Жалған қорғану туралы қазақша реферат

Қажетті қорғанудан жалған қорғануды ажырата білудің маңызы да ерекше. Жалған қорғану деп – қиянат келтірушіліктен жорамалды түрде қиянат келтіреді екен деп ойлап, байыбына бармай қорғануды айтамыз. Яғни, жалған қорғануда төніп тұрған қиянат, қауіп жоқ.

Жалған қорғану қорғанушының әр түрлі обьективтік жағдайларға байланысты істелген қатесі болып  табылады. Мысалы, қорғанушы жәбірленушінің қоғамға қауіпті емес әрекетін қоғамға қауіпті екен деп қателесуі мүмкін. Жұман деген азамат кешкілік, қараңғы түскен кезде күндегі әдетінше жұмыстан соң қалың бақтың арасындағы жалғыз аяқ жолмен үйіне қайтады. Бір қарағанда ол өзінің артынан келе жатқан бір адамның сүлбесін байқайды. Сол адамнан қауіптенген ол жүрісін жылдамдатып, бақ ішінен сыртқа шықпақшы болады. Оның артынан келе жатқан адам да жүрісін жеделдетіп, оған таяу келеді. Өзінше қылмыскер шабуыл жасайды деп ойлаған  Жұман кілт тоқтай қалады да, жүгіріп келе жатқан әлгі адамды таяқпен ұрып құлатады. Нәтижесінде бейтаныс адамға ауыр дене жарақаты келтіріледі. Істі тергеу кезінде анықтағанда Жұманның артынан қалмай келе жатқан адам  соның тұрған жерінің тұрғыны болып шығады. Қараңғыда ол да жалғыз жүруден қорқып, алдында келе жатқан адамнан қалмауға тырысып, желе-жортып Жұманды қуып жетіп, артына ілесіп отырады. Жұманның әрекеті жалған жағдайда істелген қорғану деп танылған.

Жалған қорғану – қоғамға қауіпті әрекет.

Жалған қорғануды жүзеге асырған адам кінәлі деп танылып, қылмыстық жауапқа тартылады. Егер адам қажетті қорғануды қолдануда өзінің қатесін болжамаса немесе болжауға мүмкіндігі болмаса, онда ол келтірілген зиян үшін жауап бермейді. С. деген азамат жолдасының үйіне кірудің орнына шатасып, бір соған ұқсас үйге кіріп кеткен. С-ның үйге кірген тарсылынан ұйықтап жатқан үй иесі  К. оянып кетіп, үйіне ұры кіріп кетті екен деп ойлап, ешбір ойланбастан төсектің қасында тұрған орындықпен  «шақырылмаған қонақтың» басынан ұрып, оған ауыр дәрежедегі дене жарақатын келтірген. К-ның қорғануы, бұл ретте, заңды қорғану болып табылады. Бірақ ол өзінің жәбірленушіге деген әрекетінің қате екенін сезбеген, сезуге міндетті болмаған және де оны сезуге мүмкіндігі болмаған. Яғни, оның әрекетінде қылмыс белгісі жоқ. Егер мұндай жағдайда ол  өзінің қатесін сезуге міндетті болса немесе сезе алатын болса, онда ол абайсыздықпен істеген қылмысы үшін жауаптылыққа тартылар еді.

Жалған қорғануда да нақты төнген шын қауіпті тойтарудағы сияқты зиян келтірілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1994 жылғы 23 желтоқсандағы №7 қаулысының «соттар шын қорғануды жалған қорғанудан айыра білуі керек. Мұндай жағдайда өзінің болжау қателігін аңғармай және қателігін аңғару мүмкін болмаған адамның қорғану құралдарын қолдануын  қажетті қорғану жағдайында істелген әрекет деп қарауы керек» делінген. Егер адам жасалған шабуылдың жалғандығын ұғынбай, зиян келтіретін болса, бірақ істің мән-жайына қарай мұны ұғына алатын және ұғынуға міндетті болса, онда мұндай адамның әрекеті абайсызда залал келтіргені үшін жауапқа тартылып, оның іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің баптары бойынша сараланады.
Тағы рефераттар