмейді.
Топырақтүзілісі үшін топырақта өте көп кездесетін жануар организмдер де маңызды. Топырақ үңгігіштері топырақты көп рет қопарыстырады да, оның араласуына, аэрациясының жақсы болып, топырақтүзілу үрдісінің жылдамырақ жүруіне септігін тигізеді және өзінің тіршілік қалдықтарымен топырақтың органикалық массасын молайтады
Климат жағдайларының топырақтүзілу үрдісі үшін маңызды мәні бұрыннан өзіне назар аударып келеді. Топырақтың энергиямен (жылумен) және едәуір мөлшерде сумен қамтамасыз етілуі осы климатқа байланысты. Келген жылу мен ылғалдың жылдық мөлшеріне, оның тәуліктік және маусымдық таралуы ерекшеліктеріне қарай топырақтүзілу үрдісі дамиды.
Жер шарының климат жағдайлары экватордан полюстерге қарай, ал таулы елдерде етегінен төбесіне қарай заңды түрде өзгереді. Осы бағытта өсімдіктер мен жануарлардың құрамы да заңды түрде өзгереді. Топырақтүзілудің осынау маңызды факторларының өзара байланысқан өзгерістері топырақтың негізгі типтерінің таралуына ықпал етеді. Атап өтетін бір жайт, климат элементтерінің ықпалы, басқа барлық топырақтүзілу факторлары сыйяқты, тек басқа факторлармен өзара әрекеттескенде ғана байқалады.
Топырақтүзілуге топырақ-грунт (еспе) суы да белгілі мөлшерде ықпал етеді. Су топырақтағы көптеген химиялық және биологиялық үрдістер жүретін орта болып табылады. Өзенаралық кеңістіктегі топырақтың көп бөлігі үшін судың негізгі көзі атмосфералық жауын-шашын болып келеді
Жер бедерінің (рельеф) әсері негізінен жер бетіне келген жылу мен суды таратуынан көрінеді. Жергілікті жердің биіктігінің бірталай өзгеруі температуралық жағдайдың едәуір өзгеруіне әкеледі. Таулардағы биіктік (вертикальды) зоналық құбылысы осыған байланысты. Биіктіктің салыстырмалы түрде аздаған өзгерісі атмосфералық жауын-шашынның таралуына әсер етеді. Күн энергиясының таралуы үшін беткейдің экспозициясының мәні зор. Өте көп жағдайда грунт суының топыраққа әсер ету дәрежесі жер бедерінің ерекшеліктерімен айқындалады.
Топырақтүзілудің мүлдем ерекше факторы – уақыт. Топырақта өтетін барлық үрдістер уақыт ішінде өтеді. Сыртқы жағдайлардың ықпалы байқалып, топырақтүзілу факторларына сәйкес топырақ қалыптасуы үшін белгілі бір уақыт қажет. Географиялық жағдайлар тұрақты болып қалмай, өзгеріп тұратындықтан, топырақтың уақыт ішіндегі эволюциясы жүреді.
Қалған барлық факторлардан топыраққа адамның, дәлірек айтсақ адам қоғамының ықпалы күрт ерекшеленеді. Табиғаттың топыраққа әсері кездейсоқ түрде болса, адам өзінің шаруашылық әрекетінің барысында топыраққа бағытты түрде әрекет етеді, оны өзінің қажетіне қарай өзгертеді. Ғылым мен техниканың дамуына байланысты, қоғамдық қарым-қатынастардың дамуына байланысты топырақты пайдалану және оны қайта құру күшейе түсуде.
Бұдан түйіндеріміз, топырақ – бұл құрлық бетіндегі химиялық элементтердің циклдік миграциясы, ландшафт компоненттерінің арасындағы зат алмасуы үрдістері жоғары кернеу дәрежесіне жететін ерекше табиғи түзілім. Топырақта заттың жіті таралуымен бір мезгілде күн энергиясы трансформацияланады (күйін өзгертеді) және жиналады (аккумуляцияланады).
Өзін-өзі қадағалау сұрақтары:
- Топырақтүзуші факторларды жікте.
- Аналық жыныстардың топырақ құрылымы мен құрамын қалыптастырудағы ролі қандай?
- Климат ерекшеліктерінің топырақ түзілісіне әсерін айт.
- Органикалық әлемнің топырақтүзілісіндегі ролі.
- Жергілікті рельеф ерекшелігіне байланысты түзілген топырақ түрлері қандай.
- Топырақ қалыптасуына грунт суларының әсері қандай?
Тағы рефераттар
- Болжам жасаудың негізгі қағидалары
- Топырақтың ластануын биоиндикациялау
- ГЕРМАНИЯДАҒЫ ФАШИСТІК ДИКТАТУРА — МОНОПОЛИСТІК КАПИТАЛДЫҢ БИЛІГІН ІСКЕ АСЫРУ ҚАРУЫ
- Ғалам даму жағдайындағы тоқыма және кілем өнкеркәсібі кәсіпорындарының дағдарысқа қарсы қамтамасыз ету бағыттары
- Жаза ұғымы және оның түрлері