XX ғ. тарихнамасы туралы қазақша реферат

XX ғ. бірінші жартысындағы Кеңес үкіметіне дейінгі және кейінгі орыс зерттеуші-шығыстанушыларының негізгі зерттеу оъектісі Алтын Орда мемлекетінің саяси тарихы мен мемлекеттік жүйесі болды. Бұл тақырыпты зерттеу тәсілдері мен пайдаланған деректерінің түріне қарай, зерттеушілердің саяси көзқарасы мен зерттеудің түпкілікті нәтьижесінен байланыссыз, оларды негізгі екі топқа топтастырдық. Біріншісінің қатарына В.В. Бартольд, И.Ю. Крачковский сияқты араб жазба деректерін пайдаланған зерттеушілерді айтсақ, екінші тобын құрайтындар Ф.В. Баллод, Б.Д. Греков, Г.А. Якубовский, А.Ю. Федоров-Давыдов [4; 9] сияқты зерттеушілер өздерінің ғылыми еңбектерін археологиялық материалдарды зерттеудің нәтижелерін пайдаланған. Мысыр Мамлүк мемлекетінің тақырыбы, оның барлық салаларында да орыс зерттеушілері үшін мүлдем қызығушылық тудырмаған. Қазан төңкерісіне дейін ззерттелмеген бұл тақырып кеңес кезеңінде де, ислам діні мен мемлекеттерінің тарихы тақырыбы зерттеушілердің назарынан тыс қалды.

1917 ж. бастап Кеңес үкіметі кезеңінде Дешті Қыпшақ тақырыбының ауқымы біраз кеңігендігі байқалады. Бұл кезеңге дейінгі орыс шығыстанушы мен арабистикасында басталған дәстүрдің үрдісімен оның назары негізінен өзінің «шығыс аймақтарының» тарихын зерттеуге бағытталады. Кеңес кезеңінің алғашқы жылдары жұмыс істеген ірі зерттеушілердің қатарында академик В.В. Бартольд, И.Ю. Крачковский [10] сияқты өзекті зерттеулердің авторларының аттарымен байланысты. Бұл кезеңдегі зерттеушілердің назары негізінен Шыңғыс ханның құрған империясы және оның ішінде Ресейді үш ғасырдан астам уақыт өз бұғауында ұстаған Алтын Орда мемлекетінің тарихы қызықтырды. Кеңес кезеңінің алғашқы кезеңіндегі зерттеуші ориенталистердің өздерінен кейінгі келген зерттеушілерден негізгі айырмашылығы, өз заманының саяси жағдайына байланысты артықшылығы болды, атап айтсақ ол – кеңес үкіметінің 30-шы жылдары өзінің шыңына жеткен таптық жіктеушілік саясатының қысымшылдығының әсері мен ықпалы әлі әлсіз болды. Дегенмен, кеңес кезеңінде орыс ориенталистерінің арасында әлі де болса отаршыл патшалы Ресейдің империалистік және шовинистік көзқарастарынан мүлдем арылды деп айтуға болмайды.

Атақты арабист және шығыстанушы академик В.В. Бартольд (1869-1930) ортағасырлардағы Түркістан және Орта Азия халықтарының саяси және мәдени тарихын зерттеуде Батыс Еуропа елдері мен Ресейде қалыптасып қалған Шығыс елдері, әсіресе көшпелі түркі және моңғол халықтарының тарихына қатысты жаңа, әрі құнды пікірлер айтты. Ол көшпелі түркі-моңғол халықтарының тарихы мен мәдениеті жоқ деген қалыптасып қалған батыстық шовинистік көзқарастарды өзінің еңбектерінде ғылыми дәлелдер арқылы негізсіз екенін дәлелдеп беріп, «Еуропа мен Азия елдерінде де тарихи эволюцияның бірдей заңдылықтары әрекет етеді» [11; 12] деген батыл пікірді алғаш болып айтты. Араб, парсы және түрік тілдерін жетік меңгерудің арқасында осы тілдерде жазылған қолжазба деректермен кеңінен танысып, оларды зерттеу саласында үлкен маман атанған. Орта Азия елдеріндегі кітапханалардағы сақтаулы қолжазба қорларымен танысумен қатар шет елдерде, оның ішінде Батыс Еуропа және Шығыс елдерінің, атап айтсақ Қайыр, Стамбул сияқты ірі орталықтарының кітапханаларының көптеген қолжазбаларымен танысып, оларды тікелей зерттеп, деректанулық талдауллар жасады. Бартольд өзінің зерттеу оъектісі ретінде негізінен Орта Азия мен Түркістанның ортағасырлық тарихына көп көңіл бөлді. Оның ғылыми зерттеулерінің арасында «Моңғол жаулаушылығы кезіндегі Түркістан» (Туркестан в эпоху монгольского нашествия) 2 томдық еңбегінің орны ерекше. Бұл еңбегі үшін 1900 жылы Шығыс ғылымдары докторы атағына ие болады. Сондай-ақ, оның өзекті еңбектерінің арасында ислам тарихына қатысты «Ислам» (1918), «Мұсылман мәдениеті» (1918), «Мұсылман әлемі» (1922), «Мусейлима» (1925) және т.б. атауға болады. Бұл еңбектерінде В.В. Бартольд араб батысеуропалық авторлардың ең маңызды еңбектеріне сынды шолу жасап, мұсылман мағлұматтарын тексеріп, мұқият түрде іріктелген орасан көп ғылыми материалдар жинақтап, ислам тарихының бастапқы кезеңіне жаңаша көзқараспен қарап, Шығыс елдері арасында исламның таралуы және мұсылман мәдениетінің дамуы туралы құнды пікірлер айтты. Оның жасаған тұжырымдары мен бақылаулары әлемдік шығыстану және исламтану ғылымын едәуір байытты, алайда оның кейбір пікірлері мен шығарған нәтижелері бәсекелесті және әлі де болса өз зерттеуін күтуде.

В.В. Бартольд 9 томдық «Таңдамалы шығармалар жинағы» 1960-шы жылдары Мәскеуде жарық көріп, онда негізінен Орта Азия елдері мен Түркістанның саяси және мәдени тарихына жаңаша көзқарас, Шыңғыс хан және оның ұрпақтары құрған ұлан байтақ империясының саяси тарихымен қоса, оның мемлекеттік жүйесі туралы, сондай-ақ көптеген ортағасыр қолжазбаларына деректанулық тұрғыдан талдаулар жасалды. Сондай-ақ, онда бірқатар Батыс Еуропа елдерінде жарық көрген ғылыми еңбектерге рецензиялары мен ғылыми сындары қамтылды.

Кеңес жылдарындағы арабистика саласында құнды зерттеулердің авторы ретінде академик И.Ю. Крачковскийдің (1883-1951) есімімен тығыз байланысты. Ол араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті, негізінен ортағасырлық кезеңді қамтитын, көптеген ғылыми еңбектердің авторы болды және бірқатар ортағасыр жазба ескерткіштерінің текстері мен аудармаларын жжариялады. Мұсылман Шығысының (VII-XVIII ғғ.) географиялық әдебиетінің тарихына қатысты фундаментальды еңбектің, кеңестік және шетелдік шығыстану ғылымының тарихы саласындағы көптеген монографиялар мен мақалалардың авторы болды. Оның еңбектері өзінің ғылыми маңыздылығын бүгінгі күнге дейін сақтап келеді. Негізгі еңбектерінің ішінде «Над арабскими рукописями» [13] атты еңбегі ортағасыр араб жазба деректерін зерттеуге арналған.

Біздің тақырыбымызға қатысты И.Ю. Крачковскийдің 9 томдық таңдамалы шығармаларының 4-томында [10] ортағасыр араб авторларының атап айтсақ мамлүк кезеңінде өмір сүрген және сол кезең туралы аса құнды дерек көздері болып табылатын шығармалардың авторлары әл-мақризи, әл-Омари, әл-Қалқашанди, Ибн Батута, Ибн Халдун сияқты авторлар мен олардың шығармалары қарастырылады.

Алтын Орда тарихына қатысты маңызды зерттеулердің бірі профессор Ф. Баллодтың «Приволжские Помпеи» [14] атты еңбегі 1919-1921 жылдар аралығында Алтын Орда мемлекетінің астанасы болған Сарай және тағы басқа ірі қалаларына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде жинақталған материалдық деректер негізінде жазған. Бұл еңбек өз саласындағы құндылығын бүгінгі күнге дейін жоғалтпаған зерттеулердің қатарында, себебі ол қазба материалдарының негізінде алға қойған мақсатына, яғни  Алтын Орданың жоғарғы дамыған мәдениетінің болғанын айтумен ған шектелмей, сондай-ақ ортағасыр нарративті дерект еріндегі көптеген мағлұматтардың ақиқаттығын дәлелдеп берді.

Кітабының алғысөзінде Алтын Орда тарихының зерттелу деңгейі жөнінде автор «Алтын Орда мәдениеті жеткілікті мөлшерде зерттелмеген» оның ескерткіштері біздің көз алдымызда қиратылып, жойылу үстінде. Ал мұның барлығы археологтардың бүкіл ынта-жігерін салуға тұрарлық өте бай материалдар болып есептеледі» [14], деген тұжырымы орынды. Сондай-ақ, ол өзінің алдындағы уақытта орыс зерттеушілері мен «алтын іздеушілердің» Алтын Орда қалаларының қираған орындарына қиратушылық пен тонаушылық сипатында жүргізілген қазба және басқа да жұмыстарының тарихнамасынан хабар беріп қана қоймай, оларға өзінің ащы бағасын берумен қоса, Алтын Орданың архитектура өнері саласындағы жетеітіктерін көрсетіп, атап айтсақ қала ғимараттарын соғу үшін пайдаланған материалдары мен архитектуралық құрылысы туралы құнды мағлұмат береді. Бұл салада оның келтірген мағлұматы төмендегідей: «Сондай-ақ, осы жерде 1888 жылы Саратов Ғылым Археологиялық комитетінің мүшелерінің жүргізген қазба жұмыстары Алтын Орданың төртбұрышты кірпіштерінен салынған бірнеше ғимараттарды ашты; Кірпіштен төселген едендері, кірпіштен қаланған пештері, су құбырлары және бір ғимаратта түрлі түсті тастардан құралған (мозайка) еден, мәрмәр тастан жасалған колонна табылған. Бұл қаланың көлемі шамамен 500.000 құлаш шаршы екендігі анықталды» [14], деген пікірі Алтын Орданың экономикалық және мәдени дамуының жоғарғы деңгейде болғанын дәлелдейді.

Керамикалық бұйымдарды күйдіру үшін арналған тамаша пештер, мәрмәр тастармен және оюлы кескіндермен әшекейленіп жасалған жасалған орталықтандырылған күрделі үй жылыту жүйелерімен жабдықталған үйлер, су құбырлары, геометриялық есептерді пайдалана отырып дұрыс жобаның негізінде салынған көшелер мен алаңдар, керуен-сарайлар, мешіттер мен керемет зәулім мавзолейлер, жібек маталар мен қабырлардан табылған парша маталары, күміс ожаулар, венециялық және парсы әйнектері – осының бәрі ХІІІ ғ. екінші жартысы мен ХІV ғ. Алтын Орда қалаларының тұрғындарын тіпті жабайы емес, керісінше өнеркәсіппен және саудамен айналысқан, Шығыс және батыс халықтарымен араласуды жатырқамаған, бейнелеу өнерін кеңінен дамытқан мәдениеті жоғары халық етіп көрсетумен қоса, оның көптеген елдермен байланыстарының жан-жақты дамығандығына материалдық дәлелдер келтіреді.

Осы саладағы маңызды зерттеулердің қатарына 1950 ж. жарық көрген Б. Греков пен А. Якубовскийдің «Золотая Орда и ее падение» [3] атты еңбегінде көпшілік орыс ориенталистері қайткен күнде де Алтын Орда тақырыбына соқпай кете алмауына және осы салада бірқатар зерттеулердің жариялануымен қоса, көптеген материалдар жинақталуына қарамастан, олардың ешқайсысы да Алтын Орданың тарихына қатысты толық зерттеу жұмысының жоқ екендігін айтады [3]. Бұл зерттеу негізінен Алтын Орданың саяси тарихына арналған.

Алтын Орда тақырыбы саласындағы арнайы зерттеудің қатарында М.Г. Сафаргалиевтің 1960 ж. жарық көрген «Распад Золотой Орды» [3], атты еңбегі Жошы ұлысының, яғни Алтын Орда мемелекетінің құрылуынан бастап, оның құлауына дейінгі саяси тарихын баяндайды. Автор негізінен батыс және орыс зерттеушілерінің еңбектеріне кеңінен сүйенген автор араб жазба деректерін В.Г. Тизенгаузеннің жинағындағы келтірілген араб дерек көздерін және сонымен қоса, ортағасыр батыс дерек көздерінің ішінде М. Поло, В. Рубруктың деректері кеңінен пайдаланылған.

И. Березиннің «Внутреннее устройство Улуса Джучиева» [15] атты еңбегінде Алтын Орданың әлеуметтік жүйесі туралы бірең-сараң мағлұматтар табуға болады. Алайда, ол негізінен оның саяси құрылымын ашуға бағытталған болса да, жалпы жағдайды баяндаудан гөрі онда көбінесе бірқатар мансаптардың тізімін берумен шектеледі.

Алтын Орда мемлектінің тарихын арнайы зерттеген Г.А. Федоров-Давыдов өзінің еңбектерінде негізінен археологиялық қазба жұмыстары кезенде табылған материалдық деректерге кеңінен сүйенеді. Зерттеуші өзінің ұзақ жылдар бойына жүргізген қажымас еңбегінің нәтижесінде Алтын Орданың тарихы мен мәдениетіне арналған көптеген ғылыми еңбектер мен мақалалар жариялады. Олардың ішінде, «Кочевники Восточной Европы под властью золотоордынских ханов» (1966), «Общественный строй Золотой Орды», (1973) зерттеулерінің [4] орны ерекше.

Алтын Орда мен Мысыр Мамлүк мемлекетінің арасындағы байланыстарға арналған тұңғыш зерттеудің авторы Мысыр ғалымы Амин әл-Холи болды. Оның 1964 ж. Қайырда жарық көрген «Сыйлат бейна ан-Нил уа әл-Вулга» (Ніл мен Волга (Еділ) арасындағы байланыстар), атты зерттеуі 1960 ж. Мәскеуде болып өткен Шығыстанушылардың халықаралық 25 конференциясындағы жасаған баяндамасының негізінде жазылған [16]. Бұл еңбектің Е. Беляев жасаған орыс тіліне қысқартылған аудармасы «Связи между Нилом и Волгой» деген атпен 1962 жылы Мәскеуде жарық көрді.

Амин әл-Холидің зерттеуінің өзі туралы айтар болсақ, оның маңыздылығы осы саладағы тұңғыш зерттеу болуымен қоса, зерттеушінің ортағасыр араб жазба дерек көздерінен құнды деректер келтірумен құнды. Зерттеуші екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар мен байланыстарын жан-жақты ашуға талпыныс білдіреді. Мысыр Мамлүктерінің Дешті Қыпшақпен байланыстарының әскери-саяси және дипломатиялық жақтарымен бірге олардың арасындағы этникалық, мәдени, әдет-ғұрыптық және салт-дәстүрлік байланыстардың мықты болғандығы туралы автордың пікірлері мен тұжырымдары орынды, әрі батыл.

1966 ж. Мәскеуде жарық көрген С. Закировтың «Дипломатические отношение Золотой Орды с Египтом. XIII-XIV вв.» [3] атты еңбегі Алтын Орда мен Мысыр Мамлүк мемлекеті арасындағы дипломатиялық байланыстарды ашуға бағытталған кеңес және әлем тарихнамасындағы алғашқы зерттеу болып табылады. Бұл еңбекті жазу барысында пайдаланған деректердің тізімімен араб жазба деректердің өте аз мөлшерде пайдаланғанын аңғаруға болады. Араб ортағасыр авторларының ішінде, В.Г. Тизенгавузеннің жинағын есептемегенде, әл-Мақризидің «Сулук» және «Хитат» шығармалары аталған. Сондай-ақ, жоғарыда айтылған мысыр зерттеушісі Амин әл-Холидің «Ніл және Еділ арасындағы байланыстар», атты зерттеуінің  Беляевтің аудармасы көрсетілген. Тағы бірнеше араб авторларынан басқасы, негізінен кеңес және батысеуропа зерттеушілерінің еңбектері кеңінен пайдаланылған. Кітап, кіріспе және қорытындыдан басқа негізгі екі бөлімнен тұрады. Бірінше бөлімі екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты көрсетуге арналса, екінші бөлім осы дипломатиялық қарым-қатынасты жүзеге асыратын сұлтанның кеңсе қызметі мен оны орындау үшін пайдаланатын барлық құрал-саймандар, амал-тәсілдер сияқты мәселені ашуға негізделген. Тұңғыш зерттеу болғанына қармастан, өзінің тақырыбына сәйкес біраз материалдарды қамтып, осы тақырып төңірегінде ғылыми тұжырымдар жасауға тырысты. Бұл зерттеудің жарыққа шыққанына қырық жылға жуық уақыт өтсе де бүгінгі күнге дейін осы саладағы жалғыз зерттеу болып отыр.

Қазақ зерттеушілерінің арасында Дешті Қыпшақ тақырыбын арнайы тұңғыш зерттегендердің бірі академик Б.Е. Көмеков. Зертттеушінің негізгі зерттеу оъектісі Дешті Қыпшақтың этникалық құрылымы мен мемлекеттік жүйесін араб жазба деректерінің негізінде зерттеуі қазақ тарихы ғылымында бұрын болмаған. Қыпшақ Даласына қатысы бар араб жазба деректерін зерттеу барысында тақырыптық жағынан қисыны келген жағдайларда мамлүктерді қамтып отырған. 1987 ж. Алматыда шыққан «Арабские и персидские источники по истории кыпчаков» VIII-XIV вв., [7], атты ғылми-аналитикалық шолуы мамлүк кезеңіне жататын бірқатар авторлардың шығармаларына тоқталып, негізінен ондағы қыпшақ бірлестігіне, оның этникалық құрылымына қатысты деректерге шолу жасалды. Сонымен қатарн, мамлүк мемлекетінің тарихи және мәдени рөліне, екеуінің өзара тығыз байланысы мен ықпалы туралы аса назар аударарлық пікірлер айтады. Автор бұл орайда: «Алтын Ордамен дипломатиялық, сауда және әскери-саяси байланыстарды орнату мамлүктер мен Дешті Қыпшақ арасындағы өзара ықпал етуді одан әрі күшейтті. Ол жақтан моңғолдардың басып алған елдерінен Мысырға жүйелі түрде құлдар (мамлүктер) келіп тұрды. Әрине, отанынан қашық жерде, тілдік және этникалық жағынан бөтен қоршаған ортада қыпшақтар өздерінің дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары мен этникалық өзгешеліктерін сақтап қалуға тырысты. Ол туралы бізге жеткен жазба деректер ашық хабарлап отыр» [7] деп түйеді.

Сондай-ақ, Б.Е. Көмековтың арнайы мамлүк тақырыбына жазған зерттеушілердің ішінде, 1999 ж. «ҚазМУ хабаршысының» 9 санында жарық көрген «Мамлюкские антропонимы как источник по этническому составу Деш-и Кипчака» [7] атты мақаласы осы саладағы үлкен зерттеудің бастамасы болып табылады. Бұл мақалада келтірілген біраз мағлұматтар мен пікірлер болашақта өзінің терең зерттеуін күтіп тұрған тақырыптардың қатарын ажатқызамыз.

Қазақстан тарихының біз қарастырып отырған кезеңі мен тақырыбына қатысы бар елеулі еңбектердің бірі ретінде Б.Б. Ирмұхановтың 1997 жылы Алматыда жарық көрген «Прошлое Казахстана в писменных источниках 5 в. до н.э.» атты зерттеуін атауға болады [17]. Бұл жинақтың хронологиялық жағынан қамтығын екімыңжылдық кезеңі тек Қазақстан тарихын ғана емес, сонымен қоса онымен көршілес елдер мен халықтардың тарихына қатысты құнды мағлұматтарды қамтыған. Жинаққа, Мамлүк мемлекеті мен Дешті Қыпшақ арасындағы байланыстарды сипаттайтын бірқатар араб жазба дерек көздерінен алынған үзінділер кіргізілген.

Соңғы жылдары жарық көрген төл зерттеушілеріміздің еңбектерінің ішінде, Қ. Сәкидің «Сұлтан Байбарыс» атты туындысының орны ерекше. Бұл шығарма С. Закировтың жоғарыда аталған еңбегінен кейін шыққан өзекті зекрттеулердің бірі деуге тұрарлық. Зерттеуші еңбегенде 1260-1277 жылдар аралығында Мысыр мен Шам елінде билік еткен, мұсылмандардың қорғаушысы мен арабтардың халық қаһарманына айналған тарихи тұлға сұлтан Рукн ад-Дин аз-Захир Байбарыс әл-Бундуқдаридің ғұмырнамасы мен оның заманын және ішкі саясаттағы реформалары, сыртқы саясаты, араб отанын қорғау жолындағы «Джиһад» жариялап сырт жаулармен соғыстары мен өзінен кейін қалдырған архитектуралық ескерткіштері туралы кеңінен мағлұматтар береді. Автор сұлтан Байбарыстың тұлғалық ерекшеліктеріне көбірек назар аударған. Зерттеудің деректік негізі мықты, себебі ол қарастырылып отырған уақиғалардың замандасы мен куәсі болған Ибн Абд аз-Заһир, Ибн Шаддад, Ибн Уасил сияқты авторлардың басты шығармаларындағы деректерге сүйенген. Сонымен қоса, бүгінгі күнге белгілі ортағасыр араб жазба дерек көздерінің көбісін пайдаланған.

Сөйтіп, біздің қарастырып отырған тақырыбымызға қатысты бірқатар мағлұматтарды қамтуына байланысты бұл зерттеудің ғылыми құндылығы жоғары деп бағалауға болады.

Сонымен, ХХ ғ. екінші жартысынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді қамтитын зерттеулер туралы қоытындылап айтсақ, олар деректік және тақырыптық жағынан едәуір жоғарғы сатыға көтерілуімен ерекшеленеді. Бұл кезде жарияланған ортағасыр араб шығармаларының санының көбеюіне байланысты зерттеулердің де саны артып, тақырыптық аясы кеңігені байқалады. Олардың ішінде, араб, әсіресе мысыр зерттеушілердің үлесі көбейді.  Батыс Еуропа және Шығыс елдерімен қарым-қатынастарына арналған зерттеулер пайда болды. Сонымен қатар, 60-шы жылдардың үлкен ерекшелігі ретінде, алдындағы кезеңдерде қозғалмаған маңызды тақырыптардың ішінде Мамлүк мемлекетінің Дешті Қыпшақпен дипломатиялық қарым-қатынастарға арналған және Қ. Сакидің ғұмырнамалық зерттеулерінің жарық көруі ерекше құбылыс деуге болады.
Тағы рефераттар