Тұтынушы-ұйымдардың сатып алу туралы шешім қабылдау процесі туралы қазақша реферат

Сатып алу туралы шешім қабылдаудың өзіндік ерекшеліктері бар, ол мынадай кезеңдерден тұрады.

 

Қажеттілікті анықтау     өнімнің сипатын анықтау     жабдықтаушыны іздеу

жабдықтаушыны таңдау          жабдықтаушыны және оның өнімін бағалау

 

13-сурет. Өндірістік мақсатқа арналған тауарларды сатып алу туралы шешім қабылдау процесі.

Бірінші кезеңде өндірістік бағдарлама негізінде материалдық-техникалық ресурстарға деген қажеттілік анықталады. Тұтынушы ұйымдардың үміті көптеген факторларға байланысты. Оларға қызметкерлердің жалпы  дайындық деңгейі, көп таңдалатын ақпарат көздерінің барлығы, бұрынғы сатып алуларға қанағаттану дәрежесі жатады.

Туындайтын қажеттіліктерді анықтайтын қызметкерлерді дайындаудың жалпы деңгейі олардың біліміне, біліктілігі мен құзырлылығы, өмір сүру салты мен мінез-құлық стиліне байланысты болады. Әрине, станок жасаушы кәсіпорынның инженерінен көтерме саудагерге қарағанда, білімділікті, шеберлікті және тәжірибелілікті талап етеді. Біріншісінде, жалпы-техникалық дайындық, ал екіншісінде, коммерциялық жұмыс бойынша білімі болуы тиіс.

Сатып алу процесінің келесі кезеңі – туындаған қажеттілікті қанағаттандыратын тауар параметрлерін анықтау. Тауардың қаланатын оңтайлы сипаттамалары мен ерекшеліктері (сапасы, бағасы, функционалдығы, техникалық ерекшеліктері) анықталады. Мұнда 1948 жылы  «Дженерал электрик» фирмасымен алғаш рет қолданған функционалдық-құндық талдауды (ФҚТ) жүргізу маңызды мәнге ие. Бұл әдістің мақсаты – өзінің функционалдық мақсатына сәйкес өнімді аз шығындармен өндіру.

Жабдықтаушыларды зерттеу мен іздеуді жабдықтау бөлімі жүргізеді. Бұл кезеңде қолда бар және болуы ықтимал жабдықтаушылардың толық тізімі анықталады. Осы мақсатта жабдықтау шарттары, тауарлар сапасы, қызмет көрсету және баға деңгейлері салыстырылып, талданады. Жабдықтаушылар жайында ақпаратты: өз мағлұматтары, тауарлары мен бағалары туралы мәліметтері бар көтерме саудагерлердің каталогтары, әр түрлі фирмалардың, көрмелер және сауда экспозициялары, анықтамалар, статистикалық деректер, пошта арқылы тікелей хабарландыру, баспасөз хабарламалары (пресс-релиздері), салалық журналдар,  журналдар мен газеттердегі жарнама, конференциялар, сауда жасайтын персонал, әріптестер сияқты әр түрлі ақпарат көздерінен алуға болады. Жабдықтаушыларды жылдам әрі тиімді табу үшін тапсырыстарды интернет арқылы беруге болады.

Өндірістік мақсатқа арналған тауарларды сатып алу туралы шешім қабылдаудың соңғы кезеңі – жабдықтаушыларды таңдау. Сатып алулар немесе жабдықтау бөлімінің басшылары жабдықтаушыны таңдамас бұрын оларды мынадай белгілері бойынша бағалайды:

1.     Жабдықтаушының адалдығы;

2.   Сапа, саны және жабдықтау мерзімдері бойынша сатып алушының талаптарын қанағаттандыруға қабілеттілігі;

3.     Жабдықтаушының тұрақты қаржылық жағдайы;

4.     Жаңа технологияларды қолдану деңгейі;

5.  Техникалық күрделі және қымбат тауарларға қатысты өндірістік тәжірибе;

6. Транспорттық факторлар немесе тауардың жолда зақымдалу тәуекелділігі тұрғысынан қарағанда қолайлы географиялық орналасуы;

7.      Баға;

8.      Төлем шарты;

9.      Бұрынғы байланыстар;

10.  Сервис деңгейі және т.б.;

Тауарды таңдауда маңызды өлшемдерге ең алдымен, тауардың сапасы, пайдалану сипаттамалары, бағасы және жабдықтаушының сенімділігі жатады. Өнімдер бірін бірі алмастыратындай болса, жабдықтаушыны таңдаудың маңызды факторы  баға болып табылады. Ал басқа жағдайларда бағадан басқа да ерекше мәнге клиенттің шарттарын орындау үлкен маңызға ие болады: өнім белгілі бір сипаттамаға сай болуы, ұйым белгілеген шартта  және уақытта жеткізілуі тиіс.

Мемлекеттік кәсіпорындар үшін жабдықтаушыны таңдау Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Кәсіпорындар мемлекеттік сатып алулар жүргізілетіні туралы конкурс жариялайды. Сатып алынатын жұмыстардың, материалдардың және т.б. толық тізімі мен ерекшеліктері конкурстық құжаттамада көрсетіледі.

Жабдықтаушыны түпкілікті таңдау кәсіпорынның алынған тауарларға толығымен қанағаттанғандығын білдірмейді. Кәсіпорын осы кезеңдердің қайсысында дәлсіздіктер жібергенін анықтауы керек. Жабдықтаушыны таңдаған соң жабдықтау шарттары мен мерзімдері және басқа да жағдайлар  белгіленген өзара ресми мәмілеге қол қойылады. Жабдықтаушыны таңдау мәмілелері яғни, жабдықтау шарты және мерзімі көрсетілген ресми келіссөздер негізінде тапсырыс беру мерзімі, тапсырысты орындаушының атауы мен мекен-жайы, тауар сипаттамасы, жеткізу мерзімі, бағасы және т.б. да мәліметтері бар тапсырыстар ресімделеді. Маңызды мәмілелер ұзақ келіссөздердің пәні болып табылады, нәтижесінде жан-жақты шарттар жасалады. Тапсырыстың орындалу барысын жабдықтау бөлімі жүзеге асырады.

Өнеркәсіптік маркетингте тауарларды сатып алу туралы шешім қабылдау түрі ұжымдық және жекелей болуы мүмкін. Оған тұтынушы-ұйымның жұмыс істеу ерекшелігі, ондағы қабылданған жұмыс әдістері, сатып алынатын тауардың өзгешеліктері де ықпал етеді.

Егер өнімді сатып алу туралы шешім алқалы түрде ақылдасып, шешілсе, онда осы процеске қатысушылардың пікіріне келісу талап етіледі. Ол мәселелердің өзара келісіп шешілуі, саудаласу, пікірталас, сендіру сияқты әр түрлі әдістермен жүргізілуі мүмкін.

Сатып алу туралы түпкілікті шешім жағдайлық факторларға байланысты. Оларға экономикалық жағдайдың өзгеруі (кеден баждарын енгізу, бағаны мемлекеттік бақылау, инфляция), әлеуметтік жағдайлар (ереуілдер, аштық жариялау), ұйымдық өзгерістер (басқару құрылымын жетілдіру, жұмысшылар санының қысқаруы), саяси (эмбарго енгізу), жабдықтаушылар әрекетіндегі жаңалықтар (баға, қызмет көрсету, өткізу және жылжыту) жатады.

Түпкі тұтынушылардың мінез-құлқына қарағанда тұтынушы-ұйымдарда сатып алу туралы шешім қабылдау процесі ұтымды болады. Бұл сатып алу барысының нақты өндіріс қажеттілігіне бағынышты болуымен түсіндіріледі. Шешімдерді белгілі бір психологиялық ерекшеліктерге ие мамандар қабылдайтын болғандықтан, шешім түп ақырына дейін ұтымды бола алмайды.

Сатып алу туралы шешім көбіне әр түрлі пікірді ойластыруды талап етеді, мұнда да шешім қабылдауға қатысатын тұлғалардың психологиялық ықпалы шын мәнісінде сезіледі. Оның үстіне, сатып алу туралы процеске қатысатындардың барлығының жеке мотивациясы болады.

Тұтынушы-ұйымдар үш түрлі сатып алулармен жұмыс жасайды.

Өзгеріссіз сатып алу. Үнемі сатып алынатын, қымбат емес тауарларға қолданылады. Мұндай сатып алулар үйреншікті, сондықтан ұйымдар жабдықтаушыларға қайта тапсырыс беруге машықтанған. Мысалы, жиһаз фабрикасы зауыттан бекіткіштер мен бұрандалар алады.

Өзгерістері бар жаңғыртып, жетілдірілген (модификацияланған), қайта сатып алулар. Сатып алулар бұрын сатып алған орташа құнды тауарлар бойынша іске асады. Мұндай сатып алулар жабдықтау шартын нақтылауды талап етеді және біршама тәуекелге ие. Сатып алуға қатысушылардың пікірі мақұлданып, жүзеге асады.

Жаңа сатып алулар. Тәуекел деңгейі жоғары, қымбат тауарлар үшiн қолданады. Мұндай сатып алулар шешім қабылдауға едәуір уақыт талап етеді, өйткені тәуекел деңгейі өте жоғары. Мысалы, металлургиялық комбинат үшін прокат станын салу.
Тағы рефераттар