Жанұя – қоғамның ең маңызды тобы, бірлестігі. Жас баланы жанұяда тәрбиелеуде халқымыздың сан ғасырлар бойы жинақтаған, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиелердің, төлтума халық педагогикасының маңызы зор. Оның өзекті арқауына ұлттық сана-сезім, қадір-қасиет, ар-ождан, ұлтжандылық, отансүйгіштік, ізгілік, ізеттілік, парасаттылық, тектілік, қайырымдылық және т.б. жататыны, олардың өмірдегі мән-маңызы сараланады. Жанұяда жас баланы ерлікке, жігерлікке, батырлық пен батылдыққа, сөз бен істің бірлігі сияқты қасиеттерге тәрбиелеудің орны ерекше.

Жанұяда, әсіресе ата-ананың, туған-туыстың айтқан сөздері, қоғамдық өмірде болып жатқан құбылыстар, саяси-әлеуметтік өмірде өзгерістер жөнінде оларға айтқан пікірлерді, қабылданып жатқан шешімдерге берген бағаларды т.с.с. жас бала арнайы тыңдап, мән бергенімен, ойын арасында естігенін біртіндеп белгілі бір ой қалыптастырып, тұжырымдар жасайды. Жанұяда негізі қаланған тәрбие өсе келе өмірлік нысанаға айналуы мүмкін. Халық жанұядағы тәрбиеге ерекшк көңіл бөлген. Оны «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын», «Баланы өсіру – балапан ұшыру емес» деген мақал-мәтелдерден көруге болады. Ал «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ұлың өссе— ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе — қызы жақсымен ауылдас бол», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» — мақалдары халықтың бала тәрбиесіне, оның қалай өсіп-өнуіне, болашағына үлкен көңіл бөлгендігі байқалады. Яғни бала ата-анаға, өскен ортаға қарап өседі, үлкендердің үлгі-өнегесіне қарап тәлім алады.

Баланың адам ретіндегі қалыптасуында тәрбинің негізі ата-анадан деп есептегенмен, жүрген ортаның, ағайын-туыстың, жора-жолдастың, отбасының, ең әуелгі туған жердің табиғатына дейін әсер тигізетіні рас. Бұлардың бәрі ержетіп, азамат болуда ықпал етер шартты жағдайлар деп бағаласаң, көгеріп, көркейіп өскен жастың жанына азық, бойына қуат, өнеге беретін аялы алтын діңгегі — әке-шешесі.

Тіршіліктегі барлық нәрсенің бір-бірімен сабақтас болғаны сияқты, баланың бойындағы, әдетіндегі небір жақсы, жаман қасиеттің көздері осыларда. Ананың, тәрбиешінің, ұстаздың шеберлігіне қарай бала бойында ұстамдылық, ұқыптылық, нәзіктік, кішіпейілділік қасиеттер қалыптасса, әке арқылы еңбекқорлық, батылдық, адамгершілік, азаматтық, табандылық мінезге ие болады. Сондықтан да ата-анаға, ұстазға өз жүрегінің тебіренісін, жай-күйін бала сезіміне әсер ететіндей жеткізе білуге тырысқан жөн.

.

Тағы рефераттар