Түлкібас ауданы туралы қазақша реферат
Түркібасы ауданы — облыстың оңтүстік — шығысындағы әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы 2,3 мың шаршы шақырым, облыстың 2,0%-ын қамтиды. Тұрғындар саны 90,0 мың адам. Орталығы — Т.Рысқұлов ауылы. Аудан 1928 ж. құрылған. 5-8 ғғ. мұнда Түркі ханының ордасы болған. Жаугершілік заманда түркілердің бас қолбасшысы мерт болып, төбенің басына жерленіп, Түлкібасы төбесі аталып кетті. Ауданның аты Түлкібасы сөзінен шыққан. Түлкібас (Түркібасы) ауданындағы 63 елді мекен 2 кенттік, 12 ауылдың округке біріктірілген.
Аудан Алатау мен Қаратаудың қауышқан жерінде жатыр. Солтүстігін Қаратаудың Боралдай (1700-1800 м) жотасы, онтүстігін Талас Алатауының (1500-2500 м) Қарақұс, Алатау, Тасқара, Кіші Ақсу таулары, орталық бөлігін тау етегінде жазық алып жатыр Ауданның жер қойнауында ванадий, темір рудасы, Састөбеде цемент, карбонат шикізаттары, әктас, мәрмәр кен орындары бар.
Климаты континенттік, қысы біршама жұмсақ. Қантардың жылдық орташа температурасы -2-3°С, шілдеде 25-26°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 700-800 мм. Өзен жүйесін Арыс өзені және оның салалары — Жабағылы, Дауылбаба, Манат, Құлан, Үлкен Көкбұлақ т.б. құрайды. Жерінде қоңыр-қошқыл, сұр, таудың коңыр топырағы тараған. Жазығында, өзен бойларында шалғынды шөптесіндер, тау беткейінде итмұрын, тобылғы, долана, жеміс ағаштары, тау пісте, кайың, тал, үйеңкі, арша т.б. өседі. Жануарлардан аю, қасқыр, түлкі, арқар, елік, жабайы шошқа, қоян, суыр т.б.: құстардан ұлар, шіл, бөдене, кекілік мекендейді.
Халқының орташа тығыздығы 1 шаршы шақырым жерге 39,1 адамнан келеді. Ауыл халқы 83,0%-ды, Састөбе мен Түлкібас кенттерінде қоныстанған қала халқы 17%-ы құрайды. Ауданда 25 ұлттың өкілдері тұрады, қазақтар-70,8%, орыстар-9,6%, өзбектер-4,3%, әзербайжандар-3,6%. Ірі елді мекендері: Т.Рысқұлов ауылы (15,7 мың адам), Түлкібас (11,3), Састөбе (7,0), Балықты (5,0), Жаскешу (4,1), Азаттық (3,9), Шақпақ баба (3,0) ауылдары.
Ауданда ет, сүт өндіріп, астық, жеміс-жидек, көкөніс, жүзім оөіруге мамандандырылған 10 ұжымшар, 2 кеңшар, құс өсіру шаруашылықтары болған. 1997 жылдан бастап ондаған акционерлік қоғамдар, серіктестіктер, шаруа қожалықтары құрылды. Олар «Тұрар», «Еңбек», «Көкбұлақ», «Қоссарай», «Тәжірибе», «Жолдас», «Ақбиік», «Седенал» ӨК. «Үміт», «Ақтас» АҚ, «Қызыл-жар», «Құрылыс» ЖШС, «Медет С», «Сарытор», «Көктерек-Агросервис» ЖШС, «Майлыкент» ЖШС, Мичурин шарап зауыты шарап, коньяк, «ТКЗ» ЖШС-жеміс-көкөніс консервілерін, «Көктерек» АҚ-ұн, жарма, «Түлкібас сырасы» ЖШС- «Машат» сырасын, «Састөбе Цемент» ЖШС-цемент әк өндіреді.
Түлкібас ауданының кәсіпорындары 2003 ж. 49,8 мың мэ мәрмәр, 20,9 мың т әк, 5,4 мың т дәннен және өсімдіктен алынған ұн, 115,9 мың л шырын, 238 мың л коньяк, 25,1 мың л сыра шығарды. Мал шаруашылығы негізгі салалы етті, сүтті мал және биязы жүнді қой өсіреді. Ауыл шаруашылығының жалпы өніміндегі мал шаруашылығының үлесі 49,9%, егістік. бау-бақша өнімінің улес салмағы 37,9%. Аудан аумағы 233,8 мың га, оның 17,8 мың га, суармалы, 64,3 га тәлім жер, 96,8 мың га жайылым, ауданның аумағында республикадағы алғаш ұйымдастырылған (1926) «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығы орналасқан. Туризм объектілері: Шақпақата әулие үңгірі, Әулиесайдағы Майлықара, Акбиіктегі «Сталактит» үңгірі, Түркібасы тауы, Састөбе тауы, Машат аңғары, Дәубаба шатқалы, Қара-үңгір тұрағы т.б. Аудан жерімен Ұлы Жібек жолының негізгі желісі етіп, ежелгі Шараб, Бадухкет, Тамтадж, Абаггаж. Тамтадж қалаларын, керуен бекеттерін байланыстырған.
Білім беру саласында 54 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 40-ы орта, 7-орталау, 7 бастауыш және 1 сырттай оқу мектебі. Аудан орталығында «Түлкібас» афобизнес және туризм» колледжі, ауыл шаруашылығын механикаландыру, Агроөнеркәсібі кешенінің менеджменті, туризм т.б. мамандарын дайындап шығарады. МӘуезов атындағы мемлекеттік университеттің филиалы жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласында 5 аурухана, 12 ауылдық амбулатория, 40 фельд. Акушер жұмыс істейді. Ауданда 40-тас астам мәдениет мекемелері халыққа қызмет көрсетеді. Олар: 1 аудандық мәдениет үйі, 6 ауылдық мәдениет үйлері, 12 клуб, 22 кітапхана, 2 халық театры. Г.Рысқұлов мұражайы. Аудан жері арқылы Трансазиялық темір жол және Алматы-Термез автомобиль жолы өтеді.
Тағы рефераттар
- Жерді пайдалану құқығы дипломдық жұмыс
- Бiлiм беруге арналған бюджет шығыстары
- Еңбек ақыдан ұсталынатын міндетті төлемдер есебі
- Қазақстанда психология ғылымының даму мәселесі
- Социогенез немесе адамзат қоғамының дамуы