Жеке адам психологиясы туралы теориялар туралы қазақша реферат

Жеке адам, оның мұқтаждықтары туралы теориялар өте ерте кезде, Грецияда пайда болған. Ең әдепкі кезде пайда болып жайылған теорияның бірі – материалистік теория, мұны жақтаушылар Греция философтары Аристарах Эпикур. Бұл теория бойынша, адамның әрекеттері, Қылықтары, оның жағымды сезімдерге ұмтылып, оларды қайтарып тастаумен байланысты. Олардың айтуы бойынша, адам өзінің тұрмысында, тіршілігінде әрқашан да жағымды сезімдерді тудырып, сол сезімдер үшін әрекет ету, соған ұмтылу, жағымсыз сезімдерді жоюға талпынады. Бұл теорияны жақтаушылар 18-ғасырдағы француз материалист – ағартушылар болып табылады. Олар жағымсыз сезімдерге қарсы шығып, дүниенің ең қызықты ешбір алаңсыз өмір сүріп, дүниенің бар қызығын көріп қалу, сол себептен адамдар өздерінің тұрмысында жағымды сезімдерге көбірек ұмтылып, оларды қайтарып тастауы керек дейді.

Француз психологтары мұқтаждық туралы физиологтялық теорияға негіз салды. Бұлар адамның мұқтаждықтары тәнде болатын түрлі биологиялық және физиологиялық ағымдармен байланысты,мұқтаждық адамның тәнінде болатын биологиялық жағдайларды санадан өткізіп таниды дейді. Бұл биологиялық теория, олар еш уақытта адамның мұқтаждығын биологиялық, физиологиялық ағымдарға апарып теңеуге болмайтындығын ескереді.

Сексуалдық теория. Немістің оқымысты психоналистік – психоневрологі З.Фрейд (1856 -1939) адамның мұқтаждықтарын ынтығуларға, яғни құмартуларға апарып теңейді. Оның айтуынша, адамның екі түрлі ынтығулары болады. Бірі – сексуалдық, яғни жыныстық ынтығы; екіншісі – «мендік», яғни өзін — өзі қорғауға ынтығу. «Мендік», яғни өзін — өзі қорғауға ынтығуы сексуалдық ынтығудан кейін пайда болады. Ол адамның өзін — өзі қорғануына, өзінің өмір сүруіне керекті ынтығу болып есептеледі. Фрейдтің айтуынша сексуалдық, яғни жыныс құмартулары өте ерте кезде пайда болады. Олар адамның әрекеттерінің, қылықтарының барлығына негіз болып, соларды басқарып отырады. Адам қасиеттері материалдық және рухани қажет болып екіге бөлінеді.

Адамда екі түрлі күш бар: бірі – биологиялық күш, ол жыныс ынтығуы, екіншісі — әлеуметтік. Біріншісі – санасыз, екіншісі – саналы. Осы екі күштің арасында күрес болады. Бірақ күресте биологиялық, санасыз күш жеңіп шығады, себебі – ол саналы күштен ертерек пайда болып, оның биологиялық жағы күштірек болып, адамды басқарып отырады. Адамның жыныс ынтығулар, яғни құмартулары өте ерте кезде пайда болып, бірнеше кезеңнен өткен. Мысалы, емшектегі балалардың да өзіне лайықты жыныс ынтығулары болады. Мұны баланың анасының емшегін емуінен байқауға болады. Не болмаса, жас балалардың жыныс мүшесін сипаса, оларда жағымды сезімдер пайда болады. Екінші кезеңде балалардың жыныс ынтығуы, өздерінің жеке тән мүшелерінің сұлу көркемдігіне құмартады, бұларды бір түрлі әуес көріп, өзін — өзі жақсы көре бастайды. Үшінші кезеңде баланың ынтығуы басқа жеке заттарға беріледі. Бала түрлі заттарды, болмыстарды жақсы көріп, соларға құмар болып, ынтығып отырады. Төртінші кезеңде балалардың ынтығулары өзіне қарама – қарсы жынысты адамдарға беріледі. Мұндай балаларда кәдімгідей жыныс сезімдері ояна бастайды.

Фрейдтің айтуынша, ынтығу іштен туады, ол биологиялық, яғни адам тәніне ерте бастан берілген, өзінен — өзі пайда болып отыратын күш. Бұл күш еш уақытта сыртқы жағдайдың әсерінен пайда болмайды. Сөйтіп Фрейдтің теориясы бойынша, адамның жыныс ынтығулары барлық әрекеттеріне негіз болып, оларды басқарып отырады. Өйткені ол әлеуметтік дамудың жемісі емес, биологиялық дамудың жемісі, адамның әрекетін мұқтаждықтары меңгермейді ынтығулары меңгеріп отырады, — дейді. Құмарту, ынтығу жайлы тағы бір теорияда адам әрекеттерінің негізі оның санасы, ойы, көңілі, қылығы, еркі тағы сол сияқты психикалық күйі делінеді.

Неміс психологы Курт Левин (1890 – 1947) адам сыртқы дүниедегі әсер етуші заттардың ықпалында болып, еріксізден – еріксіз әрекет етеді дейді. Егер адамның алдында суы бар графин тұрса, сол су адамға бір түрлі әсер етіп, өзіне тартады, адам еріксізден барып суды ішетін болады. Адам сыртқа әсер етуші заттардың құлы солардың ықпалында ғана болады деген тұжырым айтқан.

1.3.  Адамның негізгі түрткілері.

А.Мұқтаждық.

Адамның бір мұқтаждығының қанағаттанып, оның орнына басқа мұқтаждық пайда болуы оның өмір сүруіне, әрекет етуіне өте керекті шарт болып табылады. Егер адам өзінің мұқтаждықтарын қанағаттандырумен ғана тынатын болса, онда өмір сүрудің, тіршілік етудің айрықша керегі де болмас еді. Адамның қоғамнан да мұқтаждығы болмаса, қоғамның алға дамып отыруы да болмас еді. Сол себептен мұқтаждық, я қажеттілік адамның болсын, қоғамның болсын прогрессивтік түрде өсіп, алға дамып кетуіне өте керекті күш болып табылады. Адам баласы түрлі қоғамдарда өзінің мұқтаждықтарын еш уақытта толық қанағаттандырған емес.

Қоғамның өндірістік қатынастар мен өндіруші күштері, олардың дәрежесі қоғамның түрлі мұқтаждықтарына пайда болуына себепші болып отырады. Бірақ олардың өздері адам қоғамына сүйеніп, солардан пайда болады. Адамның санасы да, тілі де мұқтаждықтан пайда болған. Бір – бірімен қатысып, байланысып отыру үшін тіл қажет. Егер адамдарда мұқтаждық болмаса, тіл де, сана да, болмас еді. Бірақ тіл мен сана өздерінің дамуында адамның қажеттіліктеріне әсер етіп және қажеттіліктер пайда болдыруға себепші болып отыруы мүмкін. Адамның рухани мұқтаждықтарының негізіне материалдық мұқтаждықтар жатады. Ең алдымен, адам өмірінің материалдық мұқтаждығын  орындауға жұмыла кірісіп, әрекет етіп отырады да, сонымен бірге бара–бара ол мұқтаждықтар рухани, моральдық мұқтаждыққы айналып отырады. Мысалы, адамдарда киімге мұқтаждық пайда болған кезде адамдар өзінің денесін суықтан сақтауға әрекет етіп киім табатын болған, бірақ бұл бара – бара қоғамның дамуында бұрынғы материалдық мұқтаждықтан рухани мұқтаждыққа айналады. Адамдар бара – бара киімді өздерінің абыройын жабу үшін, кейін сән үшін де кие бастайды.

Рухани мұқтаждықтар материалдық мұқтаждықтарға негізделіп пайда болғанмен, рухани мұқтаждығына әсер етіп және материалдық мұқтаждықтардың  дамуына себепші болып отырады. Мұқтаждық, яғни қажеттілік адамның барлық әрекеттерінің қылығының себепшісі болып, оларды дамытушы күш болып табылады. Адам дүние табуда да, техниканы, өнерді, мәдениетті дамытуда болсын өзінің, қоғамның мұқтаждығына сәйкес әрекет етіп отырады. Егер адамда мұқтаждық, яғни қажеттілік болмаса, алдына мақсат қойып, істейтін ешбір әрекеті де, қылығы да болмайды. Түбінде адамның мұқтаждығы өз қылығының, әрекеттерінің негізі болып, соларды басқарып, меңгеріп отырады. Адам тіршілік етіп, әрекет ету үшін өмір сүру керек. Бірақ адам өмір сүру үшін тамақ, баспана, киім, су сияқты нәрселер қажет. Бұл жөнінде Маркс пен Энгельс «Неміс идеологиясы» дейтін шығармасында: «Адам тіршілік ету үшін өмір сүруі қажет. Адам өмір сүріп, тарихта жасауы керек. Бірақ бұл үшін ең алдымен ас, су, үй, киім және осы сияқты нәрселер қажет» дегенді айтады. Егер адамдар осы айтылған нәрселерді пайда болдырмаса, оларды жасамаса, осы айтылған мұқтаждықтарын қанағаттандырып отырмаса, адам адам болып күн көре алмай, өмір де сүре алмас еді. Жоғарыда айтылған нәрселерсіз адам өмір сүре алмайтын, тіршілік ете алмайтын мұқтаждықтар болып табылады.

Адам өмір сүруіне керекті жағдайды және негізгі мұқтаждықтарды екіге бөлуге болады: 1) материалдық мұқтаждықтар, оларға айрықша баспана, киім – кешек тағыда басқа осы сияқты нәрселер еніп отырады; 2) рухани мұқтаждықтар: бұларға адамның басқа  адамдармен қатынасын, қоғамда болуы, бостандықта болуы, өзін еркін сезінуі т.б. кіреді. Адам түрлі заң есесінде тіршілік ету үшін онда зат алмасуы қажет. Адамның ішкі дене мүшелері әрекет етіп отыруы тиіс. Егер адам тамақтанбаса, өзінен қашқан қуатты қайтарып, орнына келтіре алмайды, ішкі дене мүшелері әрекет ете алмас еді. Адам өмір сүріп, тіршілік те ете алмайды. Егер адамда баспана, үй болмаса, денесін жылыта да алмайды, суық тиіп, тоңып, өліп қалады. Сол себептен біз бұл қажеттерді өте керекті, негізгі мұқтаждықтар деп атаймыз.

Адам — қоғамның жемісі. Адамдар бір – бірімен қоғамдасып, еңбек ету арқылы ғана адам болған, қоғамсыз, еңбексіз адам күн көре алмайды. Әр уақытта адам басқа адамдармен қатынасып, солармен бірге байланыста болып, еңбек етіп отыруы керек. Егер адам жалғыз өзі болса, ол тіршілік етіп, адам қалпында қалуы екіталай, сол себептен адамдардың бірі мен бірі қатынасып, қоғамшыл болып отыру рухани мұқтаждықтарының ең керекті негізгі түрі болып табылады. Адамның көңілдегідей әрекет етіп тіршілік жасауы үшін бостандық қажет. Егер адамда бостандық болмаса, ол еркін өмір сүріп, еңбек етіп, тіршілік ете алмайды. Сол себептен адамдардың бостандығын жою, абақтыға қамау, жер аудару сияқты әрекеттер оларға берілетін жазаның ең бір қатаң түрлері болып табылады. Хайуанаттарда да мұқтаждық бар. Бірақ олардың мұқтаждықтары — биологиялық мұқтаждық. Хайуанаттардың қылығының барлығы биологиялық мұқтаждықтарын қанағаттандыруға бағытталған, сол себептен адамдағы тән әлеуметтік мұқтаждықтар оларда болмайды.

Жаратынды, яғни табиғи мұқтаждықтар адамда болатын биологиялық өзгешеліктермен, ағымдармен байланысты. Бірақ түбінде ол биологиялық ағымдардың өзі хайуанаттардағы биологиялық ағымдардан өзгеше. Адамның денесінде болатын биологиялық процестер даму барысында өзгеріп, адамның әлеуметтік дамуының ықпалына түскен әрекеттер болып табылады.

Адамның мұқтаждықтары бір қалыпты тұрмайды. Қоғамның өзгеруімен бірге адамның қажеттіктері де өзгеріп, дамып отырады. Егер хайуанаттардың мұқтаждығын алсақ, олардың негізгі мұқтаждақтарының жүзеге асу формалары, түрлері өзгергенмен, негізгі мұқтаждықтары өзгермей, бір қалыпта болады. Мысалы, хайуанаттардың әрекеттерін алайық, оларда тамақтану, қорғану, нәсіл қалдыру сияқты соқыр сезімдері эволюциялық дамуда өсіп, көп миллион жылдар басынан өткізгенмен, бұл биологиялық мұқтаждықтар сол бойынша өзгермей қалған. Ал адам болса, әлеуметшілік, қоғамдық тұрмыста қоғамның өзгеруімен бірге адамның мұқтаждықтары да өзгеріп, ескі мұқтаждықтары жойылып, олардың орнына жаңа мұқтаждықтар пайда болып отырады. Мәселен, бұрынғы адамдар театр, кино, түрлі операцияларды көру мұқтаждықтары болмаған, осы кезде адамдардың ол мұқтаждықтарға қол жеткізіп, қоғамның өзгеруімен бірге мұқтаждықтарының да өзгеріп отырғанынбайқауға болады.

К.Маркс пен Ф.Энгельс «Неміс идеологиясында» адамның материалдық тұрмысы олардың дамып жетілген мұқтаждықтарымен байланысты дейді. Бұл – мұқтаждықтардың пайда болуы және оларды қанағаттандыру болады. Сондықтан мұндай мұқтаждықтарды олардың түрліше қанағаттандырып, отыруы хайуанаттарда болмайды, жалғыз ғана адамда болады деген пікірді айтады. Мұқтаждықтардың жүзеге асып отыру формалары оларды қанағаттандыру жолдарымен байланысты. Жоғарыда айтылған негізгі материалдық және рухани мұқтаждықтар адам қоғамының барлық сатысында орын алса да, оларды қанағаттандыру, жүзеге асу түрлері өзгеше болып келді. К.Маркс аштықты қанағаттандырудың түрлі – түрлі жолдары болатындығын көрсетеді. Мәселен, адам ашыққанда пісірген етті пышақпен және шанышқамен жеп қарнын тойғызуы бұрынғы анайы адамдардың шикі етті қолмен, тырнағымен, тісі арқылы жұлып жеуінен өзгеше дейді. Бұл мысалдан адамдардың мұқтаждықтары бір болғанымен, қоғамның түрлі сатыларында ол мұқтаждықтарды орындау, қанағаттандыру түрлері өзгеше болып отыратындығын көруге болады.

Адамның мұқтаждықтары адамның әрекетін меңгеріп, басқарып отырады. Егер адамда мұқтаждық болмаса, адам тіршілік те, әрекет те етпейді. Сондықтан адамның бір мұқтаждықтары қанағаттанатын болса, олардың орнына басқа мұқтаждықтар пайда болып отырады. Қанағаттандарылған мұқтаждықтар орнына басқа мұқтаждықтар пайда болуы адамның әрекеттерінің, қылығының прогрессивтік түрде ғылымды, өнерді, мәдениетті т.б. әрқашан да алға қарай дамытып отыратындығын көрсетеді. Егер адамдардың мұқтаждықтары бір қалыпты тұрып, өзгермесе, жаңа мұқтаждықтар пайда болмаса, адамның әрекеті де бір қалыпты тұрған болар еді. Олай болса, тарих та болмас еді. Сондықтан тарих пен қоғамның дамуы үшін, адамның мұқтаждық әрекеттері өсіп, дамып отыруы қажет.

Адам қажеттіліктерін бәріне жуығы еңбек арқылы қанағаттандырылады.Еңбек – адам тіршілігіндегі бірінші қажеттілік. Сондықтан қоғамдағы тілім — тәрбиенің өзекті мәселесі – адамды еңбек ету қажеттілігіне баулу. Жастарды еңбекке психологиялық тұрғыдан даярлау – жалпы гуманистік тәрбиенің түпкі мақсаты. Еңбек – адамның іс — әрекетіне негізгі түрі және барлық материалдық игіліктерді өндірудің қайнар көзі. Іс — әрекеттің екінші түрі – оқу. Оқу әрекеті арқылы адам қоғамдағы тарихи мағлұматтар мен білім қорын меңгеріп, өзінің рухани дүниесін байытады, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырады. Ойын – адамның негізгі әрекеттерінің бірі. Ол бала мен жасөспірімнің денесін шынықтырып, әралуан қимыл – қозғалыстарын жетілдіреді. Мектеп жасына дейінгі балалардың басты іс — әрекеті – ойын. Ойынның түрлері мен мазмұны баланың ақыл – ойын дамытуға ықпал етіп, өзін қоршаған ортаның, заттар мен құбылыстардың мән – жайын түсіндіреді. Бір сөзбен айтқанда, еңбек, оқу, ойын – адамның дамып жетілуіндегі және қажеттіліктерін өтеудегі негізгі іс — әрекет түрлері.

Балалар мен ересек адамдардың әр алуан іс – қимылы нәтижесінде олардың автоматталған әрекеті – дағдылар, іс — әрекет түрлерін орындауға бейімділігі мен ептілігі, тіршілікке қажетті әдеттері қалыптасып, адамның анатомиялық, физиологиялық және психикалық жағынан дамып жетілуіне әсер етеді. Оның рухани өмірінің мазмұнын байытады.

Дағды мен ептілік. Дағды – адамның белгілі іс — әрекетті сан рет қайталап отыруы нәтижесінде қалыптасып, автоматты түрде орындалатын ісі. Мәселен, балада оқу дағдысының қалыптасуы, қызметкердің міндетті ісін орындауы. Дағдының қалыптасуында мақсат қою негізгі рөл атқарады. Дағдының қалыптасуы қимыл – қозғалыстар мен әрекет жасауға орай бірнеше сатылардан тұрады.

Адам әрекетіндегі ептілік (бейімділік) – белгілі бір істі атқаруға бейім тұру, өзінің игерген білімін, дағдысын түрлі жағдайда қолдана білу. Ептілікті жеке қарастырсақ, ол адамның дағдыдан өзгешелеу ұқыптылық қасиетін көрсетеді. Ептіліктің тағы бір ерекшелігі адамның өз білімін қажет болған кез – келген жағдайда қолдана білу әрекетінен анық байқалады.

Әдет – адамның іс -әрекетіндегі мінез – құлыққа байланысты тұрақты қасиеті. Психологиялық тұрғыдан алғанда әдет адамның белгілі іс — әрекет түрін бұрынғы өмір тәжірибесінде қалыптасқан дағдылары мен біліміне сүйене отырып жүзеге асырады. Адамның тарихи дамуында ол көпшіліктің игілігіне, әдет – ғұрып, салт – дәстүрге айналып, халықтық сипат алуы мүмкін. Әдет – адамның қажеттілігін өтеуге сәйкес қайталанып отыратын әрекет. Ол адамның кез – келген іс — әрекетінің түрінде кездеседі. Еңбек сүйгіш, жақын адамдардың ісіне көмектесу, ұйықтау алдында серуендеп, жуынып – шайыну — әдеттің ұнамды әрі пайдалы түрлері. Ал ұстамсыздық біреудің сөзіне кесе көлденең кірісіп, оны бөлу — әдеттің ұнамсыз сипаттары. Жағымды әрекеттер адам мінезінің ұнамды жақтарын қалыптастыруға әсер етеді.

Ниет ( мотив) – адамның белгілі қажеттіліктерді қанағаттандырудағы іс — әрекетіне байланысты психологиялық көңіл – күйі. Қажеттілік – адамның белсенді әрекетін туындыратын қозғаушы күш делінсе, ал ниет – сол қажеттіліктің нақты көрінісі. Ниет адамды түрлі әрекеттерге ұмытылдырады. Олар мазмұнына, нақты мақсатына қарай айқын ниет және көмескі ниет болып бөлінеді. Ниеттердің бір – бірімен алмасуы адамның қоғамдық – тарихи жағдайына байланысты. Адамдардың ниеті бірнеше сатыдан құралады. Олар: әуестену, ықылас – ынта. Мүдде – адамның мақсаты тілекке жетуінің жоғары сатысы. Адам өз мүддесіне жету үшін еңбектенеді, оқып білім алумен шұғылданады, спортпен айналысып, өнер үйренеді. Мұның бәрі мүдденің мазмұнын білдіріп, адамға ақыл кірудің белгісі болып саналады.

Ә.Ынтығу (құмарту).

Ынтығу, яғни құмарту заттардың адамға тікелей адамға әсер етуінен адамда бір түрлі қозғаулар пайда болдырудың нәтижесінен шығады. Егер адам өзі жақсы көретін тамақты көрсе, онда сол асқа құмартып, жегісі келеді. Мұндай әрекетті ынтығу деп айтуға болады. Бірақ адамның ынтығулары хайуанаттардың тамақтану соқыр сезімдерінен, яғни олардың тамаққа ынтығуларынан айырмасы үлкен. Адам өзінің ынтығуларының құлы болмай, неге құмартса, соған ерік бере бермей өзінің құмартуларын басқарып, меңгеріп бір жобаға салып отырады. Егер дәмді асқа құмартып, жегісі келіп отырған адам дәрігердің «жеме» деген ескертуі бойынша, ол бұл асты қанша жегісі келіп, құмартып тұрса да оны жемеуі мүмкін. Ал егер жануарларды алсақ, ас көрсе, айналып кетпейді, оны міндетті түрде жейді. Бұл мысалдан адам баласы өзінің құмартуларын басқарып отырғандығын көруге болады. Құмарту адамның мұқтаждығынан пайда болады. Құмарту адамның мұқтаждығын қанағаттандырудың, мұқтаждықтың пайда болуындағы бір түрлі әсері деп айтуға да болады. Кейбір психологтар құмарту биологиялық  әрекет, ол өзінен өзі пайда болады дейді. Оның мұқтаждыққа ешбір қатынасы, байланысы жоқ, олардан шықпайды, адам өздерінің құмартуларының құлы, құмартулар адамда қайта пайда болса, адам соның ықпалынан шықпайды деген қате тұжырымдарды айтады.

Құмарлық – адамның өте зор күшін талап ететін қажеттілігін орындаудағы ниеті, таным әрекетінде ол – ұнамды қасиет. Алайда, оның пайдалы және пайдасыз (жағымсыз) түрлері де бар. Білім алуға, мамандықты игеруге деген құмарлық – пайдалы. Ал карта ойынында ақша тігіп ойнау, ішімдікке салыну, қыдыруға құмарлық – ұмтылу әрекетіндегі жағымсыз қылықтар.

Адамның жеке бағыт – бағдары, арманы, құмарлығы, әр – түрлі мұраттарға жету жолындағы әрекеті – оның даралық қасиеттеріне тән психологиялық ерекшеліктер. Ондай ерекшеліктер мән – мазмұны мен мақсат мүддесіне қарай пайдалы және зиянды сипатта болулары мүмкін. Өйткені, адам – табиғаттағы ең жоғарғы сатыдағы ақыл иесі ретінде жан дүниесінің құрылымы мен психикасы аса күрделі субьекті.

Б.Қызығу және мүдде, олардың дамуы.

Адам айналасындағы сан алуан заттарға ерекше көңіл бөліп, қызығып отырады. Қызығуда үлкен орын алатын психикалық әрекеттердің бірі – тілек. Адам бір нәрсені тілейді, бір нәрсені қалайды, мұның бірі мұқтаждықтан пайда болады. Бұл жөнінде Маркс пен Энгельс  «Неміс идеологиясында» мұқтаждық тілектің негізінде пайда болады дегенді айтады. Қызығу — әр уақытта адам зейінінің қызығатын заттарына, бет алып түйдектелуді керек етеді. Адам бір нәрсеге қызығу үшін қызығатын нәрселер адамға жағымды эмоциялық сезімдер туғызу керек. Егер адамға заттар таңқаларлықтай әсер етпесе, онда адам ол заттарға еш уақытта қызықпайды. Адам қызығу үшін оның көңілі көтеріңкі болуы қажет. Мысалға, науқас кісіні алсақ олар сау адам сияқты әр нәрсеге қызыға бермейді, олар өздерінің ауруымен әлек болып, тек «жазылсам» екен деген мақсатты алдына қояды. Сондай – ақ қарт адамдар да түрлі заттарға, болып жатқан құбылыстарға қызықпайды, бәріне де селқос қарайды. Өйткені олардың күш – қуаттары әлсіреген. Әрине, бұл жерде қарт адамдардың қызығуы мүлдем жоқ деген ой тумауы керек. Олардың да өздеріне тән қызығуы болады. Бірақ жас адамдай өте көрнекі болып келмейді. Қызығу деп мұқтаждықты, ізгілікті қанағаттандыруға жұмсалатын, белсенді зейін мен жағымды эмоциялық сезімдер туғызатын психикалық күйді айтамыз дедік. Қызығу өте күрделі процесс. Оны жай адамның зейінінің бет алуымен теңеуге болмайды. Кейбір кезде әсер етуші заттар өте көрнекі болғандықтан, я болмаса кейбір жаңа заттар  пайда болғандықтан, адам заттарға еріксіз зейін қоюы мүмкін. Ол заттар адамға бір түрлі таңсық болып көрінуі мүмкін. Мысалы, көшеде көп адам топтанып тұрса біз не болып жатқанын білу үшін, сол топқа барамыз немесе қарап өтеміз, мұндай әрекетті қызығу деп айтуға болмайды. Бұл жай зейін бұру әрекеті болып табылады.

Адамның қызығуын оның әдеттерімен салыстыруға болмайды. Адам бір әрекетті бірнеше рет қайталап, әбден жаттығып, өзінде әдет пайда болдырудың нәтижесінен оның еңбегі бір түрлі қонымды, қиыстырулы, тәртіпті болып келеді. Мысалы, адам күнде оқуға сағат 8-ден кешікпей келетін болса немесе күнде жұмыс істейтін жеріне ерте келетін болса, оны жақсы әдет деп айтуға болады. Бірақ оны адамның қызығуы екен, сондықтан ерте тұрып, ерте келеді деп айтуға болмайды. Көбінесе жаңа заттар адамды қызықтырады, егер адам бұрын көрмеген заттарын көретін болса, оған таңырқап қарайды. Кейде оған түсінбегендіктен қызықпауы да мүмкін, сондықтан жаңа нәрсе ғана қызықты болмай, бұрынғы тәжірибемен байланысты жаңа заттар да қызық болады.

Қызығу – адамның саналы әрекеті. Адам алдына мақсат қойып, өздерінің ерік – жігерін жұмсап, кейбір заттармен үнемі шұғылдандырып отырады. Мәселен, оқушылар оқуға қызығу үшін олар оқулықтың мазмұнын түсінулері керек. Егер олардың оқуға ешбір түсінігі болмаса, оларда қызығу да болмайды. Адамның негізгі қызығуларын мына төмендегілерге бөлуге болады: 1. Мақсатты қызығу. Адам кейбір уақытта алдына бір мақсат, міндет қойса сол мақсатына жетуді қызық көреді. 2. Әрекеттік қызығу. Мұнда адам алдына бір үлкен міндет қоймай, істейтін ісінің нәтижесі қандай болатынына қызықпай, тек атқаратын еңбегінің ағымына қызығады. Мысалы, кейбір адамдар биллиард, не шахмат ойнаған адамдарды көріп, ойынға қатысуға қызығып тұрады. Бірақ ол сол ойыннан пайда келтірейін деп, я болмаса оны ойнап бір нәтижеге жетейін деп алдына мақсат қоймаса да, уақыт өткізу үшін жаңағы айтылған әрекеттердің ағымына ғана қызығуы мүмкін. 3. Қорытындыға (нәтижеге) қызығу. Адам кейбір кезде істейтін еңбегінің нәтижесіне қызығады. Бір нәтижеге жетуді көздеп, әрекет етеді, барлық күшін соған жұмсайды. Адамның қызығуын осылайша үш түрге бөлу – шартты нәрсе.

Қызығу туралы психологтар арасында бірнеше теориялар бар. Олардың ең көрнекісі мыналар.

У.Мак Дугалл (1871-1938). Адамның қызығуларын соқыр сезімдерге алып барып теңейді. Адамның қызығулары ерте бастан нәсіл арқылы соқыр сезімдер, инстинктер ретінде ата – анасынан баласына көшіп отырады. Қызығу мұқтаждықтан пайда болмайды, ол әсер етуші заттармен, сыртқы дүниемен байланыспайды дейді. Э.Торндайктың (1874-1949) айтуынша, адамның қызығулары сыртқы дүниенің, қоғамның әсерімен жүре пайда болады. Бұлар дағдылану мен әдеттенудің нәтижесі ретінде ғана пайда болып, бұл екеуінсіз ешбір қызығу пайда болмайды дейді. Бірінші теория қызығуды биологиялық тұрғыдан түсіндірсе, екіншісі – механистік бихеоризм (қылық психологиясы) принципімен орайластырады.

Қызығу оқу – тәрбие жұмысында өте керекті шарттар болып табылады. Оның балалардың жақсы оқуына, оқығанын жақсылап ұғып алуына, балаларды әдепті етіп тәрбиелеуде, олардың бойынан адамгершілік қасиеттерді енгізуде ықпалы зор. Егер баланың алдына тұтқан мүддесі, қызығуы болмаса, ол оқу пәндеріне, тәрбие жұмысына ешбір қызықпаса, оқудың да, тәрбиенің де жемісі болмас еді.

Қызығу нақтылы қоғамдық жағдаймен байланысты. Балалардың қызығуы өз бетімен пайда болмайды, ортаның әсерінен, үлкендердің қылықтарынан пайда болып отырады. Бала қандай әлеуметтік – қоғамдық жағдайларда тәрбиеленсе, сол қоғамның алға тұтқан мақсаттары, міндеттері нақтылы жағдайда оған әсер етіп, оның қызығуларын белгілеп, керекті қалыпқа салып, бағыттайтын болады. Осы айтылғанға орай, оқу – тәрбие жұмысында балаларды айналасындағы тұрмыспен таныстырып, әлеуметтік құрылыстың түрлі табыстарымен хабардар етіп отыру керек. Баланың қызығулары – оның жас өзгешелігімен де байланысты, сол себептен, оқу –тәрбие жұмысында түрлі жастағы балалардың өздеріне лайықты қызығулардың болатындығын ескеріп отыру қажет. Мектеп жасына дейінгі балалардың қызығуы көбінесе ойынмен байланысты. Олар түрлі ойын арқылы айналасындағы заттармен, болмыстармен танысып отыратын болса, ал мектеп жасындағы балалардың қызығулары көбінесе оқу – тәрбие жұмысымен, мектепте жүретін түрлі пәндерді мазмұндарымен таныса бастауымен байланысты. Ересек адамдарды алатын болсақ, олардың қызығулары көбінесе іс жүзіндегі әрекеттермен, жұмыстармен, түрлі білімдердің салаларымен байланысты болып отырады. Қызығудың пайда болуы мен жақсы дамуында білім өте үлкен орын алады. Адамның білімі көп болса, қызығушылығы да көп болады. Егер мәдениеттің, ғылымның, тұрмыстың кейбір салаларымен адамның жөнді хабары болмаса, адамның қызығуы да солғын болады.

Қорытып айтқанда, баланы ел – жұрт байлығымен, туған жер – суымен, қоғамдық құрылыстың түрлі салаларымен таныстырып, қызықтырып отыру қажет. Егер балалардың Солтүстік мұзды мұхит туралы ешбір білімі болмаса, онда оның қызығуы да болмайды.

Қызығудың дамуында балалар өздерінің күшіне сенетіндей болып, өздерінің атқаратын жұмысына ынталы түрде кірісуі қажет. Бала өзінің істейтін жұмысынан бір нәтиже шығарып, табысқа жетіп отырса, онда олардың көңі – күйі де, рухы да көтеріліп қалады. Басқа жұмыстарды да қызығып, ынтыға істейтін болады. Сондықтан бала әр уақытта істейтін жұмысына, оның беретін нәтижесіне сенімді болуы қажет. Ол үшін оларға онша қиын жұмыс бермей, қолдарынан келетін тірлікті тапсырып отырған жөн.

Мектеп жасына дейінгі балалардың қызығулары ойын әрекетіне байланысты болғандықтан, қызығулары онша тұрақты болмайды. Олар бүгін бір нәрсеге, екінші күні екінші нәрсеге қызығуы мүмкін. Бұл жастағы балалар көбінесе өзіне айрықша әсер еткен заттарға көңіл бөліп, қызығып отырады. Мектеп жасындағы (9-12 жастағы) балалардың қызығулары тұрақтала бастайды. Олар әр нәрсеге әуес болады, көп нәрсені білгісі келіп, ол заттардың қайдан пайда болғанын, неге олай екенін түсінгісі келеді. Кластағылар өз қызығуларын іс жүзінде тәжірибелермен байланыстырып, оларды жүзеге асыра алатынын, не аспайтынын белгілеп, ескеріп отырады. Көбінесе жүзеге асатын заттарға, болмыстарға қызығады. Бұлардың қызығуы тұрақты келеді. Олар неге қызығатынын ерте бастан ескеріп, алдына мақсат қойып, сол мақсатты жүзеге асыру үшін әрекет етеді, олардың белсенділігін арттырып, көңіл күйін де көтереді. Сол себептен жоғары класс оқушыларының арасында мамандық таңдау мәселесі жөнінде түрлі әңгімелер жүргізіп, балаларға әрбір мамандықтың қандай екендігін, оның айрықша өзгешелігін түсіндіріп отыру қажет. Оларды жоғары оқу орындарына алып барып, ондағы факультет, лабораториялармен таныстырып отырған жөн. Балаларды тәрбиелегенде, мынадай жайттарды ескерген дұрыс: 1. Балаларда танымдық қызығулар дами түсу үшін оқу сапасын жақсарту керек. Оқу мазмұнды, идеялы, тартымды болып келген жөн. 2. Балалардың көркем әдебиетті көбірек оқу жағын қарастыру керек. Себебі, осы арқылы оқушылар көп нәрсемен танысады, көп білім алады, сөйтіп олардың оқуға деген қызығуы артады. 3. Балалардың өз бетімен дербес жұмыс істеуі жағын үйретіп, олардың оқуының, еңбегінің мәдени түрде жүзеге асу жағын қарастырып отыру қажет. Түрлі шараларды қолданып, мұғалім балалардың сабағынан артта қалмауын қарастырғаны жөн. 4. Балалардың білімі әр уақытта жүйелі түрде бағаланып отырылуы тиіс. Бағаның нәтижесін өздеріне айтып, талапты, зерек балаларды мадақтап отырған дұрыс. 5. Мұғалім балалардың оқуын, тәртібін бағалау мәселесіне жауапты қарағаны жөн. Мұғалімнің оқушыға қойған қате бағасы оларға өте қатты әсер етеді, олардың көңілін қалдырады. Мұндай жағдайда бала сабағын дайындамайтын, мұғалімге сенбейтін болады.

Қызығу – адамның танымдық қажеттіліктерді сезіп, олардың мән – жайын айқын түрде түсіндірулегі жан дүниесінің сілкінісі. Қызығу барысында адам өзінің әр нәрсені танып білу қажеттілігін қанағаттандыру үшін әр қилы әрекеттерді белсенді түрде меңгеру керектігін түсінеді. Адамның танып білу әрекеттінің қозғаушы күші ретінде қызығу мазмұнына, мақсатына, кеңдігі мен тұрақтылық қасиеттеріне орай топтастырылып қарастырылады.

.

Тағы рефераттар