Ұлт – азаттық көтерілістің Қазақстандағы орны туралы қазақша реферат
Он жылға созылған, үш жүзді қамтыған азаттық қозғалыс қазақ қауымының қайшылықтарын да, бірлігін де, алауыздық пен осы арпалыстың сырында ашты. Қазақ қауымының бір-біріне қарсы тұрған жігіне XVIII ғасырдың соңындағы Кіші жүздегі Сырым батыр бастаған көтерілісте, не 1836—1838 жылдардағы Кіші ордадағы Исатай Тайманов қозғалысында да дөл осындай айқындалмады. Отаршылдыққа қарсы бой көтеруді үш жүздің барлық тұқымдары, тіпті Кененің өозіне жақын Абылайдың ұрпақтары бірауыздан қолдады десек біржақтылық болар. Бұл арада рулық қауымдасып емір сүру ерекшеліктеріне байланысты кейбірде ат төбеліндей ақсүйектердің тайпалық — қандық дәстүрге сай көшпенділердің тобын лықсытып, бірде үкіметке қарсы, екіншіде хан Кенесарыға да қарсы көтеріп отырғанын естен шығармасақ. Әрине, негізінен қазақ феодалдары мен орыс әскерінің офицерлерінің қолынан шыққан, тіпті көп жағдайларда облыстық басқармалардағы чиновниктер дайындаған құжаттарда қауымның екіге жарылып кеткендігін жасырмай сипаттайтын деректер сирек кездеседі. Ал казақ даласында болған саясатшылардың, көтеріліске байланысты оқиғалардың ақиқатын іздеген басқа да авторлардың жазбаларында жергілікті феодалдардың арасындағы теред жік ашып көрсетілген. Абылайдың ұрпағы Шоқан Уәлиханов жазбаларында көтерілісті даттап, оның реакциялық сипаты бар қозғалыс деп баға бергенін жоғарыда келтірдік. /1/
Көрнекті зерттеуші, Шоқанның досы Ядринцев (Семилужинский) қазақтың ұлы ғалымы туралы кейіннен жарияланған естелігінде Кенесары қозғалысына біршама мән берген. «…көтеріліс кезінде дала екі партияға ажырады: біріншісі тәуелсіздік үшін күрессе, екіншісі патша билігін мойындады. Жыршылардың суырып салма ақындар сайысында Кенесарының жеке басы жиі көтерілетін» А, Янушкевич байқағандай «күрестің саяси арнасы поэзия болды, шешен тілдерімен сайраған қырғыздар бір-бірін ақындық семсерімен түйресіп бақты» белгілі ғалым саяхатшы хатшы Г.Н.Потанин да Шоқан туралы естеліктерінде жас Уәлиханов өзінің Саржан мен Кенесары жөнінде тарихтан, ауыз әдебиетінен, мысалдардан қызықты мәліметтер келтіретінін түйіндей келе, «дала сол кезеңде екіге жіктелді: орыс және ұлттық. Кейінгіні Арқа деп атаған осы топтың белді жақтастары негізінде оңтүстік аудандарға, тақыр жерлерде қоныстанды. Екі партияның қарама-қарсылығын тенсоннан да байқадым. Көтеріліс мәселелері өлеңдерде де орын алған. Ақмола облысы округының белді биі Сапақ Тәңірбергеновтың асында болған айтыста ақын Өтеубай орыс үстемдігі қазақтарға жағымды деп өлеңдетсе, Сарысу өңірінің ақыны Құлтымай, оның ел үшін зиянын дәлелдеп берді. Кенесары ханның ешқандай кедергісіз Ресейге іргелес орналасқан Орынбор даласында көшіп-қонып, өзінін «қарақшыларының» қатарын көбейткенін, Ордадағы жаэдайға әсерін тигізгенін Н.Середа да қостайды. «Осы орданың тұрғындарыннң аз ғана бөлігін есептемегенде, барлығы дерлік оны хан ретінде таныды. Өте айлакер саясатшыл Қасымов әкімдерден өзінің іс-қимылдарын тасада ұстайтын»,— деп бағалайды хан Кенені Н.Середа .
Патша үкіметінің саясатына наразылық білдірген қазақтардың барлық әлеуметтік топтары үшін Кенесарының биік тұлға болғандығын XIX ғасырдың 60-шы жылдарында қазақ ауылдарын аралап, мәліметтер жинаған, Түркістан өлкесінде кейіннен ірі әкімшілік қызмет атқарған, қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыруға ашық қарсылық білдірген А.Гейнсте көңіл аударған. «Кенесары барлық жаңа тәртіпке бойұсынбағандарды әсіресе, сұлтандарды өзіне тарта білді. Олар Кенесарыға семьяларымен, мал-жайларымен қосылды, өздерінің елінің қожасы сезінді. Қазақ билеушісінің өзін қолдамаған руларды тонағанын, күшпен соңынан ерткенін, ешкім оған кедергі жасай алмағанын,— А.Гейнс те толықтыра жазады.
Ал Л.Мейер Кенесары турасында халықтың және дала ақсүйектерінің көзқарасын екі ұшты білдіреді. Мысалы, 1840 жылы Сібір және Орынбор жағынан бір мезгілде бірнеше ірі жазалау топтарының Кенесарыға қарсы қимылдарының өрістегенін талдай келе, Л.Мейер осындай ауыр жағдайдың өзінде, мысалы, Кіші -жүздің Шөмекей руының белгілі биі ханға қызын ұзатқанын мақтан еткен. Төртқара, Шекті және бірнеше рулардың көтеріліс басшысын елдің ханы деп тануында негіз мол болғанын айта келе, екінші жағынан, Қасымұлының туы астына басын қосқандар «панасыз қаңғыбастар, баратын жер, басатын тауы қалмаған адамдар еді»,— деген біржақты қорытындыға келеді. /2/
Көтеріліс бүкіл елге жайылмай тұрғанда, жеке рулардың Сібір және Орынбор қазақтарының уставына наразылығын басу округтық приказдардың жанындағы аға сұлтандарға, негізінде әскери чиновниктерге тікелей бағындырылған казак отрядтарына жүктелді. Көтерілістің тез арада Кіші және Орта жүзді шарпуы патша үкіметінің көтерілісшілерді жазалайтын бірқатар шараларының қабылдануына себепші болды. Егерде Ертіс, Есіл, Жайық әскери шептері бойында орналасқан казақ феодалдары отарлауды күшейткен уставтарды қарсылықсыз да қабылдаса, казак әскерлерінен алыс, даланың ішкі аудандарындағы ауылдар уставқа мейлінше қарсы болды. Кенесарыға ойысқан семьяларымен, мал-мүлкімен жөңкілген осы округтық приказдан алыс орналасқан ауылдар еді.
Көтеріліс басталысымен патша үкіметінің губернаторлары Ресей империясына «антты» бұзғаны үшін округтық приказдардан ажырап түкпірлі аудандарға ойысқан қазақ ауылдарынаа «контрибуция» сала бастады. Үкімет анықтап берген өңірден көшіп кеткендер Ресейдің жауы деп жарияланып, сотқа тартылатын. Архив қорларында патша губернаторларының талабымен дайындалған көтеріліске дем берушілермен белсенді қатысушылардың тізімдері сақталынған. Кейіннен көтерілістің басты күштері оңтүстік Қазақстанға ауысуына байланысты округтық приказдың аға сұлтандары шекаралық комиссияның талаптарын қалтқысыз орындау барысында «бүлікті» жақтаған, немесе ханға оң пиғылда болғандардың сан алуан тізімдерін «құпия» деген грифпен Омбы мен Орынборға жеткізген. Бұл тізімдердің бір артықшылығы қозғалыстың әр кезеңінде Кенесарыны қолдаған Абылай тұқымдарының есімдерін анықтауға да мүмкіндік береді. Сондай бұрын жарияланбаған бірнеше құжаттарды оқырмандардың есіне ұсынсақ.
1838 жылы Құсмұрын округінде сараланған деректерде Кенесары «бүлігіне» қатысы бар деген бірнеше сұлтан, старшындар тексерілген. Деректің бір жағында қозғалысқа қатысы бар деп күдікке қойғандар тізімі, екінші жағында олардың күнәсінің дәрежесі анықталған: сұлтан капитан Жалбыр Абдуллин, старшина, прапорщик Барлыбаев олардың көтеріліске қатысы бар ма, жоқ па ешқандай белгі соғылмаған. Кенжеғали болысының старшинасы Шанка Мевдекин, сұлтан Кенжеғали Аспандияров: 1838 жылы К.Аспандияров өзін қолдаған 15 шаңыраққа бас болып, даланың ішкі аудандарындағы көтерілісшшерге қосылған. Сол жылы белгісіз себептермен өз ауылына қайта оралған Округтық приказдың ұсынысы бойынша одан 2 түйе, 25 жылқы, 5 мүйізді кара мал, 20 қой контрибуция алынған. «Бүлікшілердің» тізімінде Абылай тұқымынан Әбділда Абылайұлы мен Төрежан Әбділдиндер бар.
Кенесары айлакерлігімен Ресей ықпалындағы сұлтандарды да өз ығына көндіргенін айтып кеттік. Абылайдың ұлдарының бірі — Әбділда сұлтан алғашында патша үкіметіне бас иген белгілі шонжарлардың бірі болды. Бірде мынадай оқиға болған. Полковник Қонырқұлжа Құдаймендинмен аттұяғын біріктірген Әбділда өзінің тобымен Кенесары сарбаздарының қоршауында қалады. Үкіметке өзін байлап бермек болған Әбділданы Кенесары жазаламай, арнайы үй тіктіріп, екі күн қонақ етіп жібереді». Осыдан былай Әбділда сұлтан көтерілісшілер жағына ойысты.
1838 жылы 100-ге тарта төленгіттерін, уақ болысының екі ауылын үгіттеп, Ресейдің билігін әлі де мойындамаған Бағаналы қазақтарына көшіп кеткен. Келесі 1839 жылы баласы Төлеужан сұлтанмен белгісіз себептермен өз қонысына қайтып оралған, Батыс Сібірдің генерал-губернаторының «прокломациясына» сай жоғарыда көрсетілген «контрибуцияны» төлеген. /3/
Ақмола округі бойынша електен өткен мадшеттерге қарағанда Тұртұғұл болысынан сұлтандар Күшік, Жадай, Жанай Айшуақовтар, билер Сейдалы Жанмурзин, Аққошқар Кішкентаевтар да көтеріліске қатысқандар қатарынан бөлініп көрсетілген. Осы сілтеме берілген құжатта аттары аталған сұлтандардың басты кінәсі -өздері қоныстанған округты рұқсатсыз тастап, «қарақшыларға» қосылғандығы. Кейіннен қайтып оралса да, губернатордың нұсқауына сәйкес олар жауапқа тартылған. Ал Жадай, Күшік Айшуақовтар кейіннен екінші рет Кенесарыға «қашып» кеткен. Ақмола округтық приказында есімдері келтірілген сұлтандардың Кенесары «бүлігінде» белді орын алғандығы баса көрсетілген. Осылар Кенесарының барынша қолдады. Пикеттер мен басқа да қоныстарға шабуыл жасағанда көтерілісшілерге тірек болды, сауда керуендерін тонауға қатысты. Округтардан болыстарын алшақтап кешіп кетуіне, біздін қырғыздардың малын талан-таражға салуға басқаларға арқау болған»,— деген айыпты оқуға болады.
Ақмола округы бойынша көтеріліске дем берушілердің тізімдерінде сұлтандар мен билердің аты-жөндері ажыратылып берілген. Аманкелді және Айтай билердің балалары Қойлыбай, Бекберді, Үмбетей «заңға қарсы істерге» қатысқан, орыс қоныстарына шабуыл жасаған, хорунжий Рытовты, оның қазақтарын талқандауға қатысқан; билер Батеш Одырбайұлы, Матақ Танақайұлы, урядник Парадаевты жазалауға қатысты; Мұса Садырбеков інісімен көтерілісшілерге қосылып, Ақтау бекінісін қоршауда көзге түскен; би Боқа Тынтиев қазақтарды Кенесарыны қолдауға үгіттеген, кейін сұлтанмен тізе қосып күресіп, ерлігімен көзге түскен .
1839 жылы маусым айының 1-інде жеке Сібір корпусының штабынан «Сібір қырғыздарының» шекаралық комиссиясы төрағасының міндетін атқарушыға рапортында Акмола округыңдағы көтеріліске байланысты оқиғалар алан, тудырып отырғанын айта келе, қазақтардың үрейін алу үшін көетерілістен ажырап, ауылдарына қайтып оралған болыстардан «контрибуцияны ендіруге» ерекше мән беру мақұлданған.
«Бұл оқиғалардың бүкіл дала өңіріне әсер ететінін ойластырып, Кенесарының жақтастарының ұсақ-ұсақ партиялармен сауда керуендерін титықтататынын есіңізден шығармай, жергілікті әкім ретінде Ақмола маңында, жалпы осы далалық өңірде өзіңіздің болуыңызды қажет деп санаймын»,— деп ескертті шекара комиссиясының өкілін Сібір корпусының командирі.
Сібір губернаторының әсіресе ерекше мән бергені Көкшетау округы. Көтерілістің ең басты ошағы Абылай ханның ұрпақтарының Ғұбайдолла, Саржан, Қасым сұлтандардың иелігі.
Қазақ даласының осы бір әсем өлкесін отарлауға қарсылықтың өріс алған өңіріне үкіметтің ерекше мән беруі түсінікті, Сібір шекаралық комиссиясы, князь В.Д.Горчаков көтеріліске катысы бар деген, тіпті есімдері күдікке ілінген сұлтандарды кеп жағдайда жауапқа тартуды мән беретін іс деп қарады. Осы мәселе турасында мәлімет жинатуға патша үкіметі тек «аштан айнымаған» феодалдарды — аға сұлтандарды тартып қоймай, сонымен қатар округтық приказдардағы казактарға да үміт артты. 1839 жылы жазғытұрым Көкшетау округтық приказынан болыснайларға «маңызды қағаздарды» жеткізу тапсырылған казактар Нефед Михеев пен Михайло Ефимов шілде айында, округтық приказға қайтып оралғаннан кейін болыстарда өздерінің байқағандарын ортаға салады. Уәли ханның жесірі Айғанымның ауылына барғанда Кенесарының келуін қуана күтіп отырғандарды байқаған. Екі қазақты жібермей ұстап қалған сұлтандар оларды шаштарын қырғызып, қазақтардың дәстүрін қабылдап, Кенесарыға берілуге үгіттеген. Ал сұлтан Шиген Уәлиұлы оқ-дәрі беруді талап етіп, кейіннен солдаттарды көрші ауылға апарып салған. Бұл мәліметке қарағанда, Орта жүзде ақыл-парасаттылығымен құрметке бөленген Уәли ханның жесірінің халық көтерілісін жақтағаны күмән туғызбайды. Белгілі орыс ғалымы, саяхатшы П.П.Тян-Шанский кейіннен «Әкесі жағынан Шоқанның туған әжесі Айғаным балаларымен, көтеріліс кезінде үкімет жағын ұстады, ал Уәлидің бірінші жұбайының балалары ханның Ресей билігін мойындауына қарсы болған еді»,— деп жазған. Көкшетау округы бойынша «Кенесарының ылаңына» қатысы бар сұлтандардың тізіміне ілінген төртеуі: Ниген Уәлиұлы, Таны Тортайұлы, Қанқожа Уәлиұлы, ханша Айғаным Уәлиева. «Бұл сұлтандар, — деп жазылған Көкшетау округы бойынша тізімге түсіндірмеде — Михеев пен Ефимовты шаштарын тақырлатып, қырғыз болуға, одан кейін бүлікшіге кетіп қалуға үгіттегенін… тағы да еске салған. Осы деректе сонымен қатар азаттық күреске ат салысқан Көкшетау өңірінің бірқатар старшиндарының аты-жөндері де келтірілген: Қараша-Жаңлыбай болысынан Шоқан Баянов, Жанабауыр Жаманов, Мыңбай Қарашин, Көптай Байсарин, Есенбай болысының ауылдық старшыны Байбатыр Айсарин т.б. Бұл старшындар бірнеше билермен қосылып, Піралы Ғаббасұлы сұлтанның болысын Кенесарының «қарақшылары» шабуыл жасағанда жол көрсеткен, оған өздері де қатысқан. «Қара тізімдердің» ішінде ерекше көз жүгіртетін көтерілістің басты ошақтарының бірі – Баянауыл округы бойынша «құпия мәліметтер», Тек, 1839 жылға қатысты мәліметтерде, үкіметтің сенімінен шыққан 18 сұлтан, 18 би, 7 старшын. Солардың қатарында көтеріліске қатысқандары анықталған сұлтандар: Маман, Тоқтамыс, Таймақ, Дүйсембі, Таймас Абылаевтар, ағайынды Рүстемовтар, Жәнібек Абыдшайызов. «Күдіктілердің» қатарында белгілі бай Мұса Шормановтың есімін де кездестіреміз. Жалпы Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы және Баянауыл округтары бойынша 1838—1839 жылдары жинастырылған деректерге қарағанда, көтеріліске 80-нен астам сұлтандар мен билер белсене қатысқан. Олардың негізгі дені — Абылайдың тікелей ұрпақтары. /4/
Көтеріліске қатысқандарды анықтап жазаға тарту науқаны Кенесарының жақтастары Жетісуға ығысқанға дейін де толастамады. 1847 жылдың қаңтар айында Сібір шекара комиссиясының төрағасы генерал-майор Вишневский өз мекемесінін кеңсесінде «Кенесары ісіне» қатысқандар жөнінде мәліметтердің болмауына байланысты генерал-губернаторға өтінішінде округтық приказдағы «құпия тізімдерді» қолына түсіруді өтінген. 1847 жылдың қаңтар айының 7-інде инфантерия-генералы Горчаков Вишневскийге жазған хатында әрбір округ бойынша «Кенесарының әлегіне» бой ұрған сұлтандар мен билер жөніндегі құжаттарды, Батыс Сібірдің бас басқармасына да жіберуді еске салды .
Патша үкіметінің сойылға соғып, азаттық үшін алысқандарға қарсы жанталаса күресіп баққандар ең алдымен округтық приказдың аға сұлтандары, отаршылдық басқару жүйесімен ауыз жаласып үлгірген феодалдар, ел ішіндегі бытыраңқылықты өз мүдделеріне пайдалануға тырысқан болыснай, ауылнай, сұлтандар мен старшындар еді. Әсіресе Кенесарының көтерілісіне өршелене қарсы шыққан Абылайдың тұқымдарының бір тобы. Патша үкіметімен ауыз жаласқан Аманқарағай округының аға сұлтаны, Шоқанның әкесі, майор Шыңғыс Уәлиұлы.
Архив құжатындағы құпия тізімде Шыңғыс Уәлиұлының тұсында көтеріліске қатысы бар ма деген сауалға, нақты жоқ деп жауап берілген. Ақмола округының аға сұлтаны Қоқырқұлжа Құдаймендин мен Шыңғыс сұлтан Кенесарыға қарсылардың басын біріктіруде аянбаған патша үкіметінің атқосшылары. 1842 жылы желтоқсан айының 10-ында «бүлікші» сұлтан Кенесарыға қарсы қимылдарға белсене қатысқаны үшін майор Шыңғысқа алтын медаль тапсырылды. «Бүлікші» сұлтан Кенесары Қасымовқа қарсы біздін әскери топтарымыздың сәтті қимылдарына ерекше қолқабыс тигізгені үшін алтын медальға ие болды»,— деп жазылған сұлтан Шыңғысты наградтау жөніндегі жарғыда.
Сыр бойында патша үкіметіне қарсы күресте ерекше орын алған батыр Жанқожа Нұрмұхамедовтың Кенесары көтерілісі туралы көзқарасын анықтау қиын. 1846 жылы патша үкіметінен силық ретінде кафтан, 1847 жылы 200 сом күміс ақшамен жалақы тағайындалған, 1848 жылы есаул әскери шеніне ие болған батыр Жанғожаның халық есінде қалған тамаша ерліктерімен бірге солқылдақтық саясаты да Кенесары көтерілісінде көрініп-ақ қалды.
Елдің кең құрметіне бөленген Есет Көтібаров батырдың Кенесарыға деген көзқарасы бір шама анық. Есет батыр Кенесарыға күдікпен қарады, Қасымұлын хан деп мойындағысы келмеді,— деп жазды белгілі тарихшы В.Ф.Шахматов. Кенесары Есет батырдан салық төлеуді талап етті. Оны қабылдау Кенесарының билігін хан ретінде танумен пара-пар еді. 1841 жылы маусым айының 14-інде старшина Құлетай Құқановтың Орск бекінісі коменданты полковник Исаевқа түсіндірме жазбасында Ырғыз өзенінің жоғарғы ағысы бойында қоныс тепкен 30—40 шаңырақтан тұратын ауылында Кенесарының өзін ілтипатпен қабылдағанын хабарлай келе, Шекті, Төртқара, Жаппас, Шемекей руларынан көптеген қазақтардың жиналғанын Кенесарыны халықтың кең қолдауының бір көрінісі деп сипаттайды. Сонымен бірге «белгілі батыр» Көтібар балалары, ұлдары Дәрібай мен Есетті ертіп, Шекті руының Тілеуқабақ руының билері мен старшындарын бастап Кенесарының аулында болғанына мән береді. «Қандай екендігі белгісіз Көтібар батыр Кенесарының алдында бірқатар алауыздықтарды шешуді талап еткен. Кенесары Көтібардың қыр көрсетуін қабылдамай, келісімге келуді ұсынған. Бұған өкпелеген Көтібар ауылына қайтып кетеді. /5/
Кенесарының ашық жауларының бірі — Құнанбай Өскенбаев. Қара сүйектің өкілі, өзінің қабілетімен көзге түскен Құнанбай Қарқаралы округының аға сұлтаны дәрежесіне дейін көтерілді. 1846 жылы Орта және ұлы жүздің жерінде Вишневскийдің экспедициясы құрамында болған А.Янушкевич Құнанбайдың жеке қасиеттерін аузынан сілекейі аға дәріптеген. Сол жылы болашақ кемеңгер ойшыл Абай бір-ақ жаста еді. Әдетте Абайдың ұлттығын, терең ой иесі екенін сипаттағанда, оған әсер еткен себептердің сырын ашқанда әкесі Құнанбайдан да табиғи жаратылыс жағынан одан көптеген қасиеттер дарығанын еске алмайтын сияқтымыз. Құнанбайды ожар, қатыгез, қара түнек кертартпалықтың өкілі деп жағымсыз мінездеме беріп келгеніміз шындықтан біраз ауытқу. А.Янушкевич өзінің күнделіктері мен жазбаларындағы Құнанбайдың жеке басын сипаттауына біздін күдіктенуге негізіміз де жоқ. А. Янушкевич 1833 жылдардағы Польшадағы азаттық қозғалысқа белсене қатысқаны үшін генерал-фельдмаршал Сакеннің ұйғарымы бойынша дворьяндық атағынан айрылған, 1841 жылдан Омбы округтық сотында кеңсе қызметкеріне тағайындалып, кейіннен Сібір шекаралық комиссиясына жұмысқа алынған, 1846 жылы генерал-майор Вишневскийдің экспедициясы құрамында Аягөзден Ақбастауға (қазіргі Шұбартау ауданының Алғабас совхозының Көксеңгір-Шыңғыс тауларымен шекаралас өңірі) дейінгі жолда Құнанбаймен күн сайын тілдесіп, қазақтардың өмірі жөнінде көптеген мағлұматтар алған. «…қарапайым қырғыздың баласы,— деп жазды А.Янушкевич,— табиғатынан парасатты, шешен, іскер, отандастарының қамын терең ойлайтын Құнанбай дала заңдарының, құранның білгірі, қырғыздарға қатысты бар Ресей уставтарынан да жақсы хабардар. Жаны таза қазы, мұсылмандыққа берілген плебей (қара сүйек — Ж. Қ.) Құнанбайдын, аруақ ретінде даңқы кең жайылып кеткен. Кедей де, бай да, жас та, кәрі де түкпірлі ауылдардан шұбырып, одан кеңес алуға, сөзін тыңдауға асығатын. Абылайдың ұлы сұлтан Алидың аулында бірнеше күн қонақ болған би Құнанбай Кенесары көтерілісіне қарсы қазақ феодалдарының күресінде патша үкіметінің сойылын соққан қазақ даласындағы белгілі шынжыр балақ, шұбар төс шонжар.
Ташкентке, іргелес өңірде көшіп-қонып жүрген, ұлы жүз ақсүйектерінің арасында беделді Али сұлтанның Кенесарыға қарсы топтасқан Жетісудың Сарымсақты өзеннің бойындағы әскерге өз ұйғарымымен келуіне генерал Вишневский тіптен разы болды. Оған дейін 76 жастағы Сүйік Абылайханұлы, Сыбан руының басшысы Адамсат Ыбақов, Албан руының жетекшісі Хақым, Дулат руының белді сұлтаны жоғарыда аталған Әли Әділовтар Кенесарыға қарсы күресу мен Ресей билігін мойындауға келісім беру үшін жиналған.
XIX ғасырдың 80-шы жылдарында өз жақтастарымен Омбыға барып, Ресей билігін мойындаған Сүйік Абылайұлы кәрілігіне қарамастан Кенесарыға қарсы белсенді үгіт жүргізушілердің бірі болды. Тіпті кейіннен де капитан Гутковскийдың И.Ф. Бабковқа жазғанындай, Сүйік сұлтан орыс үкіметіне өзінің берілгендігін білдіру үшін, офицерлерге, «қырғыздарға» сенбей, жандарына ең сенімді және жас адамдар ертіп, абайлап жүріңдер деп ескертеді екен. /6/
Зеңбіректердің гүрсілінен бе, орыс солдаттарының мылтығының жарқылдаған үшкір найзасынан ба, әлде Кенесарының жеңісіне күмән болғаннан ба-Дулат, Албан, Сыбан, Шапырашты руларының сұлтандарының бір бөлегі Ресейдің билігіне бас иуге генерал Вишневскийге ант етті. «Біз Абылай өреніміз. Кенесары бізге қандас, туыс. Оның мінезі бізге мәлім, қазір келсе де аш бөрі сияқты 100 ауылды шабар елі… Алайда бірде-біріміз Кенесарыға қарсы қол көтермейміз.
Патша генералының әбден шырмауына ілінген Ұлы жүздің белді сұлтандарының бір тобы Абылай жолынан бас тартты. Ұлытаудан Алатауға дейінгі өңірде найзаның ұшымен жол сілтеген ұлы Абылайдың жаугершілік дәстүрінен тұқымдарының бір тобы тікелей тайып кетті. 1846 жылдың шілде айының 22-інде сұлтандар Сүйік Абылайұлы, подполковник Әли Абылайұлы, Адамсат Ыбақов, Қамбар Асланов, Жанғазы Сүйіков, Мамырхан Бадылов, Аблек Алин, Дайыр Ішімов, Тінаш Таңатаров, билер Диқанбай Қажыланов, Сары Алтаев, Саймбет Байдериев, Қарабай Түлесов, Менке Боқтыбаев, Туғамбай Қойгелдиев, Дінанқияс Тынышбеков, Асылбек Байғарин, Қазыбек Тайбақин, Қоңғыбай Қаптағаев тағы да 16 би патша генералымен мәмлеге келіп, Кенесары қозғалысын жаншу мақсатында төмендегідей шешімді бекітті: Кенесарыны бүлікші, оның жақтастарын жауымыз деп санап, олармен ешқандай байланыс жасамау біздің казақтар арасында бір-біріне күдіктенушілікті, тонауды тоқтату, «жыртқыштарды» қуғындау, болашақта орта жүз қазақтары арасында барымтаға жол бермеу, «қарақшыларды» көрсек бір-бірімізді ескерту, сол сағатта Ресей үкіметіне хабар беру.
Сонымен Кенесары көтерілісінің бір ерекшелігі де қазақ феодалдары арасындағы жегідей жеген алауызда Егер халықтың басты бөлігі отарлаудың тереңдеуіне разылық білдіріп, 10 жылғы арпалысқа ат салысса, жергілікті ақсүйектердің екінші бір тобы патша үкіметіне ілініп, қызмет етіп, азаттық соғыстың басты кезеңдерінде көшпенді елді екіге жарып, жазалау топтарының қимылдарын біршама жеңілдеткені айқын. Кенесарының күресті қолдаудан бас тартқан ауылдарды шауып қатігездік те жасағаны, әсіресе, округтық приказдың аға сұлтандарын шешуші кезеңде ел мүддесінен айнығандығын айыптаудың бір көрінісі еді.
Тағы рефераттар
- Топырақтағы органикалық және органоминералдық заттар
- Салықтар және олардың экономикадағы ролі мен қызметтері
- БҚО фискалды саясат курстық жұмыс
- RSA алгоритмі
- Ар-намысты, қадір-қасиетті, іскерлік беделді қорғау