Жаңа реалистік әдебиеттің, ағартушылық-халықтық бағыттағы әдебиеттің ерекшеліктері мен жаңашылдық сипаты
Жаңа реалистік әдебиеттің, ағартушылық-халықтық бағыттағы әдебиеттің ерекшеліктері мен жаңашылдық сипаты ХХ ғасыр басындағы шығармалар мен әдеби басылымдарда айрықша көзге түседі. Бұл тұстағы әдебиеттің даму заңдылықтарынан байқалған негізгі екі бағытты бөле-жара айтқан жөн.Біріншіден, ХІХ ғасырда, әсіресе, ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінде берік тамыр жайған, өзіндік орны бар Шығыс әддебиетінің тегеурінді әсері мен дәстүрі терең іздері, діни сипатты әдебиеттің таралуы өзінің белгілі бір билігіне жеткендей еді де, саябыр тртқан.
«Кітаби ақындар» деп аталған қарқынды бағыттың өзіндік беті айқындалды да, жаңа әдеби процесте өзіндік орын, жөн-жосығымен бейтарап қалып танытты. Енді әдебиеттің даму үрдісі, бағыты, басты-басты қайраткерлерінің ой-назары батыс, орыс мәдениетінің, жаңа заманның «ғылым» жаңалықтарына дем қойған таным дүниесіне ауа түскендей еді. Мағжан Жұмабаевтың өзі мақалаларымен аударма, оқулықтарында, оқу ісі туралы еңбектерінде «ғылым» дүниесіне негізделген білімге, Еуропа мәдениетіне ден қоятын көзқарасын ашық жазды. Бұл, Мұхтар Әуезовтың «Мағжанды сүйемін, Еуропалылығын, жарқырыған әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көріп сезінгендей боламын. Мағжан – культурасы зор ақын» , — дейтін. Мағжан Уфада, Омбыда, Мәскеуде білім алып, В. Я. Брюсовтың аузынан «қазақтың Пушкині»атанған тұс. «Дәл сол кезде Шығыс мәдениеті қайраткерлерінің ішіндегі ең күшті, ең асқан білімпаздарының бірі де Мағжан болып саналады.», «Хайрулла Махмудов).
Дүние таным мен руханият дүниесіндегі бұл бағыттың тууы, белең алуы даму заңдылығы болатын. Сол тұстағы қазақ оқығандары мен ұлтшыл қайраткерлері, зиялы қауымның тұлғалы өкілдері түгелге жуық еуропаша білім алып ,Ресейдің кәсіби білім орталықтарында оқығандар еді. Ғасыр басындағы саяси тіршілікке де белсене араласқан солар-ды. Алашорданың батысында да, шығысында да ой тізгінін солар қолға алғанды.
Міне, дамудың осындай сәттерінде әдебиеттің жаңа бітімі түзілді, көркем публицистика белең алды, азаматтық үнді ұлттық көркем сөздің мүше-мүшесі дараланып, мүсінделе түсті. Бұл – екінші бағыт. Бұл бағыттың сипаты ең алдымен халыққа ең алдымен ең жақын саналатын өлең, жырда барынша айқын көрінді. Жыраулық поэзия одан әрі жалғасын тауып, түрлене дамыса да, заман тынысына лайықты уақыттың өзі әкелген жаңа дәуір поэзиясы тез буын бекітті. Көтеш, Шал ақын шығармаларынан бедерленіп басталған ақындық поэзия Абай дәстүрімен бір биік белеске шықты да, онда әрі біржолата мектеп қалыптастырылды. Яғни, осы тұста ақындық жаңа мектеп біржолата қалыптасып үлгерді. Соған орай поэзия жанрының бітімі де, мазмұны да жаңғырды.
Кейін ХХ ғасыр әдебиетінің басты тұлғалы қаламгерлері болған талантты тұлғалардың алғашқы, екінші-үшінші кітаптары осы тұста көп жарық көрді. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 1907 жылы үш бірдей жинағы (Қазан, «Хал-ахуал», «тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқа кімдікі екендігі») оқырмандар қолына тиді. Бостандық туралы ашық көзқарастары, ақынның 1905 жылғы орыс революциясы әсерімен айтқан пікірлері үшін үш кітапты шығарған баспаға он екі мың сом ақшалай айтып салынды. 1905 жылы Сәбит Дөнентавтың Уфада «Уақ-түйек» деген атпен тұғңыш жинағы шықты. Сәкен Сейфуллинннің «Өткен күндер» (1914), Мағжан Жұмабаевтың «Шолпан» (1912), Нұржан Наушабевтың «Алаш» (1910), Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» (1909), Бекет Өтетілеуовтың «Жиған – терген» (1914), жинақтары, тағы басқа жоғарыда аталған кітаптар осы тұстағы әдебиет тынысы мен бағытын барынша толымды көзге елестете алады.
Небәрі жиырма жеті жыл ғана ғұмыр кешіп, шығармашылыққа шындап ден қойған оншақты жылдың ішінде орасан зор маңызды көркем әдеби мұра қалдырған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың осы кезеңдегі туындылары өмірінің өзінше бір белесін білдіреді. Ақынның алғашқы тырнақалды кітабы өзі көз жұмғаннан кейін, 1922 жылы ғана жарық көрді. Оған дейін шығармалары мерзімді баспасөз беттерінде, ел аузында таралды. «Түсімде», «Бұлар кім?», «Қымыз», «Итаршыға», «Шәкірт ойы», «Жас жүрек», «Неге жасаймын», «Алты аяқ», т.б. өлеңдері мен мақала, толғаулары жарық көрді. «Қазақ» газетінің шығуына қуанып, құттықтаған «Міне, алақай!» өлеңі ( «Қазақ», 1913, 1 наурыз, №4) ақынның азаматтық көзқарасын айқын жеткізген шығармасы еді. «Қараңғы түнек түнде еді, қара қазақ баласы деп, «жиырмасыншы ғасыр басында» айы туып, күні туып, «жарық көрді алашы!»деп, алғы күнге үміт арта сөйлйді. Сұлтнмахмұт қаламынан шыққан «Алаш ұран» (1917) ұлттық-азаттық идеясының ашық үніндей естілді. Жалпы, ақынның барлық шығармалары негізінен ХХ ғасырдың басындағы жиырма жыл ішінде жазылды да, сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің ахуалын, мүмкіндіктері мен бағыт-бағдарын айқын танытты. «Адасқан өмір» қазақ әдебиетінің поэма жанры өшпес рухты үлгілерінің қатарына қосылады. «Кедей» поэмасы да аса бір зерлі, көркем әрі тарихи мәнді шығарма. Өлеңмен жазылған тұңғыш роман «Қамар сұлу» – реалистік қазақ әдебиетінің көш басындағы ірі шығармашылық құбылыстардың бірі. Ақынның шығармашылық өмірінің айтулы үш кезеңін (1907 -1911 жылдарды қамтитын шәкірттік өлеңдері, 1912 -1913 жылдардағы «Айқапта» қызмет істеп жүрген тұстағы өлеңдері, 1917 -1918 жылдардағы Семейдегі шығармашылық тағдыры) бөле-жара қарастырған академик Серік Қирабаев ақын табиғатын «лапылдап тұрған ақындық мінездің қайсарлық пен табандылыққа үлесуін көреміз» деп сипаттайды. С. Торайғыров ақындығы жаңа қазақ өлеңінің жарқын беттеріне айналды, жігерлі, әсерлі, мұңды да сазды азаматтық поэзиясы өзгеше бітімді, келісті кестелі зерімен санаға тез жатып отырды. Бірқатар өлеңдері Абай мақамының өрнектерін қайталай жаңғыртса, енді бірқатар өлеңдері көзі көрген аласапыран заманның суреттерін қаз-қалпында түсіріп отырғандай. «Сарыарқанның жаңбыры» 1917 жылғы қазақ өмірін тереңнен ақтара жеткізген, психологиялық жарыстары баламалауды шебер қолданған шығарма.
Көп уақыт жаңбыр көрмей қурап, күйіп,
Жоқ еді Сарыарқада көрер сиық.
Сол қатарлы шөлдеген жан-жнуар,
Аузына тұра алмаған тілі сиып.
Айналған Сарыарқамен қоштасуға,
Бір жаңбыр жібермесе Құдай иіп , —
деп басталатын өлең үмітке, армнға толы, ақын Сарыарқаның жаңбырын бостандықтан лебіндей сезінді.
Көрсетсен қара шекпен еккен ісін,
Қиналып жан аямай жеккен күшін , —
деп аталатын небәрі алты тармақтық «Итаршыға» өлеңінде де уақыт бедері қалың түскен.
Сұлтанмахмұт Торайғыров «1) Қазақ әдебиет тарихында тұңғыш роман жазулардың бірі болды ; тұңғыш рет өлеңмен роман жазды ; 2) қазақ әдебиетінде сюжетсіз, философиялық-лирикалық поэма жанрын туғызды; 3) қазақ әдебиетінің шын мағынасындағы публицистика жанрын жазушылардың бірі болды». Бұл ақындық ғұмыры ХХ ғасыр басындағы он-он бес жылға сәйкес келе қалған Сұлтанмахмұд Торайғыров (1893-1920) жомарт та қайсар талантының жемісіне берілген әділ тұжырым.
ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің белбаласы Бернияз Күлеев (1899-1923 ж.ж.) – өзіндік дара бітімдік суреткерлігімен қоса, қазақ өлеңіні тарихында Абай ақындық мектебінің жарқ еткен жаңа жас өркені ретінде қалатын ақын. Жиырма беске де жетер-жетпесте қайғылы қазаға ұшыраған, үзілген үміттің тұзағына ілініп, ақындық жүректің дертті күйігіне күйіп кеткен Бернияздың өлең тынысында, сөз орамдары мен ырғақ-бунақтарында Абай поэзиясының адастырмас пернелерінің мақамы сөйлеп тұр. Абайдың өлең өрнегіне («Бостандық күнінде»), сөз сынына («Жырла да зарла, көңілім..») барынша жақындап барған, уақыт тынысына сай рухы жаңа, дәстүрі берік тарпаң да балаң шабыт иесі сол тұста осы Бернияз Күлеев болды. Ол заманының сөзін айта алды және Абай сынды ұлы тұлғаның мектебін одан әрі бекітіп, жаңғыртты.
Поэма жанрының шоқтығын биіктетіп кеткен туындылар жазылды. Мұхамеджан Сералиннің реалистік, ромнатикалық сипаттағы «Топжарған» (1898 жылы жазылып, 1900 жылы жеке кітап болып жарияланған), «Гүлһашима» (1901 жылы жеке кітап болып жарияланған) поэмалары, Сұлтанмхмұт Торайғыровтың азаматтық рухы күшті, реалистік сарыны басым «Танстыру» (1918), «Адасқан өмір» (1918), «Кедей» (1919), толық сақталмаған «Қайғы» (1919), аяқталмаған «Айтыс. . .» (1919) поэмалары, Ығылман Шөрековтың тарихи-реалистік суретке толы, жыр сипаты «Исатай-Махамбет» (кейін, 1924 жылы «Сәуле» журналының №4 санында жарық көрді) поэмасы, Шәді Жәңгіровтың Шығыс саздарын одан әрі тереңдете нәзиршылдықты жалғастырған «Назым чәһар дәруіш» (1913), орыс-қазақ тарихи қатынастарының шынайы шежіресіне негізделген «Ресей патшалығында Романов нәсілінен хұқмыранлық қылған патшалардың тарихтпры һәм ақтабан шұбырыншылық заманынан бері қарай қазақ халқының ахуалы» (1912) дастандары және тағы басқа туындылар эпикалық жанрдағы алуан қырлы поэтикалық ерекшеліктердің мейлінше кенеулене түскендігін байқатты. Поэма жанрының реалистік, тарихи, азаматтық, философиялық сипаты, ұлттық рухы айқындалып, күшейді. Ақындар уақыт тынысына, күнделікті қоғамдық оқиғаларға жедел үн қосып ,ой толғау арқылы да өлеңнің өміршендік нышандарын еселеп жібергендей еді. Азаматтық, публицистикалық сарын сөз зергерлігімен ұласты. Өлеңнің әдеттегі ырғақ, буын, бітімі жедел түлеп, түрлі түлек өзгеріске ұшырап жатты.
Жарық күн туды,
Жер жүзін жуды,
Көктен нұрлар төгіліп.
Ежелгі, ескі,
Ортадан кетті,
Етек-жеңі сөгіліп.
(Бернияз Күлеев, «Бостандық күнінде»)
Иесі болса дағы алтын тақтың,
Көнеді бенде ісіне жалғыз хақтың
Тағдырыма мойын сұнып, елден безіп,
Мен жүрмін ортасында бөтен-жаттың.
Сары қазы, сары қымыз тамағы боп,
Жүргенде жастары біздің жақтың,
Өлшеулі ет, қара шайды тамақ қылып,
Өткізіп жүрмін уақытын жастық шақтың.
Я, Алла! Жеткізе гөр мұратыма,
Ракаты бар деуші еді михнаттың.
(Сәкен Сейфуллин, «Қазақ сая)
Қарасаң сонда қазақ арасына,
Ойнаған жалаң аяқ баласына,
Кетеді іш елжіреп, жанып, күйіп,
Көңілдің тұз сепкендей жарасына.
(Мағжан Жұмабаев, «Күз күні»)
Бұл өлеңдер мазмұны жағынан дәл сол уақыт тақырыбындағы туындылар болса, поэтикалық беті, үлгісі, бітімі тұрғысынан бұрынға жыраулар сөзінен іргесін бөліп, оқшаулана түскендігі білінеді. Қысқа өлеңнің, азаматтық, саяси лириканың небір ұтымды үлгілері, махаббат лирикасының дара нұсқалары да ақындар сөзін нұрландырып, мағынасын тереңдетіп әкеткені де уақыт ерекшелігі деген орынды. Түрлік, пішіндік ізденістер, күрделі метафоралар, азматтық көзқарастың айқындығы сол тұстағы қазақ поэзиясының әдеттегі жыр, толғаулардан оқшауландырып тұрды. Өлеңдегі әлеуметтік драма, тартыс желісі ширай берді. Оқиғалы өлеңдер, философиялық ойға құрылған өлеңдер, қысқа сюжетті, сюжетсіз поэмалар пайда болды. Осының барлығы да қазақ өлеңінің қысқа мерзім ішіндегі трансформациялық түлеулерін, даум жолын көрсетеді. ХХ ғасыр басында ақындық өнер, соны тынысты әлеуметтік поэзия алдыңғы лекке шықты да, ағартушылық, насихатшылық, халықшылық сипатын одан әрі тереңдетті. Алашшыл ақындар үні басым естіле түсті. Ғасыр табалдырығында Абай негізін қалаған реалистік поэзия одан әрі тармақталып, даму бағытына бет бұрды. Поэзиялық туындылардың мазмұны байыды, түрі құбылды, ұлттық қасиеті таралып аршылды.
ХХ ғасыр басында проза өмір шындығы мен үлкен азаматтық ойларды, ағартушылық-демократты идеяларды көркем бейнелеуге бағыт алған жаңа шығармалармен, қаламгер дүниетанымы мен идеялық ізденістерін көркем мазмұнға көшіре алатын әдістермен толықты, жанрлық аясы кеңіді.
ХХ ғасыр басындағы прозалық шығармалар «Айқап», «Қазақ», «Қазақстан» тәрізді газет пен журналдар, қазақ тіліндегі кітаптар , түрлі мектеп, медреселерге арналған оқу құралдары, хрестоматиялар арқылы жетті. Орыс зерттеушілерінің жинақтарынан да кездестіруге болады. С.Көбеевтің «Үлгілі бала», М.Дибердиевтің «Қазақ балаларына қайрат кітабы», О.Нұрбаевтың «Көргенді ана – үлгілі бала» сияқты туындылары мен В.Радлов, Г.Потанин, Ә. Диваев, т.б. кітаптары мен жинақтарында халық әдебиетінің үлгілері, прозалық шығармалардың талай түрлері, шағын әңгімелер кездеседі. Көптеген шығармалар «Садақ» тәрізді сияқты қолжазба журналдарда да жарияланады. Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», Ж.Тілепбергеновтың әңгімелері – осындай шығармалар. ХХ ғасыр басындағы шығармалардың бізге қолжазба күйінде жеткендері де бар. Мысалы, С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, т.б.
Бұлардың бәрі ХХ ғасыр басындағы көркем проза дамуының түрлі бағытттары мен ағымдарын көрсетеді. Көркем тәжірибе жинау, үйрену мен іздеу жолындағы күрделі процестер осы басылымдар бетіндегі прозадан айқын көрінеді. Сондықтан оларды нақты жүйеде қарастыру прозалық шығармалардың көркемдігіне әсер еткен ішкі-сыртқы жағдайлары, әдеби дәстүрді, ерекшеліктерді айқындауға мүмкіндік береді. Олардың арасында әдебиетіміздің тарихы үшін ғана емес, ол сол кездің шындығын шынайы бейнелейтін, тіпті фактографиялық, натуралдық түрде болса да бай материалдар беретіні аз емес.
Тағы рефераттар
- ХV – ХVІІІ ғасырларарасындағы қазақ хандағы. Қазақ хандығының қалыптасуының тварихи алғы шарттары. Хандықтың нығаюы
- Иван Назарович Кудин
- Иван Григоревич Ледовский
- Ықылас Дүкенұлы
- ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің өрбу жолдары