Қазақ елінің азаттығы үшін күрескен жандардың бірі — Әлтеке Жидебай Қожназарұлы.

Ол туралы жазба дерек қолжазба қорында, баспасөз материалдарында ғана кездеседі. Мәшһүр-Жүсіптің Жидебай туралы жазғаны баспа бетінде жарық көрген. М.Ж. Көпеев жазбаларында қаһарманның ата-тегі таратылады, өмір сүрген жылдары, ортасы, ел қорғаудағы қызмет баяндалады.

Тарихта Әлтеке Жидебай атақты батыр, Абылай қолбасшыларының бірі ретінде сипатталынады. Мысалы, М. Әбдуіов мақаласында оның майдандағы ұрыс тағдырын шешетін, әрі қосымша тың күш ретінде ұсынылатын 5000 қолды басқарғаны айтылады.

Ресми жазба деректер әлі кездестірілмегендіктен нақтылы қай жылдары өмір сүргенін айту қиынға соғады.

Жасымның жүзге келгені

Алты алаштың алғысы,

Қос жанардың сөнгені

Қарақожаның қарғысы, — деген Жидебай сөзіне сүйене отырып, М. Әбдуіов 1700-1800 ж. өмір сүрген деп топшылайды.

М. Әбдуіов пікірі бойынша, кейінгі жылдары қойылған моласының көк тасындағы: «Туған ж. 1575, қайтыс болған ж. 1675», — деген жазу шындыққа жанаспайды. Өйткені, онда Абылай хан замандасы болған Жидебай басы Есім хан соңы Тәуке хан тұсында өмір сүрген болып шығады.

Ал Т. Ақышев оны 1713-1815 ж. аралығында өмір сүрген деп есептейді.

Жидебай батыр болғаным –

Абылай ханның батасы,

Жоңғар ханды жеңгенім –

Қабанбай мен Бөгенбайдың арқасы.

Жасымның жүзге жеткені –

Мұсылманның алғысы,

Екі көзімнің кеткені –

Жоңғарлардың қарғысы, — деген сөзін келтіріп, Жидебай жасы жүзден асқанда қайтыс болған деп тұжырымдайды.

Ал Мәшһүр-Жүсіп шежіресіндегі: «Жидебай батыр жеті қатын алған, жүз беске келіп өлген», — деген жолдарға қарап, батыр не 1700-1805 жылы не 1713-1818 жылы ғұмыр кешкен деп болжаймыз. М. Әбдуіов пен М.Ж. Шежірелерінде бергі генеологиялық секілді ұқсас болғанымен батырдың арғы аталарын таратуда өзгешелік бар.

1) Болатқожа (Қаракесек) – Түйте – Майқы – Айтуған — Әлтеке – Дос – Қожаназар — Жидебай. (М.Әбдуіовта)

2) Қаракесек – Түйте – Майқы – Әлтіке – Дос – Қожаназар – Жидебай. (Мәшһүр-Жүсіп).

Мәшһүр-Жүсіп тек шежірелік кестені ғана ұсынып қоймай, Жидебайдың атасы Дос батырға тоқталады. Жидебай жастайынан жетімдікті көріп өседі. 7-8 жасында жорыққа кетіп бара жатқан Қабанбайдың батасын алады. Қаракерей Қабанбай оған алмажайымынның бірін (Қызыл түлкі) байлайды.

Кейін Абылай қазаққа хан болып көтерілгенде атақты батырының бірі, қолбасшы болады. Абылай хан қосын жүргізгенде Үйсіннен ақ Шабдар атты алғызып, Жидебайға мінгізеді. Қызыл түлкі алмажайымы арқасында қараңғы түнде тал түстей боранды ашық күндей көріп жүретін болған. Біреудің жоғалған пышақ шақпағын жауын-шашын болса да, тауып беретін болған.

Бұл мәліметтер арқылы Жидебай өмір сүрген әлеуметтік ортасын, Абылай жасағындағы батырдың жоғары бағаланғанын білеміз. Ал алмажайымы болу себебін халықтың қаһарманын ерекше қасиетті жанға бала ұғымымен де байланыстырамыз.

Мәшһүр-Жүсіп аңызында Алатаудағы ешкім таба алмайтұғын жерден бір ауылынай елді Жидебай тауып, шауып талайды. Сонда сол елдегі Сары қожа қарғысына Жидебайдың көзі көрмей көр болады. Аңыздағы Жидебайға атасы Дос батырдың аруағы аян беруі (анимизм), алмажайымы – Қызыл түлкісі (тотемизм), қожа қарғысы – (ислам) 18 ғасырлардағы қазақ нанымында әртүрлі сенімдердің сабақтасып жатқандығын көрсетеді.

Батырдың қай елге, қашан жорық жасағанын анықтау қиынға соғады. М. Әбдуіов еңбегінде Жидебай Абылай хан әскерімен барып, бағындыра алмаған Қаратаудағы Қарақожа елін бес мың қолды бастап, бағындырып қайтады.

Салыстыра қарастырсақ, Жидебай шапқан ел не Алатаудағы белгісіз бір ауылынай жұрт, не Қаратаудағы қарақожа халқы болып шығады. Жидебайдың: екі көзімнің кеткені – жоңғарлардың қарғысы, — деген сөзіне мән берсек, батырды жоңғарлармен соғысқан деп анықтаймыз. Сондай-ақ, бұл оқиға негізі ретінде Абылай ханның 1765-1766 жылы, 1770 жылы Алатау қырғыздарына жасалған жорығында келтіруімізге болады.

Мәшһүр-Жүсіп қолжазбасымен Т. Ақышев, Н. Әбдуов зерттеулеріндегі мәліметтерді жинақтай қарастырсақ, Жидебай Қожаназарұлы Сыр бойындағы Қаратау өңірінде туып, Сарыарқадағы Қарқаралы сыртындағы Қызылтауды ағатұғын Шеркбай — Нұра өзені бойында дүниеден өткен. Сүйегі қазіргі Жезқазған облысы, Шет ауданының орталығынан 15 шақырым қашықтықта, Ақсу-Аюлы тауының солтүстік-батысындағы мазарға қойылған.
Тағы рефераттар