Жалпы білім беретін мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстарының бағыт-бағдары туралы қазақша реферат

Әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған білім берудің негізгі мақсаты білімді меңгеріп қана қоймай, білік пен дағды арқылы дербестік, ізденімпаздық, дені сау, өзгермелі жағдайда білімді де білікті жасөспірімдерді жан-жақты жеке тұлға ретінде даярлау. Осы мақсаттарды іске асыруда бүгінгі мектеп оқушыларына қойылып отырған мәселелер күн сайын талаптануда. Өйткені келешек қоғамыздың басты тұлғасы бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан мектепте берілетін кәсіби бағдар жұмыстарының бүгінгі күні маңызы зор болып табылады.

Кәсіби бағдар беру — жас ұрпақты өзіне ұнаған тиісті мамандықты саналы талдап алуға дайындауға бағытталған іс-әрекеті. Кәсіби бағдар беру арқылы оқушыларды мамандықтар әлемінде, олардың мазмұны, ерекшеліктері, жеке тұлғаға қоятын талаптарын өз бойындағы қасиеттерімен ұштастырып, өндіріс, шаруашылық салаларының даму міндеттеріне, оның нарықтық экономика жағдайындағы рөліне сай саналы таңдалып алынған мамандыққа мүдделілігін тәрбиелеуді қажет етеді. [8, 128 б]

Кәсіби бағдар берудің негізгі мақсаты жас ұрпақты саналы түрде мамандық таңдауға дайындау, үйрету екендігі белгілі. Ол үшін мына нәрселер қажет:

— оқушылардың бойында ішкі психологиялық — әлеуметтік мәнділікті реттейтін қызмет түрлерін тәрбиелеу;

— түрлі еңбек қызметтері мен сыйластық қатынастарын тәрбиелеу;

— кәсіпті өз бетінше, саналы түрде жеке қасиеттерін есепке ала отырып орындау бағытын жетілдіріп, тәрбиелеу.

Республикамыздың Конституциясында еліміздің азаматына еңбек етуге құқық берілген, оның ішінде біліміне, қабілетіне, кәсіптік даярлығына сәйкес, 24-бап бойынша «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар». Бұл құқық толығымен жүзеге асырылуы үшін еңбек барлық азаматтарының табиғи қажеттілігіне айналуы тиіс. [9, 120 б]

Кеңестік жүйе кезінде «мектептегі еңбекке баулу, тәрбиелеу жүйесінің оқыту, еңбек пен адамгершілік сапасын арттыру, мұғалімдер мен оқушылардың еңбек нәтижелерін бағалаудағы формализмін жою, оқытудың өмірмен байланысын іс жүзінде нығайту, мектеп оқушыларын қоғамдық пайдалы еңбекке даярлауды жақсарту қажеттігі атап көрсетілсе, Өкіметіміздің кәсібіи білім беруге арналған «Мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеуді, баулуды, оларға кәсіптік бағдар беруді жақсарту және олардың қоғамдық пайдалы, өнімді еңбегін ұйымдастыру туралы» «… жалпы білім беретін мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеуді, баулуды және оларға кәсіптік бағдар беруді түбірімен жақсарту, олардың дербес өмірге практикалық және моральдық-психологиялық даярлық дәрежесін арттыру, жеткіншек ұрпақтың бойында еңбекке деген саналы қажеттілікті қалыптастыру, бұл үшін қажетті жағдайлар жасау шараларын қолдануға міндеттері аталып өтілген.

Алғашқы күндерден бастап жалпы білім беретін орта мектептерде білім беру жүйесі Өкіметіміздің қаулы қарарларына орай мектеп оқушыларының ғылым негіздерін оқып үйренуді олардың жүйелі ұйымдастырылған, шама-шарқына лайық қоғамдық пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуымен тығыз өзара байланысты қамтамасыз етілсін — деп міндеттелген.

Қазіргі таңда мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеудің жан-жақты және күрделі міндеттерін ойдағыдай шешу үшін әрбір мұғалім, сынып жетекшісі өзінің күнделікті педагогикалық іс-әрекеттерінде еңбек тәрбиесінің негізгі қағидаларын берік меңгеріп және оны басшылыққа алуды талап етіп отыр. [10, 103 б]

Кезінде мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру мәселесі көптеген ғалымдар мен қайраткерлердің ғылыми еңбектерінде, мақалаларында сөз етілді. Атап айтқанда, Н.К.Крупскаяның, А.В.Луначарскийдің, П.П.Блонскийдің, А.С.Макаренконың, С.Т.Шацкийдің еңбектері оның күрделі мәселелерін шешуге үлкен маңызы зор болды.

Қазіргі жалпы білім беретін орта мектептердің оқу-тәрбие жұмысында кездесетін елеулі кемшіліктердің де беті ашылып көрсетілді. Олар ең алдымен мынаған байланысты: мектеп бітіруде жастар өндіріс сферасындағы еңбекке практикалық дайындықсыз келеді немесе халық шаруашылығына қажетті мамандықтары жөнінде теориялық жағынан белгілі бір түсінігі болмады.

Мектеп бітіруші жастарымыздың ішінде өмірге тұтынушылық қатынас, еңбектен бой тасалау, сақтамау сияқты жағымсыз құбылыстар байқалып қалады. Мұндай кемшіліктердің себебін біз мектеп қабырғасындағы еңбекке тәрбиелеу мен кәсіптік бағдар жұмыстарының белгілі бір жүйеге қойылмағандығы деп білеміз.

Қазіргі жалпы білім беретін мектептердің барқатар мұғалімдері мен сынып жетекшілері еліміздің ғылыми-техникалық прогрестің даму тенденциялары туралы және оның қазіргі заман адамдарына қоятын талаптары жөнінде жеткілікті хабары болмады. Сынып жетекшілері оқушылардың қоғамға пайдалы өнімді еңбегі мен оқытуды өнімді үнемі біртұтас үдеріс етіп біріктіріп, оған политехникалық бағыттылық бере алмады. Мұғалімдер қоғамдық пайдалы еңбектің мазмұнын анықтауда, еңбек үдерістерін жоспарлауда, ұйымдастыруда, педагогикалық ықпал етудің әдістерін таңдап алуда қиындықтары тап болып отырды. Сондықтан оқушыларды еңбекке тәрбиелеу мен кәсіптік бағдар беруде заман талабына сай тәрбие жұмысының неғұрлым жаңа формалары мен әдіс-тәсілдерін таңдап, оны жетілдіруде мектеп ұжымының алдында үлкен маңызды міндеттер қойылды. [11, 99 б]

Кеңес орнағаннан кейінгі уақыттан қазірге дейінгі кәсіптік бағдар берудің қалыптасу кезеңдерін төмендегідей етіп беруге болады:

1) Кеңестік кезең орнағаннан кейінгі мектептердің қалыптасуы мен 1937 жылдар аралығы. Бұл кезеңде ауыр өндірісті дамытуға, елді индустризациялауға байланысты мектепте еңбек сабағының мазмұны матералдық өндіріске тән мазмұнға ие болды. Кәсіптік бағдар беру бойынша алғашқы тәжірибелер қалыптасты.

2) 1937-1954 жж. аралығын қамтыды. Бұл кезеңде еңбек пәні мектеп оқу жоспарынан алынды, бірақ еңбекке баулу, кәсіпке бағдарлау басқа оқу пәндері және сыныптан тыс жұмыстар негізінде жүзеге асырылды. Кәсіптік бағдар беру бойынша тәжірибелер жалғасын таппады, бар тәжірибеден қол үзілді.

3) 1954-1984 жж. аралығы. Бұл кезеңде қаулы қарарлардың оқытуды күшейтуге бағытталу кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жеделдетті. Атап айтқанда, оқытуды өмірмен, теорияны практикамен байланыстыру бағытындағы қабылданған қаулылар білімді өміршең ету мен өмірда жарамды етуге бағытталды. Кәсіптік бағдар бойынша тәжірибелер қалыптасып, зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады.

4) 1984-1991 жж. аралығы. 1984 жылы кәсіптік және жалпы білім беретін мектептердің негізгі бағыттарын айқындауға бағытталған реформа кәсіптік бағдар беруге жеткілікті мән берді.

5) 1991 жылдан бергі кезеңді кәсіптік бағдар беруге қатысты: тоқырау, қалыпына келу және қайта жаңару деп қарауға болады. 1993 жылдан бастап мектептен кәсіптік бағдар беру бойынша әдістемелік кабинеттер жабылып, еңбекке дайындық бағытына бөлінген сағаттар азайды, оқу-материалдық база төмен деңгейде жабдықталды. Тек 2000 жылдан бастап, еңбекке дайындық бағытындағы оқу жұмыс түрлеріне зейін аудару қолға алынды.

Бүгінгі күні мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмыстары қайтадан жандана бастады. Біз жоғарыда атап өтілген кезеңдерді талдай отырып, кәсіби бағдар беру жұмыстарының маңызын үлкен сұранысқа ие болуда деп білеміз.

Мамандықты саналы таңдауда адамның қабілеттілігінің қалыптасуының да үлкен маңызы бар. Ол адамның психологиялық санасының қалыптасуына байланысты. Олар: қабілеттілік, қызығушылық, бағыттың құндылығы, кәсіптік жоспар, идеялы, сенімі, т.б.

Адам қабілеттілікке қоршаған табиғатқа, әрбір адамның өзін-өзі шыңдауға байланысты, адамның әлеуметті бейімделген қызметі деп қарау қажет. Сол себепті де К.К.Платонов «Қабілеттілік – ол жеке адамның қасиеті, бірақ оның белгілі бір қызметке қатысына қарай анықталады».

Қабілеттілік дегеніміз белгілі қызметтің әдіс-тәсілдерін игерудегі тездік, тереңдік және икемділік болып есептеледі.

Сондықтан мамандық таңдауда қабілеттілік есепке алынады. Мысалы, адамның абстракты ойлау жүйесі күшті дамыған болғанмен практикалық істе қабілетсіз болуы мүмкін немесе өте жақсы білгенмен ұйымдастыруды нашар атқаруы мүмкін. Сондықтан баланың оқудағы, еңбектегі, ойындағы қабілеттілігін біртұтас қарастыру қажет те, солай дамыту нәтижелі болмақ.


Тағы рефераттар