Ядролық қарусыз әлем құрудағы– Қазақстан Республикасының  ролі туралы қазақша реферат

Ядролық    қарудан бас тарту мәселесі – барлық     қазіргі    заманның    ең   күрделі мәселелерінің бірі болып табылады. Ядролық қару – жалпы адамзаттың соры десек, ядролық полигондар –20 ғасырдағы ең ауыр қасіреті болды. Өйткені, атомдық ядролық жарылыстар бүкіл бір аймақтың қоршаған ортасы мен табиғи генофонына, адамдардың геніне әсер етіп, қалыпты мөлшерден әлдеқайда жоғары радиоактивті заттар мен рентген сәулелері тіршілік атаулыға қауіп-қатер әкеліп, өте зиянды радионуклидтер тірі клеткаларға генетикалық өзгерістер туғызатыны бәрімізгі белгілі.

Әлемде 2025 сынақ жүргізілген қазақ халқындай азап шеккен бірде-бір  халық болмағанын айтсақ артық болмас. Аты шулы Семей полигонында 500-ге жуық атом, сутегі бомбалары сыналып, олардың саны барлық сынақтардың  ¼-ін құраған, ал қауқары жағынан  Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстардан 40 мың есе асып түскенін Ресейдің ресми мәліметтері жобалайды. Бұған дейін жеті атасына шейін қыз алыспай, қан тазалығын сақтап келген елдің топырағында түрінен адам қорқатын құбыжық нәрестелер дүниеге келе бастады. Әлемнің көптеген аймақтарында ересектер ауруы мен балалар өлімінің саны көбейіп, жалпы өмір сүру жасының ұзақтығы қысқарды. Сол кездегі белгілі оқымыстылар мен саясатшылардың, қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың пікірлері бойынша экологиялық жағдай күрделі нүктесіне, ең жоғарғы деңгейіне жеткен. Сондықтан ядролық мәселе көтерілгенде Қазақстан мемлекеті бейжай қарай алмады. Оның дәлелі ретінде мемлекетіміз ерікті түрде әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, мемлекетіміз әлемдегі көлемі жағынан екінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жапты. Бұл  әлем үшін мәні мен мағынасы зор үлкен маңызды тарихи оқиға болды. Осыдан 20 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімді қабылдау – болашақты ойлаған қадам. Бұл әрине Қазақстан республикасының Президенті Н.Назарбаевтың ерен еңбегі деуге болады [1. 1-2].

1991 жылдың 29 тамызында іс жүзінде жаһандық ядро тарихында жаңа дәуір басталды. Әлем жаппай қырып-жоятын қарудан өз еркімен, саналы түрде және біржақты негізде бас тартқан ел, Қазақстанды үлгі тұтуға мүмкіндік алды. 1993 жылы біздің еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа  қол қойып, 1994 жылдың желтоқсанында әлемнің ядролық  державалары  Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік  беретін  Меморандумға қол қойды.  Сөйтіп, 1994 жылы еліміз аумағынан  бүкіл ядролық қаруды  әкету аяқталса, келесі жылы бұрынғы  Семей ядролық полигонында соңғы  ядролық заряд жойылды. 1996 жылы  Қазақстан ядролық сынақтарға  толық тыйым салу  жөніндегі  Шартқа қол қойды. Ал 1997 жылы БҰҰ – ның Бас Ассамблеясы  Қазақстанның ядролық сынақтардан зардап шеккен өңірлеріне көмек көрсету жөнінде қарар қабылдап, 2000 жылы Семей полигонында  ядролық сынақтар жүргізетін ең соңғы  штольня жойылды. 2001 жылы 29 тамызда «XXI-ғасыр ядролық қарудан тазарған дүниені  қалайды» атты халықаралық конференцияда, 1992 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде жер  бетіндегі стратегиялық қару-жарақ шартына, яғни Лиссабон хаттамасына қол қойып, ядролық қаруды таратпау жөніндегі өз  міндеттемесін қуаттады [2. 32-33]

Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым  салу (ЯСЖТС) туралы дайындық комиссиясымен  жергілікті жерлерде халықаралық мониторинг және әдіс-тәсілдер жүйесін инспекциялауды дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылға үлкен маңыз береді. Осы ынтымақтастық шеңберінде 2008 жылы Семей өңірі аумағында интеграцияланған далалық эксперимент өткізілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастама­сымен БҰҰ аясында 2011 жылдың қазан айының 12 жұлдызы күні Астанадағы, Тәуелсіздік сарайында Ядро­лық сы­нақтарға қарсы іс-қимылдың ха­лық­аралық күніне арналған шаралар төңірегінде «Ядролық қарусыз әлем үшін» атты халықаралық форум өткен болатын. Бұл халықара­лық форумға БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ЯСЖТКҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЕурАзЭҚ сияқты халықаралық және аймақ­тық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, АҚШ, Жапония, Норвегия, Бельгия, Ұлы­британия, Франция, Ресей Федерациясы, Словакия, Швейцария, Пәкiстан, Ирак, Түркия, Корея, Моңғолия, Вьетнам және басқа да елдер парламенттерінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.Әлемнің көптеген мемлекет басшылары мен  кемеңгер саясаткерлері бас қосқан келелі жиында алғашқылардың бірі болып  сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстанның ядролық қарудан қаншалықты зардап шеккендігін, ендігі жерде сол  зардапты ешкімнің шекпеуін қалайтындығын  айта отырып, Қазақстан жер бетіндегі  қауіпсіздік пен бейбітшіліктің жақтаушысы екендігін жеткізді. Қазақстан жа­­саған бұл қадамның маңызы шын мә­нінде уақыт пен кеңістікте алдыңғы кезекке шықты. Сондықтан 29 тамыздың біздің бас­тамамызбен БҰҰ тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні деп жариялануын заңдылық деп қабылдаймыз», – деді президент. Осындай батыл қадамның нәтижесінде ғасырлар тоғысындағы 20 жыл бойы жаһандық яд­ро­лық қарсы тұрушылық қаупі ай­тарлықтай төмендеді. Оның сақталуы мен жүзеге асуы үшін мынадай белгілердің қабылдануы керектігін ортаға салып, ұсыныстар жасады. Ол біріншіден, Қазақстан өз аумағында  ядролық отынның халықаралық банкін орналастыруға дайын. Екіншіден, тұрақсыздықтың негізгі ошағы болып  отырған Таяу Шығысты ядролық  қарусыз аймаққа айналдырып, оны  ретке келтіретін халықаралық келісімнің құқықтық негізін нығайту. Үшіншіден, аса жойқын қуат көздерін әскери мақсатта, қару-жарақ жасауға пайдалануды  біржолата тыю қажет десе, төртіншіден, ядролық сынақ атаулыны біржола  доғару, ең бастысы, тоқсан ауыз сөздің тоқ етері – жер бетіндегі  сынақтарға және жаппай қырып-жоятын қуаты бар қару-жарақтар шығаруға біржола тыйым салынуы керек деп кесіп айтты. Сонымен қатар, Назарбаев «Жалпыға ортақ ядролық қарусыз әлем декларациясын» қабылдауды ұсынды. Мұндай байсалды байлам мен байыпты пікірді саммитке қатысушылардың бәрі дерлік қызу қолдады [3. 56-57]

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың мәлім­деуінше, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қазірдің өзінде 182 мемлекет қол қойса, 154-і ратификациялап үлгерген. Тұ­тастай алғанда, 20 жыл ішінде ядросыз әлем жолында маңызды қадамдар жасалды. Дегенмен, ашық күйінде қалып отырған көптеген күрделі мәселелер де жоқ емес. Оларға Елбасы жекелей тоқталды. Бүгінде Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстағы яд­ролық қарулануды халықаралық ба­қы­лаудың тиімді тетігі жоқ. Атом технологиялары мен материалдарының халықаралық лаңкестер қолына түсуінің қаупі зор.

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері ядролық қаруды таратпауға қатысты көптеген шараларды жүзеге асырып келе жатқандығы бәрімізге белгілі. Мысалы, айтар болсақ:

— 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

— 1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күштерге байланысты Алматы декларациясында бұрынға КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстап тұруда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту саласындағы КСРО-ның халықаралық міндеттемелерін ұстанатындығын растады.

— 1992 жылғы 23 мамырда Лиссабонда осы елдермен АҚШ өкілдері аталған төрт мемлекеттің аумағында орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қолданылатын Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды. Сонымен қатар, Лиссабон Хаттамасында Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды.

— 1992 жылы Қазақстанда Қауіпті Бірлесіп Қысқарту бағдарламасы іске асырыла басталды. «Нанна-Лугар бағдарламасы» деп аталатын бұл бағдарлама шеңберінде 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан аумағында қалған ядролық, химиялық және биологиялық қарудың нысандары мен инфрақұрылымдарын жою және залалсыздандыру жөніндегі жобалар кешені, стратегиялық шабуыл қаруының демонтажы, экспорттық бақылау жүйесін құру, қорғаныс өнеркәсібін конверсиялау жүзеге асырылды.

— 1993 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі Ядролық қаруды таратпау туралы шартты ратификациялады.

— 1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі ЯҚТШ-ны бекітті.

— 1994 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі Агенттіктің (МАГАТЭ) мүшесі болды. ЯҚТШ ережелеріне сәйкес 1994 жылғы 26 шілдеде Алматыда Қазақстан Үкіметі мен МАГАТЭ арасында Кепілдіктер туралы келісімге қол қойылып, ол ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілгеннен кейін, 1995 жылдың 19 маусымында күшіне енді.

— 1994-1996 жылдардағы ядролық қарусыздану саласындағы белсенді іс-әрекетінің арқасында Қазақстан 1996 жылы бақылаушы мәртебесіне ие болды, ал 1999 жылдың 5 тамызында консенсус арқылы Қарусыздану жөніндегі конференцияның мүшелігіне қабылданды.

Қазақстан, химиялық қаруы болмағанына қарамастан химиялық қаруды жасауға, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу туралы және оны жою туралы конвенцияның қатысушысы болып табылады. Қазақстан оған 1993 жылы 13 қаңтарда қол қойды және 1999 жылы 24 маусымда бекітті. Конвенцияның ережелерін орындау үшін ұлттық орган құрылған. Қазақстан өкілдері Конвенцияға қатысушы мемлекеттер конференциясының сессиялары мен жыл сайынғы отырыстарына тұрақты түрде қатысады.

Барлық ядролық нысандар МАГАТЭ-нің кепілдігіне алынған және Қазақстанның барлық ядролық қызметі Агенттіктің ережелері мен стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

— 1996 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 51-ші сессиясы уақытында Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойды және 2001 жылғы 14 ақпанда оны бекітті. ЯСЖТШ қол қою арқылы Қазақстан Ғаламдық мониторинг Желісін құру тұрғысынан ЯСЖТШҰ Даярлық комиссиясымен белсенді ынтымақтаса отырып, шарт шеңберіндегі верификациялық тәртіпті нығайтуға қомақты үлес қосады. ЯСЖТШ ережелерін тиімді орындау мақсатында ҚР Үкіметі мен ЯСЖТШ Ұйымының Дайындық комиссиясы арасында Ядролық мониторинг құралдарына байланысты іс-әрекеттерді іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан ЯСЖТШ Ұйымының маңызды жұмыстарының бірі болып табылатын Дала эксперименттерін өткізуге маңызды үлес қосты.

— 2002 жылдың 13 мамырында Қазақстан лаңкестікпен күресуді, жаппай қырып-жоятын қарулардың таратылуына қарсы тұруды, ядролық материалар мен қос мақсатты өнімдердің пайдаланылуын және қозғалысын бақылауды күшейтуді мақсат еткен Ядролық материалдар жеткізушілер тобының мүшесі атанды.

— 2002 жылғы 13 мамырда Қазақстан Ядролық Жабдықтаушылар Тобының (ЯЖТ) 40-шы мүшесі болды. ЯЖТ-ға қатысудағы біздің мақсатымыз лаңкестікке қарсы күрес, жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұру шараларын жандандыру, ядролық материалдар мен қосарланған мақсаттағы өнімдердің пайдалануы мен қозғалысын бақылауды күшейту.

— 2005 жылдың шілдесінде Қазақстан «Краков инициативасы» деген атпен белгілі Жаппай қырып-жою қаруының таралуы саласындағы қауіпсіздік бастамасына қосылды. Бұл бастаманың мақсаты – күдікті әуе және теңіз кемелерін, сонымен қатар жаппай қырып-жою қаруымен байланысты материалдарды тасымалдайтын құрлық көліктерін ұстау үрдісіне барлық мемлекеттерді жұмылдыру.

— 2005 жылы шілдеде Австрия СІМ-не – Баллистикалық зымырандардың таралуымен күрес бойынша Халықаралық кодексінің депозитариіне ҚР СІМ-нің Қазақстанның Кодекске қосылуы туралы хабарлайтын нотасы жіберілді. Бұл еліміздің Зымырандық технологияларды бақылау тәртібіне енуіндегі маңызды іс болып табылады.

— 2006 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан көрші мемлекеттердің қатарында Семей қаласында Орта Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. Қазақстан алғашқы елдердің қатарында, Ресей мен АҚШ Президенттерінің 2006 жылы шілде айында ұсынған, Ядролық терроризм актілерімен күресі жөніндегі жаһандық бастамаға қосылды. 2007 жылғы маусым айында Астана қаласында Жаһандық бастаманың сыртқы істер министр орынбасарларының үшінші кездесуі өтті. 2004 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы кепілдіктерді қолдану туралы келісімге Қосымша хаттамаға қосылып, оны 2007 жылғы 19 ақпанда бекітті. [4. 10-11].

Қосымша хаттамада көзделген іс-шараларды іске асырудың мақсаты – ядролық материалдың мәлімделген бейбіт іс-әрекеттен әскери мақсатқа ауысуын болдырмауға, сонымен бірге жалпы алғанда мемлекетте мәлімделмеген ядролық материалдар мен заңсыз ядролық іс-әрекеттің болмайтындығына берік сенімділікті қамтамасыз ету.

— 2005 жылдың шілде айында Қазақстан «Краков бастамасы» деген атаумен белгілі Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласындағы қауіпсіздік туралы бастамаға қосылды.

— Қазақстан Бактериологиялық және токсиндік қаруды жасау, өндіру және жинақтауға тыйым салу туралы және жою туралы конвенцияға қосылып, оны 2007 жылғы 7 мамырда бекітті.

— 2008 жылдың 1-30 қыркүйек кезеңінде бұрынғы Семей ядролық полигонында ЯСЖТШ Ұйымымен бірлескен Интегралды дала эксперименті (ИДЭ08) өткізілді. Аталған іс-шаралар кез-келген ортадағы ядролық жарылыстарды немесе оларды өткізуге дайындық жұмыстарын тіркеу бойынша инспекциялардың түрлі әдістерін дайындау мақсатында өткізілді. ИДЭ08 — ЯСЖТШ Ұйымы құрылығаннан бері ұйымдастырылған іс-шаралардың ішіндегі аса маңыздысы болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы 2008 жылы Қазақстанда Жаһандық бастаманың шеңберінде келесі іс-шаралар өткізілді:

— 6 маусымда Алматыда Ұлттық ядролық орталықтың Ядролық физика институтында «Атом-Антитеррор -2008» атты терроризмге қарсы халықаралық оқулары өткізілді.

—  11 қыркүйекте Өскемен қаласындағы Ульба металлургиялық зауытында «Жобалық қауіп» атты екі күндік семинар өтті [5. 5-6].

БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев  Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын жасау идеясын ұсынды. Бұл – осыдан 20 жыл бұрын ядролық қатерге қасқайып қарсы тұрған Қазақстанның саналы қадамы. Оның үстіне біз бүгінде осындай декларацияны қабылдау оңайға соқ­пайтынын түсінеміз», – деді Елбасы. Сондай-ақ, ол жаһандық антиядролық қоз­ғалыстың басты мақсаты ядролық қатерлермен күресу ғана емес екенін, қазақ елінің елордасында өтіп жатқан форумға үлкен үміт артатынын білдірді. «Ядролық полигонды алғаш жапқан мемлекеттің Президенті ретінде жеке өз басым үшін ядросыз әлем – бұл абсолютті саяси аксиома. Кейде тарихи оқиғалар мен жекелеген адам басындағы оқиғалар қайшыласатын сәттер болады. Мен үшін және менің хал­қым үшін Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, ядролық полигонды жапқан 1991 жыл сондай жыл болды. Тарихтың сабақтары олар болашаққа бағдарланғанда ғана қандай да бір мазмұн иеленеді. Сондықтан өткенді еске ала отырып біз болашақтағы іс-әре­кеттеріміз туралы, балаларымыз бен не­мерелеріміз үшін ХХІ ғасырдағы ядролық қауіпсіздік туралы ойлауға тиіспіз», – деді Мемлекет Басшысы.

Президент сөзінен кейін БҰҰ Бас хатшы­сы Пан Ги Мун, — «Мен өзімнің былтырғы жылғы Семейге сапарымды еш уақытта ұмытпаймын. Он шақты жылдар бойы осы нүкте қырғи-қабақ соғысының кіндігіне айналған еді. Сіздің батыл шешіміңіздің арқасында 20 жыл бұрын Семей бейбітшілікке деген үміттің үлкен нышанына айналды. Бұл бар­лық ядролық сынақтарды мүлдем тоқ­татудың үмітін оятып, ядролық қарудан ада бейбітшілікке ұмтылуға да жарқын жол ашты», – деді Бас хатшы [6. 1-2].

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында былай, деген болатын: «Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі бастамаларымыз — әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қосқан сөзсіз үлесіміз. Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, біз жетекші ядролық державалардан — АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайдан қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алдық. Біз Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетеміз. Біз әлемдік қауымдастықтың ядролық терроризм қатеріне қарсы тұрудағы күш-жігеріне қолдау жасаймыз. Қазір біз ядролық қатерді таратпау жөнінде одан әрі табанды шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы батыл айтамыз. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт таратпау режімінің арқауы болды және солай бола бермек. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуі таратпау режімін нығайтудың маңызды қозғаушысы болуға тиіс.
Бұдан үш жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсынысымды қолдады.
Осының барлығы — жаһандық саясаттағы біздің рөлімізді тану.
Осындай жауапты саясатының арқасында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімінің көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін үлгі болып танылды», -деді Президент Н.Ә.Назарбаев [7. 1-2].

Әрине мұнда Қазақстан Республикасын Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы екендігін айта кету керек.

Ядролық қарудан бастарту мәселесі – ХХІ ғасырдың ең ауқымды, әрі күрделі мәселелерінің бірі болып табылады. Егер әлемдік халықаралық қоғамдастық ядролық қаруға ие мемлекеттер ауқымының кеңеюіне қарсы саяси күш-жігер таныта алмайтын болса, оның салдарлары үлкен ауыртпалықтарға алып келуі мүмкін.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.      «Ядросыз әлемге бағыт ұстануда ядролық қауіпсіздіктің жаңа амалдарын іздестіру — маңызды міндет»  dmk.kz/?p=9649 — Cached — Similar. 2011 ж.

  1. Дж. Кенен. Ядролық қаруды таратпау// Лос Ажелес – 2002 – 14 мамыр
  2. Жұмаханов А. Қазіргі ядролық жағдай// Азаттық – 2010 – 12 ақпан// http://www.azattyq.org/

4.      «Жаһандық қауіпсіздіктің маңыззды факторы» «Егемен Қазақстан» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ГАЗЕТІ» ААҚ, №108-111 (25508) 21 НАУРЫЗ СЕНБІ 2009 ЖЫЛ.

5.      Берлин қаласында «Семей ядролық полигонның жабылуына 20 жыл. Қазақстанның бастамалары» тақырыбына қазақстан-герман дөңгелек үстелі өттіwww.botschaft-kaz.de/kaz/index.php?… 2011 ж.

6.       note.php?note_id=275167852506151 — Cached — Similar. 2011 ж.

  1. Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Қазақстан2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. www.akorda.kz/

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Қазақстан


Тағы рефераттар